Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Дәулеткерей Кәпұлы. Тобылғы торы тіршілігім-ау...

09.08.2018 1066

Дәулеткерей Кәпұлы. Тобылғы торы тіршілігім-ау...

Жол берем

Жол берем есектерге де дәмесі дардай,

Бұрыннан қиып ап жүрген мәресі бардай.

Көлденең өтсін алдымнан, тізгінім тартам,

Кетсін деп есектігін ол тағы есіне алмай.

Жол берем қара қарғаға қарғалығы үшін,

Іштарлық емес бұл нағыз тәубалық ісім.

Қарқылдап жүре бермей ме, не бәлесі бар,

Қиядан шалар қыранның арманы құрсын?!

Жол берем дұшпандарыма «жасақтасым» деп,

Жайраңдап күліп жеңіске жасап қалсын деп.

Жасағаным ғой жақсылық жалғанда мына,

Тасада тұрып сыртымнан тас атпасын деп.

Жолымды бірақ, бермеймін тұлпарға нағыз,

Қалжың деп ойлап, шынымнан күлкі ауламаңыз.

Шын жүйрік озып алады өресі жетсе,

Арыңның аппақ жолынан бұлтармасаңыз.

Жолымды бірақ, бермеймін қыранға текті,

Тырна емес болса көшпейтін тыраулап көкті.

Құзғындай құлдиламасын өлексе көрген,

Қос жанарында тұрса егер күн аунап кекті.

Жолымды бірақ, бермеймін адал досыма,

Қан жұқтырып ап жүрмесе ақ алмасына.

Жолымды кессе кесер тек адалдығымен

Алланың берген бағы үшін адам басына.

...жалғанның мынау жамалы ерікті арбаса,

Кереметіне көз жетер көріп барласа.

Жол берем бірақ, ажалға алдымнан өтсін,

Қасқа маңдайдан қасқайып келіп қалмаса?!

* * *

Тобылғы торы тіршілігім-ау,

Көбеңсіп қапсың көптен шын.

Дүлдүл тұяқтың дүрсілі дырау,

Дүр рухыма от берсін!

Сексеуіл шоқты жанарым менің,

Жасын ойнатшы жалғанға.

Бақытқа байтақ бала күндерім,

Алақан жайсын арманға.

Бала күндерім - балауыз бақыт,

Баяның кеткен жырақтап.

Қаймақ ерінге қара уыз қатып,

Қаймана жылдар жұбатпақ.

Жұбаныштарым - жыр ағыстарым,

Балауса белдің тұмасы.

Жанымның жазға құрақ ұшқанын,

Сарғалдақтардан сұрашы.

Бөрте жусанды, бұйырғын белді

Үйірлі жылқым жусаған.

Құйғыта шапқан құйын күндерді,

Талғажау етіп жүр санам.

* * *

Тастан да тасқа секіріп,

Тауда бір ойнар кекілік.

Біздің елде жалғыз ғана жетім ұлт,

Сен, ешкімге айтпа, кекілік!

Кекілін самал сүйген құс,

Тау тұғырында билер құс.

Бұратаналар – хан ұлындай шіренген,

Мен Қазақ боп қалдым – именгіш.

Қанатың барда қағылмас,

Тағдырың таумен тамырлас.

Бүгінде мен де, сен де бір – айнақатесіз,

Жорға жүрістен жаңылмас.

Өмірің өтер өкініп,

Қауырсын қайта жетіліп.

Бескүндіктегі – тірліктің жарқын бір күні,

әйтпесе, өмірдің өзі өтірік.

Кекілік кербез тауда жүр,

Жайқалған жасыл бауда жүр.

Қамсыздығың-ай, мәнсіз ғұмыр-ай,

Дәл менің тірлігімнен аумағыр!

07.02.2011

* * *

Жота кездім, жүдедім,

Қыр басына түнедім.

Балбалтасқа бас сүйеп,

Қалғып кетсем – тілегім.

Таң нұрына боялсам,

Күнге құшақ жая алсам.

Балбалтастың жүрегі,

Бүлк еткенде оянсам.

Балбалтасым – балбөбек,

Саған да әлди ән керек.

Құсасы ма бабамның –

Құлағымда зар бөлек.

Балбалым-ай, мұңлығым,

Көк Тәңірге құлдығым.

Туған жерге сен ғана,

Байлап қойған кіндігін.

Құлағымда мұңлы үнің,

Іңір кештім, ілбідім.

...шекесін кеп қасып тұр,

Жұртта адасқан бір құлын.

03.06.2011

* * *

Талмауыр ұйқымнан таңсәрі тұрғызды,

Зілмауыр ойларды миыма батпандап.

Шаңқайда шекемнен күн қызды,

Арқаның самалы мақпалдап.

Солығын күл-қоқыс аңдыған мысықтың,

Тебіңгі тәріздес көлеңке қарбытты.

Бұтына бұралқы күшіктің,

Қалалық шағала саңғытты.

Ақшамға қортылып таңда ішкен сәресі,

Еңкейіп батқанда қызылкөз күн жылар.

Қаланың тірлігі дәл осы,

Дәтіңе дәретін сындырар!

* * *

Ахмет пен Жүніс қажы,

Тағдыр емей кім ұстазы?!

Анкарада кәрілік кешкен,

Алтайда өтіп күміс жазы.

«Шилі өзенім, қамыс-ай» деп,

Әнге басты жарыса-ай кеп.

Жас сорғалап сақалынан,

Самайының ағы сөйлеп.

Құмыл қайда, Алтай қайда,

Кәрі кеудең зар толғай ма?!

Туған жердің боз жусаны,

Татыр ма енді бал таңдайға?!

Баркөлдегі кер бетеге,

Жаныңды енді тербете ме?

Мәрмәр жайлап жатқаныңмен,

Көкірегіңнен шер кете ме?!

Туған жерің зарды ұқтырған,

Тағдыр екен шалдықтырған.

Салтанатты күнің қайда,

Сарсүмбеде салдық құрған?!

«Әуел баста бұлақ Ертіс,

Бала Ертіс пен Қыран Ертіс.

Өр Алтайдан өрекпіген ,

Сай қуалап, құлап еңкіш.

Бұлғын, Шіңгіл бай қуатқа,

Жойқын ағыс, айдыны ақпа.

Қырық жерден Қытай буған,

Қара Ертісте қайғы жоқ па?!»

...Сағынышы, құр сүлдері,

Көк Тәңірдің тылсым демі.

Жүрегімді жылатпашы,

Қос қажының күрсінгені

* * *

Стамбұлда адасқан қаз, жеті түнде желкемде,

Сабаланып қаңқылдайсың үміт артып ертеңге.

Көк тіреген ғимараттар көлеңкеңді көрсетпей,

Шым етті ғой кеуде тұсым, жарымаған дерт-емге!

Жеті түнде көлеңкеңді қайдан көрем, ақ қазым,

Жалқы ұшқаның жанға батты, жабырқаулы тақ сазың.

Саған сүйеу бола алар ма, сергелдеңге түсірмей,

Теңіздегі шағалалар басқа киген бақ тәжін?!

Самала түн болғанымен ерке самал мақпалдай,

Тентек теңіз Алтайдағы көлің емес ақмаңдай.

Қаңқылыңмен жүрегіме құйып бердің запыран,

Қанатыңды қасіреттен боласың-ау, қаққандай!

Кәрі күйші бармағындай жаңылысқан шертістен,

Теңіздегі терісқақпай теперіштен дерт ішкен.

Қайдан жүрсің, хабар бар ма, қарт Алтайдан, айта кет,

Әлде Қаба, әлде Бұлғын, әлде ұштың ба Ертістен?!

...Төлегеннің алты қазы, адасқаны біреуі,

Бәзғаламның жалғыз қазы, күлпарша боп жүрегі.

Менің дағы жанымда бар сарыала қаз-сағыныш,

Емі бар ма, ескереді, елең қылып кім оны?!

Содан бері күміс қанат жан көлімде мамырлап,

Сезімімді селт еткізді, бұлттар көшіп шағырмақ.

Қара түнді ақ қанаты ақинақтай тілгілер,

Менің құсым жүрегіме ұя салды дамылдап!

* * *

Желекті жиде ой ырғап,

Көзімді қайың көгендеп.

Есентай өзен бойында,

Есімді жидым өлең деп.

Арман тұрды Айға асыла,

Басылмай жүрек лүпілі.

Ғалым Боқаштың басына,

Кітап құлаған бір түні.

Қара өлең – қарашығымда,

Басымызға онда бақ ғашық.

ҚазМҰУ-дың қалашығында.

«Ақшамнан жүрдік хат тасып».

Тауып ап мәз боп қаладан,

Өзгеріп салды бар таным.

«Торғайлар жұмыртқалаған»,

Тыныштықбектің «қалпағын».

Жан жүрекпенен сүйініп,

Алтайдың алқатасына.

Оралханды оқып, ұйыдық;

«Тағанның пәлсапасына».

Асқардан тауып марқадам,

Ақан, Біржанмен тілдестік.

Ақсұңқарұлы Арқадан,

«Ұлыған» даусын күнде естіп.

Бәсіре жырым бұла тай,

Қасиет тегің – Қамбарда.

Кенежиренді Жұматай,

Кеңсайға кетіп қалғанда.

Кешігіп келген кекілді ұл,

Өксігін қалай басарсың?!

Өмірім өтпей өкіндір,

Көктемім мәңгі жасарсын!

05.02.2011

* * *

Дүрдараз жауға өшігіп кекті,

Кененің басы кесіліп кетті.

Бақа басты жау бақ-баққа басып,

Есерлікпенен есіріп кетті.

Оспанның басын қытай жалмады,

Ұлтымның жауы ұпай қармады.

Шығыс Түркістан шырқырап сонда,

Көрмеген қазақ құқай қалмады.

Бас аман тұрса ерен ердегі,

Ай тақырға атан шөгерер ме еді?

Марғасқа туған Махамбеттердің ,

Тілеуін Тәңір неге бермеді?!

Исатайлардың иығы мықты,

Арлан арманы миын ұлытты.

Дулығасына сыймаған басын,

Құтырған қара құйын ұрыпты,

Тайлақ дәуренін тасыраңдатып,

Жазықсыз көздің жасын аунатып.

Иманы кәміл Иманжүсіптің,

Үркіп те қашқан басынан бақыт.

Зарға бөктіріп запыран үндер,

Жанының жалмап жапырағын Көр.

Құдықта қалған Шәкәрімнің де,

Бата оқып еді басына кімдер?

Алынбай аға,әкеден кегі,

Халқына жеткен хат-өлеңдері.

Сарыарқасынан сая таппастан,

Мәдидің басы мәпеленбеді.

Ерге туғанда егестің күні,

Кейкінің басын Кеңес қылғыды.

Эрмитаждағы сөреден сөйлеп,

Ертеңге болды елес тірлігі.

Ешкімнің көрмей әспетін ұлық,

Жалғанның жалпақ тас беті күліп.

Балпаң да басып бабалар өтті-ау,

Алтын бастары бәске тігіліп.

Қалдырған жұртқа хас тағылымды,

Күлімдеп тұрған аспаны нұрлы.

Қара орманына қадірі артқан,

Ал, бүгін кімнің бастары құнды?!

Бабамның бағзы күйін үлгі етем,

Ата жолыма сыйынып өтем.

...Ал, Абылайдың түсіне неге,

Бақа мен шаян, бүйі кірді екен?!

* * *

Мен өмiрге келген күнiм - өлген күн,

Жалған дүние –жарықсың деп қол бердiм.

Тарамыстай тағдырымды тануға,

Тәңiрiмнен пешенеме мөрлендiм.

Мынау күннiң, анау айдың, сол жылдың,

Жылнамасын жырлай-жырлай болдырдым.

Құр тiлiмдi безей-безей беталды,

Күлкi мұңлы, кiрпiгiмдi зорға iлдiм.

Түсiме енiп, кiсiнейдi көк құнан,

Көк құнанның кiсiнеуi тектi ұран.

Тәңiрқұттың жартасындай жаңғырған,

Сол дауыстан ой-санамды отқа ұрам.

Жұлынымнан жұпар аңқып, жыр көктер,

Ғұмырымнан көгередi бiр көк бел.

Жүрегiме жүк артуда күн сайын,

Миымдағы мимырт табан мiндеттер.

Бiр мүжiлiп, бiр толысқан ай тағдыр,

Күн жолына кiре тартсам-қайқаң кiл.

Аспаныма ақиқатымды айтам да,

Айға қарап, жар жағалап қайтам құр.

Меңiреулiк қалпың жаман мешел күн,

Екi иiннен дем алады есер мұң.

Құба таңда құлын даусы оятса,

Жыр атанға жүгiмдi артып көшермiн!

* * *

Күреңтөбел кісінейді құлын күн,

Құлын күннің түсінеді тілін кім.

Қыл мойынға құрық түсіп, тұқыртып,

Жүгенделген жылдарыма жүгіндім.

Құдайсызға құнсызданып құлдығым,

Көрген сәтте сүмбіленің сүргінін.

Күдері бел күреңімді сауырлап,

Күрең жалқын күнбатысқа сүңгідім.

Айналамда адамдарға алаңдай,

Қулығына ілестірер заман қай?

Қан қызыл кеш қара күрең түске еніп,

Батқанынша бағытымды таба алмай.

Сәттерімде жүрегіме тіл біткен,

Жан дүнием алай-дүлей дүрліккен.

Көктің жүзі күреңіте бастаса,

Күдер үзем қызыл түлкі-тірліктен.

Күмбір-күмбір күйін шертсе күрең күн,

Қызарақтап қылғынамын жігер құм.

Жанарынан жалқын жасын ағызып,

Күрең күннің көзін шұқып жібердім.

Алқызыл таң атқан сәтте қабарып,

Қара күрең онда да бар қаралық.

Түн-теңізге жан тәнімді лақтырдым,

Ала таңда шыққым келіп ағарып.

…Қазығына айналар деп қазанат,

Қалам, сені қағып кетем қада ғып!!!

* * *

Құлағымда құбыладан қыдыр үн,

Қыдыр үнге қосылғандай күбірім.

Сұлбамды Айдың сүт сәулесі танытқан,

Елес қуған ессіздердің бірімін.

Мүскініңді мүсіркеме мөлтек түн,

Енді кімді сендірмексің ертек күн?

Сағым сонар көлеңкемді зорайтып,

Дүниенің дауысынан селк еттім.

Ерке қыздың елесіндей ескі күн,

Көз алдымда көлбеңдейді кешқұрым.

Байырқалап батқан Айдың жосыны,

Келер күннің танытады кеспірін.

Өз елесім өз көзіме жатсынып,

Санамдағы сабырымды тапшы ғып.

Тағдыр мені қабырғамнан қапсырып,

Тақ төбемде ойнатады ақ сырық.

Шық ғұмыры кірпігінде түнемес,

Күн артында қылғынады қыл өңеш.

…Елге әңгіме айтуыма не жорық?

Көп елестің соңындағы бір елес.

Аңсар

Толыбай да жоқ заманда Күреңбай да жоқ,

Қазанат тұқым кеттің бе кілең майда боп?

Әбдіғайса шал жасаған ауыздығымен,

Ауылға барсам іздеймін жүген қайда деп?!

Басымнан менің аса алмай бұлт табандасын,

Жүйрік деп өткен бабамның ұрттағам жасын.

Құмарым қанбай қойды бір, тақымым толмай,

Құмарбек шапқан ертоқым жұртта қалғасын.

Елеңдеуменен құлақты еліме түріп,

Сонау күндерге қызығам шегіне тұрып.

«Халықтың жауы» Құмар шал қатал ед, неткен,

Жез сыбызғысын ап кеткен жеңіне тығып.

Туған жер сені көп болды жырламағалы,

Көліңнен аққу-қаз әнін тыңдамағалы.

Әке, сен аңғал екенсің, «қожанасырлау»,

Құлынға құда түсетін тумаған әлі.

Еңіреп ерлер жетеді ел деп арманға,

Жүйріктер сүйреп жүйткиді кең даламды алға.

Құрдастарың да есімде, әлі сенбейтін,

Жотасы биік сол құлын жорға болғанға.

Мінем деп талай құлынды өскенде ат қылып,

Бәсірелерді санаушы ем, бас бармақ бүгіп.

Тайқызыл жорға тағдырың қандай болды екен,

Әкеммен бірге жылаған көштен қап тұрып?!

Заманның мынау жеткендей заңды асқарына,

Көшпелі кербез тірліктен мән қашқаны ма?

Сұлу жорғаны әспеттеп сөйлеп қайтейін,

Сұлы дорбаны білмейтін қандастарыма.

Бабын тапсам ба деп едім бабамдай жырдың,

Бүгін де жүйрік мінбедім, соған қайғырдым.

Атам басына барар ем, білмеймін қайда,

Алаяқ аттың басына бара алмай жүрмін!!!

* * *

Байырқалатып көріп ем байыптап ойды,

Басқалар маған тағатын айып көбейді.

Ел жайлы ақыл айтады енжар ағалар,

Мен жайлы ертең білмеймін, тарих не дейді?!

Арманнан ада ұлдаймын оқыс тоналған,

Баладай шошып, түсімнен от ұстап алған.

Қалаға келіп төктім деп - маңдай терімді,

Шағала болып кеттім бе қоқысқа қонған?!

Ауылдан кетіп ал, кімдер тас арқалады,

Көңілімді енді қай көктем жасарта алады?

Жайлауға тартып кетсем бе, бір-ақ тебініп,

Қарагер атты босатып қасаң тағалы!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Дәулеткерей Кәпұлы, поэзия
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар