Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Дәурен Қуат. Ұлтқа ұлттық әдебиет жақын...

24.04.2018 8027

Дәурен Қуат. Ұлтқа ұлттық әдебиет жақын

Дәурен Қуат. Ұлтқа ұлттық әдебиет жақын - adebiportal.kz

Жазушы да қоғам талабын үлкен рухани белсенділік, творчестволық ізденіс үстінде игереді. Осы арада өнерге биік талап қоюға байланысты екінші мәселенің басы ашылады. Ол - өнерпазға биік талап қоя білу. Өнер шекарасын қызғыштай қори білу. Біздің әдебиетте әлі күнге етек алып келе жатқан «модашылдық», сартап штамп пен сартабай даңғойлық басым. Осы тұста жазушы Дәурен Қуатқа, бүгінгі әдебиетке байланысты, өз көкейімізде жүрген сауалдарды қойған едік.

Технократтық қоғамға әдебиет керек пе? Керек болса оның формасы қандай болады?

- Ғылым мен техниканың, индустрияның заманауи жетістіктеріне қол артқан елдерде өнер, музыка, жалпы шығармашылық орта өмір сүріп жатыр. Демек бұл ортада әдебиет те бар деген сөз. Әдебиет бар деген сөз – әдебиет керек деген сөз. Сұрақ, әрине, бүгінгі қоғам мінезінен туып отыр. Оны мен түсінемін. Әдебиеттің де күрделіліктің ақ жал толқынында желкенсіз қайықтай қалтылдап кете беретін тұстары болуы мүмкін. Дәстүр кертартпа, ескіліктің мектебі сияқты көрініп, жаңашылдық эксперименттен аспай қалатын өлара кезеңді әдебиет те бастан кешіп жатады. Бірақ, «әлем кітапқа ену үшін жаралған» (С.Мелларме). Алайда, кітапқа енетін әлемді әдебиет көре білуі керек. Дұрысы – әдебиетші, яғни қаламгер көре білу керек. Ал, ол әлемді технократтық қоғам жайлап жатыр ма, теократиялық қоғам жайлап жатыр ма – басқа әңгіме.

Форма қандай болуы керек дейтін сұраққа келсек, айтар едім: әдеби шығармадағы қалып немесе сыртқы пішін мазмұнға әсер етпей қоймайды. Ол алдымен мәтінде көрініс табады. Мәтін мазмұнға әсер етеді. Сөйтіп әдеби көркем шығарма жаңа оқырман іздейді немесе жаңа оқырман ортасын қалыптастырады. Әйткенменде, мәселе шығарма авторының шеберлігіне байланысты. Қазір дәстүрлі бағытта жаза отырып дәстүрдің өзін ішінен түлетіп, жаңалап жатқан жазушылар бар. Мәселен, Патрик Зюскинд. Дәстүршіл әрі жаңашыл. Жайдақ әрі тұңғиық. Біздің әдебиеттегі Тәкен Әлімқұлов пен Әбіш Кекілбаевтар сияқты. Кейінгі толқындағы Серік Сағынтай мен Сәкен Сыбанбай, Қанат Әбілқайырлар сияқты.

- Бұрын әдебиет идеология болды. Капиталистік елдерде ол бизнеске айналды. Ал, біз неге айналдырамыз?

- Әдебиеттің идеологияға қызметін мүлде жоққа шығаруға болмайды. Шығарманың өзегінде ой, идея, үндеу жатады. Біз әдебиеттің идеологияға қызметін неге ұнатпаймыз? Өйткені, кешегі Совет өкіметі, коммунистер билігі әдеби шығармаларға идеологияның бояуын аямай езіп құйып отырды. Ол бояуды қаламгерлер де көзді жұмып қойып сімірді. Сөйтіп дүниеге жансыз, нәрсіз шығармалар шұбырып келе бастады. Қазақтың құнарлы, ойлы, көркем тілі бар ажарынан айрылып Совет өкіметінің жыртығын жамауға көшті. Бұл шамада капиталистік елдердегі жазушылар жазған дүниелерінен пайда тауып, тіпті, шылқа байып жатты. Джек Лондонның «Мартин Идені» есіңізде ме? Бұл шығарма әдебиет ұйымдарын, одан кейін қаламгерлер одағын құрып, оның екі тізгін бір шылбырын қолға алған Совет өкіметінің билігіне еркін, азат ойлы Батыс пен АҚШ қоғамы тарапынан жазылған жауап сияқты көремін, өз басым. Аталған шығарманың астарында да идеология, яғни Құрама Штатты, американдық өмірді әспеттеу бар және сондай ортадағы жазушының жетуі ықтимал мүмкіндігін паш ету бар. Әрине, шығарма тосын оқиғамен аяқталады. Әйтсе де, Мартин Иденге қызығамыз. Оның тұяқ қапты тірлікте сан сүрініп, сан тұрып, жазуға ұмтылуы, ақыры оның игілікке айналуы – кім-кімді де толғандармай қалмасы анық.

Жалпы коммерциялық әдебиет Батыс жұртында болған, бола да береді. Өзінің нағыз шедеврін жазуға отырғанша, талай тарлан жазушы коммерциялық әдебиеттің ауылына ат басын бұрып тұрған. Бірақ бұл капиталистік елдерде дүниге келген шығармалардың бәрі бизнеске айналды немесе Совет өкіметі кезінде жазылған шығармалардың бәрі Советтік идеологияға қызмет етті дегенді білдірмейді. Біз, міне, мәселенің осы екі қырына да мән бере отырып, өз жолымызды тапсақ, оны қазақ әдебиетінің бір кезеңіне жеткізіп, мектебіне айналдыра алсақ, қанекей?

- Шедевр, озық әдебиеттің бағасын беретін, қадірін түсінетін оқырман да, мемлекет те жоқ секілді. Әлде мемлекеттің ат-атағы үшін жазушыға жағдай жасап, қолдау керек пе?

- Ортасынан оза шауып шыққан, дәуірлік сипаты, мазмұны бар шығармалар неге бағасыз қалсын? Меніңше, орнымен, ретімен бағаланып келеді. Нобель сыйлығы не үшін берліп жатыр дейсіз? Мысалы, «Сайтанның сайранын» жазған доминикандық жазушы В.Льосаның мойындалуы (бұл жазушыны Боб Диланмен салыстыруға мүлде болмайды) шедеверлердің мүмкіндігі шексіз екендігін кезекті рет дәлелдесе керек.

Өзімізге оралайық. «Бұрынғы шығармаларынан кем шықты», - деп сыншылар сын айтқанымен Мұхтар Мағауиннің «Жармағы» қолдан-қолға өтті. Таласбек Әсемқұловтың «Талтүсі» әдеби ортаны дүр сілкіндірді. Дидар Амантайдың шығармалары әдебиеттің тамаша білгірі Әлия Бөпежановалардың тарапынан өте жоғары бағаланды. Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Жүсіпбек Қорғасбек сияқты сақа жазушылардың шығармалары жарық көре қалса, оқырман қауым жата жастана оқып, пікір білдіруде. Мен оны аталған жазушылардың шығармаларын ғаламторда, мысалы, Abai.kz ақпараттық порталының «Әдебиет» айдарында жарияланған шығармаларына қарап білемін. Қазір қаламгер мен оқырман арасында төте байланыс бар. Сондықтан, жазушылар ғаламторға шығып тұруы керек. Дәстүрлі басылымдардан қол үзбеуі керек. Ал, шыға алмаса, жаза алмай жатса, кемел дүние жазылмай жатса, онда кімге өкпелейміз? Оқырманға өкпе жоқ. Бұндай жағдайда мемлекетке міндет артудың өзі артық деп білемін.

- Қазір ұлттық әдебиет үлгісі өміршең бе әлде жаһандық өмір сүру формасына негізделген көпшілік әдебиет сұранысқа ие ме? Екеуінің қайсысы тарихта қалуы мүмкін?

- Ұлтқа ұлттық әдебиет жақын. Мен қазақты, қазақтың табиғатын қазақтың көзімен қарап жазуға тиіспін. Қазақ жазушысы қазаққа Батыстық жазушылардың ыңғайымен келсе, онда біткені. Қазақ жаны ондай жазушыға ашылмайды. Бәлкім, бүгінгі депрессияға ұрынған, шетсіз-шексіз уайымға салынған, рухсыз, жылусыз адам болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол шындап келгенде қазақ емес. Сөздің орайында айта кетейін: «қазақ та адам баласы» (Абай), қазақтың өзгелерден кемдігі не артықшылығы жоқ. Бірақ, оның өзіне тән мінезі, болмысы бар. Кейде кейіпкердің өзі шығармада күтпеген мәтін тудырады. Неге олай десеңіз, ол кейіпкердің көнелігінде. Архаизмге айналған тұлға жазушының түйсігінде оянады да архаистік мәтінде өмір сүре бастайды. Архаизмді көнерген сөз мағынасында ғана түсінуге болмайды, архаизм кейде ұмытылған орам, ұмытылып бара жатқан есті сөз, шығармаға тосын мазмұн сыйлайтын жаңа мәтін болып оралуы мүмкін. Мен бұны Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптарынан» байқадым.

Өз басым «жаһандық өмір сүру формасына негізделген көпшілік әдебиет» дегенді түсінбеймін. Ол не? Егер сіз діни кітаптарда баяндалатын хикметтердің шығыстық, сопылық формасын айтып отырсаңыз – сөз басқа. Иә, ол формада жазуға әбден болады. Егер сіз «2-3 ғасырда пайда болған жапондық повестердің формасында қалам тартып көруге бола ма?» десеңіз, мен сіздің ол сұрағыңызға «иә» деп жауап берер едім. Көне түркілік жырлар мен мифтік оқиғалардың сарынын ұстап жазссаңыз, тіпті, тамаша! Қысқасы, жаһандық әдебиет дегеніміз, ол алдымен – ұлттық әдебиет. Ұлттық әдебиеттердің ортақ әлемі. Бірақ мен оны «жаһандық өмір сүру формасына негізделген көпшілік әдебиет» деп ойламаймын.

- Қазақ әдебиетін әлемге насихаттау керек дейміз. Соған лайық қандай туындыны атар едіңіз. Тым болмаса, үшеуін айтыңызшы?

- Үшеуден де көп қой. Бірақ, «тым болмаса үшеуін айтыңызшы?», - деген сұрақ болған соң қысқасынан қайырайын. Тәкен Әлімқұлов, «Қараой», Оралхан Бөкеев «Қамшыгер», Әбіш Кекілбаев «Шыңырау».

Сұхбаттасқан Айжамал Көпеева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар