Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бүгін ақын Ырысбек Дәбейдің жинақтарының тұсаукесе...

21.05.2015 3634

Бүгін ақын Ырысбек Дәбейдің жинақтарының тұсаукесер рəсімі өтеді

Бүгін ақын Ырысбек Дәбейдің жинақтарының тұсаукесер рəсімі өтеді - adebiportal.kz

                                         10985427_470518083107472_6586136582428075097_n.jpg



Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Мәжіліс залында  сағат 17:00-де "ТƏЖ" əдеби-интеллектуалдық клубының ұйымдастыруымен ақын, публицист Ырысбек Дəбейдің  "Əкелеріміз айтатын əңгіме" эсселер жинағы жəне "Шық тұнған жолдар" поэтикалық кітабының тұсаукесер рəсімі өтеді.

Тұсаукесер рəсіміне белгілі ақындар, əдебиеттанушы ғалымдар, жас зиялылар қатысады. Белгілі дəстүрлі əнші Ерлан Рысқали, Тəуірбек Бозекенов əн салып, Ұлттық Өнер академиясының түлектері өнер көрсетеді.

 

11261924_693711387424640_5746504204604281029_n.jpg


Қос кітап жайлы ағалар пікірі:

 

Жұмабай Шаштайұлы: ƏЛЕУМЕТТІК ЗЕРДЕ, ҰЛТТЫҚ НАҚЫШ

 

Ырысбек Дәбейдің жазу мәнерінің нақышында ұлттық бояу мол. Баяндау әдісінде автор әстінде үстемдік етпестен кішік қалпын сақтайды. Әңгімелеуші еленбей қалтарыста тұрса да айнала құбылысты қапысыз бағып, айнытпай жеткізуші міндетін мінсіз атқарды. Мұндай үрдіс бұрыннан бар. «Шұғаның белгісін» есіңізге алып көріңізші. Сөзге кірісіп, оқиғаны бастаудың кілтін қалай тапқан. «Жусанның иісінде» сарын басқаша өрбиді. Кейіпкер және көпшілік бәрін бір қазыққа байлаушы күш – ертегі. Мұны біреулер шеберлік десе, біреулер жазушы жаратылысының ерекшелігіне қиналмастан бағыттай салатыны бар. Ырысбек Дәбейдің әлеуметтік зердесі әлгі ұлттық нақыш арқылы өзгеше рең алып, өрбиді. Шымырлаған қариялық сарын автордың еркіне бағынбайтындай дербес. Көшпелі өмір салтының өзгешеліктерін көкіректе жаңғыртып, сезіне түсуге итермелейтін қуатқа ие. Жалпы жазудың мың-сан формасының арасынан қазаққа жақын түріне бейім Ырысбек Дәбей сезіну мен жеткізудің далалық табиғатының бояуын дәл тапқандай көрінеді. Ол бұл жағынан шиырлаған іздерден аулақ – қансонар мезгілдің тап-таза сәтін елестетеді. Жаратқан ие осынау ерекшелікті көп көрмей, көркемдік олжаны молынан сыйлауға жазсын.


 

Ғалым Боқаш: ҰЙҚАСЫ СӨЗІН ҚУҒАН АҚЫН


Пол Фусел бастаған Батыстың әдебиеттанушыларына сенсек ағылшын поэзиясының үштен екісі ақ өлең формасында жазылған болып шығады. Әлемнің ең кең тараған әдебиетінде сөзден салынған суреті мен ішкі ұйқасы тығыз өрілген мұндай жыр түрі дәстүрлі шайырлықтан да бекзаттау өнер саналады. XVI ғасырда Генри Говард бастап, Шекспир толықтырған, кейін Уильям Вордсворт кемеліне келтірген ақ өлеңді орыс ақындары XVIII-XIX ғасырларда біршама қызықтап көрді. Александр Пушкин бірнеше поэмасы мен жырларында осы қалыпты қолданды. Ал жазба қазақ әдебиетіне ақ өлең XX ғасырдың басында енгенімен ауыз әдебиетінде еркін жыр үлгілері онсыз да көптеп кездеседі. Эпоста кездесетін мысалдарды былай қойғанда кейбір шешендік сөздер мен толғаулар көркемдік қуаты жағынан ақ өлеңмен шектесіп тұрады.

Қалыпты ұйқасы болмаса да, ырғағы анық буындар арқылы жымдасқан үйлесімді жыр жолдары поэтикалық суретті анағұрлым айшықты һәм шынайы ете түседі. Кейбірде ақ өлең жазатын ақын «ұйқас қуудан» біржола бас тарту арқылы «ішкі ұйқасты» күшейтіп, сөзден образ сомдау мен сурет салуға ден қойғысы келеді. Бірақ ондайда қазақ ішіндегі талғампаз оқырман мен сыншының талабы күшейе түседі. Өйткені қазіргі қазақ ақыны ақ өлең жазса, Сәкен Сейфуллиннің эксперименттерін қайталап қана қоймауы тиіс, Әбділда Тәжібаев пен Әбіш Кекілбаевтың аз болса да саз дүниелерінен және кем түспеуі керек.

Соңғы он шақты жылда жаңадан танылып келе жатқан жазба ақындардың жас толқыны ақ өлең жазуға талаптанып жүр. Солардың ішінде ерекше қолтаңбасы қалыптаса бастаған ақындардың бірі Ырысбек Дәбей деп санаймын. АҚШ-тың белгілі балалар ақыны Патрик Льюистің «Жақсы жыр – бұрын білмеген қуанышпен дидарласу» деген анықтамасы әдеби ортаға жақсы таныс. Ырысбектің өзім оқыған өлеңдерінің ішінен осындай қуанышты жиі ұшыраттым. Оның кем дегенде екі себебі бар сияқты. Біріншісі – қарапайым стильді, барша адам жанына жақын қуатты сөз. Екіншісі – қазақ поэзиясында жан-жақты жан бітіріле суреттеліп қойған белгілі образдарды жаңаша тірілту талпынысы.

«Мәңгілік тоқтап қалған уақыттың демін сезіну –

Қаншалық азап болса да,

Керемет, ғажап!..

Өмір мен өлім үзігіндегі Ұлы сағыныш –

Бәлкім ол біз айтып жүрген

Обал мен сауап…

Тоқтап қалған. Мәңгілік тоқтап қалғаны рас,

Жанарда қатқан сарғыш тартқан жапырақ дірілі.

Өтіп барамыз… кімді, қайда қалдырып…

Қолымда үзіліп түскен уақыттың бұрымы…» деп бір түйеді Ырысбек поэзияның күре тамыры сияқты ең басты тақырыбы – өмір фәлсафасы туралы жаза келе.

Ырысбектің ақ өлеңмен жаңаша кестелеп шыққан Жұмбақтасы – «шұбатылған тұман бүркіп», жағалаудағы тыныш жанның сұлбасын «сіңіріп алғысы келген көк иірім ортасында» ғасырлар бойы өзіне қарата айтылып жатқан сансыз сипаттаманы терең түйсік қана сезетін тарихи жадыға айналдырған «Қатыгездік пен Ұлы мейірімнің мәңгілік су бетіндегі суреті».

«Бозамық Айдың сәулесі көгілжім су бетінде сынып,

Айнакөлдің тұңғиығына телмірген Жұмбақтас…

Мұнартқан жағалауда

мүлгіген тыныштығымды бұзған жалғыз мен емес,

Уақыт дауылы ұйтқып соқса да ақын жанарын құрғатпас» деп жазады Ырысбек.

Қандай да бір құбылыстың жан баласы байқамаған жаңа қырын көре қойып, оны көркем сөзбен жаңаша көрсете алу – жақсы ақынға тән басты қасиет. Бұл қасиетті үздіксіз дамытуға қажет аз дегенде екі құрал бар: бірі – тегеурінді сөз, екіншісі – тосын ой. «Уақыт дауылы ұйытқып соқса да» Ырысбектің «жанары құрғамай», оқырмандарын тың образдармен қауыштыра береді деп үміттенем.


adebiportal.kz



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар