Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДРАМАТУРГИЯ
Дос - жүрек дос (психологиялық драма)...

07.09.2017 16120

Дос - жүрек дос (психологиялық драма)

Дос - жүрек дос (психологиялық драма) - adebiportal.kz

«Әдебиет порталындағы» оқырмандарыма!

Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған психологиялық драманы осыдан 10-жыл бұрын, М.Әуезовтің 110-жылдығы қарсаңында жазып едім. Өкінішке орай, ол кезде де сахналанбады, тіпті биыл да бағы жанған жоқ. Бірді-екілі драма театрлары (мыс. Семей, Ақтау, т.б.) үміттендіріп қойғанымен, нақты қолға алмады. Бірді екілі режиссерлар (мыс. Қ.Қасымов, т.б.) қоюға талпыныс жасаса да, жолы ашылмаған сыңайлы.

Биыл ұлы жазушы-драматургіміз М.Әуезовтің туғанына – 120 жыл! Ал, атақты романы – «Абайдың» жарыққа шыққанына – 75 жыл!

Осыны ескере отырып, көзіқарақты оқырмандарға пьесаның мәтіндік нұсқасын ұсынуды жөн санадым.

Құрметпен, Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Астана, 7 қыркүйек, 2017 жыл

Дос-жүрек дос

(психологиялық драма)

Қатынасушылар:

1. Мұхтар Әуезов – «Абай» романын жазған қазақтың үлкен жазушысы

2. Бейсенбай Кенжебаев – қазақ көркем әдебиет баспасының бас редакторы, әдебиетші-ғалым

3. Ашу Әмірбаев – Қазақстан Орталық партия комитетінің жауапты қызметкері

4. Қуандық Шаңғытбаев – көркем әдебиет баспасының қызметкері, ақын

5. Валентина Николаевна – Мұхтардың жары

6. Сүмен Сүмесінов – көркем әдебиет баспасының қызметкері, қызғаншақ жазушы, бір аяғын сылтып басады

7. Леонид Антонович Самсонов – орыс жазушысы, Мұхтардың досы

Абай даусы, хатшы қыз, елес, үн, т.б.

* * *

Оқиға 1942 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы – Алматы қаласында өтеді. Бұл драмаға қазақ халқының үлкен жазушысы, кейінірек аты әлемге жеткен Мұхтар Әуезов пен әдебиетші-ғалым, кейінірек профессор атағын алған Бейсенбай Кенжебаев екеуінің арасындағы достық, шынайы ықыласты достығы негіз болды. Қай заманда да достыққа адал, сертке берік бола білу – адами қасиеттің биік шыңы. Сосын да бұл шығарманың айтпақ ойы тек әдебиетші қауым үшін ғана емес, жалпы адамзат үшін де елеулі, маңызды ғой деп ойлаймыз.

Режиссерге кеңес: 1) Бұл пьесаны сахналау барысында ең алдымен Әуезов-Кенжебаев-Әмірбаев, сосын Шаңғытбаев-Сүмесінов-Кенжебаев линиясын үзбей жалғап отыру қажет, олай болмаған жағдайда шашыраңқылыққа жол беріледі; 2) Шығарманы қою кезінде әрбір режиссер өз таңдауына орай Әуезов шығармаларынан үзінділер келтіріп отыруына әбден болады; 3) Уақыт − Ұлы Отан соғысы кезеңі болғандықтан да сахналық көрініс арасында оны да сездіретін әртүрлі әдістерді пайдаланып отырса, ол да жөн болар еді.

БІРІНШІ БӨЛІМ

Бірінші көрініс

Әуезовтің пәтері. Жұмыс кабинеті. Кабинетте – Мұхтар жалғыз. Стол үстінде ақ қағазға үңіле түсіп, әлденелерді шимайлауда. Өз-өзінен күбірлеп-күбірлеп алады да, жазуға кіріседі.

Мұхтар: (даусын шығара) Пәлі-і... осы алғашқы сөйлемнің өзі-ақ әбден ақ тер, көк тер етті-ау өзімді. Қаншама рет жаздым, қанша рет шимайладым. Қарашы, тағы да көңілімнен шықпай тұр. (енді жазуын оқи бастайды) «Үш күншілік жолдың...», жоқ, олай емес, «Үш күндік жолдың осы соңғы күнінде...» жоқ, бұл да жарамайды. «Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне...» Ә-ә, енді жобаға келді. Сөз енді ғана түрленіп сала берді. Сонымен... «Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды.» Еһе! Енді ойнады. Енді ғана роман тіліне айналды. Туһ! Мен Абай ақынның басын қатырғалы қанша жыл. Әлде-е... Абай ақын менің басымды қатырып келе ме? Абай, Абай... «Әй, сол Абайыңды айтып, мадақтап болған жоқпыз ба?» дейді екен осы күні кейбір білгіштер. Біз Абайды толық түсініп болғанша әлі талай уақыт керек. Осы күні әжептәуір әдебиетшімін деп жүргендердің өзі Абай десе дереу жиырыла қалатын болыпты. Неге? Неге өйтеді? Ау, Абай шың ғой. Поэзия асқары... Шыңды, биікті түп-түгел сүзіп шықтық десек, оған басқа ел күлмей ме? Әлде... қызғаныш па! Қызғаныш дейтін қызыл ит бар. (күліп) Әй, сол итті біржола өлтіріп тынатын бір кісі болмағаны ма осы күнге дейін... Абайды ақындардың ақыны деп ана Ахмет Байтұрсынов ағам баяғыда-ақ айтып еді. Енді сол... Ахаңдарды да бұл имансыз қоғам жұтып қойды. Тіпті осы күні атын ауызға алуға сескенетін, қорқатын, жүрексінетін күнге жеттік. Ал, Абай... Абайдың не жазығы бар? Абай бүгінгі бұралаң саясатқа араласқан жоқ. Абай шен-шекпен кигендермен таласқан жоқ. Ол – ақын. Ол... адам жүрегіндегі тұп-тұнық сезімді сол мөлдіреген қалпы поэзия тілімен кестелеуші сөз зергері... Осыны ауызша айтып қана қоймай, дәлелдеу үшін қаншама мақала, зерттеу жаздым. Ол бірақ, аз. Лекциялар оқыдым. Ол да аз. Орыс қаламгерімен бірлесіп «Абай» трагедиясын жаздым. Оны да қанағат тұтпадым. Енді міне, роман... Бұл – алғашқы кітабы... «Мен ұрлық жасаған күні ай жарық болды» демекші, романды енді аяқтай бергенімде соғыс басталып кетті. Неміс фашистері одақтас республикалардың басын біріктіріп отырған алып мемлекетіміздің шекарасын бұзды... (күліп, өзіне-өзі) Алып мемлекет дедім бе? Осы сөз аузыма қалай түсе қалды? Қазақ екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды деуші еді...

Осы кезде телефон шырылдайды. Мұхтар өз ойымен өзі әуре. Телефонға барғысы жоқ. Ойын бұзып алатындай. Екінші бөлмеден есік ашылады да, Валентина Николаевна дауыстайды.

Валентина: Мұхтар, сені шақырады. Трубканы көтерсеңші.

Мұхтар: Мен жоқпын. Солай дей сал.

Валентина: Бұл өте шұғыл жұмыс дейді. Өзі баспа қызметкері.

Мұхтар: Баспадан ба? Онда көтерейін. (келіп трубканы алады) Ал-ло!.. Мен тыңдап тұрмын...

Дауыс: (зілді үнмен) Мұха, бұл мен – Сүмесінов. Иә, иә, Сүменмін. «Абай» романының бірінші терімін оқып, аяқтап та қалып ем, енді басшылар оны қоя тұр деді. Одан да маңыздырақ қолжазбалар бар дейді. Так что, романыңыз әзір жарыққа шықпайды. Алып кетіңіз.

Мұхтар: (жанұшыра) Қалай? Қалайша! Баспа басшылары «енді бірер айда жарыққа шығады, бірлі-жарым түзетулер болса осы аптадан қалдырмаңыз» деді ғой. Мен өзімдегі қолжазбаға аз-кем түзетулерді де енгізіп қойып ем.

Сүмесінов: (салқын үнмен) Оны маған неменеге айтып жатырсыз. Мен жай қызметкермін. Орындаушымын.

Мұхтар: (күліп) Орындаушы емес, редакторсыз. Сіздің пікіріңіз әруақыт ескерілуі керек. Сіз романның көркемдік жағын жеріне жеткізе, дәлелдеп айта алсаңыз...

Сүмесінов: (сөзді бөліп) Мұха, мен тек сіздің кітапқа редактор емеспін. Менде қолжазба көп. Қай жазушыны жақтап, кіммен алыса бермекпін. Мен үшін баспа басшыларының сөзі – заң. Алысу, жұлқысу – сіздердің жұмысыңыз. Менікі – мұндай жағдайда қалыс қалу.

Мұхтар: (ренжи) Сонда-а... редактор біткен өзі оқыған қолжазбаға шын жанашыр бола алмаса, әдебиет көгере ме? Ойбай-ау, ұлт әдебиеті өркендей ме! Бұл деген... аса қауіпті құбылыс қой. Менің ойымша...

Сүмесінов: (сөзді бөле) Сіз өз ойыңызды енді маған емес, ана баспа басшысына айтыңыз. Сол дұрыс болар.

Мұхтар: Түсінікті. (трубканы қояды, сосын сәл-пәл ойланып тұрып қалады) Ау, бұл қашан болды? Өткенде ғана баспа басшысы «романыңыз өндіріске әзірленіп жатыр, жақын айларда алғашқы данасы қолыңызға да тиеді» демеп пе еді. Сонда мен «бірді-екілі стильдік өзгерістерім бар еді» дегенімде «оған осы аптада ғана мүмкіндігіңіз бар» деген жоқ па! Ау, сонда... Жоқ, мұнда бір түсінбестік бар. Бәлкім, жаңағы редактор... аты кім еді, Сүменов пе, Сүмесінов пе... Әй, соның айтқаны бос сандырақ шығар. Мен қазір Бейсенбайға телефон соғайын. Білейін анық-қанығын... (трубканы алып, нөмірді тере бастайды)

Мұхтар: Ал-ло! Бұл баспа ма? Сәлеметсіз бе, қарындас! Бұл – Әуезов қой. Бас редактор Бейсенбай Кенжебаев жолдас бар ма екен?

Дауыс: Сәлеметсіз бе, ағай. Бейсенбай ағай қазір бос емес, ішінде кісілер бар.

Мұхтар: Онда босаған соң айта қойшы. Мен телефон соқты дерсің.

Дауыс: Жарайды, ағай.

Мұхтар: Рахмет, айналайын. (трубканы қояды, сосын кабинетті арлы-берлі кезіп жүреді, осы кезде Валентина Николаевна кіреді)

Валентина: Не боп қалды, Мұхтар? Неге қабағың түсіп кеткен? Жайсыз хабар ма?

Мұхтар: (күрсіне) Иә-ә... Бұ заман не боп барады! Қазақтың маңдай алды көркем әдебиет баспасы кітаптың тағдырын шалағай редакторларға сеніп тапсыра салады. Бұл не? Бұл деген нағыз құлдырау, рухани мешелдену ғой. Мына түрімізбен әдебиет өспейді, өшеді ғой...

Валентина: Сонда романыңды баспаймыз дей ме?

Мұхтар: Басу қайда, алып кетіңіз дейді. Ау, сонда олар қандай кітап шығармақшы? Кімді шығармақшы?..

Валентина: Ашуыңды бас. Саған ашулануға болмайды. Қан қысымыңды ойла. Сенің кітабыңды шығармағанда кімді шығарады олар! Өздері үшін сұрап алады әлі-ақ...

Осы кезде телефон шырылдайды. Валентина көтереді.

Валентина: Ало, бұл кім?

Дауыс: Бұл – Бейсенбай Кенжебаев. Сәлеметсіз бе, Валентина Николаевна! Мұхаң үйде ме?

Валентина: Үйде. Қазір беремін. (Мұхаңа трубканы ұсынады)

Мұхтар: Тыңдап тұрмын.

Бейсенбай: Мұха, аман-саусыз ба? Жаңа бір өңшең сөзұқпас, көкмылжың кісілер алдымда топырлап отырғанда хатшы қыз сізді қоспапты. Өзім де іздегелі отыр ем.

Мұхтар: (оның сөзін бөле) Жаңа бір редактор бала маған телефон соғып, романыңды алып кет деп... Соған ашуым келіп...

Бейсенбай: Мен де сол жөнінде әңгімелеспекпін. Телефонсыз, жеке сөйлескеніміз мақұл болар еді. Бізге келіп кете аласыз ба?

Мұхтар: Жарайды. Қазір жетемін.

Ол трубканы қояды да, дереу жолға жиналады. Валентина Николаевна сырт киімдерін әкеп береді. Мұхтар сахнадан шығып кетеді.

Валентина: (өзіне-өзі) Ойпырмай-й, тағы бір сұмдық басталып кетпесе болғаны да. Осы Мұхтардың көрмегені жоқ. Жазушы болам деп басын тауға да, тасқа да ұрып келеді, ұрып келеді. Әнебір 32-жылы түрмеге де түсті. Тіпті бізге мойын бұрып қарауға да мұршасы болмады. Сосын, амал жоқ, қызым Ләйланы құшақтап, Ленинградқа кеттім. Үмітім үзілді ме деп қорқып жүр ем, әйтеуір сол тар қапастан да аман шықты-ау. Қайта табысып, енді тыныш өмір сүретін шығармыз десем... Абай туралы романды шығармай, тыным таппаймын дейді. Заман мынау, адамдар анау, әзірге осы тақырыпты қозғамай қоя тұрсаңшы десем де тыңдамайды. «Абай, Абай» деп аһ ұрады. Ал, сондағысы осы ма? Алғыс орнына қарғыс. Рахмет орнына лағнет... (күрсінеді)

Сахна қараңғыланады.

Екінші көрініс

Бейсенбай Кенжебаевтың кабинеті. Кабинетте Сүмесінов екеуі.

Бейсенбай: (ашулы үнмен) Сүмесінов жолдас! Саған кім Әуезовке телефон соқ деген! Ойбай-ау, Әуезов ойыншық адам ба! Ол қазақтың білгір, беделді әдебиетшілерінің бірі. Тіпті осы күні-ақ орыс қаламгерлерінің өзі мойындаған талантты суреткер...

Сүмесінов: Мен... ол кісіге ештеңе дегем жоқ. Бар болғаны – «қолжазбаны алып кетіңіз» дедім.

Бейсенбай: Ойбай-ау, соны сен айтуың керек пе! Әуезов сөзіңді дұрыс түсінсе жақсы, ал басқаша түсінсе ше! Баспадағы жігіттер шетінен мәдениетсіз, дөрекі екен деп ойлап қалды-ау енді...

Сүмесінов: (өтірік аңқаусып) Түкке түсінсем бұйырмасын. Өздеріңіз емес пе! Таңертең баспа директоры екеуіңіз Орталық Комитетте болып келген соң, мені шақырып «сол «Абай» романын әзірге шығармай қоя тұралық» дедіңіздер ғой. Мен соны айттым.

Бейсенбай: Оны сен емес, мен айтуым керек еді. Этика деген қайда осы! Қашан үйренесіңдер сол этиканы... (басын шайқап) Әй-әй! Жарайды, бара бер. Енді Әуезовпен өзім әңгімелесейін. Әңгіменің тігісін жатқызып қоймасақ болмас. Ұят болды ғой тіпті...

Сүмесінов күбірлеп сөйлеген күйі сылти басып, кабинеттен шығып кетеді. Артынша кабинетке Әуезов кіреді.

Мұхтар: (ашулы) Бейсеке, бұл не сөз! Мен... мен бүкіл ғұмырымды осы Абайға арнап келе жатқанымды өзің де жақсы білесің. Ал, мына романға барымды салғанымды тағы да білуге тиіссің. Бұл не әңгіме! Көркем әдебиет баспасы ең әуелім жақсы, шұрайлы шығармаларды басып шығаруы керек қой. Ұлт әдебиетін өсіргіміз келсе, алдымен көркемдік сапасына көңіл аударуымыз керек... Егер романнан елеулі кемшілік тауып жатса, мен тыңдар едім. Жөндеу керек болса, жөндер едім. Ал, бас-көз жоқ «алып кетіңіз» деген не сөз!.. Ойбай-ау, Абайды шығармасақ...

Бейсенбай: Мұха, сәл сабыр етіңізші. Мен әуелі жағдайды түсіндірейін. Бұл сіз ойлағандай, баспа басшылығының өз шешімі емес.

Мұхтар: Енді кім? Кім нұсқау берген?

Бейсенбай: Нұсқау жоғарыдан.

Мұхтар: Жоғары болғанда, мемлекеттік баспа комитетінен бе?

Бейсенбай: Жоқ, одан да жоғарыдан.

Мұхтар: Орталық партия комитеті ме! Әй, олар да... Ендігі қалғаны – солардың көркем әдебиетке араласуы еді.

Бейсенбай: Әлгі Орталық партия комитетіндегі Әмірбаев деген жауапты қызметкерді танушы ма едіңіз?

Мұхтар: (ашуын баса алмай) Білем, өзін «әдебиеттің үлкен жанашырымын» деп есептейтін жігіт...

Бейсенбай: Сол жігіт Қазақстандағы барлық баспаның тақырыптық жоспарына талдау жасайды. Сосын хатшыға жазбахат береді. Тәртіп солай.

Мұхтар: Ал-л...

Бейсенбай: Шамасы сол Әмірбаев бәрін де бүлдірді-ау деймін. Жазбахаты жайсыз жазылса керек. Біз бүгін таңертең директор екеуміз сонда бардық. Хатшының қабылдауында болдық.

Мұхтар: Пәлі, енді Әмірбаев әдебиетке әділ төрелік айтатын болды ма? Ол өзі... бола алмаған әдебиетші, жете алмаған жазушы. Хатшы не деді?

Бейсенбай: Ол айтты: Қазір жағдай өте қиын. Соғыс кезі. Әрбір кітапқа тиын-тебен бөлудің өзі маңызды жұмысқа айналғалы тұр. Соғыс жағдайында майдандағы жігіттерге рух беретін батырлық дастандар, ерлік кітаптарын көбірек басып шығару керек. Ал, мына «Абай» ескі заман, кешегі ғасыр туралы... Әзірге қоя тұрыңдар деді.

Мұхтар: (ашулана) Қалай ескі заман! Көркем дүниеде ескі заман, жаңа заман деген бола ма? Ең бастысы – онда адам тағдыры, ұлт тағдыры, ұлт арманы бар. Қала берді − ел мен жер туралы киелі сөз бар. Ол аз десең − поэзия жүйрігі Абайдың үні бар... Соны айтпай ма әуелі...

Бейсенбай: Мен дәлелдемек болып ем, сөзіме құлақ аспады. Романның көркемдік сапасын білем ғой. Сөз жоқ, жақсы шығарма. Тек...

Мұхтар: Иә, сенің де тек деріңді білгем. Ана бір Сүмесінов деген редактор маған зірк-зірк етіп... Кел де алып кет деп...

Бейсенбай: Мұха, менің сөзіме сеніңіз. Мен Сүмесіновке ештеңе дегем жоқ. Рас, таңертең баспа директорының кабинетінде сіздің кітабыңызды әзірге шығармай қоя тұралық деген әңгіме болды. Сол Сүмесіновтің қатысуымен... Өз білгені шығар. Онсыз да түс ауа, қол босаған соң сізбен оңаша сөйлесем ғой деп жоспарлап қойғам. Қарашы, ана Сүмесіновтің алдымды орап кеткенін... Әй, өзі де осы баспадағы сүйкімсіздеу жігіттердің бірі...

Мұхтар: Ондайларды баспадан қуу керек қой. Жолатпау керек қой...

Бейсенбай: (кіжіне) Қуа алмаймыз. Орталық комитетте жақын туысы жұмыс істейді.

Мұхтар: Ә-ә, кеудесіне жел бітіп отырғаны содан екен ғой. Енді түсіндім. Ал, сонымен...

Бейсенбай: Сіз маған ағасыз. Арамыздағы аға-інілік сыйластық сонау Мәскеуден бері жалғанып келеді. Сосын да бар шындықты бүлтелексіз айтып отырмын. Енді екеуара ақылдасып, бір шешімге келуіміз керек.

Мұхтар: (кішкене сабырға келіп) Онда... өзің айтшы. Қайткеніміз дұрыс? Мүмкін, мен бұл романды шұғыл түрде орысшаға аудартып, Мәскеуден шығартып жіберсем бе екен. Ол жақтағылар сөзсіз қолдайды. Самсонов деген досым екі күннің бірінде телефон шалады.

Бейсенбай: Орыс достарыңыз көп екенін білемін. Бірақ, менің ойымша, бұл әдемі шешім емес, Мұха! Қазақтың ең талантты романын күні ертең қазақ емес, ең әуелі орыстар таныған деп жазады. «Қазақ қазақтың қадірін қайдан білуші еді» деп соғады сосын. Қалай болғанда да алдымен қазақша басылуы керек. Бұл әрбірден соң, елдіктің, намыстың әңгімесі...

Мұхтар: Енді... орталықтан тапсырма болса, сендер не істей аласыңдар? Жарайды, мен Орталық комитетке де барармын. Әлгі Әмірбаевқа да кірермін. Ол жоғарыдағыларға сілтейді. Ал, олар... Олар арқамнан қағып шығарып салар. Іс сонымен бітеді...

Бейсенбай: Жоқ, Мұха! Іс сонымен бітпейді. Мен осы жерде отырар болсам, роман түбі жарыққа шығады. Оған күдігіңіз болмасын. Тек...

Мұхтар: Пәлі-і десе... Сен, Бейсеке, ылғи «текке» келіп тіреле бердің ғой. Сол тегіңнің арғы жағын ашып айтшы енді.

Бейсенбай: Айтсам былай. Сіз қазір романның қолжазбасын ана Сүмесіновтен алыңыз да, үйге алып кетіңіз. Бұл әзірге көз алдау. Ана Сүмесіновтер бірнеңе деп бықсытып жүрмеуі үшін... Ал, сосын...

Мұхтар: Иә, сосын...

Бейсенбай: Сосын кішкене уақыт өтсін. Оған дейін сіз романды тағы бір қайталап қарап шығыңыз. Әсіресе, ол латынша жазылған екен, енді кириллицаға ауыстыру керек. 2-3 ай кідіре тұралық. Содан кейін өзім хабарласам...

Мұхтар: Бұл түлкібұлаңға салып, мені алдап-сулап, шығарып салу емес болар?..

Бейсенбай: Жоқ, Мұха! Мен ондайдың адамы емеспін. Өзгелер білмесе де, сіз білетін едіңіз... Ауыр айттыңыз ғой...

Мұхтар: (жадырап, арқасынан қағып) Жарайды. Басқа біреу болса сенбес ем, саған сенем. Сен Бейсенбайсың ғой.

Екеуі тұрып құшақтасады. Мұхтар кабинеттен шығып кетеді. Бейсенбай жалғыз.

Бейсенбай: Еһ, шіркін! «Абайды» қалай жарыққа шығарсақ екен? Бұл мен үшін һәм, Мұхаң үшін ғана керек дүние емес, бұл ең бастысы, қазаққа керек. Абайды айта отырып қазақ тұрмысын, қазақ елінің тамаша табиғатын һәм қазақтың ұлы мінезін әлемге, барша елге паш етер едік. Сол үшін-ақ басты бәйгеге тігуге болады. Сол үшін-ақ... нар тәуекел деуге болар-р... Әттең... әттең, заманның түрі мынау. Қыл бұрау салғандай қысып ұстап тұр-ау, қайтейін-н... (күрсінеді) Былай бұрсаң өгіз өліп, былай бұрсаң арба сынады. Қайтпек керек?.. Не етпек керек?.. Уа, дүние, не істеймін-н?.. Қайтемін енді-і...

Сахна қараңғыланады.

Үшінші көрініс

Кабинет. Кабинетте екеу. Бірі – Сүмесінов те, екіншісі жас ақын – Қуандық. Әлгінде ғана осы кабинеттен Әуезов «Абай» романының қолжазбасын алып кеткен-ді. Сүмесінов тағы да Әуезовке ауыр тиетін сөз айтқан. Оны Қуандық та естіді.

Қуандық: (жасқаншақ үнмен) Сүмен аға, сіз жаңа тым дөрекі сөйледіңіз. Әуезовпен олай сөйлесу ұят... Мен жерге кіріп кете жаздадым.

Сүмесінов: (одырая қарап) Немене, Әуезов пайғамбар ма екен! Ол да өзіміз секілді қарапайым қаламгер. Ондай романды шынттап қолға алсақ, аз уақытта мен де... тоис бәріміз де жазамыз. Асып-тасып бара жатқан түгі де жоқ. Тек құрғақ тамсана беру – жақсылыққа апармайды.

Қуандық: Әрине, мен романды түгел оқып шыға алғам жоқ. Алайда, газет-журналдардан үзінділерін оқығам. Сонда таң қалғам. Тілі қандай! Образ сомдауы қандай...

Сүмесінов: Ой, сен де таң қалмасқа таң қалып... Роман кәдімгі роман. Өте нашар дей алмаймын, әрине. Жақсы тұстары бар. Әйткенмен, ол ескілікті жырлаған шығарма. Өткенді көксеген... Құнанбай заманын тамсана жазған... Білдің бе, өткен заманды...

Қуандық: Онда бас кейіпкер – Абай ақын ғой. Абай туралы жазып отырып, сол заманды қатар суреттемей бола ма!

Сүмесінов: Неге болмасын! Бірақ ол Абай туралы жазып отырып, қайдағы бір ру тартысын, қайдағы бір байлардың барымта дауына араласқанын жік-жігімен тәптіштейді! Мыжғылап отырып алады. Демек, ойы шашыраңқы...

Қуандық: Сіз осылай деп қорытынды жаздыңыз ба?

Сүмесінов: Иә. Жазбай қайтем!.. Шындығы сол ғой.

Қуандық: (қисая сөйлеп) Онда-а... сіздің де шамаңыз белгілі болды!

Сүмесінов: (кіжіне) Ой, мұрынбоқ... Менің шамамның қандай дәрежеде екенін сен қайдан білесің? Өзің не деп тұрсың?

Қуандық: Мен кез-келген ақын-жазушының деңгей-дәрежесін оның көркем шығармаға көзқарасы арқылы-ақ дәл анықтауға болатынына талай рет көз жеткіздім.

Сүмесінов: Шырағым-м, тумай жатып дана сөз айтатын қандай данышпансың! Сонда мені де... көп шалағай қаламгердің бірі дегенің бе бұл! Сөйлер сөзіңді ойланып барып айт. Мен... мен жаман ба, жақсы ма − осы күнге дейін отыз әңгіме, бес повесть жазған қазақпын. Ол аз десең, драмалық шығармаларым тағы бар. Ол аз десең-ң... (тұтығып тұрып қалады)

Қуандық: Аз емес, әрине! Білем бәрін де. Аз емес, аға! Бірақ, сан барлық уақытта сапа көрсеткіші бола бермейді ғой.

Сүмесінов: Әуелі... әуелі жазып ал өзің!.. (таяғымен жерді тарс-тарс еткізіп ұрады) Қарашы әй, мұны... Сол отыз әңгіменің бесеуі, бес повестің біреуі мақтауға іліксе, онда мақсатқа жеткенім. Есіңде болсын, қайсыбір классик жазушыны алсаң да барлық шығармасы шедевр емес.

Қуандық: (оны сабырға шақыра) Бұл сөзіңізге, Сүмен аға, құлақ асуға болады. Алайда, Әуезовтің әлгі «Абай» романы сөз жоқ, талантты туынды. Оны көре білмеу − нағыз көрсоқырлық.

Сүмесінов: Талантты шығарма дей салу оңай. Ал, оны дәлелдеу ше! Не үшін талантты?.. Несімен ерекше-е!..

Қуандық: (күйіне) Ау, сіз сонда сол шығарманың шын талантты екеніне әлі де шүбәлісіз бе! Онда ежіктеп-ақ айтайын. Көркем туынды үшін ең бастысы не?.. Кесек образ ба? Ол бар...

Сүмесінов: Ол ғана болса жақсы-ау...

Қуандық: Тартыс па? Ол да бар.

Сүмесінов: Онымен де тоқтауға болар ма?

Қуандық: Тағы не?.. Идея ма? Ол да айқын-н... Соның бәрін де көре алмасақ, дұрысы көргіміз келмесе, онда біз ұлт әдебиетін әрі қарай өркендете алмаймыз-з... Әсіресе, сіздің сөзіңізге сүйенсек...

Сүмесінов: (сөзді бөле) Шырағым-ау, мен Әуезовті түкке тұрмайтын жазушы дедім бе? Айттым ғой жаңа... Романы былай... жаман емес. Жекелеген кемшіліктерін айтпағанда... Ал, басуға болмайды десек, ол баспа басшылығының ұсынысы. Мен соны айттым... Қоймайсың ғой тіпті... (ашулана сөйлейді).

Қуандық: (батылдана) Қоймасам – өз басымның қамы емес. Айтсам, ұлт әдебиетіне жаным ашыған соң айтам. Өзгенің жасығына таң қалып, өзіміздің асылымызды табан асты ете берсек, онда барар жеріміз белгілі.

Сүмесінов: (тұтыға) Мен... мен-н... өзге елдің әдебиетінен кімге таң қалыппын? Кімді көтере дәріптеппін! Есіңде болсын, мен айтсам, қай кезде де шындықты айттым. Барды бар, жоқты жоқ деп үйренгем. Ал, Әуезов... ұлт әдебиетіндегі талантты қаламгердің бірі екені рас. Алайда, мына «Абай» романының бір қайнауы ішінде.

Қуандық: Сіз бір қайнауы ішінде дейсіз, ал кей реттерде екі қайнауы ішіндегі романдарды да қол қойып, шығарып жатырсыз ғой.

Сүмесінов: Ол кім? Қай роман?

Қуандық: Өз ішіңіз біледі.

Сүмесінов: (ашулана) Жап-жас болып, тіл безеуді қайдан үйренгенсің? Бұның аты − көргенсіздік! (сосын қалшылдап) Осы күнгі жастар неткен дөрекі! Неткен дарақы-ы...

Қуандық: Оны сізден үйреніп жатқан жоқпыз ба!

Сүмесінов: Мен не үйреттім? Үлкенмен осылай сөйлес дедім бе!

Қуандық: Әуезовпен қалай сөйлескеніңізді ұмытып қалдыңыз ба!

Сүмесінов: Ол енді... ашу үстінде айтылған сөз. Әуезовтің өзінен де бар. Қаһарланып кірді ғой. Менде де қайбір оңған мінез болсын. (сәл кідіріп) Әттең, мына аяғым-м... Әйтпесе, осы кезде майданда, неміс фашистерімен айқасып жүрер ме ем... Шаршадым. Шаршатты мені осы құрып қалғыр әдебиет-т...

Қуандық: (оған басу айта) Сабыр етіңіз, Сүмен аға! Қалай болғанда да, сіз жаңа Мұхаңа қатты сөйлемеуіңіз керек еді. Онсыз да өмірден жеген таяғы аз емес... Жығылған үстіне жұдырық деп...

Сүмесінов: Слушай, оны маған емес, ана басшыларға айт. Менің міндетім – қай автор қандай қиындық көрді емес, шығармасы қандай дәрежеде, соған пікір білдіру. Сол үшін ақы аламын.

Қуандық: Дегенмен... сізге де көп нәрсе байланысты. Мұхаңды қорғау керек еді.

Сүмесінов: Тағы да айтамын. Мен үшін Мұхтар да бір, Сәбит те бір, Ғабит те бір. Қазақтың бар жазушысы мен үшін бірдей. Бірінен-бірін бөлмеймін. Ұқтың ба! Енді болды! Сөзді доғар.

Қуандық үнсіз қалады. Сүмесінов ыңылдап әндетіп, таяғын шошаңдатып, сылти басып кабинеттен шығып бара жатады.

Төртінші көрініс

Мұхтар Әуезовтің пәтері. Үйде – Валентина Николаевна екеуі. Мұхаң көңілсіз. Үйде әрлі-берлі жүре береді, жүре береді.

Валентина: (оған басу айта) Мұхтар, неменеге күйгелектенесің! Биыл шықпаса, келесі жылы шығады. Болмаса, арғы жылы... Жақсы кітап жерде қалушы ма еді.

Мұхтар: Мәселе – қашан шығатынында емес. Мәселе – мені мұқатқан болып, ұлы Абайға ауыз салып отырғанында. Бәрінің қорқатыны – Абайдың ақындығы емес, сол Абайдың ұлт айбарына айналып, бәрімізден асқақтап кете ме деген қаупі бұл. Тағы да сол баяғы 37-нің салқыны. Абайды әлі де болса тобықтан қағып жіберіп, тағы да бір сүріндіреміз деген айла. Әлгі Сүмесіновтің қолымен от көсеу. Ал, арғы жағында... Осының бәрін тасада тұрып ұйымдастырушы бар. Әттең, соның кім екенін білер ме еді...

Валентина: Асықпа, Мұхтар, оның да сыры ашылады әлі. Ондайлар көрінбей қалушы ма еді...

Мұхтар: Кеш білген соң, қызығы да жоқ. Темірді қызған кезінде соққан да жақсы.

Валентина: Бүгінше сабыр сақташы. Шешінші өзің. Бірге отырып шәй ішейік.

Мұхтар: Мұндай жағдайда шәй бата ма, Валя! Ішім өрт қой. Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ... Қайтпек керек?!.

Валентина: Сен... ана Самсонов досыңмен ақылдассаң қайтеді? Бәлкім, ол бір жолын айтар.

Мұхтар: Самсонов не істей алады? Жау өз ішімізден ғой. Жарайды, Самсоновқа телефон соғармын. Ал, сосын... Сосын не демекпін. Мені мына қазақтардан, өз қандастарымнан құтқар деймін бе!

Валентина: Олай демейсің. Тек... ақылдасасың. Абай туралы романыңды шығару жайында пікірлесесің.

Мұхтар: Білем. Самсонов мен десе ішкен асын жерге қояды. Ол баяғыда-ақ айтқан, орыс тіліне аударайық, сосын Мәскеуден шығартуға күш салам деген.

Валентина: Е, ендеше сол... сол дұрыс емес пе!

Мұхтар: Жоқ, олай ете алмаймын.

Валентина: (сәл кідіріп) Онда өзің білерсің. Менікі − жәй ойласу ғой. Мұхтар-ау, өстіп тұра береміз бе? Бәрі де орнына келер. Жүр, отырып шәй ішейік.

Мұхтар: Жоқ! Мен мұны бұлай қалдыра алмаймын. Кітап тағдырын Орталық Комитет шешкен болса, сонда барамын. Керек болса хатшыға да кіремін. (сосын дереу телефонға ұмтылады. Телефонды алып, нөмірін тереді, ар жағынан дауыс естіледі)

Дауыс: Сізді тыңдап тұрмын.

Мұхтар: Ал-ло! Бұл – Әуезов қой. Маған Әмірбаев жолдас керек.

Дауыс: Мен – Әмірбаевпын. Сізді тыңдап тұрмын, Әуезов жолдас.

Мұхтар: Сізге баруым керек. Осы қазір...

Әмірбаев: (әмірлі үнмен) Қазір келгіңіз келген екен. Келіңіз...

Мұхтар трубканы қоя сала, дереу сыртқа кетуге асығады. Валентина Николаевна жүре сөйлейді.

Валентина: Ең болмаса, Орталық Комитетке барғанда сабырлы бол. Нені айтсаң да, асықпай, дәлелді айт. Кім біледі...

Мұхтар: Ол жағын қоя бер. Бұл өмір не үйретпеді маған-н...

Мұхтар шығып кетеді. Валентина Николаевна жалғыз.

Валентина: (күрсіне) Ой, боже мой! Тағы да бүлінгені ме! Тағы да ұрыс-керіс басталмаса де. Онсыз да жауы жетерлік. Енді Орталық Комитетке барып, әділдік сұрамақ. Әй, ондағылар дәл қазір жазушыны керек етсе де... Ой, боже...

Сахна кішкене қараңғыланады да, қайта жарық түскенде − Бейсенбай Кенжебаевтың кабинеті. Кабинетте жас ақын Қуандық. Бейсенбай оған қарап сөйлейді.

Бейсенбай: Иә, жай ма?

Қуандық: Қайдан жай болсын, аға! Бағана бізге Әуезов келген. Сүмесінов ол кісінің жүрегіне ауыр тиетін сөздер айтты. Романды қайтарып беріп жатып, арына тиді. «Сіз өзіңізді тым жоғары ұстайсыз, романыңыздың алып-жұлып бара жатқаны шамалы» деп мұқата сөйледі. Мұхаң қатты қызара, ашуланып тұрды. Бірақ ештеңе демеді. Үнсіз шығып кетті. Осы дұрыс па? Осы әділдік пе? Сүмесінов кім, Әуезов кім? Осыған қаным қарая жаздап...

Бейсенбай: Ә-ә, түсіндім. Әуезов әуелі менде болған. Қолжазбаны қайтару әңгімесі осы жерде шешілген. Мұхаң түсініп қабылдаған. Ал, ана Сүмесінов болса... ондайлар көп қой. Соған да ашуланып келіп отырсың ба?

Қуандық: Енді-і... ашуланбағанда! Мұхаңды бәріміз талантты қаламгер деп танимыз. Ал, Сүмесінов...

Бейсенбай: Ол не дейді? Арманы не?..

Қуандық: Ол ма? Ол Әуезовті көп жазушының бірі дейді. Тіпті өзімен де теңестіріп қояды.

Бейсенбай: (ойлана) Әдебиет деген − түпсіз терең тұңғиық. Оның жақсы-жаманын анықтап, дәл диагноз қоятын біз емес, уақыт. Ертеңгі ұрпақ...

Қуандық: Оны түсінем ғой. Әуезов бәрібір Әуезов боп қалатыны даусыз ақиқат. Тек... осы күні кім көрінгеннің аузына келген сөзді айтуы жанға батады. Тіпті бар ғой, «Абай» романының шықпағанына іштей қуанатын да сияқты сол Сүмесінов...

Бейсенбай: Бақастық деген болады. Көре алмаушылық деген қызыл ит тағы бар...

Қуандық: Көре алмайтындардың көмейіне қашан құм құямыз осы! Қашанғы шыдай береміз-з...

Бейсенбай: Жә, Қуандық ашуыңды бас, босқа қапалана берме. Біз де жанбыз. Біз де ойлана аламыз. Басқа есебіміз бар. Ол жайлы кейінірек айтам. Әзірге бұл әңгімені жылы жаба тұралық. Жарай ма!

Қуандық: Ал, роман ше? Оны қайтеміз?

Бейсенбай: Роман жөнінде қам жеме. Ол шығады. Шығарамыз. Және өз ішіңде болсын, оны екеуміз шығарамыз.

Бесінші көрініс

Орталық комитет. Әмірбаевтың кабинеті. Кабинетте Мұхтар Әуезов екеуі. Мұхаң ренжулі.

Мұхтар: Көркем әдебиет, біле-білгенге көк мұхит сияқты тылсым әлем. Оны түсіну үшін сол тұңғиыққа сүңги білу ләзім. Мен сізді, Әмірбаев жолдас, осы орынға келгенде қуана қабыл көріп ем. Партиялық жүйеде де әдебиетті түсіне білетін кісі отырғаны жарты бақыт қой.

Әмірбаев: Шама жеткенше, Мұха, жігіттерге көмек қолын созып келем. Талантқа қамқорлық керек. Оны түсінеміз ғой.

Мұхтар: Оныңыз жақсы, әрине! Қолдай білу де − қасиет. Алайда жақсыны жасықтан, алтынды темірден ажыратып отыру да ақылдың жұмысы. Ақылсызға бұның бәрі де бірдей.

Әмірбаев: Мен өзім де ептеп жазамын ғой. Содан да болар, тәуір дүниеге қиянат жасаған емеспін. Қайта баспадағылар темірдей қатты болып алды. Олар аямайды.

Мұхтар: Иә, аяушылық аяқ асты болған заманға да кезіктік-к... Қайда барсаң да сол...

Әмірбаев: (дереу даусын өзгертіп) Сіз... не туралы айтып отырсыз? Өкпеңіз бар сияқты. Ондай өкпені жасырмаған дұрыс. Ашып айтқан жөн.

Мұхтар: Мен, Әмірбаев жолдас, сізді осындағы әдебиет пен өнерге жанашыр болатын кісі деп жүрсем... Бұл қалай болды? Мен бүгін ғана кітап жазып жүрген адам емеспін. Бұрын да бірталай кітаптарым жарық көрген. Ал, «Абай» болса, қай жағынан алғанда да солардың бәрінен жоғары деп ойлаймын.

Әмірбаев: Сіз, Мұха, ең әуелім мәселенің мәнісіне түсініп алыңыз. Ренішіңізді сосын айтасыз. Ең алдымен, «Абай» романы баспадан алынып тасталсын деп шешім қабылдаған мен емес. Ол – баспа басшылығының өз шешімі. Екіншіден, кітап туралы, оның тағдыры туралы өз атымнан бұйрық беруге хақым жоқ. Айтса, ел басшысы айтты...

Мұхтар: (ашулана) Сол ел басшысына сөз жеткізетін кім? Соны біле алмай шаршап жүрмін ғой. Әрине, бірінші хатшы менің романымды оқыған жоқ. Оқуға уақыты да жоқ. Осы екі арада сөз тасушы кім? Араға жік салушы кім?

Әмірбаев: (даусын көтере) Сіз Орталық Комитетте тұрсыз. Ойланып сөйлеңіз. Бізде ылғи коммунистер, яғни ары таза кісілер істейді. Олар туралы «өсекші», «сөз тасушы» деуге еш хақыңыз жоқ. Сіз өзі коммуниссіз бе?

Мұхтар: Жоқ! Мен партияда жоқпын.

Әмірбаев: Міне, мәселе қайда жатыр. Өзіңіз коммунист емессіз. Ал, сөйте тұра...

Мұхтар: (сөзді бөліп) Е, мен не бүлдіріппін? Партияда жоқ болсам да, елімді, жерімді шын жүрегіммен сүйемін. Коммунистерден кем сүймеймін деп ойлаймын. Арым таза...

Әмірбаев: Ол енді даулы мәселе. Сіз өзіңіз солай ойлайсыз.

Мұхтар: Жоқ, ойлап қана қоймаймын. Ісімде де дәлелдеуге тырысам. Мысалы, мен «Абай» романында өз елімнің кешегі ғасырдағы тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы туралы жаным аши, жүрегім езіле жаздым. Кең даламның сұлу табиғатын шамам келгенше әсем суреттеуге жан салдым...

Әмірбаев: Оқығандар басқаша айтады.

Мұхтар: Кімдер ол? Кім айтады?

Әмірбаев: Баспадағылар...

Мұхтар: Аты-жөні бар ма?

Әмірбаев: Сіз неге мені алқымдайсыз. Мен Орталық партия комитетінің жауапты қызметкерімін. Сізге есеп беруге тиіс емеспін. Анық-қанығын білгіңіз келсе, баспа басшылығына барыңыз.

Мұхтар: Онда болғам. Мәселе – баспада емес, осы жақта. Сізден өтінерім – мені бірінші хатшыға кіргізіңіз.

Әмірбаев: Ол мүмкін емес. Кез-келген жазушыны кез-келген уақытта қабылдап отыруға хатшының уақыты да жоқ.

Мұхтар: Жарайды. Мені жазушы деп қабылдамай-ақ қойсын, ең болмаса, осы елдің азаматы, оқыған азаматы ретінде бес минутке қабылдауына болады ғой.

Әмірбаев: Бірінші хатшының бұл айдағы әр күні кесте бойынша жоспарланып қойған. Сондықтан да реті келмейді.

Мұхтар: Ал, келесі айда ше?

Әмірбаев: Оны ойланып көрейік. Кейінірек хабарласарсыз.

Мұхтар: Жарайды. Күтейін. Тек ойымнан кетпей қойған жайт мынау: баспада мені кім тұқырта жамандауы мүмкін?

Әмірбаев: Ол жағын менен сұрамаңыз.

Мұхтар: Жақсы ендеше. Қабылдағаныңызға рахмет. Өзіңізден хабар күтемін.

Мұхтар кабинеттен шығып кетеді. Әмірбаев жалғыз.

Әмірбаев: (өз-өзінен күбірлеп) Қарашы мұны! Мен мықтымын дейді. Зормын дейді. Өзін классик санайды-ау, ә! Көрерміз. Сол романы алып-жұлып бара жатқан дүние дейсің бе! Қазақ Бальзактай, Драйзердей, Мопассандай, Лев Толстойдай, Тургеневтей роман жазу үшін әлі талай уақыт керек шығар. Өзінің дәмесі зор. Бірінші хатшы қабылдасын дейді. Бірінші хатшы оны қайтсін! Бұдан да зорлары кіре алмай жүргенде... Күт! Күте бер! Кірерсің хатшыға... (кекесінмен күледі)

Сосын Әмірбаев телефонды алып, баспаға телефон шалады. Арғы жағынан хатшы қыз көтереді.

Әмірбаев: Ало, маған директорды қос!

Хатшы қыз: Ол кісі орнында жоқ.

Әмірбаев: Енді кім бар?

Хатшы қыз: Бас редактор Бейсенбай Кенжебаев.

Әмірбаев: Сол кісіні қос (енді арғы жағынан ер кісінің даусы естіледі)

Бейсенбай: Сізді тыңдап тұрмын.

Әмірбаев: Мәселе былай, Кенжебаев жолдас. Бірінші хатшының «Абай» романы туралы не дегенін өзіңіз білесіз. Жаңа менде Әуезовтің өзі болды. Бірінші хатшыға кіргісі келеді. Мемлекет басшысының жазушыны қабылдаудан басқа жұмысы жоқ па! Сіздер тапсырманы орындаңыздар. Болды. (трубканы тарс еткізіп қоя салған дауыс шығады)

Бейсенбай: (қапалана) Туһ, осылардың мінезін-ай! Хатшылардан емес, осындай атқосшылардан көресің көресіні! Кеуделеріне нан піседі. Зілдене сөйлегенде, төбеңді ойып жібере жаздайды-ау кей-кейде... Тіпті ең момақан мақұлық піл болса, оның да тілін шығармай қоймайды...

Алтыншы көрініс

Қала іші. Көшенің ең тыныш жері. Кешкі сәт.Скамейкада екі кісі әңгімелесіп отыр. Оның бірі – Бейсенбай да, екіншісі – Әуезов.

Бейсенбай: Мұха, ЦК-ға бекер бардыңыз. Бұл шаруаны одан бетер ушықтырып алатын болдық.

Мұхтар: Е, неге бармаймын. Әділетсіздік орын алып жатса, ЦК-ға бармағанда қайда барамыз.

Бейсенбай: ЦК-ға басқа мәселемен баруға болар, ал енді нақ осы «Абай» романы туралы барудың қажеті жоқ еді.

Мұхтар: Бейсенбай шырақ, сен түсінші. Бұл роман Абай туралы болғандықтан да мен үшін ең қымбат дүние. Ең асыл шығармам. Бұны шығара алмасам, бүкіл өмірімнің босқа кеткені. Сосын да аяғына дейін күресемін.

Бейсенбай: Білем. Түсінем сізді. Алайда...

Мұхтар: Түсінетін болсаң, білетін болсаң мені неге қинай бересің? Абай тақырыбына еріккеннен қалам тарттым ба мен-н...

Бейсенбай: (ойлана) Е-е, Мұха, бәрі де есімде ғой. Әнебір жылы Мәскеуде кездескенде айтқан әңгімеңізді әлі ұмыта қойғам жоқ. Сіз әуелде Абылайхан туралы роман жазбақ болдыңыз емес пе?

Мұхтар: Ол рас. Қазақ елінің басын біріктіріп, іргелі елге айналдырған бір ұлы хан болса, ол – осы Абылай. Сол Абылай бұ дүниеден өтерінде арттағы ұрпағына аманат етіп айтыпты дейді: «Үш арманым бар: бірі – қала салып, ел іргесін біржола бекіте алмадым, жерге толық қожа ете алмадым; екіншісі − әскер жасақтағаныммен, оларды орыс әскеріндей қуатты қарумен қаруландырып, соғыс өнеріне үйрете алмадым; үшіншісі – ел басқару өнерін отыз ұлыма толық үйрете алмадым...» Байқайсың ба, осыны арман етіп, өмірден өткен азамат шын ел жанашыры емес пе? Сол үшін-ақ Абылай туралы көлемді роман жазуға тұрар еді, бірақ қайтейін... Саясат деген пәлекет алдымды кес-кестей берді.

Бейсенбай: Сіз, Мұха, бір кездері Кенесары ханды да көп зерттегенсіз. Оған да роман арнамақ па едіңіз?

Мұхтар: Кенесары да өте құдіретті хан! Ол өз кезінде ешкімге бас имеген өжет жан. Оның мына туыс ел – қырғыздар қолына түсетін тарихын білесің ғой...

Бейсенбай: Ептеп... Толық білмеймін. Бірақ естуім бойынша Кенесары інісі Наурызбай екеуі қырғыздар қолына жазатайым түсіп қалғанда, қойнына қыз салып, ұрпақ алып қалмақшы болған деген сөз бар. Сонда екеуі де сыр бермепті, қыздар қанша қылымсыса да селт етпепті. Ол ол ма, екеуінің денесіне найза сұғып, шыдамын тексермек болғанда, қыңқ етпепті. Тек бір сәтте Кенесары жарасын ауырсынып, сәл дыбыс шығарғанда інісі Наурызбай «Көке, хан басыңмен ыңырсып, сүйекке таңба салмасаңшы» депті. Қырғыздар Наурызбайдың ерлігін сынамақ боп, сайланып шыққан жүз жігітке қарсы қойып, «осыны бұзып өтсең, бас бостандығыңды береміз» дегенде, Наурызбай айқай сап кіріп, бәрін жайратқан екен. Бірақ ағасын тастап кете алмапты, қайта оралыпты деседі.

Мұхтар: (оның сөзін бөліп) Иә, Кенесары мен Наурызбай расымен-ақ қырғыздар тұтқынында болған. Алайда жаңағы әңгімелердің көбі айтушылар арқылы үдемелеп кеткен. Кенесарыға қорлық көрсеткен қырғыздар емес, қырғыз атын жамылған екіжүзділер. Осылай деген дұрыс болар. (ойлана) Мен «Хан Кене» деген пьеса жазғам. Онда осы идеяны жеткізбек болғам.

Бейсенбай: Сіз, Мұха, қай кезде де ұлттар татулығын ойлап жүресіз. Әсіресе, қазақ пен қырғыз арасын жарастыруға көп еңбек сіңірдіңіз. Қырғыздардың ұлы жыры «Манас» туралы айтып та, жазып та келесіз. Бұл үлкен жұмыс қой. Осы күні қырғыз жұрты сізді қатты қадірлейді екен.

Мұхтар: (күліп) Мен, Бейсеке, арзан атақ үшін жұмыс істемеймін. «Манас» тек қырғыздар үшін мақтаныш емес, ол бәріміз үшін ортақ қазына. Солай деп ұғыну ләзім.

Бейсенбай: Біздің кейбір шалағай тарихшыларымыз Кенесары мен Наурызбайды айта отырып, қырғыз-қазақ арасына сына салатын сөз суыртпақтауға үйір болып барады.

Мұхтар: Айттым ғой жаңа, Кенесарыға қорлық көрсеткен қырғыз емес, қырғыз атын жамылған жүрексіз жандар. Осыны жеріне жеткізе жазып, көркем тілмен дәлелдемек боп, тіпті «Хан Кене» деген роман жоспарлағам, алайда... оның сәті түспеді.

Бейсенбай: Оны да білем. Бірақ ол ойдан амалсыз бас тарттыңыз. Одан гөрі оңтайлысы − осы Абай ақын болды ма деймін...

Мұхтар: Е, Бейсеке, мен білгенді сен де білесің ғой. Әбден білесің. Өйткені тақырыбымыз да, табиғатымыз да ұқсас. Сен баяғыда-ақ Абай ақындығы туралы әдемі мақала жазғансың. Оны оқығам. Өзіңе ойымды да айтқам. Осыдан бір-екі жыл бұрын «Абылай хан» деген тарихнамалық еңбекті де бастырдың. Бұның енді ерлік! Нағыз жүректілік! Ал, біз... біз тайсақтадық.

Бейсенбай: Оу, Мұха! О, не сөзіңіз... Бір кісі сіздей-ақ ерлік жасай алсын. Мына «Абай» романы ерліктің ерлігі. Оған дейін драмалық туынды да жазғансыз-з... Сол драмаңыз туралы...

Мұхтар: Иә, ол драманың жолы да өте ауыр болып еді...

Бейсенбай: Ойпырмай, Мұха-ай, осы біз қашан ел болар екенбіз! Қашан қызғану дегенді қойып, бірімізге-біріміз ойлы сөз, есті әңгіме айтар екенбіз. Әй, осы... ел бола алмаймыз ба деп қорқам-м...

Мұхтар: (оның сөзін бөле) «Абай» драмасын жазып, сахналамақ болғанымда да осы қазақ... иә, дәлірек айтқанда қазақ атын жамылған екіжүзді топас топ аяғымнан тартып, ілік іздеп, әбден әурелегені рас. Тіпті ең аяғы Орталық Комитетке дейін барып, сол жақта тағдыры шешіліп еді-ау. Бізде ер жоқ, жүректі жігіттер жоқ дейміз. Шын мәнінде олай емес. Жақсылар бар. Түсінігі мол азаматтар көп. Мен өзім «Абай» трагедиясының қойылуына қамқорлық жасап, қол ұшын берген ер көңіл қазақ, Совнарком төрағасы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың үлкен қамқор көңілін ұсынғанын қалай ұмытайын. Осы Нұрекеңді барша жұрт тек мемлекеттік чиновник деп ойлайды. Ал, расында олай емес, Оңдасынов − өнерде де орны бар азамат. Ол ұлт әдебиеті мен мәдениетін қайсыбір шалағай жазушылардан жоғары түсіне біледі. Жақында бір кездескенімде, ол кісі маған айтты: «Мұха, ұлттық киноны да дамытуымыз керек, сіз киносценарий жазыңыз» деді.

Бейсенбай: Осы жолы сол Нұрекеңе де кірдіңіз бе?

Мұхтар: Жоқ, ол кісіні мазалағым келмеді. Керек болып жатса, оған да барармын. Ал, әзірге «Абайды» қорғай алатын өзің бар емеспісің, Бейсеке! Саған сенбесем, кімге сенем.

Бейсенбай: (қинала сөйлеп) Роман тек Абай туралы ғана емес, онда қазақ халқының жарты ғасырлық тарихы, шежіресі де бар. Оны білемін. Алайда, Мұха түсінсеңізші. Уақыт қандай! Кезең қандай! Соғыс мынау. Ел жүдеу. Аш, жалаңаш. ЦК бізге тек соғыстағы солдаттарды жігерлендіретін кітап шығарыңдар дейді. «Абайды» біреулер әбден жамандап қойған. Ескілік романы, ескіні көксеген шығарма деп...

Мұхтар: Білем. Оны айтып жүрген алыста емес, өз ішімізде. Әсіресе, ана Сүмесіновтер. Соның тобы.

Бейсенбай: Енді... өзіңіз де іштей сезеді екенсіз ғой. Демек, оларды жеңіп шығу үшін біз үнсіз, білдірмей әрекет етуіміз керек.

Мұхтар: Қалай? Не ойың бар?

Бейсенбай: Әнеукүні айтып ем ғой. Сіз романды алаңсыз қарай беріңіз. Жөндеңіз. Түзеңіз. Латыннан кириллицаға аудартыңыз. Хабар өзімнен болады. Еш асықпаңыз да аптықпаңыз. Келістік пе!

Мұхтар: Келіспеске қоясың ба сен! Жарайды, дегенің болсын.

Екеуі қол алысып, құшақтасады. Бейсенбай қоштасып, кетіп қалады. Мұхтар жалғыз.

Мұхтар: (өзіне-өзі) Қайран, Абай! Ақын Абай! Ұлы Абай... Өмірің қандай ауыр, «соқтықпалы, соқпақсыз» болса, екінші өмірің де тап сондай.

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ Адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма! – деп, егіле жырладыңыз-ау. Сол күй, сол қалып, сол қайғы бүгін мына менің де басыма төніп тұр. О, Абай ақын, біз екеуміз кітапта ғана емес, өмірде де мұңдас бола бастадық па, не болды өзі!.. Алып Абай, қолдашы мені әруағыңмен... Бір өзіңе сыйындым-м... (күңірене сөйлейді) Осы кітап жарыққа шықпаса, онда менің де босқа өмір сүргенім... Ендігі бар мақсат сол болады. Осы мақсат жолында − жан пида...

Осы кезде сахна қараңғыланады да, әлдеқайдан Абай ақынның даусы естіледі:

Абай даусы: Уа, ұрпағым! Мен көрген қазақ – сол қазақ болып, әлі ұрысып, таласып, бастарың піспей жатыр ма? Ел болуды ойласаң, біріңді-бірің дос санамас па ең. Бірлігіңді тілеп өтіп ем, сол арманым қашан орындалады? Ен далаңның кеңдігінен не пайда, көңілің тар болса... Жүректеріңде де даладай кеңдік орнасыншы, уа ұрпағым... Қалың ел – қазағым-м...

Мұхтар: Абай... Абай ата! Жасымнан өзіңнің отты жырларыңды оқып, әдебиет атты киелі әлемнің есігінен сығалап ем. Содан бері көрмегенім жоқ. Кім көрінген етегімнен тартып, бір шетке шығарып тастағысы келеді де тұрады. Бұл не?

Абай даусы: Е-е, балам, бұл өмір! Бұрын да солай болған, сенен кейін де солай болады. Өйткені, пендесі бар жалғанда бәрі де мүмкін-н... Сондықтан да мен «мыңмен жалғыз алыстым» деп зар сөзімді айтпап па ем...

Мұхтар: Сен түсінбейтін, топас мыңмен алысып ең, Абай ата! Ал, мен дипломды, надан мыңмен айтысып жүрмін. Жеңем бе, жеңілем бе − білмеймін. Әйтеуір бар арманым, Абай ата, өзіңді бар қазаққа таныстырсам деп ем. Көрсоқырлардың көкірек көзін ашсам деп ем-м...

Абай даусы: Көрсоқырлардың көкірек көзі бар ма әуелі. Соны біліп алсаңшы, балам-м... Соны біліп ал әуелі... (дауыс жоғала береді).

Мұхтар: (орнынан тұрып, алға ұмтыла түсіп) Абай ата! Тоқташы, аялдашы... Мені жалғыз қалдырмашы... Ала кетші өзіңмен!.. Ала кетші... (отыра қалып, жерді ұрғылады).

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Бірінші көрініс

Бейсенбай Кенжебаевтың кабинеті. Кабинетте жалғыз. Өзімен-өзі сөйлесіп отыр.

Бейсенбай: Абай! Абай ақын... Ұлттың үлкен ақыны... Қазақтың бас ақыны... Қайран Ахаң, Ахмет Байтұрсынов Абай туралы осылай деп жазып еді-ау. Тоқта! Баяғыда Мәскеуде жүргенде Мағжан ақын маған «Абай туралы жаз» деп тапсырма бергені ше! Сонда жазған мақаламды «Абай – халық ақыны-ы...» деп атап ем-ау. Енді мынау, сол халық ақыны туралы тамаша романды өзім баспада бас редактор болып отырып шығара алмаймын. Не деген сорлылық! Не деген мүсәпірлік! Біз деген жылдан-жылға майдаланып бара жатқанымыз-ау осы. Әйтпесе, ХХ ғасырдың басында, аласапыран уақытта да Ахмет, Әлихан, Мағжандар өз дегенін істеді. Шоқай уақытша өкіметтің министр портфелінен саналы түрде бас тартты. Садықбек Сапарбеков ағам ше! Садықбек аға жазушы Сәбит Мұқановты атышулы Шаядан − Голощекиннің құрығынан құтқарып жіберіп, Мәскеуге оқуға аттандырды. Сұлтанбек Қожанов алашшыл Мағжанның бір томдығына өзі алғысөз жазып, кітабын жарыққа шығарды. Ақын өз кітабын көргенде кеудесіне басып тұрып, көзіне жас алыпты деседі... Ал, Нәзір болса... Мәскеуде отырып-ақ қазақтың мақал-мәтелдерін, бейпіл сөздерін, жоқтау өлеңдерін жинаттырып, бастырды. Соны жинаушылардың бірі − ана Өтебай Тұрманжанов болса, екіншісі − өзім едім ғой. Ал, бүгін... Бүгін осы қызғаншақ топ Абайды қоя тұрып, енді Мұхтардың өзін сүріндірмек ойлары бар-ау. Әуезов Әуезов болғалы қаш-шан! Әуезов әлемдік дәрежеге көтеріліп кете ме деп қорқа ма? Әй, дәу де болса сол-ау. Қызғаныш көрігін қоздырып жүргендердің ішін тырнаған көкала ит сол болар-р... Тіпті ЦК-ға дейін сөз тасығандары несі-әй! (кішкене ойлана түсіп) Осы өзім де сонша жалтақ боп барам ба? Дәл бүгін қолымда бәрі бола тұра «Абай» туралы романды бастыра алмаймын. Бұл не? Бұным қалай?..

Осы кезде әлдеқайдан Дауыс естіледі.

Дауыс: Әрине, кез-келген адам өзінің жылы орнына бауыр басып қалады. Жұмсақ орын, жұмсақ кресло... Өзі өмір бойы сол жұмсақтың үстінде отырып келгендей бола қалады. Сен де сондай пенденің бірісің. Оны неменеге бұлталақтатасың, уа пенде-е...

Бейсенбай: (шошына) Бұл кім?.. Кімнің даусы? Кімсің сен-н... (сосын сәл тоқтап) Ә-ә, өз ішімдегі үн екен ғой. Иә, кісі кейде өстіп екіге жарылады. Өзіңе-өзің қарсы шыға келетін кездер де болады. Дұрыс, өте дұрыс айттың, сен Дауыс! Креслоны қимасам, қимай да тұрған шығармын...

Дауыс: Ары қарай тыңда! Сен жұмсақ креслоны қимай отырғаның өз алдына. Ол бір жағы ғана. Одан да сорақысы − сен қорқақсың. Жүрегі жоқ жігітсің. Ахмет, Шоқай, Смағұл, Сұлтанбек, Тұрарлардың сен сарқыты ғанасың. Олардай болу қайда! Ол үшін арыстан-жүрек керек-к...

Бейсенбай: Ойпыр-ай! Сен, Дауыс, мені қатты қайрап жібердің-ау! Сол алаш ардақтыларының сарқыты екенім рас. Бірақ соншалық сужүрек дегеніңе жол болсын. Айтар жерде, біз де өз сөзімізді айтқанбыз. Керек десең, бүгін де айтуға әзірміз. Тек-к...

Дауыс: Әні, айтпадым ба! Өстіп күмілжитініңді біліп ем ғой. Қорқақтардың бәрі де өстеді. Өзінің қорқақ екенін ашық мойындай алмайды.

Бейсенбай: Жоқ! Сен өйтіп мені мазақ ете берме! Жетер! Жоғал енді... Арғысын өзім білем. (күрсініп алып) Қой, кісі өмірінде бір рет болса да ерлік іске бас тіге білуі керек. Олай етпесе, ол еркек пе!..

Телефонды алып, нөмірін тереді. Арғы жағынан Әуезовтің қоңыр даусы естіледі.

Мұхтар: Тыңдап тұрмын.

Бейсенбай: Мұха, бұл Бейсенбай ғой.

Мұхтар: (қуана) Пәлі, Бейсеке! Аман ба? Ойпырмай, ұзақ жасайды екенсің, жаңа ғана өзіңді ойлап отыр едім.

Бейсенбай: Мен сізге, Мұқа, жақсы хабармен телефон соғып отырмын. «Абай» романы қайда? Қарап болдыңыз ба?

Мұхтар: Әрине. Ол әзір тұрған дүние ғой. Тек әлгі ЦК-дан қорқып, үйде қамап қойғаным болмаса...

Бейсенбай: Енді сол романды қолға алатын кез келді. Ана жолғы әңгіме ептеп басылайын деді. Арада үш-төрт ай өтті емес пе! Сіз қолжазбаны маған жеткізіңіз.

Мұхтар: Ойпырмай, арты не болады сосын? Өзің ойланып алдың ба?

Бейсенбай: Ойландым. Әбден ойландым. Ендігі жұмысты маған тапсырыңыз...

Мұхтар: Жарайды. Бүгін жеткізіп берем.

Бейсенбай: Тек ешкімге емес, өзіме беріңіз.

Мұхтар: Келістік. (Бейсенбай трубканы қояды. Сосын ойланып отырады да, хатшы қызға Қуандықты шақыр дейді. Кабинетке Қуандық кіреді).

Қуандық: Шақырдыңыз ба, аға!

Бейсенбай: Шақырдым. Кел, отыр. Өзіңе айтар әңгіме бар.

Қуандық орындыққа отырады. Бейсенбай кішкене ойланып қалады.

Бейсенбай: (тілінің ұшымен) Осы әңгіме тек екеуміздің арамызда қалсын. Әуелі соған келісіп алайық. Сыртқа сөз шықпайтын болсын. Сөзге беріксің бе?

Қуандық: О, не дегеніңіз, аға! Мен терісін сыпырып жатса да үндемейтін батыр тұқымынанмын ғой.

Бейсенбай: (күліп) Ә, иә... Айтқан екенсің ғой. Есімде, есімде... Ендеше сенімді көңілмен айтамын саған. Қазір осында Әуезов келеді. Ол романның қолжазбасын жеткізеді. Соны саған беремін. Жауапты редакторы өзің боласың...

Қуандық: (қуана) Ту-у! Ақыры шығаратын болдық па!

Бейсенбай: Шығаруға бәрі де құлықсыз. Мен тәуекел деп, бар жауапкершілікті өзіме алып отырмын.

Қуандық: Сонда-а... директор білмей ме? Ал, күні ертең...

Бейсенбай: Ертеңді көре жатармыз. Бүгінгіні айт. «Абай» романы өз халқына тез жетуі керек. Ең бастысы – сол...

Қуандық: Түсіндім.

Осы кезде кабинетке Әуезов кіріп келеді. Қолында – қолжазба.

Мұхтар: Айтуың бойынша жеткенім осы, Бейсеке.

Бейсенбай: (орнынан тұрып, құшақтаса амандасады) Хош келдіңіз, Мұха! Таныс болыңыздар, мына жігіт – Қуандық Шаңғытбаев. Өте талантты ақын ініңіз...

Мұхтар: Е-е, Шаңғытбаев сенсің бе! Білем, білем... Газеттерден өлеңдеріңді көзім шалған...

Бейсенбай: Өзі өте аз жазады, бірақ саз жазады-ау деймін.

Мұхтар: Пәлі, қайталап, ой бере оқып көруіміз керек екен онда. Бейсекең көрінген ақынды мақтамаушы еді.

Бейсенбай: Ал, енді, Мұха, «Абай» романын мен өз жауапкершілігіме алып, шығармаққа бекіндім. Редакторы – осы ақын ініңіз Қуандық Шаңғытбаев болады.

Мұхтар: Пәлі, романға ақын редактор болса, бұл деген ғажап қой. Мен өзі қара сөзбен жазсам да, бұл романда Абай рухы бар. Абай поэзиясының қуаты бар. Бұл дұрыс болды ендеше!

Бейсенбай: Ең бастысы – бұл шаруа өз арамызда болсын. Кітап шыққанша ешкім білмегені жөн. Соған келісіп алайық.

Қуандық: Мен ешкімге сыр ашпаймын. Батыр тұқымы солай болады.

Мұхтар: Әй, осы мен өзіме-өзім сенбеймін, мақтанып, айтып қойып жүрмесем...

Бейсенбай: (күліп) Онда өз обалыңыз өзіңізге... Өзіңізге өзіңіз тұсау салсаңыз, ешкім кешірмейді. (сосын қайта салмақтанып) Сонымен, Қуандық, сен енді іске кіріс.

Қуандық: Маған сеніңіз.

Мұхтар: Е, өзі өте өжет ақын ғой. Бұған сенбегенде кімге сенуіміз керек. Бұл жалғанда төмен қарап, мұрнының астынан міңгірлеп, күмілжіген кісіден қорқуға болады. Осы жігіт дұрыс, Бейсеке!

Бейсенбай: Өзіңіз жөн көрсеңіз, Мұха, осы жігітке тоқтадық. Кесімді шешім осы болсын.

Мұхтар: Ал, онда мен кеттім. Қалған шаруаны өздеріңе сендім. (ол сахнадан шығып кетеді. Енді кабинетте − Бейсенбай мен Қуандық).

Бейсенбай: Ал, бала, өзіңе өте жауапты жұмысты сеніп отырмын. Бұның арты айқай-ұйқай болуы да ықтимал. Бірақ ол саған тиер сөз емес. Бәрін өзім көтерем. Сенің міндетің – романды тезірек жарыққа шығаруға мұрындық болу.

Қуандық: Мен де... су жүрек емеспін. Тәуекел іске сіз бел байласаңыз, мен де тәуекел еттім. Әуезов үшін ғана емес, Абай әруағы үшін. Тіпті қазақ әдебиетінің мерейі үшін...

Бейсенбай: Е, мына сөзің өте тұщымды. Сендім. Сендім өзіңе. Ендігі шаруаны баспаханада жалғастыру керек. Әзірге басқа жұмысты қоя тұр. Баспахана – үй, үй – баспахана... Ұқтың ба?

Қуандық: Ұқтым. Тек ана қасымдағы-ы... (күмілжиді)

Бейсенбай: Кім? Әлгі Сүмесінов пе?

Қуандық: Иә, сол... Өзі тіміскіленіп, менің не істеп, не қойып жүргеніме дейін аңдуды шығарыпты. Әнеукүні тағы да екеуміз қатты-қатты сөзге де келіп қалдық.

Бейсенбай: Не үшін?

Қуандық: Әуезов үшін. Ол Әуезовті көп жазушының бірі дейді, ал мен өте талантты деймін. Ол «сен жағымпазсың» дейді. Мен оған «көре алмайсың, қызғаншақсың» деймін. Сосын ол жағама жармасты.

Бейсенбай: Сен не істедің?

Қуандық: Жас емеспін бе! Итеріп жібердім. Ол қабырғаға басын соғып алды. Сосын боқтады. Мен де қарап қалмадым.

Бейсенбай: Оның жарамаған екен. Нең бар еді...

Қуандық: Жоқ, өзі ғой... Әуезовтің шығармасын былай қойып, енді жазушының өзіне жармасты. «Әуезов − айлакер, қу адам, өз бас қамын ғана ойлайды, әйтпесе жұрт қатарлы соғысқа бармай ма» дейді... Ау, Әуезов соғыстан гөрі ұлт әдебиетіне көп пайда тигізетін кісі ғой десем, «ол енді даулы нәрсе» деп шалқақтайды. Сосын шыдаймын ба, екі-үш рет түйіп жібергенім рас...

Бейсенбай: Ой, оның дұрыс болмапты. Ондайлардан аулақ жүру керек. Қарасы жұғады.

Қуандық: Сізге кірген жоқ па? Мені жамандамады ма?

Бейсенбай: Келген. Айтқан бәрін де. Мен «Қуандықпен өзім сөйлесем» дегем. «Енді саған қол көтерсе, жұмыстан қуам» дегем. Ол соған мәз болып, шығып кеткен.

Қуандық: Мені жазалайсыз ба? Жазықты мен болғаным ба сонда-а...

Бейсенбай: Жазықты болсаң, жазаламаймын ба! Ел-жұрт алдында масқараламаймын ба!..

Қуандық: (қуана) Рахмет, аға! Көп-көп рахмет...

Бейсенбай: Ал, іске сәт! Тек... оны-мұны жағдайлар бола қалса, дереу өзіме айтып отыр. Ешкімге емес, тек өзіме-е...

Сахна қараңғыланады.

Екінші көрініс

Әуезовтің үйі. Мұхаң өз кабинетінде. Өзі әлденеге күйгелектенуде.

Мұхтар: (өзіне-өзі) Ойпыр-ай, бәрі де сәтті аяқталса екен. «Абай» жарыққа шықпаса, онда қазақ жұрты һәм жалпақ елім туралы айтам деген барша ойымның да, арманымның да тұзақталғаны. Бүкіл ғұмырымды арнаған тақырып... Бар күш-жігерімді арнаған еңбегім... Солақай сыншылар мен шалағай баспагерлер, әрине, тырнақ астынан кір іздесе, кемшілік таппай қоя ма! Барды жоқ етуге әркім-ақ шебер. Әй, осы түрімізбен біз ұлт әдебиетін өркендете алар ма екенбіз. Қит етсе, аяқтан шалу. Сәл шалыс бассаң, төмпешке алу. «Хан Кенені» жазам деп таяқ үстіне таяқ жедім. «Қилы заманды» жазып ем, басыма қиямет қайым орната жаздады. Сондағым не! Ұлт тірлігі, ел ойындағы нәрсені қағаз бетіне түсіргенім. Жазушы сондайды жазбаса, онда несіне жазушы! Несіне қаламгер!.. «Абай» романы көп жылғы ойдың жемісі еді. Енді қарашы! Көрінген аяқтан шалады. Әлгі Сүмесіновтер сүңгісін тыға түсуге әзір. Бұл не! Бұл қай заман? Өмірі бітпейтін, өмірі аяқталмайтын қиянат па! Ұр-да-жық саясат па! Бұның да шегі болушы еді...

Осы кезде кабинетке Валентина Николаевна кіреді.

Валентина: Мұхтар, сен соңғы кездері кабинеттен шықпайтын болып кеттің. Жүр, тамағың әзір болды. Соны жеп ал. Сосын таза ауаға шығып, серуендеп келейік.

Мұхтар: Тіпті тамақ ішуге тәбетім жоқ, Валя. Тойып тұрған кісі секілдімін.

Валентина: Жоқ, болмайды. Асқазаныңды бұзасың. Онсыз да соңғы кездері жүрегің мазалап жүр. Саған күтім керек. Айтқандай, бағана Самсонов телефон соғып еді.

Мұхтар: (елең етіп) Иә, Самсонов дос не деді? Нені сұрады?

Валентина: Сенің жағдайыңды сұрайды да. Денсаулығыңа алаңдаулы.

Мұхтар: Басқа не деді?

Валентина: Романы не болды деді? Қашан шығады деді.

Мұхтар: Ой, Самсонов, Самсонов... Ол – таза жүректі адам ғой. Әкелші телефонды. Мен онымен тілдесіп қояйын.

(Валентина трубканы береді, Мұхтар номерді тереді)

Самсоновтың даусы: Ал-ло! Тыңдап тұрмын.

Мұхтар: Леонид Антонович! Бұл – Әуезов қой. Жағдай қалай?

Самсонов: О-о, Мұхтар, өзің қалайсың? Телефон соқсам үйде болмайсың. Қайда жүресің осы, а?

Мұхтар: Е, жұмыс қой, Леонид Антонович! Мен университетте сабақ берем ғой. Оған қоса қоғамдық жұмыстар...

Самсонов: Оның бәрі де дұрыс, Мұхтар. Ең негізгісі – сенің шығармашылығың. Роман не болды? «Абайды» қашан оқимыз?

Мұхтар: Қазақша нұсқасы баспада. Шығып қалар. Ал, орыс тіліне... сауатты аударатын кісі қарастырудамын. Оңтайлы адам болмай тұр.

Самсонов: Өй, саған аудармашы неменеге керек! Өзің орыс тілінде ағып тұрсың. Өзің-ақ аудар. Тіпті бар ғой, о баста орысша жазуың керек еді.

Мұхтар: Жоқ, Леонид Антонович! Мен қазақпын ғой. Сосын да әуелі қазақша ойлаймын. Қай тілде ойласаң, сол тілде ғана талантты шығарма жазуға болады.

Самсонов: Жолма-жол аударма жасатшы ендеше. Сосын мен де үлес қосармын. Ең бастысы – сенің талантың сарқылмауы керек. Мен саған сенемін, Мұхтар.

Мұхтар: Рахмет, Леонид Антонович! Алла разы болсын.

Самсонов: Ал, жақсы онда. Хабарласып тұрсаңшы.

Мұхтар: Міндетті түрде. (трубканы қояды).

Валентина: Көрдің бе, сені жақтаушылар бар. Ал, сен болсаң... қарадан-қарап күйіп-пісіп... Жүрегіңе салмақ түсіріп...

Мұхтар: Әлгі бір кермек ойы құрғыр... есімнен кетпей тұрғаны.

Валентина: Ол не ой?

Мұхтар: Абай туралы романымды шықпай жатып сынға ала бастады. Ал, шыққан күні солақай сыншылар қыр соңыма түсіп ала ма деп қорқам. Ескілікті көксепті, бұл заманды ұнатпайды деп...

Валентина: Міне, міне! Мен саған не деп жүрмін. Баяғыда-ақ айттым. Осы тарихты қоя тұр деп... Аяғы даулы деп... Жазам десең, басқа тақырып көп емес пе. Шартты образ деген болмай ма. Қайтесің сол тарихқа қайта-қайта бас сұғып... Көрген құқайың аз ба!

Мұхтар: Оның рас. Көрген құқайым аз емес. Бірақ... ұлтым үшін, елім үшін басымды тәуекелге тіксем, оның несі айып! Қорқақ та өледі, оның да мың жасамасы белгілі. Өмірге келген екенбіз, алла-тағала талант берген екен, ендеше жазып кетуім керек. Абайды мен жазбасам, басқа біреу де жазар әлі. Алайда... менің Абайым басқа ғой. Мен өз Абайымды, өз Құнанбайымды келер ұрпаққа көркем сомдап қалдыра алмасам, басқа өмір сүргенім де.

Валентина: Дәл бүгін, дәл қазір емес қой. Оған да уақыт келер. Заман түзелер. Қартайып тұрған жоқсың ғой, Мұхтар...

Мұхтар: Қартайып тұрған жоқсың дейсің, ә! Мен осы күні қырықтың жуан ортасында тұрмын. Әлем әдебиетіне үңілсек, барлық талантты қаламгерлер ең тамаша туындыларын осы жасқа дейін жазып үлгерген. Бұдан кешіксем, онда мүлде кешіккенім.

Валентина: Сен... алғашқы кітапты аяқтап қойдың ғой. Демек, кешіккен жоқсың. Тек... шығару жағынан асықпа дегенім де. Асықпай, екіншісін жаза бер.

Мұхтар: (ойлана,. өзіне-өзі) Тап осы сөзді ана Бейсенбай дос та айтып еді-ау. Әй, өзі тумысында таза жігіт. Бойында тектілік бар. Тектілік қашанда, қай кезде де алыстан мен мұндалап тұрады, оны жасырын ұстай алмайды екенсің-ң... (сосын әйеліне бұрылып) Жарайды, Валя. Осы сен болмасаң... (оны құшақтайды) сен болмасаң, қайтер едім. Өз-өзімнен жынданып кетермін-ау... Жүр, шәй ішсек ішейік.

Екеуі сахнадан шығып кетеді.

Үшінші көрініс

Бейсенбай Кенжебаевтың кабинеті. Кабинетте жалғыз өзі. Орындықта отыра алмай, әрлі-берлі кезіп жүр.

Бейсенбай: (өзінен-өзі) Осы қазақ... қашан бірлікке, ауыз бірлікке келер екен? Қашан көрсең де жауығып, жауласып жүргені. Бір-бірін атарға оғы болмай жүргені. Баяғыда Абай күйзеле айтқан қазақ – әлі күнге сол қазақ. Өзгерген дәнеңе де жоқ сияқты. (енді Абайдың өлеңін оқиды)

Біріңді қазақ бірің дос,

Көрмесең, істің бәрі бос!..

Міне, осыдан артық айтуға болар ма! Айтқан-ақ қой.

Сол қазақ, бірақ, әлі күнге бірімен-бірі дос бола алмай жүр. Дос болу қайда, дауласудың неше түрін шығарып барады. Күні кеше Ахметке, Мағжанға, Міржақыпқа, Смағұлға, Сұлтанбекке, Тұрарға күн көрсетпеген қазақ енді келіп... Әуезовті де таптап тынбақ. Байшыл, ұлтшыл, ескілік шырмауында деп... «Әй, жарайсың! Нағыз ұлт үшін туған ұл екенсің!» дер күн болар ма бізге де. Соны айта алатын ұл туар күн болар ма біздерде!.. «Басқаны сынай бергенше, сол сын ойыңды өзіңнен баста» деуші еді-ау Нәзір ағам. Мен... бүгін сондай іске тәуекел еттім. Не де болса Мұхаңның «Абай» романын жарыққа шығарып өлем. Сосын жер ауып кетсем де арман жоқ. Тек... ертеңгі ұрпақ осы ісімді дұрыс түсінсе болғаны.

Осы кезде ішке Қуандық ақын кіреді. Ол абыржулы.

Қуандық: Аға, жағдай шиеленісіп тұр.

Бейсенбай: Иә, не боп қалды?

Қуандық: Ана баспаханадағы... топ бастығы ше! Әлгі Мұса деген татар жігіті... Сол «мен әзір баспаймын, маған директордың қолы керек» деп қиғаштайды. Мені тыңдағысы жоқ.

Бейсенбай: Оның кім еді тағы да! Ол қайдан шыққан дәу?..

Қуандық: Ол өзі өте қыңыр жігіт. Сөз таратып жіберуі де ықтимал.

Бейсенбай: Кімге айтады? Не деп айтады?

Қуандық: Мен білсем − сол өзі ана Сүмесіновпен таныс па деймін. Араға Сүмесінов араласып кеткен жоқ па екен... Содан қорқам.

Бейсенбай: Сүмесінов дейсің бе? Әй, оның жөні жоқ. Сүмесінов осы күні басқа бір шұғыл шаруамен отыр. (сосын ойлана) Айтпақшы, ол қайда екен өзі? (телефонды алады, арғы жағынан дауыс естіледі) Ә, Сүмен сен бе бұл! Жағдай қалай? Кешегі тапсырманы қолға алдың ба? Дұрыс-с... Тездет. Айтпақшы-ы... баспаханада Мұса деген бастық бар дейді. Сен оны білуші ме ең? Не дейсің? Білмеймін... Танымаймын... Е-е, жарайды. Жәй... Жақсы! (трубканы қояды) Айтпадым ба, Сүмесіновтің қатысы жоқ.

Қуандық: Мұсаның тілін қалай табамыз енді? Бір жағына қисайса бітті, қайта түзелмейтіннің өзі ме деймін.

Бейсенбай: Ойпыр-ай, ә! Сондай жігіт де. Қане, телефоны бар ма? Әкелші бері. (Қуандық телефон нөмірін айтады, Бейсенбай телефон шалады) Ал-ло! Бұл кім? Типография ма? Топ бастығы өзің бе? Мұсамысың?.. Ә-ә, өте дұрыс... Мен – Кенжебаев, баспаның бас редакторы... Білесің бе! Онда тіпті жақсы. Ал, енді шырағым, әлгі «Абай» романы туралы айтайын деп ем. Сол кітапты тезірек басу керек. Мүмкіндігінше тезірек... Иә, өте қажет... Директор дейсің бе! Ойбай-ау, ол ауырып жатыр ғой. Ауруханада ғой. Оны мазалап қайтеміз. Әзірге – мен басшымын. Барлық қағаздарға қол қоюға құқым бар. Не дейсің? Түсіндім... Түсінсең бопты. Өзіңе сендім, айналайын. Жарай ма! Ал, жақсы. (трубканы қояды, сосын Қуандыққа бұрылып) Бар енді... Өзімен дос болып алмайсың ба? Кітап шыққанша...

Қуандық: Түсіндім, аға. Мен кеттім.

Ол сахнадан шығып кетеді. Бейсенбай жалғыз.

Бейсенбай: (өзіне-өзі) Мына өмірде бұқпантайлап, ұзақ-қ ғұмыр кешуге болар. Ал, бірақ... ертең ел есінде жүрер бір ісің болмаса, ондай ұзақ өмірдің несі өмір. Осы роман жарыққа шықса, Әуезов те әлемге танымал жазушы болып шыға келеді. Әлем Әуезовті ғана танып қоймайды, сонымен бірге қазақ деген елді де танитын болады. Осыдан кітап шықсыншы. Алғашқы таныстыру мақаласын да өзім жазам. Ақыры бел байладық, ендеше аяғына дейін...

Сахна қараңғылана береді де қайта жарық жанғанда − Әуезовтің пәтері. Кабинетте Мұхаң жалғыз. Өзімен-өзі сөйлесіп, арлы-берлі жүре түседі.

Мұхтар: (кіжіне) Менің жолымды кес-кестегені түк те емес. Ал, Абайды өшіреміз дегендері... бос әурешілік қой. Абай – шың. Абай – асқар тау. Абай – жұмбақ жан. (енді өлеңдетеді)

...Қайран сөзім қор болды,

Тобықтының езіне!..

Иә, ол жұмбақ боп туып, жұмбақ боп өмірден озған адам. Сол Абай жұмбағын шешу-бізге сын. Бізге міндет. Бізге мұрат... Айтпақшы... роман не болды екен? Бейсенбай дос не істеп жатыр? (телефонды қолына алып, нөмірін тереді) Ало! Бейсеке, бұл өзің бе? Мен Мұхтар ғой. Иә, иә... жағдай жақсы. Рахмет! Екінші кітабы дейсің бе? Оны да жазармыз. Әуелі осы біріншісін жарыққа шығарып алайық та. Не дейсің! Бәрі орнында... жақында шығады! Ой, аузыңа май! Әлгі Сүмесіновтер әзірге тыныш па?

Бейсенбай: Тыныш, Мұха! Тыныш... Олар білмейді де.

Мұхтар: ЦК ше! Олар біле ме?

Бейсенбай: Жоқ, олар да білмейді.

Мұхтар: «Абай» романы жарыққа шыққан күні шалқаларынан құлайды десейші. Өздеріне де сол керек.

Бейсенбай: Мұха, сіз тым күйгелектене бермеңіз. Соңғы уақытта жүрегіңіз ауырып жүр дей ме! Соны күтіңіз...

Мұхтар: Оны кім айтты?

Бейсенбай: Валентина жеңгеммен ара-тұра сөйлесіп қоям ғой. Ол менен жасырмайды.

Мұхтар: Ә, сырларың белгілі болды.

Бейсенбай: Енді... денсаулық тек сізге ғана керек емес, ол халыққа да қажет. «Абай» романының қалған кітаптарын сіз жазбасаңыз кім жазады. Ол – халық байлығы емес пе!

Мұхтар: Көңіліңе рахмет, бауырым. Сенімен сөйлессем болды, қанаттанып қалам. Ал, жарайды. Жақсы күнде жолыққанша!

Бейсенбай: Сау болыңыз, Мұха!

Сахна қараңғылана түседі де, қайта жарық жанғанда Бейсенбай өз кабинетінде отырады. Осы кезде кабинетке Сүмесінов кіреді. Өзі әлденеге ренжулі.

Сүмесінов: Бейсеке, мен сізге ренжулімін.

Бейсенбай: Е, неге! Не үшін...

Сүмесінов: Сіз менен жасырып бірнеңе істеп жүрген сияқтысыз.

Бейсенбай: Жоға! Сенен не жасыруым мүмкін...

Сүмесінов: Ұзынқұлақтан естідім. Сіз Әуезовтің «Абай» романын бастырмақшы сияқтысыз. Бұл қалай?

Бейсенбай: Өзің білесің ғой, ол романды уақытша Әуезовке қайтардық емес пе.

Сүмесінов: Қайтаруын қайтардық қой. ЦК әзір шығаруға болмайды дегенін де білем. Тек...

Бейсенбай: Ал, ендеше неге күдіктенесің?

Сүмесінов: Менің жанымдағы Қуандық деген жігіт ылғи баспаханаға кетеді. Сонда кетсе болды, күнұзақ жоғалады. Сосын баспаханаға телефон соқсам, ол бір кітапты шығарумен әлектеніп жүр дейді. Сол, шамасы, Әуезовтің романы емес пе екен...

Бейсенбай: Жоқ, Қуандық басқа шаруамен жүр. Соғыс кезі. Тез шығаратын кітаптар көп. Соны мойнына жүктегенбіз. Басы-қасында бол дегенбіз. Жас жігіт қой, әзір шаршау дегенді білмейді.

Сүмесінов: (аз-кем ойлана түсіп) Ә-ә, мен басқаша ойлап жүрсем...

Бейсенбай: Басқа қандай шаруаң бар? Айт ойыңдағыны...

Сүмесінов: Айтар болсақ, әңгіме көп қой. Қасыбірін айта береміз. Айтсаң – жақпайсың, айтпасаң – ішті күйдіреді...

Бейсенбай: Жақпайсың деуіңе жол болсын. Шындықты айтсаң, оны неге жақтырмауы керек. Шындық, әрине, ащы болады. Бірақ бәрібір түбі шындық жеңген...

Сүмесінов: Қайдам-м... Осы шыншыл болам деп талай рет таяқ та жедім. Өтірік күлетіндердің-ақ жолы болғыш.

Бейсенбай: Жоқ. Олай емес. Өтірік күлетіндер мен өтірік сөйлейтіндер түптің түбінде өз сазайын тартып жататыны өтірік пе! Бәрі де уақытша нәрсе. Ал, шындық... мәңгілік. Адалдық жолы ауыр болса да, құлашы кең.

Сүмесінов: Соны... ішім сезеді-ақ. Әйтсе де сол шыншыл болудан шаршай бастадым. Әнеукүні сіз айтқан соң Әуезовке романын қайтарып беріп жатып «әлі қол тигізетін жерлері көп екен, ескілікті көксеу исі сезіліп-ақ тұр» деп, өз ойымды айтсам, ана Қуандық деген жас ақынсымақ «сіз Әуезовке олай сөйлемеңіз, ол беделді адам» дейді. Сонда қалай? Біз беделді кісілерге сын айтпауымыз керек пе! Мен оның романы туралы айттым...

Бейсенбай: (жөтеле түсіп) Шырағым, Әуезов жайы басқа әрине. Оның романына баға беру үшін өте биік өре керек. Білім керек. Атүсті ой айту да қиянаттың бір түрі. Осы жағы есіңде болсын. Ал, енді... өзің не жазып жүрсің? Бірнеңелер бар ма?

Сүмесінов: (мүдіре түсіп) Мен де... ептеп әңгіме жазам ғой. Сол енді... бір кітабым әзір еді. Әңгіме-хикаяттардың көбісі күрескерлік, батырлық туралы...

Бейсенбай: (сөзді бөле) Дайында. Өзіме әкел. Жақсы болса, тездетіп шығарып берейін.

Сүмесінов: Рахмет, аға. Онда тездетіп соған кірісейін. (ол шығып кетеді, Бейсенбай абыржулы күйде, дереу баспаханаға телефон шалады).

Бейсенбай: Ало! Маған сондағы Қуандық деген қызметкерді шақырыңызшы. Иә, баспа қызметкері... (кішкене пауза жасайды) Қуандық! Бұл сен бе! Ойбай, сенің онда жүргеніңді, Әуезовтің романымен жұмыс істеп жатқаныңды Сүмесінов сезіп қойыпты. Енді тездетулерің керек. Күндіз де, түнде де жұмыс істеу керек. Қажет болса, сонда түне... Қайткенде де шығару қажет. Ұқтың ба! Ұқсаң сол...

Сахна қараңғыланады.

Төртінші көрініс

Сахнада «Аурухана» деген жазу бар. Аурухана ауласында Қуандық ақын тұр. Қолында – кітап. Өзі біреуді асыға күтулі.

Қуандық: (кітапқа қайта-қайта қарап қойып) «Абай» романы ертеңнен бастап бүкіл қазақ елін шарлайды. Абай әр үйге роман кейіпкері болып есік қағады. Соған өзім де үлес қосқаныма бақыттымын. (кітапты сүйеді)

Енді Бейсенбай көрінеді. Бейсенбай асыға басып келіп, Қуандықты құшақтайды.

Бейсенбай: Кәне, әкелші бері! «Абай» романы қалай шықты өзі? (ол да кітапты маңдайына тигізеді) Бұл дұрыс болды. Дұрыс іс жасадық. Әлі-ақ көрерсің, осы «Абай» романы қазақ әдебиетін биік шыңға көтереді. Әлемге танытады. (сосын аурухана жаққа кілт бұрылып) Әне, Мұхаң да келе жатыр.

Екеуі солай қарай жүреді. Мұхтар көңілді.

Бейсенбай: Сүйінші, Мұха! «Абай» романы жарыққа шықты.

Қуандық: (ол да жарыса) Құтты болсын, аға!

Мұхтар: (қуанышын жасыра алмай) Ой, айналайындар! Сендерді тапқан аналарыңнан айналдым! Бұл... бұл мен үшін қандай сый екенін білсеңдер ғой. Қане, қане, әкелші бері «Абайымды», өзім бетіме басайын. (ол кітапты алып, бетіне басады, сол кезде жанары суланады)

Бейсенбай: Аға, көңіліңіз босап кетті ме? Қойыңыз, жүрегіңізге салмақ түсіресіз...

Мұхтар: Келіңдерші, екеуіңді де құшақтайын. Сендер болмасаңдар, мен не істер едім. Бұл өле-өлгенше айта жүрер іс болды. «Абай» романы үшін екеуіңе қарыздармын...

Бейсенбай: Қарыз емессіз, Мұха! Бұл – біздің міндетіміз... Жазушының міндеті – жазу, баспаның міндеті – басып шығару...

Мұхтар: Бәрі сендердей ойласа ғой. Өйтіп ойлайтындар жоқ қой, жоқ… Өңкей қаптаған сүйкімсіз Сүмелектер… Сосын қайтіп қана оңады бұл әдебиет… Қалай алға басады…

Бейсенбай: Бұл өмірде, Мұха, жақсы мен жаман, ойлы мен ойсыз, ақ пен қара қатар өмір сүре беретіні табиғат заңы ғой. Өзіңіз де романда сол жайлы қайта-қайта айтыпсыз. Оны бірде Абай аузына, енді бірде ел аузына салыпсыз...

Мұхтар: Оның рас. Мен өмірде бір нәрсеге көзім жетсе, ол осы. Адам өмірі мәңгі бітпейтін күрес. Өйткені адам бар жерде талас бар, тартыс бар.

Қуандық: (сөзге араласа) Адамдар арасындағы тартысты сіз «Абай» романында өте әдемі, әсерлі суреттепсіз. Өте шынайы шыққан...

Мұхтар: Өй, айналайын сенен, түсіне білген сезіміңе ризамын. Шын әдебиетті түсіне білген кісіден шын қаламгер шығады. Түбі сен де жаман ақын болмассың.

Осы кезде сахна қараңғыланады да, Мұхтардың құлағына Абай даусы естіледі.

Абай даусы: Уа, ұрпағым! Қуану орнына неге қобалжып тұрсың? Сен осындай жасық па едің?

Мұхтар: Абай ата! Мен жасық болсам, өзің жайлы роман жазуға бел буар ма ем.

Абай даусы: Тәуекел ету − жеңістің жартысы ғана. Ал, күресе білу − нағыз ерге тән іс.

Мұхтар: Уа, әруақты Абай! Мен өзіңмен мұңдасып, сырласып өмір кешкелі қанша жыл. Мен күлсем бірге күлдің. Мен жыласам бірге жыладың. Сен екеуміздің сезіміміз де астасып кеткелі қанша уақыт. Енді міне, сен көркем роман кейіпкері болып, еліңе оралдың. Жолың болсын, Абай ата! Қалың елің, қазағың сені құшақ жая қарсы алғалы тұр. Әне, елің-ң...

Абай даусы: Менің мұңым мен жырымды қайта жаңғыртып, қайтадан өз халқыма берген саған мың бір алғыс, балам! Ерлік тек соғыста, ұрыста жасалмайды, ол бейбіт өмірде де бола береді. Сен жеңімпаз ұрпақ болдың, Мұхтарым! Енді батамды бердім саған... Аталық батамды қабыл ал...

Мұхтар: Қабылдадым, Абай ата! Серт беремін алдыңызда! Мен енді ойланған ойымды орындамай, бір сәт те тыным алмаймын...

Абай даусы: Дегеніңе жет, құлыным! Жаратқан ие қабыл көрсін! Қабыл болсын ниетің-ң... (дауыс жоғала береді)

Мұхтар: (дауыстап) Абай ата! Абай ата!.. (Сахна жарықтана береді)

Бейсенбай: Мұха, сізге не болды?

Мұхтар: (күрсіне) Осы жаңа ғана маған Абай атамның үні жетті. Атам риза екен... Ал, мен сендерге ризамын. Ризамын бауырларым-м... (ол Бейсенбай мен Қуандықты қыса құшақтайды)

Сахна қараңғылана береді.

Бесінші көрініс

Бейсенбай Кенжебаевтың кабинеті. Кабинетте – Сүмесінов пен Қуандық. Сүмесінов қызу сөйлеп отыр.

Сүмесінов: (тұтыға) Бұл... бұл дұрыс іс емес. Мен мұны Компартияға қарсы әрекет деп есептеймін. Байшыл, ұлтшыл кітапты шығаруға тікелей араласқаны үшін мына Қуандық жұмыстан кетуі керек, Бейсеке!

Бейсенбай: (байсалды) ЦК Әуезовтің кітабын шығаруға болмайды деген жоқ қой. Тек уақытша ғана тоқтатты...

Сүмесінов: «Абай» романын шығаруға қарсылық білдірді деген өздеріңіз ғой.

Бейсенбай: Уақытша ғана... Жағдайға байланысты.

Қуандық: (шыдай алмай) Несіне бүлтелектейсіз, Бейсеке! Сүмесінов ұнатпады екен деп роман архивке кетпейді ғой. Бізде де көз бар, талғам бар. Менің ойымша, роман өте шебер жазылған...

Сүмесінов: Сен, бала... ағаңа айбат көрсете берме! Мен әзірге бөлім бастығымын. Сенен лауазымым үлкен. Саған қарағанда әдебиет туралы түсінігім де молдау...

Қуандық: Күдігім бар...

Сүмесінов: Ал, мен... сенің сол күдігіңе түкіргенім бар. Сенің пікірің кімге керек осы...

Қуандық: Сіздің де пікіріңіздің қоғамға өте пайдалы болып тұрғанын байқамадық қой...

Бейсенбай: (екеуін де тоқтатып) Жә, сабыр. Үлкен романға баға беру – осы үшеуміздің ғана міндетіміз емес. Оны енді жалпы әдеби қауым айтады. Ол үшін қазір таласпай-ақ қойыңдар...

Сүмесінов: Неге айтпаймыз? Неге таласпаймыз? Әдебиетке әдебиетшілер ғана пікір айта алады.

Бейсенбай: Көрінген әдебиетші көркем дүниеге әділ төреші бола алмайды. Ол үшін көңіл көзі болуы шарт.

Сүмесінов: Көңіл көзі жоқтар − әдебиетші емес. Ондайлар көркем шығарма жаза алмайды.

Бейсенбай: Бұл өмірде шын талант бар да, шалағай әдебиетшілер де бар. Оны да ойлап қою керек.

Қуандық: (сөзге араласып) Ой, Бейсеке, оған несіне түсіндіріп жатырсыз. Өзі білмегенге өзгенің асыл сөзі де арзан.

Сүмесінов: Мен білсем, Бейсеке, осы іске өзіңіз басшылық еткен екенсіз. Демек, сіз де мына Қуандықпен сыбайлас-с...

Бейсенбай: (сөзін бөле, ашуланып) Ой, шырағым, сен не деп барасың! «Абай» романы түкке тұрмайтын дүние болса, өзім-ақ шығартпай қояр ем. Талантты дүниеге қамқор болмай қайтеміз. Онда не үшін отырмыз...

Сүмесінов: (басын шайқап) Енді түсіндім. Ым-жымдарыңыз бір екен. Мен бұны аяқсыз қалдыра алмаймын. ЦК-ға айту парызым. Коммунистік парызым...

Қуандық: (қисая сөйлеп) Одан басқа қолыңнан не келеді!

Сүмесінов: Сен... тіліңді тарт, жәдігөй ақын!

Қуандық: Сен де жағыңды жап, жағымпаз аға!..

Бейсенбай: Ой-й, осы мінездерің-ай! Біріңді-бірің сыйлаудан кетіп барасыңдар. «Абай» жарыққа шықса, оған жауап беретін, барлық ауыртпалығы мен ұрыс-керісті көтеретін мен ғой. Сендердікі не осы?

Сүмесінов: Мен... мен ЦК-ға айтуға тиіспін.

Бейсенбай: (ашулана) Айт! Жеткіз. Қоймадың ғой тіпті. Басыңнан сипаса көрерміз-з...

Сүмесінов: Сіз... мені қорқытпаңыз! Өз ойымды қай жерде де ашық айту – азаматтық парызым. Бәріміз тақ тұратын әділ төреші – ЦК...

Бейсенбай: Е-е, әдебиетке әділ төрешіні тапқан екенсің. Әдебиетке әділ төреші қай кезде де әдебиетшілердің өзі болған. Соны да білмегенің...

Сүмесінов: Жоқ! Біздің уақыт басқа. Бізде әділдік жоқ. Бірін-бірі көре алмайтындар, біріне-бірі шындықты шыжғырып айта алмайтындар әділдікті қайтеді. ЦК қай кезде де қара қылды қақ жарған...

Бейсенбай: Бар. Бар дедім ғой. Алдыңнан жарылқасын.

Сүмесінов: Барам. Қазір-ақ барам. Кеттім, міне! Тек... маған өкпелемеңіз. Алдыңыздан өттім... (ол сахнадан шығып кетеді, енді Бейсенбай Қуандық екеуі қалады)

Қуандық: Тым қатты кетіп қалмадық па, аға! Ол өзі... кісі аямайды. Бәрін бүлдіріп жүрсе...

Бейсенбай: (ойлана) Е-е, Сүмесіновтерді көріп тұрғаным тек бүгін емес. Ондайлардың талайымен алысып келемін ғой. Олар кеше де болған, бүгін де бар, ертең де болады. Оған бола бас қатырмалық. Ал, енді, Қуандық, екінші іске кірісу керек. Дереу «Абай» романы туралы мақала әзірлеуіміз қажет. Көрінген керауыз, сыңаржақ сыншылар аузына келгенін оттап үлгергенше, біз өз сөзімізді айтып үлгерелік.

Қуандық: Қайтіп... не деп жазамыз?

Бейсенбай: Тақырыбы: «Қазақ өмірінің айнасы». Осылай деп айқайлайтып қоялық. Білсін топастар. Іші күйсін қызғаншақтардың...

Сахна қараңғылана береді.

Алтыншы көрініс

Орталық комитет. Кабинетте екі кісі. Бірі – Әмірбаев та, екіншісі – Кенжебаев. Әмірбаев өте қатулы.

Әмірбаев: Сізге не деп едік, жолдас Кенжебаев! Сіз қайда жұмыс істейсіз өзі?

Бейсенбай: Мен бе! Мен – баспаның бас редакторымын.

Әмірбаев: Ол баспа кімдікі?

Бейсенбай: Ол – мемлекеттікі.

Әмірбаев: Ендеше сіз неге мемлекет басшысының сөзін аяқ асты етесіз?

Бейсенбай: Мен… шамам жеткенше партия саясатын, ел басшысының айтқанын орындап жатырмын.

Әмірбаев: Жоқ, сіз мемлекет саясатын жүргізіп отырған жоқсыз. Сіз өз ойыңызға не келсе, соны істеп жүрсіз. Бұл деген бассыздық, тәртіпсіздік.

Бейсенбай: Кінәм не? Не жаздым?.. Не бүлдірдім?

Әмірбаев: Өтірік білмеген болмай-ақ қойыңыз. Сіз Әуезовтің «Абай» романын өз бетіңізбен басып шығардыңыз. Енді сол үшін жауап бересіз.

Бейсенбай: Неге мен жауап беруім керек? «Абай» романы о баста баспаға өткізілген. Тіпті теріліп те қойған.

Әмірбаев: Өтірік! Өтірік айтып тұрсың! Қолжазбаны сұратып алып, баспаханаға жіберген сенсің.

Бейсенбай: Мен емес, баспа басшылығының шешімі...

Әмірбаев: Жауаптан жалтарма. Оған дәлелім бар. Міне, мына түсінік-хатты оқы. (алдына Сүмесінов жазған түсінік-хатты тастайды) Осында бәрі де жазылған.

Бейсенбай: (көз жүгіртіп шығып) Ә-ә, түсінікті. Әділдік осында ма десек, енді ЦК да екіжүзділерді тыңдай бастаған екен.

Әмірбаев: Тағы да ескертемін. Өз сөзіңе есеп бере сөйле. Сонымен, баспаханаға жіберген сен ғой.

Бейсенбай: Ол бұрын жоспарда болған. Уақытша тоқтата тұрғанбыз. Кезегі келгенде басып шығарғанымыз рас.

Әмірбаев: Жоқ! Сізге «ол романды шығаруға болмайды» деген нұсқау болған. Сіз оны орындамадыңыз.

Бейсенбай: Мүлде шығаруға болмайды деп ешкім кесіп айтқан жоқ. Ондай шешім болды ма әуелі?.. Нұсқау қайда?..

Әмірбаев: Жолдас Кенжебаев! Сіз менімен босқа тәжікелесесіз. Одан да айтқанға көніңіз. Әйтпесе арты қиын болады. ЦК-мен ойнауға болмайды.

Бейсенбай: Мен ЦК-мен ойнап тұрғам жоқ. Шындыққа көз жеткізгім кеп тұр.

Әмірбаев: (мысқылмен) Осы сені... кімнен сұрасам да иі жұмсақ, момын адам деуші еді. Сөйтсем, ел де қателеседі екен-ау. Өзің таза қыңыр жансың ғой, ә!.. Қисайған бетіңнен қайтпайды екенсің. Ол жақсы емес...

Бейсенбай: Сонда не істеуім керек? Не дейсіз...

Әмірбаев: Өз еркіңізбен арыз беріңіз. Сіз баспадан кетесіз.

Бейсенбай: Қалай?

Әмірбаев: Солай! Не өз еркіңізбен, не қуыласыз-з… Осының бәрін жаным ашыған соң айтып тұрмын. Әйтпесе, сізбен сөйлеспеуіме де болатын еді. Түсінікті ме! Ертең арызыңыз менің алдымда жатсын. Сұрақ бар ма!

Бейсенбай: Жалғыз сұрағым бар. Сүмесіновтің жазбахатының ақ-қарасы тексерілмей ме?

Әмірбаев: Ол тексерілген. Бәрі де дұп-дұрыс.

Бейсенбай: Роман түкке алғысыз, талантсыз шығарма деген тұжырым да дұрыс дейсіз бе?

Әмірбаев: Иә, біз осыған келісеміз.

Бейсенбай: Біз дегеніңіз кім?

Әмірбаев: Арнаулы комиссия.

Бейсенбай: Олар кімдер?

Әмірбаев: Олар − осындағы партия қызметкерлері. Оқыған қазақ азаматтары...

Бейсенбай: Көркем әдебиетке тек әдебиетшілер ғана баға беруге қақылы.

Әмірбаев: Әдебиеттің саяси жағы болады. Оған баға беретін − Орталық Комитет. Осындағы зиялы қауым...

Бейсенбай: Тағы бір сауалым бар.

Әмірбаев: Айтыңыз.

Бейсенбай: Ана Сүмесіновтің баспада беделі жоқ екенін, екінің бірі оны жақтырмайтынын, жұмыстан гөрі сөз теруге бейім екенін біле тұрып, неге оны жақтап отырсыздар? Әлде... солай ету керек болды ма?

Әмірбаев: Сүмесінов Компартияның адал жауынгері. Біз оның дабылын − жүрек дабылы, намыс дабылы деп қабылдадық. ЦК үшін әрбір адал коммунистің, әсіресе баспа секілді саяси орындарда отырған әр коммунистің жан шырылы ерекше ескеріледі. (сосын сәл мүдіріп) Сіз... күдікті ойдан арылыңыз-з...

Бейсенбай: Онда жетіскен екенбіз.

Әмірбаев: Жолдас, бас редактор! Сіз тым еркінсіп барасыз. Бұның арты жақсы болмайды. Ақылды кісі отпен ойнамайды.

Бейсенбай: Сонда не деуім қажет?

Әмірбаев: Мысалы, кешірім сұрап дегендей... Артық кетіппін, енді қайталамаймын деп өз қолыңызбен жазып берсеңіз, ойлануымыз мүмкін. (сәл пауза жасап) Әй, бірақ... хатшы кешіре қойса... Әуезовте нең бар осы! «Абай» романы − ұлтшылдық исі аңқып тұрған шығарма. Соны да түсіне алмағандарың ба?

Бейсенбай: (жалт қарап) Ұлтты қорлап, жалтақтап өмір кешкенше, ұлтшыл болып атылып кеткеніміз мың есе артық. Әуезов те сол бағытты ұстанады. Мен де...

Әмірбаев: (үрейлене) Сен... сен не деп кеттің! Іріген ауыздан шіріген сөз шығады деген. Болды! Әңгіме бітті! Арызыңды жазып әкел! Ертеңнен бастап жұмыстан кетесің! Жетті!.. Болды!.. (ол айқайлаған күйі орнынан ұшып түрегеледі, Бейсенбайға есікті нұсқайды, Бейсенбай шығып кетеді)

Әмірбаев: (өзіне-өзі) От, подлец! Өтірік білмеген болады. Алдағысы келеді. Өзінше қу... Мен көрсетейін бұларға қулықтың көкесін... Менімен ойнаған екен...

Сахна қараңғыланады.

Жетінші көрініс

Қала іші. Тыныш көше. Скамейка жанында Мұхтар Әуезов. Ол Бейсенбайды асыға күтулі. Алыстан Бейсенбай көрінеді. Мұхаң шыдамсыздана солай қарай жүреді.

Мұхтар: (жақындай бере) Не болды, Бейсеке!

Бейсенбай: Не болсын, Мұха! Мені ЦК-ға шақырды. Жұмыстан кететін болдым.

Мұхтар: Менің кітабыма бола ма? Әй, олар не істеп отырғанын өздері біле ме әуелі.

Бейсенбай: Әмірбаев қатулы. Менімен өте қатты, әмір бере сөйлесті. Сосын екеуміз сөзге келіп қалдық.

Мұхтар: Жоқ, бұны бұлай қалдыруға болмайды. Не деген сұмдық! Не деген бассыздық-қ...

Бейсенбай: Ең бастысы, Мұха, «Абай» романы жарыққа шығып үлгерді. Ұлт үшін сол олжа.

Мұхтар: Сені жұмыстан қуғанын кеше-ақ естігем. Сосын ана Әмірбаевқа телефон шалдым. Ол «мен емес, Мұха, басшылардың шешімі» деп басын алып қашты. Өзі қай кезде көрсең де жылпылдап тұрған біреу ғой. Қоғамда біле-білсең, осындайлар өте қауіпті. (сосын ойлана) Мен бұны елеусіз қалдырғым келмейді. Барамын ертең ЦК-ға. Кіремін жоғарыдағылардың бәріне де. Сенің түк те жазығың жоқ деп айтамын... Көп болса кітапты қайтып алар...

Бейсенбай: Кітап енді халықтың қазынасы. Оған ешкім де қожалық жасай алмайды. Оның бірнеше данасы сонау майдан шебіне де кетіп қалды.

Мұхтар: Солай ма! Ел аралап кетті десейші. Жоқ, жаныма батып бара жатқаны − саған жасалған қиянат қой. Сол үшін барамын...

Бейсенбай: Қайтесіз, үлкен басыңызды кішірейтіп. Болар іс болды. Мен арызымды жазып беріп қойдым. Екі қолға бір жұмыс...

Мұхтар: Қап! Арызыңды жазбай тұра тұру керек еді. Енді қайттік!

Бейсенбай: Мұха, жұмыс табылар. Оны қоя беріңізші.

Мұхтар: Сонда да... Бұл деген кісінің намысына тию ғой.

Бейсенбай: Басқа қолдарынан не келеді! Шығатын роман шығып кетті, елдің қолына тиіп үлгерді. Енді қайтсін! Маған қыр көрсеткендері ғой.

Мұхтар: (ойлана) Рас айтасың, Бейсеке! Осы күні Компартия басында отырғандардың көзі сау да, көкірегі соқыр. Түйедейді көрмейді, сосын түймедейді сөз қылады. Әнеукүні Әмірбаевқа айттым да. «Сендер саясат пен әдебиетті шатастырмаңдар» дедім. Екеуі екі бөлек нәрсе ғой дедім. Саясатты илеуге, езгілеуге, тіпті тепкілеуге де болады. Ал, көркем әдебиетке ол әдіс жүрмейді. Өйткені, көркем өнер − ел жүрегінің лүпілі. Халықтың қуанышы, қайғысы һәм тебіренісі. Онымен ойнауға болмайды дегем.

Бейсенбай: Әмірбаев соны түсінсе жақсы-ау.

Мұхтар: Менің де күдігім бар. Кеше саған көрсеткен қоқан-лоққысынан соң өзім де шошиын дедім. Соларға сеніп жүрген біз де аңқаумыз.

Бейсенбай: Қоя беріңіз, Мұха! Саясат − бүгіндік, ал әдебиет − мәңгілік...

Мұхтар: Қап-ай, ә! Сенен қысылып тұрғаным...

Бейсенбай: Қысылмаңыз, Мұха! Біз керек болса тек сіз үшін емес, Абай үшін, ұлт әдебиеті үшін күрестік. Сосын да басымызды тәуекелге тіктік. Тіпті Қуандық ініңіз «газетке мақала жазып жіберейік» деп құлшыныс білдірді. Ана «Аға газетке» шыққан мақала сол.

Мұхтар: Е, өте мақтап жіберіпсіңдер. «Қазақ өмірінің айнасы» деу тым артық енді. Оны халық, ел қалай қабылдайды. Мәселе сонда. (сосын кішкене мүдіріп) Осы жасыма дейін не көрмедім? Көргенім − тепкі, алғаным − соққы... Бірі – ұлтшыл деп соғады, екіншісі – талантымды таптағысы келеді, ал үшіншісі − жеке басыма шүйіледі...

Бейсенбай: Ұлтшыл болу деген − ұлтын сүю деген сөз. Мен солай түсінем, Мұха! Талантыңызды қызғанса, ол да әлсіздердің әрекеті. Мықты қай кезде де мықты. Талант қай кезде де талант! Ал, жеке басыңызға келсек... онда жұрттың қандай шаруасы бар. Жеке өмір − жеке кісінің өз тағдыры. Өз бақыты, өз қайғысы...

Мұхтар: Сонда да... әйтеуір аяқтан шалғысы келеді де тұрады. Қазақты қадірлеп, құрметтеп жүргені де шамалы. Әйтпесе, қазақ қызын менсінбей, орыстан қатын алар ма еді дейтін көрінеді.

Бейсенбай: Ол енді, Мұха, тағдыр ғой. Сіз әдейі жасаған жоқсыз. Валентина Николаевна – ұлты басқа демесек, жақсы адам. Сізге ұрпақ сыйлады, қиналғанда сүйеу болып келеді. Бізге ұнайды. Оны жалпы қазақ түсінуі керек. Меніңше, түсінеді де...

Мұхтар: Бұл жұрт соны айтып отырады да, кенет ұлтшыл деп маңдайымнан қақ переді. Ұлтты сүйсем де жазықтымын.

Бейсенбай: Бұл – уақытша нәрсе, Мұха! Сізді бүгін ұлтшыл десе, ертең-ақ ұлт сізбен мақтанатын болады әлі... Сізден ендігі өтінеріміз − «Абай» романының екінші кітабын тезірек аяқтауыңыз керек. Ел сізден соны күтеді.

Мұхтар: Ел «Абай» романының жалғасын іздей бастады ма! Ойпырмай, онда ұнағаны ғой. «Қалай қабылдар екен» деп алаңдаушы ем... (ойлана) Айтқандай, мен өткенде түс көріппін. Түсімде сен, мен және әлгі Қуандық ақын. Екеуің мені құттықтап жатырсыңдар. «О, Мұха, Сталиндік сыйлық құтты болсын» дейсіңдер. «Әзілді қойыңдар» деймін мен. Сөйтсем сен маған «Правда» газетін көрсетіп, «міне, мында басылған» дейсің. Қараймын, өз көзіме өзім сенбеймін. Расында да Сталиндік сыйлық алған қаламгерлер арасында мен де жүрмін. «Абай» романы үшін берілді» деп жазыпты. Саған қараймын. Сенің қолыңда қалың бір кітап. Ол менің «Абай» романым туралы жазған көлемді зерттеу кітабың ба деймін. Соның бір данасын маған әкеліп тұр екенсің. «О, мынау деген үлкен жұмыс қой» деймін. Сен күлесің. Ал, Қуандық болса... ол да жымия күліп келіп, маған «Ар» деген өлеңдер кітабын ұсынып тұр. «Өзіңіз алғысөз жазған алғашқы өлеңдер жинағым, аға!» дейді. Мен айтам: «Нағыз арлы жігіттер ғана өстіп «Ар» деген кітап жаза алады» деймін. Қуандық інім мәз-мейрам. Енді бір кезде... анау-у алыстан балаларым жүгіріп келеді екен. Олар − менің көптен арман еткен ұлдарым... Олар да естіп үлгеріпті. Сыйлық алғанымды біліп, құттықтауға құстай ұшып келеді... Олар маған жете бергенде, біз құшақтаса бергенде... оянып-ақ кеткенім-м...

Бейсенбай: О-о, Мұха, мынау өте жақсы түс қой. Періштелер әумин десін. Болсын. Орындалсын.

Мұхтар: Кісі күндіз не ойласа, түсінде соны көреді деуші еді. Түсімді айтып, тым мақтанып кеткем жоқ па? Саған өзім деп айтқаным ғой...

Бейсенбай: Жоқ, Мұха! Әдеби орта «Абайды» жақсы қабылдады, жалғасын іздеп жатқан жоқ па! Алла-тағала тегін түсіңізге кіргізбеген болар.

Мұхтар: Сонда да... ыңғайсызданып тұрғанымды қарашы.

Бейсенбай: Мұха, ана Қуандық ініңіздің бір кітап боларлық өлеңдері де бар екен. Оқып көрсеңіз қайтеді. Тегін түсіңізге кірмеген болар... Тіпті кітабының атына дейін айтып қойдыңыз...

Мұхтар: Өзі расымен-ақ тәуір жігіт екен. Сөзде тұра білу ерліктің үлкені. Осы күні серт бере тұрып, артынша айнып кететін өтірік достар, өтірік інілер көбейіп кетті ғой. Дос болу – асыл іс. Шын достық та асыл қазына іспетті.

Бейсенбай: Өте дұрыс айтасыз, Мұхтар аға! Мен де өмірде әуелі дос боп жүріп, кейін айнып кеткендерді көп көрдім ғой.

Мұхтар: Айнып кетсе жақсы-ау. Ал, енді өзіңе жау боп шықса – сол жаман. «Іштен шыққан жау жаман» деп қазақ неге айтты дейсіз. Менің романым жарыққа шыққалы бері алдымен көре алмай жатқандар − өз қазағым болып, солар сынауға ұмтылуда. Ал, ана Мәскеуден Самсонов досым қайта-қайта телефон шалып, қуана құттықтап жатыр. Сүмесіновтер тобы жабыла тиісіп, «роман түкке алғысыз нәрсе» десе. Самсонов бастаған бір топ орыс достар «орысшаға дереу аудару керек» деп, кеудеме қанат бітіреді. Міне, дос көңіл қандай! Қызғаныш қандай!.. Мен бұл өмірдегі достықты екіге бөлем. Бірі – ниет дос, тілек дос. Ондай достар сенің сыртыңнан тілекші болып жүреді. Жақсы болсаң қуана алады. Ал, екіншісі – тірек дос, жүрек дос. Ондай достар тек тілекші ғана болмайды, қиналғанда қасыңда, қуанғанда жаныңда жүреді. Қандай жағдайда да қол ұшын беруге әзір тұрады. Тірегің бола алады. Сол жүрек − достарды тани білу ләзім. Бірақ оны өз кезінде тану да қиын ғой. Арада әзәзіл жүреді, ортаға от тастайды. Тұнық сезімді ылайлайды. Бәріміз де пендеміз, кей-кейде сөзге, өсекке ереміз.

Бейсенбай: Дос – жүрек дос... Өте әдемі айттыңыз, Мұха! Шіркін-ай, жүрек − достар көп болса ғой мына өмірде-е...

Мұхтар: (ойлана, алысқа көз салып тұрып) Ондай достар өмірде көп болмайды ғой, Бейсеке! Өте аз ғой. Сирек қой. Сосын да жақсы адамдар мына фәниде жалғыздық зарын тартады. Жарық дүниеге жалғыз келіп, жалғыз кетеді... Өмір сүру философиясын сол жалғыздардан іздеу керек. Солардан сұраған ләзім. Мен осыны түсіндім-м...

(Шымылдық)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар