Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Дидаxмет Әшімханұлының ойларынан......

10.06.2019 3732

Дидаxмет Әшімханұлының ойларынан...

Дидаxмет Әшімханұлының ойларынан... - adebiportal.kz

…Көше аттарын жиі өзгерту жеңіл де емес, жөн де емес. Сондай-ақ көше мәдениетін көңіл­дегідей көтеру де бірер жылдың шаруасы бол­маса керек. Дей тұрғанмен, алдағы уақытта мына бір мәселелер ескерілсе деп ойлаймыз:

…Әркім өзіне шақ киім киеді, Ыбырай Алтын­сарин атамызға да өзіне лайық шапан жапсақ…
…маңдайымызға сауатсыздықты жазған жоқ, маңдайшаларға да мән берсек….
…небір транспорт тұрғанда «ат, көшесінде» атқа мінбесек…
…Алматының әр жерінде «Алматылықтар, Алматыны үлгілі қалаға айналдырайық!» деген ұран бар. Барлық ұран, безендірулер осындай қа­тесіз, әдемі жазылса…
…осыларды бір ретке келтірген соң: «Ау, об­лыс орталықтары, жағдайларың қалай?» десек…
Іске сәт!

***

«Кішкентай халыққа үлкен қанжар керек». Бұны 1981 жылы Шәміл айтқан.
«Кішкентай халыққа үлкен дос керек». Бұны 1941 жылы Әбутәліп айтқан», – дейді Расул Ғам­затов «Менің Дағыстаным» кітабында.
Ал 1991 жылы біз айтар едік: «Қазіргі кіш­кентай халыққа бәрінен бұрын асқақ рух керек». Рухы болмаса – қанжардан оған не пайда, үлкен достан не қайыр! Және қазіргі қанжар – қау­қарсыз, достың көбі – тұрақсыз.
Рухы жоқтың жігері, намысы жоқ: жігері, намысы жоқ халық – халық емес – тобыр. Айт­қанға көніп, айдағанға жүре беретін тобырдың малдан несі артық?!

***

Қай уақытта, қай елде болмасын, ұлттың ұлы перзенттері ең алдымен сол ұлттың рухын көтеруді ойлаған. Сол үшін күрескен, сол үшін қам жеген, қайғырған. Қараңыз: үнді елі ағыл­шындардан азат болған кезде Махатма Ганди: «Біздің халық ұзақ жылғы отарлық езгіде небір асылы мен қымбатынан айырылды. Солардың арасынан біз бір ғана қасиетті дүниемізді таяу арада қайыра алмаймыз ба деп қорқамыз. Ол – халықтың рухы. Одан үлкен байлығымыз да жоқ еді», – деп күйінген.

***

Қиын-қыстау кезеңдерде ел басқарған адам­дардың бірі – ақын, бірі – публицист болғаны да тегін емес. Демек…
Демек, халықтың, ұлттың, ұрпақтың жайын ойлаған адам алдымен әдебиет жайын ойласа керек.
Қазір біз дәл сондай сәттің үстінде тұрмыз. Дәлірек айтқанда, бәріміз өтпелі кезеңде тұр­мыз. Әрбір өтпелі кезең өз патриоттарын өмір­ге әкелетіні заңды: ашаршылық кезінде – Т.Рыс­құлов, Ғ.Мүсірепов, жаппай репрессия тұ­сында: «Ол жау болса – мен де жаумын» деп басын қа­терге тіккен тағы да Ғ.Мүсірепов пен че­кист Се­­рікқали Жақыпов, соғыс жылдарында – Бауыр­жан Момышұлы, Хрущев тұсындағы жер дауын-да – Жұмабек Тәшенов, кешегі Жел­тоқсан оқи­ғасында – ақын Жұбан Молдағалиев суырылып алға шығуы – нағыз саналы ерліктің үлгісі. Олар­ды ойласақ, біздің рухымыз көте­рі­леді.

***

Егер сіз болмағанда бір айда бір қазақ кі­табын сатып алсаңыз – ұлт алдындағы бір па­рыздан құтылғаныңыз;
Егер сіз келесі жылдың болмағанда бір бас­пасөзіне жазылсаңыз – ұлттық намысыңыз­дың сәл де болса оянғаны;
Егер сіз өз тіліңіздегі сол кітап пен баспа­сөз­ді ыждағатпен оқып отырсаңыз – күн сайын рухыңыздың өсе түскені;
Егер сіз оқығаныңызды насихаттай жүр­сеңіз – онда ұлттық санаңыздың самғау биікке ұм­тылғаны.
Қысқасы, саны аз халықтың саналы аза­мат­тары, бізге қазір ақыл да, намыс та, ерлік те, бәрі-бәрі керек. Ол үшін ең бірінші еліміздің ең­сесін, рухын көтере білейік. Рухты көтеретін ұлы күш – жоғарыда айтқан әдебиет, баспасөз. Ендеше, бәріміз жиылып осы әдебиет пен бас­пасөздің көсегесін көгертуге ұмтылайық!

***

Біз қалада күніне қаншама оқиға, қаншама құбылысқа кез боламыз. Соның әрқайсысына өзімізше баға беріп, шамамызша түйін де түйе жүреміз. Бүгін осы түйіндерді қуалай келіп, мынадай сауалдарға тірелген тәріздіміз.
Қалада «ассалаумағалейкум!» дейтін адам­ның «қай жерденсің?» дейтін дәстүрлі сұрағы бар. Сонда қанша жыл қалада тұрсақ та «қала­лықпын» деуге көбіміз қысыламыз. Неден қысы­ламыз?..
Бір интеллигенттің «монамахтың бөркі» деп киіп жүргені Аяз бидің жыртық тымағы емес пе екен?..
Сонау бір кезде қалаға даланың жусан иісін ала келген бәтеңкеміз ауылдың аздаған шаңын да жұқтыра келген сияқты.
Соны кейбіріміз теуіп түсіре алмай, қырып келтіре алмай жүр­-ген жоқпыз ба?
Қала – қайнап жатқан үлкен қазан іспетті. Оның бетінде қаймағы да, көбігі де бар. Соның қайсысын қалқып жүрміз біз?..

***

Сексенінші жылдардың ортасында Орталық комитеттің газет-журналдарға берген бір ауызша тапсырмасы болған. Ол – Ілияс Есен­берлиннің тарихи романдарын сынау еді. Не үшін? Әрине, жаттанды желеу «ұлтшылдығы» үшін. Енді қараңыз: жылдар бойы тарихтың таяз, мәдениеттің шамалы, сауатың жоқ деп тұ­қыртып келген халықты сол романдар қандай биікке жетелеп, қаншама ұрпақтың рухын асқақ көтергенін білесіз бе? Білесіз. Жоғарыдағылар да, Мәскеу де білген. Сол себепті де қорыққан ол кітаптардан…

***

«Әр қоғамның ертеңі мықты болуы үшін оның бүгінгі әдебиеті мықты болу керек» дейді сын­шылар. Бұған да дау аз шығар…
В.И.Ленин революцияға дейін тікелей әде­биет туралы бірнеше мақала жазса, оның негізгі себебі: «Әдебиет – революция үшін пайдаланы­латын аса зор күш» екенін білген ол.
Дайындаған: Елдос Тоқтарбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар