Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Дәулетжан Махмұт. Піл сату

12.01.2019 1136

Дәулетжан Махмұт. Піл сату

(әңгіме)

Қанбазардың ортасы. Есен дә-ә-әу пілдің мойынына жуан арқан байлап жетелеп алып айқайлап келеді:

- Піл сатам, піл алыңыздар... семіз піл... сүбесі бес елі.

Қас-қағым сәтте піл маңайына адамдар жинала бастады. Қолдарында бір-бір қап, топырлап пілді көріп, таңырқап жатыр.

- Бір санының еті бір түйенің еті-ау.

- Бір жіліншігін алсаң, тананың жарты еті болар.

- Аламыз ба қайтеміз?

Ел шуласып, күбірлесіп жатты. Бір кезде ақсақалды қария жиналған топты кимелей ортаға шығып:

- Пілің арық екен, еті шандыр, қатты болар, өзі кәрі піл көрінеді – деп тұмсығын көтеріп қояды. Пілдің ол жағына бір, бұл жағына бір шығып жүрген Есен шалдың сөзіне шамдана қалғандай, дауысын қатқыл бастап, соңын майдалай жөнелді.

-Ата, не деп тұрсыз? Сіз білмейді екенсіз. Жалы мұздай, жаясы анау тығыршықтай. Сүбе майы бес елі-ау, шамасы, тұмсығы анау бір жіліншікке татиды, - деп, пілдің тұмсығын көтеріп қойды. Осы кезде орта жасар біреу топ жара сөйлеп:

-Мына пілді кім тұрған тұрқында ала алар дейсің, сойып бөлек-бөлек сатсаң болмас па еді?

Есен сәл ойланды да:

- Ия, ия...піл сатам, піл етін сатам. Семіз, еті жұмсақ, жас піл, - деп Есен пілді айнала жүріп айқайлады. Ол тоқтай қалып, ойланып қалды. Қалтасынан бір бума ақ қағаз алып шықты да, пілдің әр мүшесіне баға жапсыра бастады. Мойнына бір қағаз (150 000 тг), қабырғасына (200 000 тг), жаясына (300 000 тг), қарнына (150 00 тг), тұмсығына (300 000 тг), сирақтарына (100 000 тг) екі тісіне екі қағаз (50 000 тг), қаракесек еті (30 500 тг), пілдің өне бойы жыпырлаған баға жазылған қағазбен көмкерілді. Есен жан-жағына жалтақтап айғайлап жүріп адамдардың арасынан Зәкиханды көріп қалды:

- Ойй, сен мұнда неғып жүрсің? Кетіп қал, саудамды бүлдіріп жүрерсің – деп айқай салып еді, Зәкихан елдің арасына сүңгіп жоқ болып кетті.

Меңірейіп тұрған піл жарықтық тұмсығын бір қақты да, бар дауысымен шыңғырып, басын сілкіп-сілкіп жіберді де:

- Мен арзан кететін болдым, құнымды тым арзанға бағалап тұрсың – деп ренжіді.

- Сен араласпай тұр, бағаны белгілейтін мен – деп пілдің иегінен нұқып қалды. Піл басын шайқап күмілжи:

- Әййй, Есен, әй...әй... саған сеніп жүрген өзімде ақымақпын. Алтын басымды қара темір құрлы бағаламадың-ау.

Есен ашулана айқайлап: «Жап ауызыңды» - деп еді, піл басын төмен салбыратып сүмірейді де қалды.

Піл еті жапырлай сатылып жатты, Есен мойнына асып алған дағарына ақшаларды салып әлек. Көзді ашып жұмғанша пілдің түгіде қалмады. Қап-қап ет көтерген ел тарсып жатты, араларында ет алуға үлгере алмағандар да болды.

- Біз не істесек екен? Енді қашан піл еті сатылады?

- Сатылады, үнемі осы арада піл базары болып тұрады. Ендігі сатылатын пілдер бұдан да семіз – деп Есен айқайлап жар салып жатты.

- Жарайды, ертең осында күтеміз – деп ет алуға үлгере алмағандар, бос дағарларын құшақтап тарасып жатты. Есен де екі қап ақшасын арқалап, миығынан күле, кетпекке ыңғайланғанда артынан:

- Тоқтаңыз, мырзам, кідіріңіз – деген айқай шықты. Артына бұрылып қарап еді, ауызы-басы дорбиған, дәу семіз негір аюдай қорбаңдап жүгіріп келеді екен.

- Тоқтаңыз, піліңіздің төрт табаны мен екі тісін мен алайын – деп ентігіп сөйлеп тұр. Есен жерде жатқан төрт табан мен екі тісті көріп ойланып тұрды да:

- Сатпаймын – деді.

- Сатыңыз, қолыңыздағы қаптай екі қап ақша берейін – деп, қолында ұстап тұрған екі қап ақшаны Есенге ұсынды. Есен басын шайқап, теріс қарады. Негір алақандарын ысқылап біраз ойланды да:

- Жарайды, үш қап болсын – деп жейдесін жоғары түріп, қарнынан бір қап ақша суырып шығып Есенге ұсынды. Есен:

- Жарайды – деп келісе қалады. Негір қол алыса құшақтасып, Есеннің жауырынынан қақты да, жердегі шашылып жатқан төрт табан мен екі тісті жинай бастады. Есен оның қорбаңдаған қимылына қарап, мысқылдай, мырсия күліп алды да жолына түсті.

Есен қара құрым қалың халықты артынан ертіп, даңғыл көшенің қақ ортасымен алшаңдай басып келе жатқан. Бейне әлем алақандай болып өз меншігіне өткендей, сан қиялдың қайсысының басына шығарын білмей, ала бұртып келе жатқан да, алдынан беттерін қара бүркеншікпен жасырған, қолдарына мылтық ұстаған жеті-сегіз адам шығып, мылтықтарын кезеп:

- Тоқта, әкел ақшаны! – деп айқайлады. Есеннің қол-аяғы дірілдеп, не істерін білмей артына шегінді. Онымен бірге қаптаған қалың адамдарда шегінді. Есен тоқтай қалды да:

- Сағанда жоқ, мағанда жоқ – деп ақшаны артындағы қалың адамдарға қарай шашып жіберді. Әлгі сұмырайлар мылтықтарын лақтыра салып, қолдарын созып ақшаға қарай тұра ұмтылды. Ақша шашылып жатыр, ел талап алып жатыр. Екі қап ақшаны шашып үлгергенше болмады, ел жапырлай үймелеп, Есенді аяқ астына таптап кетті. Есен қиналып өлуге таяғанда, жастықтан басын жұлып алды, үсті басы қара терге малшынып кетіпті, маңайына қарады. Таң әлде қашан атқан, нағашы ағасы мен Зәкихан ұйықтап жатыр. Ол ентігін басып біраз отырды да, ұялы телефонына қарады да, орнынан асығыс тұрып, асығып киіне бастады. Осы кезде нағашы ағасы оянып кетті:

- Қайда бармақшысың?

- Сауда келісіміне, базарға – деді келте қайырып.

- Ерте ғой, біраз жата тұрмадың ба, кеше шаршамадың ба?

- Қайдағы шаршаған? – деді де аяқ жақта жатқан бір нәскиін киіп, енді бір нәскиін таба алмай дал болды. Көрпесін ары-бері лақтырады. Жоқ ...

- Нағашы аға, нәскиімді көрмедің бе?

- Қайда шешіп едің? Біз қайдан білеміз сенің киіміңді – деп нағашы ағасы теріс аунап, көрпесін қымтанды.

Есен ұялы телефонына қарады да, бір нәскисіз аяғына кросовкасын киіп, беті-қолын асығыс жуып, шашына су сала салды да, есіктен шығып кетті. Бағанадан бері Есеннің әр-бір қимылын көзбен ұрлана бағып жатқан Зәкихан, Оны есіктен көзімен шығарып салып қала берген еді.

Есен көшеде жан-жағына жалтақтап келе жатыр. Кейде өзінің бас-аяғына қарап, жаға-жеңін түзеп қояды. Көшеде адам сирек. Ол тездеп басып келе жатқан жүрісін тоқтатып көшенің арғы бетіне өтті де, базардың қақпасынан еніп кетті. Базарды қиғаш қиып барады, бірлі-жарлы адамдар болмаса, қазірше адам аяғы басулы. Есен базар ішін өрлеп келеді. Кеше жүріп өткен жолын қайта есіне түсіріп, маңайына көз салып қояды. Нағашы ағасы көрсеткен жол белгілерін көріп кідіріп қалады. Жүре-жүре барар жеріне жетіп келді де, тауар қоймасының есігіндегі құлыпты көріп, кідіре қалды. Жан-жағына қарады. Ешкім көрінбейді. Аз уақыттан кейін көзі шүңірейген, мұрны қайқыштау неміс жігіті келіп Есенге қарап қойды да, қойма есігін ашып, іштегі киімдерді сыртқа шығара бастады. Есен неміс жігітінің жанына келді де:

- Мұрат аға келмеді ме? – деп сұрады. Неміс жігіт тіл қатпады. Осы кезде анадайда Мұрат ағасы гүжірейіп көлігінен түсіп жатқан еді. Есен оны көре салды да, Мұрат ағасына қарай жүгірді:

- Ассалаумағалейкум, Мұрат аға, қалыңыз қалай?!

- Шүкір, өзің қалайсың, нағашың қайда?

- Барлығы ойдағыдай, нағашы ағам өз шаруаларымен жүр, мен өз алдыма жұмыс істеп жүрмін.

Мұрат қоймаға кіріп, тынығып отырған неміс жігітке амандасты да, анадайда тұрған орындыққа отырды. Есенде ере кіріп, жинаулы тұрған киімдерді қолымен ұстап көріп жатып:

- Мынаның бәрі қытайдың заттары екен.

- Иә, басқа қайдан болсын, сол қытайыңнан айналдық.

- Кімдер жеткізіп береді тауарларды?

- Өзімде жігіттер бар, солар жеткізіп береді...

- Тауарларыңды мен әкеліп берсем қалай Мұрат аға?

- Қалай әкелесің?

- Қытайлардың жағдайымен қанықпын ғой, тауар алдыру қиын емес. Нағашы ағамның тауарларын мен әкеліп жүрдім емес пе?!

Мұрат қолын айқастыра шіреніп тұрған Есеннің бас-аяғын көзбен бір шолып өтті де:

- Сен жігіт қолыңнан іс келетін көрінеді, отыр мұнда – деп қарсы алдында тұрған орындықты нұсқап:

- Бірінші осында істе, ана Гитлердің тұқымымен бірге осы араның жағдайына қанығып ал. Қалғанын сосын көре жатармыз.

- Бұл жердің жағдайын біліп болдым, уақытымды босқа өткізгім келмейді.

Есен бір аяғын тізесіне айқастыра, бір қолымен балтырын тарта шалқайып, қайта сөзге кірісе бастады. Мұрат осы кезде оның нәскисіз сойдиған балтырына қарап аң-таң бола қалды. Есен:

- Мұрат аға, таңертең сізбен кездесемін деп асығып жүріп, бір нәскиімді таба алмай қойған едім, ұят болды – деп Есен ұялғандай болды да, ауызы қайта көпіршіп сөйлей бастағанда, Мұрат ағасы сөзін бөліп:

- Ештеңе етпейді, бірақ жинақы жүрген жөн ғой – деп солқылдап күлді.

- Иә, иә... сіздің менімен істес болуға ынтаңыз бар ма екен?

- Ойланып көрейін, керек болсаң өзім іздеп тауып алармын.

- Мұрат аға, тағы басқа асығыс шаруаларым жетіп жатыр, мен жүрейін.

- Жарайды.

Есен жаға-жеңін түзеп есікке беттегенде, бір балағынан нәски түсіп қалды. Оны көрген Мұрат ағасы еріксіз қатты қарқылдап күлді. Есен артына бұрылып, Мұрат ағасына таңдана қарап тұрғанда, Мұрат ағасы күлкісін зорға басып, еденде жатқан нәскиін нұсқап:

- Анауыңды қалтаңа салып ал.

- Немені?

- Нәскиіңді – деп Мұрат қарқылдай күлді.

- Менікі емес – деп Аң-таң болған Есен еденде жатқан нәскиге қарап аңырып тұрып қалды.

- Шалбарыңның балағынан түсіп қалды, салып ал қалтаңа.

- Менікі емес, менікі шалбарыма қайдан кіріп алған?

- Жарайды, сенікі емес шығар, далаға апар да, қоқыс жәшігіне сала сал.

Есен нәскиді қалтасына салып, асығыс шығып кетіп бара жатты. Қалтарыстау мүйіске жетіп, қалтасындағы нәскиді алып көрді де, өзінікі екенін танып, өзіне-өзі күліп: «Не болып кетті өзі?» - ден басын шайқап қойып кетіп бара жатқан да, анадайда үш-төрт жігіттің бірін-бірі ұрғылап күлісіп тұрғанын көріп: «Маған күліп тұр-ау шамасы, мені кім деп ойлайды екен өздері, танисыңдар әлі көкелеріңді» - деп іштей күбірлеп кетіп бара жатты...

Есен аялдамада көп ойланды. Қала шуылының ешбірі құлағына кірмейді, меңірейген қалпында көп тұрды. Келген қала көлігінің біріне мінді де, хайуанаттар бағына барды. Шамасы, түсінде көрген пілді өңінде көргісі келген болар. Бақтағы түрлі хайуанадарды көріп келе жатып, арық кой-ешкілерді көріп жаны ашыды. Аюды көрді, балпаңдаған жүрісіне таңданып, түсіме аю кірсе қайтер едім деп қорыққандай болды. Қасқыр мен түлкінің әбден жуасыған бейнесін көріп, жұдырығын түйіп, қолын сермеп-сермеп қояды.

Өзі іздеп келген дәу пілге келді. Үйдей болып тұрған пілге аңтарыла қарап, ештеңемен жұмысы жоқ қаннен-қаперсіз тұрған алып пілдің бейғамдығына таңданды. «Қандай аңқау, өзі тіл алғыш болар, мына момындығы оның жат десе жатып, тұр десе тұратын түйе сияқты екенін аңғартқандай. Әй, қайдам, бұл ашуланса нені бүйым көрер, мына бақты басына көтеріп, талқан етер. Бейне жараған бурадай долданса, өзіне нені тең көрер. Көшеге шығып кетсе не болады?! Адамдарды тұяғымен қағып ұшырып, көлік біткенді аяғымен таптай салып, жерге жапсырып бір-бір парақ қағаз етер. Мені қуаласа қайда қашамын? Е, оған бір амалын таппаймын ба?! Көзіне бір уыс топырақ шаша салсам дуалдарды сүзгілеп, не болғанын білмей қалар. Бұл амалды менен басқа кім ойлай алар...

Осы піл деген өзі туғанда кішкентай болады. Мұнша алып денені қайтып жасайды екен?! Адамдар осындай дәу болса, құрып қалсын, онда үйге сыймас. Көлікке қайтып отырады? Онда мына ғимараттар үлкен, биіктігі аспан тірер. Көшелер қандай кең болар еді. Онда жер шары, жер шарыны қойшы, Алматының өзі бұл қалпынан жүз есе үлкен болар еді»

«Сонда мен қандай болам?!»

Есен екі қолын екі жағына созып жуандығын мөлшерлейді. Ұзындығын мөлшерлей алмай аңтарылып тұрды да, анадайдағы нән терекке қарап жұдырығын түйін, «Мен тап ана нән теректей болармын». Басын шайқайды. Пілге телміріп тұрып маңайынан өткен-кеткендерге назарын салмапты. Бір кезде қасына кішкентай бала жүгіріп келіп:

- Аға, мынау кімдікі? – деп сұрады.

- Ау – деп жалт қарап, өз қиялынан айығып:

- Бұл менің пілім – деді де жүре жөнелді. Кетіп бара жатып: «Бұны да сатамын» - деп күбірлей қалды. Бұл сөзді қалай айтқанын өзіде білмей қалды. Бала пілді қызықтап қала берді. Есен бағдарсыз кетіп бара жатты...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар