Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бүгін 15 мамыр күні туылған талантты ақындар

15.05.2014 1765

Бүгін 15 мамыр күні туылған талантты ақындар


2b9a9c.jpg

Поэзия – адам мен құдіреттің арасын жалғап, қуыс кеңістікті толтырып тұратын қасиет. Поэзияны тудыратын сезім, сезімнің иесі – ақын. Төгіліп тұрған сөз елшілері – ақындар сезімі. Ақын өз жүрегінің бұлқынысын сезімінің таразысына сала отырып, қағаз бетіне түсіреді. 15 мамыр күні дүние есігін, сезім патшалығының сарайын сөз құдыретімен ашқан ақындар – Сағи Жиенбаев, Жәркен Бөдешұлы, Гүлнар Салықбай, Жарас Сәрсек, Дәурен Берікқажыұлы. «Әдебиет порталы» туған күн иелерін құттықтай отырып, назарларыңызға ақындар жырын ұсынады.




загруженное.jpgСағи Жиенбаев – сөз сиқырын бойына сіңіре білген санаулы ақындарымыздың бірі, қазақ өлеңінің өрен жүйрігі.  Көзі қырағы, қолы зергер автордың жырлары аспанға лақтырылған айна сынығы сияқты: сәулелі де шұғылалы, нұрлы да сырлы… Ақынның «Ақ жаңбыр» деп аталатын мына өлеңін оқып көрелік.

«...Көктемде бір тоғайлар шуылдайтын,
Көктемде бір тұлабой дуылдайтын.
Бетке жұққан даланың ақ тозаңы
Ақ жаңбырлар жумаса, жуылмайтын.     

Тамшы көрмей, тобарсып қалған қыр да,
Жаутаңдайтын аспаннан жауған нұрға.
Ақ жаңбырдың астында жүйткіп жүріп,
Біз де айналып кетуші ек ақ жаңбырға.
 
Көңілдің де, беттің де кірі кетіп,
Ағушы едік даланы дүбірлетіп.
Ақ найзағай секілді айқыш-ұйқыш
Ақ жауынның арасын тіліп өтіп.
 
Аспан жерге түскендей күркірейтін,
Күркіресе-ақ болғаны — қыр түлейтін.
Шаң-тозаңнан іштегі арылардай,
Көкірек те сондай бір күй тілейтін.
 
Жел құйынның кілегей шаңы басып,
Аңызақтың өтінде арып-ашып,
Қоңырайған қырлардай, бірте-бірте
Кетер ме екен оның да әрі қашып.
 
Бұйра бұлттар бір кетіп бірде келіп,
Шатқал шыңнан аса алмай тұр бөгеліп.
Жуып-шайып өтетін тасқын судай
Бір ақ жаңбыр кеудеме жүр керегіп…» деп жырлаған ақын рухы да ақ жаңбырға айналып кетті ме екен, кім білген?! Талантты ақын 1994 жылы өзінің туған күнінде15 мамырда 61 жасқа қараған шағында өмірден озды.


bb5e4bb60ee947e9f91daf851c003acc.jpgЖәркен Бөдешұлы – қазақ әдебиетіндегі көзі тірі классиктердің бірі. Әрбір қазақ Отанын, туған жерін сүюді Жәркен ағаның жырларынан, оның қасиетті қазақ жеріне деген құштарлыққа толы жауһар жүрегінен үйрену керек деп ойлаймын. Оның жақұттай жырлары әрбір арлы қазақтың қанында һәм жүрегінде. Жер бетінде ең соңғы қазақ қалғанша Жәркен жырлары жасай бермек! Ақын «Соңғы батыр» өлеңінде:   

Қазақта – соңғы батыр Кенесары,
Атанды қоңыр болмай, неге сары?
Көз еті тым сарғайып кетеді екен,
Жауының көрінбесе төбе, шаңы...    


Жалына алмас қылыш жанығанда,
Сілкініпті ол мінген жануар да.
Еркіндік,
Бостандық деп тастапты ұран,
Бойында Алты Алаштың қаны барға...   

Қазақтың суалғанда құт тұмасы,
Жанарына шер болып бұқты жасы...
Тауында Кекіліктің кесілді де,
Алтынға бағаланды түкті басы...  

Қонды да шыққан жаны сары құсқа,
Таң қалды ел, қара бұлтты жарып ұшса...
Тізесі бүгілмеген майданда қап,
Рухы кетті айналып сағынышқа... деп толғанады. Қазақ поэзиясындағы көңілі кіршіксіз, жаны таза, өлеңі мөлдір, рухы биік соңғы ақын осы Жәркен ақын емес пе екен деп толғанамын кейде...  

  

гулнар салыкбай_1.jpgГүлнар Салықбай – қазақ поэзиясындағы аяулы есім. Жалғыз есім... Ақын өлеңдеріндегі тіл тазалығы, ой тереңдігі оқырманға көңіл-күй сыйлай біледі... Бір сәттік емес, ой саларлық көңіл-күй. Ол өзге ақындар секілді жеке бастың емес қазақ қызының кіршіксіз сезімін сол мұнтаздай күйінде жырлай білетін, жүрекке жеткізе білетін ақын. 

Маздатып та мұздатып та бұл жүректі,
Дүрмекпенен тағы да бір күн өтті.
Біреу күлкі сыйлады…
Ал біреуі
өзі жұқа жүйкені күлдіретті.   

Бір күн өтті зымырап, тағы ысқырып,
Екеумізді мүлдемге алыс қылып.
Мені айырып, ал саған айнымастай,   
Жақсы-жақсы достарды табыстырып.   

Бір күн өтті… күшіңді жанығайсың!
Ертең мені көрсең де танымайсың…
Емінжарқын, елпілдек мінезіңмен
Таныс еместерге де тағы ұнайсың.   

Өткізіп ап барлығын елегіңнен,
Бәріне адал боласың – сенемін мен!
Сен сырласып жүрерсің соларменен,
Мен тек қана өзімнің өлеңіммен… деп жырлаған ақынның қайталанбас жырларын қазақ поэзиясына деген адалдығы деп түсінемін.

 
51844d6726716c8e8b887bcb05ae32a4.jpgЖарас Сәрсек – қазақ өлеңіндегі бірегей талант. Жарас ақынның жырларын оқып отырып, Әділ Ботпановтың:  «Ақындар – күлден гүл жасайтын тектілер» деген керемет сөзі ойға оралады. Жарас Сәрсек – шын мәніндегі талант иесі. Ол өте қарапайым ақын, сонысымен әлдеқайда биік.  Ақынның бір ғана «Қаңтарда жауған жаңбыр» атты өлеңі осы ойыма анық дәлел бола алар еді. Сіз де оқып көріңіз!
Қай жылы еді, есімде жоқ, дала аппақ,
Біздің жақта жауып жатты қар аппақ,
Алжасты ма жаңбыр жауды бір күні,
Ауыл жұрты қалған еді-ау алақтап. 

Сормаңдаймын, жанымды ұқсын енді кім?!
Сол жауынға ұқсап қалдым мен бүгін.
Қарғам мені ғашық еттің өзіңе,
Не болады, не болады ендігім?!   

Бесігінде тербетілген бар ұлым.
Бесік тербер бір бейбақтың жарымын.
Саған менің махаббатым не керек,
Жаздан ғана жауын күткен жарығым?   

Бәрін білем, білем бәрін, сөз бар ма?
Сенің арнаң менікінен өзге арна.
Сені сүймеу мүмкін емес алайда,
Шыққыр мынау маңдайымда көз барда.   

Не істе дейсің, көзімді ойып тасташы.
Кетейін мен қара түнмен астасып.
Содан кейін жүрегімді ал суырып,
Екеумізге мәлім сосын басқасы.   

Сормаңдаймын, жанымды ұқсын енді кім?!
Сол жауынға ұқсап қалдым мен бүгін.
Мен қаңтарда жауған жаңбыр болдым-ау,
Не болады, не болады ендігім?!...
Бұл өлеңді тек поэзияда ғана айтылған әдемі лирика деп қабылдадық. Ал, ақынның әдебиеттегі халі мүлде басқа. Ол жұрт мойындаған, кейбір кеудемсоқтар іштей мойындайтын дарабоз дарын...  


dauren.jpgДәурен Берікқажыұлы – нағыз лирик ақын. Оның жүрекке жылы тиетін жырлары әрбір оқырманына тылсымнан қанат бітіріп, сезім ауылына жетелейді. Нәзік иірімдерге толы сыршыл өлеңдер жүрегіңе сезім рахатын, іштей сенімділік күшін сыйлайды. Өлеңді өміріндей шексіз сүйетін ақынның өмірді қабылдауы да басқаша.     

Байлық жимай, боқ теріп, 
Бошалаған тамса мұң - 
Өз-өзімді жек көріп, 
Өз-өзімнен шаршадым!   

Мендік ғұмыр темірдей  

Дым сіңіріп, тат жеген -  

Жаһұттары терілмей, 
Жабылатын жақшамен.    

Теңбіл доптай домалап, 
Қошқыл тартса аспаным 
Өз-өзімді табалап, 
Өз-өзімнен қашқамын.    

Күн түнеріп, түн ұлып, 
Жалт ойнатқан сезім мың - 
Өз-өзімнен түңіліп, 
Өз-өзімнен безіндім!    

Ебі желдей елірген 
Жұмыр басты ие алмай... 
Өтіп барам өмірден, 
Өз-өзіме сыя алмай...

07.07.07ж. 

P/S: Бұл жұлдызы жанған қазақ поэзиясының талантты ақындары. Қазақ өлеңінің осындай ардақты есімдері барда әдебиетіміздің болашағы жарқын да, нұрлы болады деп нық сеніммен айта аламыз. Ақындарымыздың жазары көбейсін!   

Салтанат Қожа


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар