Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Думан Рамазан: Абылай ханның арманы...

01.08.2016 13652

Думан Рамазан: Абылай ханның арманы

Думан Рамазан: Абылай ханның арманы - adebiportal.kz

(Тарихи драма)

 

ҚАТЫСУШЫЛАР:

 

АБЫЛАЙ – хан

ҚАЛДАН СЕРЕН – жоңғар қонтайшысы

ТОПЫШ СҰЛУ – Абылай ханның ғашығы, Қалдан Сереннің қызы ЖОЛБАРЫС  СҰЛТАН  –  Абылай  ханның  немере  інісі,     Барлау қызметінің басшысы

 

ӘМІРСАНА – Қалдан Сереннің жиені, қалмақ ханзадасы, тақ мұрагері

БҰҚАР ЖЫРАУ ТӨЛЕ БИ ҚАЗЫБЕК БИ ӘЙТЕКЕ БИ

ҚАРАКЕРЕЙ ҚАБАНБАЙ БАТЫР ҚАНЖЫҒАЛЫ БӨГЕНБАЙ БАТЫР ШАҚШАҚ ЖӘНІБЕК БАТЫР

САДЫР КӨЛБАЙ – Абылай ордасының тыңшысы, барлаушы ЖАЛБЫ  –  қалмақ  батыры,  Абылай  жекпе-жекте  өлтірген   Шарыштың бауыры

 

КНЯЗЬ ИВАН УРАКОВ – орыс елшісі НА-ВАНГ – қытай елшісі

МҮНӘСІП МӘММЕТОВ – татар, Абылай ханның хатшысы, сатқын, тыңшы

ҚҰЛ 

КҮҢ

БІРІНШІ АКТ

 

БІРІНШІ КӨРІНІС

 

Жоңғар қонтайшысы Қалдан Сереннің ордасы. Төр жақта ерекше көз тартып тұрған алтын тақтың маңайында қалмақтың бек-сұлтандары, жақсы-жайсаңдары түрегеп тұр. Орталарында әскери киім киінген қонтайшының батыр қызы Топыш та бар. Осы кез-  де ордаға Жалбы батыр сарбаздарымен қол-аяғына кісен салынған Абылай мен Жолбарыс сұлтанды алып кіреді. Абылай мойымаған, кескін-келбетінен уайымның табы да білінбейді. Маңғазданып төр жаққа қарай оза берген Жалбы арт жағында келе жатқан Абылай- ды кеудесінен итеріп, артқа қарай серпіп жібереді.

 

ЖАЛБЫ. Ей, бұл саған қазақтың ордасы деп пе едің?! Өңмеңдемей, тұр осы жерде! Ендігі орның төр емес, босаға!

ЖОЛБАРЫС. Әй, қара қалмақ, ханды басынатындай кім едің? ЖАЛБЫ. Асықпа, әлі-ақ білесің кім екенімді!

ЖОЛБАРЫС. Баспалап келіп бас салғаныңнан-ақ біліп қалдық.

ЖАЛБЫ. Тіліңді тарт, сорлы қазақ! Абылайың шілдің боғындай бытыраған қазаққа хан шығар, маған тұтқын. Әттең,   қонтайшының

«тірідей әкел» деген бұйрығы болмаса, ұстаған сәтімде-ақ бастарыңды шауып тастар ем!

ЖОЛБАРЫС. Жүрек жұтқан ер ме десем, намысы жоқ ез екенсің! ЖАЛБЫ. Жап аузыңды, иттің баласы!

ЖОЛБАРЫС. Жаным барда жаптыра алмассың!

ЖАЛБЫ. Жаптырмақ түгілі, басыңа көтерген ханыңмен қоса жер жастандырамын, иттің баласы!

 

Осы кезде сөзге Абылай араласады.


 

АБЫЛАЙ (мысқылмен). Пай-пай, бұрын қалай естімегенбіз, нағыз батыр екенсің ғой өзің! Қол-аяғы кісендеулі адамға қотыр қораздай қоқилануыңа қарағанда тас жарып, тау қопарар күшің бар-ау, шама- сы!

ЖАЛБЫ. Әй, Абылай, неменеңе жетісіп мәз боп тұрсың?! Тап қазір басыңды алам!

АБЫЛАЙ. Жалбы, ұйықтап жатқан жерімде ұстап алмай, қан май- данда кезіксек, кімнің басын кім аларын көрер ек!.. Сен ерлерше күш сынасар батыр емес – қапыда басар қатынсың!

ЖАЛБЫ. Не деп тұрсың, Абылай?!.

 

Ашуға булыққан Жалбы қылышын қынабынан суырып алып, Абылайға қарай тұра ұмтылады. Осы кезде «Тоқта!» деп саңқ еткен ащы дауыс шығады. Жалт қараса, Қалдан Серен қонтайшының қызы – Топыш сұлу. Жалбы кілт кідіріп қалады.

 

ТОПЫШ. Бұл не қылған бассыздық? Бұл қылығыңмен кімді ба- сынып тұрғаныңды білемісің, батыр?

ЖАЛБЫ. Топышжан, мынау Шарыш ағамды өлтірген қандықол қарақшы ғой!

ТОПЫШ. Білем, бірақ ерлік жасап, батырлық танытатын жер бұл емес. Әр нәрсенің өз орны, жөн жосығы болатынын білмеуші ме едің?! Бұның ендігі тағдыры ұлы мәртебелі қонтайшының қолында.

ЖАЛБЫ. Бас батырын өлтірген жауызға қонтайшының қа- йырымы түсе қоймас. Кесімін айтсын, жазасын өзім берейін!

ТОПЫШ. Ашуға ерік берем деп, арандап қалып жүрме, батыр!

 

Осы кезде сырт жақтан «Ұлы мәртебелі қонтайшы келеді! Қарсы алыңыздар!» деген қатқыл дауыс шығады. Бәрі де ізетпен бастарын иіп тұра қалады. Оң жақ бүйірдегі есік айқара ашылып, маңғаздана басып Қалдан Серен кіріп келеді. Абылай ғана қарсы қарап қасқайып тұрады. Қос жасауыл екі жақтап Абылайдың басы мен иығынан ба- сып, тұқыртпаққа жанталасып бағады. Абылай жұлқыласып бой бере қоймайды.


 

АБЫЛАЙ. Дұшпаныма бас имеймін!

ЖАЛБЫ (қылышын қайтадан суырып алып). Имей қайда барасың, жауыз?! Иілмейтін бас кесіледі!

АБЫЛАЙ. Бастың иілгенінен кесілгені жақсы. ЖАЛБЫ. Ендеше иманыңды үйіре бер, жауыз!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Жетер! Күмәнданып келіп ем, ажалдың өзімен ой- нап тұрғанына қарағанда, Абылайдың нақ өзі екені айдан анық. Көңіл сенді, көз жетті.

 

Қалдан Серен жайлап барып тағына отырады. Абылай отыра- тын оңтайлы орын таппай жан-жағына жалтақтай қарап, аласұрып тұрып қалады.

 

ЖОЛБАРЫС (Абылайға). Ханмен ханша сөйлесер тұғырың бол- май, қорланып тұрсың-ау! Сіз ханымыз болғанда, біз тұғырың ек, кел, менің жон арқама отыр!

 

Жолбарыс сұлтан қос қолын жерге тірей екбеттей отыра қал- ды. Абылай оның үстіне жайғасады.

 

ҚАЛДАН СЕРЕН. Абылай, ажал аузында тұрып тұғырды қайтпек- сің?! Одан да өлімді лайықты қарсы ал!

АБЫЛАЙ. Ажал шынымен жетсе, ешкім де қашып құтыла алмас.

Мен өлемін бе, сен өлесің бе – бір Құдайдың қолында!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Құдайды аузыңа алып қайтесің, тап қазір тағдырың менің қолымда тұрған жоқ па? Бұл сәтті мен қанша күттім. Айтшы кәне, бас батырым Шарышты қалай өлтірдің?

АБЫЛАЙ. Екеуміздің жолымыз қан майданда түйісті. Жөн сұра- сар жер емес, «Шарышпын» деп ол айтпады, «Кеспеймін!» деп қару айтпады, бір Құдайға аян, дәл сол күні дәм-тұзы таусылған болар. Ажалы менен болды демесең, оны өлтірген халық, мен сол халық- тың қалауын орындадым!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Ей, Абылай, Шарышты қалай өлтірсең, мен де сені дәл солай өлтірем!


 

АБЫЛАЙ. Қалдан, мен Шарышты жекпе-жекте өлтірдім! Сөзіңді іспен дәлелде. Өзің айтқандай, қолыңнан келсе, мен Шарышты қалай өлтірсем, сен де мені солай өлтір! Сөзіңде тұрар ер болсаң, қолыма қару бер де, жекпе-жекке шық!

ҚАЛДАН СЕРЕН (сөзден ұсталғанын біліп). Солай ма?..

АБЫЛАЙ. Иә, солай!.. Мен Шарышты сен секілді қапыда қолға түсіріп, ордамда қан қаптырған жоқпын! Бұлай істеу хан түгіл, қараға да жараспас. Мен оны өлім мен өмір сарапқа түсер, ерлік пен елдік сыналар тұста, жекпе-жекте қапы қалдырдым! О заманда, бұ заман, соғыста жан алып, жан берісу қашаннан қылмыс саналған?! Мен сияқты қапияда қор болмай, жекпе-жекте жан тапсырған Шарышта не арман бар?!

ҚАЛДЕН СЕРЕН (мысқылмен). Сен арманыңды өзіңмен бірге алып барады екенсің ғой. Олай болса, кеудеңнен жаның шығар алдында ақырғы арызыңды айтып қал!

АБЫЛАЙ. Иә, Шарышша қан майданда мерт болсам, арманым не?! Қайран күштің қызығын көре алмай, қапылыста қолға түстім. Бұл арман емей, немене?! Кең байтақ жеріме қала салдырып, қазағымды отырықшы елге айналдырсам деп едім. Ол ойымды да орындай алмай, халқымды аңша жосыған күйінде қалдырып бара- мын. Болмаса, өзекті жанға бір өлім, ажал аса қорқынышты емес! Тағы да арман етерім – төрт атадан бері жалғыз ем, ұрпағым жоқ еді. Бір өзімнің ғана емес, төрт атаның тұқымы тұздай құритыны жанымды жегідей жеп, өзегімді өртеп тұрғаны. Құдай берген жа- нымды алсаң, не бала, не бауыр жоқ, мына жарық жалғанға келме- гендей боламын ғой...

ҚАЛДАН СЕРЕН (уәзіріне). Мынаның сөзінің бәрі рас, әсіресе соңғы сөзін қарашы, мен де төрт атадан бері жалғыз ем, жалғыз ұлым өліп кетсе, мен де тұқымсыз кеткенім-дағы... (Абылайға қарап) Сен дағы менің Ежен қарағымдай жалғыз екенсің ғой!..

АБЫЛАЙ (шаттанып). Алдияр! «Жалғыздың обалына қалма, жаяудың қарғысын алма» деген де сөз бар қазақта. Мені көзіңнің  ағы мен қарасындай жалғызыңа теңедің. Жалғызды өлтіресің бе? Жалғыздың обалына қалсаң, жалғызыңа да зауалы тиері анық.


 

ҚАЛДАН СЕРЕН (ойланып қалып). Иә, айтқаныңның қатесі жоқ. За- тында бір асылдық бар екен, өлімге қимайтын анық бекзат, шын дег- дар жан екенсің! (Жасауылдарға) Қол-аяғындағы кісенді шешіңдер! Жеке киіз үй тігіп, сонда апарып ұстаңдар!

ЖАСАУЫЛДАР. Құп, тақсыр!

 

Жалы күдірейіп отырған қонтайшы сабасына түскендей сабырлы мінез танытады. Топыш сұлу Абылайдың ісі мен сөзіне көңілі толып, келбеті мен сымбатына сұқтана қарап, көз ала алмай қалады. Соны сезінген Абылайдажалтқарайды. Көздертүйісіпқалады. Топыштың да, Абылайдың да көңілдері толқып, сырлы сезімдер бүршік атқандай болады. Жасауылдар Абылай мен Жолбарыс сұлтанды алып кетеді.

 

ЖАЛБЫ. Бұныңыз қалай, алдияр?

ҚАЛДАН СЕРЕН. Иә, батырым, не айтқың келіп тұр? Айт, іркілме! ЖАЛБЫ.  Шарыштың  қанын  мойнына  жүктеген  қанішерге    аяу-

шылық жасауға бола ма? Ол жазасын алмаса, тыншу таба алмаспын. Басқа ештеңе сұрамаймын, тек Абылайды қолыма беріңіз!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Сөздің уыты оқтан да күшті боларын сезінген шығарсың. Біз жеңілдік! Сөзден жеңілген білекке жүгінбес болар, ба- тырым!

ЖАЛБЫ. Ұлы мәртебелім, бұндай көкжалды қоя берсек, ертең өзіміз опық жейміз. Бұл халқымыздың сорына туған жалмауыз, жал- мап тынбас!

ӘМІРСАНА. Алдияр, тыңдар болсаңыз, біздің де бір айтпағымыз бар еді.

ҚАЛДАН СЕРЕН. Иә, Әмірсана, не айтайын деп едің?

ӘМІРСАНА. Абылай уәжінің бәрі  орынды.  Шарышты  жекпе-жек- те өлтіргені де, қапылыста қолға түскені де рас. Қан майданда емес, тұтқын болып алдыңызға келгенде жанын алсаңыз абырой таппас- сыз, қайта алтын басыңызға жаманат жамарыңыз айдан анық. Бұл біздің елдің дәстүріне де қайшы. Егер оны өлтірсек, қазақтар қарап қалмас, кек қуар, қайтадан соғыс өрті тұтанып, қаншама қан төгілер.

ЖАЛБЫ. Әй, Әмірсана, сен не оттап тұрсың?!


 

ҚАЛДАН СЕРЕН (көзін алайтып). Жалбы, жетер! Әмірсананың сөзінің жаны бар. Біз қазақпен қаншама мәрте соғыстық. Жеріне өңмеңдей басып кіріп, қанды қырғынға ұшыратқан да кезіміз болды. Бірақ басы бүтін бұғаулай алмадық. Қазақ батыр халық, оны мойындауымыз керек! Көрдің ғой, тағдыры қылыштың жүзінде тұрса да Абылайдың кеудесін қалай асқақ ұстағанын. Адам түгіл, ажалдан да қаймықпаған бұндай ерді өлтірген күнә болады! Еліміз кешегі жекпе-жекте қапы кеткен Шарыш батырды әлі ұмыта алмай отыр, егер тұтқындағы Абылайды өлтірсек, қазақ оны қалай ұмытады, қалай кешіреді?!

ЖАЛБЫ. Сайын далада мал сияқты бет-бетімен бытырап жүрген қазақтан қорықсақ, кім болғанымыз?!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Қорқып тұрғаным жоқ! Екі елдің береке-бірлігі мен тыныштығын ойлап тұрмын!

ЖАЛБЫ. Қандай береке-бірлікті айтып тұрсыз, қазақ ата жауы- мыз емес пе? Әлде дұшпанмен де дос болғыңыз келе ме? Ондай ниетіңіз болса, әлсізбен емес, күштімен дос болыңыз!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Қазақ әлсіз деп кім айтты саған?!

ЖАЛБЫ. Олардың жай-күйі белгілі ғой! Әупірімдеп әрең жүрген қазақтан не барқадар табам деп ойлайсыз?

ҚАЛДАН СЕРЕН. Әй, Жалбы, ағаң Шарышты батырлығы үшін ғана емес, ақылдылығы үшін де жақсы көріп, оң жағымнан орын беріп ем. Сол үшін сенің де қолыңнан қақпай келемін. Басыңнан сипағанға тіпті асқақтап барасың ғой. Біле білсең, Абылай – қазақтардың асқақ рухы. Сондықтан оның менде аманат болғаны дұрыс.

ЖАЛБЫ. Кешіріңіз, тақсыр!

 

Жалбы қонтайшыдан қаймығып, көмекейіне келіп кептелген көп сөзді айта алмай, амалсыздан үн-түнсіз шегіне береді.

 

ЕКІНШІ КӨРІНІС

 

 
 


 

Сахнада елі мен жерін сағынған Абылай сыбызғымен сағыныш күйін тартып отырады. Жанында Жолбарыс сұлтан. Бір кезде сы- бызғысын жанына қойып, екеуара әңгімеге   көшеді.


 

АБЫЛАЙ. Қал нешік, батырым?

ЖОЛБАРЫС. Несін сұрайсыз? Әйтеуір, әлі татар дәміміз бар екен!

АБЫЛАЙ. Ажал әлі де алыс кете қойған жоқ. Қонтайшының сөзіне сену қиын, бір ойлағаны бар-ау!..

ЖОЛБАРЫС. Басымызды бірден шауып тастайтын шығар деп ой- лап ем!

АБЫЛАЙ. Бәсе, түсің қашып кетті, қатты қорыққан екенсің ғой! Егер қаласа, алғашқы күні-ақ жанымызды жаһаннамға жібере салар еді, өлтіргісі келген жоқ! Жаны ашығаннан дейсің бе, өз есебі бар ғой! Біз оған керекпіз! Адамның пенделігі бір бөлек те, тақтың мүддесі бір басқа. Таққа отырғаннан кейін соның талап-тілегімен жүруің керек! Онсыз шексіз билікке ие болып қалу қиын!

ЖОЛБАРЫС. Иә, оныңыз рас. Айтпақшы ана бір қарауылдың әйелі қазақ қызы екен. Содан суыртпақтап елдің жайын сұрап білдім! Сізді тұтқыннан босатып алудың қамымен Қазыбек би мен Малайсары бастатқан елшілер жолға шығыпты.

АБЫЛАЙ. Әрине, олардың келгені жақсы. Бірақ ең алдымен өзіміз де Қалдан Сереннің көңілін тауып, айтқанымызды өткізіп, тұтқын- нан босап шығудың қамын жасап, әрекет етуіміз керек!

ЖОЛБАРЫС. Қалдан Серен Әбілмәмбет ханға «Қарасақалды ұстап беріңдер» деп сәлем жолдап жіберіпті.

АБЫЛАЙ. Қалайда елге жеткіз, Қарасақалды ұстап бермесін! Ол әлі де бізге керек!

ЖОЛБАРЫС. Ұқтым, хан ием!

АБЫЛАЙ. Байқа, сауысқаннан да сақ қимылда. Ешқандай күдік- күмән тумайтын болсын!

ЖОЛБАРЫС. Әлбетте, хан ием! Айтпақшы, Қалдан Сереннің  біз- дің ордамызда жансызы бар екен. Аңға кеткенімізді сол сұмырай жеткізіпті.

АБЫЛАЙ. Міне, көрдің бе, бұл біздің осал тұсымыз. Енді осы тыңшылық жасау мен барлау ісіне ерекше көңіл бөлу керек! Егер жоңғар елінде біздің де тыңшыларымыз болғанда алдын ала бәрін біліп отырар ма ек, тұзақтарына түспес пе ек?! Ертөлелердің қызме- тін күшейтпей, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды екенбіз!


 

ЖОЛБАРЫС. Бұныңызға толықтай қосыламын! Айтпақшы Жалбы- ны тоқтатқан ару кім болды екен, ә?

АБЫЛАЙ. Қонтайшының қызы! ЖОЛБАРЫС. Оны қайдан біле қойдыңыз?

АБЫЛАЙ. Оны білудің керегі жоқ, түйсігіңмен түсінуің қажет! ЖОЛБАРЫС. Сұлу-ақ екен!

АБЫЛАЙ. Сенің де көзің түскен екен-ау, ә!

ЖОЛБАРЫС. Енді қылшылдап тұрған жігіт емеспіз бе? Сұлулыққа сүйсінбейтін, сұлуларға сұқтанбайтын еркек бола ма? Бірақ, алаң болмай-ақ қойыңыз, мен кіргеннен сұғымды оған қададым, ал ол сізден көзін айырмады.

АБЫЛАЙ (жымиып). Ойпырым-ай, қырағысың-ау!

ЖОЛБАРЫС. Сіз сияқты түйсікпен түйсіне алмасақ та, көзге көрініп тұрғанды көрмейтін көрсоқыр емеспіз!

 

Бір кезде өздеріне қарай келе жатқан біреудің сұлбасы   көрінеді.

Екеуі де демдерін іштеріне тартып, үн-түнсіз тұра қалысады.

 

АБЫЛАЙ (қараңғыда шырамытып). Кімсің? ТОПЫШ. Атым – Топыш, қонтайшының қызымын! АБЫЛАЙ. Бейуақытта неғып жүрсіз?

ТОПЫШ. Көңіл құсым осы жаққа алып-ұшып келеді. АБЫЛАЙ. Құсыңыз ақылды екен!

 

Осы кезде аяқ астынан жарбаңдап Жалбы келе қалады.

 

ЖАЛБЫ. Топыш, сен мұнда неғып жүрсің? ТОПЫШ. Мені тергеп-тексеретін кім едің сонша?

ЖАЛБЫ. Шамыңа тиіп кеттім-ау, білем! Десе де, болашақ қа- лыңдығым ретінде сұрағыма жауап беруіңді қалаймын!

ТОПЫШ. Сағанжарболақоймаспын, Жалбы! Жөніңдібіл, жолыңды тап!

ЖАЛБЫ. Әкеңнің маған қандай уәде бергенін білмеуші ме ең? ТОПЫШ. Қолыңды созшы, аспандағы айға жете ме?


 

ЖАЛБЫ. Керек болса, жеткізем!

ТОПЫШ. Мен біреуге сыйлай салатын жансыз бұйым емеспін! ЖАЛБЫ. Қонтайшының екі сөйлемесін жақсы білуге тиіссің!

 

Топыш кері бұрылып, кетіп қалады. Жалбы Абылайға қарай адым- дай басып келіп, қарсы алдына тұра  қалады.

 

ЖАЛБЫ. Атаңа нәлет, Абылай!.. АБЫЛАЙ. Иә, не айтайын деп едің?

ЖАЛБЫ (қылышын жалаңдатып). Саған сөз шығындаудың өзі артық! Иманыңды үйіре бер!

 

Ашуға булыққан Жалбы қылышын сермеп кеп қалады. Абылай- дың иығын жалап өтеді.

 

АБЫЛАЙ. Жемтік аңдыған қорқаудай болмай, батыр болсаң қы- лышыңды таста, болмаса маған да қару бер!

ЖАЛБЫ. Жо-жоқ... Ата жауымның айтқанын орындайтын ақы- мағың мен емес. Қойша бауыздап, қаныңды ішемін!

 

Қылышын тағы сілтейді. Абылайдың аяғын жалап өтеді, тізесі сәл бүгіле береді. Осы кезде Әмірсана жетіп келеді. Оны көріп Жал- бы  тоқтай қалады.

 

ӘМІРСАНА. Бұның қалай, Жалбы?

ЖАЛБЫ. Қанға қан, жанға жан, ағамды өлтірген жауыздың жаза- сын берем!

ӘМІРСАНА. Ұлы мәртебелі қонтайшының жарлығынсыз жаза- лауға болмайтынын білмеуші ме ең?! Ханның басын хан болмаса, қараның алуға хақысы жоқ!

ЖАЛБЫ.  Аааа...  солай  ма?  Көмекейіңнің  бүлкілін  сезіп   тұрмын.

Қаныңа тартып тұрсың-ау!..

ӘМІРСАНА. Жауға шабар батыр ма десем, сөз теретін қатын екен- сің!


 

ЖАЛБЫ. Әй, Әмірсана, аузыңа ие бол! Қанша ара түссең де, қанын ішпей қоймаспын ата жауымның! Жолыма бөгет болма!

ӘМІРСАНА. Мен саған не айтып тұрмын?!

ЖАЛБЫ. Сен кімсің сонша, маған бұйрық беретін! Кәрі жынша кекіреймей, кет алдымнан!

ӘМІРСАНА. Алдымен өзің кет! ЖАЛБЫ. Кетесің бе, жоқ па?

ӘМІРСАНА. Кетпеймін!

ЖАЛБЫ (жұлқынып). Кет дедім ғой!..

 

Екеуі жұлқыласып қалады. Әмірсана шапшаң қимылдап оң қо- лымен Жалбының тамағынан шап беріп ұстайды да, қатты қыса бастайды, ол қырылдап-шиқылдап қалады. Сол кезде барып есін жиып алған Әмірсана қолын босатады да, оны итеріп жібереді. Жал- бы тәлтіректеп кетеді.

 

ӘМІРСАНА (ақырып). Жаның барында жоғал! ЖАЛБЫ. Тұра тұр, бәлем, сені ме?!.

ӘМІРСАНА. Кет көзіме көрінбей!

ЖАЛБЫ. Көрерміз әлі! Ендігі ісім сенімен болсын!

 

Талағы тарс айырылып ашуланса да, Әмірсанадан қаймыққан Жалбы көзімен ата бір қарайды да, жөніне кете барады.

 

АБЫЛАЙ. Алғысым шексіз, батыр! Бұл жақсылығыңды өмірі ұмытпаспын!

ӘМІРСАНА. Мен бар болғаны қонтайшының абыройын қорға-  дым. Орданың өз заңы, ежелден қалыптасқан ереже-тәртібі бар. Оны бұзуға ешкімнің хақысы жоқ!

АБЫЛАЙ. Ол енді түсінікті, бұл тәртіп бәрімізге ортақ. Түсініксіздеу боп тұрғаны...

ӘМІРСАНА. Не нәрсе?

АБЫЛАЙ. Жаныңа жақын тартасың, бір жылылық сезінемін. Төніп келген ажалдан да құтқарып қалдың. Себебі не, айтшы өзің?


 

ӘМІРСАНА. Көмекейіңде не тұрғанын түсіндім, Абылай. Шын- дықты жасырып-жауып қайтем, анам марқұм өлерінде өз аузымен ай- тып кеткен мынадай бір құпия сыр бар. Шешем Еділ қалмақтарының билеушісі Аюке ханның еркін өскен ерке қызы ғой, Еділ бойынан қысты күні осы жаққа ұзатылып бара жатып, боран мен аяздың қатты болуынан Ұлы жүздің Төлекей батырының ауылына бірер айдай бөгеліп қалады. Сонда әлгі батыр қолынан келген көмегін ая- май, күн жылына жолға салып жіберіпті... Шешем де ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пенде ғой, барынша қонақжайлылық та- нытып, құшағын айқара ашқан сол батырға ғашық болып қалып, бойындағы бар асылын сыйлап кетіпті. Мен сол қазақ батырынан бойға біткен бала екенмін! Қазақ көрсем, бір бүйрегімнің бүлкілдеп қоя беретіні содан шығар, бәлкім.

АБЫЛАЙ. Бәсе, бәсе... Өзім де сезіп ем! ӘМІРСАНА. Батыр қайда қазір?

АБЫЛАЙ. Тап басып айта алмаймын. Бірақ тауып алу қиын емес қой.

ӘМІРСАНА. Тұтқыннан босап шығуыңа көмектессем, батырмен кездестіруге уәде бересің бе?

АБЫЛАЙ. Әлбетте! ӘМІРСАНА. Абылай! АБЫЛАЙ. Не?

ӘМІРСАНА. Бұл сырды ешкім білмей-ақ қойсын! АБЫЛАЙ. Айтқаның болсын!

ӘМІРСАНА. Олай болса, мен де сенің қызметіңе дайынмын. Қан- дай шартың болса да орындаймын! Екеумізді жолықтырған Құдай шығар, қайда жүрсек те, басымызға қандай қиын-қыстау күн туса да бір-бірімізді сатпай, қол ұшымызды беріп жүрейік! Айырылмас, ай- нымас, тілеулес дос болайық!

АБЫЛАЙ. Бұл ұсынысыңды қуана-қуана қабылдаймын! Адал дос болуға ант етемін және өмірбақи сертімнен таймауға уәде беремін!

ӘМІРСАНА (қанжарын суырып алып). Ендеше, кеттік! Біріміз біріміз үшін жанымызды береміз, отқа күйіп, суға түсеміз! Кеудеміз- ден жан шыққанша достығымызды үзбейміз!


 

АБЫЛАЙ. Кімде-кім осы антты бұзса, Құдайдың қаһарына ұшы- расын! Қарғыс атсын және ол табанда тапсын! Антты бұзған адамға еш кешірім жоқ! Жаза – тек қана өлім!

 

Екеуі андас дос болуға сөз байласып, серттеседі. Қылышпен қолдарын кесіп, қан шығарып, бір-бірінікіне тигізіп, өле-өлгенше достыққа адал болуға уәделесіп, ант-су ішіседі.

 

 

ҮШІНШІ КӨРІНІС

 

 
 


 

Қалдан Сереннің ордасы. Қонтайшы алтын тақта шіреніп отыр. Жанында жағалай жайғасқан ханзада-бекзадалар, батыр- бағыландар. Осы кезде жасауыл кіріп келеді.

 

ЖАСАУЫЛ. Қазақ елшілері келіп тұр!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Кірсiн! Өзiме өзi, сөзiме сөзi сай келетiн адамы бол- са, байқап көрейiк, сай келмесе, дәл осы арада жазасын берейiк!

 

Жасауыл шығып кетеді де, Қаз дауысты Қазыбек би бастатқан қазақ елшілері кіреді.

 

ҚАЛДАН СЕРЕН (түсiн суытып). Иә, қазақтар, жауға шабатындай неменеге топталып келдiңдер?!. Айтарларыңды тезiрек айтыңдар!

ҚАЗЫБЕК БИ. Оны өзіңіз де біліп отырған шығарсыз, тақсыр! Абы- лай ханды қапыда қолға түсіріп, тұтқында ұстап отырсыздар!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Солай болса ше?! Шауып алайын деп пе едіңдер?!

ҚАЗЫБЕК БИ. Шауып алайық деп емес, ханымызды қайтарып алайық деп келіп тұрмыз.  Бассыз  дене,  хансыз  халық  болмай-  ды! Абылай елге тұтқа болар көсеміміз еді, аман-есен елімізге қайтарыңыз!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Оны аман-есен көрулерің үшін менің талапта- рымды бұлжытпай орындауларың керек! Абылайдың амандығы ал- дымен  қазақтың  өзіне  байланысты.  Қалмақты  шаппасаңдар ішкен


 

астарың бойларыңа тарқамайды. Хандарыңды тірі көргілерің келсе, ең алдымен сондай жаман әдеттеріңнен арылыңдар!

ҚАЗЫБЕК БИ. Қонтайшы, олай шалыс баспаңыз, бiз қазақ де- ген мал баққан елмiз. Ешкiмге соқтықпай жай жатқан елмiз. Жай- лап жатқан мекенiмiз – қасиеттi қазақ даласы. Елiмiзден құт-береке қашпасын деп, жерiмiздi жаулар баспасын деп, найзаға үкi таққан елмiз. Дәм-тұзымызды ақтай бiлген, досымызды сақтай бiлген елмiз. Асқақтаған хан болса, ордасын ойрандап,  от  басын  тап- тай бiлген елмiз. Атадан ұл туса, құл болам деп тумайды. Анадан қыз туса, күң болам деп тумайды. Жау-жәлемде тұтқын болған ұландарын қаматып отыра алмайтын, оларсыз iшкен асты жұтына алмайтын елмiз. Темiрмiн деме, тегiң тат, жаңбырменен шайы- лар. Шымырмын деме, шыныңды айт, шымшуырмен қайрылар. Қасарысқан хан болсаң, қарысқалы келгенбiз. Сен қалмақ болсаң, бiз – қазақ, қарпысқалы келгенбiз. Сен темiр болсаң, бiз – көмiр, ерiткелi келгенбiз. Егесетiн ер шықса, иiткелi келгенбiз. Жырақтағы жат елге бітісуге келгенбiз. Бітісуге көнбесең, шабысқалы келген- бiз. Қазақ-қалмақ баласын табыстыруға келгенбiз. Табыспаққа көнбесең, тұрысатын жерiңдi айт. Сен қабылан болсаң, бiз – арыстан, алысқалы келгенбiз. Тұтқыр қара желiммiн, жабысқалы келгенбiз. Қане, қонтайшы, тыңдайық, қайтарасың ба ханымызды, бiтiмiң мен жөнiңдi айт!

ҚАЛДАН СЕРЕН (жүзi жылып). Сөзiң неткен зор едi, би?! Алыстан ат терлетіп келгенiң көрiнiп тұр. Ашуың бойыңда тұр екен. Қалмақ  та қазақ сияқты сөзге тоқтаған ел. Мен хан тағына отырғалы, басы- ма бақыт құсы қонғалы ешбiр жанға есе жiберiп көрген жоқ едiм. Мықтыны мойындау қанға сiңген қасиет. Сөз саптасың ұнады. Алмас қылыштай жарқылдап, тиген жеріңді ойып түседi екенсiң! Ендi бiрер сауал қойып, ой орамыңды байқайық, жаңылып кетсең өз обалың өзiңе, барлығыңның басыңды алам, ал тұлпардай сүрiнбей өтсең, айтқандарыңды орындауға уәде беремін. Келiсемiсiң осыған?

ҚАЗЫБЕК БИ. Шешiнген судан тайынбас болар.

ҚАЛДАН СЕРЕН. Ендеше бiлгіш болсаң, мынаны айтшы. Әуелiнде, ортасында, ақырында не бар?


 

ҚАЗЫБЕК БИ. Арға мiнәжат етiлсе, барға қанағат етiлсе, әуелiнде – ынтымақ, ортасында – береке, ақырында – шүкiршiлiк тұрмас па?!.

ҚАЛДАН СЕРЕН. Ым… ым… мм… Ал аспан мен жердiң арасы қан- шалық жер?

ҚАЗЫБЕК БИ. Бiр-ақ шақырым жол ғана. Олай дейтiнiм, ешкiм аспан мен жердiң арасын құлаштап өлшеген жоқ, қадамдап басқан жоқ. Күн күркiреп жауғанда ел дүрлiгiп сасатын, құлақтарын басатын. Сонда күн күркiрi шақырым жерден жететiн. Кемпiрқосақ созылып, аспан мен жердi табыстырып кететiн. Доғаланған иiнi шақырымдай- ақ жерден өтетiн.

ҚАЛДАН СЕРЕН. Ә… әә… Олай болғанда, батыс пен шығыстың ара- сы қаншалық жер?

ҚАЗЫБЕК БИ. Небәрi күншiлiк жер ғана. Олай дейтiнiм, азанда шығыстан атқан күн ымыртта батысқа шаршап батады. Күншiлiк жер жүрiп өтiп, ұясында қалжырап жатады. Ал кереметтi көзбен көрген, шығыс пен батыстың арасында зымыраған күнге ерген адам- затты естiген емеспiн.

ҚАЛДАН СЕРЕН. Биеке, сен шынында да шашасына шаң жұқпас  хас тұлпар екенсiң! Алғашқы айтқан сөзiңе қарымта қайтара алмай, қанша темiр болсам да ерiдiм де иiлдiм. Мiрдiң оғындай сөздерiңнен буындарым шымырлап, қанша тырыссам да сiресiп тұра алмадым. Қасарыссаң ханды да жеңетiнiңе көзiм жеттi. Ал мына жауабыңа көңiлiм толып, қиыннан қиыстырған қиюыңа ұйыдым.

ҚАЗЫБЕК БИ. Тәңiр жарылқасын, алдияр! «Уәде – Құдай сөзі» еке- нін білетін шығарсыз?!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Білмегенде ше? Келiсiм бойынша уәдемді орын- дап, хандарыңды босатып, өздеріңе қосып жіберем!

ҚАЗЫБЕК БИ. Әп, бәрекелді! Айтар алғысымыз шексіз, Жаратушы Жаппар иенің шапағатына бөленіңіз!

ҚАЛДАН СРЕН. Жортқанда жолдарың болсын! ҚАЗЫБЕК БИ. Амин!

 

Бәрі шығып кетеді. Қалден Серен жалғыз қалады. Сол кезде қызы Топыш кіреді.


 

ТОПЫШ. Әке, амансыз  ба?

ҚАЛДАН СЕРЕН. Аманбыз, қалқам! Өз жағдайың қалай, жарқыным? ТОПЫШ.  Жақсы, әкежан!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Жай жүрсің бе?

ТОПЫШ. Әке, қазақ елінен елшілер келген бе?

ҚАЛДАН СЕРЕН. Иә, қызым! Екі елдің береке-бірлігі мен ты- ныштығын ойлап, ұлт мүддесі үшін Абылайды еліне қайтарғалы отырмын!

ТОПЫШ (жүзі жайнап). Әке!.. ҚАЛДАН СЕРЕН. Ау, күнім?

ТОПЫШ. Ойымды ашық айтуға үйреткен өзіңіз едіңіз.

ҚАЛДАН  СЕРЕН.  Иә,  тағы  да  қайталаймын,  тек  шындықты  айт.

Екеуміздің арамызда өтірік пен жалғандық жүрмеуі керек.

ТОПЫШ. Алдыңызға өзімнің емес, жүрек сөзін айтқалы келіп тұрмын.

ҚАЛДАН СЕРЕН. Тыңдап тұрмын, қарағым. ТОПЫШ. Жүрегімнің таңдауы...

ҚАЛДАН СЕРЕН. Иә, айта бер, жасқанба. Кім?.. ТОПЫШ. Абылай.

ҚАЛДАН СЕРЕН (шошынып). Абылай?.. Не деп тұрсың, қызым-ау?! ТОПЫШ.  Әке,  мен  бар  болғаны  жүрегімнің  қалауын    жеткіздім,

сезімімнің аманатын орындадым! Кесімді сөз өзіңізде. Сізден асып ешқайда кете алмаймын!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Қызым-ау, сен мені жауымның аяғының асты- на салып бергелі тұрғаныңды білемісің?! Жеті атамыздан бері тақымынан тақ кетпеген қасиетті әулеттің абыройын ойладың ба?! Бұның болмас, қарағым! Енді мұндай әңгімені естімейтін болайын! Әрі Жалбыға берген уәдем бар емес пе?!

ТОПЫШ. Жалбының сыры өзіңізге мәлім ғой. Оған қалай жар болмақпын? Сүйкімсізге сүйікті болғаннан асқан қорлық жоқ шығар, сірә?!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Қонтайшы басыммен уәдемнен тайқып кетсем, халқым қалай түсінер?!


 

ТОПЫШ. Ұқтым, әке! Егер сіз солай ойласаңыз, әулетіміздің абы- ройы үшін жүрегімнің таңдауынан бас тартуға дайынмын.

ҚАЛДАН СЕРЕН. Ақылдым сол!.. ТОПЫШ.  Бірақ...

ҚАЛДАН СЕРЕН. Не бірақ?..

ТОПЫШ. Бұл күн – менің өлген күнім. Енді мені тірі өлікке қосы- ңыз. Өзім үшін адамша өмір сүрмеймін, сіздер үшін итшілеп күн өткізем!

 

Көмейіне өксік тығылған Топыш сұлу қыстыға шығып кетеді. Көңілі толқып кеткен Қалдан Серен сең соққандай мең-зең күйде меңірейіп тұрып қалады.

 

ҚАЛДАН СЕРЕН. Не деп кеттің, құлыным-ау?! Айтқан сөзің сү- йегімнен өтіп, жүрегіме жебедей қадалды ғой, жарығым! Жаратқан- нан бақытыңды тілеуші ем!.. Көз жасыңа қалмайын! Бердім тілеуіңді, қидым  қалауыңды!

 

 

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

 

Қалмақ қонтайшысының ордасы. Қалдан Серен қалың ой құша- ғында отыр. Қабағы қатулы, жүзі сұсты. Осы кезде жасауыл кіреді.

 

ЖАСАУЫЛ. Тақсыр, бұйрығыңыз бойынша тұтқын Абылайды алып келдік.

ҚАЛДАН СЕРЕН. Кірсін!

 

Абылай кіреді. Қалдан Серен оны жылы жүзбен қарсы  алады.

 

ҚАЛДАН СЕРЕН. Абылай, көңіл құсы шыңға өрлеп, жер-көкті шар- лап кеткен шығар.

АБЫЛАЙ. Торға түссе құс екеш құс та ұшуды ұмытып, тосырқап қа- лады екен. Тапырақтап бойымнан аса алмай тұр.


 

ҚАЛДАН СЕРЕН. Қазыбек би мен Малайсары бастатқан елшілер келді. Әбілмәмбет ханның баласы Әбілпейіз сұлтанды аманатқа ала келіпті. Сені елшілерге қосып еліңе қайтарғалы отырмын! Қазыбек бидің шешендігі мен Малайсары батырдың көзсіз ерлігіне қайран қалып, айтқандарына жығылдым. Бидің тауып сөйлейтіні мен батырдың тайсақтамай шындықты бетке айтар батылдығы ұнады. Не нәрсенің болсын ақиқатын айтқан адамды ата жауым болса да бағалайтынымды білесің ғой. Сондықтан да олардың шарттарын қабыл ап, өзімнің өзге талаптарымнан бас тарттым!

АБЫЛАЙ. Алдияр, алғысым шексіз! Біз ежелден қойы қоралас, ауылы аралас жатқан туысқан ел емеспіз бе?! Шыққан тегіміз бір, екеуміз де ұлы Шыңғыс ханның ұрпағымыз. Шынында да, бір- бірімізге қырғиқабақ танытқаннан пайда бар ма осы?! Ал зия-   ны шаш-етектен! Қазақтан келер қауіп жоқ! Талмауыт тұсыңды аңдып, қылышын қайрап отырған айдаһар мен самұрық болма- са... Бақ-береке – бірлікте ғой! Сіздер бізге соғыс ашқанда Шың елінің қожасы қолынан келген көмегін аямағанын білеміз. Неге? Жаны ашығандықтан дейсіз бе?! Жоқ, олардың ойы мүлде басқа... Біз бір-бірімізбен соғысып әлсіресек, олардың жемтігіне тез-ақ ай- наламыз.

ҚАЛДАН СЕРЕН. Айтқаныңның бәрі рас, Абылай. Қазақ пен қалмақ болып соғыспау жөнінде келісім-шарт жасайық, бітімге келейік! Мен қазақтарға арқа сүйеп Еділ бойындағы қандастарымды қосып алып, біртұтас ұлы мемлекет құруды армандаймын! Иә, манжулердің ойы белгілі. Екінші жағынан, Ресей де сендерді бізге қарай ақырындап ығыстырып келеді. Оның үстіне Еділ бойындағы қандастарымыз орыстар тарапынан қатты қанауға түсіп жатыр. Сені аман-сау еліңе қайтарып отырғандағы мақсатым, Қазақ мемлекетін нығайтып, орыс басқыншылығынан бізді сақтандырады ғой деп ойлаймын.

АБЫЛАЙ. Жоңғар елінің бағына біткен көсемсіз ғой. Әттең, кіші елдің басында отырсыз, бірақ айдыныңызға қарап айтайын, үлкен жұрттың тізгінін ұстауға лайық билеушісіз.

ҚАЛДАН СЕРЕН. Ей, Абылай, сен заманыңнан жүз жыл ерте тудың,  әйтпесе  әлемге  билік  жүргізу  қолыңнан  келер  еді. Мен


 

қазақтан, болмаса мәнжу мен орыстан қорқып  басыңа  бос-  тандық сыйлаған жоқпын, сен тұла бойыңда тұнып тұрған асыл қасиеттеріңнің арқасында еліңмен қайта қауышқалы отырсың. Саған еркіндік алып берген өзіңнің ақыл-парасатың мен даналы- ғың. Өз елің ғана емес, Шың елі мен Ресейдің сені іздеп, босатып алу үшін жанын салғандарынан-ақ, өз халқыңа ғана емес, өзге елдерге де қаншалықты сыйлы екеніңді түсіндім. Бұл, әрине, мені қатты ой- ландырды. Шыныңды айтшы, кәне, өзің білетін ел билеушілер- ден кімді мықты деп санайсың?

АБЫЛАЙ. Әуелі Қондыкер, орыстың ақ патшасы, Ежен хан, Қалдан Серен және мен!

ҚАЛДАН СЕРЕН (кеудесін ұрып). Мен, мен, мен!

АБЫЛАЙ. Әттең, халқың аз, дегенмен көп жұртты басқаруға лайықсың!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Иә, біз де сендер сияқты шағын елміз. Қазақтың өзінен қойы көп қой.

АБЫЛАЙ. Құдайға шүкір, баршылық!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Қойдың көптігі мақтанарлық нәрсе емес. АБЫЛАЙ. Неге? Қазақтың байлығы малы емес пе?!

ҚАЛДАН СЕРЕН. «Қой – ұры, қойшы – өтірікші» деген, ауыл-үйдің арасынан ұсақ жанжал үзілмейді десейші... Сиыр да көп қой.

АБЫЛАЙ. Құдайға шүкір!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Қазақтың баласы сүт пен айранға сүйеніп, еңбекке еріншек, арамтамақ болады десейші! Егін егесіңдер ме өзі?

АБЫЛАЙ. Егін егу ойда бар.

ҚАЛДАН СЕРЕН. Адам баласы егін екпей, жерге бауыр баспайды.

Қазақ елі әлі де талай ауыртпалықты бастан кешеді екен...

 

Осы кезде сән-салтанатымен Топыш сұлу  келеді.

 

ҚАЛДАН СЕРЕН (Топышқа). Жарығым, айым, күнім менің, Жа- ратқаннан бақытыңды тілеуші ем!.. Көз жасыңа қалмайын! Бердім тілеуіңді, қидым қалауыңды! Бақытты бол, жаным!

ТОПЫШ. Рахмет, әке, бақыттымын!


 

ҚАЛДАН СЕРЕН (Абылайға). Жанымның тоты құсын өзіңе сеніп тапсырып отырмын! Қызым менің дүниедегі ең қымбатым, асылым! Жанын жаралай көрме, жүрегін ауыртпа! Қадіріне жет, аяла!

АБЫЛАЙ. Жаныммен бірге қызыңызды олжалап кетіп барам. Алаң болмаңыз!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Білем, сенем саған, Абылай! Жортқанда жолдарың болсын! Елдеріңе аман-есен жетіп, бақытты ғұмыр кешулеріңе тілектеспін!

АБЫЛАЙ. Амин!

 

Абылай мен Топыш Қалдан Серенмен қимай қоштасып шығып кетеді. Артынша-ақ өңмеңдеп Жалбы кіреді.

 

ҚАЛДАН СЕРЕН. Не боп қалды?

ЖАЛБЫ. Соны сізден сұрайын деп келдім! ҚАЛДАН СЕРЕН. Нені?

ЖАЛБЫ. «Абылайды ұстап әкелген адамға қызымды берем» деп жалпақ жұртқа жар салған өзіңіз емес пе едіңіз?! Қонтайшыға екі сөйлеген жараспайды емес пе?!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Өзіңнің де кінәң бар.

ЖАЛБЫ. Қандай кінә? Абылайды ұстап әкелгенім бе?

ҚАЛДАН СЕРЕН. Қыз баланың жүрегіне жол таба білмегенің кінә емей, немене?! Біле білсең, мен саған үлкен мүмкіндік бердім. Ал сен оны пайдалана алмадың!

ЖАЛБЫ. Солай ма?!. Сіз менің ғана емес, ұлы жоңғар елінің абы- ройын аяққа таптадыңыз!

ҚАЛДАН СЕРЕН (ақырып). Жоғал, жаның барында!..

ЖАЛБЫ. Ата жауыма бостандық сыйлап, қызыңызды қосып беру арқылы мені тірідей жерледіңіз!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Мен ештеңені берген жоқпын, Абылай бәрін өзі алып кетті... Білесің бе, түсінесің бе, алып кетті!..

ЖАЛБЫ. Ақталмаңыз, алдияр!

ҚАЛДАН СЕРЕН. Не деп тұрсың, ақымақ?! Ақталатындай сен кімсің?!

Кет көзіме көрінбей!..


 

ЖАЛБЫ. Мен кетемін, бірақ ашуым осы жерде қалады! ҚАЛДАН СЕРЕН (ақырып). Жоғал, иттің баласы!..

 

Көздері қасқырдай алақтаған Жалбы ашуланған күйі аяғын адым- дай басып шығып кетеді.

 

 

БЕСІНШІ КӨРІНІС

 

Құл мен күң сахнаға шығады.

 

ҚҰЛ. Итше бұралып, аштан өлейік деп жүрсек, төрелердің аста-төк той жасап жатқанын қарашы!

КҮҢ. Оларға сенің аштан өлгенің не керек, ей?! «Көктен киіз жауса да, құлға ұлтарақ та бұйырмайды» деген осы!

ҚҰЛ. Бұл не той өзі?

КҮҢ. Абылай ханның қалмақ қатыны ұл тауыпты. Соның шіл- деханасы.

ҚҰЛ. Кеше ғана алпыс түйемен артынып-тартынып алып келген сияқты еді, ай, зырғыған уақыт-ай, жыл да жылжып өте шығыпты-ау!

КҮҢ. Хан осы қатынын өлердей жақсы көреді  дейді.  Өзінің  де  тегі қалмақ емес пе, бірдеңесі тартып тұратын шығар... Әй, бірақ, қалмақтың еркектері де қатыншыл келеді дейді ғой...

ҚҰЛ (қутыңдап). Өзіңнің қара айғырдай арқыраған байың тұрғанда, жаман тайдай жәмпірейген қалмақты қайтпексің?! Ой, сен олардың қыздарын айтсаңшы, құшақтары оттан да ыстық!

КҮҢ. Әй, сен оны қайдан  білесің-ей?

ҚҰЛ. Не бопты білмей? Осы уақытқа дейін етегіме намаз оқып жүр деп пе ең?

КҮҢ. Ой, шикин-ай! Қалмақ қыздарының құшағында күнде күйіп- жанып жүргендей-ақ соғасың-ау!

ҚҰЛ. Сендердің құшақтарың мұздан да суық болса, қайтеміз енді, өлеміз бе?!

КҮҢ. Ой, көксоққан!.. Мұз екенін иіскеп білдің бе?..


 

ҚҰЛ (құшақтай алып). Келші-ей, көрейін, құшағыңның қандай екенін. Мүмкін, қалмақтың қыздары адыра қалар?!

КҮҢ (бұлқынып). Қой-ей, шешек, жас қыздар құрып қалды ма, мен- де нең бар, ей?!

ҚҰЛ (алдыңғы жаққа көз тігіп). Әй, ана қара, біреулер бері бұрылды.

КҰҢ. Өйбәй, көтек!

ҚҰЛ. Қой, көрмей тұрғанда жоғалайық! Әйпесе, төрелер жонымыз- дан таспа тілер!

КҮҢ. Кеттік, құрысын!..

 

Екеуі емпеңдеп қаша жөнеледі. Іле-шала сахна төріне  Абылай  хан шығады.

 

АБЫЛАЙ. О, Тәңірім, елімді пәле-жалаңнан сақтай гөр!.. Алла тағала өрісімді кеңейтейін деп тұтқынға әдейі түсірген шығар. Бұрындары қалмақ бүкіл даланы өртеп өтіп, сарттың іргесіне лықып келіп, ары қарай бармай кері қайтқанын талай көрдім. Сонда бұл не жұмбақ, базарлы кентке енді жеткенде аттың басын кері бұрғаны несі деп қайран қалып, түсінбей жүрдім. Осы жұмбақты мен тұтқында оты- рып шештім. Қалмақ пенен сарт бір тудың астында екен! Қалмақты қаруландырып отырған сарт екен. Дін қарындас деген сарт осылай істегенде, басқа не істемейді?! Мына кең дүниеде қазақтың өзінен басқа арқа сүйейтін досы да, жанашыры да жоқ екен.

Мемлекеттің күштілігі – мықты орталықтанған билікке бағы- нуында және халықтың бірлігінде екен! Жоңғарда тұтқында болған кезімде соған көзім анық жетті.

 

Артынша-ақ Жолбарыс сұлтан көрінеді.

 

АБЫЛАЙ. Кәне, не жаңалығың бар?

ЖОЛБАРЫС. Өзіңіздің тапсырмаңыз бойынша, бәрін қалт жі- бермей қадағалап отырмыз, хан ием!

АБЫЛАЙ. Шың елі мен Ресейдің арасы қалай болып тұр?


 

ЖОЛБАРЫС. Мәнжулер мен орыстар әліптің артын бағып, аңы- сын аңдып отырған сыңайлы. Дегенмен соңғы жеткен ақпарларға қарағанда екі жақ та соғысқа дайындалып жатқан сияқты. Екі көрші- міз де шекара маңына әскерлерін көптеп шоғырландыра бастапты. Жуық арада соғыс өрті тұтанып кетуі әбден мүмкін!

АБЫЛАЙ. Бұдан біз зиян шеге қоймаймыз. Екі айдаһар бір-бірімен алысып әлсіресе, бізге қауіпсіз болмақ. Тіпті, керек десең, білдірмей арандату әрекеттерін де жасап қойғанның еш артықтығы болмас!

ЖОЛБАРЫС. Түсіндім, хан ием!

АБЫЛАЙ. Қалай болғанда да қамсыз отырмау керек! Бұхара мен Хиуа хандықтарынан не жаңалық?

ЖОЛБАРЫС. Оларға жіберген тыңшымыз қолға түсіп қалыпты. АБЫЛАЙ. Не?.. Қалай?..

ЖОЛБАРЫС. Біздің арамызда да жансыздар бар екен? АБЫЛАЙ. Кім ол?

ЖОЛБАРЫС. Алдыңызға алып келдім, хан ием! Жазасын өзіңіз берерсіз! (Дауысын сәл көтеріп)  Кіргізіңдер!

 

Осы кезде Мүнәсіп Мәмметов деген ханның өз хатшысын екі жасауыл дедектетіп сүйрелеп алып кіреді. Ол жалынып-жалпайып, жылап-сықтап кешірім сұрайды. Аузын жаппай шырылдап келеді.

 

АБЫЛАЙ. Не үшін бұлай істедің?

МҮНӘСІП МӘММЕТОВ. Жаздым, жаңылдым, хан ием. Кінәлімін!

 

Абылай қанжарын суырып алып, оның тамағына тақайды. Хат- шысының көзі бақырайып, зәресі ұшып кетеді.

 

МҮНӘСІП МӘММЕТОВ. Бір жолға жанымды қиыңызшы, хан ием! АБЫЛАЙ. Сатқындықты кешіруге бола ма?

ЖОЛБАРЫС. Болмайды, хан ием, сазайын беру керек!

 

Сатқын жанталасып, жанұшыра жалына береді.


 

АБЫЛАЙ. Сатқындықтың жазасы – өлім!

МҮНӘСІП МӘММЕТОВ (аяғына жығылып). Алдияр, өлтіре көр- меңізші! Әйелім ауру, балаларым жас. Солар үшін осындай қадамға барып ем!

АБЫЛАЙ. Олар қайда?

МҮНӘСІП МӘММЕТОВ. Орынборда.

АБЫЛАЙ. Тек шындықты айт, сонда ғана тірі қаласың! МҮНӘСІП МӘММЕТОВ. Өтірік айтсам, тілімді суырып алыңыз! АБЫЛАЙ. Ендеше айт, қай елге қызмет етесің?

МҮНӘСІП МӘММЕТОВ. Ресей мен Қоқанға. АБЫЛАЙ. Қашаннан бері?

МҮНӘСІП МӘММЕТОВ. Осында келгеннен бері. АБЫЛАЙ. Сені мұнда кім жіберді?

МҮНӘСІП МӘММЕТОВ. Генерал Неплюев. АБЫЛАЙ. Нендей мақсатпен?

МҮНӘСІП МӘММЕТОВ. Сіздің әр қадамыңыз бен ордаңыздың ішкі және сыртқы жағдайын жіпке тізіп хабарлап отыру үшін.

АБЫЛАЙ. Түсінікті. Губернатордың тақ өзі десеңші! МҮНӘСІП МӘММЕТОВ. Иә, дәл солай,  тақсыр!

АБЫЛАЙ. Бұл қызметіңе қанша алып тұрасың? МҮНӘСІП МӘММЕТОВ. Ай сайын 12 рубль.

АБЫЛАЙ. Оооо-оо... Арнайы тапсырмамен келген екенсің ғой. Ендеше былай болсын. Сен олардан қол үзбе. Қызметіңді жалғастыра бер. Бірақ олардың әр тапсырмасын біз біліп отыруымыз керек! Ұқтың ба?

МҮНӘСІП МӘММЕТОВ. Ұқтым, алдияр,  ұқтым!

АБЫЛАЙ. Бірақ бұны тірі жан білмейтін болсын! Білсе, ең алдымен өзіңе қауіпті.

МҮНӘСІП МӘММЕТОВ. Өлләхи-билләхи, тісімнен шығармаймын, хан ием!

АБЫЛАЙ. Есіңде болсын,  сен  олардан  байланысыңды  үзбей,  бізге қызмет етесің. Қоқан мен орысқа біз ұсынған мәліметтерді таратып отырасың, ал олардан бізге құнды ақпарлар жинайсың.  Егер  бұлталаққа  салар  болсаң,  жақсылық  күтпе!  Жаза  бассаң, енді


 

аяушылық болмайды! Алдымен көз алдыңда бала-шағаңды, содан соң өзіңді өз қолыммен бауыздаймын! Қайда қашсаң да құтылмайсың, тұқымыңды тұздай құртамын! Ұқтың ба?

МҮНӘСІП МӘММЕТОВ. Ұқтым, алдияр, ұқтым! Алланың атымен ант етемін, бұдан былай тек сізге ғана адал қызмет етемін!

 

Сатқын Абылайдың аяғына жығылып, шапанының етегін  сүйеді.

 

АБЫЛАЙ. Бара бер! Боссың!

 

Сатқын томпаңдай басып шығып кетеді.

 

АБЫЛАЙ (Жолбарысқа). Мынаны Қоқан мен орысқа қарсы сал. Өмірі шындықты айтпа. Оның аузымен үнемі жалған ақпарат тарат. Енді бұған сенуге болмайды! Байқап көрерсің, егер тағы бір мәрте көңіліңе күдік ұялап, сеніміңе селкеу түссе, табанда жазасын берерсің. Бірақ өз ажалынан өлгендей болсын!

ЖОЛБАРЫС. Ұқтым, хан ием!

АБЫЛАЙ. Қырғыздар қалай, тыныш па?!

ЖОЛБАРЫС. Жоқ, тыныштық бұзылып тұр, хан ием. Кеше ғана Ұлы жүздің бірнеше ауылын шауып, малдарын айдап әкетіпті.

АБЫЛАЙ. Бауырға қанша тартсақ та, жаулығын қоймады ғой қырғыздар! Шыдамның да шегі бар, қазағымызды талатып отыра алмаймыз. Жауыздықтары үшін жауап беретін күн алыс емес. Ұлы жорық жасап, бастарын қайыра көтере алмастай соққы бермесе, өздері де тыным таппас, бізді де тыныш жатқыза қоймас. Бұны хан кеңесінде жан-жақты талқылап, бір жағына шығармаса болмас. Бірақ дәл қазір ең маңызды мәселе бұл емес. Ана Ауғанның Ахмет шахына кеткен Байтұрған би бастаған елшілерден не хабар?

ЖОЛБАРЫС. Иә, олар аман-есен қайтып келе жатыр екен. Құдай сәтін салған сияқты.

АБЫЛАЙ. Келе салысымен мән-жайды толық баяндарсың! ЖОЛБАРЫС. Әлбетте, хан ием!

АБЫЛАЙ. Ал түрік сұлтанынан ше?


 

ЖОЛБАРЫС. Әзірше ешқандай хабар-ошар  жоқ!

АБЫЛАЙ. Түрікпендер мен қарақалпақтардағы жағдай қалай? ЖОЛБАРЫС. Тұрақсыздау болып тұр!

АБЫЛАЙ. Ұмытпай тұрғанда есіңе салып қояйын, жалпы біз башқұрттар мен ноғайларды жылы қабақ танытып, бауырымызға тарта беруіміз керек!

ЖОЛБАРЫС. Олар Ресейдің қолтығына кіріп алып, бізге қырбай қабақ танытып жүр ғой!

АБЫЛАЙ. Айтақтап отырған сол иелері ғой! Әйтпесе, башқұрттар- дың біздің иелігімізде болғысы келетінін ұмытып қалдың ба?  Маған

«Бізге де хан болыңыз!» деген ұсынысын өз құлағыңмен естідің емес пе?!

ЖОЛБАРЫС. Естідім. Тек Ресей оларды қанды қақпанынан босата қояр ма екен?!

АБЫЛАЙ. Олар өздері қосылам десе, Ресей қашанғы қақпайлар дерсің! Біз ертеңгі күнімізді ойласақ, бүкіл түркі жұртының басын қосып, тас қамалға айналуымыз керек!

ЖОЛБАРЫС. Орыстардың тепкісінен қашып келген татарларды не істейміз?

АБЫЛАЙ. Ел емеспіз бе, қанатымыздың астына аламыз!

ЖОЛБАРЫС. Айтпақшы, Ресейге жіберген тыңшымыз бір жайсыз хабар алып келді.

АБЫЛАЙ (үдірейе қарап). Не?..

ЖОЛБАРЫС (дауысын көтеріп). Өз аузынан естіңіз!

 

Жолбарыс сұлтан есік жаққа қарай бір-екі адымдап келіп, күзет- те тұрған жасауылдарға «Кіргізіңдер!» деп бұйрық береді. Үстіне шекпен, басына түлкі тымақ киген тыңшы қазақ    кіреді.

 

САДЫР КӨЛБАЙ. Ассалаумағаликум, алдияр! АБЫЛАЙ. Уағалейкумассалам!

ЖОЛБАРЫС. Кәне, жаңалығыңды айт!

САДЫР КӨЛБАЙ. Орыс билеушілері қазақ елін қалай бұғаулаудың құпия жоспарын жасапты.


 

АБЫЛАЙ. Оны қайдан білдің?

САДЫР КӨЛБАЙ (қонышынан хат шығарып). Орынбор губерна- торының кеңсесінде хатшылық қызмет атқаратын башқұрт Абдолла Әбутәліп сол құпия құжаттың көшірмесін беріп жіберді.

АБЫЛАЙ. Оқы.

САДЫР КӨЛБАЙ. «Қазақтардың негізгі байлығы – мал. Әсіресе жылқысынан айырса, жуасып қалады. Қазақтарды әлсірету үшін білдіртпей бірте-бірте күші мен байлығының көзі – малы мен жылқысын құртудың амал-айлаларын қарастыру қажет. Қазақтың малы азайып, жарлы-жақыбайға айналса, бізге кіріптар болады, амалсыз өздері-ақ құлдық ұрады. Айтқанымызға көніп, айдауымызға жүреді. Ол үшін...»

АБЫЛАЙ. Жетер!.. Бұл не құжат?

САДЫР КӨЛБАЙ. Ресей сыртқы істер алқасының жарлығы. АБЫЛАЙ. Бұл жарлықтың өзі жаңалық болса да, жазылған жай-

лар таңсық емес қой. Ресейдің  ой-пиғылы  мен  көмекейінің  бүл-  кілі бәсенеден белгілі емес пе?. Мен мәнжу мен орыстан ешуақытта жақсылық күтпеймін. Ешуақытта... Міне, бұл соның айқын  бір  дәлелі. Еліміздің қауіпсіздігі мен ертеңін ойласақ, халқымызды отырықшылыққа көшіріп, жер емшегін емуді үйренуіміз керек!

ЖОЛБАРЫС. Бұл ойыңызды құптаймын!

АБЫЛАЙ. Ең бастысы, көрші елдердегі жағдайды үнемі қадағалап, басты назарда ұста. Ол үшін түрлі жолдармен сенімді деген адамдарыңды, тыңшыларды жіберіп отыр. Тек ауызша айтып түсіндір, жазбаша түрде ешқашан тапсырма берме! Тындырып келген жұмысының мән-маңызына қарай міндетті түрде сый-сияпат көрсет. Мына жарлықты беріп жіберген ана башқұртқа ешкімге білдірмей құлынды бие беріп жіберіңдер. Уақытында жеткен хабар-ошарлар қауіп-қатердің алдын алуға ауадай қажет! Көрші елдерде не болып жатқанын алақандағыдай көріп отырмасақ, сан соғып қалуымыз мүмкін. Бұл біздің қауіпсіздігімізге аса пайдалы, үнемі осылай сақтық шараларын жасамай, сыртқы қауіптен қорғана алмаймыз! Сондық- тан бір сәтке де босаңсуға болмайды. Олай болмаған күнде жаудың жемтігіне тез-ақ айналамыз! Ұқтың ба?


 

ЖОЛБАРЫС. Ұқтым, хан ием!

Жолбарыс сұлтан мен Садыр Көлбай шығып кетеді. Осы кезде То- пыш келеді. Қасында Әмірсана бар.

 

ТОПЫШ. Хан ием, сізді Әмірсана бауырым қуанышыңызбен құттықтай келіпті.

АБЫЛАЙ (Әмірсанаға қарай). Ой, бәрекелді. Армысың, бармысың, достым! Ел-жұртың аман ба?

ӘМІРСАНА. Құдайға шүкір! Әпкеміз торсықтай ұл тауып беріпті дегенді естіп, біз де қуанып қалдық. Мұрагеріңіздің бауы берік бол- сын! Перзент сүйіп, әке атану жұмыр басты пенденің басты бақыты ғой!

АБЫЛАЙ. Оның рас, ниет-пейіліңе мың да бір рахмет, достым! ӘМІРСАНА. Жиеніміздің атын кім деп қойдыңыз?!

АБЫЛАЙ. Қасым.

ӘМІРСАНА.  Қасымның  өмір  жасы  ұзақ,  ғұмыры  шуақты болсын!

Өзіңіз сияқты қазақ пен қалмаққа бірдей абыройлы хан болсын!

АБЫЛАЙ. Әумин! Айтқаның келсін! (Топышқа) Алыс жолдан ат арытып келді ғой. Ас-дәміңді әзірлет, қазан көтерт!

ТОПЫШ. Қам жемеңіз, төрем!

 

Топыш шығып кетеді.

 

АБЫЛАЙ. Иә, достым, жай жүрмеген шығарсың, келген шаруаңды айта отыр!

ӘМІРСАНА. Қалдан қонтайшымыз қайтыс болғаннан бері береке- бірлігіміз қашып, тірлігіміз оңбай кетті.

АБЫЛАЙ. Қалдан Сереннің түбіне жеткен кім?

ӘМІРСАНА. Елдің аузындағы әңгімеге қарағанда Жалбы қанішер сияқты. Ұлы мәртебелінің тамағына у қосқызып жіберіпті. Бірақ қолмен ұстап алған ешкім болмаған соң, жабулы қазан күйінде қала берді. Аспазшыны да сол түні төсегінде тұншықтырып кетіпті. Екі қылмыстың да артында бір адам тұрғаны айдан анық. Бірақ із та- былмады. Оның үстіне бұдан да маңызды шаруалар киіп кетті де, ол қылмысты ұмыттырып жібергендей болды.


 

АБЫЛАЙ. Не боп қалды, соншалықты маңызды болатындай?.. ӘМІРСАНА. Ордамызда ойран болып жатыр. Лама Доржы    Қалдан

Сереннің өзі мұрагерлікке қалдырған ұлы – Ежен ханды тақтан тай- дырып, билікті заңсыз басып алды. Дауашы екеуміз оған қарсы қол бастап шығып ек, жеңіліп қалдық. Сондықтан сенен көмек сұрай келдік. Жақсылығың өтеусіз қалмайды. Бірінші Құдай, екінші өзің қолдап жеңіске жетсек, қазақ елімен мәңгі достық қарым-қатынас орнатамыз!

АБЫЛАЙ. Елдің жақсы-жайсаңдарымен ақылдасып-кеңесіп кө- рейік! Ханның күші халықта екенін білесің ғой!

ӘМІРСАНА. Біз билік басына келсек, сендерге де жаман бола қой- мас! Арман-мұратымыз бір арнада тоғысып, қарым-қатынасымыз жандана түспей ме? Көксегеніміз осы еді ғой, Абылай!..

АБЫЛАЙ. Ештеңені ұмытқам жоқ! Есімде... бәрі есімде... Талабыңды қанағаттандыруға тырысармын! Бірақ бір шартым  бар! Ел тізгіні қолдарыңа тиген соң Ұлы жүздегі биліктеріңді түп тамырымен жойып, кезінде басып алған қазақ жерлерін қайтарып бересіңдер.

ӘМІРСАНА. Бұл шартыңды толығымен орындаймыз!

АБЫЛАЙ. Олай болса, айтшы, Лама Доржының ордасында қанша төлеңгіті бар?

ӘМІРСАНА. Қалдан Сереннен қалған салт бойынша ордада үнемі елу адам күзетші болады. Ал қалған әскердің барлығы бізді қуған боп қазақ жеріне қарай жылжып келеді.

АБЫЛАЙ. Лама Доржы ордада қалды ғой?..

ӘМІРСАНА. Дәл солай! Қалың қолды Сайын Бөлек мен Садыр ноян- дар бастап келеді.

АБЫЛАЙ. Қанша сарбазың бар? ӘМІРСАНА. Екі жүз.

АБЫЛАЙ. Ендеше сөз тыңда. Мен жасақ санын мыңға толтырып беремін. Оны жер жағдайын жақсы білетін Жолбарыс сұлтан мен Баян батыр бастап барады. Қасқыржым соқпақпен, ел көзіне түспей жүріп отырып Доржының тас төбесінен түсіп, ордасын басып аласыңдар.


 

Ары қарай не істеу керек екенін өздерің білесіңдер. Біз Жоңғар елімен бейбіт бітім жасасқан едік, соғысатын жөніміз жоқ еді. Сендер үшін қынаптан қылыш суырғалы отырмыз.

ӘМІРСАНА. Айтқаныңды түсіндім, Абылай. АБЫЛАЙ. Ендігі бір айтпағым...

ӘМІРСАНА. Айтыңыз, алдияр!

АБЫЛАЙ. Дауашының жасы үлкен, жол соныкі, сондықтан қонтайшы сол болады. Әмірсана, сен тақ мұрагері – қалға боласың.

ӘМІРСАНА. Айтқаныңыз болсын, алдияр!

АБЫЛАЙ. Ендеше әзірше жақсылап тынығып, демалып    алыңдар!

Көп ұзамай бар-жоқтарыңды түгендеп, жолға салып жіберерміз!

 

Әмірсана шығып кетеді. Жолбарыс сұлтан кіреді.

 

АБЫЛАЙ. Жолбарыс, Жоңғар хандығының ішкі-сыртқы жағда- йын жақсы білесің ғой! Сондықтан сені мыңбасы ретінде Әмірсана мен Дауашыға қосып жібергелі отырмын. Лама Доржының  орда-  сын шауып, басын аласыңдар да, қалмақтың тағына Дауашыны отырғызасыңдар.

ЖОЛБАРЫС. Хан ием, қайдағы бір қашып-пысқан ханзадалар үшін қалмақпен қайта соғысқанымыз қалай болар екен?

АБЫЛАЙ. Бұл жолы өзіміз ғана қарсы шаппаймыз, қалмақтарды бір-бірімен қырқыстырып, есебімізді түгендеп, есемізді қайтарамыз! Осындай амал-айлаларға жүгінбесек, күшпен ала алмаймыз. Ханзада- ларды қолдап-қуаттау арқылы Жоңғарияға өз үстемдігімізді орнатуға күш саламыз! Ұқтың ба?

ЖОЛБАРЫС. Ұқтым, хан ием! Бірақ, Жоңғария әлі де қуатты мемле- кет қой. Ертең Дауашы мен Әмірсана жеңіліп қалып, басымызға пәле тілеп алмаймыз ба? Одан да қашқындарды ұстап беріп, Доржымен тығыз қарым-қатынас орнатып, тыныш отырғанымыз тиімді болмас па?

АБЫЛАЙ. Жоқ, онда Доржы тіпті күш алып кетеді. Оның күшейгені бізге  аса  пайдалы  емес.  Ол  сөзінде  тұрмайтын,  уәдесін ешқашан


 

орындамайтын сұмпайы емес пе?! Тақ үшін туған бауырын жа- мандыққа қиып, сарттарға құлдыққа сатқан қанішер бізді аяйды дейсің бе? Оған сенім жоқ.

ЖОЛБАРЫС. Әмірсана мен Дауашыға сеніміңіз бар  ма?

АБЫЛАЙ. Ешкімге сенбеймін. Бірақ тұтқында болған  кезде  бұл екі ноянның маған көп жақсылық жасағанын өзің де білесің. Оны ұмытуға болмайды, мойнымызға қарыз, адамшылығымызға сын. Тағы да қайталап айтамын, егер бұл нояндарды уысымыздан шығарып алсақ, жоңғарларға ықпал ете алмай қаламыз. Ал екі ортаға мәнжулер мен орыстар сыналап кірсе, олардың ғана емес, біздің де басымызға да қауіп төнері анық.

ЖОЛБАРЫС. Ойыңызды толық түсіндім, хан ием! Баяғы Жалбы Лама Доржының сәлемін алып келіпті.

АБЫЛАЙ. Жалбы?

ЖОЛБАРЫС. Иә, өзіңіз басын алған Шарыштың бауыры.

АБЫЛАЙ. Лама Доржы елшіге жарыған екен. Жалбы ел мен елді елдестіре ме, жоқ әлде, жауластырып тына ма?! Не дейді екен, көрейік, кірсін!

ЖОЛБАРЫС (қарауылдарға). Жоңғар елшісін  кіргізіңдер!

 

Қос қарауыл Жалбыны алып кіреді.

 

АБЫЛАЙ. Қош келдің, Жалбы! Қай Құдай айдап келді сені мұнда? ЖАЛБЫ.  Мен  Құдайдың  емес,  ұлы  мәртебелі  қонтайшы      Лама

Доржының атынан келіп тұрмын!

АБЫЛАЙ. Ұлы мәртебелі қонтайшың не дейді сонда?

ЖАЛБЫ. Бізбен бейбіт бітімді жалғастырғысы келсе, қанаттары- ның астына алып отырған Әмірсана мен Дауашыны кісендеп кері қайтарсын дейді.

АБЫЛАЙ. Өкінішке орай, бұл өтініштеріңді орындай алмаймыз! ЖАЛБЫ. Неге?

АБЫЛАЙ. Қазақ салтында бас сауғалап келген адам баласы түгілі, иесінен қашып келген ит те қайтарылмайды.


 

ЖАЛБЫ. Баяғыда қазақтар келіп сұрағанда, біз сені  қайтарып  едік. Сонда тату көрші болайық деп ант-су ішіп аттанып едің. Енді қонтайшының сөзін жерде қалдырмақсың ба?

АБЫЛАЙ. Елім елші жібергенде, мені алтын таққа отырғызу үшін сұрау салды. Ал сендер Дауашы мен Әмірсана ханзаданың басын алу үшін сұрап отырсыңдар.

ЖАЛБЫ. Солай ма? Ендеше сөз тәмам. Жасанған жасағымыз еліңнің дәл іргесінде тұр, бір-ақ сәтте басып кіреміз! Қалмақ ханза- даларын құтқарам деп, ордаң ойрандалып, тағы да тұтқынға түсіп қалып жүрме!

АБЫЛАЙ (сұрланып). Не деп тұрсың, ақымақ?!

 

Абылай қанжарын жарқ еткізіп суырып алып, жоңғар елшісінің тамағына тірейді. Олай болар деп ойламаған Жалбы сескеніп қалады.

 

ЖАЛБЫ. Елшіге өлім жоқ екенін білмеуші ме едің? Байқа, мені өлтірем деп, басыңа арылмас пәле тілеп алып жүрме!

АБЫЛАЙ. Алдымда тұрып асып сөйлегенің үшін басыңды алып, қонтайшыңа сәлемдеме қылып салып жіберуге де болар еді! Бірақ біз мұсылманбыз, сиынарымыз – бір Алла. Елшіні өлтіруге заңымыз тыйым салады. Сондықтан жаның – олжа, бар. Қонтайшыңа сәлем айт, тұрысатын жерін айтсын!

ЖАЛБЫ. Айтармыз, жеткізерміз бәрін...

 

Құтылған қасқырдай алақтаған Жалбы ашуға булығып шығып кетеді.


 

ЕКІНШІ АКТ

 

БІРІНШІ КӨРІНІС

 

Абылайдың ақ ордасы. Жолбарыс сұлтан қапқа салынған Дор- жының басы мен Әмірсананың хатын алып келді. Тері қаптың аузын ашып, Лама Доржының басын Абылайдың алдына домалатып тас- тай салды. Абылай кесір басты тұлымынан көтеріп, ашық қалған көзіне тура қарайды.

 

АБЫЛАЙ. Е, Лама Доржы, шектен шыққан қанқұмар ең, ақыры аузыңа қан құйылыпты ғой! Зұлым істерің мен сұрқия жауыз- дықтарыңнан алысқа ұзамайтыныңды біліп ем. Ашқарақтық пен тойымсыздықтың белгісіндей, басың кесілсе де, көзің жұмылмапты ғой!.. Тым ашқарақ, тым тойымсыз көз... Иә, айта бер, қалай болды?

ЖОЛБАРЫС. Біз Доржының ордасына түн ішінде басып кірдік. Ал сол мезгілде олардың негізгі жасағы Қабанбайдың қолымен соғысып жатқан еді. Ордада шағын күзет қана қалыпты. Ой-жоспарымыз толықтай жүзеге асты. Доржыны қолға түсіру қиынға соға қойған жоқ. Содан сіздің айтуыңыз бойынша, Дауашыны хан тағына отырғыздық. Бірақ ең соңғы ақпарларға қарағанда, енді Дауашы мен Әмірсана өзара билікті бөлісе алмай, бір-бірімен қырқысып жатқанға ұқсайды.

АБЫЛАЙ. Бұлардың түбіне осы билікқұмарлық пен алауыздық же- тер.

ЖОЛБАРЫС. Тақ таласы ғой баяғы.

АБЫЛАЙ. Иә, сол!.. Өздерінен хабар-ошар бар  ма?

ЖОЛБАРЫС. Артымыздан ілесе хат та келді. Дауашы «Дос көрші болу ниетін білдіріп, тұтқындағы қандастарымызды түгел қай- таратынын» айтып, сәлемхат жолдапты. Ал Әмірсана болса Дауа- шымен болған соғыста жеңіліп қалып, әупірімдеп қашып құтылған екен. Сол баяғы әуеніне қайта басыпты. Егер Абылай көмек бермесе, атымның басын шүршіт Боғдыханына қарай бұрамын деп сәлем жолдапты.


 

АБЫЛАЙ. Олардың жарылқай қоярына сенбеймін. Қайта олардың осындай талмауыт тұсын аңдып, алақандарына шырт түкіріп отыр ғой.

ЖОЛБАРЫС. Бізге бәрібір емес пе?

АБЫЛАЙ. Жоқ, бәрібір емес. Егер араға шүршіттер араласса, қай жағынан болсын ұтыларымыз анық. Біздің тағдыр-талайымыз жоң- ғар еліне тікелей байланысты. Олардың шаңырағы шайқалса, біздің де ұйқымыз тыныш болмайды.

ЖОЛБАРЫС. Онда Әмірсанаға тағы бір мәрте көмек беріп, оны таққа отырғызу керек шығар.

АБЫЛАЙ. Жоқ. Ел әбден қажып, қалжырады, қайта-қайта дүрлік- тіре берудің қажеті жоқ! Ендігі соғыс екі жаққа да тиімсіз!

ЖОЛБАРЫС. Ұқтым, хан ием!

 

 

 

ЕКІНШІ КӨРІНІС

 

Сахнада Топыш пен Әмірсана. Топыш ашулы, Әмірсанаға өкпе- назын айтып, долданып жүр.

 

ТОПЫШ. Не бетіңмен келіп тұрсың? Таққа таласып, елді торғайдай тоздырып жібердіңдер ғой! Сенің кесіріңнен еліміздің шаңырағы опырылып ортасына түсіп, күлі көкке ұшты. Доржымен, тіпті бұрынғы жақтасың Дауашымен қырқысқаннан тапқан пайдаң осы ма? Ақыры не болды? Шүршіттерге жем болдың!

ӘМІРСАНА. Бұлай болар деп ойламадым. ТОПЫШ. Енді қалай болар деп ойлап ең?

ӘМІРСАНА. Олар мені алдап соқты, қателескенімді кеш білдім! ТОПЫШ.  Табаламаймын!  Табалағым  да  келмейді.  Бірақ     астам-

сығанның ақыры осылай боларын біліп ем. Шүршіттердің саған Жоңғарияның билік тізгінін ұстатпайтыны белгілі еді ғой. Олардың ойын білмеуші ме ең, Құдай-ау?! Сен арқылы сол арам ойларын іске асырды, дегендеріне жетті. Жоңғар мемлекетін құлатып,   халқының


 

мойнына қыл бұрау салды, ал оған көнбегендерді аяусыз жазалап жа- тыр. Не бүлдіргеніңді білемісің өзі?! Басқыншыларды бастап келіп, ордаңды ойрандатып, халқыңды қынадай қырғыздың? Ел-жұртыңды олардың аяғының астына салып беріп, таптаттың, жаншыттың! Жеріміз өлікке толды, даламыз қан сасыды. Осының бәріне сен кінәлісің! Сен кінәлісің! Сен...

ӘМІРСАНА. Кінәлімін! Не істесеңіз де қолыңызды қағар жайым жоқ! Ақтала да алмаймын! Алам десеңіз, жаным құрбан, шабам десе- ңіз, міне, басым!

 

Өзі де қайғы-қасіреттен қан жылап тұрған Әмірсана ештеңе деп ақталмай, «кінәлімін» деп басын иіп тізерлей отыра қалады. Топыш бір кезде Әмірсананың басынан сипайды.

 

ТОПЫШ. Артың қанды із, алдың жар, енді қайда бармақсың? ӘМІРСАНА.  Кінәмді  қанмен  жуам!  Өлсем  де,  соғысып  өлем, жас-

тығымды ала өлем!

ТОПЫШ. Алдымен демал, аптығыңды бас.

ӘМІРСАНА. Демалатын уақыт емес! Тездетіп Абылайға жолық- тыр! Көмектессе, жасақ берсе, Шың еліне қарсы ұлы жорық бастай- мын! Кеудемнен жаным шықпай оларға тыныштық бере қоймаспын! Елім мен жерімді азат етпей, тыным таппаспын!

ТОПЫШ. Дәл қазір кесіп-пішіп ештеңе  айта  алмаймын.  Сені  ұстап беру жөнінде Ежен ханнан хат келіпті. Соған орай Хан кеңесі шақырылды. Сенің осында екеніңнен Абылай хабардар, бүгін-ертең оны мазалаудың қажеті жоқ. Білуімше, онда сенің де жай-күйің қаралмақ. Сондықтан әзірше әліптің артын баға тұруға тура келеді. Асығыстық жасама. Шешімді содан соң Абылайдың өз аузынан естірсің! Ал әзірше аздап демала тұр. Жай-күйіңнің бәрін өзім айтып жеткізем. Хабар өзімнен болады. Абылайдың сырын менен гөрі сен жақсы білесің ғой, қолынан келгенін аянып қалмас. Жауға бермес, жамандыққа қимас!


 

ӘМІРСАНА. Иә, оныңыз рас! Білгендіктен де, сенгендіктен де келіп тұрмын! Олай болса, хабарды өзіңізден күтермін!

 

Әмірсана шығып кетеді.

 

ТОПЫШ. Қайран, аңғал бауырым-ай! Қатты қателестің ғой. Енді шүршіттердің қанды құрығынан құтылу қиын-ау, сірә!.. Отпен ой- наймын деп, оңбай күйіп қалғаныңды өзің де білмей қалдың-ау!.. Қайтейін, көздің жасын көл қылғаннан басқа қолдан келер ештеңе жоқ! Жамандықты емес, жақсылықты ойлағың-ақ келеді, әй, бірақ ендігі үміт шырағы да сөніп қалған сыңайлы!.. Ішімнің удай ашып, қыжылдатып бара жатқаны-ай!.. Елжіреген елім-ай, қалжыраған халқым-ай!.. Не боп барады мына жалған, опасыз сұм дүние?!.

 

Топыш қапалы. Көзінде жас. Бір орнында тұра алмай, арлы-берлі сенделіп жүр. Осы кезде Абылай келеді.

 

АБЫЛАЙ. Не болды, Топышжан-ау?

ТОПЫШ. Елдің жайын ойлап, өзегім өртеніп барады. Әмірсана  тағы да бүлдірді ғой, күйдірді ғой!

АБЫЛАЙ. Иә, бәрін естіп-біліп отырмын!

ТОПЫШ. Тағы бір мәрте көмектессең... Ақырғы рет... Әмірсананың ғана емес, менің де өтінішім осы! Бұдан кейін қолқа салмаймын!

АБЫЛАЙ. Шүршіт осал жау емес, сұсы да, күші де басым! Олармен соғысып опа таппаспыз!

ТОПЫШ (жыламсырап). Осымен еліміздің жарығы мүлде сөніп, жұлдызы мәңгілікке ағып түскені ме?! Ақырғы рет демеп жіберіңізші, тұяқ серпер соңғы мүмкіндік те осы шығар!.. Сұранамын, соңғы рет көмектес!

 

Абылай ойланып тұрып қалады. Бірақ тіс жарып, ешқандай уәде бере қоймайды. Ойлы кейіпте Топышқа жақындап келіп, бауырына тартып, құшағына қысады.


 

ҮШІНШІ КӨРІНІС

 

Абылай ханның ордасы. Хан кеңесі.

 

АБЫЛАЙ. Ат арытып, аман-есен жеттіңіздер ме? Ортамыз толып, төрт көзіміз түгел қауышқанымызға қуаныштымын. Ел жағдайын ескеріп, жедел жеткендеріңізге ризашылығымды білдіремін! Неге шақыртқанымды шет жағалап біліп отырған шығарсыздар. Жоңғар елінен соңғы хабар келіп жетті, алатайдай бүлініпті. Әмірсана Да- уашыдан жеңілгеннен кейін біздің қайта  көмек  бермейтінімізге  көзі жетіп, Шың еліне қашып барыпты. Боғдыханмен құпия келісім- шарт жасасып, туған еліне шүршіттерді өзі бастап келіпті. Соның арқасында жасанып келген жау жасағы жоңғар елін тез-ақ басып алып, өз билігін орнатыпты. Дауашы қолға түсіп, жазаға тартылған көрінеді. Бірақ Әмірсананы Жоңғар тағына отырғыза қоймапты. Осыған ашуланған әрі жат жұрттықтардың өз елін қанды қырғынға ұшыратқанын көзімен көрген Әмірсана оларға қарсы көтеріліпті. Бірақ мұздай қаруланған қалың қолға Әмірсананың шамасы қайдан келсін?! Күйрей жеңіліп, тағы да атының басын бері бұрыпты. Шүршіттердің ендігі көксегені – қазақ елі екені белгілі. Олар Әмірсананы қуған боп, елімізге тарпа бас салуы ғажап емес. Жаман айтпай, жақсы жоқ, қапыда қалмай, қамданбаса болмас! Оның үстіне Қытай императоры Цянь- луннен хат келді. Алдымен сонымен таныс болыңыздар. (Хатшысына қарап)  Оқы.

ХАН ХАТШЫСЫ (орнынан атып тұрып хатты дауыстап оқи бастайды). «Қазақ ханы Абылайға! Соңғы жылдары жоңғарларды бүлік жайлап, бір-бірімен қырқысуы салдарынан ойрат жұрты торғайдай тозып, кіріптарлыққа ұшырап, ел болудан қалған  еді.  Мен күллі аспан астының әміршісі ретінде бұған қол қусырып қа-  рап отыра алмай, көктің атынан жаза жорыған жасап, Ілені бейбіт күйге келтірдім. Оларды тыныштықтың рахатына бөлеп, бақытқа кенелттім. Бейбітшілікті баянды ету үшін кейінгі істерді кезегімен тындырар тұста опасыз Әмірсана ойда-жоқта бүлік шығарып, әбден құтырып, шегіне жетті. Сондықтан амбандарыма қалың қолды бастап,


 

оның соңынан қуғындауды ерекше тапсырдым! Оның үстіне жоңғар тайпаларының тайжы, зайсандары да бізді жақтап, әділетті жасақ құрып, оны өздері ұстауға жұмылуда. Білуімізше, қазір қару көтеруге қауқары қалмай, жұртын тастай қашқан Әмірсананы сіздер панала- тып отырған көрінесіздер. Қылмысы басынан асатын қарақшыны қайда барса да, біз бәрібір ұстап жазалаймыз! Қарақшының арамза сұрқиялығына келсек, оның құлқы сіздерге жақсы мәлім болса керек. Оны әсте қанатыңыздың астына алушы болмаңыз! Егер қарақшыны паналатып, қорғаштар болсаңыз, ұлыстарыңызға кесірі тиеді. Бір адамды қорғаймын деп, жауыңызды көбейтіп алмаңыз! Оның үстіне жер қайысқан қалың қолымыз дәл іргеңізде тұр. Біздің көп әскеріміз қашқынды тұзақтау үшін жеріңізге  басып  кірсе,  ұлысыңыз  бере-  ке таба қоймас. Оның арты орны толмас өкініш деген сөз. Пайда- зиянын құнттап ойланарсыз, ал егер жарлығымызды бұлжытпай орындап, Әмірсананы ұстап берсеңіз, менің мәңгі жарылқауымда боласыз! Егер сіздер Әмірсананың қулығына сеніп, ойларыңыздан қайтпасаңыздар, онда қосындарымыздың қатарын тіпті көбейтіп, елдеріңізді тып-типыл етеміз! Алда үлкен өкінішке қалмай, пайда мен зиянды мұқият салмақтағандарыңыз жөн болар!»

АБЫЛАЙ. Міне, көріп отырсыздар, Ежен ханның сөзі тым өктем, астарынан астамшылық байқалып тұр. Жер қайысқан қолының іргемізде тұрғанын ескертіп, сес көрсетеді. Қорқытып-үркітіп айт- қанын өткізіп, ойындағысын істегісі келеді. Хан  кеңесін  шақыр-  тып, сіздерді жинағаным да сол. Көп болып кеңесіп, ортақ шешімге келейік! Кәне, не айтасыздар? Қандай ақыл-кеңес қосасыздар? Төлеке, төбе биіміз өзіңіз, бастаңыз!

ТӨЛЕ БИ. Әмірсана төрт ойраттың түбіне жетіп қана қоймай, Ежен ханға қараған соң, опасыздықпен қайта бүлік шығарып, бері қашты да, тыныш жатқан біздің елге кесірін тигізе бастағанын көріп отырмыз. Егер оны тез арада шүршіттердің қолына ұстап бермесек, тыныштық болмас. Елдің қамын ойласақ, Әмірсананы ұстап беруіміз керек!

АБЫЛАЙ. Әмірсана басына күн туып, жан сауғалап келіп отыр. Бұтаға қорғалаған торғай да аман қалады. Бұта құрлы бола алмасақ, жер басып тірі жүргенімізден не пайда, не қайыр?! Торғайдың күйін кешкен адамды ұстап беру жарамас.


 

БҰҚАР ЖЫРАУ. Ашуланба, Абылай!

Ашулансаң, Абылай, Көтерермін, көнермін, Көтеріп қазға салармын. Өкпеңменен қабынба, Өтіңменен жарылма.

Шүршітпенен соғысып, Басына мұнша көтерген Жұртыңа жаулық сағынба! Абылай ханның қасында Бұқарекең жырлайды.

Жырлағанда не дейді, Соғыспа деп жырлайды. Бұқарекең деген кәріңіз, Соғыссаң кетер сәніңіз. Бізден бұрын өтіпті Ғазіреті Ғалі шеріңіз.

Жаулық жолын сүймеңіз, Мынау жалған сұм дүние Өтпей қалмас демеңіз!

Шүршіт алмас демеңіз, Наны қатты жемеңіз, Зәбірі қатты бұл шүршіт Алмай қоймас демеңіз!

Шүршіт келем деген сөз бар-ды, Егер шүршіт келмесін,

Егер шүршіт қаптаса, Алып бір кетер ақтарып Көмулі көрден денеңді. Келіп бізді қамайды, Үйтүндік пен беленді.

Сірә, ғана шер енді. Шүршіт келсе жарамас, Ай-түйіңе қарамас.


 

 

ӘЙТЕКЕ БИ. Әп, бәрекелді, күміс көмей әулием-ай, қиып та, тіліп  те айтасың-ау! Менің де айтарым осы. Өзіңді құрметтеп басына шығарған жұртыңды тектен-текке шүршітпен қырылыстырып, оба- лына қалма! Біздің ешқашан олармен тереземіз теңесе алмайды. Егер талап-тілегін орындамасақ, күші мен мысы басым жаудың жерімізге басып кіруі әбден мүмкін! Қалмақтар сияқты қанды қырғынға ұшы- рап, солардың кебін киіп жүрмейік. Сондықтан мен де Әмірсананы ұстап беріп, бейбіт келісімге келуді қалаймын!

ҚАЗЫБЕК БИ. Әмірсананы ұстап берерміз-ау, бірақ іс онымен біте қалады дегенге өз басым еш сенбеймін. Бұға берсең, сұға береді. Бір уақ күш-қуатымыздың қандай екенін көрсетіп қойғанымыздың да еш артықтығы болмас! Әмірсананы сылтауратып жерімізге басып кірсе, міндетті түрде қолымызға қару алып, қасқайып қарсы тұрып, беттерін қайтару керек!

ЖӘНІБЕК ТАРХАН. Қытайлардың жоңғарларды қалай қырып- жойып, күл-талқанын шығарғанын көріп-біліп отырмыз. Жоңғар даласында өлгендердің мәйіті шашылып жатыр. Қырғынның көптігі сондай, өзен-көлдері қып-қызыл  қанға  боялды.  Өртенген  ауыл-  дар мен дала-орманның түтіні күннің бетін көлегейлейді. Әй, Абы- лай, сенің тегің де, қатының да қалмақ. Қаның мен қарыңа тартып, қайдағы бір қашқын үшін қол астыңдағы халықты құрбандыққа шалғалы  тұрмысың?!

АБЫЛАЙ. Әй, Жәнібек не оттап тұрсың? Мен кіммін? Иә, қанішер Абылайдың Уәлиінен қалған жалғыз тұяқ – Әбілмансұрмын! Түр- кістанда тудым, ат жалын тартып мінер кезімде ата-анам қалмақтың қолынан қаза тауып, тұл жетім атандым! Тірі қалу үшін ата-тегімді жасырып, Төле бидің есігінде жалшы болдым! Қой, түйе, жылқы бақтым, отын жарып, жүк артып, іркіт пістім! Қайғы-қасіреттің қара шекпенін қанша жамылсам да, жігерімді еш жасытпадым, ба- сымнан сөз асырмадым! Қара су ішіп жүрсем де, еңсемді түсірген емеспін! Өмірім қауіп-қатерге толы болды... Менің осыншалықты қайғы-қасірет арқалап, азап шегуіме кім кінәлі? Әрине, қан іздеген қалмақтар. Ендеше Әмірсанаға бүйрегім бұра қоймас. Бірақ  жасанып


 

келген жауға қарсы шаппасақ, көп нәрседен ұтыларымыз хақ! Ары- ны күшті дұшпанның аптығын басып, азу тісімізді көрсетіп қоймасақ болмайды! Егер алдына түсіп жорғалай берсек, басынғанның көкесін көрерміз. Олар Әмірсананы алдыға салып біздің күш-қуатымызды да байқап көрмек! Әйтпесе, әскерін бірден шекарамызға әкеліп қоя ма?! Бұның артында айтқызбай ұғар көп сыр жатыр. Ойлары бола қоймас. Қазақтың алыспай беріспейтінін, оңайлықпен алдыра қоймайтынын білсін! Көздері жетсін!

ҚАБАНБАЙ БАТЫР. Әрине, ой алаң, көңіл күпті. Бірақ одан да маңызды жайттар бар. Ел екенімізді, жұрт екенімізді, біздің де өз талап-тілегіміз бар екенін жеткізіп, күш-қуатымызды байқатып қойғанымыз жөн. Елдік намыс пен ұлттық рух сыналар тұс осы. Егер басқыншы ел жерімізге басып кірсе, жақсылап тойтарыс беру керек! Абылайдың сөзінің жаны бар, бұл жерде Әмірсана тек сыныққа сыл- тау ғана. Шүтшіттердің ойы белгілі... Еліміздің шаңырағын ортасына түсіріп, халқымызды басып-жаншып, жерімізді меншіктеп алу! Ал бұған жол бере қоймаспыз! Ел емеспіз бе, бас имейміз, майдан дала- сында атой сап, ашық айқасқа шығамыз!

БӨГЕНБАЙ БАТЫР. Ой, батырым-ай! Айтқаның орынды. Өктемдік пен өштіктің жетесін желкесінен қию керек! Егер жау жерімізге басып кірсе, қару алып қарсы шабамыз! Басқа жол жоқ! Оларды тайраңда- тып, төбемізге шығарып қоя алмаймыз! Ізденіп келген жауға қарсы қылыш сілтей алмасақ, елдігімізден қандай қадір-қасиет қалмақ?!

ДАУЫСТАР. Жөн-ақ! Бәріміз де осы ойды қолдаймыз! Құлдық ұруға, басымызды бұғып қалуға болмайды! Қарсы шабуылға шығып, қытайларды келген іздерімен кері қуамыз!

АБЫЛАЙ. Иә, алған бетіміз дұрыс. Жан жалпақтағаннан, жас- қанғаннан емес, жағаласқаннан қалады. Жоңғарлардың түбіне жет- кен алауыздық, осы кеселді дерттен арылмай, біздің де көсегеміз көгере қоймас! Береке басы –  бірлікте.  Ынтымағы  ұйысқан  іргелі ел екенімізді танытып, жауға қарсы  шабамыз!  Дұшпанның  күші  мен сұсы басым екен деп, қорқыныш пен үрейге бой алдырмаңдар! Жігерлерің жасып, тауларың шағылмасын! Қанша мықты болса да, әркімнің  өз  әлсіз  тұсы  бар,  басқыншының  басын  алып, тас-талқан


 

етеміз! Батырлардың бәріне хабар беріңдер, сарбаздарын жинап, тезірек атқа қонсын!

 

Осы кезде шүршіт қолының беталысын білуге жіберілген барлау- шы кіріп келіп, көрген-білгендерін айта бастайды.

 

САДЫР КӨЛБАЙ. Шүршіттер жерімізге тақап қалды. Оларды екі бағытпен Дардана мен Хадаха қолбасылар бастап келеді. Бірі оңтүс- тік-шығыстан, екіншісі солтүстік-шығыстан. Жасақ саны қырық мыңнан асып жығылады. Атты және жаяу әскерлерінің саны тең. Мұздай қаруланған, от шашқыштары да бар.

АБЫЛАЙ. Айттым ғой, олардың Әмірсананы қууы көз алдау ғана. Көкейлерінің түкпірінде не жатқаны белгілі. Тездетіп атқа қоныңдар, алдарынан шығып, ойламаған жерден шабуыл жасап, бетін қайтармасақ болмайды! Қабанбай батыр, сен өзіңе Әмірсананың жасағын қосып ал да, оңтүстік жағынан ти! Ал, Бөгенбай батыр, сен жасағыңды солтүстік жақтан бастап шығарсың! Ал,  Жәнібек  ба-  тыр, сен қарсы салып, тура қақ маңдайынан ұрарсың! Ал, іске сәт, батырлар! Әділет біздің жақта! Біз жеңеміз! Жерімізді жат жұрттық басқыншыларға таптатпаймыз, туған елді қорғауға тиіспіз! Жеңілсек бодандықтың қамытын кигеніміз, ендеше шегінерге жол жоқ! Иә, Алла, өзің жар бола гөр! Ата-баба аруағы қолдасын!

ДАУЫСТАР. Жауды жерімізге кіргізбейміз! Біз жеңеміз! Әділет біздің жақта!

 

 

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

 

Қазақ пен шүршіттердің қолы майдан даласында кездесіп, қиян- кескі ұрыс жүріп жатыр. Абылай шатырында соғыстың барысын сырттай бақылап тұрады. Қасында Жолбарыс сұлтан. Күн бесінге таянғанда шүршіттердің тауы шағылып, маңдайлары тасқа соғылып, біртіндеп шегіне бастайды.


 

АБЫЛАЙ. Айтпадым ба, ерлерім, ерледіңдер! Біз жеңдік! Құдай бұйыртса, жеңіс тойын тойлаймыз!

ЖОЛБАРЫС. Хан ием, Шың елінің елшісі келіп тұр. АБЫЛАЙ. Оларға тағы не керек екен?

ЖОЛБАРЫС. Өзіңізбен бетпе-бет сөйлескісі келеді. АБЫЛАЙ. Кірсін!

 

Шың елінің елшісі На-Ванг кіреді.

 

АБЫЛАЙ. Иә, не шаруамен келдіңіз? Айта беріңіз!

НА-ВАНГ. Қалың қолымыз сіздің елге тек Әмірсананы ұстау үшін ғана келген болатын. Әскерімізге қарсылық көрсеттіңдер, сол үшін қанды шайқас болды. Қазір күн суытып келеді, жасағымыздың бұдан әріге мүмкіндігі жоқ, амалсыздан атымыздың басын кері бұрғалы тұрмыз. Бірақ келер жылы қайта келеді. Әмірсана қолға түспесе, әскеріміз қазақ жеріне келуін тоқтатпайды. Ендеше елдеріңізде тыныштық бола ма? Ұлы мәртебелі патшамыз сізге дұғай сәлем жол- дады. Егер Әмірсананы ұстап берсе, бүкіл талап-тілектеріңізді орын- даймыз деп уәде беріп отыр. Ұлы империямызға қарсы қару көтерген бүлікшіге ешқандай кешірім мен аяушылық болмайды. Біз оны қалайда тауып, қатаң жазалаймыз. Ол бізден қашып құтыла алмайды. АБЫЛАЙ. Әмірсананы ұстап бермекші ек, ол соны сезіп қойып, қашып кетіпті. Егер ол жерімізге қайта аяқ басса, қалайда ұстап беру-

ге тырысамыз.

НА-ВАНГ. Сіздер сонымен қоса ұранқайлар мен торғауыттарға шабуыл жасап, жерлеріне басып кіріпсіздер. Көп адамды тұтқындап, малдарын айдап кетіпсіздер. Соларды шып-шырғасын шығармай қайтарыңыздар!

АБЫЛАЙ. Біз ешқандай да ұранқайлар мен торғауыттардың жеріне басып кіргеміз жоқ. Тек кезінде солар иеленіп кеткен қазақ жерлерін өзімізге қайтарып алдық. Тарбағатай өлкесі, Ертістің жоғарғы ағысындағы алқаптар, Іленің бойы қазақтардың ежелгі мекені. Біз ол жерлерге қазақтарды қоныстандырамыз. Осыны императордың назарына жеткізіңіз.


 

НА-ВАНГ. Мынаны ұғынуыңыз ләзім: жоңғарлар жайлаған жер- лердің барлығы да – біздің иелігіміз. Ал сіздер өз елдеріңіздің топырағын қапысыз қорғаңыздар! Біздің иелігімізге бей-берекет тиісуші болмаңыздар. Қазақтың жері онсыз да аса кең, сондықтан сол бұрыңғы шекараларыңды сақтағандарың жөн. Ұлы мәртебелі патша- мыз ұранқайлар мен торғауыттардың ауылын әдейі шапқызғаныңыз- ды біліп отыр. Бұндай қастықтарыңызды дереу доғарыңыздар! Сөз- бұйдаға салсаңыздар, ұлы патшамыздың қаһарына ұшырайсыздар!

АБЫЛАЙ. Шың империясы өзін Жоңғар хандығының құқық мұрагері санайды. Ол жерлер ежелден қазақтың атамекені екенін,  бір кезде қалмақтар күшпен басып алып, иемденіп келгенін мойындағысы келмейді. Біздің көңілімізге кірбің ұялатар жайт осы. Қандай күші асқан мемлекет болса да, егер бізге қоқан-лоққы жаса- са, табандап қарсы тұрамыз! Алтай мен Атыраудың, Ертiс пен Едiлдiң, Арқа мен Алатаудын арасындағы ұланғайыр атырап – көшпелі қазақ жұртының бағзыдан бергi iрге тепкен атақонысы, алтын бесiк ата жұрты. Агараки, кiмде-кiм осынау касиеттi жерiмiзге көз алартып, шырқымызды бұзар болса, өз қанына өзiн тұншықтырарымызды бiлiп койғаны абзал. Төсекте басымыз қосылмаса да, төскейде малы- мыз қосылған қай көршiмiзге де айтарымыз осы. Дос болғанға құшағы ашық туыспыз, қас қылғанға қиып түсер қылышпыз. Ал сіздер айтып отырған тұтқындағы ұранқайлар мен торғауыттар толықтай босаты- лып, елдеріне қайтарылады. Олардың есебін алып, анықтап, Жолба- рыс сұлтан арқылы хабардар етерміз!

НА-ВАНГ (жымысқылана). Тағы не айтпақсыз? Айтып қалыңыз!

АБЫЛАЙ. Айтсақ мынау: біз қытай елімен сауда-саттық жасағанды жөн көріп отырмыз! Тұрпаннан жәрмеңке ашсақ, екі жаққа да тиімді болар еді.

НА-ВАНГ. Әлбетте, тақсыр, айырбас сауда жасауға біз де мүдделіміз! Бұл талабыңыздың көп кешікпей іске асатынына сенімдімін! Тек жәрмеңкені Тұрпаннан гөрі Үрімжіден ашу қолайлырақ болар еді.

АБЫЛАЙ. Үрімжі алыстау ғой, сондықтан Тұрпаннан ашқан тиімдірек болар еді. Қалай болғанда да, біз, қазақтар бейбітшілік сүйгіш елміз, бейбіт келісімдер жасауға әр кез дайынбыз!


 

НА-ВАНГ. Ұлы мәртебелі патшамыздың көздегені де осы. «Бір әке- нің баласындай болайық, ұлымдай болсын!» деп сәлем жолдағаны  да осының айқын айғағы емес пе?! Біз, әрине, бұндай тиімді ұсыныс- тарды қолдап-қуаттауға әр кез әзірміз! Ал әзірге аман-сау болыңыз!

АБЫЛАЙ. Елдеріңізбен есен көрісіңіздер! НА-ВАНГ. Айтқаныңыз келсін!

 

Шың елінің елшісі шығып кетеді. Абылай хан мен Жолбарыс сұл- тан  екеуі  оңаша қалады.

 

ЖОЛБАРЫС. Бейжіңге жіберген тыңшымыз қайтып оралды. АБЫЛАЙ. Иә, айта бер!

ЖОЛБАРЫС. Әмірсананы қуғындап жерімізге ішкерілей енген қырық мың қолды Дардана мен Хадаха генералдар бастап келгенін өзіңіз де жақсы білесіз. «Әмірсананы ұстай алмады, оның үстіне масқара боп қазақтардан жеңіліп, әскерді көп шығынға ұшыратты» деп, шүршіттердің императоры екі қолбасыны да лауазымынан айы- рып, шендерін сыпырып алып, абақтыға жауып қойыпты.

АБЫЛАЙ (ойланып). Бұның естір құлаққа жағымды жаңалық екені рас! Бірақ келер жылы қайтып келсе, не істейміз?! Олардың саны    да, сұсы да басым. Екі жүз мыңға дейін әскер шығара алады. Қару- жарақтары да сай. Сондықтан ендігі болар шайқастардың алдын алып, бәрін мәмілегерлік жолмен шешу керек! Әмірсанадан тезірек құтылып, қалайда олармен достық қарым-қатынас орнатуға күш са- луымыз керек!

ЖОЛБАРЫС. Бұл ойыңызға толықтай қосыламын, хан ием!

АБЫЛАЙ. Мына елшінің ниет-пиғылын көрдің ғой. Бірақ біз бәрібір ата-бабаларымыздан қалған жерімізді жат жерліктерге тап- татпауымыз керек! Ұлтарақтай жер өзге елдің еншісінде кетпесін! Бұнда қазақтың жаны тұр. Сондықтан ежелгі қазақ жерлерінің бәрін өзімізге қайтарып алудың жолын қарастырып, қам-қаракетін жасау керек. Босап қалған мекендерге халықты тез арада көшіріп, қоныстандыру керек!


 

ЖОЛБАРЫС. Иә, хан ием! Бұл игілікті іс басталып та кетті. Қабанбай мен Барақ батырлар өз қарауындағы елді алып Тарбағатай өлкесіне қарай жылжып барады. Бірақ шүршіттердің тосқауылына ұшырап жатқан көрінеді. Бір-екі мәрте қақтығысып та қалыпты. Сол жақта орнығып қалған торғауыттармен де шарпысып қалғанға ұқсайды. Оның үстіне осы өлкені түбегейлі игеріп, толық меншіктеу үшін  Шың империясы ішкі жақтан хань нәсілді жұртты өз еріктерінен тыс, мәжбүрлеп әкеліп қоныстандырып жатқан жайы бар.

АБЫЛАЙ. Міне, көрдің бе, олар да ол жерлерді оңайшылықпен бере салмайды. Ондағы торғауыттарды бағындырып, өз иеліктеріне қосып алсын. Ал бағынғысы келмейтіндерін тықсырып, ішкеріге қарай түре қусын. Керек болса қол жинап барып шапсын. Әйтеуір жерімізді жат жерліктерден тазартсын. Олардың өздерімен бірге арқалап келген жері жоқ. Жер біздікі, қазақтың ежелгі өрісі. Қабанбай мен Бараққа жеткіз, өте сақ қимылдасын. Ең бастысы, қарамағындағы қаймана халықты қанды қырғынға ұшыратып алмасын! Көп кешікпей қырғыздар мен қоқандықтарға да жаза жорығын жасап, олар басып қалған елді мекендерді де өз иелігімізге толықтай қайтарып аламыз!

ЖОЛБАРЫС. Ұқтым, хан ием! Тапсырмаңызды бұлжытпай жет- кізем! Ресейден де елші келіп жатыр. Қабылдайсыз ба?

АБЫЛАЙ. Олардың да көмекейлерінің бүлкілін сезіп тұрмын. Де- генмен, кірсін, көрейік!

 

Ырғала басып, ызбар шашып, Ресей елшісі кіреді.

 

УРАКОВ. Амансыз ба, сұлтан?

АБЫЛАЙ. Аман-есенбіз! Иә, айта беріңіз, нендей шаруамен жүрсіз? УРАКОВ. Қалмақ ханзадасы Әмірсана қашып келіп, сіздерді па- налаған көрінеді. Оның ешкімге де опа бермесі анық.   Бастарыңызға

бәле тілеп қайтесіздер, оны біздің қолымызға беріңіздер!

АБЫЛАЙ. Әмірсананың қайда жүргенінен хабарымыз жоқ. Сон- дықтан ол туралы ештеңе айта алмаймын.

УРАКОВ. Сенейік-ақ делік. Дегенмен Ресей патшалығы тарапы- нан  Орта  жүзге  хан  болып  тағайындалғаныңызды куәләндіретін


 

белгілерді қабылдау үшін Орынборға, одан әрі Петербургке ба-  рып қайтқаныңыз дұрыс болар. Біз соған сізді ресми түрде шақыра келдік.

АБЫЛАЙ. Қазіргі уақытта Қашқария қырғыздары Айходжа мен Күнходжа Жаркент қаласына жорыққа дайындалып жатқан көрінеді. Бұл жердегі халық Ташкент, Түркістан, Бұқараға көпестермен еріп көшіп жатыр. Сондықтан Ташкентті, Түркістанды және тағы басқа қалаларды жат жұрттықтардан тазартып, Жаркент қаласына апара- тын керуен жолдарын тыныштандыруымыз керек!  Маған  бәрінен де өз халқымның тыныштығы қымбат. Осындай қысылтаяң шақта халқыма қорған болуым керек. Сол себепті әл-әзір ешқайда бара ал- маймын, Ресей билеушілерімен кездесуге уақытым жоқ.

УРАКОВ. Сіз ұлы мәртебелі патшамыздың Орта жүзге хан сайлаған жарлығын алмай заң жүзінде хан болып, билік жүргізе алмайсыз!

АБЫЛАЙ (сұстанып). Мені халқым хан сайлады, ендеше бұған қо- са айрықша бір куәлік алудың қажеті қанша?

УРАКОВ. Аааа... Солай ма?! Ендеше мынаны есіңізде сақтаңыз, Зоңғардан Тарбағатайға дейінгі жерлер – Барабы татарларының жері, ұранхайлардың қонысы. Сізден сұрайтынымыз, арамыздағы көршілік татулықты бұзбас үшін қарауыңыздағы халыққа Ертістің ішкі және шығыс жағына малымен өтпеуді қатты тапсырыңыз! Өзді-өзіміздің жер шегімізге ие болайық. Өз тұрмыс қамдарыңызды жақсырақ ойлаңыздар! Адамдарыңызға шекараны бұзып, сұғанақ- тық жасауға ерік беруші болмаңыз!

АБЫЛАЙ (сұрланып). Ешқандай Барабы татарларын білмеймін, естіген де емеспін. Жер біздікі! Оған ешкімнің дауы болмаса керек.

УРАКОВ. Кімнің жерін кім даулайтынын әлі көре жатармыз. Бізді алаңдататын ол емес. Білейік дегеніміз, Қытай патшасының кіші Бұқарияның Жаркент, Қашқария, Ташкент және Түркістан қалаларын басып алмағы туралы, үлкен Бұқарияны, Хиуаны, содан кейін пар-  сы   жұртын   иемденгісі   келетіні   туралы   қауесет   бар.   Сондай-ақ,

«Түріктермен және Қырым хандығымен келісіп Ресейге қарсы соғыс ашпақ-мыс» дегенді де естідік. Егер Ресей мен Қытай соғыса қалса, кімді қолдар едіңіз?


 

АБЫЛАЙ. Ешкімді де. Бізге бәрінен де тыныштық қымбат. Құдай қосқан көршілермен тату-тәтті ғұмыр кешіп, бейбіт өмір сүргіміз келеді.

УРАКОВ. Шынымен осындай ойда болсаңыз, тұтқындарыңыздағы адамдарымыз мен барымталап кеткен жылқыларды түгел қайтарып беріңіздер!

АБЫЛАЙ. Ондай жағдай болуы мүлде мүмкін емес. Естімеген, жоқ нәрсені іздей алмаймын. Тек осыдан үш жыл бұрын және былтырғы қыста қытай мен жоңғар жерлеріндегі соғыста қолға түскен ұранқайлар мен торғауыттар ғана бар. Тұтқында олардан басқа ешкім жоқ. Егер шынымен солай болса, онда қандай одақтастық бо- лады. Өткен жылы сіздің әскерлер біздің 42 адамымызды тұтқындап алып кетті. 24 адам босатылды, ал 1300 жылқы мен 13 байдың үй- мүліктерінен 382 жылқы ғана қайтарылды.

УРАКОВ. Мен бұл жайында ештеңе білмейді екенмін! Бұл тала- быңызды жоғары басшылықтың назарына жеткізіп, мал-жанда- рыңызды түгелдей қайтарып беруге тырысамыз!

АБЫЛАЙ. Біз Ресейге иек артып, көп үміт күткен едік. Алайда бекіністегі кейбір командирлер қазақтарға әлі де тізесін батырып, шаш-етектен зиян шектіріп отыр. Сондықтан мен сіздердің құр сөздеріңіз бен құрғақ уәделеріңізге онша сене қоймаймын.

УРАКОВ. Неге?

АБЫЛАЙ. Сіздердің билеушілеріңіз уәдені үйіп-төгіп береді, бірақ еш орындамайды. Басымызға күн туғанда да көмек қолын созған жоқ. Қолдаған да, қорғаған да емес. Керісінше біздің хандық билігімізге қауіп төндіріп, қос өкпемізден қысып келеді.

УРАКОВ. Айтқаныңыздың бәрін генерал-губернатор Неплюевке айна-қатесіз жеткіземін, сұлтан!

АБЫЛАЙ. Сізді жіберген Неплюев пе?

УРАКОВ. Иә, Иван Ивановичтің нақ өзі. Сондықтан әлі де ойла- нып, ұлы мәртебелі патшамыздың шақыртуын қабыл алып, орайы келсе Орынборға келіп кетерсіз!

АБЫЛАЙ (түсі бұзылып). Жоқ, таяу арада бара алмаймын! Елші мырза, сіз боссыз! Бұдан әрі сөйлесуге уақытым жоқ.


 

УРАКОВ. Ойланыңыз, сұлтан. Біз сізден асыға хабар күтеміз.

 

Орыс елшісі шығып кетеді.

 

 

БЕСІНШІ КӨРІНІС

 

Орыс елшісі Иван Ураков Шың елінің елшісі На-Вангтың жолын тосып, санасы саққа, ойы онға бөлініп, тықыршып тұрады.

 

УРАКОВ. Шың елшісі нендей мақсатпен келді екен, ә?  Есебін  та- уып анық-қанығын біліп алсам ғой, шіркін!.. Қалайда тапсырманы ойдағыдай орындап барып, генерал-губернатордың көңілінен шығып, сеніміне кіруім керек! Көзіне түсіп, назарына іліксем, шенім де өседі, қызметім де жоғарылайды, қалтам да қампаяды. Бір сөзбен айтқанда, жолымның ашылып, бағымның жанғаны дей бер. Бірақ қысық көз пәленің Абылаймен не жайында сөйлескенін қалай білем? Сыр суыртпақтап көрсем бе екен?.. Әй, бірақ, ол сұрағанға ағынан ақтары- ла салатын ақымақ дейсің бе?! Манжурлердің ойы белгілі, қазақтардың басын айналдырып, алдап-арбап, өз жақтарына шығарып алмақшы ғой. Ол арам ойлары жүзеге аса қояр ма екен? Абылай өте сақ, айлакер көсем, оңайшылықпен алдыра қоймас. Ал егер шынымен қазақтардың беті соларға қарай бұрылып кетсе, бізге жақсы болмасы анық. Жо.. жоқ... Не ойлап кеттім?! Жо... жоқ... олай болуы мүмкін емес!

 

Осы кезде қытай елшісі келе жатады. Орыс елшісі оған қарсы жүреді.

 

УРАКОВ. Хош келіпсіз, елші мырза!

НА-ВАНГ. Рахмет! Ел аман, жұрт тыныш па?

УРАКОВ. Құдайға шүкір, аманшылық. Өздеріңіз қалай? НА-ВАНГ. Бізде де тыныштық. Ресейден келдіңіз бе?

УРАКОВ. Иә, Ресей елшісімін, Орынбор қаласынан келдім! НА-ВАНГ. Орынбор мұнда жақын ба?


 

УРАКОВ. Онша қашық емес. Өзіңіз ше? НА-ВАНГ. Бежіңнен.

УРАКОВ. Алыстан ат арытып келгеніңізге қарағанда аса маңыз- ды шаруамен жүрген сияқтысыз.

НА-ВАНГ. Соншалықты маңызды емес. Қандықол қарақшы Әмір- сананы ұстап беруін талап ете келдік!

УРАКОВ. Абылай сұлтанмен кездесе алдыңыз ба? НА-ВАНГ. Кездестім!

УРАКОВ. Қалай, көңіліңіз тоғайып шықты ма?

НА-ВАНГ. Абылайдың кім екенін бізден гөрі сіздер жақсы білетін шығарсыздар?! Мен оған сенбеймін. Екі сөйлейді. Сөзі мен ісінің ара- сында алшақтық көп. Көңілге қонымсыз даланың ертегілерін айтады. Егер берген уәделерінде тұрмаса, бір-ақ сәтте тәубесіне түсіреміз! Ал өзіңіз қандай шаруамен келіп едіңіз?

УРАКОВ. Абылайдың адамдары Ресейдің боданындағы баш- құрттарды  шауып,  малдарын  айдап  кетіпті.  Қазақтар  да  Ресей-    ге қарайды ғой, сондықтан империямызда тыныштық болғанын қалаймыз!

НА-ВАНГ. Қазақтар қашаннан бері Ресейге қарайды? УРАКОВ. Ширек ғасырдан бері!

НА-ВАНГ. Мен қазақтардан сондай бір басыбайлылықты көре алған жоқпын! Абылай бәрін ешкімге жалтақтамай-ақ өз қалауынша шешіп отыр ғой!

УРАКОВ. Сіздің көргеніңіз бергі жағы, арғы жағына бойласаңыз, бәрін де түйсінетін боласыз!

НА-ВАНГ. Сонымен не айтпақсыз? УРАКОВ. Бөтен ойым жоқ!

НА-ВАНГ. Айтар ойыңызды ашып айтпасаңыз да түсіндім.

УРАКОВ. Мен тек бар нәрсені айттым. Қалай түсінсеңіз де өз еркіңізде.

НА-ВАНГ. Өзін ғана ақылды санау данышпандық емес. Сау болыңыз!

 

Шың елінің елшісі жедел басып жүре береді. Ураков состиып тұ- рып қалады.


 

УРАКОВ. Маған керегі де осы еді! Астарлап болса да айтар ойымды жеткіздім. Генерал-губернатордың тапсырмасын ойдағыдай орын- дадым. Қожайынына айтып барсын! Қанша тырысса да, қазақтарды бізден бөліп ала алмас. Талай жылғы төккен тер мен есіл  еңбегі- мізді зая кетіріп, қарап отыра алмаспыз! Дәмеленбей-ақ қойыңдар! Жоңғарлардың жерін бойларыңа сіңіріп алсаңдар да жетер! Қа- раулық пен тойымсыздықтың ақыры жақсылыққа апара қоймас! Байқаңдар, көбірек қармытамыз деп, бардағыдан айырылып қа- лып жүрмеңдер!

 

 

АЛТЫНШЫ КӨРІНІС

 

Сахнаға Абылай мен Әмірсана шығады.

 

ӘМІРСАНА. Қытайларға қайта шабам! Елімізді азат етіп, басып алған жерлерді қайтарып алуым керек! Ордамыздың шаңырағын тіктеп, іргесін бекемдеу ойым бар! Қолдау көрсет, жәрдем бер!

АБЫЛАЙ. Енді бізге қытаймен соғысу аса қауіпті. Санымыз аз, күшіміз де тең емес. Дүниеде аз асқа бақауыл, аз елге хан болған қиын екен!

ӘМІРСАНА. Сен емес, мен соғысамын  ғой!

АБЫЛАЙ. Жасанған жасағың жоқ, сен қалай соғысасың? Аюдың апанына өзің барып түспекпісің? Ойлан, достым, ойлан!

ӘМІРСАНА. Ойланатын түгі жоқ!

АБЫЛАЙ. Мен саған ешуақытта жаманшылық ойламаймын! Жау қолына ешқашан ұстап бермеймін, енді жан тыныштығын ойла! ӘМІРСАНА. Жайлы өмір сүруді аңсап жүргемін жоқ! Айтшы өзің, ел-жұртым өзге елдің езгісіне түсіп, табанының астында тапталып

жатқанда, мен қалай жайбарақат жата аламын?!

АБЫЛАЙ. Уақытты өткізіп алдың, Әмірсана, мүмкіндіктен ай- рылдың! Енді ештеңені өзгерте алмайсың! Оған басқа емес, өзің кінәлісің!


 

ӘМІРСАНА. Иә, кінә өзімде! Бар ойым шүршіттердің көмегімен Да- уашыны құртып, бүкіл Жоңғарияның билік тізгінін өз қолыма алу еді. Боғдыханмен де солай келіскен едік, сөзінен танып, уәдесінен тайқып кетті ғой! Оның елімді жаулап алып, халқымды құл етпек ойы барын қайдан білейін?! Қателігімді өзім түзеуім керек! Енді мені ешкім де, ештеңе де тоқтата алмайды, жерімді жаудан тазартып, елімді теңдікке жеткізбей тыным таба алмаспын!

АБЫЛАЙ. Шүршіттердің құрығы тым ұзын, соғысып жеңбек түгілі, қашып құтыла алмассың!

ӘМІРСАНА. Абылай, бір-бірімізді ешуақытта сатпаймыз, қандай жағдай болмасын бір-бірімізге көмек көрсетеміз деген антымыз, уәдеміз бар емес пе?!

АБЫЛАЙ. Иә, оның рас. Бірақ енді маған өкпе артып, кінә қоя алмассың! Сен үшін Доржымен де, Дауашымен де, тіпті күші басым қытаймен де соғыстым! Антыма, сертіме, уәдеме  адалдығым  емес пе, опасыздық жасаған жерім жоқ! Бірақ, енді сен үшін халқымды қанды қырғынға бастай алмаймын! Сен мұны түсінуің керек! Ендігі әрекетіңнен түк шықпайды. Сен жеңілдің! Ер болсаң жеңілгеніңді мойындап, тығырықтан шығар басқа жол ізде.

ӘМІРСАНА. Онда осымен сөз тәмам, ырғасып тұрар уақыт жоқ, тұп- тура Ресейге жол тартамын.

АБЫЛАЙ. Орыстың жарылқай қоярына сенбеймін! ӘМІРСАНА. Басқа таңдау қалмады!

 

Осы кезде Топыш кіріп келеді. Екеуінің сұстиған түрлерін көріп состиып тұрып қалады.

 

ТОПЫШ. Әмірсана, сен енді не істейсің? ӘМІРСАНА. Ресейден көмек сұраймын.

ТОПЫШ. Қателеспе, бауырым! Осында қал, өз жаныңды олжала! ӘМІРСАНА. Жайланып жүрер жайым жоқ.

Топыш жыламсырап құшақтай алады. Шашы жайылып кеткен, кескін-келбеті сөлбірейіп қалған. Екеуінің жаны да, жүректері де егіліп тұр.


 

ТОПЫШ. Алла ісіңді оңғарсын! ӘМІРСАНА. Айтқаныңыз келсін, әпке! ТОПЫШ. Жолың болсын, бауырым!

ӘМІРСАНА. Амин! Аман болыңыз!

 

Әмірсана бұрыла береді. Абылай ілесе шығады. Топыш жалғыз қалады. Дәл осы кезде аңдып жүрген Жалбы кіріп келіп, Топышқа бас салады.

 

ТОПЫШ. Жалбы, сен мұнда қайдан жүрсің? ЖАЛБЫ. Кек қуып келдім!

ТОПЫШ. Қандай кек?

ЖАЛБЫ. Әкең уәдесінен тайып, сен ата жауыма тиіп, еркектік на- мысымды қосыла қорладыңдар. Бұл мен үшін өлімнен де асқан қорлық еді. Сондықтан әкеңе у беріп арам қатырдым.

ТОПЫШ. Қанішер!

ЖАЛБЫ. Нағыз қанішер – Абылай. Шарыштың басын алып, сені қатын қылғаны аздай, ақыры елімізді құртып тынды. Осылай бола- рын біліп ем! Алдымен сенің, содан соң Абылайдың қанын ішем!

ТОПЫШ. Не деп тұрсың, сұмырай?

ЖАЛБЫ. Сұмырайды көрсетемін, салдақы! Өз қаныңа тұншықты- рып өлтірем!

 

Жалбы Топыштың жүрегіне қанжар сұғып алады, дәл осы кезде Абылай кіріп келеді. Топыштың бойынан жан шыға қоймаған, қан- жоса боп қансырап жатыр.

 

ЖАЛБЫ. Әй, Абылай, ендігі кезек сенікі!

АБЫЛАЙ (қылышын қынынан суырып алып). Ажал айдап келді ме, айуан?!

ЖАЛБЫ (тұра ұмтылады). Жооооқ!.. Өлімің  менен!

 

Екеуі қылыштаса кетеді. Көп өтпей-ақ Абылай оның қылышын қағып  жіберіп,  өзінікін  оның  жүрегінің  тұсына  бойлата     сұғып


 

жібереді. Жалбы шайқалақтап кетеді де, теңселіп барып гүрс етіп құлайды. Абылайдың оған қарауға мұршасы болмайды, Топыштың жанына жүгіріп келіп, тізерлеп отыра қалады. Жан жары қансы- рап өлгелі жатыр, басын сүйейді.

 

ТОПЫШ. Абылай!.. Тағдырдың маңдайға жазғаны осы шығар! Бір ғана өкініш, Қасым мен Қамбар жастай қалып барады. Жандарында сая боп жүре алмадым!..

АБЫЛАЙ. Топышжан, сен өлмейсің! Бізді тастап кетуге хақың жоқ! ТОПЫШ. Сендер тірі тұрғанда мен өлмеймін! Жүректеріңнің    түк-

пірінде мекенім бар, сонда барып тұрақтап, өмір сүрем!

АБЫЛАЙ. Сүйіктім, ғұмырымның мәні, жан-жүрегімнің гүлі, өмі- ріңді қорғай алмадым-ау!

ТОПЫШ. Адам тек ошағымен ғана емес, елімен бақытты екен ғой! Ел мен жерден айырылған соң, кеудеден жан шықпай-ақ, өмірден мән, тірліктен сән қашып, бақыт құсы басқа теуіп кетеді екен!

АБЫЛАЙ. Жоқ, сен бақыттысың, Топышжан!

ТОПЫШ (жыламсырап). Иә, тағдырыма өкпем жоқ! Сүйген ада- мыма қосылдым, бірге тұрдым, бала сүйдім! Аз ғұмырда көп қызық көрдім, дүние рахатын сезіндім! Өлмейтін пенде жоқ, өкінбеймін!.. Ааааааааааа...

 

Топыш ханым өстіп жатып жан тапсырады. Абылай аһ ұрып, айғай салады...

 

АБЫЛАЙ. Тірі жүргенде адамның қадірі жоқ қой. Бағаңды білме- сем, қадіріңе жете алмасам, кеше гөр!.. Адал жар болдың! Сүйінішім менің, күйінішіме айналдың!

 

 

ЖЕТІНШІ КӨРІНІС

 

Абылай жалғыз. Домбырасымен күңірентіп күй тартып оты- рады. Бір кезде Жолбарыс сұлтан кіреді.


 

АБЫЛАЙ. Иә, не жаңалық? ЖОЛБАРЫС. Әмірсана ажал құшыпты!

АБЫЛАЙ. Не дейді, қалай? Шекарадан аман-есен өткізіп салың- дар деп едім ғой!

ЖОЛБАРЫС. Аман-есен өткен! АБЫЛАЙ. Енді...

ЖОЛБАРЫС. Ресей бас ауруын көбейткісі келмеген болар! АБЫЛАЙ. Ресей ме, жоқ әлде, шүршіттердің қолынан келді ме екен? ЖОЛБАРЫС. Анық-қанығын біле алмадық, хан ием!

АБЫЛАЙ. Алла иман-салауатын берсін!.. Мені жалғыз қалдыршы! ЖОЛБАРЫС. Әміріңізге құлдық, хан ием!

 

Жолбарыс сұлтан шығып кетеді. Абылай терең ойға  батады.

 

АБЫЛАЙ. «Алла адамды аларында ақылынан адастырады» деуші еді. Ажал айдап бара жатқанын сезсем де, дәл осылай тез өлім құшар деп ойламап ем. Қалмақтың соңғы ханзадасы келмеске кетті, қуатты Жоңғар мемлекеті осымен құрдымға құлады. Бұл бізге ащы сабақ, Алланың ескертуі. Тәлім ала алмасақ, қалмақтардың кебін киюіміз бек мүмкін. Ол үшін ең алдымен халқымыздың береке-бірлігі қажет! Жұдырықтай жұмылып, сыртқы жаудан қорғана  алатындай  күш-  ке айналуымыз керек! Сонда ғана еліміз бен жеріміздің тұтастығын сақтап қала аламыз! Енді етек-жеңімізді жимасақ болмайды. Аңды- ған жау да көп, төніп тұрған қауіп-қатер де жетерлік. Болашақтың, келешек ұрпақтың алдындағы жауапкершілік тағы  бар.  Осы  жол- да атқарар істер мол. Ең алдымен кезінде Жоңғар мемлекетінің қанжығасында кеткен жерлерімізді шып-шырғасын шығармай қайтарып алудың қам-қарекетін жасауымыз керек! Содан соң Ұлы жүзді қоқаңдаған Қоқаннан толықтай азат етіп, Меркі, Қарнақ, Сай- рам, Созақ, Манкент, Сукент, Сауран, Сығанақ, Арыс, Түркістан, Шым- кент, Ташкент қалаларын түгелдей өзімізге қаратып алуымыз керек! Қырғыздарда кеткен есемізді түгендеп, жерімізден түре қуып, ежелгі қоныстарымызды тартып алудың қамына кірісу қажет! Шүршіт мен орыстың да жарылқай қояр түрі жоқ. Бірақ енді олармен соғыссақ,


 

қырғыннан басқа ештеңе таппаймыз. Біз оларды ақылмен, айламен тұсауламасақ, күшпен жеңе алмаймыз! Бұл екі алып империямен енді бар мәселені тек қана мәмілегерлік жолмен шешкен жөн. Сонда ғана ұтамыз, қыл көпірден аман-есен өтеміз!

 

Осы кезде ұлы Қасым келеді.

 

АБЫЛАЙ. Кел, Қасым, келе ғой. Қалың қалай, құлыным?

ҚАСЫМ. Анамды сағындым! Бүгін түсімде көрдім! Сағынып қалыпты, бас салып құшақтап, сүйіп жатыр... Әкеңнің ісін жалға дейді!..

АБЫЛАЙ. Жақсы түс екен! Жаны жәннатта болсын, жарықтық, бәрін көріп-біліп жатыр ғой!

ҚАСЫМ. Әке?! АБЫЛАЙ. Ау?

ҚАСЫМ. Шешемді өлтірген кім? АБЫЛАЙ. Жауыз!

ҚАСЫМ. Неге өлтірді? АБЫЛАЙ. Ежелгі кек қой. ҚАСЫМ. Мен одан кек алам!

АБЫЛАЙ. Сенің алысар жауың ол емес. ҚАСЫМ. Енді кім?

АБЫЛАЙ. Әлі-ақ өмір өзі айтады.

ҚАСЫМ. Мен енді бала емеспін! Қолыма қару алып, жауға қарсы шапқым келеді.

АБЫЛАЙ. Асықпа, балам! Ол күн де туар. Құр кеудемен жау ала алмайсың, жеңіске жету үшін сабырлылық, шыдамдылық, ақылды- лық, айлакерлік керек. Қазіргідей кер кезеңде жұмыр басты пенде ретінде ғана емес, ел, ұлт, халық болып сақталып қалудың өзі де оңай болмас. Өзіңе, өз күшіңе болмаса, басқа ешкімге сенуге болмайды! Бәрінің ойы біреу-ақ. Еліңді шауып, жеріңді талап, халқыңды қанды қырғынға батырып, тұқымыңды тұздай құрту!

Сен менің ісімді жалғар үкілі үмітім, ізбасарымсың! Мына қылышты    өзіңе    арнап    соқтырдым!    (Қасымға    қылыш береді)


 

Қынабынан қай кезде суырарыңды біл! Сілтеуді үйрен! Сендердің ендігі тағдырларың қылыштың жүзінде болмақ! Аңдыған жау көп, жан-жағыңнан аш қасқырлардай анталап тұр. Алдарыңда не күтіп тұрғанын болжау да қиын! Маңдайларың тауға да, тасқа да соғылар! Тек кеуделеріңдегі асқақ рух пен жүректеріңдегі намыс оты ешқашан сөнбесін, жарығым!

ҚАСЫМ. Үмітіңізді ақтармын, ісіңізді жалғастырамын, әке!

АБЫЛАЙ. Мен сендерге сенемін, балам! Ізбасарым, үміт шырағым менің! Сендердей жаужүрек ұрпағым барда, ел байрағы ешқашан жығыла қоймас! Ұлтымыз ұлықтар ұлы жеңістер алда деп білем! Қазақтың кең сахарасын ән мен жырға бөлеп, дүбірге толтырар ұлы тойлардың боларына кәміл сенемін!

 

Соңы

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар