Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Дәулеткерей Кәпұлы. Қара өлең – қарашығымда

06.01.2019 686

Дәулеткерей Кәпұлы. Қара өлең – қарашығымда

Жота кездім, жүдедім,

Қыр басына түнедім.

Балбалтасқа бас сүйеп,

Қалғып кетсем – тілегім.

Таң нұрына боялсам,

Күнге құшақ жая алсам.

Балбалтастың жүрегі,

Бүлк еткенде оянсам.

Балбалтасым – балбөбек,

Саған да әлди ән керек.

Құсасы ма бабамның –

Құлағымда зар бөлек.

Балбалым-ай, мұңлығым,

Көк Тәңірге құлдығым.

Туған жерге сен ғана,

Байлап қойған кіндігін.

Құлағымда мұңлы үнің,

Іңір кештім, ілбідім.

...шекесін кеп қасып тұр,

Жұртта адасқан бір құлын.

03.06.2011

* * *

Желекті жиде ой ырғап,

Көзімді қайың көгендеп.

Есентай өзен бойында,

Есімді жидым өлең деп.

Арман тұрды Айға асыла,

Басылмай жүрек лүпілі.

Ғалым Боқаштың басына,

Кітап құлаған бір түні.

Қара өлең – қарашығымда,

Басымызға онда бақ ғашық.

ҚазМҰУ-дың қалашығында.

«Ақшамнан жүрдік хат тасып».

Тауып ап мәз боп қаладан,

Өзгеріп салды бар таным.

«Торғайлар жұмыртқалаған»,

Тыныштықбектің «қалпағын».

Жан жүрекпенен сүйініп,

Алтайдың алқатасына.

Оралханды оқып, ұйыдық;

«Тағанның пәлсапасына».

Асқардан тауып марқадам,

Ақан, Біржанмен тілдестік.

Ақсұңқарұлы Арқадан,

«Ұлыған» даусын күнде естіп.

Бәсіре жырым бұла тай,

Қасиет тегің – Қамбарда.

Кенежиренді Жұматай,

Кеңсайға кетіп қалғанда.

Кешігіп келген кекілді ұл,

Өксігін қалай басарсың?!

Өмірім өтпей өкіндір,

Көктемім мәңгі жасарсын!

05.02.2011

* * *

Үрпі ұшынған үр жалғанның,

Ешкіемері емшек тістеп.

Тұлдыр жаным тұлданған күн,

Кебінімді өлшеп пішпек.

Жанға тәнді құл ете алмай,

Құбылуда құбылам мың.

Күллі иманым күнәһардай-

Ірігені қымыранның.

Қасқа маңдай қақшияды,

Мүсіркесе мүләйім күн.

Ұртқа сыймай ақсияды,

Ұры тісі уайымның.

Сәулеленер сәтті ой қашан,

Ай да жатыр жаңаланып?

...Оңашада қап қоймасам,

Қастауыштан қалам алып!

* * *

Мұнар таудан ұшқалы,

Мұң басады кеудені.

Ұлар таудан ұшқалы,

У жүректі кеуледі.

Мұнар таудың басынан,

Мұнартады кілкіп мұң.

Жүрегімнің жасынан,

Ұларымды үркіттім.

Әппақ нұрын Ай бүрікті,

Тауды ойлатты, қайғыртты.

Жанымда еді жайлауы,

Ұлар құсым қайда үрікті?!

Ұлартектес ұлт едім,

Үрей буған, үркегім.

Ұлт көзінен сораны,

Қай жеңіммен сүртемін?!

Баяғымдай бақ аса,

Аспан текпен таласа.

Ұлар қонар биіксіз –

Асқақ рухым аласа.

Ал,

Ауырса жан ауырсын,

Емі қайдан табылсын.

Ұлар ұшқан жайлауда,

Мен – жалғыз тал қауырсын!

30.06.2011

* * *

Аягөздің аспанында Таңсық, Ай,

Сақ санама сәуле құйып тамшыдай.

Махаббаттың мәңгі күйін шертіп тұр,

Аңыздардың арнасындай қаңсымай.

Таңсық, Айым күліп тұра береді,

Тағдырымнан сыр ұқтыра береді.

Өкпетінің өкпек желі өзеуреп,

Қозы даусын құмықтыра береді.

Таңсық емес, таныс айым секілді ең,

Мен де Қозы қоңырыңдай кекілді ем.

Арман ада болғанына өкінбей,

Маң далада маңыраумен жетілген.

Бас қойдырып мөлдір сезім бұлаққа,

Ей, тағдырым, жүрегіме кінә артпа.

Базар-жалған, Қодар қазған ешқашан,

Күдігіңнің құдығына құлатпа!

Аягөздің аспанында Ай, Таңсық,

Жан мұңыңды түсінер ме ем қайта аршып?!

Енді, Қазақ, махаббатты жылатпа,

Жолама енді кірпігіме сайтан шық!

* * *

Ақ сағымның ұлпасына,

Таң жиектеп жылт асыла.

Елік қызыл ерте ілінді,

Ерейменнің қырқасына.

Түн тынысын зорықтырып,

Ен далаға еніп кіріп.

Күн құлағы қылтиды, әне,

Елік қырды еліктіріп.

Бөбек қала бал тілегі,

Қараңғылық тәлтіреді.

Гүл етегін самал желпіп,

Түн етегін таң түреді.

Арда туған қазағынан,

«Қараөткелдің базарынан».

Күн қымсынып қызарады,

Астананың ажарынан.

Сарыарқаның төсіне құт,

Күн керуен көші жетіп.

Есіл бөбек есінейді,

Ескі арнаны бесік етіп.

Күн тілегін ұғынғанша,

Дала төсі суынғанша.

Оқжетпеске оқша атылып,

Ілбіс-іңір тығылғанша.

Күн құшағында Астана!

* * *

Қамырық оймен қамалып қалаға мәжнүн,

Шаттығын күтіп шаршап ем, шағала жаздың.

Көктемге көңіл ұмсынтып, көкке қаратты,

Санамда сарқыт даусы сарыала қаздың.

Жап-жасыл торғын жапырақ құшып әлемде,

(Айналса шіркін, түндегі түсім өлеңге!)

Көктемнің демін алқынған аспаннан сездім,

Кезқұйрықтар кенеттен кісінегенде.

Анау бір көлден сұқсұрлар сымпылдап ұшып,

Қыңсылап қалды сақманның жұртында күшік.

Жуасып қалған жусан да жал күдірейтті,

Құмырсқалар шаттықтан мұртын қағысып.

Қараторғайдың көк иіскеп тұмсығыменен,

Көктем ғой келген кешігіп, бұл шыныменен.

Сәуірге маңдай сүйеген балапан қайың,

Өмірге өлең арнап тұр бүршігіменен!

* * *

Мәрмәрдің жағасы мамыр күн,

Ақанның әнінде лағыл мұң.

Әніңді үзбеші, достым-ау,

Сағыныш соңында сарылдым.

Айлы ақшам, Стамбұл шаһары,

Ешкіммен жоқ сынды шатағы.

Еріксіз есіме түседі,

Балдырлы көлдерім, бақалы.

Топқапы сарайы – патшалық,

Баязит дүрлеген бақ шауып.

Бір тегім Күлтегін емес пе ед,

Білмеймін қай тұста ақсадық?!

Азаншы, мүлгіген мұнара,

Теңізде тербелген Күн ана.

Османлы түркінің бақыты,

Тәңірден тартылған сыбаға.

«Өтүкен қойнауы да Алтайда,

Үкөктің жайлауы да Алтайда.

Күлтегін құратын қағандық,

Түркінің байрағы да Алтайда.

Қағаннан қағаны алмасқан,

Алтайда басталып алғашқы ән.

Сондықтан тұғырым тым биік,

Содан да рухым алдаспан!

Ақтүтек боранын түтеткен,

Тарадық Алтайдан, Үкөктен.

Жалауын жау жыға алмаған,

Қағаны қадамын құт еткен!»

...Осы оймен теңізге телмірем,

Осқырына берді жел-күрең.

Cтамбұл, аштың-ау көзімді,

Ертекті сүймеймін енді мен!

* * *

Ахмет пен Жүніс қажы,

Тағдыр емей кім ұстазы?!

Анкарада кәрілік кешкен,

Алтайда өтіп күміс жазы.

«Шилі өзенім, қамыс-ай» деп,

Әнге басты жарыса-ай кеп.

Жас сорғалап сақалынан,

Самайының ағы сөйлеп.

Құмыл қайда, Алтай қайда,

Кәрі кеудең зар толғай ма?!

Туған жердің боз жусаны,

Татыр ма енді бал таңдайға?!

Баркөлдегі кер бетеге,

Жаныңды енді тербете ме?

Мәрмәр жайлап жатқаныңмен,

Көкірегіңнен шер кете ме?!

Туған жерің зарды ұқтырған,

Тағдыр екен шалдықтырған.

Салтанатты күнің қайда,

Сарсүмбеде салдық құрған?!

«Әуел баста бұлақ Ертіс,

Бала Ертіс пен Қыран Ертіс.

Өр Алтайдан өрекпіген ,

Сай қуалап, құлап еңкіш.

Бұлғын, Шіңгіл бай қуатқа,

Жойқын ағыс, айдыны ақпа.

Қырық жерден Қытай буған,

Қара Ертісте қайғы жоқ па?!»

...Сағынышы, құр сүлдері,

Көк Тәңірдің тылсым демі.

Жүрегімді жылатпашы,

Қос қажының күрсінгені

* * *

Көктеміме айтсам деп едім кәміл шынымды,

Самайға мынау самалсыз сәуір сүрінді.

Қайдасың қараторғайым, кешіктің неге?

Сипайын қауырсыныңды.

Сағынып жүрген сәтімде құрақ сыбдырын,

Күнгейіме алшы қонақтап шуақ – шындығым.

Көктем бағыма жетелеп әкелер едім,

Ұстатса бұлақ шылбырын.

Сүйінші құсы көктемнің – жыршы әндеткенде,

Қойшының көңіл хошы жоқ қырсауды ерттеуге.

Қырмызы белге жанарым суарсам деп ем,

Қырдағы жусан бөрткенде.

* * *

Суретің қандай сүтті іңір,

Балтырлы қайың жұп-жұмыр.

Қасқайған қарағайлардың,

Сырғауыл бойы сыптығыр.

Атқандай мүлде жұмбақ таң,

Бақыттың қолын бұлғатқан.

Тағдырдың ғажап тартуы-ай,

Табиғат даусын тыңдатқан.

Айдынға құлап алып қыр,

Өзегін жусан жарып тұр.

Тамырсыз тастың бетінде,

Қып-қызыл қына жанып тұр.

Қиялым қыран құсқа ерсе,

Сағыныш одан да үстелсе.

Үлгірер ме едім жыр жазып?

Бүлдірген ағып түскенше.

Табиғат өзің табындыр,

Арнадым саған лағыл жыр.

Таңқурай тастап таңдайға,

Тамсанып тұрған шағым бұл!

Шалқар, 2002 ж. 15-шілде.

ТАРБАҒАТАЙ

Бозталың бүршік жарғанда бозбала ақындай,

Қусақтың күйін жататын боз дала тыңдай.

Қоңырлап самал ескенде қоңырқай кеште,

Қонжық жон қоңыр жоталар қозғалатындай.

Аюлысайдың ну тоғай жынысы-ай қалың,

Аққайран өзен-тасыған күміс айраның.

Алланың ісі - деймін де басымды иемін,

Алманың иісі аңқыған ұры сайларың.

Бидайлы бөктер масаты -пүліш аймағым,

(Жұдырықтай құс, қарашы тілі сайрауын.)

Шаң жуытпастан шыңыңды сүртіп жүретін,

Асқарыңдағы ақ бұлтпен туыс ойларым.

Көгеріп беткей біткенде- көктемде атырап,

Баба тау күйін жамбастап шерткен жатып ап.

Керемет қандай- кереге қанатын керген

Қыран шәулі жүр ұясын көктен бақылап!

Көшкен бұлтпенен көрінген құзы сыңар боп,

Көктеді ме екен өткеннің сыры шынар боп.

Сайларды қуып беремін, сүрлеуге түсіп,

Қытайға асқан бабамның ізі шығар деп!

Заманың жетті сорыңа бағың алмасқан,

Іздесем әрбір тасыңнан табылар дастан.

Мойыл мұңыма батам да, телмірем саған,

Суырлы тауым, сырыңа қаныға алмастан.

Қарағаштарың қаз-қатар жол үсті емініп,

Тамылжып тамыз жеткенде жеміс төгіліп.

Табиғатыңның табынам ғажайыбына,

Танытып пенде пейілден періште қылық.

Шалқығанменен төсіңде шайыр-ақының,

Мақтауға сені жетпейді қайыра тілім.

Апам айтатын сен бе едің, сол –Тарбағатай,

Төрт түлік түгіл адамы жайылатұғын?!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Дәулеткерей Кәпұлы, өлеңдер
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар