Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
«Біржан-Сара», «Макбет» және «Түсіпхан»...

12.06.2022 9511

«Біржан-Сара», «Макбет» және «Түсіпхан» 12+

«Біржан-Сара», «Макбет» және «Түсіпхан» - adebiportal.kz

«Біржан-Сара» операсын көру – мен үшін ғажап мәдени таңданыс болды. Бұл сезім операны алғаш көруіме де қатысты болса керек. Барынша шынайы әрі көркем жасақталған алып сахнада 60-70-ке жуық актердің бір жолда өнер көрсетуі, тура сондай көлемдегі адамнан құрам тапқан оркестрдың жанды ойыны – көрерменді биік өнердің сұлу ләззатына бөлей түседі. Алып сахнадағы көшпелі таулар, биік кесене, 12 қанат ақорда – сол заман тынысын беріп, өрнегін айшықтай түседі. Бірақ ойымнан шықпай қойғаны – осы шығарманың Әріп жазған «Біржан-Сара айтысы» дастанын негіз еткендігі, ал Әріптің бұны жазуына Абайдың жай ғана бір сын сөзінің себепші болғаны еді. Сол Абай айтқан жалғыз сөз түбі айналып келіп осынша деңгейдегі биік өнерге айналғаны адамды таңдандырмай қоймайды.

Әріп Тәңірбергенұлы Абайдың айналасына топталған көп жас таланттың бірі еді. Әріп жайлы толық мағлұматты бізге Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың ақын шәкірттері» атты көлемді еңбегінің үшінші томы бере алады. Әріп руы найман, Cыбан ішінен шыққан, жасынан өлеңге ынталы жігіт екен. Оны Абай айналасына қосқан замандастары Көкбай мен ақын Әсет болса керек. Әріп Семейдегі училищеге 1877 жылы түсіпті, ал Көкбай 1878 жылы келіпті. Сол жерде оқып жүргенде екеуі шағын айтыс жасапты. Сонда Көкбайдың Әріпке: «...Абайдан сабақ алып, арқа сүйе, Найманнан бір асарсың болса бағың...», – дегені бар екен. Осындай оқуда жүргенде: «Семейге Абай келсе, бізде думан, Ән салып босамаймыз айғай-шудан», – деп Көкбай айтқандай Семейдегі ынталы жастың бәрі Абай маңына жиналатын болса керек. Сол жиындардың бірінде Абайға іні, шәкірт боп қосылған көп жастың бірі осы Әріп екен.

Әріптің «Біржан-Сара» айтысын қалай, неге жазғаны туралы да жоғарыдағы кітапта жақсы баяндалған. Абай өз айналасындағы жастарға тапсырма беріп, өлең, қисса жаздырып отыратын әдеті болған. Сондайдың бірінде Әріп «Зияда-Шаһмұрат» деген қисса жазады, қиссада Хорлы, Ғайын деген екі қызды суреттегенде:

«Екі қыз Хорлы, Ғайын жұпар шашты...

... Ақ маңдай, қас – зүбаржан, көзі – гауһар...

... Інжуден отыз тісі, еріні – лағыл,

Ақ тамақ, алтын иек мойындары», – деген секілді орынды-орынсыз асыл тастарды тізе береді. Әріптің осы қиссасын, Көкбайдың Әзірет Әлі туралы қиссасын және Шәкәрімнің кәрілікті сынаған өлеңін Абай сынайды. Оны өлеңмен айтып, өңменінен өткізсе керек. Өлең баршаңызға мәлім:

«Сөз айттым Әзірет Әлі айдаһарсыз,

Мұнда жоқ, «алтын иек сары ала қыз».

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз», – деген жолдар болатын.

Осы бір шумақтың өзі жастарға қарсы келер дат айтқызбастай тұқыртқаны анық. Әрине, мұндайда әр адамның сын қабылдай білу қабылеті әртүрлі екені анық. Көкбай іштей ренжігенімен қабыл көргені естелігінен байқалады, ал Шәкәрімдікі өз алдына бөлек философия. Тек Әріп бұл сынға қатты ренжіген екен. Бұған себеп – жастар өзара айтысып, қалжыңдасқанда руларын жиі айтып, руымен қоса сынайтынға ұқсайды. Оны Әріптің Әсетпен, Көкбаймен айтыстарынан аңғаруға болады. Екінші жағынан ол заманда айтысқа шыққан екі ақын көбіне екі рудың атынан сөйлейтін дағды бар болатын. Әріп өзі қалың тобықтының ішінде жүрген найман жігіт, әзіл сөз бірде болмаса бірде ішіне түсіп кетуі ғажап емес. Анау-мынау емес Абайдың сынағаны бұған одан әрі соққы болғанға ұқсайды, сөйтіп руы басқа Біржанды арғын етіп, оны найман ақыны Сарамен айтыстырып, өзіне тиісе беретін жастар мен Абайға өзінше осылай жауап беріпті. Әрине, Сара Тастанбекқызы Жетісулық ақын екені, онымен Әріптің таныстығы, достығы – бәрі де бөлек әңгіме, біз бұл жерде тек «Біржан-Сара айтысының» жазылу тарихын шынайы деректер негізінде ғана қысқаша айтып отырмыз, оны дәлелдеу немесе теріске шығару біздің жұмыс емес, бұл туралы қаншама мақала жазылған, айтыс-тартыс та болған. Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов бұл даудың егжей-тегжейін түгел теріп, нүктесін қойыпты.

Жоғарыда Әріп Абайға айтқысы келгенін осы дастанға жасырған дедік. Енді соған келейік. «Біржан-Сара айтысы» дастан формасында жазылған, онда тек екі ақынның айтыс өлеңдері ғана емес, кейіпкерлердің іс-қимылын суреттеу мен баяндаулар да аз емес. Біржан мен Сара – Әріп үшін бұл жерде тек өзіне ыңғайлы екі кейіпкер ғана болған. Шын өмірде олардың жас алшақтығы да шығармадағыдан әлдеқайда үлкен болған, шығарманың мақсаты үшін Біржанның руын да өзгертіп, керей емес арғын деп алады. Сараның аузымен найман ішінде Сыбан руынан шыққан бек, батыр, билерді түгел мақтатып, арғынның жақсысын жамандатады. Дастанда Абайға қатысты Сараның ауызымен:

Антұрған аты құрсын Абай деген,

Жылатқан мұсылманды талай неден.

Абайың жұрттан асқан жақсы болса,

Қасқырдай өз күшігін қалай жеген? – деп түйреп өтеді.

Бұнысы Тобықты, Жігітек ішінен Базаралы бастаған 17 адамды Итжеккенге айдатып жібергенін айтқаны болса керек. Айтыстағы осы сөзі үшін Әріп кейін өкінген де секілді. Бірақ ел-жұртқа түгел тарап кеткен шығарма енді өзінікі емес те еді.

Әріптің қаламынан туындаған ғажап дастан операға дейін де сахналанған. 1915 жылы 13 ақпанда Семейде болған Абайдың туғанына 70 жыл толуына арналған кеште бұны спектакль етіп қойған көрінеді. Дастанды сахнаға икемдеп, әрі Біржан салдың рөлін ойнаған Жүсіпбек Аймауытов болыпты. Сараның рөлін Тұрар Қозыбағарова деген әнші қыз сомдапты. Бұл спектакль туралы Мұстақым Малдыбаев «Қазақша бастапқы ойын» деген тақырыппен «Айқап» журналында толық репортаж жазған. «Қазақ» газетінде де осы кеш туралы мақала басылған. Мұстақым Малдыбаев мақаласында осы қойылымды аса жоғары бағалап, тамсана суреттейді.

«...Сценаның төріне қазақ салтынша масаты кілемдер төселіп, оюлы отаушатыр құрылған. Залдың бір жағынан қолында үкілі домбырасы, торғын шапанды, ақ камзолды, орта бойлы, дөңгелек кішкене қара сақалды, кəмшат бөріктің шоқпардай үкісін бұлғақтатып айқай сала əн шырқап Біржан шықты. Біржанның қасында салдарша киінген бес жолдасы тұрды.

Бұл үйде Сара бар ма шықсын бері,

Іздеген келіп түрмын Біржан сері.

Жолықпай сөзі өктемге жүрген шығар,

Үйінде Тұрысбектің өлген жері, – деп шырқаған Біржан дауысын естіп, қасында жеті-сегіз қызы бар, бұрала басып былқылдап Сара шықты. Үстінде оқалы қызыл камзол, атлас шапанын иығына жамылып, бүтін дүниені бір тырнағына теңгермей келе жатқан сері қыз – Сара екенін көрген жерде-ақ əркім білді», – деп суреттейді қойылымның басталу сәтін.

Мақалада сонымен қатар Тұрар Қозыбағарованың әншілігіне көрерменнің қатты тамсанғанын жазады. Қойылымның Әріп жазған «Біржан-Сара айтысынан» сахнаға ыңғайланып алынғанын, және негізінен айтыс формасында өткенін есептесек, бұл жерде де музыкалық бояуы басым болғаны көрінеді. Дастанның осылай сахналануы да белгілі деңгейде кейінгі опералық формасына жол ашқан болуы әбден мүмкін. Бұлай дейтініміз операның либреттосын жазған Қажым Жұмалиев әдебиет тарихын, фальклорды зерттеген ғалым, оған «Біржан-Сара айтысын» Әріп жазғаны және дастанның одан кейінгі сахналануы да белгілі болса керек. Дастанды сахналаған алаш зиялылары шетінен қудаланып, аттарын атау да мүмкін болмай жатқан сол заманда олардың аяқталмай қалған бір ісін жалғап, іштей естелік ету мұраты болған да шығар? Бұл әрине өз қиялымыз, қалай дегенмен Қажым жазған мәтін Мұқан Төлебаевқа қатты ұнайды, сөйтіп бүгінгі бүкіл әлем көрермендеріне әлі күнге дейін ұялмай ұсына алатын «Біржан-Сара» операсы өмірге келеді. Мінеки операның дүниеге келгеніне 76 жыл болыпты.

Операның мазмұны мен сюжетіне назар салсақ, әуелде Әріп жазған дастаннан мүлде басқа бір бағытқа жол алып, жаңаша тыныс тапқан. Бірақ тұтас алғашқы дастан, кейінгі Жүсіпбек жасаған спектакль, бүгінгі біз көріп жүрген операда ортақ бір мазмұн бар, ол – әйел теңдігі. Дастанда бұл тақырып соңғы түйін, тілек ретінде және Біржанның Сараны жеңуіне себеп ретінде алынса, спектакльде негізгі мазмұнға өтеді. Ал операға келгенде шығарманың басты мотивіне айналады. Операда «ескі қазақ қоғамының қатал заңы», «кедей таптың болыс, билерден көрген зардабы» деген секілді советтік социалистік идеялогияның бояуы да молынан жағылған. Дегенмен, операның тұла бойының сұлулығы, бастан-аяқ адамды ұстап отыратын драмалық тартыс пен «құлақтан кіріп бойды алар» әсем әуен мұны ұмыттырып та жібереді. Ең бастысы операның қазақтың ән өнері мен киім және тұрмыстық мәдениетін аса жоғары деңгейде көрсете алатыны көңілді толқытпай қоймайды.

Жоғарыда біз атап өткен Қайым Мұхаметхановтың «Абайдың ақын шәкірттері» кітабында ғалым Әріптің Сараға ғашық болғаны туралы да бірқанша деректер келтіреді. Ал дастанның өзінде Сараның да, Біржанның да ауызынан шыққан сөздер сол нәзік сезімнің қылаудай болса да ұшқынын аңғартып өтетін тұстары бар. Мысалы:

Сара:

Адамға жол бермеген есіл тілім,

Күн өтпей қурап ұшқан қызыл гүлім.

Сіздерден ұялғаннан үндемеуші ем,

Есекке қосақтаулы өтті-ау күнім.

Өзі білер деуші едім жақсылардың,

Ақыры қайғы болды енді мұным.

Алтайдың саңлағымен сөйлессем де,

Жоқ екен жүйрік иттей өлсем құным,

Сіздерге сенетұғын сорлы басым,

Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім, – десе, Біржан:

Есімбек, боққа сатпа асылыңды,

Сыйлай көр, қыз да болса нәсіліңді.

... ...

Тұрысбек, Есімбек пен сау тұр, Маман,

Таянды қайтар уақытым елге таман.

... ...

Сараны Жиенқұлға бере көрме,

Қыз түгіл ер құнына келер шамаң.

Бар болса сүйегінде ойларсыңдар,

«Өлі тілін тірі алмас» деген заман, – дейді.

Бұл екі өлеңді жазып отырған да Әріп. Ол Сараның өзі болып, теңіме қолым жетпеді деп мұңайса, Біржан боп мақтап, жаны ашиды. Мүмкін осы дастанымен Сараның тағдырын қорғағысы келген де шығар, алай да бұл жағы бізге мәлім емес. Дастанның тұла бойында мұндай сөздер өте көп кездеседі, және сондай биік көркемдікпен, эпостық арынмен өте әдемі жазылған. Сондықтан бұл дастанды әуелі махаббат мұратынан өмірге келген десек те қиыс кетпейміз, ал опера тұтастай махаббат жырына айналады.

***

«Біржан-Сара айтысының» жазылу тарихын оқи жүріп, америкалық режиссер Джоэл Коэнның «Макбет трагедиясы» фильмін көріп тағы бір тамсандым. Бұрын-соңды інісі Итан Коэннан бөлініп көрмеген, отыз жылдан бері кино әлемінде қатар түрен салып келе жатқан ол осы жолы жанына тек Шекспирді ғана алып, дара шауыпты. Тек ақ-қара түстерден ғана тұратын, бұрын өзім кинодан байқамаған тікбұрыштан көрі квадратқа жақын экранда жан жадырап, қиял шарықтатарлық ғажайып картиналар бірінен кейін бірі ауысты. Ақбоз тұман арасынан не қақ жарып әлдебір кейіпкер келе жатады, не сәл сейіліп барып қарға қарқылдайды. Тек түзу тік сызықтардан ғана тұратын гипер қабырғалар, төбесі көрінбейтін алып сарай, артықша эмоция көрсетпей, мәтін оқып тұрғандай ғана қылық көрсетіп жүрген актерлердің ойыны, бәрі де – өзгеше бір сұлу сезім сыйлайды. Аңыз бен ақиқатты, мистика мен реалды араластыра қабыстырып жіберген көркем фильм мені «түпнұсқа қалай болды екен?» деген ойға қарай жетеледі.

Фильм мәтіні 100 пайыз дерлік Шекспирден алыныпты. Соғыстан жеңіспен қайтып келе жатқан Макбет пен Банко жолда жын, әлде періге ұшырасады. Жын Макбетті «Квадор таны және болашақ Шотланд королі» деп атайды, ал «Макбеттен көрі бақытсыз һәм бақытты» Банконы «Болашақ Шотланд корольдерінің атасы» деп сәуегейлік айтады. Бұған басында Макбет пен Банко қатты мән бермегендей болады. Бірақ бұлар шатырға қайтып келгенде Макбетке «Квадор таны» атағы берілгенін естиді. Сөйтіп Макбеттің көкейіне у түседі, егер анау жадігөйлер бұны «Квадор таны» деп болжағаны дәл келген болса, патша дегені неге келмесін, деген ой мазалайды. Сосын бұл ойын әйеліне хат қып жазады. Әйелі Макбеттің патша болатынына сенеді және мұны тек қазіргі корольдің көзін жою арқылы ғана жетуге болатынын айтады, айта-айта көндіреді. Ақыры патшаларын өлтіріп орнына отырады, одан әрі үрей билеген мазасыз өмір. Енді, «Мен патша болдым, яғни жынның айтқаны келді, енді Банко менен кейінгі патшалардың атасы болса, онда менің ұрпағым тақсыз қалатыны ғой», – деп қорыққан Макбет Банко мен оның ұлын да өлтіртпекші болады. Бірақ Банко өлтіріледі де, ұлы аман қалады. Өлген король Дунканның ұлы Англияға қашып кетеді. Осыдан кейін Макбеттің тағы да мазасы қашып, баяғы сәуегей жындарды іздейді, «енді не болады, айтыңдар!» – дейді. Сонда қарға бейнесіндегі жындар келіп: «сен тақта Бирнам орманы көшкенше отырасың», – дейді. «Орман көше ме екен?» – бұған Макбет қуанып қалса керек. Ал кейін Дунканның ұлы әке кегін қуып келгенде, әскерлеріне «орманнан бір-бір кесіп, өздеріңді жасырыңдар», – дейді. Бұл қалың әскер бір-бір ағаштан кесіп алып, алға жылжығанда Бирнам орманы шынымен көшіп келе жатқандай көрінеді. Сонда Макбетке хабаршы келіп: «Бирнам орманы көшіп келе жатыр», – дейді. Сөйтіп әскер қорғанды алып, қолбасы Макдуф Макбетті өлтіріп, басын алады да, Дунканның ұлы Малькольм заңды тағына отырады. Пьесадағы сюжет те, мәтін де осы екен.

1603 жылы Елизавета I-дің өлімімен Британ корольдік тағындағы Тюдор әулетінің мұрагерлігі ақырласады да, орнына Стюарттар әулетінен Шотланд королі Яков I келеді. 1605 жылы театрлардың бірінде корльдің атына кір келтіретін пьеса қойылғанға ұқсайды. Оған жауап ретінде, Шекспир Стюарттар әулетінің ата-тегі боп есептелетін Банконы қатыстырған «Макбет» пьесасын жазады. Пьесада Банко да Макбет сынды батыр, бірақ ардан безбейді, басты кейіпкер болмаса да көрермен үшін жағымды симпатиямен есте қалады. Оның үстіне ол да Макбеттің қолынан қаза тапқан құрбан және қарға бейнесіндегі жындар арқылы оның ұрпағының патша болатыны аян етілген. Яғни, осында досын сатқан Макбеттің трагедиясын әңгімелей отырып, болашақ корольдер әулетінің билігін заңды етіп көрермен көкейіне бекітіп береді. Өте нәзік рөл атқарып тұрған қосымша кейіпкер Британ королінің атақ-даңқын осылай қорғап қалғанға ұқсайды.

Ал, шын тарихқа келетін болсақ, орта ғасырдың қай билеушісі болмасын қансыз, қырғынсыз өтпеген. Дункан шындығында өзінің аталас бауырымен жауласып жүріп соғыста өлген екен, Макбет оның өлімінен кейін таққа келеді. 17 жыл ел билейді, әрине періште болмаған. Макбет Дунканның ұлы Малькольммен соғыста өледі, оның мұрагері ретінде өгей ұлы Лулах таққа отырады. Лулах – ақымақ, надан адам болыпты, бір қыс қана ел билеп көктемінде кісі қолынан өліп, сонан соң ғана таққа Малькольм III отырады. Ал Банко осының ішінде үлкен тарихи рөл атқара қоймаған адамның бірі. Шекспир Банконы Рафаэл Холиншед «Жылнамасынан» алады, жылнамада Банко Дунканды өлтірген кездегі Макбеттің серіктесі ретінде көрсетіледі. Шекспир оны бұл лағнеттен алып шығып, Макбеттің құрбаны қатарына қосады. Сөйтіп қуатты қалам шын тарихты мүлде бөлек көркем өнерге айналдырады.

Ол өнер міне 400 жыл өтсе де билік табиғатын ең терең суреттеген ұлы шығарма ретінде маңызын жоймай, әлі өмір сүріп келеді. Әлемдік киносыншылардың пікірінше, Джоэл Коэнның «Макбет трагедиясы» – осыған дейін экрандалған барлық нұсқасынан үздік деседі. Біздің мақсат пьесаны, не киноны толықтай талдау болмағандықтан, осындай ғана шағын ақпаратпен тоқтаймыз.

***

Сөз соңында тағы да Абай маңына оралайық. Бала кезімде, қолыма Қытайда төте жазумен шыққан Әсет ақынның екі томдық шығармалар жинағы тиді. Өзім де оқи жүріп, шай үстінде, не үйде отырғанда әжеме де кітаптағы қисса, дастандарды оқып беремін. Бір күні «Түсіпхан» деген дастанның атауын ғана айтып едім, әжем:

«Ғаламда алуан-алуан жан жаралған,

Опасыз кімнен қалмас мына жалған.

Жамағат, құлақ салып тыңдасаңыз,

Азырақ сөз қозғайын Түсіпханнан», – деп өзі алғашқы бір шумағын жатқа оқып жіберді де, «Түсіпхан деген Абайдың досы екен, өзі бай, өзі ер болған екен», – деп ары қарай қиссада айтылатын оқиғаларды айтып кетті. Өзім бұған дейін де Абайдың айналасына қатысты естеліктерді оқып жүретінмін, бірақ Түсіпхан есімін мүлде естіп көрмеген екенмін. Кейін студент шақта жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбайын» оқудың реті келді. Сол кітапта осы Түсіпхан туралы нақты ақпаратты кездестірдім.

Абай ауылында Қарқаралы жақтан ауып келген, не жақын туысы жоқ, өзі соқа басы ғана бар, аяқ-қолы быртық, ру жағынан Абайға нағашы болып келетін Түсіпхан деген момын, бейшара адам болыпты. Бір күні Абай шәкірттерімен дөң басында отырса, етек жақта домалаңдап сол Түсіпхан келе жатыпты, сонда Абай: «Шіркін-ай, мына Түсіпхан да өмір сүрдім дейді-ау. Қатын-бала, артында қалар қайратты әрекеті, ұшқыр сөзі жоқ. Ақындықтарыңа, адамгершіліктеріңе сын болсын. Осы Түсіпханды мәңгілік есте сақтап, ұмыттырмайтын естелік қалдырыңдаршы», – депті. Сонда Мағауия мен Көкбайдың шығарған өлеңі Абайға ұнамапты. Абай шәкірттерінің бірі, тобықтының арасындағы аз ағайын торғайдың ішіндегі Бейсенбай ақын осы дастанды шығарады. Бұны Абайға оқып бергенде: «Бейшараның аты енді өшпейді. Өзі көрмеген қызықты, жар ләззатын кіргізіп жан азабын, арманда кеткен ғұмырын әсерлі жырлапсың», – деген екен. Абайың болжағаны келіп, бұл қысса ел ішіне тез тарап, біраз жылдар өткенде авторының өзін әркім әр түрлі атап, ал оқиғаны өмірде болған дегенге дейін жеткізіп жібереді. Бұл, әрине сұлу сөздің, биік өнердің қасиеті, болмағанды болғандай етті.

Аталған қиссаның нақты кімдікі екені туралы әлі де таластар бар көрінеді. Бірақ дастандағы оқиғаларың, Жамал сұлудың, Абайдың досы болған, 14 ләпкесі бар бай Түсіпханның өмірде болмағаны – анық дүние. Сондықтан ғалым Тұрсын Жұртбайдың естелігі қисынға өте жақын. Ал Бейсенбай ақынның өзіне келер болсақ, Абайдың жанында жүрген шәкірттерінің бірі болғаны анық, 1917 жылы қайтыс болған, осы «Түсіпхан» дастанынан басқа жолдастарына айтыпты деген бір-екі әзіл өлеңі ғана сақталған. Бұдан бөлек, «Қозы-Көрпеш-Баян Сұлу» жырын Абайдың тапсырмасымен қайта жазған деген дерек те бар. Ол жырда Қозыны өлтірмей, аман-есен Баянға қосыпты. Өз басым бала кезде бұл нұсқаны да оқыған едім, шамасы бұл сөз рас болса, мен оқыған нұсқа Бейсенбай жырлаған нұсқа болғаны. Бейсенбай туралы бізде бар ақпарат осы.

«Түсіпхан» дастаны 2004 жылы «Жетінші қазына» атты ұжымдық жинаққа да еніпті. Дастанның алғы сөзінде жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай осы оқиғаны айта келіп:

«Дастанда Түсіпхан он төрт жерге ләкпе салдырған, төрт әйелі бар, қазынасына есеп жетпейтін атақты мырза, көпес. Өзі келбетті, төрт мүшесі түгел, көрген кісі сүйсінерліктей адам. Ал өмірдегі Түсіпхан мүлдем басқа. Аяқ-қолы мыртық, аяқтары теріс біткен, жарлы, әр ауылды аралап күнелтіп өмір өткізген, тұрақты мекені болмаған. Оның осындай өмірлік өксіктерін Бейсенбай ақын софылық дәстүрмен астарлап жеткізген. Дастандағы қанша көпес болса да: «топыраққа өкшемнің ізі түзу түспеді», – дегенде аяғының теріс біткенін», «жамал сұлуға үйлендім бейнесі ғайып» дегенде – дидары ғайып сұлуға (арабша – жамал) қолы жетпегенін, өлгеннен кейін естіртуге туыс таппауы, Түсіпханның елі мен жерін Құнанбай мен Абайдың қатар іздеуі – Түсіпханның тұрақты елінің жоқтығын мегзейді.» – депті. Ғалымның осы пікірінің өзі-ақ әрі шығарманы Бейсенбай ақын жазғанына дәлел болса, әрі дастанның көркемдік болмысына жасалған талдау сипатты дүние.

Бұл үш түрлі шығарманы қатар алған себебіміз – осы үшеуінің де ортақ бір нәрсесі барай сезілді. Ол – шамасы көркем шынықтың өмір шындығынан әлде қайда қуатты шығуы болар. Біржан мен Сара айтыспаса да айтысты, және қалай айтысты! Макбет Дункан мен Банконы өлтірген жоқ, бірақ өлтірді, есесіне адамзат құрып жоғалғанша ұмытпастай болды. Ал Түсіпханның өзі өмірде болған-болмағаны да белгісіз біреу еді, енді қазақ құрымай, Абайдың аты ұмытылмай ұмытылмас адамға айналды. Тіріні өлтірген өнер, өліні тірілткен өнер, жоқты бар қылған, барды жоқ қылған – өнер! Ендеше, өнер де құдай болғаны ғой?..

Мүмкін, осыны айтқымыз келген шығар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар