Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Думан Омар. Арша (эссе)...

07.06.2022 3863

Думан Омар. Арша (эссе)

Думан Омар. Арша (эссе) - adebiportal.kz

Жәркеннің аршасы – Жайырдың аршасы!

(Автор)

Жайыр десе Жәркен, Жәркен десе Жайыр еске түседі-ау!

Құлыстай ойпатының шығысы, бір жақ басынан, бір жақ шетіне көз жетпей, көсіліп жатқан қоңыр тау. Бөктері мен жотасы Алаш ақыны Жәркен жыраудың туған ел анасының қоныс мекені – Жайыр тауы. Жайырдың бір жақ бауырына құдірет күші жабыстыра жаратқан Қызылиман шоқысы тұр. Шығыстан көтерілген күннің талтүстегі сәулесімен найза басы мұнартқан сұлу көркімен көзтартатын-ды. Дәл соның, боз жусаны бұрқыраған батыс етегінде, Жармұхаметтің де кендірленіп кепкен кенезесін жібіткен суат, аты аңызға айланған Қарағайбастау. Бастадың бойында баяғыдан жұрт алған, ақын жұртының аудан орталығы – Толы.

1984 жыл. Аталған ауданға Талдықорған қаласынан Шәкен Шериаздан деген адам қыдыра барып, туыстарымен көрісіп қайтады. Тағдыры мен дәмі бөлек жан досы Ғизат Сейітғазин аласапыранда адасқан Жәркеніне: «Туған жеріне жете алмай зарығып жүр ғой, иіскеп зарығын бассын», - деп, сол жолаушыдан Жайырдың қызыл тасын жауып жататын, қызыл түсті, сынық сүйем қу аршасын беріп жіберген-ді. Сәлемді сәтімен, аманатты аманында тапсырып алған Бөдешов құшырлана иіскеп, көзіне ыстық жас алыпты. Туған жеріне кіндік қаны тамса да, кіндігі байланбаған, тағдыры тарпаң талант көңілінің қошын тағдырластарынан даралағысы келмеген-ау! Аршаның тұтамдай тұқылын, «Туған топырақтың исі, иіскеп мауықтарыңды басыңдар», - деп, алмағайып заманда арғы беттен қашып, шекара асып келген дос-жарандарына сіріңкенің талындай етіп, тал-талдап бөліп, үлестіріпті. «Жайырымда тумасаң да, менің сағынышымнан тудың ғой», - деп баласына да иіскетіпті. Теңдесі жоқ бұл бауырмалдық тәңірдің жалғыз Жәркенге тартқан дара сыйы да шығара-ау! Сол зарығынан туған жырының бірі «Арша» өлеңі мынау еді.

Тарту еттің туған жер аршасын көк,

Сағынышы жанымның тарқасын деп.

Сол аршадан бір тұтам елестейді,

Ауыл-аймақ, ата-жұрт, барша сурет.

Бар болғаны бір тұтам сол аршадан,

Исі аңқиды тауымның көп аңсаған.

Исі аңқиды қып-қызыл таба нанның,

Шығатұғын бұрқырап қоламтадан.

Исі аңқиды анамның, әкемнің де,

Исі аңқиды мақалдың, мәтелдің де.

Шіркін, аға, осын-ау көкаршаны,

Жанға қуат болсын деп әкелдің бе?!

Болмасын деп көңілдің қошы дара,

Иіскетемін аршаны досыма да.

Иіскетемін аршаны балама да,

Жер сағыну дегенің осы ма аға?!

Иіскеймін де, басамын, ой аламын,

Бұл әдетті мен қашан қоя аламын.

Сол аршаның түбінде мызғаймында,

Сол аршаның түбінен оянамын.

Ооо, туған жер аршасы ерге сенім,

Аңқып тұрған исің бар менде сенің.

Сынық сүйем осынау тұғылыңды,

Атбасындай алтынға бермес едім...

Шекара асып, сол кеткеннен мол кеткен таңғажайып талант араға отыз жылдан астам уақыт салды. Ердің жасы елуден асқанда, жанын сағыныш бошалатқан ол, Көкжайдақтың күре жолына келіп тоқтаған. Жайырдың оңтүстік тұмсығына да жеткен-ді. Жетті де көңілі босай кемсеңдей келіп, жалғыз Жайырының көк даласына жерді бауырлай құлады. Құшағын айқара ашты. Ағыл-тегіл аңырады. Сағынудың көкесін көрсеткен мекенінің бір пұшпағын ыстық бауырына басты. Көкірегін қарс айырған топырағын өкси жатып сүйді. Бетегесіне бетін қойып, емірене иіскеді. Аунап шалқасынан жатты бір сәтке. Зеңгір аспанға қарашығын қадады. Көкірегіндегі сағыныш бұлты көкте көшкен-ді. Күн көзін көлегейлеген қалпақтай қара бұлт, бұлттан себезгілеген жауын да лезде жауып өтті. Орнынан тұрды. Төбеге де шықты. Тас түбінен шымшып ұстаған бөрте жусан уысында. Ащы исін өзегіне құшырлана тартып сарайын ашты. Балалығын іздеп ұлан ғайыр атырапқа жасты жанарын қыдырытты. Көз ұшындағы қараң-құраңға тесілді. Тіпті, күн салып та қарады. Туған ауыл-туған бауырымен табысты. Туған жер, туған елімен, жарым көңіл Жәркен қауышты. Ата-анасының қабірін көрді, құдай сабырын берді...

Сарыны бөлек сағынудың өлеңдерін жазды.

Туған жердің қар-мұзы,

Аязыңмен жуындыр.

Туған жердің балқызы,

Бұрымыңмен буындыр.

Туған жердің шеңгелі,

Тырна аямай бетімді.

Туған жердің бораны,

Құй аузыма өтімді.

Туған жердің бұлағы,

Толқыныңмен ат мені.

Туған жердің жыланы,

Шырылдатып шақ мені.

Туған жердің қоңызы,

Домалатып алып кет.

Туған жердің доңызы,

Қан-жоса қып жарып кет.

Туған жердің қасқыры,

Кемір ақын сүйегін.

Туған жердің тас-құмы,

Сені осылай сүйемін. ....

Бұл туындыға композитор Қайрат Сәйфулин әуен жазып, Қытайдағы қазақтарға тарады, тыңдаған адамға рухани ләззат сыйлады. Бұл туындыны жатқа оқымайтын оқырман күн санап азая берді. Жайырды сағынып жырлауға жаратылаған ақынның нағыз таланттысы екенін түсіндік... Жайыр тумасының атақ-даңқы туған жерінің түкпір-түкпіріне жетті. Білмегендер біліп, көңілдері көншіді. Білетіндердің көңілдері марқаланып, мақтаныштары биіктеді. Күндер өтіп жатты.

2021 жыл. Ақпанның соңғы күндерінің бірі, сапарға шықтық. Жолсерік үшеу едік. Үшеуіміз де жырау жырының жұпары болған Жайырдың төл тумасымыз. Қордай бағытындағы күре жолмен тартып келеміз. Жол күтіп тұрған бейтаныс азамат. Жолайрыққа дейін көлікке мінгізіп алып бара жатқан жайымыз бар-ды. Жас шамасы алпысты алқымдаған-ау! Мал соңындағы жапакеш жан екендігі, маңдайына жазылғандай. Кәдімгі қарапайым қыр қазағы... жатырқамай таныса кеттік.

– Қытайдан келген қандассыңдар ма? - деді.

– Иә, - дедік.

Сөз бұйдасын ілгері тартқан туысымыз:

- Туған жерім – Жайыр тау,

Екі өркеші айыр тау.

Айыр таудан сұм тағдыр,

Тірідей мені айырды-ау, -

деп, Жәркен жырлаған. Сендер де Жайырдан келдіңдер ме? - ағынан ақтарылды. Тағдырымызға етене өлең шумағын естігенімізде жүзімізден қуаныш шуағы мен мұндалай бермесін бе! Енді ойласам, Жәркен мен Жайырды біз ғана емес, Атажұрттың исі қазағы білетіндей, жусанды даласын көрмегендер бір көрсем деп көксейтіндей ме, шіркінді! Сағыныштың хош иісі аңқыған жырларынан айналдым, жырау жырдың Жәркені – асыл ағамыз-ай! Жұпар жырлары саналарда бөрткен жусандай бұрқырай бермек. Рухы өң бермес жасыл аршадай, ел есінде мәңгі жасайтыны ақиқат. Жаны жаннатта болсын!

Ооһһһ, дүние-ай! Ақынмен сырласқан сәттердерден жанымда осы сыр қалды ғой... Осы бір жыр жолдары Жәркен ақынның Жайырына, ондағы қалың елге жүрекжарды арнауым, көңіл айтуым еді:

КӨҢІЛ АЙТАМ ЖАЙЫРҒА

(Ж.Бөдештің рухына)

Тарлан ғұмыр қара жерге жұтылып,

Қара өлеңнің, күні сөнді тұтылып.

Бұл жалғанға қалдық тағы ұтылып,

Жарағаның болсын жаны жұмақта,

Суық қабір сауалынан құтылып.

Топырағына қара мақпал түн сіңіп,

Қара нары қара көрде тұншығып.

Біздің елдің, өр рухы тұр сынып,

Бірінен соң бірін алып жақсының,

Қазмырланып баратқандай тіршілік.

Тағдырына таңба басқан қымсынып,

Алатаудың құшағы алды қымысырып.

Мұз жүректі, жылтпайды-ау күн шығып,

Кіндік қаны тамған ыстық топырақ,

Сәуірдегі қасіреттен тұр суып.

Жалын ғұмыр Жаратқанның ырқында,

Көңіл айтам, Жайырдағы жұртына.

Бір бүйрегі бұрылатын сыртына,

Көңіл айтам, Жайырдағы анаға

«Саусағының табы түскен» құртына.

Көңіл айтам, Жайырдағы досына,

Түстендірген сонау жылда қосына.

Сыйластықтың қасиетті осы да,

Көңіл айтам, күрең шайды тасытып,

Жәкеңе сол шәугім асқан мосыға.

Көңіл айтам, беу, таулары Жайырдың,

Ел-жұртына, арытқы берсін қайырын.

Сенде қалған балалығы шайыр күн,

Сағындырып боз жусанды иіскеген,

Мәңгілікке көкірегін айырдың.

Мені дағы сағындырған Жайырым...

Думан Омар

2021 жыл 23 сәуір


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар