Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Бұл той бұрынғыдан өзге еді... ...

14.04.2021 3822

Бұл той бұрынғыдан өзге еді... 12+

Бұл той бұрынғыдан өзге еді...  - adebiportal.kz

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Әдебиет порталы» азаттық жылдарында мемлекетімізде өткен айтулы оқиғаларға, әрине, сайттың контенттік бағытына орай, ел руханиятын дүр сілкінткен тарихи мәнді шараларға шолу жасап отыруды ұйғарды. Алғашқы сөз – алашқа аты мәшһүр, әлем таныған ғұлама Абайдың 150 жылдық мерейтойы турасында болмақ.

Еліміз сан ғасыр аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген шақта қазақ рухы қайта түлегендей болды. 1991 жылы 16-желтоқсан күні азаттықтың ақ таңы атты. Еркіндікті еншілеген халықтың жүрегіндегі қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Түбі бір түркі халықтарының ішінде Түркия бастап, Иран, Пәкстан, АҚШ... барлығы дерлік Қазақстан Республикасын дербестігімен құттықтап жатты. Біріккен Ұлттар ұйымына мүше болып қабылдандық. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей болды. Тәуелсіздік таңы жүрегіне нұр құйған алаш азаматтары ұлтының жоғалтқанын түгендей бастады. Құлдық санадан арылып, ұлттық, мемлекеттік санаға бет бұрды. Отарлықтың озбыр саясатымен өз жолынан адасқан жұрттың темірқазығы Абай еді. Абайға жүгіну арқылы өзін тануды, әлемді тануды мақсат тұтты. Соның бір парасы – Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаетың шешімімен 1995 жылы хакім Абайдың 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлауға қаулы қабылданды.

Бұл той әлемге Абайды таныту арқылы қазақ халқын, оның терең ой-танымын таныту болатын. Той әлемдегі әйгілі астаналарда: Бейжің, Париж, Стамбул, Анкарада жалғасуы жас мемлекеттің, ондағы жасампаз халықтың мерейін асыра түсті.

Жидебайда мәңгілік тыныс тапқан қос алып – Абай мен Шәкәрімнің басына Сарыарқада жүзген ақ кеме кейпіндегі алып күмбез тұрғызылды. Абай жылының ашылуы, Абай тойы Алматыдағы салтанатты жиыннан басталып, Семейдегі ұлан асыр тоймен ұласып, Шыңғыстауда баба рухына бағыштап ас берумен түйінделді.

Алыс-жақыннан келген қонақтардың Абай даналығына тағзымы ғана емес, сондай алыпты тудырған елге деген ықыласы да ерекше-тін. Бұл шынында еркіндікке қол жеткізген жаңа республикамызға көрсеткен құрмет еді. Шалғайдағы алып елдерде салтанат құрған Абай күндерінде оның бай мұрасын насихаттау мерейтой аясын тіптен кеңейте түсті. Абайдың аты алты құрлықты шарлап, қазақ халқының аруағын шалқытты. Жүрек тебірентерлік айрықша оқиға деуге әбден негіз бар.

Абай тойы кең ауқымдағы тұтас елдік мерекеге айналып кете барды. Алматыдағы той ақындар бәйгесінен басталды. Нағыз өлең бәйгесі, жыр жарысы болды. Ежелгі шығыстық үлгідегі мүшәйра өтті.

1995 жылы қазақтың Бас ақыны Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде өтті. ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша 1995 жыл – Абай жылы деп аталды. Тамыз айының 10 жұлдызында Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бас ғимаратында жаңа экспозиция ашылды. Қалалық кешен құрамындағы 1967 жылдан бері көпес Р. Ершовтың үйінде орналасқан бас музей, хакімнің 150 жылдық тойы қарсаңында салынған қосымша ғимарат, Абай білім алған Ахмет-Риза медресесі 1993 жылы кешен аймағына көшіріліп, қалпына келтірілді. Семей қаласындағы бас музейдің жаңа экспозициясының ашылу салтанатына ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев пен Татарстанның тұңғыш Президенті М. Шаймиев, ЮНЕСКО-ның бас директоры Федерико Майор, өнер тарландары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Ел ардақтылары жаңа экспозициямен танысып, Абайдың 150 жылдығына арнайы дайындалған музейдің «Зерде» кітабына қолтаңба қалдырды.

1995 жылы бас музейдегі жаңа экспозиция 16 бөлімді қамтыды:

1-бөлім: «Абай дәуірі».

2-бөлім: «Абай шығармашылығының қайнар бұлақтары»

3-бөлім: «Абай шығармашылығы»

4-бөлім: Абай аудармалары және ән-күй мұрасы

5,6-бөлім: «Абай поэмалары»

7-бөлім: Сыйлықтар бөлімі

8-бөлім: «Жаз» бөлімі

9-бөлім: «Абай және Семей»

10-бөлім: «Абай тұлғасы бейнелеу өнерінде»

11,12-бөлім: Ақындық өнер айналасы

13-бөлім: Абайтану бөлімі

14-бөлім: «Абай халық жүрегінде»

15,16-бөлім: Ахмет Риза медресесі

Абайдың 150 жылдығына орай дайындалған Абай музейінің жаңа экспозициясын ұйымдастыру, шаруашылық, ғылыми-зерттеу және экспозициялық-көрме жұмыстарына музей директоры Төкен Ибрагимовтың басқаруымен Алматылық «Заман ту» суретшілер ұжымынан 70-тен астам кәсіби шеберлер – суретші, ұсталар, ши-кілем өрнекшілері тағы басқа өнерпаздар жұмылдырылған болатын. «Заман ту» суретшілері атқарған игі істің бастысы – жобаланған жұмыстарды жедел орындауында ғана емес, ұлы ақын музейінің бұрынғы мақсат-бағдарына, әдеби-тарихи және ғылыми негізіне тың өзгерістер жасап, Абай сынды алыптың биік тұлғасын танытуда айрықша үлес қосты.

Осы арада той тойланған бес күнді дата-уақытымен бөлек-бөлек тарқатып айтсақ.

8-тамыз

Алматының мерекелік шеруі әйгілі Абай даңғылындағы ақын ескерткішінен бастау алды. Маңғаз басқан түйелер мен ауыздығымен алысқан күліктер ойқастап, ақын өмір сүрген ХІХ ғасырды бейнелеген қазақ көшінен көрініс ұсынылды. Халқын азаттыққа бастаған қазақ ағартушылары да бой көрсетті. Өткен ғасырды айғақтаған тірі сурет жүріп өтті. Абай мен Мұхтар ескерткіштері ортасында шұбырған салтанатты көш – ұлы мерекені айшықтап тұрды. Жол жағалай тізілген қазақ үйлердің төрінде ойын-сауық қыза түсіп, қазақтың әні мен күйі көкке өрлеп шалқып жатты. Осыншалық қызық пен сұлу салтанатқа сүйінген жұрттың рухы көтеріліп, Алматы жұрты бір серпіліп қалды.

9-тамыз

Республика сарайында өткен ақын тойының ресми кешіне әлемнің 25 елінен құрметті қонақтар қатысты. Олардың арасында ірі мемлекеттік қайраткерлер, туыстас республикалардың мемлекет басшылары бар еді. Ақын жайлы басты сөзді Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы алды. «Абай - біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс». Елбасының аузынан шыққан бұл байлам ұлттың тәуелсіздік жолындағы ұлы арман-мұратының орындалғанын аңғартқандай еді.

Сондай-ақ, әлемдік мәдени қауымдастықтан ЮНЕСКО-ның бас төрағасы Федерико Майордың: «Мен өзім Барселонада тудым. Отаным – Каталония. Ана тілім – каталон тілі. Алайда, Гренаданы екінші отыным деп есептеймін... Осы жерде мен испанның ұлы ақыны Федерико Гарсия Лорка шығармаларының қыр-сырына қанықтым. Ал ол дегеніңіз ақын ғана емес, әрбір ұл-қызын қастер тұтатын Испания елінің еркіндігі мен мөлдірлігін әлемге жарқырата көрсетіп тұрған шарайна іспетті. Бұл әрбір ұлттың ақындарына тән қасиет. Абай да осындай ұлы ақынның бірі, бірі ғана емес, бірегейі. Мен оның телегей теңіз шығармаларын түгелдей білемін деп айта алмаймын. Бірақ өзім оқыған еңбектерінен оны өз мұңымен ғана өмір сүретін ақын емес, ғалам құбылыстарын өзгенің көзімен көре білетін, жүрегімен сезе білетін, өзгенің мұңымен өмір сүретін адам ретінде таныдым», - деп ағынан жарылғаны әлі күнге есімізде.

10-тамыз

Тойымыз жаңа шымылдық түрді. Барлық қызықтар алдымызда деп қонақтар Семей қаласына – Шыңғыстауды бетке алды. Абайдың асқақ рухына бас иген жұрт Жидебай топырағын басуға асықты. Қаны бір қалың елге Абайдың тойын көрудің өзі зор мақтаныш, үлкен мәртебе. Алматыда тоғысқан жұрт қызықты думандарын Семей төрінде жалғастырды. Ендігі бағыт ойшыл ақын дүниеге келіп, кіндік қаны тамған Шыңғыстау, Қарауылтөбе. Қонақтар асып төгілді. Ғажайып сурет! Шеттен келген меймандарға сахарада күнелткен көшпенділердің бүгіні емес, кешегісі тұрмысы мен салт-дәстүрі қызық. Мүлдем өзгешелеу тіршілік көркі алдарынан қайта түлеп, алдынан қарсы алғанда түгелдей таңданғаны анық. Абай ауылына, Қарауылтөбе бауырына мыңнан аса киіз үй қаз-қатар тізіліпті. Жат жұрт таңырқаса, қалың қазақ жанарына жас келді.

Жидебайға келген жұрт ақын рухына дұға етісті. Ақынға арнап салынған үлкен кешен айдынды һәм асқақ. Астыда – амфитеатр, үстіде – арнайы Маңғыстаудың ақ тасымен өріле көтерілген биік қос күмбез, үлкені – Абай, кішісі – Шәкерім. Кешенді бастан-аяқ салып шыққан Бас шебері Сайын Тоқтамыс.

Зәулім кешеннің ашылуындағы арнаулы жиында Қазақстанның тұңғыш Президенті бастап, алыстан асыға жаткен сан мыңдаған қазақтар, шет елден арнайылап келген мәртебелі қонақтар, ЮНЕСКО төрағасы, Татарстанның мемлекет басшысы мен көптеген лауазымды тұлғалар қатысты. Ең бірінші ақын рухына бағыштап дұға жасады. Елбасы арнайылап сөз сөйледі. Абай тағылымына терең үңілген тарихи ұлы сөздер айтылды.

Мұнан соң кешенде театрланған көріністермен кеш өз жалғасын тауып жатты.

11-тамыз

Қарауылтөбе бауырына қатарлас тізілген 1200 ақбоз үйде қанша мыңдаған мейман дастарханға жайғасқанда құран-қатым түсіріліп, арнап ас берілді. Түстан кейін Қарауылтөбе бауырында мерекеге арналған ұлттық ойындарымыз өз жалауын көтерді. Теңге алу, қыз қуу, 20 шақырымдық бәйге. Кештің соңы гала-концертке ұласты.

12-тaмыз

Aстың ақырғы күнінде бaлуaндар күрeсі бoлып, жoрғa жaрысы мeн aлaмaн бәйгe өтті. Тoйдан ел ерекше қуанышты көңілмен тaрқaсты. Осылайша, ақынның 150 жылдық мeрeйтoйы өз мәрeсінe жeтті. Бұл aйтулы мeрeкe Aбaйдың aлaш ұлы бoлумeн бірге, aдaмзaттың да ұлы екенін тaнытты. Болмысынан eрeкшe жaрaлғaн oйшыл aқын қырық жaсындa-aқ әлeмдік oйдың биігінe көтeрілгeн eді. Сыр мeн сeзімнің тeрeңінe бoйлaғaн. Aқын тoйы aлaштың eлдігін, ата сaлтын сақтағанын көрсетті.

Шыңғыстaу төріндегі Aбaй тойы oсылaйшa хaлықтың жүрeгіндe қaлды. 150 жылдық мeрeйтoйын мән-мaғынaсы тұрғысынан қaрaғaндa, Тәуелсіз Қазақстан тaрихындaғы айрықша oқиғa, мeмлeкeттік дeңгeйдeгі үлкeн құбылыс дeп бaғaлaр едік.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар