Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Делебесін ұлы дүбір қоздырған...

28.02.2015 3554

Делебесін ұлы дүбір қоздырған

Делебесін ұлы дүбір қоздырған - adebiportal.kz


Достың ақыл-кеңесі – жауларға қарсы ең жақсы сүйеніш.

У. Шекспир


Әрине, қазіргі уақыт ешкімді де әлпештеп, маңдайынан сипай қоятын сыңайлы емес. Ақын екенсің – абыржыма, жазушы екенсің – жасыма. Жаз! Жаза бер! Бірақ жаздым екен деп нәпақа үшін қаламақыдан дәметпей-ақ қой. Жарылқайын деп отырған жақының да, мүсіркейін отырған мемлекетің де жоқ, есіркейін деп отырған да ешікім көрінбейді. Қағаздың тапшылығы бәріңе белгілі. Бұрынғыдай екі-үш жылда бір кітап шығарып, «жырғап» қаламын деп дәметпесең де болады. Алдымен жазғаныңды жариялауға жәрдемін тигізер демеуші іздеп көр. Сосын... Сосын барып...


Ал өзегін өлең өртеген ақын адам қалай жазбай отыра алады?! Оған тіпті қаламақының да қажеті бар ма?! О, тоба, оның да отбасы, бала-шағасы, қала берді тесік тамағы бар екені есімізден мүлдем шығып кетіпті ғой!


Қырықтың қырқасына шығып жер орта жасқа жеткен біздің буын кешегі баспанасыз қаңғыған кездеріндегі мың бір мұңын «ұмытыңқырап», орталап тастаған өмірін ойша сараптап, бір ағамыздың ұзақ жүріп үйге қолы жеткесін: «Алматыда пәтер мәселесі шешілді», – деп өз төрінде шәниіп жатқанын еске алады. Еске алады да, өздерінің өкшесін басып келе жатқан өндірдей жас ақын-жазушылардың қараусыз қалған тауқыметті тағдырын ойлайды. Ал қолында биліктің бишігі ойнаған қоғам қайраткерлерінің құлағына олардың:


«...Сымпитты мені ломбард қақшып ап бәрін,

Төккендей маған тәңірім жақсылап кәрін.

Ақша ғой жаппай аздырған қоғамды қораш,


Ақ шуақтарым, шашылшы, ақ шуақтарым!» – деген («Әділет», №15, сәіпдің 21-і, 1993) арзу-арманды ащы зары жетер емес. Қасқырша қарпып қалуды ғана көздеген азғантай атқамінерлердің мұңы басқа... Мұрнына су жетпейді!..


Айтпақшы, мен «Әділет» газетінен Әділбек інімнің – Әділбек Ыбырайымұлының өлеңдерін оқып отыр екенмін ғой. Есіме бұдан бірнеше жыл бұрын «Парасат» журналының әдебиет және өнер бөлімінде қызмет істеп жүргенімде оның арнайы іздеп келіп: «Аға, өлең оқып берейін бе?» – дегені түсті. Мені әуелі оның өлеңге ғашық, кірбің түспеген кіршіксіз таза көңілі қызықтырды.


Ол алабұртып, екпіндете, үсті-үстіне бірнеше өлең оқыды. Әлі еш жерде жырлары жарияланып үлгермеген жас ақынның аяқ алысы назар аударуға тұрарлықтай сезілді маған:


«Көз ұшында алысқа самғаған ат,

Бойға желік бітірді, жанға – қанат.

Ақбоз мінген бозбала ағызып кеп,

Өте берді біздерді шаңға қамап.

Енді аңғарып көкпарды, дегбір кетті,

Қиқулата көбейтті ел дүрмекті.

Делебемді қоздырып ұлы дүбір,

Қамшыладым еріксіз теңбіл көкті.

– Шү-у, жануар!

Ұрымтал тұста мына

Досқа күлкі, таба етпе дұшпаныма.

Қарсы алдымнан жарқ еткен сол көкпардың

Мен де создым қолымды пұшпағына.

...Осы жолда түсерміз отқа небір,

Айдалаға бос шаппа,

Тоқта, көңіл.

Қалжыраған кезімде қалтарысқа

Тастап кетіп жүрмеші, көкпар – өмір!».

(«Мерейлі мекен», 239 бет. Алматы, «Жалын», 1992).


Осындай арман мен үмітке толы, нәзік жүректің шынайы сезіміне суарылған оның жақсы бір топтама жарларының тұсауын кесіп, өзім құрастырған «Мерейлі мекен» атты жинаққа кіргізе отырып мен Әділбектің қасиетті жыр сарайына асқақ еңсемен енетініне сендім. Үкілі үміт алдаған жоқ. Алдамайтын шығар. Ол аз ғана уақыт ішінде республикалық деңгейдегі баспасөз беттерінде бірнеше рет топтама жырларын, «Құмға сіңген қан» атты поэмасын жариялап, қалта мен құрсағын көбірек ойлап кеткен қалың көпшіліктің назарын өзіне һәм өлеңге аудара бастады. Біз тіпті Әділбектің бірнеше прозалық шығармаларымен де жүздесіп үлгердік.


Әділбек Ыбырайымұлы (Алпысбаев) қазіргі күнге шейін жеке түптелген бір кітабын да баспадан шығара алған жоқ. Кітап шығару Әділбек түгілі Әбділдаға да (Тәжібаевті айтамын) оңай болып отрмағаны баршаға мәлім. Бірақ кітабы жарық көрмеді екен деп, құптанда қаламына сүйенген ақынның газет-журнал беттері арқылы оқырмандарына жетіп жатқан татымды туындылары жөнінде жұмған аузымызды ашпай отыра бергеніміз жөн бе біздің?! Осыны ойлап мен ақын інімнің «Жас алаш» газетінің өткен жылғы сәуірдің 30-ы күнгі санында жарияланған «Құмға сіңген қан» атты поэмасы жөнінде аз-кем пікір айтқанды өзіме парыз санадым.


Поэма екі бөлімнен және эпилогтан тұрады. Сылбырлау басталған алғашқы бөлімде, Қабыл, Қайрат секілді бозбалаларды міндетті әскери борышын өтеуге шығарып салу дәстүрі, Қабылдың қырда қошатасып қалған құрбысы Кенжегүлге қимастық сезімі, Тедженге жетіп, тұмсығын тіреген эшалон, әскери өмірдің алғашқы күндері, туған жер мен ғашық жарды аңсаған сағынышты сәт сықылды қарапайым жәйттер баяндалады. Поэманың осы бөлімінің өзінде Қабыл, Қайрат, Кенжегүлден өзге Дәулетияр, Таптығтар, Тұңғат тәрізді бірқатар кісі аттары аталғанымен, ақын өз кейіпкерлерін даралап, олардың есте қалар бейнесін сомдап үлгермеген. «Құмға сіңген қанның» жетіден бір бөлігіне ие бірінші бөлім осындай себептермен біз үшін сүреңсіздеу көрінді. Бұл, бәлкім, дегбірсіздік танытуымыздан да шығар.


Бірінші бөлім сержанттар дайындайтын мектепке аттанған Қабыл менен Табтығтардың әскери әзірліктерін шыңдап жатқан жора-жодастарына қайта қауышуымен тәмамдалады.


«Сағынысқан көңілдерде жүздескенде толмай ма?

Әйтсе дағы алдарында күтуде еді жол, майдан».


Осы бір егіз жол екінші бөлімге қарай жол ашады. Шығармада құлақ күйі келтірілген домбырадай осы тұстан бастап ширығып, шиыршық ата түседі.


Бірінші бөлімде бірыңғай он бес буынды (4-4-4-3 бунақты) егіз ұйқаспен орындалған «Құмға сіңген қан» екінші бөлімде екі ішектің егіз үніндей жарасым тауып, түрлене түседі. Яғни, көмекке қара өлең келеді. Кезектесіп келіп отыратын өлеңнің екі түрі екі тағдырды алма-кезек суреттеп, жалығуға мұрша бермей, жетелей жөнеледі.


«Құмға сіңген қанның» екінші бөлімінде осындай соғыс құрбандықтарының жинтық образын жасауға талпыныс бар. Поэмада соғыс көріністерімен кезектесе келіп отыратын фельдшер қыз Наташаның тағдыры біршама иланымды шыққан. Арзан атақ пен ақшаның арбауына түскен албырт жас Ауғанстанға келген алғашқы күндерінің бірінде абыройынан айрылып, «қардай аппақ арына дақ түсіреді». Осыдан соң-ақ ол көңілі қаламаса да, аға офицерлердің «ыстық құшағындағы» үйреншікті қуыршаққа айналады. Қызыліңір түсісімен ол бүгін кімнің қойынында түнейтінін уайымдап, «қарадай қыстығады».


Міне, тағы бір іңір түсті. «Қоюланып келе жатқан қара түнек» Наташаның әлденеден секем алған жүрегін дір қақтырады. Кенет...


«Тоқылдады есігі шошындырып,

Екі солдат келгені тосын кіріп.

– Шақырады командир! –

Өзеуреді,

Осылардың қолында сосынғы ырық».


Бейшара қыз Наташаның жүрек қалауымен санасып жатқан жан бар ма?! Оның «бара алмаймын» деген жалынышты үніне жаңғырық қана жауап береді. Ақынның сөзімен айтсақ:


«Бұған құлақ асатын солдат бар ма,

Қойғаннан соң жемсауын қандап қарға,

Бірді түйіп желкеден, сүйреледі,

Қыздың сөзі жетпеді жалдаптарға».


Қызара бөртіп алған масаң майор: «Ойнап-күліп жаталық таңға аз ғана», – деп «тілек білдіреді». Әскери өмірде бағынышты тұлға тарапынан: «Менің қалауым бұл емес», – дейтін қарсы жауаптың болмайтыны белгілі ғой. Командирдің сөзі қашанда өтімді. Онсыз да жаны жәбірленіп тұрған Наташаның қарсылығына ол: «Сен де солдат армия сапындағы! Орындайсың бұйрықты! Ал, әйтесе, қаматамын!» – деп бір-ақ кесім айтады...


Мерзімді уақыты бітіп, елге оралған Наташаның анасы мәз-мейрам. Көрші-қолаңдарына қызының кителіндегі самсаған орден, медальдарды көрсетіп, масаттанады. Анасының: «Қызым менің шайқасқан залымдармен, жеңе алмаған жауыздар жабылғанмен», – дейтін әңгімесі Наташаның жылаулы жүрегін жұбата алмайды.


Поэманың екінші бөлімінде соғыс суреттері, қатар жүрген адамдар арасында қиындықта ғана сыналар достық пен қастық, жүрек жұтқан ерлік пен қоянжүрек қорқақтық сияқты адамзат баласына тән қасиеттер мен сан алуан сырлы сезім шынай бейнеленген.


Жас ақын антына адал Кеңес армиясының сапындағы жауынгерлердің ерлік істеріне тәнті боп тамсана отырып, оларды оқпен қарсы алған Ауған азаматтарын да айыптай алмайды. Тіпті оларға тілектестік ниетте екендігін де аңғартады:


«Жеңдің, қайсар Ауғаным, жеңілмедің,

Қатпар-қатпар бар білем көңілде мұң.

Бостандық деп қан төктің,

Саған қарап,

Күресуді үйренді менің де елім» – деп тосын тұжырым жасап, қызықты түйін түйеді.


«Құмға сіңген қан» – жас ақынның эпикалық жанрда жазылған тырнақалды туындысы. Тұңғыш баланың орны бөлек болатыны тәрізді бұл шығарманың да Әділбекке ыстық көрінетіні ақиқат. Алайда біздің оқырман ретінде: «Шіркін-ай, автор поэманың мына бір тұстарына қайта оралып, осы бір өлең кестелерін өрнектей түссе», – дейтін жанашырлық тілектеріміз де жоқ емес. Ақынның қабылдауы яки қабылдамауы неғайбыл ол ойларымызды айтатын да уақыт келеді. Әзірге жүрегімізге жылылық ұялатқан жақсы әсерді суытып алмай тұрып, айтпағымыз осы.



Байбота Серікбайұлы

ҚОШЫМ-НОҒАЙ.

Қазақстан Жастар одағы

сыйлығының лауреаты,

ақын.


«Алматы ақшамы» газетінің 1994 жылғы 23 желтоқсандағы № 153 саны


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар