Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Домбыраның қос шегінен сыр төгілді...

27.12.2017 5028

Домбыраның қос шегінен сыр төгілді

Домбыраның қос шегінен сыр төгілді - adebiportal.kz

Еліміздің іргелі оқу орны Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі жазушы, кинодраматург, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Айгүл Кемелбай және ақын, журналист, Халықаралық «Мәдениет майталманы» медалінің иегері Жұлдыз Тойбектің «Мизам шуақ» атты шығармашылық кеші өтті. Кешті Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі университеттегі «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі Кенжеғали Мыржықбай жүргізді.

Кешке елімізге белгілі ақын-жазушылар, профессор-оқытушылар, студенттер жиналды. Сонымен қатар кездесуге республикалық "Балбұлақ" балалар журналы мен "Дауа" газетінің редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағира Қожахметова қатысты.

Бірлестік жетекшісі Кенжеғали Мыржықбай екі талантты қыздың өмірбаянымен қысқаша таныстырып өтті. Сөз арасында дарынды екі қыздың да қасиетті де, қасіретті топырақтың тумалары екеніне баса назар аударды. Айгүлдің ұлылар мекені - Абайдың, Жұлдыздың - Қаз дауысты Қазыбек би топырағынан екендігін және екеуінің де Семей полигонының қасіретіне куә болған жандар екенін тілге тиек етіп өтті.

Журналистика және саясаттану факультетінің 1 курс студенттері ақын Жұлдыз Тойбектің лирикалық, отансүйгіш, туған жер, аналар тақырыбына жазылған өлеңдерін жатқа оқыды.

Одан кейін Ж.Тойбек те өнегеге толы өз өлеңдерін оқып, тыңдармандарының ризашылығына бөленді.

Ақын өз сөзінде: «Бүгін міне Айгүл екеуміздің кешіміз. Айгүл Абай ауылынан, мен Қазыбек би топырағынанмын. Қарқаралы мен Шыңғыстау ежелден сарысүйек құдандалы ел. Кешегі Құнанбай мен Алшынбай аталарымыз құда болып, апаларым келін болған жер. Абайдың анасы - Ұлжан, Абайдың бәйбішесі - Ділдә Қаракесектің қыздары. Қазір сіздердің алдарыңызда оқитын «Қаракесектің қыздары» деген өлеңімді тұңғыш рет Семейге барып, қара Ертістің жағасына табаным тигенде тебіреніп тұрып шығарған өлеңім еді», - деп өлең жолдарына ерік берді.

Ерке Ертіске тиіп тұр тұңғыш табаным,

Елінен келдім Қазыбек бидей бабаның.
Шыңғыстауға келін боп түскен кешегі,
Апаларымның ізі бар ма деп қарадым.

Қарқабаттай алтын құрсақтан таралған,
Қаракесектің қызы едім жырдан нəр алған.
Бабаларымның батасы тиіп, көбейіп,
Ұрпақтары елге айналған - қара орман.

Қаракесектің асылдай болған бір тасы,
Ханым деген атқа лайық бір басы.
Ұлы Абайдан басталса егер жыр басы,
Ұлы Ұлжаннан басталған ақын тұлғасы!

Ұлы ақынның бәйбішесі - Ділдəсі,
Тектіден туып, батасын алған сырласы.
Тобықтының түндігін ашып айқара,
Қос апамның сыңғырлаған сырғасы.

Тарихқа толы сырлы Ертіс толқып ағады,
Толқыны ұрып, шағаласыз жағаны.
Қайын жұртынан қарлығаш қонды жағаға
Сезді ме соны, поэзияның ұлы Қағаны!

«Қара Ертісті олай да былай да ағыздың ғой, қарағым» деп профессор Қалиев Нәубат ағамыз ризашылығын білдірді.

Қазақ қызға жарасқан оймақ ауыз,
Дүрдитіп дорба ерін жасамадым
Қиғаш қасқа қиылып қарар жігіт,
Жасанды татуажды қашамадым

Ектіріп ботоксты қос жағыма,
Бұлтитып бетті алмадай - жасармадым
Арықтауға алаңдап, ақ тер болып,
Құрсағымды қара сумен баса алмадым

Кірпігіме найзадай кірпік қадап,
Жанарымның ажарын аша алмадым
Бетіме аздап опа жаққанменен,
Алланың бергенінен аса алмадым
Сыйымен жүрмін əлі, ЖАСАҒАННЫҢ!

Жазушы Айгүл Кемелбаеваға залдан әдебиетке қатысты сауалдар көп қойылды. Көрермендердің қойған сұрақтарына орай өз шығармашылығы жайындағы қызықты әңгімелері тілге тиек етті. Қазақ әдебиетінің кешегі мен бүгінгі тыныс – тіршілігі жайында тұщымды пікірлерін ортаға салды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің қаламгерлігін бағалап, жасаған қамқорлығына ризашылығын білдірді.

Классикалық ән өнерінің мэтрі Кенжеғали Мыржықбай кездесуге келген қарындастарына арнап әуелетіп әдемі ән салып, кештің шырайын одан сайын аша түсті. Залда көрермен болып отырған студенттер сол жерде суырып салып шығарған өлеңдерін оқып беріп, кеш көрігін қыздыра түсті. Кеш соңында алыстан ат терлетіп, арнайы келген белгілі жазушы Мағира Қожахметова апай:

- Жастар, сіздер көбіне әншілерді, тележүргізушілерді, комментаторларды білесіздер. Бірақ сіздер Айгүл мен Жұлдыз сияқты ақын – жазушы қыздарды біле жүргендеріңіз дұрыс. Сондықтан сіздердің алдарыңызға шыққан қыздар біздің қазақ руханиатына енген қыздар.

Жұлдыз КазМУ – ді бітірген соң менің шығармашылығым туралы диплом жазып, оны үздік қорғаған. Жұлдыз өз талантын бағаламаған адамның бірі. Бойындағы импровозиторлық қасиеті, ақындығы, журналистігі, ғалымдығы бола тұра соны бағаламай келген осыншама қарапайымдылығына қайран қаламын. Өзінің бала-шағасының мұң-мұқтажымен жүріп, енді ғана елдің алдына шығып жүр. Бұл да бір ерлік деп ойлаймын. Шынында да ең алдымен бала-шағасын өсіру керек. Оның портретін жазып шығардым. Шалғайда болсам да талантыңды тұншықтырма деп хабарласып тұрамын, - дей келіп жастарға: «Мен елге тегін жұмыс істегенімді енді ғана біліппін. Біз осы жазғанымызға, сызғанымызға ақша алу керектігін сезбеппіз, енді ғана біліп жүрміз. Қазақстанда өзінің жазғанына, мақаласына бір тиын алмайтын тек қана қазақтың ақын-жазушылары, журналистері. Балаларға айтамын, сендер ертең ең алдымен күн көретін кәсіп тауып алыңдар, содан кейін барып келіңдер жазушылыққа. Әйтпесе күндеріңді көре алмайсыңдар деп жастарға асқан аяушылықпен қараймын» деп шыңғырған шындықты айтты. Бүгінгі қазақ әдебиетінің кемшін тұсын сынға алды.

- Айгүл – құбылыс! Бұл кісі қазақ прозасының, қазақ әдебиетінің есігін еркін ашты. Елімізге 18 жасында танылды. Содан бері өсіп, шыңдалып келеді. Керемет бір құндылығы, Мәскеудегі атақты М.Горький атындағы Әдебиет институтының негізгі (проза) бөлімін бітіруі. Айгүл ең мықтылар шыққан институтта оқыды. Орыс әдебиетінің асылдарын оның інжу-маржандарын жанымен, қанымен игерген. Болашақ әдебиет үшін, жалпы журналист үшін, келешекте рухани өмірді зерттейтін адам үшін «қалай жазу керек дегенде» Айгүл соның тамаша үлгісі. Айгүлдің қолыма тиген туындыларын оқып жүремін. Жазғандары адамның жанына әсер етеді. Биыл жазда «Алакөл» деген дүниесін оқыдым. Өмірдің шындығы. Жүрегің ауырмай, сыздамай оқу мүмкін емес. Әдебиеттің мақсаты міне, осында.

Сахнадағы шығармашылық адамдар көрермендермен еркін сұхбат құрып, өлең оқылып, ән шырқалды. Жазушы Мағира апайдың Жұлдыздың немересіне қолындағы күміс білезігін шешіп, ақ батасын беруі – кешегі үлкендердің даналығының бір үлгісіндей болды.

Журналистика мен поэзияны қатар өрген арқалы ақын Жұлдыз Тойбек пен 18 жасында «Жетінші құрлыққа саяхат» атты кітабы шығып, топжарып, елді аузына қаратқан белгілі жазушы Айгүл Кемелбайдың кешін тұла бойы өнерге, мәдениетке тұнған күміс көмей әнші Мыржықбай Кенжеғали ағамыз өте әсерлі өткізді.

Жания ТАПАЛОВА

Халықаралық «Жібек жолы» ұйымының баспасөз хатшысы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар