Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Бүгін Халықаралық театр күні!...

27.03.2020 4048

Бүгін Халықаралық театр күні! 12+

Бүгін Халықаралық театр күні! - adebiportal.kz

Бүгін 27 Наурыз, Халықаралық театр күні! Мейрам! Мереке... Бұл күн актерлердің, режиссерлердің, драматургтердің, театр суретшілері мен сыншыларының, гримерлердің, театр үшін күн кешетін барша жанның төл мерекесі! Алайда ішім (пустой...) бос... қуыс... Абай айтқан «ішім толы у мен өрт» те емес. Бүгін ел ішінде індет пен үрей бар....

2005 жылдан бері, яғни Ғ.Мүсрепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына басшы болып келгелі бері осы күнді ерекше күтетінмін. Шама келгенше бұл күнді әріптес, дос-жаранға мереке екенін сездіруге тырысатынмын. Кеше түнде театрдағы Әдебиет бөлімінің меңгерушісі Мирас Әбіл: «Талғат аға! Театр күніне орай бір-екі ауыз сөз айтсаңыз дұрыс болар еді» - деп сұраған. Енді міне көңілін қимай «иә» дегенмен ештеңе жазуға шамам жоқ... «Құрметті әріптестер! Сіздерді Халықаралық театр күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге анау-мынау» - деп дежурный сөз жазғым келмейді. Ұстазымыз Асқар Тоқпанов: «Еріннен шыққан сөз ерінге жетеді, Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» демекші «дежурный» яғни кезекші сөз айта алмаймын. Айтқым да келмейді. Кейбір «дүлдүлдердің» кез-келген жерде домалатып «дежурный» сөз айтқанына іштей ұялам... Өйткені өнердегілер өзгеше қауым. Олар сенің өтірік-шыныңды сезіп қояды. Сондықтан да мен осы күні, яғни бүгін өнердегі аға-апаларым, замандас-құрдастарым, кейінгі ұрпақ, іні-қарындастарым және менің баламмен жасты жастарға бір-екі ауыз сөз айтайын деп ойладым. Үлкен демей, кіші демей әріптес дейін.

Құрметті әріптес! 27 Март Халықаралық театр күні! Бұл ең алдымен көрерменнің мейрамы, одан кейін біздікі! Өйткені осы күні де көптеген әріптестрімнің сахнаға шығатын жұмыс күні... Иә. бұл күннің басқа күндерден еш айырмашылығы жоқ. Алайда. бұл күн – бір сәт тоқтап алды-артыңа қарайлайтын күн. «Осы өнерге келгенім дұрыс па, бұрыс па?» - деп ойланатын мезет. Дүниеде үш нәрсе табу қиын екен. Ол Мамандығың, Жастықтас жарың, Досың... Сондықтан да осы мамандыққа дұрыс келдім бе деп толғанатын сәт... Бұл күн- қобалжитын да күн емес... Бұл күн дос-жаран, әріптесіңді құттықтайтын күн. Бір-екі актерлердің саған «кезекші құттықтауларына» мәз болатын күн. Ал шын қуанатын күн ол Премьера! Қобалжитын да – Премьера. Иә, бұл нағыз бақытты сәт. Менің ұғымымда актер - алты секунд үшін өмір сүреді, тер төгеді, азаптанады. Режиссерден бірде ескерту, бірде ұрыс естиді, бірде мақтау алады. Кейде бір-екі ай азаптанады. Алайда, Премьерада соңғы секундтар бітіп шымылдық жабылғанда, киімің жабысып, ақ тер, көк тер болып көрерменнің алдына шығау міне – бақыт. Арьерсценадан авансценаға дейін алты секунд жүріп келесің. Осы жерде бас иесің, көрерменнің ыстық ықыласына, қошеметіне куә боласың. Иә, иә, осы найзағайдай жарқ еткен секундтар актерға күш береді, арқаландырады. Өзіңнің осы өнерге бекер келмегеніңе риза боласың. Яғни артист қауымы - осы сәт үшін өмір сүреді. Кета дейтін балық болады. Ол уылдырық шашарда ағысқа қарсы жүзеді екен. Сосын, уылдырық шашқан соң өліп кетеді. Актер де солай, осы сәт үшін бәрін-бәрін сарп етеді. Білем, шоубизнестегі ат төбеліндей әншілер болмаса театр жұртының жалақысы төмен, пәтерлері үлкен емес, жастары жатақханада, тіпті пәтер жалдап тұрып жатады. Арендаға алған пәтерге, кредитке алған ескі мәшинеге мәз. Амал қанша... Бізде солай, Өнер төрден босағаға жылжыған заман. Және бір сорақысы, біздің елде, Қазақстанда ғана «Қазақстанның халық артисі» деген атақ жоқ. Алып тастаған. Ал бұл мерей көрші мемлекеттердің бәрінде бар, тек қана бізде жоқ... Ол атақтан кім зардап шекті, кімге зияны тиді естігем жоқ. Бар ұққаным Қазақстанда бұдан кейін бұл атақ болмайды... Және осы құрметті атақ бізге қайтып келе ме, келмей ме оны да білмеймін. Білетінім бір-ақ нәрсе. Біз өнердегі Кеталармыз. Иә, Тағы айтарым, күнде кешке сахнаға шығатын менің талантты да дарынды, жігерлі де жанкешті, әдемі де ақылды, мейірлі де маңғаз, сұлу да сабырлы актер қауымымның барлығы, режиссер мен драматургтің бар екендігі.

Иә, Құрметті дос! Әріптес! Адам жанымен, адам рухымен, оның сезімімен, оның махаббатымен сырласатын сиқырлы сахнадағы кезекшілер!

Иә, дәл солай... Адам тәні ауырса дәрігері бар, дәрі бар, ал жаны ауырса, науқастанса оның емі жоқ. Тек сүйеніші бар... Ол - әдебиет пен өнер. Біз осы өнердің сардарларымыз, сарбаздарымыз. Бүгінгі күн - Сіздің төл мерекеңіз! Құтты болсын!
Ақындардың өлген күні болмайды, тек туған күні болатыны секілді, актерлердің де туған күні көп болсын! Ол Премьералар. Қай сахна болмасын, Премьера көп болсын! Бүгінгі мерекелеріңізбен! Аман болыңыздар!

Құрметпен театр және кинорежиссері, Қазақстанның халық артисі Талғат Теменов.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар