Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Дидар Амантай. Қос шалқар...

25.09.2019 8003

Дидар Амантай. Қос шалқар 12+

Дидар Амантай. Қос шалқар - adebiportal.kz

(Мирас Асан – Жадыра Байбұланова жырлары туралы)

Қазақ сөзі, жағасын тапқан су жиегі тәрізді, көз байлаған қараңғылықта, жағажай оттарын жағалап келе жатқанда, біртүрлі көмескі естіледі. Жер мойны қашық қыр астынан құмығып жеткен ала таяқ жалғыздың адасқақ дауысындай күңгірт – айқын емес. Шолп...

Ойша. Сосын, дыбыс ойыңыздан жоғалып, жадыңызда жаңғырып осынау бір сөз қалады. Бірақ, әсері есіңізден бір сәт кетпейді. Біраздан соң, түнгі тыныштықта шалқып жатқан көк теңіздің жағасын, солқылдап толқын соғып тұрғандай күйге бөлейді. Сөз елесті шақырады, естелікті меңзейді.

Всплеск воды.

Дыбыс барлық тілде бірдей қайталанады – splash. Көз алдыңызға айдыны жылтыраған қамысақ шалқар көл, суы мол ақ дария, телегей теңіздер, күркіреп ағып жатқан, тау сауырынан құлаған асау өзендер елестейді. Басқа сөз айтылса – жадыңызда басқа образдар туар еді. Шолп – всплеск сөзіне ұласады, всплеск – splash аудармасына жалғасады.

Біз қарастырғалы отырған қос автордың өлең жолдарында осындай бір тылсым бекзаттық бар. Кәміл бекзадалық. Екінші аты – әсемдік. Қиын жұмбағы, ескі құпиясы тереңде, тұңғиығында жатқан сырлы дүние секілді. Болмысы, табиғаты – нәзік, тым жіңішке, әлсіз. Жүрек қылын шерткен айқын сұлулық. Тіпті, кемел жаратылыс – жыр тұнған ақ көкірек әлемі.

Поэзия ақеділ пейілден басталады. Пейіл ниеттен, ниет тілектен, тілек жүректен, жүрек кеңдіктен, бірақ, бәрінің басында – адамзатқа деген ұлы махаббат тұр. Жұртқа көмек қолын созамын, елге жақсылық жасаймын деген талпыныс ақындық арман түйсігіне, шайырлық сүйіспеншілік сезіміне толы. Әлемді жақсы көре алмасаңыз, өлең жазуға әліңіз жетпейді. Жағдайыңыз көтермейді, күйіңіз келмейді. Ақындық жарық дүние перзентін сүйе білуде жатыр. Көкірегіңізге жарық нұры толмаса, қаламыңызға құдырет бітпейді. Нұрға шомылған ой ғана жан-жағына шұғыла төге алады. Бір күндік сәуле мың жылдық от азығы. Иә, ақын от секілді жанып өмір сүреді. Өртеніп өлген шайыр ерте сөнген алау тәрізді, тірі кезінде бет қарыған ыстық жалыны қанша адамның жанын жылытты. Енді қазір өзі жоқта шуақты өлеңдеріне жүгінеміз. Қазтуған, Асан қайғы, Бұқар, Махамбет, Нысанбай, Абай, Жамбыл, Сұлтанмахмұт, Ілияс, Қасым, Сырбай, Ғафу, Жұмекен, Мұқағали, Жұматай, Кеңшілік, Жарасқан, Ұлықбек, Маралтай... Мирас Асан.

Иә, Мирас АСАН:

Сөзден тәтті жоқ,

Иісе таңдайға!

Сөзден қатты жоқ,

Тисе маңдайға...

Өксік көмейді

Қырнап, қажайды...

Тартыс көбейді,

Таныс азайды...

Жолым тым батпақ,

Ұшты шолжаң бақ...

Бөздей қымбаттап,

Сөздей арзандап...

Тағдыр – би, төре,

Тықты түнекке...

Ақыл – жүйкеде,

Ақын – жүректе...

Жұмсақ қате үшін,

Қатты кетістік.

Бала – зат есім,

Қорықты – етістік.

Жүрек жыр беріп,

Рәуіш ашылар...

Жүйке сыр беріп,

Реніш басылар...

Бәрі – өтпелі,

Жалған – қып-қысқа...

Алла көктегі,

Жалғыз түпнұсқа!

Сосын, Жадыра БАЙБҰЛАНОВА:

Таңғы шай.

Таныс дәм алғыздық.

Тек үнсіз ішеміз.

Сендегі мұң менен мендегі жалғыздық

Түсі – егіз...

Біз күнде келетін шайxана.

Даяшы – өңді қыз.

Ол тағы таңырқап қарайды, байқама,

Сол дұрыс.

Тағы іште қалады айтылмай соншама ой,

Кетеміз аптығып.

...Өмірге қант қосып алуға болса ғой,

Тәтті ғып.

Жадыра тамаша жыр жазған екен. Формалық ізденістері мазмұндық табыстарына жұптасқан, терең ойлылығы сезімталдығына ұштасқан теп-тегіс жыр – шырайлы, шұрайлы, шұғылалы.

Соңғы жолдың ұйқасына спарринг-партнер тұрғысында көмек қолын созып тұратын бейтарап немесе бейдауа сөздер жоқ. Туынды бір сәт құйылып түскен тәрізді. Осы беті, осы күйінде. Поэзия қашанда еркін, бірақ, ақын жаратылғалы әсемдіктің қасиеті өзгерген емес. Біздің дәуіріміздегі өнер құндылықтары эстетикалық талғам тұрғысынан көне дүние жасампаз туындыларымен астасып, жалғасып, тоқайласып жатыр.

Ақын Жадыраның екінші бір жақсы өлеңі бар, оны да толық бергенді жөн көріп отырмын:

Осылай боларын сезгем-ді,

Сезімді шығарған қай олақ?

Түнімен жылаған көздерді,

Таңертең бояп ап,

Жүрудің ауырын мұншама

Білсең ғой... Керегін тағы емдеу!

Жанарға шық тұнып тұрса да,

Жымиып «сәлем!» деу...

Бітпейтін не күй бұл, қоймайтын?

Таяқ жеп жүрсем де тартыстым!

Бақытты рольдерде ойнайтын

Бақытсыз әртіспін.

Жан-жағым қол соққан адамдар –

Біз өмір – ойын деп ұғындық.

Қойылым бітсе егер, тараңдар!

Шымылдық.

Эстетикасы жоғары, талапты, талантты шығарма. Тек рөлді сомдаған дұрыс шығар... Үздік өлең. Маған қатты ұнады.

Қандай жақсы, жыр-өлеңде уақиға жоқ! Сюжет кинематографта, тележаңалықтарда, драмалық туындыларда, бейнебаяндарда бар – сонда, прозаның айрыма-белгісі не? Меніңше, атмосферасында.

Поэтикалық шығармалар желісі – жарқылдаған ойлар көші, жарқын образдар тізбегі. Сізге шытырман баян, шырғалаң қисса-дастандар құраудың, құрастырудың қажеті жоқ. Оқығанда, жол-жөнекей түйдек-түйдек ой образын, кесек-кесек сөз пішінін, қадау-қадау сезім уақиғасын бетпе-бет кездестіріп қалып отырасыз.

Сіз өлең жазасыз, демек, әр жазған сөзіңіз әрі нығыз, әрі эпикалық кеңдікте өмір сүруі қажет. Бір сәттік толғаныс мәңгілік бір туындыға айналады. Мирас – жырдың сұлтаны. Жадыра – поэзия сандуғашы. Екеуінің де ізденістері табысты, батыл, ойлы.

Көктемде құспен келдің,

Шатырдан жас боп тамдым.

Шарапты ішкен менмін,

Сен неге мас боп қалдың? (Мирас АСАН)

Шыдай алмасың шын, ағыстарға,

Тағдыр сап берген белгімен!

Өзім сенбейтін қуаныштарға,

Өзіңді қайтіп сендірем? (Жадыра БАЙБҰЛАНОВА)

Мирас, шын мәнінде, ойлы ақын. Топтама кітаптың әр жерінен жинап, теріп алған сәтті тұстарын назарларыңызға ұсынып көрейін:

Ең терең адамыңа – ең биіктен,

Қол бұлғау – қоштасу ма,шақыру ма?

Сіз кеттіңіз дәлізді бойлап ұзақ,

Мен қалдым ішімдегі мәңгі әлемде...

Сен тоқтатқан көлік менмін,

Сен төлеген ақша да — мен.

Маған жаурап тоңып келдің,

Мезгіліңмін ақсары әлем.

Күллі әннің кейіпкері сен сынды,

Күллі әннің мәтінін мен жазғандай...

Бүгін құшақ – ендік-бойлық,

Бүгін жүрек – кеңістік.

Қос ақын – жарқын өмір жыршысы. Қайғы-мұң, уайым-шердің өзін көріп отырған қуанышындай жырлайды.

Кезінде Әлекең, Мирастың бабасы, алаштың көсемі, түзу қалам қисайған, өткір қалам мүжілген заман, деп жазған еді. Жауабын да өзі беріпті, бұл заманда жылап мұратқа жетем деу – аш түйенің күйсеуі сынды дәрменсіздік.

Сондықтан, поэзия қылдай нәзік, қанжардай айбатты болуы тиіс!

23.09.2019


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар