Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Детектив – көркем елес ертегі емес......

06.09.2018 5061

Детектив – көркем елес ертегі емес...

Детектив – көркем елес ертегі емес... - adebiportal.kz

Мұнан бұрын «Детектив жанры қазақ әдебиетіне керек пе?» атты мақала жазған болатынбыз, ол жердегі ойларды қайталамауға тырысайық. Жасыратыны жоқ, детектив кенже қалған жанрлардың бірі болып тұрғаны шындық.

Жазушылар қауымы бұған бейжай қарамау керектігі туралы сан мәрте айтып келеді. Детектив жазамын деген жазушыларға қолдау көрсетіп отыру қажет-ақ. Соңғы кезде аталмыш жанрда кім не жазып жүр деп, бұқаралық ақпарат құралдарын қысқаша шолып шыққан едік. Әрине, бәрін бір уақытта қамтып шығу мүмкін емесі белгілі. Десек те, сөйлеп бағайық.

Әлқисса. Детектив туралы жазушылар арасында үнемі болмаса да, жазатындар жоқ емес. Түсінуге болады, детектив кез келген қаламгердің оңды-солды ойдан құрап, құр қиялмен, шалқар шабытпен жазып шыға салатын тақырыбы емес. Ол үшін шеберлік керек және үнемі ізденісті қажет етеді. Қоғамда болып жатқан қылмыстарды біліп отыру бір бөлек, жазу бір бөлек, оны ашатын құзырлы органдармен қоян-қолтық байланыста болу да екінің біріне бұйырмайтыны анық.

Бұл жағына келгенде өзінің де қаламының желі бар қаламгер Мұхтар Анарбектің бағы зор деп білеміз. Әр түрлі оқиғалардың куәсі бола жүріп, оның бүге-шігесін жіпке тізгендей етіп жадында сақтап, қылмыстың ашылу қырларына жете мән беріп, оны қағазға түсіріп, оқырманға ұсынуы – ерекше ілтипатқа ие. Бұл орайда лейтенант шенінен басталған қызмет жолы полковник дәрежесіне дейін ұласқан М.Анарбектің өмірден түйгені мол, сондықтан да семсер-қаламын қиялға емес, өмірден алған оқиғаларға «суарады».

Тіпті М.Анарбектің жазған туындылары тек оқырманның ғана емес, сонымен қатар құзырлы органдардың өзіне қайта ұсынылған әдістемелік оқулық сияқты десек артық айтқандыққа жатпас, сірә. Өйткені автордың жазғандарын қызыға, «құныға» оқып қана қоймайсың, белгілі дәрежеде өзіңе тәжірибе де жинайсың. Себебі автор өмірде болған оқиғалар барысы хақында қалам тербеп отыр емес пе?! Оны кезең-кезеңімен қызықтыра отырып тәптіштеп жеткізе білу де – бір өнер. «Қонақүйдің құпиясы», «Ком­мерсанттың қазасы», «Шымкенттегі шырғалаң» атты туындылары сондай ізденістен туған шоқтығы биік шығармалардың санатына жатады.

Мәселен 1992 жылдың 22 ақпанында Қызылорда облысы аумағында бір топ аса қауіпті қылмыскерлер «вагонзактан» (сотталғандарды таситын арнайы вагоннан) қашып шығып, «Қызылорда-Сарыағаш» бағытындағы автобусты жолаушыларымен қоса кепілдікке алды кезінде. Құқық қорғау органдарымен жүргізілген келіссөз барысында қашқындар өздеріне ұшақ берілуін және Шымкент әуежайынан шетелге ұшып кетуді талап етеді. Қазақстандық арнаулы қызмет тарихында «Набат-92» деген атпен қалған, дүние жүзінде теңдесі жоқ арнайы операция бас-аяғы бір тәулікке созылды.

Шетелдік арнаулы қызметтер кепілдегі бір де бір азамат жапа шекпеген дүние жүзінде теңдесі жоқ операцияның Қазақстанда өткендігін айрықша жазды. Яғни бір тәулік бойы дайындалған операция бар-жоғы төрт секундта аяқталады! Ал неге осы ерлік оқиғаны өзіміз көркемдеп жазбасқа?! Әрине, мұны да жазған кім десеңіз, ол – М.Анарбекұлы.

Ал былайғы өмірде өзімен-өзі жүрген қарапайым жазушы детектив туралы жазамын деп тәуекелге бара қоюы да екіталай жұмыс һәм ондайды өнбес іс, уақыт кетіру деп те ойлайды. Оның үстіне, бір-екі шетелдік детективтерді оқып алып, бұл жанрда ұзақ шабамын деп ойлау, әрине, рәсуа тірлік.

Осындайда ойға түседі, белгілі режиссер Талғат Теменовтің «Казнь после смерти» деген киносы бар, жазушы абақты тақырыбын жазамын деп, ату жазасына кесілген адамның орнына уақытша «түскен» бойда, досы, түрме бастығы аяқастынан қайтыс болып кетеді де, жазушының тағдыры шырғалаңға айналады.

Біз бұл жерде жазушының тәуекелшілдігі туралы айтпақ едік... Кино кейіпкері – жазушы қылмыс әлемі туралы өзінше сырттан тон пішпей, сол әлемнің ішіне кіріп жазғысы келеді, қылмыскерлермен бетпе-бет отырып, олардың психологиясын ашқысы келеді, жазушы өз туындысының сонда ғана шынайы бола түсерін түсінеді. Бірақ бұл кинода, ал өмірде мұндай қаламгерлер бар ма қазір?!. Ойландыратын сауал.

Детективтік әңгімелер Ішкі істер министрлігіне қарасты «Сақшы», «Полиция.кз» басылымдарында және сондай-ақ жақында ғана детектив жанры бойынша байқау жариялаған Республикалық «Заң» газетінде тұрақты жарияланып келеді. Осының барлығын келешекте топтап, іріктеп жинақ қылып шығарса, зор келелі жұмыс болатынына күмәніміз жоқ.

Қазіргі күні детектив жанрында аз да болса қалам тербеп жүрген Дархан Бейсенбекұлы («Қылтұсау»), Жарас Кемелжан («Сүркейлі сурет»), Еркеғали Болатұлы («Қомақты қаржыға құныққан хакер», «Ұрыға құрылған қақпан»), Есбол Нұрахмет («Журналист, молда, киллер және жезөкше») сияқты және тағы басқа авторлардың жазған дүниелері оқырман тарапынан жақсы бағасын алып жүр.

Ал енді бұл жанрды ақсатпаудың бір түрі – тұрақты түрде әдеби байқаулар ұйымдастырылып отырса және оларды «Үздік детектив жазушы» дегендей сый-сияпатпен ынталандырып отырсақ, нұр үстіне нұр емес пе?!

Қоғамның көлеңкелі тұстарын айшықтап беретін, қылмысты істердің өкінішке ұрындыратынын ұғындыратын сондай ерекше жанрдың бірі – детектив. Олай болса, бұл жанрды мықтап қолға алуымыз қажет деп ойлаймыз.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар