Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай-175
Досым Омар. Абай іліміндегі ұлттық идея...

29.04.2020 4413

Досым Омар. Абай іліміндегі ұлттық идея 12+

Досым Омар. Абай іліміндегі ұлттық идея - adebiportal.kz

«Ұлылар үндестігі», «Абайтану», «Абайдың рухани мұрасы» атты дүниетанымдық кітаптар жазып, сонымен бірге жүзден аса ғылыми-дүниетанымдық мақалалар жариялаған абайтанушы, профессор, теолог ғалым Досым Омаров ағамен Абай ілімі төңірегінде сұхбаттасқан едік.

- Досым аға, Абай ілімін жан-жақты терең зерттеп жүргеніңізді білеміз. Абай ілімін күнделікті өмірде, ғылымда, мемлекеттік саясатта, халықаралық қатынаста, тіптен барлық салада жан-жақты қолдану керектігімізді айтып келесіз. Айтып қана қоймай осы тақырыпта терең танымдық зерттеу кітабын жазып шықтыңыз. Қазақ қандай қиын шақта да ойшылдарына жүгінген ғой. Бүгінгі елімізде болып жатқан жағдайда нені түгендеп, нені ескеруіміз керек еді?

- Еліміздегі бүгінгі ауыр жағдайдан ойдағыдай шығып, өркениеттің сара жолына түсу үшін бізге өзімізге лайық ұлттық идея керек. Әлемдегі жетілген Жапония, Оңтүстік Корея тәрізді мемлекеттерде ұлттық идея жақсы нәтиже беріп отыр. Ал біз тәрізді бодандықтан енді ғана құтылған елге ұлттық идеяның маңызы қандай зор екені айтпаса да түсінікті болса керек.

Ол үшін Абай мұрасын қолдану керек. Ұлттық идеяның негізі – ұлттық намысты өсіру.

Абай өзінің отыз тоғызыншы сөзінде былай деп жазады:

"Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық", – деп бүгінгі өмірімізді суреттегендей болып, әрі қарай жоғалтып алған екі мінезімізді көрсетеді.

"Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі — ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары калай қылса, калай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?"

Бұл сөздерден ұғатынымыз – қазақ ел басы, топ басы сайлап, толық сеніп, әрі қарай олардың істеріне араласпаған. Керісінше, оның «...жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен». Осылай халық сеніміне толық ие болған соң, олар да ол сенімді ақтау үшін күш-қуаттарын аямаған. Бұл оларға халықты жоғары идеяға шабыттандырып, сынақ кездерде елді біріктіруге мүмкіндік берді. Кезінде Тәуке хан мен Сопы Мүсірәлі сондай адамдар болған. Олар халықты бір мақсатқа жұмылдырып, жоңғарларға тойтарыс берді.

Ұлттық сана-сезім өсіп, ел түзелсе ел басы, топ басы болатын адамдардың саны да көбейеді. Қазіргі заман бойынша бұл – түрлі партиялар құрып, оларға соған сәйкес адамдарды басшылыққа қою деген сөз. Олар адамдарды ұлттық идеямен шабыттандыра алады. Жоғары идеяны қабылдаған халық қиыншылықтарға төзіп, өз еркімен талаптанып, ерліктің үлгісін көрсетіп, қоғам тез арада өркениеттің алғы шебіне шыға алады.

Ұлттық идеяның негізі болып табылатын қазақтың екінші мінезін Абай былай деп көрсетеді:

"Екінші мінезі — намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен... Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы — пейіл емес, алдау, дұшпандығы — кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық".

Абай осылай бүгінгі ұмытылған қазақтың ең жақсы мінезін атап отыр. Ол – намысқорлық. Намысты қорғайтын жерде қазақ бұрынғы бір-біріне деген барлық өкпе-назын ұмытып, өмір қиыншылықтарына қарсы біріге білген. Бұл көшпелі дәстүр салты. Осылай олар өздерінің руларының, ұлтының намысын қорғауға мүмкіндік алды. Сондықтан Абай көшпенді өмір салты қалыптастырған қазақтың бұл бірлік мінезін «Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен» деп көрсетеді. Мұндай мінез қазақты ар-намыс үшін жанын пида ететін ер мінезді етті, тәрбиеледі.

Бұл екі мінез адамның рухани болмысынан шығады. Сондықтан Абай олар туралы «Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді» деп, жаннан шығатын қасиеттерді көрсетеді. Жанның негізгі қасиеттері – ерік пен қалау-ниет. Жан шексіз болғандықтан, оның еркі мен қалау-ниеті де шексіз. Жан өзінің еркімен қалау-ниетін орындай алмаған жағдайда күйзеліске ұшырайды. Арлылық адамға жақсы мен жаманды айыруға мүмкіндік береді. Арлы адам әділетсіздікті сезінгенде ол күйзеліске түседі. Бұл күйзеліс оның намысын оятады. Намыс дегеніміз – жанның әділетсіздікке қарсы қолданатын құралы. Жанға әділеттілік керек. Әділет болмаған жерде оған қарсы рухани күш пайда болады. Бұл рухани күш – намыс. Намыс оянғанда табандылық пайда болады. Табандылық фәни әлемнің қайшылықтары қандай үлкен болса да, оны жеңіп шығуға мүмкіндік береді.

Рухани жетілген сайын рухани күш те ұлғаяды, яғни намыс өседі. Сондықтан отан қорғау жолында, немесе әділет аяққа басылған жағдайларда рухани жетілген адамдар алдыңғы қатарда жүреді. Сол себептен тоталитарлық жүйелер өздерінің әділетсіз амалдарын іске асыру үшін әрқашанда діңді шектеуге, не болмаса оны өзінің қолшоқпарына айналдыруға тырысады.

Әділет те, намыс та жанның рухынан пайда болады. Бұрынғы қазақтың намысқор болатыны – ол көшпелі өмірде табиғат аясында болып, өзінің жан тазалығын сақтай білді. Жан таза болса оның намысы да үлкен. Осылай көшпенділер ер мінезді болып, бүкіл болмыс әділеттілігін қорғап, адамзат өмірінің қозғаушы күшіне айналды. Намыс – рухани қуат. Рухани қуат өмірдің қандай қиыншылығы болса да жеңіп шығады. Сондықтан Абай қазақ халқының бұл қасиетін негізгі құндылық ретінде көрсетіп отыр.

- Демек, халықтың сенімі мен намысы қорғалуға тиіс қой...

- Қазақтың ұмытылған бұл екі мінезі – ел басыға сенім мен намысқорлық бір-бірімен тығыз байланысты. Халық сеніп сайлаған ел басы, топ басылар елге тыныштық өмір беріп, адамның рухани болмысын, яғни жан құмарын қорғайды. Есесіне халық та «Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен». Осылай халық пен ел басының арасында тығыз байланыс болған. Сонымен бірге, намысқор адамның әрқашан да рухани болмысы таза болады. Ол өзін қорлап, әділетсіздік жасағанға ешуақытта көнбейді. Халықтың мұндай мінезін білетін елбасылар өздері де әділетті болуға тырысып, елдің көңілінен шығуға ұмтылады. Халыққа ұнамаған ел басы жөнге салынады, не болмаса орнынан қуылады. Намысқор халықтың қаһарынан қорыққан ел басы өзінің міндетін толық атқаруға тырысып, бұрыс жолға түспейді. Сонымен бірге, жақсы ел басының арқасында тыныштық орнаған елде адамның рухани болмысын жетілдіруге мүмкіндік туады. Бүгінгі күндердегі алдыңғы қатарлы демократиялық елдерде халықтың көңілінен шықпаған президенттердің орнынан алынып, жазаға тартылып жатулары осының көріністері. АҚШ-тың президенті Рейган өзінің адамгершілік қасиетін сақтай алмай, жыныс қатынасына түскені үшін қандай үлкен жаза алғаны осыны дәлелдейді.

Бүгінгі заманда қазақ өзінің осы жақсы мінездерінен айырылып қалды. Сондықтан данышпан Абай атамыз елдіктен кету себебін «Осы күнгілер... сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді» деп анықтап береді.

Абай осылай намыстың, оны оятудың маңызын көрсетеді. Намыс оянса халық бұрынғы ер мінезділігіне қайта оралады. Халықтың намысын ояту керек. Ол үшін бұрынғы қазақтың намысқор мінезін қалпына келтіру керек. Бұл жол қазаққа көшпелі өмір салты қалыптастырған, сонымен бірге, бүкіл түркі халықтарына ортақ және оның табиғи болмысына негізделген басқадан өзгерек жол болмақ. Осылай қазақ халқының өзіне тән, оның түйсігінің жету межесі болып табылатын «өзіндік» ұлттық идеясын қалыптастыруға болады. Қазақтың ұлттық идеясы – оның өзіне тән бұрынғы ерлік мінездерін қайта қалпына келтіру. Бұл идея мақсаты – халықтың намысын оятып, рухын көтеру. Осылай Абай ілімі арқылы қазақтың өзіндік ұлттық идеясын қалыптастыруға болады.

- Шынайы ұлттық рухты қалыптастырып, көтеруші қандай күш болмақ?

- Ұлттық рухты көтеру – ұлттық сананы өсірумен тікелей байланысты. Ұлттық идеяның іске асуы үшін қоғамдағы әрбір азамат рухани жетілуі керек. Көкірек көзі ашылған адамның ұлттық сана-сезімі өзінен өзі өседі. Бұлар бір-бірімен тығыз байланысқан құбылыстар.

Шын мәнінде, рухани жетілген адамға бостандық үшін күресіп, оған көңіл бөлудің де қажеті жоқ. Ол табиғатынан еркін адам. Еркін адам өзінің ұлттық намысын да, бостандығын да қорғай алады. Ол қайда жүрсе де еркін. Оған қоршаған орта әсер ете алмайды, керісінше, ол қоршаған ортаны басқарып, өзгертіп отырады. Ал еркінен айырылған, «қой мінезді» адамға қандай үлкен бостандық берілсе де, оны дұрыс пайдалана алмайды. Рухани жетілген ер мінезді мен «қой мінезді» аңқау адамның айырмашылығы осындай. Сондықтан, мақсат – рухани жетілу арқылы әрбір адамның санасын өсіру. Рухани жетілу – бостандық кепілі. Рухани жетілген адам намысы жетіліп, намысқор болады. Нағыз бостандыққа осындай намысқор адам ғана жетеді. Оны дұрыс бағалап, сақтай алады.

Ұлттық идея қабылдау мәселесі бүгінгі айтылып жүрген «Мәңгі ел» идеясымен де байланысты. Бұл идея ежелгі түркі заманынан келе жатқан халық арманы. Ұлы арманды іске асыру жолы да ұлы болмақ. «Мәңгі ел» деген сөз – еліміздің ұзақ өмір сүруін білдіретін болса, онда әрбір адам, халық та соған сәйкес дамып, жетілген болуы шарт. Жетілген адамдар ғана мықты мемлекет құрып, ел мәңгілікті бола алады. Мәңгілік – тек қана жоғары жетілген, қуатты халықтың ғана үлесі. Бұл табиғи заңдылық. Әлсіз халық мәңгілік ел бола алмайды. Ұлттық идея бүгінгі өтпелі кезеңнен шығу үшін ғана емес, халықтың ежелгі «Мәңгі ел» арманына жету үшін де керек.

- Ұлттық идеямызға арқатірек болған «Мәңгілік ел» идеясын іске асыру қалайша жүзеге аспақ. Мұның рухани түрде сатылай даму эволюциясы бар ма?

- Бүгінгі күндері ұлттық идея қабылдау әлі жүрекке жетіп, бойға сіңген жоқ, сондықтан бұл мақсат халық үшін тек қана ұран тәрізді. Қандай жақсы ұран болса да, ол адам санасына терең сіңіп, болмысына айналмаса, іске аспайды, тез ұмытылады. Ол идеяны іске асыру үшін әуелі көкірек көзін ашып, бойға сіңіріп, рухани қуатқа айналдыру керек. Қоғамның әрбір мүшесі ұлттық идеяның маңызын дұрыс түсініп, өзінің рухани жетілуінің құралына айналдырып, адамгершілігін, ата-бабасынан келе жатқан ұлттық намысын қайта қалпына келтіріп, өсіре алса, сонда ғана бүгінгі жаппай жаһандану заманында халқымыз көрші ірі халықтардың арасына сіңіп жоғалып кетпей, өзіндік болмысын сақтай алады. Осылай ғана ұлттық идеяның арқасында егеменді болып, басқа елдермен тереземіз тең бола алады. Қазақ үшін Қазақстаннан басқа отан жоқ, сондықтан, бұл идея республикамыздағы басқа ұлттардың арасында ең әуелі бізге, қазақ ұлтына керек.

Қазіргі халықтың рухани деңгейі әлсіреп, еліміздің бірлігіне үлкен қауіп төніп тұр деуге болады. Ресей мен Қытай тәрізді екі алып мемлекет арасында бірде анаған, бірде мынаған жалтақтайтынымыз және осындай кең және бай өлкеде отырып тамағымызға дейін шет елден сатып алып, жер қойнауындағы мол байлықты өзгеге сатып, ал өзіміз ең қарапайым құрал-сайманды жасай алмай отырғанымыз осының дәлелі емес пе? Бұлай мәңгілік ел бола аламыз ба? Бұған ана тіліміздің мүшкіл жағдайы мен демографиялық тоқырауды қосатын болсақ, бәрі түсінікті болады. Уақыт келгенде қой мінезді әлсіз елді қасқыр мінезді қуатты елдің жұтып жіберуі ешқандай күмән тудырмайды. Бұған Ресейдің Украинаға және Сирияға жасаған әрекеттері жақсы дәлел. Әрине, бұл сөз «біз де қасқыр болуымыз керек» дегенді білдірмейді. Қасқыр хайуанат әлеміне жатады, ал біз – адамбыз. Хайуан жақсы мен жаманды айыра білмейді, ал адам айыра біледі. Сондықтан, бізге де жақсы мен жаманды айыра біліп, адамзат қоғамындағы өзімізге сай орнымызды таба білуіміз керек.

Біз ата-бабамыздан келе жатқан ұлы арман «Мәңгілік Елді» басқаларға жалтақтаумен емес, еңсемізді көтеріп олармен тереземізді тең етіп, өзіміздің ұлттық намысымызды нығайту арқылы ғана құра аламыз.

Ұлттық идеяны іске асыру жолдары. Әрбір халықтың ұлттық идеясын іске асыруда өз ерекшеліктері болады. Әрбір жан иесін микрокосм, ал халық, мемлекет тәрізді құрылымдарды макрокосм ретінде қарастыратын болсақ, олардың даму заңдылықтары ұқсас келеді. Әрбір жан иесінің келешегі үш нәрсеге (оның шыққан тегі, жан дүниесі және өмір сүру ортасы) байланысты болатыны белгілі. Қазақ халқының келешегін, сонымен бірге оның ұлттық идеясын іске асыру барысын да осы үш ерекшеліктер аясында қарастыруға болады. Бұлар халықтың потенциалды, әлі іске аспаған ішкі қуаттары. Ол ерекше қуаттар төмендегідей.

Біріншіден, бұрынғы ата-бабаларымыздың бүкіл әлемге әйгілі жоғары қасиеттері мен ерлік істері. Тарихи деректерге сүйеніп, көшпенді еркін өмір сүрген түркі халықтары басқа отырықшы елдерге қарағанда қандай жоғары жетілгені және олардың өміріне үлкен ықпал жасағанын білеміз. Бұл туралы мысалдар көп. Осылай ұлтымыздың тектілігін көреміз.

Екіншіден, біздің әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Мүсірәлі, Абай мен Шәкәрім тәрізді данышпан, әулие бабаларымыз бар. Мұндай рухани бай ел әлемде көп емес. Бұл қазақ халқының рухани дүниесінің өте жоғары екенін білдіреді.

Сонымен, халықтың жетілуіне қажетті екі жағдай – жан дүниесі мен тегі – жоғары деңгейде болған. Үшінші жағдай – өмір сүру ортасы. Халықтың ертедегі табиғи өмір сүру ортасы өзгеріп, бұрынғы ер қазақ бүгінгі «қой мінезді» қазақ болып отыр. Бұл «қой мінезділігімізді» өзгертіп, қайта қалыпқа келтіру біздің міндетіміз. Бұл өзімізге байланысты. Бүгінгі өмірді ұлттық идея арқылы сол мақсатта дұрыс пайдалана білуіміз керек. Сонымен, ендігі міндет – жоғалтқан құндылықтарымызды қайта тауып, жетілу жолына түсу үшін үшінші жағдайды – өмір сүру ортасын – өзгертіп, жақсарту керек. Мақсат – қазақтың ержүрек қасиетін қалпына келтіріп, ұлттық намысты ояту. Халықтың сана-сезімін өсіріп, ой-жүйесін өзгертсе қоршаған орта да түзеледі. Сонымен бірге, керісінше, қоршаған орта адам өміріне үлкен әсер етеді. Осылай орта мен адам бір-біріне өзара әсер етіп, қоғам өзгереді. Ол үшін сана-сезімді өсіру керек. Әрбір қоғам мүшесін, сонымен бірге, өскелең ұрпақты дұрыс тәрбиелеудің осындай маңызы бар.

Ендеше, сол тектілігімізді қайта қалпына келтіріп, бұрынғы ата-бабаларымыздың ерлік істерінен үлгі алып, сондай болуға ұмтылу арқылы ұлттық санамызды өсіру өте маңызды мәселе. Осылай ұлттық идеяны іске асыру жолын – ұлттық идеологияны – табамыз. Ұлттық идеология – ата-тегімізден берілген жақсы қасиеттерімізді қалпына келтіру. Абай бұл жақсы қасиеттерді көрсетіп берді. Өзіміздің жан дүниемізді жетілдіру үшін осы бабаларымыздың қалдырған құнды мұрасы толығымен қабылдай білсек, соның өзі жеткілікті. Олардың бай мұраларын дұрыс игере білу қосымша басқа ештеңені қажет етпейді. Себебі онда адамның рухани жетілуіне не қажет болса, сонық барлығы берілген, тек соны көре біліп, оны өзіміздің рухани болмысымызға айналдыра білсек болды.

Адамның рухани деңгейін көтеруде, әрине, діннің маңызы өте зор. Мүсірәлі пір өз кезінде халықтың имандылығын өсіруде дінді жақсы пайдалана білген. Бірақ заман өзгерді. Қазіргі заманда дін өзінің алғашқы мақсатынан айырылып, өзі қиын жағдайға ұшырап отыр. Адамның рухани деңгейі төмендегендіктен, діннің ішкі мағынасы ұмытылып, тек сыртқы көрінісі ғана қалды. Бұл құбылысты, тіпті, мектеп оқулықтарынан да көруге болады. Бүгінгі күндері мектеп қабырғасында «Дінтану» сабағынан оқулықтар бар. Бұл оқулықтарда діндердің пайда болу тарихы, догмалары мен рәсімдері беріледі. Ал оның ішкі мағынасы ашылмайды. Діннің ішкі мағынасынан бөлінген бұл сыртқы көріністер діндерді бір-бірінен алшақтатып, діндерді бір-бірінен бөлектейді. Осылай ішкі мағынасын ұмытып, сыртқы көрінісін дәріптеген діндер өзара келісімге келе алмай, бүгінгі күндері Шәкәрім сөзімен айтқанда «Дін десе, есті азамат тұра қашты» заманы туып отыр. Сондықтан дұрыс қабылданбаған дінді қоғамдық мәселелерді шешуде пайдалану мемлекеттің бірлігін бұзып, келешекте үлкен қауіп тудыруы мүмкін.

Сонымен бірге, біз дін мемлекеттен бөлінген зайырлы елде отырмыз. Мемлекеттің дін істеріне қолын сұғуына құқы жоқ, сондықтан ол өз мүддесі үшін дінді толық пайдалана алмайды.

Осындай себептер халықтың рухани жетілуінде діннің шеңберін тарылта түседі. Басқа жол керек. Ол жол – ұлы бабаларымыздың рухани мұрасын пайдалану. Ұлттық сезім әр адамның жүрегінде орналасқан, тек соны оята білу керек.

- Халық рухын тәрбиелеудің бүгінгі әдіс-тәсілі қандай болмақ?

- Халық рухын тәрбиелеуде бүгінгі зайырлы мемлекетіміз үшін ең тиімді әдіс – Әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Мүсірәлі, Абай, Шәкәрім сияқты бабаларымыздың мұрасы. Ұлы адамдар жеке топтардың мүддесімен шектелмейтін бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарды береді. Сондықтан олардың мұралары адамдарды жіктемей, керісінше, біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыра алатын жақсы құрал болып табылады. Рухани сана өскенде, ардақты ақынымыз Олжас Сүлейменов сөзімен айтқанда «Басқаның тауын төмендетпей, өз далаңды асқақтатуға» мүкіндік туады.

Әлеуметтік-саяси, үгіт-насихат, тәрбие жұмыстарының барлығын осы ұлттық идеологияға бағыттағанда ғана халықтың ұлттық сана-сезімін өсіріп, бұл идеяны жүзеге асыра аламыз. Сонда ғана алдымызға қойған мақсатқа жетуге жол ашылмақ. Абай сөзімен айтқанда «сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік».

Әлеуметтік-саяси, үгіт-насихат, тәрбие жұмыстарының барлығын осы ұлттық идеологияға бағыттағанда ғана халықтың сана-сезімін өсіріп, бұл идеяны жүзеге асыра аламыз. Сонда ғана бүгінгі өтпелі кезеңімізді тезірек аяқтап, өркениеттің сара жолына түсе аламыз.

Ұлттық идеяны іске асыруды жеті деңгейге бөлуге болады.

1. Қоғамдағы қалыптасқан жағдайды дұрыс түсініп, оны мойындау – жемқорлық, коррупция, бюрократизм, рухани тоғышарлық, ысырапшылық және сол сияқты тағы басқа да қоғамдағы кемшіліктер. Бұл кемшіліктерді көріп, мойындамай, олардан арылу мүмкін емес.

Орманда адасқан адам өзінің адасқанын сезгенде ғана ол одан шығу жолын іздей бастайды. Сол сияқты әрбір адам, сонымен бірге бүкіл қоғам болып, бүгінгі жағдайымызды дұрыс түсініп, ол кемшіліктерімізді мойындай білгенде ғана ұлттық идеяны іске асыруға жол ашылады. Әуелі өзіміздің кім екенімізді түсініп, қайдан келіп, қайда баратынымызды бағдарлап, сонан кейін оған жетудің қай деңгейінде тұрғанымызды анықтауымыз керек. Жақсы-жаман жақтарымызды басқа ұлттармен салыстыра отырып, алдыңғы қатарлы елдерге көз салып, олардың жақсылығын алып, жамандығынан қашып, адамзат қоғамындағы алатын орнымызды анықтап, түйсінсек, сонда ғана әрі қарай өсуге мүмкіндік туады. Бұл – жетілудің бірінші қадамы. Жеткен деңгейді анықтап алмай келесі деңгейге көтерілу мүмкін емес.

2. Қалыптасқан жағдайды түйсіну. Бүгінгі қалыптасқан жағдайдың себебін түсініп, түйсіну. Себебін түсінетін болсақ, онымен күресуге мүмкіндік туады. Неғұрлым өз жағдайымызды дұрыс түсініп, түйсінетін болсақ, солғұрлым оны үлкен ынта-жігеріміз өзгертуге болады.

3. Даму нысанасын қабылдау. Жағдайды түсінген соң, оны өзгерту үшін бағыт беретін нысана керек. Нысана – Абай көрсеткен ата-бабаларымыздың қасиеттері. Ата-бабаларымызда ерлік қасиеттер болған, ендеше ол қасиеттер біздің генамызда сақталған. Мақсат – сол ата-тегімізден берілген қасиеттерімізді нығайту, яғни ұлттық кодты қалпына келтіру. Ол үшін тарихқа үңіліп, бұрынғы ата-бабаларымыздың кім болғанын, олардың ұлы қасиеттерінің сырын дұрыс түсініп-сезініп, үлгі алып, даму барысында нысана ретінде қабылдау керек.

4. Тегімізді қалпына келтіру жолын іздестіру. Ата-бабаларымыздың ерлік қасиеттеріне көз жеткізгенде ондай қасиеттердің біздің бойымызда да барына көзіміз жетеді. Сонда олардан үлгі алып, өзіміздің ұмытылған сол қасиеттерімізді қалпына келтіру түсінігі, ынта туады. Енді сол ынтамызды іске асыру жолын іздестіруіміз керек.

5. Тегімізді қалпына келтіру жолы. Рухани деңгей төмен болса, жоғары адамгершілік қасиеттерді қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан рухани білім алып, рухани болмысымызды сәйкестіру керек. Ол үшін төмендегідей шаралар ұсынылады:

– Діннің ішкі мағынасына үңіліп, оның рухани шапағатын ала білу.

– Әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Мүсірәлі, Абай, Шәкәрім сияқты ата-бабаларымыздың рухани мұрасын игеру.

– Мектепте валеология, абайтану, өзін-өзі тану, дінтану тәрізді пәндерді қалпына келтіру.

6. Бабалардың ерлік қасиеттерін бойға сіңіру. Рухани білімді қабылдап қана қоймай, оны іске асыру керек. Рухани білімі бар адам ол білімді іске асыру арқылы өз болмысын оңай өзгерте алады. Рухани білімді іске асыру дегеніміз – сол білім аясында болмыспен үйлесімді өмір сүру. Бұл – имандылық жолы. Осылай адамның болмысы өзгеріп, денсаулығы түзеліп, өмірі қуаныш пен бақытқа толады. Жан саулығы мен ден саулығы әркімді жетілудің жоғары деңгейіне көтереді.

7. Мәңгілік ел. Жетілу барысында қоғам өтпелі кезеңнен оңай шығып, өркениеттің үздіксіз жетілу жолына түседі. Осылай саяси-әлеуметтік жағдайы жақсы, демократиясы жетілген ел қатарына көтерілуге болады.

Ұлттық идеяны іске асырудың бұл деңгейлері халықтың санасына жол ашып, ынтасын өсіреді. Адамның ынтасы оның санасының деңгейіне байланысты. Егер санасы өссе, оның еңсесі көтеріліп, өзінің мақсатына жете алатындай күш-қайратқа ие болады. Сананың өсуі мен адамның жан-жақты жетілуі бір-бірімен тығыз байланысты.

Қазіргі заманғы қазақ үшін ұлттық идея осындай болуға тиісті деген ой келеді.

- Терең толғамды сұхбатыңызға рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар