Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

16.05.2017 6996

Чеховтың үйі

Чеховтың үйі - adebiportal.kz

Жазушының музейіне дейін...

Ясная Полянаға жолымыз түсіп, Толстойдың үйін аралап жүргенде қабырғада ілулі тұрған үй иесі мен Чеховтың суретіне көзім түсті. Сол сәтте Мәскеуде тұрып жатқаныма біраз уақыт болса да, Чеховтың үйіне бармағаныма ұялдым.

...Бірде Толстой үйіне келген Чеховқа жазып жатқан жаңа романы «Арылудан» үзінді оқып береді. Ақиқатты іздеген Толстойдың суреткерлік шеберлігіне сүйсінген Чехов «Маслова жасаған қылмысқа екі жыл жаза кескеніңіз қалай?» дейді таңданып. Толстой Чеховтың пікірімен келісіп, кейіпкерін «түрмеде төрт жыл отырғызады».

«Чеховтың үйіне ертең барайыншы» деп ойладым. Арада апта өтті, ай өтті, Чеховтың үйіне барғаным жоқ. Сабақ, жұмыс, қарбалас тірлік... жо-жоқ, мойындайыншы, жалқаулығымнан кейінге ысыра бердім. Бір күні құрбым «Современник» театрына «Три сестры» спектакліне билет сыйлады. Бұл – Антон Чеховтың ең танымал пьесаларының бірі. «Современниктің» репертуарында біраз уақыттан бері жүріп жатқан пьесаның көрермені көп, себебі бұл Ресейдің ең әйгілі театры. 6000-9000 мың теңгеге билет сатып алған көрермендер спектакльді балконда отырып тамашалайды. Сол кезде Ресейде сағат ауысып, одан хабарсыз мен театрға бір жарым сағат бұрын келіп алыппын. Орта жастағы әйел «Артық билетіңіз жоқ па, сатпайсыз ба?» деп сұрады. «Жоқ, кассадан сұрасаңызшы» дедім. «Кассада билет қалып па?» деп солай қарай бет алған әйел әлден соң қуанып келді. Әйел он бес мың теңгеге билет сатып алыпты. «Билет қалмай қалған шығар» деп қорқып едім деп қояды. Әйел қаладағы бір гимназияда мұғалім екен.

Спектальден шыққасын «Ертең Чеховтың үйіне барам» деп өзіме уәде бердім. Тағы да жазушының үйіне баруды кейінге ысыра бердім. Бір күні сабақ үстінде Татьяна Коренькова атты оқытушы: «Ая, сен жазушысың ғой, сол себепті, ертең Әдебиетшілер үйіне тобыңның атынан барып, «Москва-Пенне» атты әдеби сыйлыққа даусыңды бересің, сені бір күн сабақтан босатамыз» деді. Бұл сыйлықтың жеңімпазын анықтауда МГУ, РУДН, басқа да беделді университеттердің филология факультетінің студенттерінің дауысы шешуші рөл ойнайды. Сахнада финалға шыққан үш жазушы: Ксения Букша, Сергей Шаргунов, Андрей Битов отырды. Әр жас жазушының аға буыннан бір-бір қорғаушысы шығып, олардың шығармашылығы туралы жылы пікір айтып, жүлдеге «сүйреді».

Қасымда отырған орыс жігіт: «Үшеуінен сыйлықты кім алады деп ойлайсыз?» деп сұрады. Мен ойланбастан: «Сергей Шаргунов» деп жауап бердім. «Сізге оның шығармашылығы ұнай ма?» деп жас жігіт маған жаратпай қарады. «Залға қараңызшы, бәрі де жас студент қыздар. Ал Сергей Шаргунов – жас және әдемі жігіт. Қыздардың көпшілігі шығармашылықты ақылмен емес, сезіммен бағалайды, олар симпатиясын жасыра алмай, Шаргуновтың кескін-келбеті үшін өз дауыстарын береді. Қысқасы, бұл байқауда сезім жеңіске жетеді» деп жауап бердім. Байқаудың қорытындысы ұзаққа созылып кеткендіктен, кетіп қалдым. Мен көптен барсам деп арман еткен Чеховтың музейі Әдебиетшілер үйінің қасында еді. Жазушының үйін аралап жүріп, байқау қорытындысын білейін деп интернетке кірсем, шынында да, сыйлықты Сергей Шаргунов алыпты. Меніңше, бұл сыйлыққа Ксения Букша лайық еді.

Жазушының музейінде...

Еңселі қызыл үйге кіргенде Толстойдың үйіндегідей сән-салтанатты сезінбесең де, жазушының әлеуметтік жағдайының жаман болмағанынын түсінесің. Мәскеудің орталығындағы бұл үйді жазушы анасымен және бауырларымен бірге жалдап тұрған. Жазушылықпен ауырып жүрген жас дәрігер күндіз адамдарды емдеп, түнде жазу жазды. Жазушының кабинетіндегі жазу үстелінің үстінде өзі тегін емдеген, тіпті дәрісін де өзі сатып әперген адам сыйлаған сиясауыт тұр. Чехов «Мен кіммін? Дәрігермін бе, әлде жазушымын ба?» деген сұрақты өзіне өмірбойы қойды. (Ұмытпасам, Сергей Довлатов айтса керек: «Мен жазушымын ба, әлде баяндаушымын ба деген сұрақ Чеховті өмірбойы мазалаған секілді» ) Жалғыздық мұңына қамалып, сұрағына жауап таба алмай, аз қиналған жоқ. Сол үшін де ол өзі емдеген адамнан сиясауыт алғанда қуанды, құнды, бағалы заттай аялап қарады.

Жазушының отбасы бұл үйді жалдап тұрғандықтан болар, үйдің іші қарапайым, тұрмысқа қажетті жихаз ғана бар. Жазушының жазу кабинетінде жазу стөлі, орындық, кресло-диван қойылған, қабырғада жазушыға қымбат адамдардың портреті ілулі тұр.

Қонақ бөлменің қабырғасында жазушының әр жылдардағы портреттері, анасы мен бауырларының суреттері, спектакльдерінің афишалары ілулі тұр, сондай-ақ бұл бөлмеден жазушының қолжазбаларын көруге болады. Айтқандай, Чехов бұл үйде «Дала», «Көңілсіз оқиға» атты повестерімен бірге жүз шақты әңгіме жазды.

Жазушы бұл үйді өзі «комодқа ұқсайтын үй» (яғни, кішкентай шкафқа теңеген) деп қалжыңдайды екен. Екі қабатты «комод үйдің» ақысын төлеу жас жазушыға оңайға соққан жоқ. Әдеби ортада әлі соншалықты танымалдылық пен құрметке ие емес, жазғанына азырақ қаламақы алатын жазушыға пәтер ақысын төлеу де, анасы мен бауырларын асырау да оңайға тиген жоқ. Әлеуметтік қиыншылықпен қоса, дәрігер-жазушы өкпе ауруымен ауырды. Қаншама адамды ауруынан айықтырған ол өз жанына шипа таба алмай, ұзақ қиналды. Кабинетінде күркілдеп жөтеліп отырып, анасының, бауырларының мазасын алмайын деп аузын қолымен жауып, жөтеліп, жашкенті жазушы шығармашылықпен айналысты. Бунин Чехов туралы «Оның аурудан қиналғанын айтып, мұңын шаққанын естідіңдер ме, оның қалай қиналғанын ешкім де білмейді» деп жазады. Жазушының суретші досы Левитан әріптесі Репинге жазған хатында былай дейді: «Чеховке қарасам жүрегім ауырады, құрт ауруымен ауыратынын бәрі біледі, тыныс алуы ауыр, бірақ ол күлімсіреп, өзінің ауру екенін білдіргісі келмейді».

Інісі Михаил да естелігінде ағасының ауруы жанына қатты батса да, сыр білдірмейтінін, тіпті бірде бет-аузының тер мен қанға боялған сәтін көріп, шошып кеткенін, Антон қиналып жатса да, күлімсіреп, бұл туралы анасы мен әпкесіне айтпауын өтінеді.

Ауруымен алысып өткен жазушының кабинетінде ұзақ аялдадым. Өзінің қиналып тұрған сәтін анасы мен бауырларына көрсетпес үшін жазу жазып отырған түр танытып, кабинетінен қанша уақыт шықпады екен? Мына креслода күрк-күрк жөтеліп, терге малшынып қанша уақыт жатты екен? Мына жазу стөліндегі сағатқа қарап, өзінің өмір-сағатының қашан тоқтайтыны туралы қанша рет ойланды екен? Кабинетіндегі шамшыраққа қарап, өзінің көрер жарығының қашан бітетіні туралы қанша рет қалың ойға шомды екен? Жо-жоқ, бұл менің жай қиялға ерік бергенім ғой, ол табиғатынан өмірге құштар оптимист жазушы еді. Әйтпесе әлем Чеховты білер ме еді!

Аягүл МАНТАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар