Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Чиу Хуа Дұң. Қазақ тіліне қытайдың жас қаламгерлер...

03.10.2019 3721

Чиу Хуа Дұң. Қазақ тіліне қытайдың жас қаламгерлері көбірек аударылса екен 12+

Чиу Хуа Дұң. Қазақ тіліне қытайдың жас қаламгерлері көбірек аударылса екен - adebiportal.kz

Чиу Хуа Дұң 1969 жылы дүниеге келген. Шығармалары 16 жасынан жариялана бастаған. «Түнгі уәде» қатарлы 4 романның, 11 хикаяттар мен әңгімелер жинағының, жеті жыр кітабының авторы. Туындылары ағылшын, жапон, неміс, корей т.б. тілдерге аударылған. Қытай жазушылар қоғамы төрағасының орынбасары.

- Құрметті Чиу Хуа Дұң мырза, Алматыда өтіп жатқан II Халықаралық жазушылар форумының құрметті қонағы екенсіз, өзіңізбен әдебиет төңірегінде азырақ әңгімелессем деп едім. Бұл жиыннан не ой түйдіңіз?

- Көптеген қаламгерлермен таныстым, десе де мен үшін жас қаламгерлердің, яғни жас ақын-жазушылардың сұхбатын тыңдау, шығармашылығымен танысу маңыздырақ еді, ал мұнда аудармаға көбірек мән берілген секілді.

- Өткенде Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия жазушыларының форумына келсеңіз болғандай екен?

- Иә, соған келу керек еді, біздің елден қайсыбір қаламгерлер келіп қатысты.

- 2000 жылы әдебиет бойынша Нобель сыйлығын алған, Францияда тұратын қытай жазушы Гау Шиңжянның шығармасы – «Рух тауы» кітабы туралы көзқарасыңызбен бөліссеңіз?

- Гәу Шиңжянның «Рух тауы» кітабын өзім ұнатып оқыдым, жоғары бағалаймын. Онда өзін қатерлі ауыруға шалдықтым деп есептеген жас жігіттің Қытайдың оңтүстік және батыс оңтүстік таулы алқабын кезіп жүргендегі ой-қиялы, толғаныстары берілген. Яғни Еуропа әдебиетіндегі «сана ағымы» тәсілі жақсы қолданылған. Ал Қытайдағы кейбір сюжетті романдарды қуалап оқитын оқырмандардың бұл шығарманы аса бір жоғары бағаламауы табиғи жағдай. Мысалы өзіңіз білесіз, орта ғасырлық «Су бойында» романы сияқты оқиға желісі, ондағы қым-қуыт дүниелер халықты керемет бауыраған ғой, әлі де солай.

- Қазақ жазушыларының шығармашылығымен таныссыз ба?

- Шынымды айтсам, көп білмейді екенмін, әлі де оқуға тисті дүние көп.

- Кеңес заманынан кімдерді білесіз?

- Ол замандағы жазушылардан Шыңғыс Айтыматовтың шығармаларын оқыдық, оның ақын Мұхтар Шахановпен сұхбаттасқан «Құз басындағы аңшының зары» кітабын Шыңжаңдағы аудармашы Қайша Тәбәрәкқызы Қытай тіліне аударған екен, оны мен Шаңхайдағы бір баспаға жолдадым, кітап болып басылып шығуына дәнекер болған едім (күлді). Ал енді Айтматовтың кітаптары қазірге дейін Қытайда жыл сайын басылады, оқырманы мол.

- Бұның себебі не деп ойлайсыз?

- Әрине, оның шығармалары адамның ішкі жан-дүниесін қаузайды, махаббатты, сүйіспеншілікті, өмірдің әр саласындағы адамдардың ішкі әлемін жақсы ашып көрсете біледі, сондықтан да өміршең.


- Сіздің «Құрылықтар соғылысқанда» атты Латын Америкасының 60-80 жылдардағы «әдебиет қопарылысын» баяндаған, оның Қытай әдебиетіне жасаған ықпалын зерделеп жазған кітабыңыздан хабарым бар. Меніңше, Шыңғыс Айтматов Латын Америкасының әдебиетін мүмкіндігінше жақсы оқыған сияқты?

- Әрине, әсері болуы мүмкін. Оны былай қойғанда, орыстың атақты жазушылары Л.Н.Толстойлардың өзі неге тұрады. Ал енді жаңағы сен айтып отырған «Құрылықтар соғылысқанда» кітабым Ухан университетінде қорғаған докторлық диссертациямның тақырыбы болатын. Кейін кітап етіп шығардым.

- Өзіңізді тынымсыз ізденістегі қаламгер деп білеміз...

- Иә, қаламды бозбала кезімнен ұстаған едім (күлді).

- Әлем әдебиетінде өзіңіз ұнатып оқитын жазушылардан кімдерді атар едіңіз?

- Көп қой, қайсы бірін айтайын. Италялық жазушы Умберто Еконың туындылары ұнайды, оның тарихи туындылары сырт пішіні тарихты баяндап отырғанымен, қазіргі заманның ой-пайымын да қоса суреттейді. Яғни дәстүрлі тарихи баяндауларға мүлдем ұқсамайды.

Түрік жазушысы Орхан Памуктың романдары да ұнайды. Оның «Менің атым Қырмызы» романында Осыман имперясындағы өнерге еуропалық жаңғыру қалай әсер еткені әрбір кейіпкер тұрғысынан шебер баяндалған. Ол анау бір жылдары Бейжіңге келді, сонда Орхан туралы жаздым. Салман Рушди шығармаларынан Үндістан туралы «Түн баласы» атты романын атап айтуға болады.

- Ал енді бұл тізімге өзіңіз қанық білетін Латын Америкасы әдебиетінен кімдер кіреді?

- Борхес бастаған, Хуан Рульфо қостаған біраз жазушыларды айтар едім.

- Алехо Карпентьердің 1949 жылы басылған «Жер патшалығы» хикаятын Латын Америкасындағы «сиқырлы реализмнің» бастауы деп жүр. Зерттеуші ретінде сіз қалай қарайсыз?

- Әрине, бұл қалыптасқан ұғым. Бірақ бұл «таңғажайып шындық» тәсілі делінеді. Яғни біреу аспанға ұшып кетеді, немесе біреу басқа нәрсеге айналып кетеді, оған ғажап екен деп таң қаласың. Ал келе-келе одан да кемелдене түскен «сиқырлы реализм» ағымында бұл шеберлік одан ары күрделеніп, басқа да дүниелер қосылды деп ұғынған жөн. Жақында Карлос Фуэнтестің кере қарыс, мөлшері 600 мың әріптен тұратын (қытай иероглифы – Е.Еркін) «Біздің жеріміз» атты романын Бейжің университетіндегі Жау ұстаз аударып болды. Келесі жылы Қытай жазушылар қоғамынан шығады, осыған қуанып жүрмін.

- Жапон әдебиетінен де сөз қозғасаңыз?

- Жапон әдебиетінен ең жақсы көретін жазушым – Кобо Әбэ. Ол маған өзінің жаңашылдығымен ұнайды. Онда шынымен де Кафканың стилі бар. Одан да басқа көптеген жаңалықтары бар. Қалған жапон жазушыларының көпшілігі дастүрлі жапон сарынын ұстанатынын өзің де білесің. Олардың ішінде Танизаки Жүншироның туындыларын ұнатып оқимын.

- Сіздің ойыңызша әлемде қазір қайсы үйектің, өңірдің шығармашылығы белсенді, мықты секілді?

- Әрине, ағылшын жазушылары ғой. Ағылшын тілді елдер де көп: Сүлтүстік-оңтүстік Африка, Канада, Австралия деп кете беруге болады.

- Қытай жазушыларынан біраздан бері Мо Янь туындылары там-тұмдап қазақ тілінен аударылып жатыр. Сіздіңше ол халықтық фольклорды, мифологялық ойлау жүйесін туындыларына шын мәнінде толық сіңіре алған жазушы ма?

- Әрине, Мо Яньда ондай дүниелер бар. Бірақ кейде оның жазып жүргені де Шандұң өңіріндегі жерлік наным-сенім, аңыздардың желісіндей көрінеді. Оның кейбір дүниелерін мен де түсіне алмаймын.

- Қытай жазушыларынан қазақ тіліне кімдердің аударылғанын қалар едіңіз?

- Жастарды ұсынар едім. Тиісінше өзім де осындағы жас қаламгерлермен сұхбаттасып, шығармаларын оқуға құштармын. Мысалы, жаңағы жиыннан қарт кіслерді көп көрдім. Әрине, аударма тұрғысынан қатысып отырған болуы керек. Бірақ маған жастардың жаңашылдық идеяларымен ортақтасу да аса мағыналы болар еді.

- Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рақымет, шығармашылық табыс тілеймін.

- Өзіңе де қуантып тастадың!

Сұхбаттасқан: Ерзат Еркін

Алматы,
«Қазақстан» қонақ үйі

26 қыркүйек, 2019 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар