Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Думан Омар. Кие күткен күн...

16.03.2022 3863

Думан Омар. Кие күткен күн 16+

Думан Омар. Кие күткен күн - adebiportal.kz

...Бұл шақта жазықсыз тіршілік иесін бақилық жолдан арашалап алып қалуға екі-ақ сағат уақыт жетпей қалған еді...

***

Майлының етегін түре қойнына кіріп, жотасын жаз жайлаған ел Қарабауырдағы қыстаулықтарына түскелі, он күннен асып барады. Қазанның алғашқы күні. Мал мен жан рахатын табатын қоңыр күздің ғұмыры – алдағы қараша келуден бұрынғы екі-үш жұмалық ғана. Ел шөбін маялап, отындарын түсіріп, қора-қопсыларын жөндеуден өткізіп, қысқа әбден қамданып үлгерген. Шаруаға қолғабыс ететін ойын балаларының да қолдары босаған. Ересектеулері тайыншаларын мініп, көк бояу теріп, ит айтақтап, шіл қуып, жер қорып желігіп, аз күндік қызыққа бой ұрған...

Жасы кіші Ұранның биылғы ермегі – Аққоян. Аққоян – алдыңғы жылдың наурызында бауырын көтерген аппақ сүйкімді күшік еді. Әкесі Момынбай ел ішінде біреуден алып келген күшікке «Аққоян» атын беріп асыраған.

***

Момынбай бес жасында әкеден жетім қалған. Жесірліктің қамытын киген шешесі жалғыз ұлдың ертеңі үшін байдың босағасында күңдікке жегілген. Содан Момынбай хат тани жүріп, қозы-лақтың соңынан ерді. Заман оңалғанда Үрімжідегі педагогикалық университеттің алғашқы студентінің бірі болып, қолы бақытқа жетті. Жасындағы жетімдік жасытқандықтан болар, кісінің ала жібін аттамайтын, құдайдың момыны-ақ болып ер жеткен.

***

Қыр ауылының қол асыраған иттерінің сақ болуын ес көретін әдеті. Сақ итсіз көңілдері көншімес те. Аққоянның көлденең көк аттыға кәук-кәук үріп, дыбыс бергені болмаса, аса сақтығы жоқ. Пунктке келіп-кеткен аттылардың үзеңгісіне шапшитындай адуын да емес, жуас-ақ болып жетілді. Бар айыбы осы. Ұлдың илегіне көніп-ақ келеді. Жем сіреген кенеп қаптың аузын бууға арналған, иірілген жіңішке кендір жіптерді жалғап ұзартқан Ұран Аққоянын жылқыны ноқталағандай ноқталайтын. Өңдік-ішпек, қап сияқтылардың қолына ілінгенін оның арқасына салатын-ды. Салатын да, жіптерімен айылдап байлайтын. Тіпті, жіптің асқаны болса құйысқан тағып қоятын. Оның бұл әрекетіне ауыл үлкендері ішек-сілелері қата күлетін. Үй мен Күлтөбенің арасындағы жолды таптайтын да осы екеуі. Бұлай істеуді осы жылдың жазынан бері бастаған. Әкесі Мөміш (ел-жұрты Момынбайды осылай атайды) жаз бойы жиын-тойларға барарында өзінің атын ерттегенде, кері құнанға да ашама салатын. Осындай сәттерде Мөміш, ұлын жанынан сәл қашықтау тұрғызып қойып: «Мынау жүген, ер салудан бұрын атты ноқталап, жүгендеп аламыз», - деп құнанның басына кигізген жүгеннің әуелі сағалдырығын бекітеді. Жануардың арқасын сауырына қарай бір сипайды. Сипайды да, өңдік салғаннан бастап ер-тұрман әбзелдерін атай тұрып, ат ерттеудің тәртібін үйрететін. Осылайша, Ұранның ашамайға таңылған сәттері биыл қыстауға көшіп түскенше жалғасын тапты. Кері құнан да қыстың малы болғансын, қыстаудың пісіп, еміп тұрған сонысына жіберілді.

Бес жасты жия бастағанында ер-тұрман әбзелдерін таныған Ұран әрідікте, бесіктегі інісіне айналғаны ғана болмаса, күндіз ойыны – Аққоян. Үйден әріректегі жерге мамағаш тұратын-ды. Мамағаштың ту сыртында кішкентай жертастың үстіне Момынбай мен Күресхан ер-тоқымдарын қоятын. Ұран ойынға әбден берілген күндері ер-тоқымдарды аударып, шашып тастайтын. Бірде Күрекеңнің қайыс қанжығасын Аққоянға шайнатып та тастаған. Балалық не істетпесін! Ер-тоқымды кеудесіне дейін көтере алса, итін ерттеп те алар ма еді. Күресқан бұл ауылға Аққояннан екі ай бұрын келіп, ірге қосқан. Ферма әкімшілігінің кадры. Әскерден босап қайтқан.

Қанжығасы шайналған ол Аққоянға өшіге бастағандай ма, әлде өткен екі түннен бері жағы сембей ұлығаны құлағына түрпі тиді ме екен, әйтеуір итке ызалы. Тас тошаланың көлеңкесінде созған екі алдыңғы аяғына, басын қойып ұйықтап жатқан Аққоянды бірден көзі шалды. «Сенің қанжығаңды шайнаған, бесіктегі Өркен мен әйелің үшеуіңе түнімен ұлып ұйқы бермеген ақ ит, әне», - дейтін бір ызалы күй оның ішіне алған күжір мойнын тошалаға қарай бұрып жібермесе, не етер еді? Күресхан аңдып басып, итке жақындап барды. Барды да жуанбас аяқ киім киген шымыр балтырлы аяғымен Аққоянды тақыр қолтықтан сарт еткізіп теуіп қалды. Қоңыр күздің шуағына шомып ұйықтап жатқан иттің жанына бүйірден тосын тиген тепкі батып-ақ кетті-ау, шамасы! Хайуан баласына аяусыз Күрекеңнің зәбірінен ит болып көзін ашқаннан бері ащы қаңқылдың бүгін екінші мәрте шығуы болды. Ит қыстаудың артындағы шөп салған жартасты жаңғырта қаңқ-қаңқ... қаша жөнелді. Қаңқылдай барып беткейдегі қидың жанына шоңқая кетті. Бауырын жерге басар емес, әзірге. Баққаны – әскери тәртіпте, қаталдыққа көңілі көнген көз алдындағы анау ғана. Ол өзіне қарай бір адым аттаса, жотаға қарай жол алмақ. Келсаптай аяқ өкпесіне барынша қатты ұрғанда, шошына атып тұрып қан қақсай зытқанын көріп, қызықтап күлген Ұран, енді, міне, қыңсылай барып, оң жақ қолтығын иіскелеп отырғанын түйсінгенде сәби жүрегінің ауырғаны сонша: «И...ии...бейшара», - деп тереңнен күрсініп жіберді.

Оның бұл кейісін түсінетін дәуаяқ кадр емес-ті. Аққоянға қадалған көзін тайдырды да, Күлтөбеге қарай аяңдады. Ұран болса Аққоянның төбесінен жотасына дейін сипады. Мойнынан қапсыра құшақтады. Құшағына қыса отырып: «Кешір, мені сүйкімді қояным, таяқ жейтініңді білсем ғой! Сені өзім-ақ оятып жіберер едім. Түндерде ұлығаның әкемдерге де ұнамай жүр, үлкендер ит ұлыса жаман болады дейді. Мен де қорқам, енді ұли көрмеші, иә деші», - деп итінің жабырқау көңілін жұбатқандай, басынан сипаған болды. Ит болса да көзін ашып-жұмып, мүсәпір халін білдіргендей. Аяған досы үйден жуынды әкеліп итаяғына да құйды. Жанашырлықты ит мақұлықтың түсінуі қайдам! Аққоян әдейі егескендей ұлыған үнін тағы да үш таңға ұластырды. Өйтпесе ит те бола ма? Бұл ұлу Күресханның жүйкесіне әбден тиді. Иттің ұлуын сұмдыққа жорыды ол. Қаны басына шапқан Күрекеңнің төзімі түгесілді. Иттің көзін жоюға Ұранның әкесінің келісімін алды.

- Саған бұдан да әдемі, екі құлағы тіп-тік, қасқыр иттің күшігін тауып берем, - деген әке уәдесіне бала көңілі шүбәланбай-ақ сенді. Сенгені соншама, көрші үйдің мына азаматы қыл шылбырын Аққоянның мойнына салғанда, әкесінің әмірін бұлтармай орындағанына масаттанған сары домалақ ұл, ендігі сәтте ит тағдырының не боларына ой жүгіртпеген еді. Шылбырдың орта тұсынан оң қолына екі орап ұстаған Күресхан Аққоянды емес, ақ қозыдай ақ төбетті сүйрей жөнелді. Бұлқынғанына, қылқынғанына қарамады. Үйдің артқы іргесіне апарды. Бұл жерде там төбесіне қойылған жуан арқалық ағаш бар-ды. Жұмыр ұшы дөдегеден шығып тұратын. Оның үстіңгі жағына екі балағын сіңіре қасаң таға қағылған. Бұл тағалар ауылдың ту сыртындағы кезеңнен келетін жолаушылардың ат-көліктерін байлауға арналған. Атының жуастығына сенгендер тізгіндерін қасаңға іле салатын.

Міне, өлім деген қорқыныш қаперіне де келмейтін алаңсыз тіршіліктің жан үзер жері – сол тесік болмақ. Ит екеш иттің де тірлігі тағдырының сызған сызығына тоқтағаны ма?! Ақ иттің мойнына оралған болжаусыз ажалдың қыл шылбырының бір ұшы доғаланған тесіктен лып етіп, жерге қарай бағыттала берді. Бағыттала келіп қарулы дененің білегіне оралды, уысына қайталай қысылды. Сол сәттен-ақ жазалы иттің денесі екі метр биік дардағы қасаңға салбырай көтерілді. Жазалаушының қолынан келсе ақ иіттің жұмыр басын қасаңның тесігінен өткізіп жіберердей. Үкімнің көз ілестірмес тездікте атқарылғанын жазаланушыны қойып Ұран да аңғарып үлгермеді. Дарда салақтай тырбаңдаған итін көргенде екі көзі шарасынан шығып, жанарынан саулаған жас алқымына жоси жөнелді. Қылшылбырға қылқынып қырылдаған бейшараның жаны бірден шығып кете алмай, төрт аяғын дамылсыз сермеп тыпырлауда. Тырнақтары там үйдің дуалына тиген жерін талқандап та жіберді. Ажалдың төбеден келгенін білді ме, қылмойынға киілген қыл тұзақтан сыпырылып, шыбын жаны қалса, ен даланы бетке алып, қарасын батырғысы келе ме, кім білсін?! Соңғы секундында бұл қиялы орындалса, игі еді! Қыл үстіндегі мына тағдырын ойласаң, қыл шылбыр басынан сыпырылмай-ақ, оқыс үзіліп кетіп, дүрс етіп жерге түссе де, есін жия алмай қанша мезгіл жатары Құдайға ғана аян, бұл хайуанның! Бірақ, аузынан спирттің көк жалыны шалқып тұрған жендеттің сом білекті қолынан құтылмасы ақиқат еді. Ол осы бір қара тастай қатқан қаталдыққа қайта ойланбай бару үшін ит иесі Мөміштің алдына келуден бұрын су қосылып жалыны сәл қайтқан жүз елу грамм спиртті тартып алған жайы бар-ды...

Ит біразға дейін, төрт аяғын бірдей өрге сермеп, бейне суда малтағандай біресе ауаны қармап, біресе дуалдың бетін жанталаса тырналап, шбыбын жанын сақтап қалмаққа жоғары тырысып бақты. Бірақ тым кеш болғанын қайдан түсінсін. Шыбығынан шыққан сар түсті сарығы да тамға шашырап кетті. Зәбірден жан тапсырудың қиыны дәл осы да шығар-ау! Сыртынан көруге ауыл үлкендерінің де дәті дауаламағандай, өмір мен өлім шекарасындағы бұл бір арпалысты «ит қиналса, иесімен...» болып, Момынбайдың үйінен шықпағаны да осы еді.

Иттің бірден жантәсілім болмайтынын түсінген Күресханның енді не жасарын сәби жүрек түсінбеді. Екі аяқты жаналғыш қолындағы жіптің ұшын арқалыққа бірнеше орап шешілместей байлады. Байлады да, үйіне барып, арқалы үлкен орындық пен бір шәугім ыстық су алып қайта оралды. Дардың жанына келіп бірақ тоқтағанда, тұздай көздерінің ағы талаурап қызарып-ақ кеткен еді. Аспақтағы ақ иттен басқаны әзірге мүлде көрер емес. Орындыққа шықты. Иттің тіл-тісін көрсете, ырсия ашылған аузына шәугімді көтеріп төне түсті. Төне түсуін тоқтатпаған қалпы, қайнаған суды иттің аузына шорылдата сарқыды. Буы бұрқыраған судың қылқынып тұрған қызыл өңештен қаншасы өткенін Құдай біледі. Көмекейін күйдіріп құртқаны анық. Ақтық сәтінде әлсірей ыңырсыды. Ыңырсыды да жерге тартып тұрған артқы екі аяғын бауырына жиды. Бүрістіре келіп, жанын жалмап тынды...

Өлімнің мынау, лағынет түрін-ай! Жаратушым пенде баласына жазбасын дегенді ойлайтын Күресхан ба?! Кек жалыны шалған көңілі су сепкендей басыла берді...

Аққоян оралмасқа кетті. Құбылмалы ғұмырдың хикметіне бола қияметке дейін Ұранның жандүниесінде сақталып қалғандай, осы оқиға. Әке-шешесі түннің тыныштығында ұйқыға кеткен шақта, мұның басы жастыққа тие сала ұйқысы шайдай ашылатын болды. Бұл жағдай төртінші тәуліктің түнімен жалғасын тапты. Төбеттің соңғы тағдыры елес болып, қойнына түней берді. Анасы үйреткендей бисмилласын да айтып байқады. Бірақ көзі бақырайған күйде, бойы үрейден айығар емес. Керісінше, қиналған Аққоян дуалды емес, өзінің сәби көкірегін тырнағандай болды. Шошығанынан: «Әке!» - деп айғайлап та жіберді. Дауысымен бірге кіші дәреті де шығып кетті. Шорт оянған Момынбай баласының қорыққан жайын түсініп, бауырына басып тыныштандыра бастады. Әке ықыласын серік көрген кішкентай ұл:

- Әкешім, ендігәрі күшік асырамайықшы! - деп қолтығына тығыла түспесін бе?

- Жарайды, құлыным, - деген келісімін естіген ол, көп кешікпей пыр ете түсті. Көңілі орныққандай болған Мөміш, досы Күресханның өзге де бір ерсі қылығын есіне алды, алды да:

- Әй, Күресхан-ай, жасамайтын бүлігің болсашы! Баламның сұбуханын ұшырғаныңды-ай! Бүйткенше, жаугершілік заманда, үркін алып қаша көшкен қазақтардай қышқашты отқа қыздырып, Аққоянның қоң етін қарып тастасаң ғой, ұлып-үргенде бүкіл іш-құрлысымен екі бүйірі бүлкілдеп, қоса қозғалғанда қарыған жері неге ауырмасқа. Сөйтіп, ол да не қылса да артына қарамас па?! Уақыт өтіп ол ұлығанын қайталаса, сен қарығаныңды қайталар едің ғой, - деп болымсыз езу тартып мысқылдады. «Жасамайтын бүлігің» дейтінінің де себебі бар. Өткен мамырдың орта тұсы, күн жылынып, мал көкке тойған шақ болатын. Ферманың шешімімен елдің пішпе малдарын пунктке жидырған еді. Пункт – елді мекендегі коллектив мал ұрықтандыру орыны. Көктемде коллективке тиселі үйір-үйір жылқылар күзеліп, тайлардың сауырына таңба басылатын. Қарашаның ортасы болса қой ұрықтандыру науқаны жүрілетін-ді. Пішпе пішуден қолы сәтке босаған Жия фамилиялы мал дәрігерге Күресхан: «Бұдан туған күшік қасқыр түгіл, тышқан аулап жарытпас», - деп ала бұқашадан алып тасталған жұмыр енді азуына салып, езуінде езіп, жанында жатқан Аққоянды тарпа бассалған еді. Тырп еткізбей төрт аяғын қойша буып, басына жемдорба кигізе салып, піштіріп тастаған. Сонда, азбандықтың қарғыбауы тағылып жатқан иттің, тұншыға шыққан дауысы Құдайға бір жеткендей болған еді. Осылайша адам баласынан қашып құтылмайтын сұмдықтардың, осы бірінің ойына кеш оралғанына әттеген-ай айтты. Терең ойда жатып, ұйықтап кетті.

***

Айдың бүгін екінші аптасының дүйсенбісі. Төсегінен тұра сап, сыртқа шығып кірген Ұранға, анасы беті-қолын жудырды. Жудырды да, іштей күбірлеп бірдемелерді айтты. Оң алақанын пештің алдында қара жерге соқты, соққан алақанын оның кеудесіне басты. Осылай үш мәрте қайталап аптаған шешесі, ұлының қозғалған жүрегін орнына түсіргендей еді, бұл қобалжыған көңілді тыныштандырудағы халқымыздың әлхиса бір әдеті де.

Тынымсыз тіршілік. Тыныштығында тұрлаулы кез болған ба?! Таңғы астан кейін көрші отағасылар тыста ұшырасып қалды. Ауылда иттің жоқтығынан ба, түн ауғанда түлкінің шәуілдеп үргенін естігендіктерін айтысты. Сөз кезегін алған мұғалім: «Шөп салған жақтан шыққандай болды, арғы жотаға шығып, мылтықты тарсылдатып», - деп сөзін үзіп барып қайта жалғаған ол: «Қораға қасқыр түсіп жүрмесін», - деді. Күле жауап берген Күресхан: «Ажалына асыққан қасқыр болмаса, түлкінің інін тауып, жанын ал демеймісің», - деп әзіл-шыны аралас жауап бере, досын мектеп жолына салды. Алғашқы қоңырау күні болатын, Мөміш мұғалім оқушы балалармен ойынға айналса қорқыныштан арылар деген оймен бес жасар ұлын жұмысына алып кетті. Күңгейдің құлағынан әуелеген күн алқапты шуағына бөктіріп, Сары теріскейдің биігінен әріге жасырынуын қайталап жатты. Ойын баласының көкірегіндегі күптілігі басылды. Түн ұйқысы төркінін тапқандай.

Күресхан пункт пен үйдің арасын бөліп тұрған төбеге барып отырды. Жападан-жалғыз ұзақ отырды. Алыс-жақынға көз қыдырытты. Жалғыз отыруының сыры да бар. Пунктте жатақханада жатып бірге жұмыс жасайтындар І қазан, мемлекет мерекесінің демалысына орай, қаладағы жанұяларына кеткен-ді. Ферма жоғары дәрежелі әскери биліктің құзырында. Және негізгі бастықтары әскерилер. Сондықтан әрбір қызметкер тапанша және автомат ұстауға құқылы заңды тұлғалар болып есептеледі. Қарулары – кәдімгі соғыс автоматының жеңіл санатына жатады. Оқ бүркетін таңдай қапшықтарына бір кезекте бес тал оқ салынады, атқан сайын шақпақты тартып, таңдайына оқ алатындай әурешілігі жоқ. Бұл автоматтың нысана қашықтығы – 2000 м. Күрекеңнің қаруы да дәл осы санатта. Оның мына отырысын бақсаңыз, қиялы жүйрік көңілін сан арманға жетелеген болар-ау, сірә! Күн сиыр түске шақ қалды. Аңқұмарлығы ойына түсті ме, орнынан тұрып үйіне қозғалды. Жұмсақ қара маталы орауыштан автоматын шығарып, тұтас бойын жарқырата сүртіп шықты. Ісі мұнымен біткен жоқ. Мылтық түтігінің бауырындағы сүмбені суырып алды, ұшына кішкене дәкені орады да, түтікке жүгіртіп, ішін ысқылап болды. Осыдан кейін оқ салынатын таңдай қапшықты жауып, шақпақты шарт-шұрт еткізіп, алды-артқа тарта орнына түсірді. Алдыңғы (жақын) қарауылға арытқы жатқан (алыс) қарауылдың қашықтығын көтеріп, теңшеп бақты. Осылайша автоматтың қос қарауылын сынаған ол, сырт-сырт еткізіп шүріппені екі басты. Езу тарта бір жымиып алды да, қарудың дүмін төбеге қарата орнына іліп қойды. Әйелінен сұр сандықтың кілтін алып, оқтарын санап реттей бастады.

***

Таңның атуы мұғалімге демалыс сыйлады. Құлқын сәріде екі аңшы атқа қона, шөп салғаннан асқан. Көк аспанға көсілген ұшқыр көңіл зәндемнің інін іздеуге, жақын маңға аялдатпады. Екі аңшы қоңыр аңдар жыртылып айырылатын Тамшының күнгей жотасынан бірақ шықты. Олар биікте ұзақ отырып, Зібілдің күңгейіне дүрбі жіберіп сүзе бастады. Қанша тесілсе де шатқалдан аң атаулы көзге түспеді. Үндері іштеріне түсті. Үміт үзіп отырған бір сәт Күресханның шайналған қанжығасы қан тартты ма, еңістегі көсіліп жатқан жалпақ теріскейге созыла барып, тоқтаған тұмсық тас арасынан құлақтарына даңның үні жетті. Неше дүркін тарс-гүрс болып шыққан үнге, қорымның құлаған жаңғырығы жармасты. Осылайша біріне бірі ұласқан ддыбыстар тау-шыңды жаңғырта, еңістеп кете барғандай, Бірі «Теке», - десе, біреуі: «Құлжа», - деп таласа баспалай басып, жоталай кетті. Тұмсық тастың қиыс оңтүстігіне шыңның басынан сәл ылдиға түсті. Шоқпар тастың бүйірін далда тұтып отыра қалысты. Күрекең қыбыр еткенді қалт жібермейтін қандыкөз қыран-ақ. Ол бірден көрді, көрді де: «Андааа, бір үйір арқар!» - деді, күбірге жақын дыбыс шығарып. Көз ұшынан бері қашықтықта, қорымды өзектің жайыла жаратылған тепсеңінде шөптің басын шалып отта, тым бейғам жануарлар. Серігі де, жанарын жаңылдырмай қадала:

- Тепсеңнің арғы иығында да біреуі тұр ма, көкпегі ме, дене тұрқы кішілеу. Топтың ортасындағы дәу құлжаны көрдің бе? Тамағының астындағы арқар күйекке тұр-ау, мойын жағы ағараңдап... дүрбіңді салшы...оң жалдай, - деді.

Басынан мойын түбіне дейін аппақ, қызыл күрең құлжа. Тұсағы сияқты, кішілеуі құлжасының төсін жалап тұр.

- Е...е... тұзға түскен құлжа болды, жануар. Өткендегі Қарабауырдың тұзынан қайтқан осы болмасын. Бұл сөзге мерген селт еткендей. Өткендегісі, бұлар көшіп келіп, жүктерін енді түсіре бастаған сәт болатын. Қыстаудың қарсысынан көрінген тайыншадай қызыл күрең, ақ құйрық жалғыз құлжа бағытын батыс солтүстікке алып кеткен-ді. Сонда, Күресхан, мылтық пен оқтың қайсы түйенің жүгіне салынғанын еске түсіре алмай, бәйбішесіне бақырып, бармағын шайнаған. Тіпті, неше күн ұмыта да алмаған еді...

«Тұзға түскен» дегені – бұл жануардың еркегі үйірге түсер алдында шабыспен терлеп барып, сортаң-тұзды жердің ұлпа сорына аунайды. Жүндерінің арасына тұзды сіңіріп кептірген ол, үйіріне қайтады. Қайтқан жолында сіңген сорды арқарларына жеткізу үшін, денесін бусандырмай тобын табады. Осыдан кейін жыныстық жақтан жетілген аналықтары күйітке түсетін жағдайда жұбының өнбойынан ащы жалап, әрі қарай күйітін ашады. Бұл – арқар тұқымында екі жарым жаста басталатын құбылыс. Міне, анау ала мойын, кең де, керкеуделі құлжасын жалап тұрған сыры – осы. Ал, аталықтары күші толғанда үйірге түседі. Себебі, әлсіздеріне дес бермейді де. Манағы жаңғырық – осы екі тау тағысының арасындағы айқастың дүмпуі болатын. Жеңілгені күзет бағып тұрғаны да. Бұл жануарларда адамдардай күндестік болмайды ғой.

Екі аңшының күңкіл әңгімесі өшті. Күрекең қан ішуге дайын автоматтың қарауылын 500 метр қашыққа тартты. Мөміш ақырын ғана сұрады:

-Қайсысын сұлатпақсың?

- Ортадағы дәуді.

-Жоқ!

- Неге, ат көтере алмайды демекпісің?

- Обал болар, үйірге түскелі ұшырасқан, екі тіршілік иесі де.

-Тыныш

-Басқалары көзіме толмай... оқушың мен емес, тыныш....

Мұғалімның жағы қарысты. Күпірліктің киеге жолықтырарын, киені ерте ме, кеш пе, Құдайдың күні күтіп тұрарын мерген ойламады.

Күйіт кезегін күткендері болар, тағы екеуі айналып ақ құйрық дәудің жотасы мен ағарған таңын жалай бастады. Көп арқардың арасынан көңілдегісінің тақыр қолтығы қарауылға ілінер емес, әзірге. Аңшылардың бірінің тағаты кетсе, бірінің сағаты жылжып жатқан кез еді бұл. Қызғанышы ма, алғашқы, ұрғашы еміреніп еліртіп жіберді ме, кенет соның жотасына қарғып, төсін қойған алыптың қолтығы ағараң етуі мұң болды, құмарлықтың шексіз биігінен асырмады, тарс етті. Тәкаппар тағы құшағын ала жалп етті. Семіз тұсақ атып тұрды. Жалыннан жатыры тұңғыш жанып жатқандай ма?! Иілген белін жазып та үлгермеді, екі-ақ орғып иыққа шықты. Артына бұрылып, кідіргенде, беткейегі аңшыны көріп, әріге көз жаздырды.

Күресхан, жүрегі қақ ортадан талқан болған аңды оңына аунатты. Бисимилласын айытты. Иірілген дәу мүйізді шалқайтып баса, бауыздаудан орып қалды. Қоңырланған қан сарқылды. Лыпып тұрған ақ кездік жұлыннан өтіп, желке теріні қиып бірақ тоқтады. Мүйіздің сақинасын санаған аңшы: «Жеті», - деп, өзіне-өзі күңк етті. Осыдан кейін барып, тобылғыдан істік жонды. Ішек-қарнын шығарды. Тасада қалған қос атты алып, жолсерігі де кешікпей оралды. Жеті жасар олжаның бассыз денесі Момынбайдың артына бөктерілді. Мөміш ертоқымға отырғанда, қоңыр жорғаның қақпан белі иінін де жазыңқырады. Жотадан еңкейіп, Сексеннің адырларын етектеп, жол аяңмен тартып келеді.

Ақ мүйізі желкесіне бағытталған, дәл маңдайында алдыға қарай жаралған, көмірдей қара жалғыз мүйіз. Ғажап жаратылған. Міне, тәуба! Үш мүйізді ақбас, ала мойын, қызыл күрең шала күйітті бейшара өкпе тұстарында, ғайыптан оралғандай, арқан бойы аласа төмпештің үстінде тұр екен. Қан исі мен құлжасының исі мұрнына тиген ол, пысқыра жерді тарпыды. Қаттырақ маңырап-маңырап жібермесін бе?! Күресханның тұздай көзі тұна түсті. Мана, қарауылға ілікпей кеткеніне іштей өкініп келе жатқан ол тақымдағы мылтықты суыра бергенде, Момынбайдың:

- Атпа, обалды ойласаң нетті! - деп жарқаштана қатты шыққан дауысы ындынын бірден басты. Үш мүйіз аң адырдың оңтүстігіндегі сары жонды бетке алып, жұлдыздай ақты. Тек, қаралы хайуанның азалы үні ғана, екі аңшының құлағынан кіріп, жүректерін тітіреткендей. Аңның киелісін аңғарды… кештете жүрген олар, жұлдыз шыққанда үйлеріне оралды.

***

Таң атып, күн батып, маусымдар заңдылығында ауысқанын тоқтатпады. Күресхан уақыты келгенде қызығатын саятшылығын дөңгелете берді. Күз бен қыс айлары, қолы босағанда қоңыр аңдардың тынышын кетіріп-ақ жүрді. Саяттағы осындай күндердің бірі. Күн төбеге көтеріліп, жылуын төкен шақ. Қаһарманның шатқалынан қайқайды. Ат үстінде, екі бетке кезек дүрбі салумен, бір тұмсыққа шыға келді. Қарсысындағы күнгей бетте заңғар жартас, жартастың асты – үй орнындай қожыр тас. Шығыс бағыты – етекке құлаған қорымды өзек. Қорымның оң жағы беті – ашық күңгей. Қожырдың құлама бағыты аяқты пенде түссе, қайтып шыға алмас шыңырау тұйық. Жартастың жалама бетінде, күнге шуақтап жабысып тұрған сұр теке. Тұмсықта тұрған тағы екеуін көрді. Автоматтың үңірейген аузының жанын суырып аларын хайуан жүрек сезсе бұйырмасын. Жер мен көктің арасында тұрғанына паңданғандай, шекие қарады. Күрекең атын жолдасына ұстатты. Жүгіре басып шылбыр бойы жердегі жүктей тасқа кеудесімен жабыса кетті. Тастың иығынан қарауылға алды да, шүріппені басып қалды. Тау іші гүрс еткен дауыстан күңірене жөнелді. Жаламадан омақаса құлаған теке, зуууылдап келіп, мүйізімен шаншыла, қожырға шарқ етті. Екі аунап шыңырауға құлады. Қорымның оң бетіндегі ұшқаттың түбінен үрке қашқан оншақтысын көзі тағы шалды. Жалма-жан түрегелген Күресхан, ажалына дөп келген біреуін тағы да домалатты. Домалап, етекке түскен серкештің алқымын баяғы сол кездік есіп өтті. Екеуі қожыр тастағы сыңар қалған мүйізді тапты. Түбінен опырылған қуыс мүйізге қарап отырып: «Дөнен екен, нысанаға ілінген жері алдыңғы қолтық пен жуан мойынның қоспасы еді», - деді. Сөйтіп, оққа ұшып бұйырғанын ырыздығына, бұйырмай қиынға түскенін ит-құсқа жем етті. Мұндай сәттерде, бой жылыту үшін шараптан гөрі жалыны көкшілденген спиртті ұнататын. Аязды күндерде қоржынына сала жүріп, тартып та алатынын қоймады. Тіпті, өңешін өзектеген көкшіл жалын өкпе-бауырын өртегенде, жаураған жаны рақаттанып та кететін-ді.

Ол осылайша ажал құшқан бейуаздардың қолқа-жүрегін суырып, білегін қанға батырумен жүргенде, Мөміштан бастауыш білім алған Өркен аудан орталығындағы орта мектептің табалдырығын аттады. Содан да қатын-баласы тегін оралып тұратын ырыздықтарын ұрттарынан жырып, қаланың өлшеулі етіне тәуелденді. Көрші қақысы үшін іргесі тие отырып, олжаға ортақтасып өткен Момынбайдың да бала-шағасына оңай болмады-ау! Ферманың шешімімен берілетін лақ-серкештермен көк ішектері көгере барып көрісетін болған-ды.

Қалаға түсіп, жіпсіз байланған сахараның саятшысы кейінгі аз ғана ғұмырында қайтті дерсіз?! Қарабауырдың елік, қарақұйрық, тауешкі, таутекелерін қынадай қырған қылмысты шақтарын қымсынбай сағынатын болған. Одан да қызығы: ала арқардың жанын суырып алмаған баяғысын ойлап, өкінетін сәттері жоқ емес-тін. Мал дәрігердің көпестігімен келетін көк жалын көзінен бұлбұл ұшты. Зерігуден бір күнін болмаса да, бір күнін шарап дүкендерінде өткізіп жүрді. Сөйтіп, жүріп ауруханға түскенін сезбей де қалды. Бауыр қатып, ішкі ағза толығымен ісінген. Шарасыздықты мойындап отбасына оралды. Төсекте жатып жаны қиналды. Қиналған уақыттарында:

-Құдай неге алмайды, қинамай, бүйіткенше, сұр текемен бірге шыбын жаным шыңырауға кеткен болса еді! - деп те кейитін-ді. Іші-бауыры өртеніп арпалысқанда, әйелі мен ұлы қасына тұра алмады. Бар қолдарынан келгені: ет сатып алып, сорпамен азықтандыру болды. Олар ет дүкенінен келгенде, сұрмерген шалқалап жатқан еді. Желкесі тартыла шалқалаған бойда, екі аяғын кіндігіне қарай бүге, қолдарымен көкірегін тырмалаған ол, булыққаннан тамағын қолымен қыса, ыңырси өтіп бара жатқан сәт еді.

- Әке! - деп Өркен бақырып жіберді, ал, жұбайы Тұрсынгүл еңірей барып: «Күресхан-ау, Күрес, а деші!» - деп жұлқып-жұлқып ойбайға басты. Қазаның басын білегіне қойып, төгіліп жылап берді. Еңіреп етегі жасқа толды. Есі кеткен ол, он тоғыз жыл отасқан жарының езуінен аққан қанды көрді. Бас орамалын алып сүрткенін өзі де сезбеген-ді. Ақтық өсиеті ыңырсыған үні екенін түсінді, алақанымен қабағын түсірді. Мәйітті құшақтай еңіреп жатқан он сегіз жастағы ұлды ажырата, иығынан тартты. Шашын жая зарлап жүрген Тұрсынгүл сонда ғана спиртке ашытқан алмас сұйықтығы құйылған құмыраның қасында аузы ашық, жанында шай кесесінің қисайып жатқанын көрді: өзінің тізесі қақсағанда қабылдайтын дәрісі еді.....

Күйзелген ананың ендігі көресісі жазымыштың жазуындағы жалғыздың болашағына телінді. Жалғызы студенттік өмірмен қош айтты. Болашақ қалындығын жетектеп, шешесінің құшағына олжамен енді. Қуаныштан жарылар болған ана жүрек, қасіреттен қарс айырыларын Тәңірден басқа қайсы пенде сезінген?! Қызық қашанда келте ғой...

Өркен жұмыстан кеш қайтқан. Аяулы анасы мен қалыңдығын көруге асық. Ай жарығында қала шетіндегі көшеде жылдам басып келе жатқан жас жігіт махаббат үшін бақталасының ұйымдастырған қарақшылығына тосын тап боларын ойламаған. Қызғаныштың құлы Мұрал еді. Оның мастықпен ұрған мүйіз сапты кездігі Өркеннің сол жақ тақыр шабының күре тамырын қиып, әріге бойлады. Ақ ұлпа қарға балағынан суша аққан қанды көрсе де, қарқұйлының қыбы қанбағаны-ай! Қасындағы қарақшыларға арқаланды. Тістене тұрып, оқыс шалып, жалманнан түсірді. Орнынан көтерілуге мүмкіндік бермей, іші-бауырына тепкіледі. Есінен тандыра тепкілеп тастап тайып тұрды.

Қандықол Мұрал масалаң қалпы үйіне келді. Ол отбасының кенжесі, еркеліктен еті өліп өскен-ді. Беті бүлік етпестен ата-анасына болған оқиғаны баяндады. Оның қудай болған өңін мастыққа жорып, төбе шашы тік тұрған әкесі: «Не деп сандырақтап отыр, мына иттің ғана... безбүйрек!» - деп ақырды. Егескен ессіз еркесі қанды қанжарды қынабынан суырып, үстелдің үстіне тарс еткізіп: «Болды ма, енді сендің бе?» - деп, орнынан сенделектей тұрды. Екі қолын артына ұстаған күйінде, езуі көбіктеніп әкесіне ежірейе қадалды. Суық қанжардан әке жүрегі зууу етті. Заңнан толық сауатты лауазым иесі қолмен істегенді мойнымен көтеретін жағдайдың болғанына біліп, Ішкі істер басқармасының қылмыстық топты құрықтау бөліміне қоңырау шалды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар