Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Бұлт астынан шыққан күн...

12.06.2020 5138

Бұлт астынан шыққан күн 12+

Бұлт астынан шыққан күн - adebiportal.kz

Жақында ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық "Алаш"әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы ағамызбен сұхбаттасқан едік.

- Аға, бүгінгі сұхбатты сіздің ақындық шығармашылығыңыздан бөлек ғалымдық, зерттеушілік қырыңызға арнасақ. Төр Алтайда бала күннен әкеңіз жырларын жаттатып құлағыңызға құйған, Қытай мен Моңғолия қазақтары жазба әдебиетінің көшбасшысына айналған «Ақыт қажы Үлімжіұлының шығармашылық тұлғасы» атты ғылыми зерттеу еңбек жаздыңыз. Сол еңбегіңіз 2018 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қалам, сия – көз жасы» атты жинақ болып жарық көрді. Телегей тебіреніспен оқырман ретінде мол тағылым алған біз үшін, қилы тағдыр кешкен қажының өмірі тіптен қызықтыра түсті. Әңгімемізді осыдан бастасақ...

- Қазақ халқы басынан өткерген сан қилы тағдыры секілді әдебиеті де тағдырдың талай азабын басынан кешірді. Адамзаттың алтын бесігі, түркінің түп отаны аталған Алтай тауы да заманалардың құйын-дауылында төрт мемлекеттің талқысында қалды. Қазақстан Алтайының соңғы ауылы Аршаты мен бүгінде Ресейдің Қосағаш ауданына қарасты Жазотыр ауылының арасы, атпен тура тартсаңыз, қырық бес-ақ шақырым екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Екі ауылдағы аталас ағайынның арасын бөлген – мемлекеттік шекараның сызығы ғана. Жиырмасыншы ғасырдың басында ғана Қаратай болысы атанып, Әбдікерімдей алашшыл азаматтың құзыретіне қарасты екі ауыл қауындай қақ жарылып, Таңырықтай ақынды ел-жұрттың мұң-зарымен шерлендірген уақытқа өкпеңді айтқың да келеді. Қазақтың қаншама ақынының өлеңіне өзек болған, бірқыдыру жазушыларының ойына тамызық болған қайран Алтай, Хан Алтай! Төр Алтайдың қазақтары жайлы әңгіме басталса, әулие ақын Ақыт қажы, жаужүрек Оспан батыр бастаған, шаһид кешкен қаншама арысымыздың аруағына тағзым етерсің?! Тағы да еркіндік аңсаған басасау қазағымның Алтайдың күнгейі мен теріскейін мекендеген шақтарына қатар ойысасың да отырасың ойға шомып...

Қазақ әдебиеті тарихында өз орны айшықталған Ақыт қажы Үлімжіұлы осы тағдыр кешкен қазақтардың діни ғұламасы, айтөбел ақыны, күнгей мен теріскейге қатар сыйлы абызы еді. Қытай билігінің қазақтарға көрсеткен қысымын әр есті қазақ баласы таразылай біледі. «Арқа тыныш болса, арқар ауып несі бар» дегендей, Қобда бетіне қоныстанған қазақтар тарихы екі ғасырға енді жуықтады. Ақыт қажы Қобдада 1897-1907 жылдар аралығында мешіт-медресе ашып, бала оқытқан, түрлі қызмет атқарған.

1937 жылдың әйгілі Кеңес Одағындағы зобалаң қасіреті он алтыншы бейресми Моңғол елінің көзі ашық, көкірегі ояу, хат танитын молда оқымыстыларын да шарпып өткен. Тарихшы ғалым Зардыхан Қинаятұлының «Моңғолиядағы қазақтар» еңбегінде келтірілген деректерде 1937-1938 жылдары саяси жазамен 3270 қазақ атылғаны жайында тәптіштеп жазылған. Менің атам Құмар Жақыпұлы да ұстаз-молдалығымен осы жаланың құрбаны болды. 1990 жылы әкем Кәп Құмарұлы ауылдағы діндар молда, әкесінің шәкірті, сол кезде жетпісті алқымдаған Жылқышыбай Бегалыұлының қойын дәптерінен Ақыт қажының «Алтай мен Қобда арасы» деген жырын төте жазудан кириллицаға көшіріп беріп, маған жаттатқызды. Сол жырды аймақтық қазақ радиосында орындап, ел-жұртқа ұсынып едім. Бұл жылдарда Бай-Өлке қазақтары да жылымық уақытты бастан кешіп, мешіт ашуды қолға алып жатқан еді. Сол бір сағынышты кезең, бала даусыммен айтқан Ақыт жырын радионың алтын қорынан тауып алып, бір марқайғаныма да екі жылдың жүзі болды.

- Ақыт қажының шығармашылығына қатысты даулы дүниелерді байқап қалып жүрміз. Абайдың, Шәкәрімнің өлеңі деген де тартыстар болып жатты. Бұл ақын шығармашылығының әлі де болса бір ізге түспегендігін көрсеткендей. Осы мәселе төңірегінде ашып айта кетсеңіз...

- Ақыт қажыны 1939 жылы Шың Шы Сай жендеттері ұстағанда барлық қолжазбасын, оқыған кітаптарын тәркілеп әкеткен. Кейін Ақыт ақын ақталғаннан кейін ел аузынан жиналған өлең-жырлардың бәрін кітапқа жинағанда басқа ақындардың да жырлары еніп кеткенін байқадық. Ақыт қажының Қазанда басылған нәзиралық жыр-дастандары, өзінің төл туындыларынан басқа да күмәнді жырлардың әлі де болса кей басылымдарда шығып жатқаны қынжытарлық жайт. Мысалы, 2016 жылы «Абай.кз» сайтында «Абайдың жаңа өлеңі табылды» деп жар салған мақала жарық көрген еді. Әлеуметтік желілер мен қазақ тілді сайттардың сүйіншілеген жаңалығы бәрімізді елең еткізгені анық. Бірақ ұлы Абайдың «жаңа өлеңі» деп жар салған адамымыз жақ ашпады (Сәйдінұр Мәуленұлы (1976 ж.): филология ғылымдарының магистрі, Іле педагогикалық университеті Қытай тілдері институтының доценті. Құлжа қаласы, ҚХР, ШҰАР). «Абай.кз» сайты редакциясының тарапынан түсініктеме беріліп жарияланған «тың жаңалық» желі қолданушыларды біраз тапырақтатып тастады. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, жапа-тармағай кітап ақтарып, бұл өлең 1999 жылы Қытайдағы «Іле халық баспасынан» шыққан Ақыт қажы Үлімжіұлы шығармаларының 2-томында (531-533-бб.) «Қайтер еді?» деген тақырыппен жарияланғанын анықтадық. Кейінірек, яғни 2011 жылы Ақыт қажының туған жиені Абдоллаһ Жафар Ұшардың демеушілігімен, ғылыми қосымшаларын даярлап құрастырған философия ғылымдарының кандидаты Гүлнар Омарованың жауапты редакторлығымен Түркияның Кония қаласында басылып шыққан Ақыт Үлімжіұлы шығармаларының толық 2 томдық жинағының 397-399-беттерінде тағы да «Қайтер еді?» деген тақырыппен басылыпты. Сонымен, Абайдың «жаңа өлеңі» Ақыт Үлімжіұлының өлеңі деп нық сеніммен пікірталас ортасына кіріп кеткенмін. Қазақтың талантты әншісі Еркін Шүкімән ағам да Шәкәрім кітабына жүгініп, «Алаш мұрасы» сериясымен шыққан Шәкәрім қажының бірінші томынан (37- 40-бб.) «Шаруа мен ысырап» деген өлеңді алға тартсын! Бұлтартпас дәлел! «Ел-шежіре» баспасынан 2008 жылы шыққан 2 томдықтың алғы сөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхамедрахым Жармұхамедұлы Шәкәрім шығармашылығына жан-жақты тоқталған. Кітаптың бірінші томындағы түсініктерде: «Ашу мен ынсап», «Шаруа мен ысырап», «Анық пен танық», «Ер қоспақпен сөз сөйлемек», «Махаббат пен құмарлық», «Дүние мен өмір», «Мақтау мен сөгіс», «Міндеу мен күндеу» 1885-1890 жылдары жазылған. Ақынның бұл сегіз өлеңі 1912 жылы Семей қаласында «Жәрдем» баспасынан жарық көрген «Қалқаман – Мамыр» поэмасының соңында басылды» деп тайға таңба басқандай беріпті. Ақыт қажы кітаптарында «Қайтер еді?» деген өлең Шәкәрім қажы кітаптарында «Шаруа мен ысырап» атты тақырыпта беріліпті. Шәкәрім мен Ақыт кітаптарында да бастапқы жол «Қайтер еді, жігіттер» деп басталады. Ақыттың кітабында өлеңнің бірінші жолы тақырып болып кеткен. Сонымен, бұл өлең Абайдікі де емес, Ақыттікі де емес, Шәкәрімдікі болып шыға келді. Егер дауласқысы келетін адам табылып жатса, Шәкәрімнің 1912 жылғы Семейден шыққан кітабын тауып алсын. Олай дейтініміз, Шәкәрімнің ұлдары Зият та, Ахат та Қытай бетіне өткендігін ескергенімізден. Ақыт қажыны 1939 жылы Шың Шы Сай үкіметі тұтқындағанда бүкіл кітабы мен қолжазба- лары тәркіленіп, ақын түрмеде өлгеннен кейін кітаптары ғана қайтарылып берілгенін, қолжазбалары қайтарылмағанын Қытайда тұратын көзі қарақты қандастарымыздың барлығы дерлік біледі. Ақыт өлеңдері тек ауыздан ауызға тарап, молдалардың қолжазба көшірмелері арқылы ел ішінен жиналғанын Ақыт шығармаларын құрастырушылар тәптіштеп жазған.

- Ақынның бай шығармашылығын зерттеп-зерделеушілер ақыттану ғылымын қалыптастырғаны анық. Оның ішінде өзіңіз де барсыз. Қытай мен Моңғолия қазақтарының жазба әдебиетінің көшбасшысы болған тұлға екі жаққа да зор ықпал етті. Екі жақтан да зерттеушілер шығып қажы жүріп өткен кезеңдерге терең үңілуде. Сіздің пайымдауыңызша шығармашылық ғұмырының тұтас әлемі ашылды ма?

- Ақыт қажының шығармашылық ғұмыры Алтайдың күнгей беті мен Қобда бетін қатар қамтиды. Жалпы, ақыттану мәселесін бірінші болып Қобда қазақтары, яғни байөлкелік қандастар қолға алып, 1970 жылдан бастап «Шұғыла» журналында там-тұмдап жариялай бастаған. Моңғолия қазақтарының әдебиет нұсқаларын алғаш зерделеген ф.ғ.д., профессор Қабидаш Қалиасқарұлы Ақыттың Қазанда басылып шыққан кітаптарының (1897-1909 жылдар аралығы) барлығын дерлік алғаш кирилл қарпімен баспадан шығарған. Талантты ақын Кәкей Жанжұңұлы, әдебиеттанушы Қабидаш Қалиасқарұлы бастаған шығармашыл топтың 1991-1994 жылдар аралығында Ақыттың төрт кітабын оқырманға ұсынуы жұрт жанын жадыратқан, әдебиет сүйер қауымды марқайтқан игілікті іс болған. Осы Бай-Өлкеде басылған Ақыт шығармаларының ішінде «Абайдың жаңа өлеңі» болып басталып, Шәкәрім қажының еншісінде қалған өлең болған жоқ. Қазақтың «Бір жоқты бір жоқ табады» деген тәмсілі Ақыт шығармашылығымен айналысып жүрген маған да қамшы болды. Енді ел аузынан жиналып, кітапқа айналып жатқан Ақыт қажы шығармаларына аса сақтықпен қарауға тура келеді. Керек десеңіз, текстологиялық, мазмұндық зерттеулер жүргізуді қажет етеді. Ата-баба мұрасына атүсті қарау – азаматтарға сын.

Жалпы, ақыттануда бұрындары да атқарылған шаруалар аз емес. Автордың шығармашылығына жеке кітап арнаған зерттеуші ғалымдардың тұңғышы – әдебиеттанушы, этнограф Болат Бопайұлының «Ақыт ақиқаты» кітабы. 2000 жылы «Іле халық баспасынан» шыққан. Қазақстанда басылым көрмеген жинақта Ақыт қажымен жерлес автор біршама түпнұсқа дерек келтіреді. Ақынның замандастары және балаларымен бетпе-бет кездесіп, сұхбаттасқан зерттеушінің тақырыпқа тыңғылықты дайындалғанын байқаймыз. Сонымен қатар қазір Қытайдағы ақыттанушылармен таныстырған еңбекте мынандай деректер келтіреді: «Алтай өңірінде Ақытты көре қалған көнекөз қария, дана көкіректі адамдарды арнайы іздеп, Ақыт жайлы деректер алдым. Солардың бірі – Көктоғай ауданы Дүре ауылы Тесбақан қыстағында тұратын діни сауатты 88 жастағы Ағзам Ауғанұлы. Ақыттың 1907 жылдары қажы сапарында жүріп жазған өлең романы «Қажыбаянды» жатқа біледі екен. Тағы да Көктоғай ауданы Қаратүңке ауылы Қайырты қыстағындағы Күләнда Мұқашқызы 80 жаста. Көктоғай ауданы Қарабұлғын ауылындағы ауыл ақсақалдарының да Ақыт жайлы айтқан тамаша аңыздары мен ақиқаттарын естелікке алып, есімде берік сақтадым. Сөз басынан мемлекетіміз көлемінде газет-журналдар мен айырым кітаптарда жарияланған Ақыт шығармалары мен Ақыт жайлы жазылған ғылыми мақалаларды қолыма түскенінше жинадым әрі сол мақалалардың авторымен орайын тауып, тақырыбын танып, кеңесе жүрдім. Мысалы, Ғазез Ақытұлы, Қалибек Манапұлы, Әуелхан Қалиұлы, Ахметбек Кіршікбай, Жұман Әбішұлы, Омархан Асылұлы, Шәміс Құмарұлы, Жақып Мырзаханұлы, Мағаз Сүлейменұлы, Қадыс Жанәбілұлы, Байахмет Жұмабайұлы, Мағаз Әкуәұлы, Шин Жүң Бо жазған үлкенді-кішілі ғылыми мақалаларды жинадым және зерттеп, талдап оқыдым».

Бұл тұрғыдан келгенде, Б. Бопайұлы кітабының бәсі басым екені даусыз. Екінші кітап 2002 жылы (Алматы, «Қазақ университеті» баспасы) ф.ғ.д., профессор Зұфар Сейітжанұлы жазған оқу құралы – «Ақыт ақын». Ақынның барша басылым көрген өлең-жыр, қисса-дастандарына ғылыми талдау жасаған, бүгінде еліміздің барша оқу орындары, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының иелеріне ұсынылған елеулі еңбек. Бұл оқу құралында Ақыттың өскен ортасы, өмір сүрген кезеңінің саяси ахуалы, ғұмырбаянына аса көп тоқталмай, шығармаларын әдеби талдауға көп орын берілген. Одан кейінгісі – 2007 жылы «Іле халық баспасынан» «Отаншыл ағартушы – Ақыт» атты жинақ. Мұнда Қытайдағы қандастар арасынан алғаш болып Ақыт қажы жөнінде ізденген ел ардақтысы Қадыс Жанәбілұлы бастаған зерттеушілердің тоғыз мақаласы топтастырылған. Бұдан кейінгі құнды кітаптың бірі – Ғазез Ақытұлының «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» сериясымен Қытайда жарық көрген «Ақыт Үлімжіұлы» атты еңбек. Әкесі туралы баласынан артық ешкім жеткізіп айта алмас. Осы еңбекті 2008 жылы Алматыда («Мұсылман баспа үйі») қайта қарап, түсініктерін жазып баспаға ұсынған Ақыт мұраларын зерттеуші Г.С. Омарова. 2012 жылы Қытайдағы қандасымыз Раздан Айдарханұлы құрастырған «Ақыттану» деген кітап тағы да «Іле халық баспасынан» жарық көрді. Құрастырушының берген алғы сөзінен Қытайдағы ақыттануға байланысты жайттарға әбден қанығасыз: «Қытай қазақ жазба әдебиетінің негізін салушылардың тұңғыш ту ұстаушысы, бірегей ағартушы, көрнекті мәдениет қайраткері, ғұлама ақын Ақыт Үлімжіұлын тану, оны зерттеу, шығармашылығы мен еңбектерін жинау, топтау жұмысы кешеуілдеп қолға алына бастады. Алайда уақыттың озуы, еліміздің азаттығынан кейінгі әлеуметтік бұралаңдықтар, әсіресе «Мәдениет төңкерісі» сынды құбыжықтың әдеби, мәдени мұраларымызды жеріне жете тұқыржылата ойрандауы салдарынан бұл жұмыстың аяқ алысында біркелкілік болмады. Осы жайтты көзде ұстай отырып, қатысты басшылық тараулар мен қатысты басшылар, әсіресе аз ұлт байырғы шығармаларын жинау, зерттеу кеңсесі мен райондық жазушылар одағының құлшынысты қимылдарының арқасында «Ақыт шығармаларын жинау, зерттеу жұмысының аяқ алысы 1993 жылдан, яғни Ақыт қажының туғанына 125 жыл толуына орай құттықтау қимылын өткізгеннен бастап ілгеріледі. Ашығырақ айтқанда, қатысты тараулар мен арнаулы басшылар өздері қалам тербеп, өздері ақылшы, өздері жебеуші болып бұл жұмысқа кірісті» деген жолдардан-ақ ақыттанудағы кедергілердің себебін танығандаймыз. Жинақта ел ағалары мен зиялы қауым өкілдерінің, жазушы-зерттеушілердің, жекелеген жиындарда Ақыт қажы туралы жасалған баяндамалардың мәтіндері қамтылған. 2017 жылы Моңғолия Ғылым академиясы, Халықаралық қатынастарды зерттеу институты «Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақов Алтайский» деген атпен Құрметхан Мұхамадиұлының кітабын басып шығарды. Бұл кітаптың алдыңғы жинақтардан ерекшелігі – Қазанда 1909 жылы «Домбровский» баспасынан шыққан Ақыттың «Әбияд Ғахидия», 1908 жылы «Университет» баспасынан шыққан «Хисса-и Бәһрам», 1908 жылы «Ағайынды Каримовтер» баспасынан шыққан «Ахуал қиямет», 1901 жылы «Университет» бас- пасынан шыққан «Хисса-и Жиһаншаһ Тамузшаһұғлы» атты кітаптарының түпнұсқасынан микрофото көшірмелері берілгендігінде. Қытайдағы ақыттанушылардың бір-екеуімен әңгімелескенімде Ақыт қажының Қазанда басылған бірде-бір түпнұсқа кітабын көрмегендіктерін айтқан еді. Осы жағынан алып қарағанда, Құрметхан Мұхамадиұлы жарыққа шығарған кітаптың құндылығы әдебиеттану ғылымы үшін басым екендігін ескерткім келеді. Жалпы, Ақыт ақын туралы жекелей шыққан кітаптар осылар.

Жоғарыда сөз еткенімдей, Бай-Өлкедегі сауатты молдалардың сандықтарында Ақыт ақынның жыр-дастандарының қолжазба көшірмелері көптеп кездесетін. Осындай қолжазбалардың бірнешеуін қолыма түсіріп едім. Байөлкелік ақыттанушылардың қатарында белгілі қаламгер, ардагер журналист Бодаухан Тоқанұлы 2011 жылы 18 мамырда маған ұсынған ескі қолжазбаның сыртына мынадай жазба қалдырыпты: «Бұл – Ақыт қажының халық арасында «Қалам, сия – көз жасы» деген атпен мәлім «Оян, қазақ, ой ойлан» деп аталатын жыры. Жырды хатқа түсірген біздің атамыз-бабамыз Қазанбай Рақымұлы деген кісі. (Қарақас – Назар – Сары – Тоғанас). Жыршы, ақын кісі болған. Жыр хатқа шамамен 1930 жылдардың басында түсірілген. Өйткені Қазанбай 1937 жылы «эсергүүге» (халық жауы) ұсталып, қайтып оралмаған. Бұл жырды сақтаған менің әкем Тоқан Бұғыбайұлы, ол кісі де жыршы болған (сол кісінің айтуы). Жырдың бұл нұсқасы ең толық нұсқа деуге болады. Бірақ танып оқу қиындау. Жыр Қабидаш ағаның, менің жинақтауыммен көптеген жинаққа енген. Бірақ осы нұсқаны қарап біраз оқып едім, біз білмейтін ұмыт қалған жолдар, шумақтар көп екендігін байқадым. «Оян, қазақ, ой ойлан» жыры Ақыт шығармашылығының шоқтығы деуге болады. Міржақып Дулатұлы сияқты Ақыт та халықты ғылым-білімге шақырған ойшыл ақын екенін аңғарасың! Б. Тоқанұлы. 18.05.2011».

Байқағандарыңыздай, ел ішіндегі ескі ұстаз-молдалардың сандығында сарғайған қолжазбалар Ақыт өлең-жырларының түпнұсқалығына жетелейтін, мәтіндік толықтырулар, салыстырулар жасауға таптырмайтын жәдігер болары айқын. Мысалға, ілгеріде жазғанымдай, 1990 жылы ауыл молдасы Жылқышыбай Бегалыұлының дәптерінен мен жаттаған жырдың кей шумақтары Ақыттың жарық көрген басылымдардағы сол өлең-жырларынан түсіп қалғанын анықтадым. Ақыттың төл туындыларын анықтап, мәтіндік зерттеулер жүргізуге әлі де болса ел аралап, көнекөздердің қолжазбаларына үңілу қажет деп ойлаймын!

- Ақыт атамыздың тақиясын ырымдап басыңызға да киген екенсіз...

- 2015 жылы Анкараның Гази университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп жүргенімде Кония қаласында тұратын Ақыт атамыздың туған қызы Мәстура апамызға барып сәлем беріп, сұхбаттасудың сәті де түскен болатын! Ақыт атамыздан қалған жалғыз жәдігер – Үрімжі түрмесінде қайтыс болғанда басында жүрген тақиясы. Атаның ұлы Мақаш әкесінен қалған тақияны Түркияда тұратын жалғыз қарындасы Мәстура апамызға беріпті. Ғұлама ақынның тер сіңген тақиясын басымызға киіп көріп, жақсы ырымға балаған едік. Ақыттың жиені Жафер Ұшар Ақыт атаның екі томдық шығармаларының жарыққа шығуына демеушілік жасап, игі істердің басында жүретіндігі де көңілге қуаныш сыйлады.

- Ақыт қажының тағдыры да, шығармашылығы да өте күрделі тұлға екені анық қой. Бұл тақырыпқа қалай келдіңіз? Кандидаттық диссертацияңыздың қорғалмай қалуына не себеп?

- 2004 жылы ұстазым академик Рымғали Нұрғали кандидаттық диссертация тақырыбымды «Ақыт Үлімжіұлының әдеби мұрасы» деп кафедра мәжілісінде бекітіп беріп еді. Уақыттың ыңғайына қарай диссертациялық жұмысым 2010 жылы ұстазым өмірден өткеннен кейін ЕҰУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасында ғылыми талқылаудан өтіп, қорғауға жіберілген болатын. Өкінішке қарай, елімізде ғылыми жұмыстарды қорғау жүйесіне енгізілген өзгерістерге байланысты барлық диссертациялық кеңестер жұмысын тоқтатып, жаңа жүйеге ауысқан шақта бұл еңбек қорғалмай қалған. Сондықтан, қолыңыздағы бұл кітапты ақыттануға қосқан үлесім, ата-жұртта қолға алған шаруамның бір парасы деп білерсіз.

Сонымен қатар Алматыдағы Ұлттық кітапхананың «Сирек кітаптар» қорына «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жеткізілген, 1897 жылы Қазанда «Университет» баспасынан шыққан «Жиһаншаһ» қиссасының факсимилесін қоса жарияладым. Сирек кітап – 24033.

- Қазақстанда бұл тақырыптардың бүгінге дейін айтылмай, ұлтты сақтап қалу жолында алып империялардың астында жүріп күрескен тұлғалардың зерттеліп танылмай, жазылмай келгендігіне не себеп?

- Қазақ көркем әдебиеті Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін кеңестік жүйенің тар шеңберінен шығып, еркіндік көкжиегіне кедергісіз самғауға қолы жетті. Өткеннің олқылықтарын толтырды. Мәселен, Кеңес Одағы кезінде қазақ әдебиеті деген ұғым тек Қазақстан аумағындағы әдебиетпен ғана шектеліп, оның қомақты, қабырғалы бір бөлшегі болып саналатын, яғни шетелдерде қалыптасып, дамып отырған әдебиетке аса назар аударыла бермеді, тіпті аударылмады. Соның салдарынан әдебиетіміздің үлкен бір бөлігі мүлдем ескерілмей келді. Көрсек те көз жұмдық. Ал сол әдебиет кімнің әдебиеті еді, солардың ішінде көзге түсіп, алыстан дараланып, шоқтықтанып көрінетіндері қайсы деген сұраққа бір деммен, әрине, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан және Түркия елдерінде тұратын қазақтарда туып, қалыптасып, дамып отырған қазақ әдебиеті деп айта аламыз. Әлбетте, олар әр елдердегі қазақтың әдеби-мәдени мұралары сол өздері құрамына еніп, қарамағында отырған елдердің, яғни билік жүргізуші, үстемдік етуші ірі, үлкен ұлттардың рухани мұрағаттарының құрамдас бөлшегі ретінде дамыды. Ал Кеңестер үкіметі болса, сырт елдердегі, әсіресе капиталистік дамудағы елдерге сенімсіздікпен қарап, мұндағы бүкіл халықты да өзіне жау етіп көрсетті. Соның салдарынан алыс-жақын шетелдердегі ұлт бөлшектеріндегі әдеби-мәдени мұрағаттардың барлығына секемшілдікпен қарап, шамасы жетсе, оларды өзінің байырғы тарихи отанымен байланыстырмауға тырысты. Сөйтіп, Қазақ елінен тысқары жерлерде отырған қазақ ирридентері болсын, қазақ диаспорасы болсын, қай-қайсысының небір ғұлама ақын, жазушылар шығармашылығы мен еңбектері ұлы арнасына қосылмай, бейтарап өмір кешіп, зерттеуден тыс қалды.

Бізге кедергісі мол, кермегі көп, кер заман келмеске кетіп, еліміз егемендік алғаннан кейін барып мүмкіндік туды. Бүгіндері шетелдердегі қазақтардың мәдени-әдеби мұрасын жан-жақты зерттеу мәселесі қарқынды екпінмен қолға алынуда. Өткен тарихымызға өз қалауымызбен ой жүгіртіп, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғыртып, ұлтымыздың арман-мүддесі, мақсат-мұратымен ұштасатын әділетті жолға түстік. Өткеннің көмескі көмбелерінің көздерін ашып, айтылмай келген ақиқаттарды жасқанбай, жатсынбай айтатын уақыт келді. Бұл алыс-жақын шетелдерде тұратын қандастарымыздың бай әдеби-мәдени мұрасын зерттеуге зор мүмкіндік тудырды. Әлемнің әр түкпіріндегі қазақтардың әдеби мұрасын қазақ әдебиетінің бір саласы ретінде қарастыруға қолымыз жетті.

Қазіргі қазақ әдебиетінің өзекті мәселелерінің бірі – өзінің тарихи отанынан тысқары жерде туып, қалыптасып, дамып отырған көркем әдебиеттің кешегісі мен бүгінін сарапқа салып, аңысын аңдап, даму үрдісін саралап, зерттеп, болашағын барлау, бүгінгісіне баға беру, оның басты өкілдерін айқындау. Сырт елдердегі қандастардың әдеби-мәдени мұраларын зерттеу тек көркем әдебиет мәселесі ғана емес, мемлекеттік мәні бар, маңызы зор, аса өзекті мәселе.

Сондай кесек тұлғаның бірі Ақыт Үлімжіұлы – қазақ тарихында көзі тірісінде бірнеше кітап шығарған адам. Ол – Абай, Шәкәрім деңгейіндегі ұлы ақын һәм ағартушы. Оның өмірі ақынның тарихи отаны Қазақстаннан тысқары жерде өтті. Бірақ ол қайда өмір сүрмесін, қазақтың мұңы мен мұқтажын жырлап, сөз етті. Қазақ халқының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі салт-дәстүрін, әдебиетін, мәдениетін, дінін, тарихы мен пәлсапасын, психологиясын зерттеуде Ақыт Үлімжіұлының еңбектерінің қосар үлесі мен маңызы аса зор болса керек. Ақын сол кезеңнің тарихи себептеріне байланысты Қытайдың Шынжаң өлкесі мен Моңғолияның Бай-Өлке аймағында алма-кезек өмір сүрді. Оның туындыларында осы екі аймақты мекен еткен қазақ халқының өмір тіршілігі, діл-діні, жай-күйі, болмыс-бітімі, салт-санасы, дүниетанымы көрініс тапқан.

- Өміріне нені мақсұт етті? Ақынның артына қалдырған соңғы сөз, аманаты қандай?

- Ғұлама Ақыт ақын өмірінің соңына дейін мешіт салдырып, бала оқытып, халқын ағартуға, ғылым-білім үйретуге арнайды. Ақынның осы аралықта жазған жырларының дені туған халқын береке-бірлікке, өнер-білімге, елін-жерін сүюге, адамгершілік қалыптарын бұзбауға, әдет-ғұрып, дәстүр-салтты ардақтауға, дінін құрметтеуге бағытталады.

Тұтас тұрып жұмыр бол,

Бытырап кетпе оң мен сол.

Түгел жүріп бет қойсаң,

Кезікпей ме табар жол, –

деп «Қалам, сия – көз жасы» толғауында айтқандай, өле-өлгенше елін, жұртын бірлікте болуға, бытырап, бөлініп кетпеуге, береке-бірлікті сақтауға, ондай болмағанда мына күштілер билеген заманда әркімге жем болып торғайдай тозып кететіндігін асқан көріпкелділікпен ескертіп отырады.

Ақыт Үлімжіұлын «Жасым шықты жетпіске, төрден көрге жақынмын» деп отырған шағында 1939 жылы 24 желтоқсан күні Көктоғайдағы Шың Шы Сай қолшоқпарлары өз үйінде ұстап, барлық кітап, қолжазбасын тәркілеп, өзін Үрімжі қаласындағы түрмеге апарып жабады. Жасы егде тартқан қарт ғұлама осы Үрімжі түрмесінің азабы мен қинауына төтеп бере алмаса керек. Ажал аранының алдында тұрып қажырлы ақын туған халқына өлеңмен ең соңғы сөзін жолдайды. Темір тордың ар жағындағы тас қапаста азап шегіп жатып халқын елдікке, бірлікке үндейді:

Айналсын елі­жұртым берекеге,

Бақ қонбайды алтыбас сұм желкеге.

Жұм болып бір отырса елі­жұртым,

Ала алмас қытайлар да келекеге, –

деп ақтық ақырғы сөзін жолдаған екен. Сондай-ақ халқына арнап берекелі бол, көршіңмен тату-тәтті отыр, әр нәрсені ойланып барып шешім шығар, ұрпақтарым зинақорлықтан аулақ болсын деп төрт түрлі өсиет қалдырған екен.

Ол Алладан берген туа біткен дарынын бірден ел игілігіне жұмсады. Өле-өлгенше сол сара, әділетті жолдан танбаған табанды қайраткер. Ол 1868 жылы Алтайдың күнгей бетінде туып, 1940 жылы «ұлт азаттық қозғалыстың идеологы» ретінде ұсталып, Қытайдың Үрімжі қаласының түрмесінде Гоминдаң жендеттерінің қолынан азаппен өлтірілді. Содан кейін оның артында қалған бүкіл мұрасына қарақшылық шабуыл жасалынып, тәркіленіп, жою әрекеті жүргізіледі. Алтай өлкесіндегі рухани қазынаның ұясы болған Ақыттың әйгілі Ақмешіті қиратылып, ондағы кітапхана түгелімен өртеледі. Солай болса да, оның атын алты алашқа таратқан өсиет жырлары, өміршең қисса-дастандары ауызша да, қолдан қолға көшіріліп, елден елге жетіп жазбаша да таралған. Соның нәтижесінде бүгінгі мұрагерлеріне, ұрпақтарына сарқылмайтын қайнар бұлақтай ұласты.

Осы күннен бастап ақын жалған дүниені тастап, мәңгілік ғұмыры бақиға көшеді. Ал оның сүйегін 1943 жылы шілдеде азаттық соғысы жүріп жатқан кезде қытайлардан қайтарып алады. Шәкүртідегі мешіті бар қыстауына әкеліп жерлейді.

Түрме жырларының түбін түсірген талантты ақын Таңжарық Жолдыұлы өзінің «Түрме халі» атты атақты толғауында сол қырқыншы жылдардың басындағы қазақтың басына түскен қайғылы, қасіретті тағдырын, елдің сорпа бетіне шығарларын қидай сыпырып әкетіп, топ-тобымен апарып жазықсыз жазалауын шынайы әрі өте-мөте нақтылықпен жырлады:

Қан ішіп қарға­құзғын қылмыңдайды,

Май тамып беттерінен жылмыңдайды.

Қаланың шет жағынан ұра қазып,

Апарып неше жерден қырғындайды.

Тұрғанда амалың не бағың азып,

Қоя алмай өлгендерді қолдан қазып, –

деп күңірене толғап келіп «Кетейін білгенімше атын жазып» деп түрмедегі қазақ арыстарын жеріне қарай жіктеп, тізбелей жөнеледі. Солардың ішінде «Алтайдан Шақаң, Мәңкей, Ақыт қажы, // Бұқат бейсі, Зия мен Халел тәйжі» деп жалғастырады. Сөйтіп қырғынды қырқыншы жылы осы алыптар арасында алғашқылардың бірі болып азапты аранға түскен Ақыт ақын болғанын паш етеді.

- Ақыт қажының ұстанымға беріктігін, ұлтты бодандықтың түнегінен алып шығуға талпынысын Алаш зиялыларымен байланыстырған екенсіз. Бұлай деуіңізге басқа қандай негіз бар?

- Ақыт – қазақтың байтақ аумағының шығыс аймағы қос империяның тартысына түскен, атамекен Алтай айдаһар мен аюдың азуына шайналған қанды заманда, ХІХ, ХХ ғасырлар тоғысында өмір сүрген ақын. XIX ғасырдың соңын ала елдегі отаршыл ахуалға наразылық білдіріп, жұрттың көкірек көзін ашуға талпынған, санасына сілкініс етуге әрекеттенген қазақтың ұлт зиялылары, сауатты молдалары насихат пен үндеудің құралы – қағаз, қаламға сүйенген. Қазақ даласында қағылған дабыл, «Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты» деген жолдардың жотасындағы жүк – Міржақыптардың жанайқайы. Ал сол кезеңдегі Алтай қазақтарының да азаншысына айналған Ақыттың:

Ұйқыдан көтер басыңды,

Өнерге көндір жасыңды.

Сенен басқа халықтың

Ұйқысы шайдай ашылды, –

деп зар қағуы да ақынның биік азаматтығын танытады.

Ақыт – басына іс түскенде де ата қонысынан жер аударып көшпей қоюының өзінде ұлттық идеяға беріктігі, ал жырларында шыншылдығы жатыр деп қарауға толық негіз бар.

Қай халықтың болсын дарынды, талантты туған ұлдары өзі туып-өскен ұлтының, өзі өмір сүрген кезеңінің саяси, мәдени, экономикалық және әлеуметтік жағдайынан тысқары тұра алмайды. Егер ол қаламгер болса, егер ол қас талант болса, онда ол, сол өзі өмір сүрген дәуірдің бет-бейнесін бедерлеп тасқа басып, өшпестей шегелеп кетеді. Бұл зиялыларға, зиялылыққа тән қасиет болса керек. Бірақ та халықтың әр тобының кәсібі мен нәсібіне қарай зиялылары болады. Қазір біздің ұғымда тек билік иелері, елдің тұтқасын ұстағандар немесе ақын-жазушылар ғана зиялы болу керек деген жаңсақ пікір бар. Бұл мүлдем дұрыс емес. Зиялы деп кәсіби білімі өте жоғары, ұлт-ұлысын жанындай сүйетін, иманына берік, тіл мен ділін ардақтайтын, сын сағатта, басына іс түскенде де елін-жерін сатпайтын, табанды адамды айтамыз. Осы өлшемге салғанда да біз Ақыт қажының нақ зиялы, алашшыл адам екеніне көзіміз жете түседі. Ақыт қажыны алашшыл һәм алашшыл идея жаршысы дегенде біз нені айтып, нені меңзеп отырмыз. Біз алашшыл дегенде ХХ ғасырдың басқы ширегіндегі қазақ жерінде пайда болған «Алашорда» өкілдері – қазақ халқының біртуар ұлдары Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы қатарлы көсемдердің салған жолы, көтерген идеясын қуаттаушы, солардың ізбасары деп отырғанымыз жоқ. Жалпы қазақтық, бірлік, біртұтастық идеясын насихаттап, соған халқын үндеп, соған өзінің көркем ойы мен кестелі тілін қалай пайдаланғаны тұрғысынан айтып отырмыз. Демек, алашшыл дегеніміз шын зиялылық болмақ. Осы тұрғыдан келгенде, аталған алаш көсемдерін Ақыт қажы білмесе де, оларды көрмесе де, ақыл-кеңес алмаса да солардың ой-арманымен астасатын идеялы өлең-жырларының аз емес екендігі қайран қалдырады. Бұл тақырып Ақыт шығармаларының өзегі, негізгі арқауы болған. Сондықтан да ол еш уақытта жалғандыққа бой алдырып, айналасындағы қоғамда болып жатқан оқиғаларды айналып өтпеген, дер кезінде, дәл уақытында қаз-қалпында, ақиқатты айналдырмай, көркем тілмен нақты жеткізіп көрсетіп отырған. Тіпті ол шындықты өлең-жырға қосып қана қоймай, жол көрсетіп, көсемдік танытады.

- Әңгімемізді қорыта келгенде шығарар түйініміз қандай болмақ?

- Тәуелсіздіктің шамшырағы қазақ әдебиетінің шетте қалған жауһарларын елімен қауыштыруға мүмкіндік тудырды. Көп уақыт бойы оқырман көңілінен тыс қалған Ақыт Үлімжіұлы мұрасы да әдебиетімізге келіп қосылған ерекше сүбелі үлес.

Ақыт Үлімжіұлы шығармаларының тақырыптық ерекшеліктері – шығыстық желіде жазылған діни-қиссалар, өлең-толғаулар, Абай үлгісімен жазылған 55 назым және ағартушылық бағыттағы толғаулардан тұрады. Ақын қай шығармасында болсын, қазақ халқының оянуына және бірлікке бастауына үгіттейді. Бодандық қамытын киген елінің ертеңі үшін алаңдап, одан шығар жалғыз жол оқу-білім деп түйіндейді. Діни-қиссалардың өзін халыққа білім-өнеге мақсатында жырлайды.

Ақыт – алаш идеясының жаршысы. Ақыт шығармаларын алаш идеясымен байланыстыруымыздың өзіндік сыры бар. Ақыт шығармаларының басым көпшілігі елдікке, бірлікке үндеу, ұйқыдағы халқын ояту секілді Алаш арыстарымен рухани тұрғыда үндес болды. Шетелде, Алтай мен Қобда бетінде күнелте жүріп, ХХ ғасырдың басындағы әдеби-мәдени үрдістердің тынысын дөп баса білген ақынның Алаш, Қазақ деп соққан жүрегінің лүпілі оның әрбір жырында көрініс тапты.

Ақыт ақынның тағдыры да, әлеуметтік көзқарасы да күрделі сом тұлға. Ол өз дәуірлестерінен оза шауып, өз заманының ойлау деңгейін тым биікке көтеріп кеткен ақын. Тарихты тұлғалар жасайды десек, Алтай өңірі мен Қобда бетіндегі қазақтар арасынан шыққан діни әрі әдеби ғұламаның еңбектері бір ғана емес, талай зерттеу еңбегінің арқауы болары хақ. Ақыт жырларындағы философиялық терең толғаулар, түйіндер әлі де болса зерттеуді қажет етеді. Алдағы жылдары да осы мақсатта ізденіс жүргіземіз. Қазіргі уақытта Ақыт ақынның тұлғалық энциклопедиясын дайындауды қолға алып, жинақтау-зерделеу жұмыстарын жасап жатырмыз. Осы ретте ҚР Мәдениет және Спорт министрлігіне бір ұсыныс айта кеткім келеді. Ертеден Дүниежүзі Қазақтар қауымдастығының жанынан «Атажұрт» баспасы жұмыс жасап келген. Қазір тоқтап қалды. Сыртта қалған әдеби жәдігерлерімізді, небір көркем шығарма үлгілерін атамекен оқырмандарымен қауыштырып келген баспаның ісін қайта жандандырса деген ниет, тілек!

- Қос бүйірден қысқан екі жақтың қысымына шыдай жүріп, ұлтына осыншалық адал қызмет етіп, ғасыр салып ұрпағымен қауышқан тауқыметті тағдыр иесін ойлап отырып көз алдыма Ақыт қажы бұлт астынан шыққан күндей боп елестеді...

Өнегелі тұлға жайлы берген мол дерегіңізге, көп жылғы зерттеген дүниеңізді «Әдебиет порталы» оқырмандарымен бөліскеніңізге көптен көп рахмет, Аға!

- Тәңір жар болсын, бауырым!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар