Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Дүкен - аса ұлтжанды, мол білімді, қайраткер ғалым...

20.04.2016 3420

Дүкен - аса ұлтжанды, мол білімді, қайраткер ғалым

Дүкен - аса ұлтжанды, мол білімді, қайраткер ғалым - adebiportal.kz


Филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын, аудармашы, тарихшы, этнограф, қайраткер, Қазақстандағы белді қытайтанушы ғалымдардың бірі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ЕҰУ қытай тілі кафедрасының меңгерушісі Дүкеннің елге тигізген пайдалы қырлары көп. Мен уақытқа бағынып, тек мына төмендегі төрт қырына ғана аялдағанды жөн көрдім.


1


Академик Сейіт Қасқабасов айтқандай Дүкен (Дулат) Мәсімханұлы – нағыз азамат, ұлтжанды ғалым. Дүкеннің нағыз адамдарда ғана болатын бұл қасиетін поэзиялық туындылары да, зерттеу еңбектері де, қайраткерлік қарекеттері де, ұстаздық ұстанымы да, т.б. да айқын әйгілеп келеді. Соған мен бұл қасиетін тек мына бір қимылы арқылы ғана көрсетуді жетерлік санадым.

Жетісудің жер жәннаты екені жұртқа аян. Сол жер жәннатының төрі Қытайда, Іле өзенінің басындағы үш айрығы Қас (Хас), Күнес (Күн Хас), Текес (Тек Хас) дәрияларының бойында. Бұл кеше Найманбаев Әсет әндеткен, Таңжарық Жолдыұлы жырлаған, Жүсіпбекқожа Шәйхысламұлы дастан айтқан, Құрманәлі Оспанов жыр төккен, Қытайдағы қазақтың дені мекендеп отырған, Іле Қазақ Автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласы тұрған тамаша өңір. Ата мекені Қазақстанның Шөлкөде өңіріндегі Дүкен, 1916-жылы еріксіз ауған Жалпыетектің шешен ұлы Нақысбектің тумасы Мәсімхан отбасында, осы жер жәннатының төріндегі Текес ауданына қарайтын Ақши деген жерде дүниеге келген. Демек, генетика бойынша, оның туылған табиғи ортасы да, шешен ата тегі де, айтыскер анасы Дәмеш Тұрлыбайқызы да қасқалардан кемінде төбел болып туарын белгілеп тұр. Кейде қасқалардан Дүкендей айбоз да туады екен.

Қытайда Дың Шяупиң реформасы басталған жылдары, болайын деп тұрған бала мектепті үздік тауысып, Бейжіндегі Орталық ұлттар университетінің филология мамандығына түсіп, оны 1987-жылы «оқу үлгілісі» деген үздік дипломмен тамамдаған оның еңбек жолы ШҰАР Гуманитарлық ғылымдар академиясында ғылыми қызметкерліктен басталады. Әрі академия басшыларының (соның бірі осы шараға қатысуға келіп отырған әйгілі тарихшы ғалым Жақып Мырзахановтың) оң көзіне түсіп, зор үмітін арқалайды.

Тәп осы 1980-жылдары ұлы реформатор Дың Шяупиң талай жаңашыл бастамаларды көтерген болатын. Мысалы, нарық экономикасына өтудің лентасын қиған, басшы кадрларды төрт шартпен (Жас, білімді, ахлақты, мамандығы барлардан) іріктеуді тапсырған, көптен бері тиылып қалған ғылыми дәреже беруге руқсат еткен, шет елдерден оқуға жол ашқан, т.б.

Байқап отырсыздар бұл – Дүкендей зерек, алғыр, шөгел, пысық, ахлақты, қабілетті, еңбекшіл жігіттің алдында баюдың да, мәнсаптың да, өзге абырой-атақтың да төбелері көрініп, төте жолы қасқайып тұрған шақ еді.

Дүкен мұның бәрін сезді, білді, тіпті көрді.

Бірақ, мыңдаған жылдық ұзақ тарихында сан талып, сан ес жыйған, ғасырлап отаршылықтың азабын тартқан, көптеген қанды күрестер арқылы тәуелсіздігін қолына қайта әрең алған, іргелес Қытай сықылды елдер құшақ жая құттықтап жатқан, тарихы ұзын Қазақстанның жаңа дербестігі кезіндегі уығын көбейту, шаңырағын биіктету, іргелестерімен достығын күшейту үшін, жаңағыдай жақсы орайлары мол жылы орнын тастап, 1993-жылы Қазақстанға келді. Дүкеннің өз ұлтын қаншалық сүйетінін осымен–ақ бағалай аласыздар.

2


Дүкен – мол білімді ғалым. Оның қолында, алдыменен, сол білімдердің кілті әлде неше тіл (қазақ, қытай, орыс, қырғыз, өзбек, ұйғыр тілдері) тұр. Бертін келе ағылшын, түрік тілді дүниелерден де пайдаланар күйге жетті. Әрі бір басына аз емес, әрі зерттемек әлеміне есік айқара ашылған.

Бұған ұлтжандылығы таған, ғылымға құмарлығы қуат, қайраттылығы қанат болған, кеше ғана «азат Отаным болса, көше сыпырсам да арманым жоқ» деген Дүкен соңғы жылдар ішінде, отызында «орда бұзып», қырығында «қырқаға шығып», елуінде елге танымал ғалым болып отыр. Дүкен әйгілі ақын ғана емес, поэзия өңірінің білгірі. Дүкен жазушы ғана емес, проза саласының майталманы. Дүкен көп тіл біледі ғана емес, белгілі лингвист. Дүкен бүгінгі қытайды ғана емес, арғы қытайды да білетін тарихшы. Дүкен өз ұлтымен ғана шектелмеген кең өрісті түрколог. Дүкен кафедра меңгерушісі ғана емес, талай ұйымдардың басшысы не алқа мүшесі. Қол жеткізген сыйлықтары, марапаттары, гранттары, атақтары, жүлделері тіпті көп. Мұның бәрі Дүкен игерген мол да кең білімнің құдіреті.

Дүкен – әсіресе қытайнау саласы бойынша теңдесі аз ғалым. Тек мына «Қытай туралы қырық сөздің» өзі-ақ мұны дәлелдеп отыр. Бұл Қазақстан мен Қытай үшін ғана емес, әлем үшін де өте зәру ғылым екені беп-белгілі. Мұны ескере алу, Дүкен сықылды синологтарды мықтап қолдау, рөлін тіпті күшейту ел алдындағы былайғы борыш.

3


Дүкен – өте көреген ғалым.


Кез келген адам өзінен ең алыс тұрады. Адамның өзін, өз қыры мен ебін толық та дәл аңғаруы өте қиын. Кей жандардың ебі жоққа еліктеп, қыры жоққа қызықтап әуре болатынын да, күші жетпеске күшеніп, әлі жетпеспен әлек болып жүретіні де осыдан. Көрегендік, маңайға ғана емес, болашаққа ғана емес, ең әуелі адамның өзіне, өз қырын дұрыс та дәл тануына қабағат қажет және ол көрегендік осы жағынан тіпті айқын көрінбек. Сонсоңғы бір көрінер тұсы ол қырының жұмсалар тарапын тәп баса табуда. Дүкен осы екі жақтан да аса көрегендік көрсетіп отыр.


Әрине, Дүкеннің көрегендігін әйгілейтін тараптары көп. Оның еңбектерінің қай жағына қарасақ та көрегендігін байқауға болады. Бірақ мен мұның мына мысалдарын ғана айтбақпын. Ол үшеу.


Бірі, өзіндегі Қытай тарихын, Қытай бүгінін, Қытай психологиясын, қытайша тіл мен жазуды, тіпті оның әр иероглфінің көлеңкесіне шейін әбден білетін қырдың басым, өткір, күшті екенін тәп баса танығандығы.

Енді бірі, Қазақстан үшін ең беймәлім көршінің Қытай екенін, Қытайдың жан саны көп, тарихы ұзын, қоғамы күрделі, дамуы тез, соған орай өзгерісі шапшаң елдігін, синологияның, әсіресе әлі жас күйдегі, нағыз қазақстандық төл синологияның қабағат қажеттілігін тәп баса танығандығы.

Тағы бірі, мұны танып қана қоймай, алып елдің бірі Ресей (Путин) «Ресей экономикасының желкені Қытай дамуының желінен пайдаланады» деп отырғанда, іргедегі ұша дамыған Қытай желін Қазақстан желкенінің де пайдалануға ақылы екенін аңғарып, бұл елді зерттеуге баса күш салуы.

Бұл үш тәп баса тану – өте көрегендіктің белгісі. Дүкен, өзге қырларымен де, әсіресе осы синологиялық қырымен де әлі талай асудан асады. Елдің талай кәдесіне жарайды.

4


Дүкен аса белсенді де пәрменді қоғам қайраткері.


Дүкен Мәсімханұлы Қазақстанға ат басын тіреген күннен бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Қазақстан тәуелсіздігінің тірегі адам, адамдарының саны мен сапасы болғандықтан, Дүкен білім беру арқылы сапа көтеруге, қоғамдық жұмыстарға араласу арқылы демографиялық өсуге күш қосты. Өзі оралман Дүкенге қазақ диаспорасының жайы әбден қанық болғасын алғашқы қайраттарын Қазақстанның этникалық көші-қонына, диаспора шаруаларына, оралмандарға арнады.


Дүкен әсіресе, өткен жиырма жылдан астам уақыт ішінде оралмандарға қатысты жұмысқа жанын, барын салды. Атап айтқанда, көші-қон заңын дайындасу, ҚХР-нан келетін көштің заңдық негізін әзірлеу, Қытай қазақтарына азаматтық және ықтиярхаттың берілу тәртібін жеңілдету, квотаның санын ұлғайту (Бұл мәселені Елбасына кіріп шешіп шыққанын білесіздер), Шетелдегі ағайындардың жас ұрпақтарының Қазақстанға келіп білім алуының механизмін әзірлеуге ат салысу, оралман ағайындардың еңбек стажының мойындалуы мен зейнетақы алу талабын үкіметке ұсыну, қазіргі Қоянды ауылы орналасқан жерді шешу мен ол арадан Астана қаласы мен оның маңында тұратын барлық оралманның (о бастағы шешім – ол жер тек еңбек шартымен келген Моңғұлиялықтарға ғана беріледі болған екен) баспаналық жер телімін алуына ықпал ету… секілді көші-қонға қатысты қыруар шаруалардың жүзеге асуына мұрындық болды. Сондай-ақ әр жылдары жеке бет-беделін пайдаланып, жоғары-төмен шапқылап жүріп он шақты ағайынның баспана мәселесін шешуге тіке қол ұшын берді. Қазірге дейін ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің көші-қон және оралмандар мәселесі бойынша мүшесі, Астана қаласындағы “Атажұрт” қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде, шеттен келген ағайынның сан алуан мұқтаждығына жан аямай көмектесіп келеді. Бұлар, әрине, ғылыми-зерттеу, әдеби-шығармашылық, білім беру, т.б. шаруалары шашетектен келетін адамға ауыр да қиын жұмыстар. Менің ғана емес, халықтың Дүкенді белсенді де пәрменді қоғам қайраткері дейтіні осыдан


Сөз соңында, мен елағасына айланған елудегі Дүкенге, қызу құттықтау білдіре, оның сүйікті жары Айнұр Әбиденқызы бастаған отбасына мықты денсаулық, ұзақ жас, бақытты ғұмыр, зор табыстар тілей отырып, Дүкеннің әлі талай биікке шығарына, Қазақ елінің мәңгілігі үшін өшпес үлестер қоса беретініне кәміл сенетінімді білдіремін!


Бүгінгі шараны, Дүкен шыққан биікті, Дүкенге арналған жоғары лебіздер мен марапаттарды естіген арттағы – арғыбеттегі қалың қазақтың қуанары, Елдің, Елбасының шеттен келген ағайындарға деген ыстық ықыласы мен бауырмал құшағын елестетері сөзсіз. Менің, солардың сезіміне уәкілдік етіп, Дүкенді баулыған Әл Фараби атындағы Ұлттық университетке, бүгінгі биікке жетектеген мына Еуразия Ұлттық Университетіне, оның ректоры, доктор, профессор, әйгілі тарихшы Ерлан Сыдықов бауырыма алатаудай рахмет айтуға рухсат етіңіздер!


Алыстан шекара аттап келген маған рухсат етерлеріңізге сеніп, осы арада сол алатаудай рахметімді аталған үш бауырымның иығына Қытайдағы қазақтар қолынан шыққан жабарым арқылы білдірмекпін.
Ректор, доктор, профессор, әйгілі тарихшы Ерлан Сыдықов мырзаның, бүгінгі кейіпкер Дүкен Мәсімханұлының, қызымыз Айнұр Әбиденнің жұрт алдына көтерілуін үміт етемін!


Ықыластарыңызға мыңдай бір рахмет!

P.S.: 2015 жылы 10 -шы қазан күнгі Д.Мәсімханұлының 50 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференцияда оқылған баяндама.


Сұлтан Рамазанұлы Жанболатов

Қытай және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі
Профессор, III ДҚҚ Төралқа мүшесі, Қытай «Үлес» сыйлығы
мен Қазақстан «Достық» орденінің иегері


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар