Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Дамир Бахытжан. Күздігүні сарғайса да жапырақ...

15.11.2020 5978

Дамир Бахытжан. Күздігүні сарғайса да жапырақ 12+

Дамир Бахытжан. Күздігүні сарғайса да жапырақ - adebiportal.kz

Chaos*

Күзгі жаңбыр. Саябақтар. Көшелер,

Алдымызға жапырақтар төселер.

Қолшатырдың астындағы мұңаю,

Ескі кітап. Кофехана. Кофелер.

Санамдағы ескі таспа үнімен,

Кеш қайтамын үйге қарай бүгін мен.

Жалғыздықтың тұтқынына айналып,

Солай, солай бұл өмірден түңілем.

Дүңгіршектер. Көшелердің шамдары,

Көлеңкеңнен басқа ешкім қалмады.

Терезенің бұрышына телміру,

Иығыңда күзгі “хаос” салмағы.

Таң қылаңы. Радиода жаңалық,

Күнтізбеден тағы бір күн санадық,

Күздігүні осылай күн кешеміз,

Таң мен кеште өтіп жатқан аралық.

Жапырақтан жасалған бір шәйім бар,

Іше қалсаң сейіледі уайымдар.

Сізге арнап алып келдім күзді мен,

және

тағы

өлең жазған жайым бар.

“Chaos” - шексіз еркіндік.

***

Құлап жатқан жапырақтар - әңгүдік,

Телміремін жанарымды талдырып.

Бұл мезгілде қалып қойдым неліктен,

Күздің мұңын кеуде ішімде ән қылып.

Күздің мұңы кеуде ішімде жаңғырып.

Кете бардым көшелермен қаңғырып.

Сағыныштың сары уызын жұтып ап,

Сағынамын, сағыныш бұл - заңдылық!

Жалғызсырап саябақта әткеншек,

Сарғаяды иесіне жеткенше.

Күздігүні жалғызсырап қаламыз,

Күздің мұңы кеудемізден кеткенше.

***

Тереземді күз қағады ұрланып,

Аспан өңі кете барды сұрланып.

Сағыныштан жапырақтар сарғайды,

Көңіл, шіркін, қалады екен мұңданып.

Қимай жанын жапырақтар үзілді,

Бағдаршамдар көрсетеді қызылды.

Қозыкүрең күзге айналған өмірім,

Көз алдыма таспа болып тізілді.

Жапырақтар тапталады табанда,

Сансыз ойлар тұншығады санамда.

Қара мысық кесіп өтті жолымды,

Оған бірақ сенеді екен адамдар...

***

Ескі паркті кешіп келем мұң сіңген,

Күзгі ауа - бір табиғи тылсым дем.

Дымқыл асфальт. Үміт үзген жапырақ,

Қайыңдар тұр күрсінген...

Бұрымдылар тал қайыңдар кекілді,

Сары ала күз тіл қатпауға бекінді.

Мұң сімірген күздің реңі жұтап тұр,

Қазір аспан жылайтындай секілді.

Сол бір аспан жылауыққа айналған,

Ал, бақтарда құстар қалды сайраудан.

Керуен тартып бақтан ұшқан сол құстың,

Қанатына сағынышым байланған.

Бар шаттықты құшағына құндақтап,

Мұңлық бақтар айналады жұмбаққа.

Кеткен құстар оралғанда сәуір боп,

Көктем болып келші сен де мұң баққа...

Дамир Рүстемұлы 1998 жылы Көкшетау қаласында дүниеге келген. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Қазіргі таңда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар