Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Быков пен Алексиевич...

09.10.2015 2348

Быков пен Алексиевич

Быков пен Алексиевич - adebiportal.kz


6fe04e3a99f700b3bdd508805db169ff.jpgVasil-Byikov.jpg

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының деректі проза жанрының майталманы, кәсіби журналист Светлана Алексиевике берілгені мені түрлі ойға қалдырды.

 

Бір жағынан әдебиет саласындағы әлемдегі ең жоғарғы марапаттың тұңғыш рет осы уақытқа дейін Швед академиясының назарынан тыс қалып келген беларусь ұлтының өкіліне берілгені үшін шын қуандым. Бұл жазушының біраз дүниелерімен таныс болғандықтан, оның азаматтық ұстанымына, принципшілдігіне үлкен құрметпен қараймын. Билік басындағы Лукашенкодан қаймықпай «Меніңше ол – жын соққан адам, оның істегендері сау кісінің қимыл-әрекеті емес. Дегенмен, екі түрлі ақиқат бар. Зиялы қауымның ақиқаты, біздің болашаққа бағытталған идеяларымыз бар, біз тәуелсіз әрі өркениетті Беларусты аңсаймыз. Және екінші бір ақиқат бар, ол – көпшіліктің ақиқаты. Ауылдағы жұрт үшін бостандық дегеніміз – бір тал шұжық. Лукашенко оларды түсінеді. Ол – саяси хайуан. Ол сол халықтың дегенін істейді» деп шындықты батыл айтудан қорықпаған өжет мінезін де жоғары бағалаймын. Дей тұрсақ та, Светлана Алексиевичке Нобель сыйлығын беруді ұйғарған Швед Академиясының оны осыдан он жыл бұрын беларусь жазушысы Василь Быковқа не себептен бермей қойғаны маған мүлде түсініксіз. Шындыққа жүгінетін болсақ, Василь Быков суреткерлік шеберлігі жағынан да, жазушылық таланты жағынан да, шығармашылығының тереңдігі жағынан да Светлана Алексиевичтен анағұрлым биік тұрған қаламгер. Суреткердің таланты мойындалып, оған КСРО аумағындағы ең жоғарғы марапат Лениндік сыйлық берілгенімен, ымыраға көнбеген Быковтың прозасы сыншылардың қаһарына ілігіп, жазушыға советтік ауызбіршілікке нұқсан келтірді деген жала жабылған болатын. Тоқсаныншы жылдардың ортасында мемлекеттік басылымдарда жазушыға қарсы шабуылдар күшейіп, оның жаңа туындыларының жарық көруіне тиым салынды. Бұл жағдай жазушының денсаулығына да қатты әсерін тигізіп, ол Отанын тастап шет елге кетуге мәжбүр болды. Бірнеше жыл бойы шет елде тұрды. 2002 жылдан бастап Василь Быков тұрақты өмір сүру үшін Чехияға көшті. Жазушының Чехияға қоныс аударуына чехиялық президенттің канцеляриясы мен Вацлев Гавелдің өзі тікелей ат салысты. Денсаулығы жылдан жылға нашарлап, ауыр ота жасатқан Василь Быков сауығу үшін өмірінің соңында еліне оралып, ауруханада дүние салды. Міне, осындай үлкен жүректі, таланты таудай жазушыны Швед Академиясының елемей қойғаны маған мүлде түсініксіз. Шындығында осы сыйлықты алуға нағыз лайық жазушылардың бірі - тап осы Василь Быков еді. 


Амангелді Кеңшілікұлы, фейсбуктағы жеке парақшасынан алынған


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар