Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Дәулеткерей Кәпұлы: Ұл мен қызымды ат үстінде тәрбиелеп келемін

09.08.2018 1216

Дәулеткерей Кәпұлы: Ұл мен қызымды ат үстінде тәрбиелеп келемін

Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы байырғы қазақтардың мекені саналады. Сол жақта, Баяннуур деген жерде туып-өскенмін. Ол жерден көрімдік берейін десең де тірі моңғол таппайсың, тек қана қазақтар мекендейді. Он жылдық мектебіміз болды, 1500-дей бала оқыдық. Бәрі де қазақ тілінде білім алды. 1985 жылы 1-сыныпқа бардым. Мектепке бармай тұрып-ақ атқа мініп, бәйгеге қатысқам. Біз жақта әжені «апа» дейді, апамның баласы болдым. Еркетотайлау болып өстім. Әкем мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін. Шешем мектеп кітапханасын басқарды. Қазақстанда қазақ тілінде шығатын оқулықтар, көркем әдебиеттер, газет-журналдардың барлығы біздің мектепке келіп тұратын.

бала Д2улеткерей.jpg

Қозы жайдық. Кешкісін қой қосақтаған сауыннан кейінгі қозы-лақтың жамырағаны құлақтан кетпейді әлі күнге. Жайлауда өзіміз қатарлы балалармен бірге тай үйреттік, тайдан жығылдық дегендей, балалық шақ қызыққа толы болды.

Ішінде ақыны, әншісі, күйшісі бар «Мұрагер» деген ансамбль болатын. Соларға сүйсініп, ән-жырын тыңдап өстік. Әке-шешем ауылда беделді жандар болғаннан кейін, ауылға келген қонақ әуелі біздің үйге түсетін. Қонақ бар үйде әңгіме, ән-жыр болмай қоймайды. Не айтылса да соның бәрін құлағыма сіңірдім десем болады. Оған әжем айтатын ертегіні, әкем айтатын әңгімені қосыңыз, солардың бәрі үлкен тәрбиемен қатар, рухани байлық еді. Сондықтан, ақындығым жүре келе қалыптасты деп айта алмас едім. Әлгі айтқандардың бәрі де әсер етпей қоймайды.

1992 жылы елге қоныс аудардық. Семей облысының Абыралы ауданына келдік. Сонда Сапарғали Бегалин атындағы Қайнар орта мектебінде 9-сыныптан бастап оқыдым. 10-сыныпта Алматыда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша бір байқауға қатысып, бірінші орын алғам. Сосын мені сол мектепке, №2 мектепке алып қалды. Кейін денсаулығыма байланысты 11-сыныпты Үржар ауданының Абай атындағы мектебінде тәмамдадым.
Бүгінгі балалар байырғы қазақтың жайлауын көрген жоқ. Ал бүкіл қызық-думанның бәрі сол жайлауда ғой. Бірақ қазір тәуелсіздік алып, еңсемізді тіктегелі ауылға қайтадан назар аударылып жатыр. Бие байлап, қымыз ашытатын, ат баптап, бәйгеге қосатын ауыл-ауылдар жаппай болмаса да, еліміздің әр-әр жерінде бар ғой, әйтеуір. Ауылдың баласы топырағына тартпай тұрмайды. Ал қаладағы қаракөз балаларымыздың түп-тамыры ауылда екенін сезінсе ғой деймін.
Daukennin-uly2-290x300.jpg

Қазаққа төрт түліктің ішінде ең жақыны жылқы малы ғой. Жылқының тек соғым екенін білумен шектелмеуі керек бүгінгі қазақ баласы. Жылқы деген қазақтың жанына жан бітіретін, жігеріне жігер қосатын, санасын сақайтып, адамның сергек болуына септесетін жігіттің жақын серігі. Біздің батырлар жырындағы Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Ер Тарғынның Тарланы, ертегідегі Ер Төстіктің Шалқұйрығы тегіннен-тегін батырға қоса аталмайды. Арманға қанат бітіру үшін айтылады. Соларға қызығып өскен бала тегін болмаса керек. Сол бала кезінде оқып-сүйсінген қиялындағы сәйгүлігін өзі де түбі жаратып шығады. Мұндай жігіттер қазақта аз емес, Құдайға шүкір. Қазіргі тәуелсіз елдің шекарасын батыр бабаларымыз тұлпарының тұяғымен сызып берген. Бүгінгі балдырғандар соны бүкіл жан-жүрегімен сезіне алса ғой дейсің. Сондықтан оны сақтап қалуда да жылқы малы сырт қалмауы керек. Жылқыға жақын болсаң ұлтқа деген махаббатың артады. Кез келген істі адам өзі бастауы керек, ұлым мен қызымды да соған тәрбиелеп жатырмын. Жылқыға деген махаббат қанында болғаннан кейін 6 жасар ұлым да, 3 жарым жасар қызым да жылқы десе, тұра шабады. Екеуін де аттың үстінде тәрбиелеп жатырмын десем болады.
улымен.jpg
Қазақтың байлығы – тілінде. Қазақ тілі секілді бай тіл ешбір елде жоқ. Сол себепті, бүгінгі арманшыл жастар да ең әуелі тілімізге деген құрметін түзесе деймін. Әрине, ол үшін көркем әдебиетті көп оқу керек екені баса айтылады. Біздің әдеби мұрамыз өте бай, сол байлықты игеру керек балдырғандарымыз. Қазақ тіліне бекем болса ешқашан ұтылмайды. Әр қазақтың баласы қазақ тілінің мерейі үшін қызмет қылса деймін.

Жазып алған Асылан Тілегенов,
«Ұлан» газеті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар