Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Думан РАМАЗАН: Бүгінгі министрлердің Думан Рамазан...

06.03.2017 6460

Думан РАМАЗАН: Бүгінгі министрлердің Думан Рамазанды танитынына күмәнім бар

Думан РАМАЗАН: Бүгінгі министрлердің Думан Рамазанды танитынына күмәнім бар - adebiportal.kz

«Әдеби әңгіме» айдарының келесі кейіпкері ретінде жазушы-драматург Думан Рамазанмен сұхбаттастық. Елуді еңсеріп қалған жазушы әдеби ортаға кеңінен танымал. Қазір драматургия саласында өнімді еңбек етіп жүр. Осы жолы қаламгер ағынан жарылды.


a7194019bbc43c5def4ef3f1931a06f3.jpg


Сіз әдебиетке журналистика арқылы келдіңіз. Публицистикадан көркем шығармаға ойысу қиын болмады ма? Прозаға мақсатты түрде келдіңіз бе, әлде ойламаған жерден бір жайлар әсер етті ме?

– Мен бала кезде өлең жазатынмын. Бірақ, оның шынайы поэзияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, әрине. Әйтеуір келсін-келмесін ұйқастырып бұрқырата беретінмін. Мектептегі өзім құралпас балалар жақсы көрген қыздарына өлең, хат жаздырып алатын. Шамам келгенше қыздардың жүректерін тербеп, көңілдеріне нәзік сезім ұялататындай мөлдіретіп жазып беруге тырысатынмын. Сөйтіп жүріп кейінен әңгіме жаза бастадым.

Шынымды айтайын, егер сенсеңіздер, жастайымнан жазушы болуды армандадым.  Бала кезімде жазушы болатын адам журналистің оқуын оқу керек шығар деп ойлайтынмын. Сол себепті де мектеп бітіре салып, Алматыға келіп, арманыма айналған ҚазМҰУ-дің Журналистика факультетіне оқуға түстім.

Университетке түскен соң өлең жазуды мүлде қойдым. Прозаға, оның ішінде әңгімеге біржола ден қойдым. Өмірде қатты сыйласатын жанашыр ағам, талантты әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке («Қазақ әдебиеті» газетінде бірге қызмет істеп жүрген кезімізде): «Думан, сен бақытты жазушысың. Өз жанрыңды адаспай тапқансың! Сенікі – әңгіме! Ал кейбіреулер өз жанрын өмірбақи таба алмай, адасып өтеді. Менің тілімді алсаң, романға мүлде жола ма! Әдебиеттің бағасы ешуақытта көлеммен өлшенбейді. «Көкжал» сияқты он әңгіме жаза алсаң, әдебиет тарихында мәңгі қалдым деп есептей бер!» – деп жиі айтатын. Тегін адам сыншы бола ма, әдебиет тарихынан түрлі-түрлі мысалдар келтіріп, өз ойын дәлелдеп шығатын.

Сізді журналистикаға жазушы болсам деген арманыңыз жетелеп келген екен ғой!

– Солай десе де болады. Шынында да мен Журналистика факультетіне жазушы болам деп түскенмін. Студент атана салысымен әңгімелерім сол кезде жарық көріп, кейіннен жабылып қалған «Өркен» газетінде жариялана бастады. Содан үшінші курста оқып жүрген кезімде менің әңгіме жазатынымды білетін курстасым, бүгіндері айтулы әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы республикалық «Халық Кеңесі» газетіне әңгіме беруімді сұрады. Болайын деп тұрған бала ғой, сол кездің өзінде ол сол басылымда қызмет істейтін. Ашық аспан астында сыналған атом бомбасының кесірінен денесі құрттап қайтыс болған жас жігіт туралы жазған «Тақсірет» атты әңгімемді қолына ұстатып жібергем. Шығатынына онша сенімді емес ем.

Амангелді досым ертеңінде әңгімем шыққан газетті құшақтап келіп тұр. Таң-тамаша қалдым. Сөйтсем, газет басшыларының ұнатқаны соншалық, кетіп бара жатқан бір мақаланы алып тастап, орнына менің әңгімемді бір сөйлемін өзгертпестен салып жіберіпті. Қарапайым студентке бұдан артық қандай қуаныш болсын! Сөйтсем, Амангелдінің одан басқа да қуантары бар екен: «Сенің әңгімеңді редакциядағылардың бәрі ұнатты. Бас редактор сені жұмысқа аламыз деп жатыр. Бүгіннен қалмай келсін деді» – деп қарап тұр. Оның сондай бір адамды мазаққа айналдыратын әзілдері бар еді, қылжақтап тұрған шығар деп жүзіне сынай көз тастадым. Жоқ, әзіл-қалжыңның ізі де байқалмайтын сияқты.

Содан не керек, сол күні Амангелдіге ілесіп, «Халық кеңесі» газетінің редакциясынан бір-ақ шықтым. Бас редактор Сарбас Ақтаев жылы жүзді адам екен. Алдымен әңгімемді асыра мақтады, содан дайын тұрған журналист екенімді айтып көңілімді бір көтеріп тастады да, «Бізге қызметке келесің бе?» – деді. Құдай-ау, бұндай тиімді ұсыныстан бас тартатын ақымақ емеспін ғой!

– Аға, сабағым бар ғой! – дедім әлі үшінші курста оқитынымды алға тартып.

– Ештеңе етпейді, университетті бітіргенше біз саған толық еркіндік береміз! Сендей талантты жігіттер бізге керек! – деді.

– Аға, – дедім тағы күмілжіп, мәселенің бәрін алдын-ала шешіп алғым келіп, – Жақсы, мен келейін, бірақ, бір өтінішім бар!

Сарбас ағам елең ете қалды:

– Айта ғой, айналайын!

– Айтсам, мен Журналистика факультетіне жазушы болам деп түскенмін, сондықтан мені Мәдениет және әдебиет бөліміне алыңыз. Басқа тақырыптарды жазғым келмейді! – дедім шынымды айтып.

Ағам миығынан мырс етіп бір күлді де:

– Жақсы, мен сені түсіндім! Дәл қазір ол бөлімде адам толық, уақытша Саясат бөлімінде істей тұр. Кейін қалаған бөліміңе ауыстыруға уәде беремін! – деді.

Солай келістік те, заматында бұйрық шығарып, қызметке қабылдап, ұжыммен таныстырды. Әлі есімде бас редактордың бірінші орынбасары Жұмабек Кенжалиннен бастап әңгімемді оқығандарын айтып, жылы пкір білдіріп, еңбек жолыма сәттіліктер тілеп жатты. Үш айдан кейін Сарбас ағам уәдесінде тұрып, мені Мәдениет және әдебиет бөліміне ауыстырды. Сөйтіп ауылдан аттанарда оқуды бітіріп келгеннен кейін аудандық газетте қызмет істейтін шығармын деп ойлаған басым, аяқастынан осындай үлкен қуанышқа кенелді де қалды. Жоғарғы Кеңестің білдей газетіне қызметке орналасып кеткенім, менің өмірімді мүлде басқа арнаға бұрып жібергені рас.

Міне, өмірде осындай жақсы адамдар бар ғой. Содан кетер кеткенше жақсылық жасағандарын ешқашан бұлдаған жоқ. Алтын ағаларым үнемі арқамнан қағып, қолдап-қуаттап, қанаттандырып отырды. Маңдайымнан сипады, алақандарына салып ұстады, еркеліктерімнің бәрін көтерді. Журналистік, жазушылық қадамыма кең жол ашып берді. Сөйтіп белгілі себептерге байланысты жабылып қалғанша осы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің органы «Халық кеңесі» газетінде қызмет істедім. 

–  Ал әдеби ортаға қай шығармаңызбен танылдым деп ойлайсыз? Сіздің «Көкжал» атты әңгімеңізді сыншылар жақсы бағалағанын білеміз. Бірақ, осы уақытқа дейін көп жазылған тақырыпты өзіндік стилмен алып шығу үшін қай бағытта іздендіңіз? Әңгіме шыққаннан кейін әдеби ортаның пікірі қалай болды? Өзіңіздің ең жақсы шығармам деп қай дүниеңізді атар едіңіз?

– «Тақсіретті» «Халық Кеңесіндегілер» асыра мақтағанымен, әдеби ортаға оның сондай бір әсері бола қойған жоқ. Одан кейін де бірнеше әңгіме жаздым. Олар «Халық Кеңесінде» жарияланды да. Содан 1996 жылы сүйікті газетіміз аяқастынан жабылып қалды. Сол кездегі Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев «Егемен Қазақстан» газетіне баруымды ұсынды. Мен бірден бас тарттым. Менің болмыс-бітіміме, өмірлік ұстанымым мен көзқарасыма бұл газеттің бағыт-бағдары сәйкес келмейтінін сыпайылап жеткіздім. Жастайымнан берік ұстанып келе жатқан өмірлік ұстанымдарым бар. Одан енді ешқашан айнымаймын. Егер журналист өз ойындағы ойларды ашық айта алмаса, жаза алмаса, мерзімді басылымда қызмет істеп, қолына қалам ұстап жүрудің не керегі бар?! Одан да ауылға барып қой бақ. Ал «Егемен Қазақстанға» барсам, қалайын, қаламайын, тар шеңберде шектеліп қалатынымды жақсы түсіндім. «Онда Жоғарғы Кеңеске бар, орналастырып берейін!» – деді Алтекең жанашырлық танытып. Марқұм, жаны жәннатта болсын, нағыз министр еді ғой, журналистердің бәрін жүзбе-жүз танитын. Ал бүгінгі министрлердің сол кездегі  түгіл, қазіргі Думан Рамазанды танитындарына күмәнім бар.

– Енді қайда барасың? – деді сынай қарап.

Күткенім де осы сұрақ еді:

– «Қазақ әдебиетіне» барғым келеді! – дедім.

Басқа ештеңе айтқан жоқ:

– Ертең бара бер. Ахат Жақсыбаевқа ескертіп қоямын! – деді.

«Жазған құлда жазық жоқ», ертеңінде «Қазақ әдебиеті» газетінің сол кездегі бас редакторы Ахат Жақсыбаевтың алдынан табылдым. Ол кісі бәрін біліп отыр екен, шынында да айтқан сөзін екі етпейтін Алтынбек ағамыз ескертіп қойыпты. Бас редактор сөзге келген жоқ, сол күні қызметке қабылдады. Әдеби басылымның бөлім меңгерушісі болып шыға келдім. Міне, осы кезден бастап менің шынайы жазушылық өмірім басталды. «Бір жамандықтың, бір жақсылығы болады» деп қазекем тегін айтпайды екен, бала кезгі арманыма қол жеткізгендей бөркімді аспанға ата қуанғаным әлі есімде. Сөйтіп осы басылымда табандап он жыл істедім. Атақты ақын-жазушылармен таныстым, тіл табыстым. Үйрендім, шыңдалдым дегендей...

Дұрыс таңдау жасадым ғой деп сеніммен айта аламын. Елдік, ұлттық, қоғамдық мәселелерді көтеріп, халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлауға барынша күш салдым. Тіл, дін, діл, жер сияқты көкейкесті тақырыптарға көбірек қалам тартқанымды көзіқарақты оқырман білуге тиіс деп ойлаймын. Мақтанғаным емес, елдің көбі «Сенің мақалаларың көркем шығарма сияқты оқылады» дейтін. Мен шынында да мақала жазғанда жазушылық пен журналистігімді араластырып жіберетінмін. Мейлінше тартымды, қызықты етіп жазуға тырысатынмын. Көркем шығарманың элементтерін көбірек қолданатынмын. Бұл менің жазу стилім еді. Тәуелсіздік жолында мерт болған Кенесары ханның, Кейкі батырдың, Мұстафа Шоқайдың сүйектерін елге алып келіп, арулап жерлеу мәселесін алғаш көтергенімді де мақтан тұтамын.

«Қазақ әдебиетіне» келгеннен кейін өзің айтып отырған «Көкжал» атты әңгіме жаздым. Әрине, біраз іздендім. Бұл ертеректе біздің ауылда болған бір оқиғаның сұлбасымен жазылған еді. Ондағы ең басты айтқым келгені, табиғат пен адам арасындағы үйлесімділік пен жарасымдылыққа селкеу түскен жағдайда бәрінің іргесі өзінен-өзі сөгіліп, ірі кесапат пен кесірлі келеңсіздікке алып келеді деген ой еді. Өзің айтып отырғандай, әдеби орта осы шығармамды жылы қабылдады. Содан кейін де бірталай әңгіме жаздым. Бірақ сонда да жұрт «Көкжалды» айта беретін. Тек «Көш» атты әңгімем жарыққа шыққан соң ғана елдің бәрі «Көкжалды» ұмытып, соны айтатын болды. Содан кейін де қаншама әңгіме жаздым. Бірақ әлі күнге дейін кездесе қалған адамдар «Көшті» мақтай жөнеледі. Соған қарағанда менің бүгінгі жеткен биігім сол «Көшпен» өлшеніп тұр-ау!

Ана бір жылы Ғалым Жайлыбай, Жұмабай Шаштайұлы, Жанарбек Әшімжан бәріміз Жасыбай көлінің жағасында демалдық. Сонда қайтар жолда Баянауыл ауданының әкімі Нұрлан Құлжанов күтіп алып, сол маңдағы Егінді бұлақ ауылындағы әке-шешесі тұрып жатқан қарашаңыраққа апарып күтті. Ғалым Жайлыбай мені таныстырып жатыр еді, әкім жұлып алғандай:

– Думанды білеміз ғой, «Көш» әңгімесі керемет қой! – деді. Сонда Жұмабай ағам желпініп:

– Оны алғаш газетке қорықпай мен басқанмын! – деді мақтаныш сезіммен. Шынында да, «Көш» әңгімемнің жолын ашып, «Қазақ әдебиетіне» алғаш жариялаған Жұмабай ағам еді. Ол кезде мен өзім ғана білетін себептерге байланысты аталмыш басылымнан кетіп қалғанмын. «Әй, осы әңгімемнің жолы ауыр болады-ау! Ешқандай газет баса алмайды-ау!» деп ойлағанмын, жоқ Жұмабай ағам жарады, сиясын да суытпай газет бетіне жарқ еткізді.

Көсемдер мен уәзірлерді сынап-мінеген әңгімені мемлекеттік шенеуніктер жек көретін шығар десем, қателесіппін, заматында әкесіне «Көшті» айтып, мазмұнымен таныстырып жатты. Риза болып мен тұрмын. Сөйтіп сол жерде әлгі әкім қолқалап сұрап, бір кітапты отыз мың теңгеге сатып алды. Машинамен барып едім, бензинге ақша табылып, бір жырғап қалғаным есімде. Содан сол жерде кітабымды әкім баласынан әкесі алып алды. Әкім: «енді бір данасы болса берші, тағы отыз мың теңгеге сатып аламын» – деді. Өкінішке орай, сол бір-ақ данасы қалып еді. Әйтпегенде алпыс мың теңгені қалтаға басып кетеді екенмін. Мәселе ақшада емес қой, әкімнің шынайы көңілін айтсаңызшы. «Енді маған Думанның кітабы жоқ-ау!» деп мұңайып тұрған әкімді көріп, тағы бір қуандым. Бұл бір-ақ ғана мысал. Мақтанды деп ойлама, сұрағыңа қарай айтып жатқаным ғой. Және бұл әңгімені әкімнің жатып кеп мақтағаны, оған сондай қызыққаны маған біртүрлі көрініп еді. Бір жағы сондықтан айтып жатырмын. Ал басқа адамдар айтса, онша таңсық көрінбейді ғой.

Әрине, содан соң ел тарихи драмаларымды көбірек айтады. Тіпті қазір бір жерге барсам, бұрынғыдай жазушы деп емес, драматург деп таныстыратын болды.


Кеуделеп поэзия, проза жазуға болар, ал драматургия оған мүлде көнбейді


– Шынында да соңғы жылдары драматургия саласында, оның ішінде тарихи тақырыптарды қозғауда өнімді еңбек етіп жүрсіз. «Кенесары – Күнімжан», «Абылай ханның арманы», «Керей – Жәнібек» сынды тарихи драмаларыңызды білеміз. Енді айтыңызшы, әңгіме жазу оңай ма, әлде драма ма?

– Әрине, әр жанрдың өз қиындығы бар. Солай дегенмен де драма жазған әлдеқайда қиындау, мехнат-машақаты көп. Драматургияның табиғатын, қыр-сырын білмей тұрып, қолыңа қалам алудың тіптен де керегі жоқ. Біздің көбіміз, оның ішінде өзім де бармын, кеудемен алғымыз келеді. Кеуделеп поэзия, проза жазуға болар, ал драматургия оған мүлде көнбейді.

«Керей-Жәнібек» драмасындағы тарихи шындықтарға өзіндік көзқараспен тоқталыпсыз. Маған қатты әсер етті. Бірақ, жаңа айтқанымыздай, кейіпкерлеріңіздің бәрі шетінен шешен, өжет екен. Қаршадай Сақ атты кейіпкеріңіздің өзі Әбілқайыр ханның ұлының жағасына жармаса кетеді…

– Байқасаң, ол тарихи драмада қарапайым адам жоқ қой! Бәрі де тарихта болған дара тұлғалар. Олардың бәрі шетінен шешен, өжет болатыны сондықтан. Ол кездегі батыр-билердің бәрі де шешен, ержүрек болғандығы бәсенеден белгілі. Сен айтып отырған, қаршадай Сақтың өзі де ештеңеден меселі қайтпаған жас батыр ғой! Ол неге шешен, өжет болмауы керек?! Мойындашы, қазір бәріміз шетімізден жағымпазбыз ғой. Өйткені, жүйе солай құрылған. Жағымпаз болмасаң, өспейсің, өшесің. Ал жұмыр басты пенде күні үшін не істемейді. Күн көру керек, бала-шағасын асырау керек дегендей... Ал ол кездің адамдары шетінен өршіл, батыр болған. О кез бен қазіргі кез адамдарының айырмашылығы да осында ма деп ойлаймын. Сол дәуірде батыр болмасаң өмір сүру қиынға соққан, ал қазір керсінше... Театрға арнап «Жағымпаздар жарысы» деген комедия жазғым келеді. Бастық біреу, ал қалған кейіпкерлердің бәрі бірінен-бірі өткен жағымпаздар. Сонда жағымпаздықтың неше түрін көріп, ішек-сілелеріңіз қатып, күлкіге армансыз кенелесіздер. Қазір бастыққа жағыну деген керемет бір өнер болып кетті ғой! Қолында «тарысы» бар дөкейге жақсыаттанып-жағынып қалу үшін жағымпаздар неше түрлі қулық-сұмдықтарды ойлап табатын болды. Тіпті олар емес, қараптан қарап отырып өзің ұяласың!

Сіздің әңгімелеріңізді оқып отырсам, бір эпизодтың ішіне бірнеше шындықты астарлап бергіңіз келеді екен. Бұл өзіңіз оқыған Бейімбет пен Бунин шығармашылығының әсері ме? Сол астарыңызды тарқатып, талдап беретін сыншының жоқтығына қынжылмайсыз ба?

– Менің ойымша, шығармаңды оқыған әр оқырман өзінше сыншы. Қазіргі оқырман бәрін түсініп қояды. Сондықтан ол бір сондай қынжылыс тудыратындай нәрсе емес деп ойлаймын. Құдайға шүкір қазір шығарманың сыртын ғана емес, ішкі өзегін, айтар ойын, астарын тарқатып талдай алатын жас сыншылар өсіп келеді. Соған қарап көңілді бір демдеп аламын.

Қазір проза саласында өнімді жазып жүрген жастар жоқтың қасы. Әлде жаңалықтың көбі осы уақытқа дейін айтылып, проблеманың бәрі жазылып қойды ма?

– Мен олай деп ойламаймын. Сирек те болса, Серік Сағынтай, Дархан Бейсенбек, Мәдина Омар, Аягүл Мантаева, Бейбір Сарыбай, Қойшыбек Мүбәрәк секілді тәп-тәуір жазып жүрген жас жазушылар бар. Тек біздің уақыт алаңсыз шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік бермейтіні анық қой. Бәрі де ауыздығымен алысқан арғымақтарға ұқсайды. Мен оларды солай елестетем. Ауыздықтарын алып тастап, бәйге атындай баптаса, біраз жерге шабатындары көрініп-ақ тұр.

Жас қаламгерлерге шығармашылықпен алаңсыз айналысу үшін қолайлы жағдай тудыру керек. Мәселен, Жапонияда өзін-өзі дәлелдеген дарынды шығармашылық иелеріне, өнер адамдарына жас шамасына қарамай өмірлік стипендия тағайындайды. Ай сайын айлық сияқты алып тұрады. Соның арқасында жыл он екі ай ізденіп, шығармашылықпен алаңсыз айналысады. Неге дейсіз ғой, себебі жапондар әр ақын-жазушының тудырған шығармашылық туындысы жапон ұлтының рухани қазынасы, баға жетпес байлығы деп санайды.

Ал енді қараңыз, жыл он екі ай шығармашылықпен алаңсыз айналысқан ақын-жазушының еңбегі өнімді бола ма, жоқ әлде, жыл он екі ай жалақыға жұмыс істеп, ара-арасында тиіп-қашып жүріп жазған қаламгердің еңбегі өнімді бола ма? Қайсысының көбірек оқып-ізденуге мүмкіндігі молырақ болады, қайсысы сапалырақ шығарма тудыра алады? Айтпаса да түсінікті шығар. Бізге де осы жақсы дәстүрді енгізсе, әдебиетіміз бен өнеріміз қазіргіден анағұрлым сапалырақ болар еді-ау деп ойлаймын. Бізде де әр дарынды қаламгердің тудырған туындысы қазақ ұлтының рухани қазынасы, баға жетпес байлығы деген түсінікті қалыптастыру керек-ақ.

 – Прозада сіздің буыннан кімді мықты деп мойындайсыз?

– Біздің буыннан Дидар Амантай мен Дәурен Қуат бар. Ал бізден жоғары буыннан айтсам, Жүсіпбек Қорғасбек, Роза Мұқанова, Әділбек Ыбырайым, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Айгүл Кемелбаева сынды мықты прозаиктерді мойындаймын. Бұлар шынында да мықты. 

Аға, біз көбіне поэзиядан мін іздеп, осал тұстарын сөз етіп жатамыз. Прозада нашар эпизодты, бір жақсы ой құтқарып қалуы мүмкін.  Меніңше «халтураның» көбісі прозада жасалатын сияқты?

– Әбден мүмкін. Шынында да поэзияныкі тез көрініп қояды ғой! Ал прозаныкі жылдам көзге түсе қоймайды.


Орхан Памук анау айтқандай керемет қаламгер емес


Бір сұхбатыңызда «Қазір шетел әдебиетін көп оқып жүрмін» - депсіз. Дамыған елдердің әдебиетін оқып отырсаң, күнделікті тірлікті, адамның басынан өткен оқиғаларды жазып отырып, жақсы туынды қалдырады. Біздің көп повесьтер өмірден гөрі өнерге жақындап, жақсы-жайсаңның жиынтық образын жазғысы келетін сияқты. Бұл кейіпкерлеріңе деген құрметтің белгісі ме, әлде «Жақсы шығарма осындай болады» - деген алданыш па?

– Мәселе, күнделікті тірлік пен оқиғада емес, соны қалай көркем өрнектеуде болса керек.

Әлем әдебиетін қадағалап отыратын шығарсыз. Әрине, әлемде жазушы көп қой, қайсыбірін түгендерсіз. Дегенмен, кейінгі жылдары әлемдегі ең мәртебелі «Нобель» сыйлығын алған қаламгерлерге деген өзіндік көзқарасыңызды білсек деп едік.

– «Нобель» сыйлығының қазір тым саясиланып кеткенін әркім-ақ айтып жүр. Былтырғы жылы аталмыш сыйлықтың Боб Дилан сынды ортақол ақынға берілуі соның айқын айғағы. Ол өзі сазгер, суретші, артист, әнші, гитарист екен. Бір қызығы өзін нағыз ақынмын деп есептемейді екен. Нобель сыйлығына да лайықты еместігін сыпайылап болса да білдірді. Ұлты – еврей болғаны үшін ғана берілгенін айтады білетін жұрт. Өзің айтып отырған әлемдік сыйлықты осылай берсе, біздегі Мемлекеттік сыйлық туралы сөз қозғаудың өзі күпіршілік қой. Әрине, «Нобельдің» тарихында лайықсыз алғандар жетерлік. Тіпті жазғандары түкке тұрмаса да, саяси көзқарасы үшін ғана алғандар бар. Оның қайсыбірін айтып тауысқандайсың! Әрине, лайықты алған мықты ақын-жазушылар да бар. Кейінгі жылдарғы алғандардың ішінен Марио Варгас Льоса, Орхан Памук, Мо Ян сынды үш жазушыны ерекше атап айтар едім. Үшеуі де прозаик. Меніңше, жақсы жазушылар. «Әлем әдебиеті» журналына осы үш жазушының бірді-екілі шығармаларын аударып бергенбіз. Орхан Памукты оқығанда көңілде кейбір әттеген-айлар ұялаған, қомсынып қалған кездер болған, нашар жазушы деп айта алмаймын, бірақ анау айтқандай керемет қаламгер деп тағы айтпаймын.  Ал Марио Варгас Льоса мен Мо Янның шығармаларын оқып отырғанда шын мәнінде ғажайып суреткерлер, қуатты қаламгерлер екенін мойындайсың! Жалпы мен қаламгерді алған сыйлығына қарап бағалауға қарсымын. Егер алған сыйлығына қарап бағалар болсақ, дәл қазір Боб Дилан әлемдегі теңдесі жоқ нөмірі бірінші ақын болып тұр ғой. Ал шынтуайтында олай емес қой!

Сіз бес жылдай «Әлем әдебиеті» журналын басқардыңыз. Халыққа қажетті басылым еді. Өкінішке қарай жабылып қалыпты. Сол журналдан көптеген әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларын оқып тұрушы едік. Өзіңіз де көптеген шетел қаламгерлерінің туындыларын аударғаныңызды білеміз. Сұрайын дегеніміз, қазір еліміздегі аударма өнерінің жай-күйі қалай?

– Бұл сұрағыңа не деп жауап берерімді де білмей отырмын. Дәл қазір аударма өнеріне көңіл бөліп жатқан ешкімді байқамадым. «Әлем әдебиеті» журналында жүргенімде аудармашы ағаларымызға айтып жүріп, аз да болса қаламақы төлеп көптеген шетел қаламгерлерінің шығармаларын аударттық. Бұны тіпті дәстүрге айналдырғанбыз. Әсіресе, Нобель сыйлығын алған ақын-жазушылардың шығармаларын аудартуға күш салғанбыз. Оның көпшілігі журналымызда жарияланды да. Біраз ой-жоспарымыз жүзеге аспай қалды. Өйткені, аудармашылардың көпшілігі біздің қаламақыны азырқанатын. Қолқа салсақ ешкім де қарсы бола қоймайтын, бірақ аударып беріңізші деген дүниемізді сағыздай созып, ақыры ұмыттырып жіберетін. Дейтұрғанмен де осы бағытта біраз жұмыс жасадық қой деп ойлаймын. Әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларын аударып шығаратын «Аударма» атты баспа бар еді. Біраз шаруаның басын қайырғанына куә болғанбыз. Ол да аяқастынан жабылды да қалды. Сонымен қазір аударма өнері тұралап тұр десем, артық айтқаным болмас. Аударманың бойына қашан қан жүгіретінін де тап басып айта алмаймын. Сенімнен гөрі күдік-күмән басым екенін кімнен және несіне жасырайын.

Жұрттың бәрі мақтап жүрген, бірақ сіздің көңіліңізден шықпайтын шығармаларды атай аласыз ба?

– Ондай көп қой. Қайсыбірін атайын! Шынымды айтсам, қазір пікір айтуға да қорқып қалдым. Күлкі емес, имандай шыным. Бірдеңе айтсаң, сөзіңнің өңін айналдырып, айтпағаныңды айттырып, ойламағаныңды ойлатып, істемегеніңді істетіп, өзіңді бір жексұрын етіп қойғысы келеді екен. Соған іштей налисың, қынжыласың. Ол оның руласы болса тіптен қиын. Солар бар ғой, ұлтты жамандаса ондай шыжбаланбайды. Ал пікір айтпай, күл болмаса, бүл болсын деп қарап отырайын десең, әй, бұл менің елім, менің жұртым, менің қоғамым ғой! Қалай мен оның кемшілігін айтпай отыра аламын?! Мен ешуақытта жаман пиғылмен айтпаймын ғой, айтсам, жақсарсыншы, түзелсінші деген ізгі ниетпен айтамын. Соны теріс түсінетіндерге таңым бар. Адамдардың ниет-пиғылы да өзгеріп бара жатқандай көрінеді. Міне, енді осы бір өзгерістерді жазып көрсем бе деген ойым бар. Адамдық, адамгершілік біртіндеп жойылып, оның орнын сайқымазақтық пен сайқалдық қасиеттер толтырып жатыр. Бұл, әрине, жақсы құбылыс емес. Қазір Бейімбет сомдаған Мырқымбайлар жоқ, оның орнына Қарынбайлар, Қыртынбайлар, Жылтыңбайлар, Жыртыңбайлар, Ырбыңбайлар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Міне, бүгінгі күннің қаһармандары, замандастарымыз осылар. Тіпті көркем шығарманың кейіпкері болуға өздері сұранып тұр.

Сізді бір сыншылар – постмодернист, екіншісі – жай модернист, үшіншісі – дәстүршіл жазушы дейді, төртіншісі реалист, бесіншісі – натуралист, алтыншысы – романтик, тіпті сюреалист, мистик дейтіндер де төбе көрсетіп қалып жүр. Өзіңізді осының қайсысына жатқызасыз?

– Мен шығарма жазғанда ешуақытта постмодернист болайыншы, болмаса дәстүршіл жазушы атанайыншы деп жазбаймын. Жүрегім нені қалайды, көңілім нені меңзейді, ой-қиялым қай қияға жетелейді, соны қағазға түсіремін. Сол арқылы бір ой айтуға, шамамның жеткенінше жаман жазбауға, жаңа бір өрістер іздеуге, жаңаша жазуға талпынамын. Кейде сол жақсы ой жалынан сипатпай, ауа қармап қалатын да кездерің аз болмайды.

Сөзіңіз аузыңызда, осы тұста тағы бір сұрақ туындап отыр. Сіз осы әңгімеге эксперименттер жасап жүргендей көрінесіз?

– Экспериментке ешқандай қарсы емеспін. Бірақ ол бас-көз жоқ, сирақтан бүйрек шығаратындай болмауы керек. Көңілге қонымды, ақылға сыйымды болса ғана эксперимент жасауға болатын шығар. Сондықтан кез келген шығармашылық иесі экспериментке баруы керек деп ойлаймын, тек өз орнымен...

Құдай бір жерді қайта-қайта айналып, шиырлай беруден сақтасын. Менің ойымша, шығармашылық иесі бір қалыпта жаза бермеу керек. Бәрі бір қолдан шыққандай болса оқырман жалығады, тіпті жиреніп кетуі де мүмкін. Бір ата-анадан туған балалар бір-біріне ұқсап тұрса жаман емес, ал бір қаламгер тудырған туындылар бір-біріне ұқсап тұрса еш жақсы емес. Біздің ақын-жазушылардың көпшілігі көне сүрлеумен бұрқыратып шаба береді. Әбден жауыр боп, болдырып қалған жүдеу атын да ауыстырғысы келмейді. Өліп қалғанша соның үстінде екі аяғын қайшылап, тепеңдей береді. Бұның өзі қаламгердің шығармашылығына қатты әсер етеді. Әр жазған шығармаңда міндетті түрде бір жаңалық болуы керек. Мазмұнда ма, тақырыпта ма, қалыпта ма, тіпті жазу мәнеріңде, әдіс-тәсілінде  бола ма, әйтеуір бір жылт еткен жаңалық болмаса, шығармаңның құны көк тиын.


Ойлы, күрделі шығармалардың да бағы жанатын кездер келеді


Көлемді шығармаға қалам тарту, яғни роман жазу ойыңызда жоқ па?

– Шынымды айтсам, бір-екі мәрте ойша жоспар құрып алып, роман жазуға отырдым. Жазу барысында үш жүз немесе бес жүз бетке жоспарлаған шығармам он немесе он бес беттік әңгіме болып шыға береді. Күлмеңіз, имандай шыным. Ал Әбдіжәміл Нүрпейісовтың «әңгіме жазайын деп отырсам, романға айналып кете береді» дегенін талай естідім. Сонда ойладым, әр адамның өзіндік болмыс-бітіміне сай өз жанры болатын шығар деп. Сондықтан әл-әзір роман жазу ойымда да, жоспарымда да жоқ. Содан кейін маған көп ақыл-кеңес берген Әмірхан Меңдеке ағамның: «Думан, әдебиет ешуақытта санмен, көлеммен өлшенбейді. Әлемде қысқа жанрмен атағы жер жарып, өз есімдерін әдебиет тарихына алтын әріппен жазып кеткен Чехов сияқты жазушылар өте көп. Тек бізде ғана роман жазбасаң үлкен жазушы саналмайсың! Сонан кейін көп жазушылар қолдарынан келсін-келмесін романдар жазуға талпынады. Мәселен, Сайын Мұратбековты алайықшы, қандай мықты әңгімеші, оған роман жазудың не керегі бар еді?! «Қалың қар» деген жалқы роман жазды, ал енді не болды? Сол роман Сайын ағаның жазушы ретінде абыройын асқақтатты ма, жоқ әлде төмендетті ме? Осыны көңілмен зерделеші, жауабын өзің де біліп тұрсың ғой! Одан да, соның орнына тағы екі-үш әңгіме жазғанда, Сайын Мұратбеков те, қазақ әдебиеті де ұтар еді. Мәселен, Әбдіжәміл Нүрпейісовтың таптық көзқараспен жазған романдарын бұдан былай біреу оқиды дейсің бе? Сөз жоқ, Әбіш Кеілбаев үлкен жазушы, Құдай бойына талантты аямай-ақ берген. Білім-білігі, жазу шеберлігі қандай?! Әлемде бұндай табиғи таланттар сирек туады. Менің ойымша, Әбіш ағамыз әдебиет тарихында қалса,  ешқандай да «Үркер», «Елең-алаңымен» емес, әңгіме-хикаяттарымен қалады. Енді ол романдардың күні өтті, бұдан былай оларды ешкім де оқымайды. Иә, мойындаймын, Кеңес одағы тұсында ол тақырыптардың қандары жерге түспей тұрды. Ал тәуелсіздік алған қазіргі кезде мән-маңызын жойды, тақырыптық жағынан ескірді. Оқымайтын себебі, онда баяндалатын оқиғалар енді ешкімді қызықтырмайды. Қайран, еңбек желге ұшты деген осы! Сондықтан сен де роман жазамын деп алдыңғы ағаларыңның қателігін қайталамашы!» – деген осы бір сөзі әлі құлағымда жаңғырып тұр Әрине, бұл қазіргі таңда кейбір керауыздардың «көлемді шығармалардың күні өтті» деген сөз емес, мәселе оның қандай тақырыпты қамтығандығы мен қалай жазылғандығында болса керек. Егер мықты жазылған мың беттік роман болса, оқырман оқиды. Ал нашар жазылған он беттік әңгіме болса да, ешкім оқымайды. Яғни, мәселе көлемде емес, шығарманың сапасында. Ал әр адамның өзіне сай жанры болатынын ешкім де жоққа шығара алмас.

Міне, роман жазайын десем, осы сөз ылғи да жадымда тұрады. Әмірхан ағамның маған ешуақытта жамандық ойламайтынын білемін. Себебі, туған ағамдай жақсы көремін. Туған аға-інідей сыйласамыз. Менің әңгімелерімнің тоқсан пайызы алғаш «Жас алаш» газетінде жарияланды. Әмірхан ағам ылғи телефон соғып, «жаңа жазған әңгімең бар ма» деп сұрап отыратын. «Жаңа әңгіме жазсаң ешқайда беріп қойма, «Жас алашқа» бер. Егер басқа газеттен көріп қалсам, қатты ренжимін. Өйткені, сенің әңгімелерің оқылымды келеді. Жұрт оқиды. Ал бізге ел оқитын шығарма керек» – деп үнемі қанаттандырып отыратын. Содан кейін ағамды ренжіткім келмей, жаңа дүние жазсам, бірден «Жас алашқа» жіберетінмін. Ал кейбір бас редакторлар шығармамды сұрамақ түгілі, өз аяғыңмен апарып берсең, басқанына міндетсиді. Сондықтан ондай бар редакторларға жалынғым келмейді. Өзі өтініп сұрап тұрса, кекірейіп мұрнын көтеретін басқа біреуге беретін ақымақ емеспін ғой! Ешуақытта ешкімге жалынбаймын. «Менің дүниемді бере қойшы!» деп ешқандай бас редактордың алдында құрақ ұшпаймын, құрдай жорғаламаймын. Менің өмірлік ұстанымым: сыйласқанмен сыйласамын, ал сыйласқысы келмесе, қанша мықты болса да, тіпті болашақ тағдырым соған байланысты болып тұрса да, кеудемді ешуақытта бастырмаймын. Жалпаңдап, жағымпазданбаймын. Егер шын жақсы көретін, сыйлайтын адамым болса, сыйласамын, сол кісі туралы жақсы пікір айтуға арланбаймын. Қайта оны парыз санаймын. 

Кейде кейбір талантты ақын-жазушылар көзі тірі кездерінде де, тіпті қайтыс болғаннан кейін де бағаланбай, елеп-ескерусіз қалып қояды.  Осының сыры неде деп ойлайсыз? Бұны біреулер сол талантты қаламгерлердің қарапайымдылығы мен іздеушілері жоқтығымен түсіндіргісі келеді. Ал сіз қалай ойлайсыз?

– Менің білетінім, «алмас қылыш ешуақытта қын түбінде жатпайды». Егер шынымен керемет дүние жазса, ерте ме, кеш пе, өмірінің соңында ма, жоқ қайтыс болғаннан кейін бе, әйтеуір өз бағасын алады. Бағалану деген сыйлық алу, атаққа қол жеткізу емес. Ал егер оқырманның сүйіспеншілігіне бөленбей, халық тарапынан бағаланбай жатса, оны сол қаламгердің өз шығармаларынан іздеу керек. Мен де тасада қалған біраз талантты білемін. Керек болса тіпті атын атап, түсін түстеп те бере аламын. Басым көпшілігін оқыдым, бірақ іздегенімді таппадым. Иә, шығармаларын жаман деп айта алмайсың, барлық жағынан төрт аяғын тең басып тұрмаса да, оқып отырғанда кемшін соғар тұстарын аз байқайсың. Кейбір шығармалар тіпті қызықты, оқылымды болуы да мүмкін. Бір қарағанда бәрі бар сияқты, ал тереңірек зерделеп қарасаң, шығарманың бағасын асырып тұратын негізгі дән-дәнек болмай шығады. Ал негізгі дән-дәнек болмаса, көркем жазылған шығармаңның құны да көк тиын.

Сонда ол қандай дән-дәнек?

– Ой, астар және кейіпкердің жан әлемі. Жазып отырған шығармаңда үлкен ой айта алмасаң, оны астарлап жеткізе алмасаң, кейіпкеріңнің ішкі жан-дүниесін қойма қопарғандай қопара алмасаң, шығармашылықпен айналысып не керегі бар?! Әрине, біріншіден шығармаң оқылуы керек, адамның басын айналдыратын пәлсапаңды ішінде сапырылыстыра бермей, сыртында қалдыруың керек. Кез келген оқырман өзіне керегін алу керек қой! Ең бастысы, шығарманы оқып болғаннан кейін оқырман ойлануы керек: жазушы осы шығармасымен не айтқысы келді екен деп. Ол жұмбақтың шешімі де әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ әркім өзінше шешсе тіптен жақсы. Міне, сөз өнерін шығармашылық дейтіні сондықтан. Егер ойландыра алмаса, оның несі шығармашылық?! Майын тамызып отырып бір қызықты оқиғаны құрғақ баяндап шығу шығармашылыққа жатпайды. Ондай шығармалар мың жерден мықты жазылса да, ешуақытта бағаланбайды. Өйткені, менің ойымша шығармашылық иесінің басты міндет-мақсаты – бір оқиғаны қызықты етіп баяндап беру емес. Оны оқырманның өзі де күнде көріп-біліп жүр. Міне сол себепті де шығарма оқырманды ойландыруы керек, кейіпкері робот сияқты емес, жылайтын, күлетін, қайғыратын жанды адам болуы керек, ал ойландыра және кейіпкердің ішкі әлемін айқара ашып көрсете алған шығарманың ғана бағы жанады, ғұмыры да ұзақ болады. Мәселен, мен бір қазақтың атақты драматургын білемін. Драмалары жыл сайын сахналанып жатады, тіпті елімізде оның драматургиялық шығармасы қойылмаған театр жоқ. Көпшілігі қайталап соның пьесаларын қойып жатыр. Бірақ оны сондай бір бағалап жатқан жан баласын көрмедім. Әрине, бір көргенге қызық. Бірақ олар баянсыз, бірер сәттік ғана қызықтар. Көп өтпей-ақ ұмытылып қалады. Неге? Өйткені шығарманың құнын асырып тұратын негізгі дән-дәйек жоқ. Күнделікті көріп жүрген оқиғаны құрғақ баяндау, былайша айтқанда, ол драматургтің жазып жүргенінің бәрі ішу мен жеудің о жақ, бұ жағындағы тұрмыстық нәрселер. Өйткені, оның күрделі шығарма жазуға, сол арқылы үлкен бір ой айтуға өресі де жетпейді. Бейнелеп айтар болсақ, шығармаларының басты кейіпкерлері тойға бара жатқан, тойда отырған немесе тойдан қайтып келе жатқан қазақтар. Ал бұндай драматург пен драматургиялық шығармалар халықтың жүрегін жаулап, көңілін баурап, шынайы сүйіспеншілігіне бөлене ала ма?! Бірақ, дәл қазір осындай арзанқол шығармалардың дәурені жүріп тұрғаны да жасырын емес. Бірақ, бұл да уақыттық нәрселер. Ертең халық есін жиып, ыржақ-тыржақты тиған кезде, ұрпақтың талғамы өскен шақта бұндай тұрмыстық шығарамалар сахнадан өздері-ақ ысырылып қалады.  Ойлы, күрделі шығармалардың да бағы жанатын кездер де келетініне бек сенімдімін.

Мәселен, суретшілер де әр түрлі болады. Салған суретімен керемет бір ойлар айтқысы келетін қылқалам иелері бар да, жай ғана портрет салатындар бар. Портрет салатындар табиғатты немесе белгілі бір адамды айнытпай салуы мүмкін. Көргенде тіпті суретшінің шеберлігіне тәнті болып, таңдай қағасыз. Шын мәнінде де ондайларды талантсыз суретші деп айта алмайсың. Бірақ бәрібір олар ой айтатын суреттермен теңесе алмайды ғой. Өйткені, қанша жерден мықты суретші болса да, бәрібір табиғи табиғаттың өзінен асырып сала алмайды, адамның портретін де солай. Тірі адамнан асырып салған, оны сөйлетіп қойған суретшіні әлі көрген жоқпын. Сондықтан портрет, табиғат көріністерін салған суретшілер онша бағаланбайды, ал салған суретімен керемет бір ойлар айқысы келген, ішіне тылсым бір құпия-сыр жасырған, яғни суретке жан бітіретін қылқалам иелері шын бағаланады. Енді түсінікті болған шығар деп ойлаймын.

Ал кейде талантсыздар бірыңғай мақталып-марапатталып, атақ-абыройды бірдей иеленіп жататыны да өтірік емес қой. Бұған не дейсіз?

– Бұған мен не дейін?! Олар атақ, сыйлық алып, мақталып-марапатталуы мүмкін, бірақ ешуақытта абырой алмайды. Олардың атақ-даңқы онымен асып-тасып кетпейді. Мәселен, мен сондай бір ақынды білемін. Оны сен де білесің. Бәрі біледі.

Аты-жөнін айтпайсыз ба?

– Жоқ, айтпаймын.

Неге? Қорқасыз ба?

– Мен адамнан емес, қаңқу сөзден қорқамын. Ондай мықтылардың жақтаушылары да көп болады, содан кейін арадай талайды. Сөзімнің өңін айналдырып, өздерінің ыңғайларына қарай пайдаланады да, мені бір пәлеқор-жалақор немесе топшыл етіп шығарады. Ал маған бәрінен де абыройым қымбат. Тіпті мәселе оның атына тіреліп те тұрған жоқ. Иә, ол ақынымыз мықты жерде отыр, үлкен бастық. Қолында көп нәрсе бар. Әрине, содан кейін елдің бәрі жапырыла мақтайды. Сыйлық пен атақтың бәрін қоғадай жапырды. Шынтуайтына келгенде ол нағыз ақын емес қой. Әрине, шатпыратып бірдеңелер жазады. Олары кітап болып шығып жатады. Бірақ оны оқып, тұшынып жатқан ешкім де жоқ. Себебі жазғандары туа сала өліп қалатын шала-жансар дүниелер.  Бастық болып, жайлы креслода отырғаннан кейін кейбіреулер оған өмірде жолы болған бақытты жан ғой деп қызыға қарайды. Ал мен керсінше мүсіркей қараймын. Себебі ең бақытсыз адам сол. Өмір бойы өлең жазып, сол арқылы атақ пен сыйлықтың бәрін алып, әдебиет тарихында қалмаудан артық бақытсыздық жоқ. Ал оның көзі кеткеннен кейін шығармалары түгіл, аты да аталмай қалатынына бәс тіге аламын. Ал керсінше Мұқағали Мақатаев мен Жәркен Бөдеш ағаларым, бір жапырақ мақтау қағазын алмауы мүмкін, бірақ әдебиет әлемінде өз орындары бар, ешкім де оларды әдебиет тарихынан ысырып тастай алмайды. Міне, мәңгілік бақ осы. Ал әдебиетте өз орындары жоқ жаңағындай дәлдүріш ақындар өзінен-өзі атаусыз, уақыттың шаңына көміліп қала береді. Ендеше, алдамшы дүние пен мәңгілік бақты шатастырмаңыз.


Өз ұстанымымнан ешқашан айнымаймын!


Осы жерде әдеби тақырыптан тыс сұрақ қойсам айып етпейтін шығарсыз. Шығармашылығыңызды сырттай жақсы көретін бір лауазымды тұлға сізге қомақты қаржы тұратын көлік сыйлапты. Жалпы, осы дәстүр тұрақты түрде қалыптасса, қаламгерлерге жақсы болар еді. Бірақ, өзгенің көзқарасы үшін қызмет етіп кету қаупі де жоқ емес қой?

– Ойыңызды түсіндім. Иә, шығармашылығымды бағалайтын бір бауырымның қымбат көлік сыйлағаны да рас. Бірақ, біліп жүріңіз, мені олай ешкім де сатып ала алмайды. Бір миллион доллар берсе де, өзімнің еркімнен тыс ештеңе айтпайтыныма сене беріңіз. Өйткені мен өмірлік ұстанымы бар адаммын. Ақшаға, дүниеге, сыйлыққа сатылсам, адамдығыма сын емес пе?! Олай болса, өзімді-өзім өлтіріп, тірідей жерлегенім болмай ма?! Ал ондай арсыздыққа баратын ақымақ емеспін.

«Әдебиет – ардың ісі», көпшіліктің алдында есеп беру ғой. Ердің жасы елуге де таяп қалдыңыз. Алға қойған мақсаттарыңыз орындалып жатыр ма?

– Біз әдебиетке келген тоқсаныншы жылдары елімізде бей-берекетсіздіктер белең алып, әркім қарақан басымен қайғы болып кеткені ешкімге жасырын сыр емес. Қаламгерлер қаламақыдан қағылды, еңбектері өтеусіз қалды. Оның бүгінге дейін түзеліп кеткені де шамалы. Ертең-бүрсігүні жақсаратындай үкілі үімітпен күн кешіріп келеміз. Қанша қиын болса да, бауырларын жазып шындап шаба алмаса да, әдебиеттің нағыз жанкештілері қолдарынан қаламдарын тастаған жоқ. Соған шүкіршілік дейміз. Осы уақытқа дейін екі том әңгімелер, бір том драматургиялық шығармалар, бір том аудармалар, бір том тарихи һәм әдеби зерттеулер, бір том көсемсөздік мақалалар жинағын жазыппын. Сонда бас-аяғы алты том болады. Мерзімді басылымдарда қызмет істеп жүрген кезімде атақты ақын-жазушылардан алған әдеби сұхбаттарым мен өзімнің әр кезде берген сұхбаттарым бір-бір том болып қалады. Бірақ оларды санатқа қосып отырғаным жоқ. Құдай бұйыртса, амандығын берсе, енді бір том әңгімелер жинағын жазып қалдыра алсам, өзімді бақытты жазушымын деп санар едім.

Ең бастысы, басымыз аман, бауырымыз бүтін. Ал қазақ «басы аманның – малы түгел» дейді ғой. Жаратқанның бізге берген ең үлкен сыйы, тәуелсіз ел, дербес мемлекет атандық. Жұмыр басты пенде үшін, қазақ үшін бұдан артық бақыт бола ма?! Содықтан Құдайға тәубә дейміз.

Жақсы, жаман жазылған прозаны бірден айыра аласыз ба?

– Оның еш қиындығы жоқ қой! Тек бастан-аяқ мұқият оқып шығу керек. Қазір көпшілігі оқымай пікір айтатын болып барады. Соған таң қаламын.

Проза жазғанда алдымен ойға мән бересіз бе, әлде көркем тіліне ме?

– Алдымен ой мен оқиғаға мән беремін. Айтпақ ойымды жұптап алмай қолыма қалам алмаймын. Қалғаны шығарманы жазу барысында өзінен-өзі жібектей өріліп, түйіндей тарқатыла береді ғой.

Кімнің алдында қарыздарсыз?

– Елімнің, ұлтымның, ата-анамның, жақсылық жасаған барша туған-туыстың, аға-апайларымның, бауыр-қарындастырымның алдында мәңгі қарыздармын.

Оны қалай қайтарасыз?

– Қарызымды жеке-жеке қайтару міндетті емес деп ойлаймын. Елім мен ұлтымның титтей де болса әжетіне жарап, қай жағынан болсын құстай түлеуіне өз үлесімді қоса алсам, өзіме жақсылық жасаған барша қауымның қарызын өтегенім болар еді-ау деп ойлаймын.

Әдеби әңгімеңізге көп рахмет!


Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар