Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Бір мақалдың мәні: Тай – атқа, ат мұратқа жеткізер...

15.03.2019 10339

Бір мақалдың мәні: Тай – атқа, ат мұратқа жеткізер 12+

Бір мақалдың мәні: Тай – атқа, ат мұратқа жеткізер - adebiportal.kz

Қазақта жылқыға байланысты жүздеген, тіпті мыңдаған мақал-мәтел, аңыз-әпсана, таным-түсінік бар. Қазақтың өмірін жылқысыз елестету мүмкін емес! Ежелгі гректер Арғықазақтарды атпен бірге астастыра көріп, «Кентавр» атандырып жіберген. Ал белгілі жазушы Асқар Сүлейменов «Басқа халық маймылдан жаралса, жаралған шығар, ал дәл біздің қазақ жылқыдан жаралған» деген екен. Әрине бұлар адам санасының қиялы, алайда ақиқаттан алшақ емес. Өйткені қазақ пен жылқының қаны бір болмаса да, жаны бір екенін қатпары көп қарт тарих өзі дәлелдеген.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты», - дей келе, жылқының көшпенділер мәдениетіндегі, жалпы әлем өркениетіндегі алар орнын ерекше атап өтті.

ҰҚСАС МАТЕРИАЛДАР: Асылбек Байтанұлы. Қазаншының еркі бар...

Жоғарыда айтқанымыздай, қазақта жылқыға қатысты мақал-мәтел ұшан-теңіз. Солардың бірі – «Тай атқа, ат мұратқа жеткізеді» деген аталы сөз. Көшпелі халықта ұл бала 5-6 жасқа толған соң, әкесі оған бәсіре тайын атап, «ашамайға мінгізеді». Міне, осылайша жас бала ең алғаш тайға мініп, үлкен өмірге араласады. Келешекте атқа қонып, ел басқаратын азамат болсын деген сенімнен туған салт бұл. Кішкентай бүлдіршіннің тұңғыш рет ат жалын тартып мінуінің өзін осындай сән-салтанатқа айналдырып, үлкен мән-мағына бере білген халықтың адамзат тарихында да ең алғашқы болып жылқыны қолға үйреткенін ғалымдар зерттеп, дәлелдеп берді.

ҰҚСАС МАТЕРИАЛДАР: Елге бай құт емес, би құт

Жалпы, атқа міну деген – қазақ үшін қасиетті, қастерлі ұғым екені ықылым замандардан белгілі ғой. Есте жоқ ескі энеолит дәуірінде атқа қонған көшпенділер ғасырлар бойы дүниені дүр сілкіндіріп, жауларын қан қақсатып, жарты әлемді жалпағынан басты емес пе? Сол ұлы дүбірдің жаңғырығы, ұлы империялардың заңды мұрагері ретінде қазақ халқы да ұлы даланы тұлпар тұяғымен дүрсілдетіп өмір сүрді, тарих толқынымен ХХ ғасырға да аттың жалында, түйенің қомында жетті. Алайда қулығына құрық бойламаған қитұрқы қызыл үкімет «қазақтың рухын сындыру үшін оны аттан аудару керектігін» жақсы білді: үйір-үйір жылқы айдаған қазақты жазықсыздан-жазықсыз итжеккенге айдап, малын кәмпескеледі, бас көтергендерді аяусыз қырды. Аттан түсіп көрмеген өр қазақ айналдырған он жылдың ішінде жүгенін ұстап, ер-тоқымын арқалап, жаяу қалды. Осыдан кейін-ақ жаяу көшпендінің рухын сындыру да, мысын басу да, сесін қайтару да еш қиындық туғызбады.

Құдайға шүкір, тәуелсіздік алғалы тұлпар мініп, ту ұстап, атойлап әлем аренасына шықпасақ та, тіпті ат жалын тартып мінбесек те, ашамайға отырып, тай тізгінін қолымызға алдық деп селт етпес сеніммен айта аламыз. Енді осы тайымыз атқа жеткізуін тілеп, ақырын ғана желіп келе жатқан жәйіміз бар. Алла қалап атқа қонсақ, аласталған рухымыз асқақтап, ардақтаған арманымыз орындалып, мұнартқан мұратымызға жететінімізге еш шүбә жоқ!

Әбу-Асқар Мекешұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар