Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Дүкен Мәсімханұлы: Менің балалығым – «балалық...

19.05.2016 3695

Дүкен Мәсімханұлы: Менің балалығым – «балалықсыз балалық» болды

     Дүкен Мәсімханұлы: Менің балалығым – «балалықсыз балалық» болды - adebiportal.kz


- ХХ ғасырдың 90-жылдары атамекен топырағына ат басын тіреп, тағылымды қызмет атқарған қандас ғалымдар тарапынан қазақ әдебиеті тың деректермен байи түсті. Оған өзіңіздің қытай мұрағатында жатқан деректерге үңіліп, көз майыңызды тауыса жазған «Сарап» атты кітабыңыз куә. Десек те, қазақ әдебиеті осындай тың дүниемен толығып жатқанда, «Біздің «Қытайтанушылар» ғылымды неге былғайды? Немесе, «қазақ әдебиеті тарихына еніп кеткен жалған ақын туралы бір ауыз сөз» атты байбаламдар да жан-жақтан дүркірей шықты. Айтайын дегенім, Кегменер Үлгеұлы хақындағы дау-дамайдың шындығы қайсы?


- Дұрыс айтасың, тәуелсіздіктен кейін біздің өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Соның нақты айғағы – дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашыраған қаракөз қандастар елге оралды. Бүгінгі таңдағы санақ нәтижесі көрсетіп отырғандай, тәуелсіздіктен бері милионнан астам қандасымыз атамекен топырағына табан тірепті. Бірақ, бір нәрсе көңілге қыжыл ұялатады. Неге дейсіз ғой? Себебі, шеттен келген ағайындармен бірге қаншама ақыл-ой, парасат, тарих, этнография, мәдениет оралды деген биік пайым тұрғысында қараудан гөрі, олардың жеке басын, санын ғана қызықтап жүрміз. Бұл – асылдың нарқын білмеу, қолда барды бағаламау деген сөз. Жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі ретінде айтар болсақ, тәуелсіздік таңы атты деген қасиетті сөзді естісімен, төсек-орнын буып-түйіп Қытай елінен атамекен қайдасың деп жолға шыққан, ақыры елге жеткен әр түрлі мамандық иелері жеткілікті. Олар өздерінің соқа басын ғана сүйреп келген жоқ. Керісінше, сол елде алған ғылым-білімді, қытай мұрағаттарындағы қазаққа қатысты сан-алуан тарихи деректерді арқалап алып келді. Сондай-ақ, Иран, Араб, Ресей, Өзбекстан сияқты қазағы молдау елдерден келген зиялы қауым да өз деңгейінде мәдени-рухани құндылықтар ала келді. Ал енді қай елде де, қандай халықта да қыңыр, кертартпа адамдардың болатыны шындық. Болып қана қоймай, жоқ жерден жік шығарып, дау туғызып, жаңа ой, жаңа дерек айтсаң, оны жоққа шығаруға тырысып, қызылтанау болып жүретіндері болады. Бірақ, олардың айтқанымен тарихтың ағысы теріс ақпайды ғой. Дей тұрғанмен, жаңағы «ірігеннің ауызынан шыққан шіріген сөз» қоғамды алапестей жайлап, әр түрлі пікірге мұрындық болып жатады. Мысалы, Менің «Сарап» деген кітабімнің ішінде «Көне Қытай жазбаларындағы түрік ақындары» деген үлкен зерттеу еңбек бар. Мұндағы деректердің «әлгілер»даурығардай жерден шыққан немесе көктен түскен ештеңесі жоқ, кәдімгі қытайдағы ғылыми еңбектерден, мұрағатынан алынған дүниелер. Қытай жазбаларындағы сол ғылыми еңбектерге негізделе отырып, өзімнің төл пайымдық тұжырымдарымды сіңіріп, ғылыми мақала ретінде «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялаған болатынмын. Тіпті, конференцияларда баяндалды да. Кейін «Екі мың жылдық дала жыры» деген қазақ әдебиетінің антологиясына енді. Сол мақалада Кегменер Үлгеұлының қаңлы ақыны екендігі туралы егжей-тегжейлі баяндалған.

Қазақстанда бір жылдары Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабінің қолжазба нұсқасы табылып, зиялы қауым арасына бір дүмпу туғызған еді. Кейбіреулердің «бұл қолдан жасалған» деген даурықпасына қарамастан, бүгінгі күні аталмыш кітап ғылыми айналымда жүр. Сол сияқты Қытайда Кегменер Үлгеұлының да өлеңдерін, өмірбаянын жоққа шығарып, ол «қолдан жасалған ақын» деушілер де бар. Бірақ, кейде біз мына нәрсені ескермей жатамыз. Жалпы, ғылыми ұстанымның үлгісінде беделді ғылыми еңбектерге, ғалымдар пікірін негізде отырып ғылыми зерттеулер жасалады. Ал менің Кегменер Үлгеұлы туралы зерттеуім қытай елінің атақты ғалымы Го Можоның ғылыми ұстанымы негізінде оқырман қолына жетті. Қорыта айтқанда, Мен бұл дауға 2008 – жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде өз жауабымды беріп, даурықпа дауға нүкте қойған болатынмын. Әрі қарай әлде кімдер бықсытып, қоңырсытып жүрсе, сыпайылап айтқанда, ол тырнақ астынан кір іздеген далбасалық қана. Қазақта «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген мақал бар. Кегменер Үлгеұлы мен оның шығармаларын қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған сүбелі еңбек ретінде қараудан гөрі, «ойбай, ол – өтірік» деп, керібақпалыққа салып, дау қозғап, шатақ шығару арқылы атақ шығарып жүретіндерге не деуге болады?! Жалпы, қыңырлық кісіні қырға шығармайды.


- Тәуелсіздіктен кейінгі кейбір тосын деректер мен жаңа пікірлер хақында кейбір зиялы қауым өкілдері өз руының жыртысын жыртып, дай-дай болып, қызды-қыздымен қызыл тілге ерік беріп, жаға жыртысып, соттасуға дейін барғаны шындық. Сіздің де жетістіктеріңізді рушылдықтың шеңберінде қарастырып жүргендер жоқ емес. Жалпы, ру және рушылдықтың пайда, зияны туралы не айтасыз?


- Ру – Алаш қоғамындағы, қазақ ұлтындағы күрделі құбылыс. Ол – біздің мәдениетіміздегі өте маңызды да іргелі категория. Рушылдық – ұлтқа зиян, елге қауіпті деп айтуға да болмайды. Рушылдық – ұлтқа пайдалы, бізді көгертіп-көктетеді деп те кесіп айтуға келмейді. Жалпы алғанда, «Халқыңның ардақтаған арқасында, еліңнің ата-дәстүр салтын қуғанға» не жетсін!

Тарихқа қарап отырсақ, сонау ата-бабаларымыздан тартып, бүгінгі заманға дейінгі ғасырлар көшінде, қазақтың қанында тулаған, салтында сақталған осы бір құбылыс, еш қашан тұтас ұлтты қандыбалақ қырғындарға ұрындырған емес. Ары кетсе, ауыл арасындағы содыр-сотанақтың бас жарылып, көз шыққан кикілжіңі деңгейінде ғана қалып отырған. Ежелгі алып көршіміз қытайларда руға бөліну болмағанымен, олардың қанындағы жершілдік індеті, тарихта қытайды қанды қырғын соғыстар мен хандық-хандық, бектік-бектіктерге бөлініп алып, ордалы жыландай арбасқан тарихи оқиғаларға душар еткені белгілі. Құдай сақтасын, тарих көшіне көз жіберсек, ұлтымыздың ондай сорақылыққа бармағанын байқаймыз. Демек, көшпелілер мәдениетіндегі жүзге, руға бөліну құрылымының тектен-текке жасалмағанын түйсіне отырып, ұлы далада ұлы мәдениет қалыптастырған бабалар ұлылығына бас июіміх керек. Ал енді бұдан былайғы жерде қазақ халқының сана сезімі тәуелсіздікпен бірге өсетіндігіне шек келтіруге болмайды. Өйткені, жастарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу. Қазір біздің жастарымыз әлемдік деңгейде ойлауға ұмтылады. Жер жүзінің өзге елдерімен, басқа халықтармен бәсекелесуді ойлайды. Мысалы, кезінде Алаш арыстары қол созған Жапондардың ұлттық бірлігіне тамсанады, француздарға қарап бой түзейді дегендей. Бірақ, рушылдық дерттен құлан-таза айығып кетеміз деп айта алмайсың. Өйткені, ол – қазақ халқының тарихи сана сезімі, менталитеті.


- Сөзіңізді бөлейін, ұлттың сорпа бетіне шығар мәйегі, қаймағы зиялы қауым деп айтатын болсақ, сол зиялы қауым тарихтан да, бүгіннен де қазаққа рушылдықтың қаншалық зиянды екенін жақсы түсінеді. Сана сезім, мәдениет жағынан да қарапайым халықтан биік тұрады. Олай болатын болса, неге кейде қарапайым халыққа үлгі, жол көрсетудің орнына, кейбір зиялы қауымыңыздың өзі рушылдықтың құй-батпағына құлап жатады?


- Жалпы, сондай рушылдық санада жүрген адамды «зиялы» деп айтуға болмайды. Қазақ даласының қай түкпіріне барсаң да, сені ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз демей, басыңнан сипап, алдыңа асын қойып, құшақ жая қарсы алады. Ол жерден рушылдықпен ауырып, ырың-жырың болып жатқан жұртты байқай бермейсің. Жалпы, рушылдықтың отына май құйып, күлін көсейтіндер санасы саяз әкім-қара, щенеуниктер мен танымы таяз зиялысымақтар... Мұндайларға «зиялы» деген сөзді қор қылмау керек. Шын мәніндегеі зиялы рулық деңгейден, тайпалық мүддеден биік тұрады. Мысалы, Абай атамыз тіпті «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейді ғой, Демек Абай руыңыз, ұлтыңыз тұрыпты, адамзат аспанына пырлап шыққан ұлы тұлға.

Сөздің осы тұсында мына бір жағдай есіме түсіп отыр, мен Пекиндегі Орталық ұлттар университетін тамамдап, Шынжаңға оралғанымда сол жылы ЖОО бітірген жас мамандарды жаппай ауыл мектептеріне жіберу туралы ШҰАР Партия комитеті қаулы шығарып қойыпты. Соған қарамастан Үрімжі қаласындағы Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының әдебиет институтында ғылыми қызметкер болып жұмысқа тұруыма менімен туыс-қиыстығы жоқ, қазақтың игі-жақсыларының көмегі тиді. Атап айтар болсам, академияның сол кездегі вице-президенті, белгілі жазушы, тарихшы-ғалым Жақып Мырзаханов пен өлкелік парткомның сол тұстағы орынбасар хатшысы Жәнәбіл ақсақалдың арқасында Үрімжіде қалдым. Мұндай мысалдар өте көп. Бүгінге дейін қандай да бір жетістікке жеткен болсам, ол әрине, өзімнің төккен тер, еткен еңбегімнен тыс, жалпы жаны жайсаң, ұлтжанды, шын мәніндегі зиялы азаматтардың шапағатының арқасы деп білемін. Мысалы, қазақтың марқасқа ұлы, академик, әдебиетші-ғалым Рымғали Нұрғалиұлы менің Қазақстанға келгеннен кейінгі өміріме үлкен жол ашты. Ұстазым ғана емес, қамқор ағам болды. Одан өзге марқұм Ақселеу ағаның да, Фариза апамыздың, Мұхтар Шаханов, Рақымжан Отарбаев ағаларымыздың қамқорлығын көрдік. Әрине, өз руымнан ештеңе көрмедім десем, ол да қиянат болар еді. Өзімнің рулас-жерлес ағайындарымның да шапағатын аз көрген жоқпын. Демек, адамға адамның жақсылығы, көмегі деген ылғи да ұлтына, руына қарап жасалатын нәрсе емес қой... Керісінше кейде өз руыңнан шыққан біреулердің кесапатына кезігіп жатасың. Сондықтан, адамда, әсіресе жастарда «өз руым жақыным, өзге рудың бәрі қызылкөз дұшпаным» деген түсінік болмауы керек. Біздің жастарымыз рушылдық санадан биіктеп, ұлтшылдық, одан асса адамзаттық санаға көтерілу керек. Сайып келгенде, «әр кім сыйласқанның құлы» екенін естен шығармаған абзал.


- Бүгінгі таңда қазақ әдебиетінің әлемдік әдебиет сахнасынан өзіндік орнын ала алмағаны рас. Бұл төл әдебиетінің әлсіздігі болмаса керек. Мұның себебі, насихаттың кемшіндігінде жатқан жоқ па?


- Ұлттық әдебиеттің бір пұшпағын илесіп жүрген ақын ретінде, әлем әдебиетінің жауһарларына бір сәт көз салсақ, қазақ әдебиетінің деңгейі «мен-мен» деген ешбір елдің әдебиетінен бір мысқал болса да төмен емес екеніне куәлік бере аламын. Бұл тұрғыдан келгенде, «қазақ әдебиеті – әлемдегі іргелі әдебиеттермен иық тірестіріп тұра алатын ұлы әдебиет» деп кеуде ұруға, мақтануға әбден болады. Бірақ, өкініштісі өз қазанымызда өзіміз «бұрқ-сарқ» еткеннен ары аса алмай отырмыз. Неге? Себебі, ХХ ғасырда біздің әдебиетіміздің, мәдениетіміздің сыртқа шығуын Мәскеу реттеп келді. Тәуелсіздік алғаннан кейін біз өзге алпауыт елдермен көбірек экономикалық, дипломатиялық қарым-қатынасқа мойын бұрдықта, руханият пен әдеби салаға мән бермедік. Соңғы бес-алты жылдың көлемінде «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша озық елдердің классикалық әдебиетін аударып, оқырмандарымызға таныстыру жағы жандана бастады. Дегенмен де, қазақ әдебиетінің сыртқы насихаты әлі де көңіл көншітерлік жағдайда емес.

Біз, Толстой, Гоголь, Пушкин, Чеховтарды қалай білдік? Ал Джек Лондон, Анатол Франс, Эмиль Золя, Гарсия Маркес, Рабиндранат Тагор, Александр Дюма, Алберь Камю, Франс Кафка, Эрнесть Хемингуэйлер ХІХ-ХХ ғасырларда адамзаттың әдебиет әлемінде қалай салтанат құрды? Осының бәрі жазушының талантынан тыс, сол елдердің үгіт-насихатының жемісі емес пе?! Мысалы, біздің Абайды алсақ, жаңа ғана «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзін айттым ғой. Әлемде осындай адамзаттық деңгейге көтерілген ақын кемде-кем. Прозада тыңнан түрен салған Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сияқты сөз зергерлеі кімнен кем? Алаш ұранды әдебиет салған сара жолды жалғаған Б.Соқпақбаев, Т.Әлімқұлов, А.Сүлейменов, М.Мағауин, О.Бөкей, Ә.Кекілбаев бастаған қара сөздің қаймағын қалқып ішкен қатепті қара нарлардың кесер басы әлемнің алып деген жазушысынан артық болмаса, пәс емес. Бірақ, бізде осыларды әлемге танытуға кешенді түрде бағдарлама жасалып жатқан жоқ. Мұның себебі неде? Өйткені, біз ХХ ғасырдағы адамзаттың мәдениет көшіне қосыла алған жоқпыз. Бір сәт тәтті қиялға құрық жалғап көрелікші! Егер, ХХ ғасыр басындағы алаш арыстарының арманы орындалып, тәуелсіз ел болған болсақ, онда сонау жырауларымыздан тартып, кейінгі ақын-жазушыларымыздың барлығы бұл күнде әлемге танылып үлгерер ме еді, қайтер еді!? Самурайлық рухқа шөлдеген жапондар жырауларымызды жатқа соғар ма еді!? Жұрт гректердің «Одейссия» мен «Илиядадасынан» гөрі, «Қырымның қырық батырына» тамсанар ма еді!? Ал қазір әлемдік әдебиет пен мәдениетте «кімде не бар?» деген ұғым жасалып, шешіліп қойды. Ал, біздің ол көшке жетуіміз үшін жанкешті еңбек керек. Қазір біз экономиканың көшін түзедік. Енді экономика ұлттың руханияты мен мәдениетіне жұмыс істеу керек. Егер олай істемесек, баяғының өз қотырын өзі қасып, қанша малы болса да, айранын ұрттап, қойын құрттап отыратын сасық байынан еш айырмашылығымыз болмайды.


- Жақында белгілі себептермен туған жерге барып қайттыңыз. Ол жақтағы тау асып, тас басқан қандас ағайындардың халі қалай екен?


- Менің туған жерге бармағаныма көп жылдар болған еді. Осы жолы барғанымда байқағаным, ауылдағы ағайындардың тұрмысы әжептәуір көтеріліп қалыпты. Бұрынғыдай тамнан соққан қоржын үйлердің орнына сәулеті асқан кірпіш үйлер бой көтеріпті. Мұны Қытайдың реформасы мен ішкі саясатынан бөле қарауға болмайды. Соның бір жарқын мысалы, үй салам дегендерге, қажетті қаражаттың елу-алпыс пайызын үкімет көтереді екен. Сонымен бірге, зейнет жасындағы қарттарға әлеуметтік зейнетақы тағайындапты. Сондай-ақ, ауылды жерлердегі шаруаларды жер салығы, су салығы, басқару ақысы, тұяқ, жайылым ақы, т.б. толып жатқан салықтардан босатыпты. Демек, мұның бәрі халықтың, әсіресе, ол жақтағы қазақтардың ес жиып, етек жеңін жиюына жасалған жақсы шарт-жағдай деген сөз.

Ол жақтағы бауырластардың қарны тоқ, көйлегі көк болғанымен, бір нәрсе жетіспейтіндей, қабақтары жабырқау, еңселері түсіңкі. Неге бұлай деп ойға қаласың? Сондағы бір байқағаным, есіктің алдында ойнап жүрген бүлдіршіндердің көбі дерлік шүлдірлеп қытайша сөйлеп жүр. Ол жақтағы халықтың еңсесінің пәсеңдігі мен қабағының жабырқаулығының бір себебі – осында жатса керек. «Ұрпағымыздың болашағы не болады?» деген үлкен сұрақты әр ата-ананың жанарынан оқуға болады. Осы сұрақ олардың еңселерін езіп, тұқыртып, бүгежектетіп, ауыр салмақ салып отыр екен. Бұл деген саналы адамға қасірет. «Ит тойған жеріне» деп жүре беруге де болады ғой. Бірақ, біз ит емеспіз. Саналы адам үшін ойланатын дүние. Ұрпақты өз тілі, діні, ділінде тәрбиелей алмаса, ата-анаға одан асқан қандай қасірет болуы мүмкін?!

Жанарларындағы осынау ауыр мұңның қалқасынан жылт еткен бір үміт ұшқыны сезіледі. «Қазақстаным, атамекенім» деген үміттері көңілдерінің жұбанышындай көрінеді. Бірақ, бәрі көші-қонның тоқтап қалғанын айтып, қынжылып-ақ отыр. Кезінде дүниенің төрт бұрышындағы қазақ көшінің тарихи отанына бет түзеуіне Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастамашы болып еді, енді осы тоқтап қалған көшті тағы да өзі бас болып, қайта жандандырса деген өтініш-тілектерін айтады. Егіншілікпен, малшаруашылықпен шұғылданатын жер берсе, одан өзге ештеңе сұрамас едік дейді. Ол жақтағы ағайындар осы бір уәжін менің мойныма аманаттай жүктеді. Бірақ біздің қолда не бар тәйірі?! Сондықтан, ол жақтағы ағайынның санасындағы салмақты жеңілдету, бүкіл Алаш жұртының ойланатын мәселесі ғой деп ойлаймын.


- Бүгінгі таңда интернеттің мүмкіндігі тасада тұрып тас лақтыратындарға таптырмайтын құрал болып отыр. Өзіңізге бағытталған кейбір «тастарды» қалай қабылдайсыз?


- Жалпы, сөз деген киелі, құдіретті нәрсе. «Қызыл тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп қазақ бекер айтпаған. Сөздің киесі, магиясы бар екеніне еш кім дау айтпаса керек. Дүниежүзіндегі барлық халықтарда да «сөздің киесі» деген ұғым жоқ емес. Қазақтағы жыланды «абақай», «құрт-құмырсқа» деп, қасқырды «ит құс», «көкжал» деп атауы осы түсініктен келіп шыққан. Сөз әсер етпейтін адам болмайды. Егер сөз әсер етпесе, ондай адамды тас жүрек дейміз бе? Жоқ әлде, санасыз дейміз бе?

Менің газет-журналда шыққан мақала, өлең, әңгімелерімді әлеуметтік желілер, әрине, менің рұқсатыммен өз желілеріне салып қойып жатады. Бірақ, соған кейбіреулер бүркеншік атпен кіріп, қызғаныштан, көреалмастықтан туған, жайшылықта айта алмайтын сөздерін жазып жатады. Бір қызығы олардың кім екенін жобалап біліп отырам. Алғашқы кездерде мұндай мәдениетсіздіктер көңіл-күйге кәдімгідей әсер ететін. Кейін келе әлеуметтік желілерді пайдаланушылар көбейген соң, ондай сандырақтар әділетсүйгіш жандардың қарсылығына ұшырады да, олардың өсегі «қызық» болмай қалды. Иттің үргенін тосыннан естіп қалсаң жүрегің зырқ ете түседі. Егер осы көшеде иттің көп екенін, күнде үретінін білсең, онда ол оншалық әсер ете қоймайды.

Бізде әлеуметтік желі мәдениеті енді-енді қалыптасып келе жатыр. Бұл жағында ойласу керек. Белгілі бір тұлға әлеуметтік желіге сұхбат берсе, мақала жарияласа, онысы – ұлтқа пайдалы, қоғамға керекті пікір, ұсыныс болса, қоғам назарын соған аударуға күш салуымыз керек. Керісінше оның айтып отырған өзекті ойларын бір жаққа сырып қойып, жеке басына шабуыл жасап кететін пікірлерді сол әлеуметтік желінің басшылары реттеп отырғаны жөн. Біз әлеуметтік желі арқылы ұлттың, қоғамның жетімсіз тұстарын жетілдіруіміз, артық жағын асқақтатуымыз керек. Пікірді осылай бағыттап, мақсатты түрде жұмылдырып отырса, мақаладағы негізгі ой тасада қалмайды. Негізгі ой, идея төңірегінде пікір қозғалса, көтеріліп отырған тақырып туралы қоғамдық пікір туындайды. Онда осы әлеуметтік желінің де, мақала авторының да мақсаты орындалған болар еді.


- Балалыққа саяхат жасап қайтсақ, сіз қандай бала болдыңыз, сондай-ақ, балалық қандай қызықты оқиғасымен есіңізде қалды?


- Иә, біз де бала болдық. Бала болған да тентектеу бала болдық. Бірақ, басбұзар, тәрбиесіз тентектік емес, ойын баласы ретіндегі белгілі бір қызық оқиғалар төңірегіндегі тентектік. Бірақ, сабақта қашанда ағалап алда жүрдім. Соның нәтижесінде өз ауданымнан тұңғыш рет Пекиндегі Орталық ұлттар университетіне түстім. Мұның бәрі өткен шақтың еншісіндегі қайталанбас сағынышты шақтар...

Жалпы менің балалығым «балалықсыз» балалық болды десем де болады. Бүгінгінің балаларындай заманауи алаңдарда ақтер-қаратер болып доп қуаламадық. Мұндай спорттық-мәдени ойындар Мао-ның заманында «буржуазияның элементтері» деп шектелді. Оның үстіне ол кез бүгінгідей не керектің бәрі бар заман емес, қытайдың «зор секіріп ілгерлей» алмай жатқан мешеу кезеңі еді. Сонымен қатар, «мәдени төңкеріс» деген саяси науқан жүріп жатты. Біздің алдымыздағы аға-апаларымыз жаппай «Хунвэйбин» болды да, саяси күрестің қайнаған ортасында жүрді. Біз де соларға ілесіп далақтап, еліктеп ойын ойнадық. Мәселен, ауылдағы бір «Мырқымбай» Мао туралы немесе «мәдени төңкеріс» туралы кері пікір айтып қойса болды, «Хунвэйбиндер» сол күні-ақ, ауылдың шал-шауқан, бала-шағасын түгел жинап алып, күреске тартылған адамның жеті атасын жездей қақтап, жұрт алдында масқаралайды. Бұндай науқандар біз үшін тегін «концерт». Сөйтіп, қабырғамыз қатпай жатып-ақ біздің ойынымыз да, ойымыз да саясиланып кетті. Қазір ойлап отырсақ, бір жағы, бұл балалық жүрекке түскен сызат болса, енді бір жағы, қызық!

Әрине, бала болып еш нәрсе көрмедік, ойнамадық десек, ол шындыққа жанаспас. Ретіне қарай доп та, асық та ойнадық. «Доп» деп отырғаным, сиырдың көктемгі өлі жүнін сулап, қолдан жасап алған домалақ киіз. Оның домалақтығы ғана допқа ұқсағанымен, еш қандай серпімділік қуаты жоқ болатын. Соны бір-бірімізге лақтырып, доп ретінде ойнаған боламыз.

Қысқасы Бердібек Соқпақбаевтің «Менің атым Қожа» деген киносын көрмеген, соған ұқсағысы келмеген бала кемде-кем шығар. Шынын айтсам, Менің «тентектігімнің» қасында, Қожа әлде қайда «пірәдәр» болып көрінеді. Сыныпқа бақа, тышқан алып келіп, оны сыныптас қыздардың, мұғалиманың сөмкесіне салып қою деген бергі әңгіме. Бала кездегі тентектіктің бәрін еске алып отырсақ, оны газетіңнің көлемі көтермесі анық.


- Сіздің достық туралы өлеңдеріңізді оқырмандарыңыз сүйіп оқиды. Кейде осы «Достық өлкесінің» бетке күліп, арттан азу тісін ақситатын пенделері жүрегіңізді жаралап жатпай ма?


- Достық деген де саналы адам өміріндегі маңызды құбылыс. Оның шыңы мен шатқалы, күнгейі мен теріскейі туралы өлеңдерімде де айтып жүрмін. Қазақта «құдай қосқан құда болады, пайғамбар қосқан дос болады» деген сөз бар. Адам баласы ат жалын тартып, азамат бола бастағаннан өзіне тілеулес, сыйлас жандарды жақын тартады. Сонымен көбірек бірге жүргенді, іштегі сырын айтқанды ұнатады. Қолыңнан келген жақсылығыңды көрсеткің келеді. Міне, бұл жастық шақтағы адал, таза жүректен туған достық ниет. Сондай-ақ, жастықта достыққа деген түсініктің өзі қарабайыр келеді. Арқаңнан қаққанның бәрін ойланбай достың тізіміне кіргізіп жібересің. Сонымен бірге, жас кезде, адамдарда үлкен мүдде, арамдық-қулық, бақталастық болмайтындықтан, екінің бірімен тез дос болып, тез ренжісіп жатасың. Кейіндеп, есейе келе адамдарда жеке мүдде күшіне еніп, өзінің шыққан төбесінің биіктеу болғанын армандай бастайды. Осындай пиғылға бой алдырғандар ендігі жерде, бәйгеден шауып озғаннан гөрі, «досының» аяғын шалып озғанды құп көреді. Осыдан барып араздық пайда болады. Міне, осы алғашқы араздық саған сақтықты, секемшілдікті үйретеді. Бұл қайталана келе, достық сенім таразысына жиі тартылатын болады.

Жалпы қазақ халқында достық туралы өлең-жырлар, мақал-мәтелдер, философиялық тұжырымдар өте көп. Оның бәрінде достыққа деген адалдық, тұрақтылық жөнінде нәсихат айтады. Неге? Өйткені ең жақын достың сатқаны адамның жүрегіне соншалық ауыр тиеді. Демек, Қапез ақын Байғабылұлы бабамызша айтсақ, «Дос болып, қас қылғаннан сақта құдай» дейік. Менің осы жасқа келіп достық туралы бір түйгенім – «досым» деген адамның артықшылығымен қоса, кемшілігін де қоса қабылдау керек. Қанша керемет досың болса да, бәрі бір ол періште емес, пенде. Сондықтан оны пендешілігімен, кемшілігімен қоса қабылдау керек. Сонда ғана достық біршама тұрақты бола ма деп ойлаймын.


- «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер...» демекші, поэзиядағы жас толқынның өлең-жырына көзқарақтылық танытып жүресіз бе? Жас поэзияның бүгінгі халі сіздің көзіңізбен қарағанда қай деңгейде?


- Әдебиеттанушы ретінде де, ақын ретінде де жастар поэзиясын оқып жүремін. Бұл бүкіл ақынның өлеңін қалт жібермей оқимын деген сөз емес. Қат-қабат жұмыстан қолымыз қалт еткенде, жас ақындардың, жас прозиктердің жазған-сызғандарына мойын бұрып, көз тоқтатып жататынымыз бар. Көбінде, беделді басылым ретінде «Қазақ әдебиетін» оқимыз. Сонымен бірге, «Abai.kz», «massagan.com» сияқты әлеуметтік желілердегі жас ақындар поэзиясын көзіміз шалып қалады. Атап айтар болсам, біздің өкшемізді басып келе жатқан толқынның ішінен Маралтай Райымбек, Жарас Сәрсек, Талғат Ешен, Танагөз Толқынқызы, Бауыржан Бабажанұлы, Бақыт Беделхан, Жанарбек Әшімжан, Дәулеткерей Кәпұлы, Мұрат Шаймаран қатарлы ақындарды ерекше атап айтқан болар едім. Ал осы аталған толқынның ізін баса өрттен кейінгі өртеңдей дүркіреп шыққан бір топ ақынның екпіні өзгеше, талабы таудай. Атап айтар болсақ, Алмас Темірбай, Ерлан Жүніс, Ақберен Елгезек, Қалқаман Сарин, Бауыржан Қарағыз, Бақытгүл Бабаш, Ұларбек Нұрғалым, Мирас асан т.б. толып жатқан мол шоғырлы, рухы асқақ – шетінен бірөңкей жас бөрілердің ізденістеріне сүйініп отырамын. Осылардың артынан құлдыраңдап келе жатқан құлын құлагерлердің де тұяғының дүбірі тым бөлек. Бұл шоғырдан Мирас Асан, Ербол Алшынбай, Еркін Исахан, Ұмтыл Зарықхан, Қайсар Қауымбек, Жәнібек Әлиман, осы топтың белортасында өзің де жүрсің, бұлардың жазғандарынан қара өлеңнің тұнығынан қанып ішкендігі сезіліп тұрады.

Жас ақындардың поэзиясын зерттеп, зерделеп көрсем деген ой көптен бері көкейде жүр. Сол еңбегім жазылса, жас ақындар туралы ойымды қотара айта жатармын. Деседе, айта кететін болсақ, жастардың поэзиясында тәуелсіз рух, жаңашыл ой, тың ізденіс бар. Оның себебі, қазіргі қазақ поэзиясына келу, ақын болу, анау айтқандай қалпақпен ұрып алатын оңай шаруа емес. Өйткені, Мұқағали, Жұмекендер із қалдырып кеткен асқар шыңды бағындыру үшін, үлкен ізденіс керек екенін жас буын жақсы сезінеді. Сондықтан да жанкешті ізденістің соңына түседі. Проза жазып жүрген жастарға қарағанда, поэзиядағы жастардың екпіні мықты, деңгейі жоғары.

Мен бүгінгі қолына қалам алып, өлең жазып жүрген жастарға өте бір жүрек жарды қуанышпен қараймын, тағы бір жағынан, кейде осы жастардың аяқ алысына қарап, біздің буынның бойын бір түрлі «үрей билейді». Менің қуанышпен қарайтыным - қазақ әдебиетінің, әсіресе қазақ поэзиясының болашағының жарқын екендігіне деген сенім. Ал «үрей билейтін» себебін бейнелеп айтар болсам, шалғымен асарлатып шөп шапқанда, егер сенің артыңда мықты шалғышы болса, сені тырқыратып қуып, титықтатып, тіпті қатардан ысырып шығады. Ондайда сен бар қайратыңды бойыңа жиып, қатардан шықпауға тырысасың. Тура осы секілді, қазіргі жастардың ізденісі біздің буынға, тіпті біздің алдымыздағы буынға ой салуға тиіс. Қысқасы, бүгінгі жастар поэзиясы деген үлкен құбылыс.


-Сіз ақынсыз. Осындай кісіні бір күндері саясат сахнасынан көру мүмкін бе ?


- Бәрі мүмкін. Ертеңгі күнді бір Алла ғана біледі.


- Сіздің ғалым, ақын, аудармашы екеніңізді жұрт жақсы біледі. Тарихшы-ғалым Жақып Мырзаханов ағамыз өз мақаласында сізді «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп жазды. Біз білетін қырларыңыздан өзгесін өз аузыңыздан естісек...


- Бала кезімізде ақсақалдар, әнші-күйші, ағаштан түйін түйетін шебер, өрімші, күш атасын танымайтын балуан кісілерді нұсқап «мынау сегіз қырлы, бір сырлы жігіт екен» деп тамсанып отыратын. Демек, бұл – бойына өнері симаған бесаспап адамға қарата айтылған халқымыздың даналық сөзі болса керек. Көпті көрген, сөз қадірін білетін Жақып аға, мені «сегіз қырлы, бір сырлы» деп жатса, онда жалтарарға жол жоқ (күлді). Жақып ағаның мақаласын оқыған адам, ол кісінің мені «сегіз қырлы, бір сырлы» деуінің себебін де білген шығар. Өйткені, ол кісі менің ұстазым болды. Сол ұстаздық ұлағатты тұғырдан, биіктен қарай отырып, екі өлшеп, бір пішіп барып берген бағасы болса керек.

Әуелі, жұрт мені ақын ретінде жақсы біледі. Ақындық кісіге қанмен келетін тәңірдің сыйы. Бала кезімізден тарпаң сөздің жалына жармастық. Киелі сөз өнерінің тұма бұлағына шөлдеп өстік. Тарпаң сөзді жуасытуға талпындық, тұма бұлақтың тұнығынан қанып ішуге құмарттық. Сондай ізденістің нәтижесі шығар, бүгінге дейін бес жыр жинағым жарық көрді. Бірнеше мәрте мүшайралардың жүлдесін алдым. Өлеңдерім бір неше шетел тілдеріне аударылды. Осының бәрі, Жақып ағаның мені «ақын» деуіне негіз болған шығар.

Екінші, ел-жұрт мені ғалым деп жатса, оның да өзіндік себебі бар. Мен Пекиндегі Орталық ұлттар университетін бітіре салып, ШҰАР Ғылым академиясына ғы­лыми қызметкер болып жұмыс істедім. Академия қабырғасында қазақтың марқасқа ұлдары Нығымет Мыңжани мен Жақып Мырзахан сияқты ағалармен бірге жүрдік. Ол кісілер балақ бауымызды сыпырып, бала қырандай баулыды. Ғылымның тұнба қайнарын көргенде, көзіміз шырадай жанды. Сөйтіп, өзімізде ғылыми зерттеулермен айналыса бастадық. Әр түрлі ғылыми жобаларға қатысып, ғылыми мақалалар жаздық. Ғылым деген түбі жоқ теңіз іспетті. Шүңетіндегі маржан тастар бірден-бірге қызықтырып, тереңіне тарта береді. Кейін Қазақстанға, яғни, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келгеннен кейін академик Рымғали Нұрғали ағаның шәкірті болдым. Сол кісінің жетекшілігімен кандидаттық, докторлық қорғадық. Жалпы, ғылыми ізденісті бір сәт толастатқан жоқпын. Бүгінде ғылым докторы, профессор болып отырсам, ғылым жолындағы үздіксіз еңбек пен ағалар қамқорлығының арқасы шығар. Ғылым саласында бір неше монографиялар мен неше жүздеген ғылыми мақалалар жаздым. Қазақстанға келгелі жүздеген қытайтанушы жас мамандар тәрбиеледім. Олардың бәрі қазір әр саласында жемісті еңбек етуде. Ғылыми-зерттеу саласындағы еңбегімізді елеп-ескерген тиісті орындар тарапынан марапаттарға да ие болып жатырмыз. Осы тұрғыдан келгенде, мені әлде кім «ғалым» деп жатса, «қойыңызшы» деп қылымси қалғаным жарамас.

Үшінші, аудармашылық. Мен ҚХР астанасында жоғары білім алдым, қытай тілін бір кісідей меңгердік. Ендігі жерде оқыған-тоқығанымды неге ұлтымның игілігіне жаратпасқа деген ой келді. Өзім қарапайым қазақ ауылында өсім. Ауылдастарымның әдеттегі ауру-сырқауға қылар қайласы болмай жатқанын көргенде, жүрегім сыздайтын. Университетке барып, тілді меңгере бастағаннан-ақ денсаулыққа қатысты, салауатты өмір салтына қатысты, т.б. тұрмыстық кеңестерді ана тіліме аудара бастадым. Кейін келе, әдеби шығармаларға ауыз салдым. Қытайдың қиыр шетінде жатқан қазақ балалары да өскен, өркен жайған ұлттың әдебиетімен сусындасын деген мақсатым болды. Үрімжіге келгенде, баспаның арнайы тапсырмасымен «Жер шарының қызыл белдеуі» деген романды аудардым. Сонымен бірге, «Әлемдің фантастикалык таңдамалы шығармалар жинағы», «Шынжаңда өткен тарихи қайраткерлер» деген ғылыми-зерттеу мақалалар жинағын ана тілімде сөйлеттім.

Тәуелсіздік таңы атысымен Қазақстанға бір жола қоныс аудардым. Атамекенге келгеннен кейінгі арман да, мақсат та ұлғайды. Сонымен, қытайдың әдебиеті мен мәдениетіне қатысты көптеген поэзиялық және прозалық шығармаларды аударуға кірістім. Өйткені, белгілі бір ұлтпен тең тұру үшін, оның тілін, менталитетін, психологиясын білу керек. Осы мақсатпен «Лу Шүннің әңгімелер жинағын», Ли байдың, Ду фудың өлеңдерін қазақ оқырмандарымен қауыштырдым. Аударма саласындағы еңбегіме орай Қазақстан жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы, Шаңхай ынтымақтастық ұймының «Жібек жолы» сыйлығы берілді. Бұл тұрғыдан келгенде, жұрт мені «аудармашы» деп атап жатса, аударма саласындағы азды-көпті еңбегімізге деген құрметі шығар деп ойлаймын.

Төртінші, ұстаздық. Мен Атамакенге келген күннен бастап, табаны күректей 21 жыл бойы ұстаздық етіп келе жатырмын. Менің қолымнан жүздеген қытайтанушы жас шәкірттер түлеп ұшты. Олардың дені қазір еліміздің сыртқы істер минстрлігінде, әр түлді елшіліктерде, қытайдағы қазақстанның елшілігінде жемісті қызмет атқарып келе жатыр. Студенттерге арнап оқулықтар жаздым. Осы жылы Ыбрай Алтынсарин атындағы ұстаздарға берілетін медаль берілді. Бұл менің ұстаздық еңбегіме берілген үлкен баға болса керек.

Енді тағы басқа қырларды айтсақ мақтанға сайып кетіп жүрмей ме?(күлді) Ептеп ән жазып, күй шығаратыным бар. Құдайға шүкір, оншақты әнім мен екі күйімді өнерпаздар әр түрлі сахналарда орындап, радио-телевизияда үнемі беріліп жүр. Одан басқа орындаушысын күтіп жатқан ән-күйлерім сандық түбінде жатыр. Осыдан біраз жыл бұрын «әуесқой композитор» деген атақ қоса айтылып жүрді де, кейін оны өзім көп айтуды қаламадым. Оның сыртында не айтуға болады. Жақып аға мақаласында қоғам қайраткері деп атапты. Оның да қисыны жоқ емес. Атамакенге келгелі бері көші-қон саласы мен оралмандар мәселесі туралы жазып та, айтып та, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеміз. Қысқасы қоғамдық жұмыс саласында да аянбай тер төгіп келе жатқан жайымыз бар.


- Сіз қазақ елі тәуелсіздігін ала салысымен атамекенге келдіңіз. Тәуелсіздіктің тәтті бақыт екенін жақсы сезінесіз, сонымен бірге, оның алғашқы жылдарындағы батпандай ауыр қиыншылығын да көрдіңіз. Ал бүгін артта қалған сол күндерге қарап не айтасыз?


-Мен қазақ елінің тәуелсіздік алғанына есім кете қуанғанымды осыған дейін қаншама рет БАҚ-та айтып жүрмін. Тәуелсіздік алған күннің ертесінде төсек орнымды буып, Қазақстанға кетудің қамын жасаған қазақпын. Сол кезде қытайдағы туыс-туғандар: «Біз барып келдік, Қазақстанның қазіргі жағдайы қиын. Нан тауып жей алмай отыр, кейбір ауылдарда картоп жеп күн кешіп жүр, жалақы қанша ай бойы берілмеген. Жалақы берілген күннің өзінде сатып алар нан тапшы. Сен ол жаққа барғанды қой»,-деген ақылдарын айтты. Сосын мен: «мың өліп, мың тірілген» қазақ азат ел болып жатқанда, қалай өз жаныңды күйіттеп, тыныш жатуға болады?!»,-дедім әрі енді ол жақта бір күн де аялдап қала алмайтынымды айттым. Содан кетудің қамын жасадым. Ол кездегі паспорт жасатудың әлегі қазіргіден мың есе қиын. 1992 жыл тұтас құжат жұмысымен кетті де, сол жылдың соңы, 1993 жылдың басына қарай елге келдім. Келсем шынымен де жағдай қиын екен. Керек болса, қаланың негізгі сауда орталығы болған ЦУМ-ның есігінде дәу қара құлпы. О жер-бұ жерде халық ескі-құсқы киімін, артық-ауыс дүниесін сатып отыр. Мені шақырған ҚазҰУ жалақыны айлап бере алмай қалған кезі болды. Жалпы, қиыншылық, аштық жайлап тұр. Оған шыдай алмай қолды бір-ақ сілтеп кетіп қалғандар да аз болған жоқ. Бірақ мен неге болса да шыдауға бел будым. Себебі, «көппен көрген ұлы той», тәуелсіздіктің, азаттықтың буына маспыз. Көк байрағың желбіреп тұр. Аштықтан қайғырғанды қойып, көк байрақты көрген сайын көзіме жас келетін. Көк байрақ ол кезде Алматыдағы барлық мнистрліктер үйінің төбесінде желбіреп тұратын. Автобуспен көшеден өтіп бара жатып, желбіреген көк байрақты көрген сайын көз жасыма ие бола алмай қалушы едім. Бұл әрине, қуаныштың, шаттықтың жасы еді. Сонда жаратқан иемізге мың сан шүкірлік айтатынмын. Сөйтіп көк туыма қарап тұрып: «Егер мен жер бетіндегі Отансыз халықтың немесе әлі де бодандықта өмір сүріп жатқан елдің баласы болсам не істер едім?! Олардың мұрындарына да бармаған азаттықтың исімен, ауасымен, міне, мен тыныстап жүрмін. Құдайға тәуба! Қазақ деген ұлы халықтың баласымын. Елім азат!...» деп ойлай қалсам болды, көзімнен қуаныш жасы сырғи беретін.

Бірақ, қалайда сол кездің ауыртпалығы қабырғамызға қатты батты. Осы жайында бірер мысал айтайын. Бір күні кішкене қызымызды көтеріп қонаққа бардық. Қайтарда ол кісілер бізді таксиге мінгізіп жіберді. Ол кезде ҚазҰУ дің жатақханасында тұратынмын. Такси лезде әкеп тастады да, кетіп қалды. Қыстыгүні еді. Баламызды көтеріп бөлмеге кірсек, баламның бір етігі жоқ. Содан жүгіріп келген ізіммен сыртқа шықтым, әрі-бері көп іздедім, табылмады. Сөйтсем, қызым таксиде ұйықтап қалған болатын. Сонда аяғынан сыпырылып түсіп қалыпты. Ал ертесінен бастап қызым «етігімді тауып бер» деп, жатып кеп жыласын. Жүгіріп барып етік алып бере қоятын қазіргідей жағдай жоқ. Нанның өзін әзер тауып жеп отырмыз. Содан балам күнде жылаған соң, нағашы тәте болып келетін бір кісінің үйіне барып жағдайды айтып, балаларының жаман-жұтық аяқ киімдерінің ішінен «жарайды-ау» деген біреуін алып келдім де, жыртылған табанын жіппен көктеп, қызыма кигізіп қойдым. Қызым қуанып далаға шығып кеткен. Бір кезде қайта жылап кірді. Сөйтсем, табаны көктеген жерінен қайта айырылып түсіп қалыпты. Сол кезде еңіреп жылап, жасып келіп тұрған қызыма қарап шарасыздықтан көзіме жас келді. Содан жоба-жолдастан қарыз-құрыз алып, базардан ескі аяқ киім болса да алып беріп, әзер дегенде баламды жұбатқаным есімнен кетпейді.

Содан екінші қызым дүниеге келді. Ол белгілі бір себептермен омырау ембейтін болып қалды. Сонымен оны балаларға арналған Өзбекстанның «Бона» деген тамағымен асырадық. Оның өзі 30 теңгедей тұрады. Ал менің айлық жалақымның өзі жүз теңгеден сәл астам. Айлық жалақы түскенде баламызға «Бона» аламыз, асқанына өзіміз нан-тұзымызды ажыратамыз. Бір күні әлгі баламның «Бонасы» бітіп қалыпты. Бала деген қолды аяққа тұрмай қарны ашып шырылдап жылап жатыр. Жаңа туған нәрестеге нан беретін емес. Содан «енді не істейміз?» деп жан-жаққа хабарласып едік. Бір таныстар бабаларға арналған арзандау тамақтың түрін айтып, «соны сүтке қайнатып берсеңдер балаға тамақ болады» деді. Сөйтіп, екінші баламызды аштан өлтіріп ала жаздағанымыз да есімнен кетпейді. Осының бәріне шыдап, құдайға шүкір, осы күнге жеттік. Тек, азаттық, тәуелсіздік деген бағымыз басымызда мәңгілік болсын!


- Алдағы шығармашылық жоспарыңыз?


- Жоспарсыз адам болмайды. Біздің де өзіндік жоспарымыз жоқ емес. Мына қытай елі жер жаралып, су аққаннан бергі көршіміз ғой. Көрші болған соң қарым-қатынассыз өмір жоқ. Осынау аласапыран тарих көшінің көлеңкелі жақтары, яғни, атыс-шабысстар, қанды қырғындар көптеп зерттелді де, күнгей жағы, яғни, біздің мәдени-рухани қарым-қатынасымыз дұрыстап зерттелген жоқ. Бейбіт заман болған соң, мәдени-рухани ауыс-күйістің де болатыны шындық. Қытайлардың ежелгі түркілерден алған мәдени-рухани дүниесі өте көп. Оны қытай ғалымдары да мойындайды. Сондықтан, ежелгі қытай және түрік халқының мәдени-рухани қарым-қатынасына арналған көлемді зерттеу жазу бірінші жоспарда тұр. Қазір де бір парасы жазылып жатыр. Алла бұйырса, бұл еңбек менің шығармашылық өмірімдегі салмақты дүние болады деп ойлаймын.

Екінші бірі, жолдасым Айнұр Әбиденқызы екеуміз жиырма жылдан бері ұстаздық қызметпен айналысып келеміз. Осы жылдарда елімізде қытай тіліне деген сұраныстың барған сайын өсіп келе жатқанына куә болып отырмыз. Елшіліктерде, министрліктерде көптеген қытай тілінің мамандары жұмыс істейді. Күні бүгінге дейін соларға көмекші құрал болатындай жібі түзу «Қытайша-қазақша сөздік» жоқ. Олар Ресейде немесе Қытайда шыққан «орысша-қытайша» немесе «қытайша-орысша сөздікті» пайдаланады. Осыдан барып біз қазақ тілді мамандардың өзін орыс тіліне еріксіз тәуелді қылып отырмыз. Осы бостықтың орнын толтыру мақсатында біз «қазақша-қытайша үлкен сөздік» құрастырып жүрміз. Құрастыру жұмыстары негізінен аяқталып қалды. Бірақ, оның сөз іздеу механизмін жасау, иероглифтердің кілттерін орналастыру өте қиын жұмыс. Осы жағы біраз уақытты алып отыр. Осы дүние жарыққа шығып жатса жалпы қазақ руханиятына, қазақ тіл білімі саласына, Қазақстандағы қытайтану ғылымына, Қазақ-Қытай рухани қарым-қатынасына қосылған қомақты үлес болар еді деп ойлаймын.

Содан кейінгі бір жоспарда жүрген дүние «қытай поэзиясының антологиясын» құрастыру. Ол өзі ежелгі дәуірден бүгінге дейін поэзиялық шығармаларды қамтыған үш томдық еңбек болады. Ежелгі дәуір бір том, орта ғасыр бір том, қазіргі заманы бір том болып баспадан шығады. Мұның бәрін істеудегі мақсат не? Кейде менің ішкі түйсігім өзіме маза бермей: «Сен біріншіден қытай тілін білесің, екіншіден ақынсың. Сондықтан қытай поэзиясын қазақ оқырманына поэзия тілімен сен ғана жеткізе аласың»,- деп тіл қатып жатады. Бұл оймен кейде келісем. Алла бұйырса ары қарайғысын көре жатармыз.


- Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз?


- Жолдасым Айнұр Әбиденқызы. Ол қытайдың Іле облысындағы қазағы ең көп орналасқан Күнес деген жердің тумасы. Бірақ Құлжа қаласында өскен. Әкесі Әбиден Құдышұлы деген кісі үлкен ұстаз, физик. Арғы жағын айтатын болсақ, әкесінің туған ағасы алты Алашқа аты мәшһұр Әбеу Құдышұлы деген кісі. Шың Шицай кезінде жасырын «Алаш азаттық ұйымын» құрып, Алаштың азаттығы үшін күрескен, соңында Шың Шицайдың қанды қолынан қаза тапқан үлкен қайратер. Айнұр Іле Педагогика институтын қытай әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Үрімжіде әскери иниститутта қытай тілі мұғалімі болып істеді. Атамекенге келгелі еліміздің жетекші ЖОО-да қытай тілінен сабақ беріп келе жатыр. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті.

Айнұр екеуміздің төрт қызымыз бар. Үлкен қызымыз Құндыз Қытайдың медицина университетін бітіріп, биыл сол оқу орнының магистратурасына қабылданды. Қазір қытайда оқып жатыр. Ол болашақ дәрігер. Одан кейінгі қыздарымның барлығы Қазақстанда өмірге келді. Екінші қызым биыл 11 сынып оқып жатыр. Үшіншіміз 9 сыныпта, кішкенеміз 4 сыныпта оқиды. Қыздарымның бәрінің сабағы, тәртібі сол өздері оқып жатқан мектептің мақтанышы.


-Сұхбатыңызға рехмет!


Әңгімелескен: Құрманғазы ЖҰМАҒҰЛ

«Әділет» газеті. 8 қараша 2013ж. № 44(152).  


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар