Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Дулат Ерболатұлы. Менің бала көңілім дүр сілкініп....

30.12.2019 4038

Дулат Ерболатұлы. Менің бала көңілім дүр сілкініп... 12+

Дулат Ерболатұлы. Менің бала көңілім дүр сілкініп... - adebiportal.kz

«Әдебиет Порталының» жас-өспірім оқырмандарға арналған «Оқушылар парағы» атты арнаулы айдары бар. Порталымыздың басым көп оқырмандары мектеп оқушылары екендігі қуантарлық іс. Бұл парақша – оқушылардың әдебиет сабағын тереңдей оқып, шығармашылықпен еркін айналысуына барынша мүмкіндік береді деген үміттеміз. Осы ретте, қоржынымызға Дулат есімді 11 сынып оқушысының бір топ өлеңдері келіп түсті. Өлеңдері табиғи, шынайы, сөз өнеріне қойылатын көркемдік талаптар барынша ескерілген, талапты, қанатты өлеңдер екен. Жас ақын туған жер, тәуелсіздік, отан сынды киелі ұғымдар аясын бала көңілімен беріле жырлапты. «Болатын баланың бетін қақпа, белін бу» деген ата танымға бас ие отырып, Дулат Ерболатұлының өлеңдерін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Жас тұлпардың сағы сынбасын, бағы қайтпасын! Өнерде де, өмірде де жолы даңғыл болсын деп тілейміз!

«Әдебиет порталы»

Ана

Сенен аштым бұл өмірдің есігін,

Сенсің алғаш жылы ұялы бесігім.

Күн көзіндей қуат алам, шаттанам,

Жер бетінде сендей адам жоқ маған.

Мені өзіңді мұңаймауға көндірдім,

Қиындықты жеңе алатын жөн білдім.

Жібек мінез, ақ көңілді, жан анам,

Бой түзедім, болдым сендей менде адам.

Күн-түн ойлап мен де саған алаңмын,

Қабыл алшы бұл өлеңін балаңның.

Сенсіз менің бақыт таңым атар ма?

Сенің арқаң қосылғаным қатарға.

Ана деген сүйеніш қой адамға,

Аналарсыз өмір мәнсіз ғаламда.

Ақ тілеусіз алға ісің басар ма,

Ей, адамдар, ардақта оны қашанда!

Ұлы Абай

Кім таңғалмас Абайдың өлеңіне,

Ақыл-ойдың толысқан кемеріне.

Тербетеді көңілді, жанды баурап,

Толғаныстың батырып тереңіне.

Жаны ашып халқының зар-мұңына,

Жарлыларға қамқор боп, алды ығына.

Жетім менен жесірдің дауын шешіп,

Еселерін қайтарды барлығына.

Жаңартпақ боп халқының келешегін,

«Өзге жұртпен қайткенде теңесемін»,

Деген оймен күн-түні ой күзетіп,

Түгендеді халық пен ел есебін.

Насихаттап ғылымды жастарына,

Ғылым – күні жарқырап аспанында.

Өзіменен бірлікте алып шықты,

Алты Алашты өнердің асқарына.

Нарындағы нар тұлға

Өтемістің Махамбеті-нағыз Ер,

Өшпес ісін аңыз қылды жазып ел.

«Қара қазан, сар бала» үшін айқасып,

Қызғыш құсқа ақтарғанды назын Ер.

Өткір тілі сұр жебедей сұлатпа,

Бас кетер деп тартынбаған бірақ та.

Ойы терең темір үзер күші бар,

Намыс қайрап, дауысы жеткен жыраққа.

Отарлыққа қарсы тұрып күрескен,

Махамбеттің аты шықпас бір естен.

Исатайдай батыр ұлға қосшы боп,

Заманында залымдықпен тірескен.

Пысқырмаған патша, сұлтан, хандарды,

Теңдік сұрап, аңсап Ұлы Арманды,

Алты малта асы болып, түн қатып,

Ат үстінде қарсы алған таңдарды.

Орынбодың түрмесіне жапса да,

Қанды жорық... қызыл қанға батса да,

Қалың елге қорған болып тұра алды,

Қапияда аңдып тұрып атса да.

Көктем-жастық

Көктем келіп, тіршілік оянғанда,

Жер дүние жап-жасыл боянғанда,

Менің бала көңілім дүр сілкініп,

Жетелейді алдағы ой-арманға.

Құлазыған көңілім көтеріліп,

Медеу тұтқан жалт беріп кетер үміт.

Қас-қағым сәт - бақыт та, қуаныш та,

Ей, жас дәурен, сен дағы өтеріңді ұқ!

Асығады көңілің келер күнге,

Тасынады толқыны кемерінде.

Жетелейді жүрегің алып-ұшып,

Көп болған соң аларың, берерің де.

Жастық-көктем түрленіп, жалындайды,

Қиындыққа мойымай тарылмайды.

Арқыраған өзендей ағысың да,

Бірте-бірте баяулап дамылдайды.

Басылады бақытың базарың да,

Жасырады күлкіңді ажарың да.

Жақсың менен жаманың ілігеді.

Сыншы жұрттың қырағы назарына.

Ортаяды шуақты күндерің де,

Қартаяды көгің де, түр, өңің де.

Көктем-жастық жадыңда елес болып,

Қалатыны қиын-ау, бұл өмірде!

Тәуелсіздік

Тәуелсіздік оңайлықпен келмеді,

Соғыс бізге ештеңе де бермеді.

Қанша қыршын кеткенімен жан қиып,

Есімдері ерлердің еш өлмеді.

Есте бәрі...қиындықтың күндері,

Батырлары елін қорғап жүргені.

Абылайдың үш жүз басын қосқаны,

Махамбеттің күресі де күрделі.

Отарлыққа қарсы тұрып күрескен,

Кенесары аты шықпас бір естен.

Желтоқсанда Қайраттайын жас өркен,

Өктем билік шешімімен тірескен.

Сол шақ халық Нұрағаны күткенді,

Сын сағатта ең ауыр жүк жүктеді.

Тәуелсіз ел тірлігінде «Сындарлы

Онжылдықтық» тарих беті түптелді.

Бүгін, міне, бәрі ұмыт болғандай,

Ширек ғасыр жеміске мол толғандай.

Елбасымыз межелеген жүз қадам,

Болашаққа бастар нұрлы жол қандай!

Тәуелсіздік – бақытың ол сендегі,

Қайтеміз кей қадір білмес пендені.

Есте ұстап «Мәңгілік ел» ұғымын,

Бейбіт күнді сақтайық біз елдегі.

Қадам бастық болашаққа күрделі,

Таңғалдырып көз сап, құлақ түргенді.

Отыз елдің алдына да шығып ап,

Қазақстан, ала берші жүлдені!

Дулат Ерболатұлы Дәулен 2003 жылдың 8 қантарында Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Доскей аулында дүниеге келген. Қазір ауылда Елтай орта мектебінің 11 сынып оқушысы. Үйдің үлкені. Екі інісі бар. Ата-анасынада үнемі көмектесіп тұрады. Әдебиет, тарих. география, ағылшын тілі сабақтарын сүйіп оқиды. Өлең, мақала жазып гитарада ойнайтын Дулаттың басты арманы – болашақта білікті журналист болу.

Көрнекі сурет ашық интернет көзінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар