Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бүгін Сәрсен Аманжолов пен Мұхамеджан Қаратаевтың ...

27.12.2016 4323

Бүгін Сәрсен Аманжолов пен Мұхамеджан Қаратаевтың туған күні

Бүгін Сәрсен Аманжолов пен Мұхамеджан Қаратаевтың туған күні - adebiportal.kz


27 желтоқсан - әдебиет сыншысы, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мұхамеджан Қаратаев пен филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Сәрсен Аманжоловтың өмірге келген күні.


САРС.jpg

Сәрсен Аманжолұлы Аманжолов 1903 жылы 27 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы Егінсу аулында дүниеге келген. Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген Сәрсен Аманжолұлы 1931-1942 жылдары ҚазПИ-де оқытушы, қазақ тілі кафедрасында меңгеруші, Қазақтың ұлттық мәдениетін зерттеу институтының директоры, ғылыми хатшысы, КСРО ҒА Қазақстан филиалының тіл және әдебиет секторының меңгерушісі қызметтерін атқарады.


Ұлы Отан соғысына қатысып, 1942-1944 жылдары майдан даласындағы жауынгерлер арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. «Қызыл Армия үгітші блокнотының» жауапты редакторы болады.

1946 жылдан өмірінің соңына дейін ҚР ҰҒА Тіл және әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарады. Сталиндік қуғын-сүргін жылдарындағы ұлттық әдебиет пен мәдениетке қойылған шектеу, кедергілерге қарамастан, мектептегі қазақ тілі мен әдебиетін оқыту ісін жолға қоюға үлкен еңбек сіңірді.


Ұстаздары Ахмет Байтұрсынов пен Құдайберген Жұбановтардың ісін лайықты жалғастырған Сәрсен аманжолұлы халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинауды жолға қойды, ғылыми экспедициялар ұйымдастырып қазақ диалектологиясын зерттеп, жүйеледі. «Бөгенбай батыр» жинағын, қазақтың мақалдары мен мәтелдерін бастырып шығарды.


Қазақ жеріндегі ру-тайпалардың таңбалары мен көне жазуларына аса қызғушылық танытып, 200-ден астам ғылыми еңбек жазып қалдыруының өзі кейіннен қазақ топырағында түркология ғылымының дамуына аса зор ықпал етті.


Сәрсен Аманжолұлының жетекшілігімен Абай Құнанбайұлының толық шығармалар жинағы, Қазақ тілінің академиялық түсіндірме сөздігі, қазақ тілінің қазақша-орысша сөздігі жарық көрді.


Қазақ тілі мен әдебиетінің теориялық негіздемесін жасаушылардың бірі, ұлтын сүйген тамаша тұлға Сәрсен Аманжолұлының есімі өзі туып-өскен өңірдегі іргелі білім ордасы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне берілген.



КАРАТЕВ.jpg

Сыншы, Қазақ КСР Халық жазушысы Мұхамеджан Қожасбайұлы Қаратаев 1910 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы Телікөл аулында дүниеге келген. ҚазПИ-ді, Ленинградтағы Тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген. ҚР Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, төрағасы, ҚазПи-де кафедра меңгерушісі, Жамбыл педагогикалық училищесінің оқытушысы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының редакторы, бас редакторының орынбасары, директоры, Қазақстан Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және тіл институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, Қазақ совет энциклопедиясының бас редакторы қызметтерін атқарған. 


1988 жылдан 1995 жылға дейін ҚР ҰҒА Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының бас кеңесшісі болды.

Қазақ әдебиеті сын жанрында толымды еңбек еткен ғалым сонымен қатар, көркем шығармашылықпен де шұғылданды. «Даладағы дабыл» атты көркем публицистикалық романы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді.


Мұхамеджан Қожасбайұлы көркем аударма саласына да елеулі еңбек сіңірді. М.Горькийдің «Менің университетім», М.Шолоховтың «Тынық Дон» романының 3 кітабын қазақ тіліне аударды.


Көптеген оқулықтардың авторы, хрестоматиялардың құрастырушысы. 6 томдық Қазақ әдебиеті тарихының үш томының, орыс тілінде шыққан Қазақ әдебиеті тарихының кеңестік дәуіріне арналған томының бас редакторы және негізгі авторларының бірі болды. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері атанды.

adebiportal.kz



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар