Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Дидар Амантай. “Бақытсыз Жамал” – роман ба, повест...

08.09.2019 5959

Дидар Амантай. “Бақытсыз Жамал” – роман ба, повесть пе? 16+

Дидар Амантай. “Бақытсыз Жамал” – роман ба, повесть пе? - adebiportal.kz

Қазақта бұрын роман жоқ еді.

Біздің арамызда қазақша

бірінші роман жазып шығарған

Міржақып Дулатов болды.

Ахмет Байтұрсынов

Әлқисса, шығарманың көтерген жүгі, алға тартқан сюжет желісіне қарасақ, “Бақытсыз Жамал”, сөз жоқ, роман жанры талаптарына сай туынды.


Бас қаһарман тағдыры сол кездегі әлеуметтік орта, қоғам таным-түсінігі шеңберінде өріліп отырады. Басында бақытын тапқанда, шығарма атауы жаңсақ қойылған шығар деген ой да келеді. Бірақ, уақиға дамуы бізді басқа жақтарға, күтпеген жағдайларға бұрып әкетеді.


Қазақ арасында тартыс тудырған “хұсуса жәдид”, “ұсыл жадид” тәртібі де сөз болады. Ілім-білімге сүйреген көзқарас алаш тағдырына оң әсер еткені белгілі.


Роман он үш бөлімнен тұрады. Тоғызыншы тарауы – ұзақ. Әңгіме баяны нығыз, тез ауысып отырады, бір-екі сағат ішінде оқып тастайсыз. Ескі сөздер, көне ұғымдар көп, қаламсаппен қарап отырып оқыған жақсы. Ұнаған жерін түртіп қоясыз. Тілі жатық, әдеби, нақ.

“Болатын мақсұт хасыл жол табылса”, “Айтар ма жақсы жігіт жұртқа сыр фаш”?


Көрнекі метафоралар да, сәтті образ сөздер де жеткілікті: “Шәрбатын ғашықтықтың татпағандар Ант беріп айтсаң дағы сірә нанбас”, “Шаһбазлар сүйген үшін ізденуден”, “Екі тараптан да бір-біріне махаббат байланды”.


Енді әдепке байланысты. Біз қазақ даласында ғасырлар бойы қатаң тәртіп орнап, қыз баланы шектен тыс тыйып ұстағандай көреміз. Меніңше, түзде, еркіндікті сүйген көшпелі елдің салт-дәстүрі аясында, белгілі бір дәрежеде бостандық үстемдік құрды.


Десек те, осы эпизод қалай болады екен (?): “Ләкін екеуі оңаша жолығуға ешбір реті болмай жүрді. Далаға шығып-кіріп жүргенде Ғали Жамалға әдейі бір жолығу үшін келгендігін сездіріп қойғанда, Жамал түнде Ғалидың қасына келуін шүбәсіз деп ойлап қойды. Һәм бұл ойы да теріске кетпей үй іші ұйықтаған уақытта екі жас бір тѳсекте еді”.


Бұл жерде қолданылған Ләкін, фаш сөзі түсініксіздеу көрінді. Мынадай жақсы метафора да бар: “Ѳлсек шұқыр бір болсын, шықсақ – тѳбе”...


Айта кетер жайт, романда екеуара құсни хаттар өлең түрінде келтіріледі. Кейбір авторлық көзқарас та жыр күйінде жазылып, уақиғаны толықтырып отырады.


Бірақ, фаһім, Хәста, махбуба, бихисап (төменде) сөздерін бірінші рет кездестірдік: “Жамалжан, парасатлу етер фаһім…Зораяды күннен-күнге біздің Хәста”. “Ғалидан – пақырыңыз жазылды хат Махаббатлу махбуба Жамал досқа”…


Бір жерінде: “Бұл жігіт хатты сол күні-ақ Ғалиға жеткізіп берген соң ашып оқыса, жазылған сѳз мынау екен: Ғалижан, біздің қолға тиді қағаз, Жазғанын қабыл алдым сіздей шаһбаз. Мақсатқа муафиқлы сѳз шыққан соң, Ѳңім бе, түсім бе деп тұрдым біраз”…

Міржақыптың бөлімдері тарау секілді нәрсе, көлем тұрғысынан шығарма – шағын… шамамен, алпыс бет. Тілге бай, сөз қоры ағыл-тегіл. Түнде жолығып, уағда байласқан сәтті былай бейнелейді: “Май жұлдызы, таң қысқа, ай жарық, дүние тып-тыныш, жел жоқ, һауа жақсы, жаңа қонған жұрт, кѳкорай шалғын, жапырақ гүлдердің иісі аңқып, біздің жастарды кѳріп тұрған жалғыз Алла, екіншісі аспандағы Ай мен Жұлдыз еді”, немесе “жан-жануар күндізден шаршаған секілді тынығып, жылқы жусап, қара мал күйсеп, анда-санда қой үріккенде ұйқысы сақ тѳбеттің маңқылдап үргені, кемпір-шалдың айтақтаған дауысы ғана естілуші еді”, немесе “Бұған Ғали да бихисап қуанып, екеуі ендігі жексенбіге осы сайды белгі қылып, уағда байласты”…


Қос ғашықтың ел ортасынан қашар сәтін жақсы, анық суреттеген. Автордың суреткер жазушы екендігі көрініп тұр: “Жексенбі күні де болып, ел жатқан уақытта Ғали, Жүніс, Нұрмаш үшеуі, ерлеген бір ат жетегі бар, жолықпақшы болған сайда даяр болған еді. Бұларға әр бір еткен минут сүрленген жылдай болып: “Қашан келеді, қашан келеді”, – деп қарап тұрғанда, бүркенген екі әйел кѳрінді”...

Әрі қарай оқиғалар тез дамиды. “Бір қонғаннан кейін Ғали Фатихолла баймен ақылдасып, құр мұнда келіп қарап жатқанның мәнісі болмас, “ұлықтан Жамалдың басына ерік алалық”– деп адвкатқа арыз жаздырып, крестьянский началышкке Жамалды кіргізді. Арызында: “Мені жеті жасымда атам қазақ ғұрпынша бір қазаққа малға сатқан екен, бұл күнде кәміл жасқа толып кѳрсем, күйеуім ѳзіме ұнамағандығы себепті һәм мені атам ықтиярсыз бермекші болған себепті, ѳзімнің сүйген жігітіммен қашып келдім. Мархамәтшылық жүзінен мен мазмұнаның кѳз жасын құрғатып, басыма ерік беріп қиянаттан қорғасаңыз екен”,– деген сѳздер жазылған еді”.


“Бұл арызды ілтифатқа алып, начальник Жамалдың қолына: “Кімге барсаң да ықтияр”, – деген қағаз беріп, болысқа һәм былайша қағаз шығарды: “Жамал Сәрсенбайқызына ешкім қиянат, жәбір қылмасын! Сүйген күйеуіне баруға ѳзіне ерік берілді. Қалыңмал хақында дау болса, волостной съезге саларсың”, – деп.

“Бұл күн осылай хабарлармен ѳтіп, екінші күнде Байжан, жиырма жігіт ертіп, “бәлемнің шаңырағына қобыз тартайын”, – деп, Сәрсенбайдың аулына келіп түсті”…


Байжан, Жамал айттырылған Жұманның әкесі, демек, бас қаһарманымыздың қайын атасы, ықпалды жуан ата, би.

“Болыстың бұл қағаздары начальникке тиген уақытта Дүйсебек, Сәрсенбай, Нұрмаштар да қалаға келіп жетіп, ғарызларын кіргізді. Ѳз ыктиярларымен бірін-бірі сүйіп қашқан қыз бен жігітті біз қашырды деп, қанша малымызды барымта алып бермей, ѳзімізді тауып беруге міндетті қылып, тауып бермесең екі айдай түрмеге бұйырып, уә һәм указной молдамыз неке оқыдым деп ѳтірік куәлік беріп, болыс-билер һәм байлар бірыңғай болып қиянат етіп тұр. Бірнеше мәрте барғанда биліктен копия да бермеді, деп, нендей болған уақиғаны баян етті. Начальник бұлардың ғарызын ілтипатқа алып, болыстан жауап сұраған қағаз жіберді”…

Романда Ғалидың науқастан дүние салуы тосын, шығарма желісінде бұл туралы емеурін де жоқ еді. Бірақ, автор кейіпкерлерінің қуанышты күндеріне бұлт қаптатып, қара аспан төндіреді. Ешқандай жасандылық жоқ, тура өмірдегідей, ажал күтпеген жерден келеді, Ғалиды аяқастынан алып кетеді. Жамал жылап жалғыз қалады. Қаза жайлы қаралы хабарды қырда жатқан туған-туыстарына жеткізеді.

Жағдай өзгереді. Бақытсыз Жамал қайта Жұманға табыс етіледі.


“Бұлар үш күн қонып, қайтатын күні Ғалидың зиратына дұға қылмақшы болып келген еді. Молда құран оқып болған соң, Жамал Ғалидың қабірінің басын құшақтап отырып, кѳзінен жас ағызып сѳйледі: Ғали! Ғали! Бақытсыз Жамалың қасыңа келіп тұр, Алла тағала маған сенің қабіріңді кѳрсеткенше, мені алғаны жақсы болатын еді, бірақ бұйрықсыз жан шықпайды екен. Дүниеде бірге рақат ғұмыр ѳткеремін, Ғали тұрғанда еш жаманға қор болмаймын дегенім тәкаппарлық екен”…

Біз курсивпен белгілеген сөз – керемет сөз! Тәкәппарлықтың мұндай түрі болатынын білмеппіз. Пенде армандағанда, аузына Құдайды алмаса, ол да асылық екен. Ғажап түйін.

Қорлыққа шыдамаған Жамал қыстың көзі қырауда, қалаға қашып шығамын деп далада боранды түні үсіп өледі. Автор оны былай көрсетеді: “Жамал да жан ұшырып, тұлабойы қызып бара жатқан секілді болып, үстіндегі киімдерін әр жерге шешіп лақтырып, бар даусымен: Ғали, Ғали, қиналды жаным, қайдасың? – деп, ақырғы тіршілігінің минуты осы болып, бір ояздай елге әңгіме болған сұлу Жамал мақсатына жете алмай, жапан далада, декабрьдің рақымсыз боранды түнінде жан тәсілім қылды”...


Роман несімен құнды? Бірінші, автор қазақ романын жазудың кілтін тапты, екінші, үлгісін көрсетті, үшінші роман жанрының тілін, формасын, жазу мәнерін қалыптастырды.


Сонау 1910 жылдан бізге жеткен өнеге-өсиет осындай.

08.09.2019


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар