Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Дүйсенәлі Әлімақын: Мені ертіп кетті сағыныш......

22.05.2017 7165

Дүйсенәлі Әлімақын: Мені ертіп кетті сағыныш...

Дүйсенәлі Әлімақын: Мені ертіп кетті сағыныш... - adebiportal.kz

Поэзия мәуелі бәйтерек десек, бәйтеректің әр бұтағында бүр жарған жас өркеннің өзіндік кешер тіршілігі бары анық.

Бүгін сондай жас ақындарымыздың бірі – Дүйсенәлі Әлімақынның «Қараша құстар ғазалы » атты алғашқы жыр жинағы жарық көріп отыр екен. Жаңа жинақ – өз оқырмандарын тауып, қазақ әдебиетіне олжа салар дүние болсын демекпіз.

Дүйсенәлі – 1989 жылы ҚХР, ШҰАР , Іле Қазақ облысы, Нылқы ауданында туған. 2009 жылы университет бітірген соң Іле Қазақ облысы,Нылқы аудандық телевидениеде концерт жүргізуші және Қытай тілінен аудармашы болып қызмет атқарған. Өлеңдері Шыңжаңдағы және еліміздегі мерзімді басылымдарда жиі жарияланып келеді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Азаттығым ғажап күнім» атты үш ел ақындарының (Қазақстан ,Қытай, Моңғолия) антологиясына, «Сәкен жұлдыздары» атты жас ақындар алманағына өлеңдері енген. Қазір Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық Университеті Филология институты Қазақ тілі және әдебиеті мамандығының магистранты. Назарларыңызға жас ақынның бір топ өлеңдерімен қоса ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Жанат Әскербекқызының пікірі мен әдебиеттанушы Айгүл Омарованың әдеби шолуын ұсынып отырмыз.

Өлеңдерінде аңсар бар...

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ: Дүйсенәлінің ең тамаша өлеңі – «Қоштасып қайтып барады ол...»деп басталатын өлеңі. Бұл өлеңде үйлесімді ой ырғағы, поэтикалық егіздеудің әдемі өрнегі бар. Лирикалық қаһарманның сезімі мен сезінуі, пайымдауы мен қабылдауы айқын. Көркемдік бояуы қанық, шымырлап шыққан шынайы өлең. Ал, «Бұлттар көшіп бара жатыр», өлеңдеріндегі ұлттық мазмұн әсерлі болғанымен, үйлесім сәл бұзылған. «Қырық үш күндік кемдігі» бар жақсы өлеңдер. «Төрт қыбылам түгел боп тұр қай менің» деп басталған әп-әдемі өлең шумақтан шумаққа өткенде «ақсап қалады». Сыршылдық бар, сезім бар,ішкі дүниенің аңсар-арманы бейнеленген бұл өлең, мүмкін, қайта жазылар?!

«Жалын құшқан қызыл күн...»

Айгүл ОМАРОВА: Жалынды жастар легінің қазақ поэзиясындағы қадамдары қуантады. Сондай жыр тұлпарынан үміткер ақын Дүйсенәлі деуге болады. Поэзия – құдіретті күш. Осы тылсым дүниеге өзінше қолтаңба қалдырғысы бар жас талант ақынымыздың өлеңдеріне шолу жасасақ.

Сені аңсап атады таңдарым,
Сені аңсап батады күндерім
,-деп басталатын мына өлеңі , шыны керек, оқырмандарын бірден тарта жөнелмейді.Көп қолданыстағы сөздермен бастаған ақынның талабы үшінші және төртінші жолдардан көрінед:

Ішінде адасты арманым,
Сағыныш дейтұғын түрменің,-дейді
. Өлең өзінше бір суреттеу тапқан секілді көрінгенімен, оқырмандарға әсер етер, олар қабылдар жағын да қарастырғанымыз жөн. Сондықтан да ақынның бұл суреттеулеріне сын айтқым келеді. Дегенмен де жас таланттың бұдан кейінгі шумақтары көңілімізді жылытқандай екен. Сол арудың жымиған күлкісін ақын жүрегін сілкіндіріп, өлең туғызады. Бұл – жақсылық.Сонымен:

Құмарын көңілдің баспайды,

Шуағын бұлданып түн айдын.

Тереңіне теңіз қарашығыңның,
Жұлдыз болып құлаймын
. Манағы түрмеден кейінгі еңсеміз сәл көтерілгендей болады.

Шалыс ұйқас түрімен жазылған бұл өлеңнің соңғы шумағында буын санында олқылықтар бар секілді.Келесі бір «Сен – қызыл күн» өлеңі алға қарай жақсы қадам басқандығының айғағындай екен. Жалпы күн – қазақ поэзиясында символ. Күн – мықтылықтың, біиктіктің символы десек, оған қызыл деген эпитет айырықша, ерекше, ыстық , қол жетпес асқақтықты білдіргендей. Иә, «..Сен дегенің сарғайтатын сағыныш, Кеудемдегі тулап жатқан жарылыс» - деп тамаша балау, яғни метафора жасайды. Әр күнін өлең қылған ақынның« ... ары-ақиқат, жаны-құс ». Енді бірде ақын ғашығын жеткізбес толқындарға балап, ойын дамыта түседі.

Сен дегенің кепіліндей ғұмырдың,
Жалын құшқан қызыл күн.
Сол жалынның құшағына ынтығып,
Өкпемді алып жүгірдім.
Сен дегенің жалын құшқан қызыл күн
,-деген соңғы шумақ әсірелеу , асқақтату арқылы өрілген.Бұл жерде ырғақ өзінше үйлесім тауып, буын санындағы кемшіліктерді байқайтпай тұр. «Ат өнері білінбес, бәйгеге түсіп жарыспай» - дегендей, жас ақынның жырларына аса қаталдық танытпағанымыз абзал. Рас, «Сын түзелмей, мін түзелмейді.» Десек те, жас қыранымыздың қанаты поэзия кеңістігіндеұша қатаятынына сенемін. Ақ жол, жас ақын!

ҚАРАША ҚҰСТАР ҒАЗАЛЫ

***



Қоштасып қайтып барады ол,
Жүрегі көктем,жаны қыс.
Оны ертіп кетті қара жол,
Мені ертіп кетті сағыныш.

Сөзіме менің бүлініп,
Самарқау жаны жүдеген.
Оны ертіп кетті бір үміт,
Мені ертіп кетті бір өлең.

Сағыныш хатым сарғайды,
Жанымды біреу ұққан ба?
Сырымды айттым ол жайлы,
Қараша қайтқан құстарға.

Өртеді мұңы, өртеді,
Жыраққа тастап барлығын .
Мені ертіп кетті ертеңім,
Оны ертіп кетті тағдыры.


Бұлттар көшіп бара жатыр...

Сарбаздардай сап түзеген ұрысқа,
Бұлттар көшіп бара жатыр шығысқа.
Беу бұлттар, Алатаудың бауырында,
Бір ақынның жүргендігін ұмытпа.

Бұлттар көшіп бара жатыр құт білем,
Айналаға қаулайды енді сүттіген.
Ақша бұлттар,сәлемімді жеткізгін,
Өтер болсаң біздің ауыл үстінен.

Ақша бұлттар, аппақ қанат құстарым,
Керуеніңнен көркем сырды ұққамын.
Баяу ғана қалқып өтші қасынан,
Өредегі анам жайған сықпаның.

Әжем құяр сары қымыздың сарқынын,
Таңдайыңа тамыза кел жарқыным.
Және тағы жанарыңа жаза кел,
Әкем мінер күміс ердің жарқылын.

Сәлем айтқын ағайынға,туысқа,
Оралатын шығарсыңдар жуықта.
Менің жүрек сырларымды ұмытпа,
Көшіп бара жатқан бұлттар шығысқа.


Сен – қызыл күн

Сен дегенің жеткізбеген армандар,
Үмітіме жерік еткен ақ жолдар.
Мен дегенің сәл тынып ап сол жолда,
Бұл тағдырға серік болған жалғаулар.

Сен дегенің сарғайтатын сағыныш,
Кеудемдегі тулап жатқан жарылыс.
Мен дегенің әрбір күнін өлең ғып,
Жүрген ақын ары-ақиқат, жаны-құс.

Сен дегенің жеткізбейтін толқындар,
Өзен болсаң өткізбейтін қалпың бар.
Мен дегенің сол толқынға еріп ап,
Шаршамауға, тоқтамауға антым бар.

Сен дегенің кепіліндей ғұмырдың,
Жалын құшқан қызыл күн.
Сол жалынның құшағына ынтығып,
Өкпемді алып жүгірдім.
Сен дегенің жалын құшқан қызыл күн.

***


Сені аңсап атады таңдарым,
Сені аңсап батады күндерім.
Ішінде адасты арманым,
Сағыныш дейтұғын түрменің.

Өзгеше ойменен жүрсің бе,
Тас қала құшағын жыр етіп.
Өлең ғой жымиған күлкің де,
Жүрегім сілкінер дүр етіп.

Құмарын көңілдің баспайды,
Шуағын бұлданып түн айдын.
Тереңіне теңіз қарашығыңның,
Жұлдыз болып құлаймын.

Маңыңнан тым алыс өтпеймін,
Көгіңде қалықтар бұлттаймын.
Мен енді ойыңнан кетпеймін,
Мен енді түсіңнен шықпаймын.


***

Арманына тым асықты мынау күз,
Сырымызды айтқызбай-ақ ұғармыз.
Сезесің бе , сезесің бе мүмкін біз,
Кездесіп ап кете алмайтын шығармыз.

Еш натиже шықпасада дәмемнен,
Арманынан адаспайтын жан ем мен.
Сен туралы ойға келген өлеңді,
Хатқа жазып үлгіремін әрең мен.

Ғашық жырын жазар саған кім менше,
Алып ұшып барар саған кім менше.
Құшақтайын , құшағымды жазбайын,
Ақ жейдеме жұпар иісің сіңгенше.

Саған енді арнаймын деп мың өлең,
Қиял қуып елес торып жүрер ем.
Мен аңсаған еркіндіктің ақ құсы,
Сенің найза кірпігіңе түнеген.

Ойхой менің, жайсаң мінез жан гүлім,
Сен сезбеген,сен білмеген бар мұңым.
Мені сеннен кешірек қып туғаны,
Сені маған жазбағаны тағдырым.

Жанын жаулап мендей ақын жігіттің,
Алпыс екі тамырымды иіттің.
Сені Жібек , сені Ләйлі демеймін,
Сен үйткені олардан да биіксің .

Кешір, Қас

( Туған жерімде Қас деген өзен бар )

Әуеде құспен жарысқан әнім,

Әбестік болды алыстағаным.

Кешір, Қас,мені жетелеп арман,

Толқыныңмен ағып барамын.

Су алған анам жағаңнан сенің,

Тамшыңнан мөлдір жаралғам сенің.

Сағыныш дейтін өлең жаздырды,

Әз көркің кетпей санамнан менің.

Құшағы құтты нар туған елім,

Алақанында аршындап едім.

Еділіменен қоштасып кеткен,

Бұл ғасырдағы Қазтуған едім.

Көңілдің емін табатын шығарсың,

Тентегің саған наласын шығарсын.

Сертімді саған табыс етейін,

Балқашқа ағып баратын шығарсың?

***

Қараша қайтып барады,

Қараша қайтып барады.

Өмірдің сағым екенін,

Біздерге айтып барады.

Жыл құсын көрдім соңыра қайтқан,

Егіліп тұрды әніне аспан.

Суық күз сенің соқпағыңда,

Бағым адасқан.

Осынау ұзын хан көшені,

Пенделер ұнсыз сан кешеді.

Бесіннің мұңы жүрегін тырнап,

Беймаза тірлік әндетеді.

Қараша құстар ғазалын айтып,

Қараша өмір барады қайтып.

***

Сен жоқ қалқам құлазып тұр мына бақ,

Ақ нөсер де сыр айтады тына қап.

Мен өмірдің келем шексіз жолында,

Сен отырған автобусты қуалап.

Кеттің үнсіз ерте қайтқан көктемдей,

Саған еріп жүрегім де кеткендей.

Ләйлісіне арнап өлең жазарда,

Мәжнүн мұңға оранбаған тек мендей.

Сенімен кетті менің бүкіл жастығым,

Енді қайта оралмайды-ау шаттығым.

Қорлан сезім қол бұлғаса алыстан,

Естайға ұқсап алмайды енді жақ тыным.

Енді маған ашық күннен дауыл көп,

Жұрттың сөзі тиер тағы ауыр боп.

Енді ешкімге хат жазбаймын жаным деп,

Енді келген телефоннан қайыр жоқ.

Сен жоқ қалқам құлазып тұр мына бақ,

Ақ нөсерде сыр айтады тына қап.

Жеңілмейтін батыр сынды күйдемін,

Өмір дейтін автобусты қуалап.

***

Ақ әлемді сағыншыпен боядым,

Жүзі жасты өтпесін деп арманым.

Сағынғанда сүйіп-сүйіп қоямын,

Саған жазған жырларымның тармағын.

Қай жақтарға жетеледі тағдырым,

Сартап ойлар санамды ойып жеді ғой.

Сары таңда жымияды сары күн,

Шарфыңның да түсі сары еді ғой.

Өн бойымды малындырар шуаққа,

Сағныыш нұр себелетіп сары күн.

Сені сүйгем, сені сүйгем бірақта,

Сен сенбейсің жарығым.

Абыралыға

( тау аты )

Қыс заманның бозарған тарғыл өңі,

Недеген қақ айырылған тағдыр еді.

Қалғып кетсем түсіме басқа емес,

Абыралы дейтін асқақ тау кіреді.

Қаңғып келген тамшыдай қарашыққа,

Бағдарымды тауып ем адасып та,

Абыралы , сен қорған екенсің ­ау,

Нылқы дейтін шағындау қалашыққа.

Әжелер айтып бітпес ертегі ме ең,

Акбарға айбат берген семсері ме ең?!

Алматы мақтанса егер Көктөбемен,

Абыралым мақтанам мен сенімен.

Сағынумен сендегі саналы елді,

Жүрегім жазылмайтын жара болды.

Рухым аласарған шақтарымда,

Саған қарап түзеп ем жаға -жеңді.

Аспаныңды өлең ­ жыр , ән мекендеп,

Өз жақсысын әз қауым хан көтермек,

Алатаудың маңына көз қыдыртам,

Абыралы қай жақта қалды екен деп.

Заман саған құбылтты көзқарасын,

Бұған қалай көңілім боздамасын.

Түбі бір күн жетемін алып- ұшып,

Бейбарыстай сағынған өз даласын.

Басыңда ақ қар анамның жаулығындай,

Сен туралы әуенге салдым ыңғай.

Қарсы алдымда қасқайып екі жол тұр,

Қақ бөлінген қазақтың тағдырындай.

Көктемді күту

Келші көктем торқа киіп асылдан,

Сосын барып көзін ашсын жасыл маң.

Сені күтіп отырмын мен балконда,

Сыйлы қонақ келетіндей ғасырдан.

Келші, көктем, кеңейсін бір тынысым,

Сен мезгілдің ең әдемі жырысың.

Шабытым да гүлдеріңмен бірге өсіп,

Жасыл түске боянсыншы үмітім.

Шырақтары биге басып шаһардың,

Бұлақтары күйге ауысып отардың.

Көктем сенде мезгіл туып қайтадан,

Қабіріне шөп шығады атамның.

Төл дыбысы оркестр қып маңайды,

Айран, уыз ашар ішсең сарайды.

Шуағыңа бойын жазып әз әжем,

Қарыс жерге күн сап тұрып қарайды.

Көктем, көктем желбіреген көк көйлек,

Сенімен даңқым зеңгірлерге кетті өрлеп.

Торы мінген әкем шырқап қойшы әнін,

Қойын қырға айдады әне бөктерлеп.

Жаңбырыңа жұзін жуып паң дала,

Тасқын ойнақ салсын сосын ардада.

Бар әлемді сұлулыққа жетелеп,

Гүл егеді анам менің аулаға.

Әуен қосып бір әдемі ырғаққа,

Әжем тебен сабақтады сырмаққа.

Керуені аялдамай уақыттың,

Ала мойнақ тағы есейді бір жасқа.

Көзді ашқанша кете барды қыс аттап,

Келші көктем, сағынышым түсі әппақ,

Сағыншымның сары түймесін ағытып,

Жыласам ба екен сары ала қазды құшақтап.

Әзірлеген Айжан Табарак


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар