Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Думан Рамазан: О дүниедегі кездесу...

14.02.2017 8736

Думан Рамазан: О дүниедегі кездесу

Думан Рамазан: О дүниедегі кездесу - adebiportal.kz

Бір миллионнан аса халық тұратын Алмалы шаһарының екі тұрғыны төсекке таңылып, аурудың азабын тартып жатқалы да бірер айдың жүзі болды. Жата-жата жамбастары тесіліп, аурудың үстіне ауру жамағандай, удай ашып, шыдатар емес. Уақыт өткен сайын күш-қуаттары да кеміп, сөнер шамдай әлсіреп барады. Бұ фәнидегі татар дәмдері таусылып, көп ұзамай бақи дүниеге аттанатындарын іштей сезіп, өлімге әбден мойынсұнып, ажал сағатын асыға күтіп жатыр. Екеуі де іштерінен білгенін айтып, Жаратқаннан жандарын қинамай алуын сұрап, жалбарына түседі.

Еттерінен тақа арылған, қабырғалары ырсиып, қу сүйектері ғана қалған.  Әр тайған әжімді жүздері қан-сөлсіз, аппақ қудай қуарып кеткен. Жақ сүйектері шығыңқы тартқан, жанарларының нұры қайтқан. Әлдекімнен көмек күткендей, әлсін-әлсін көз қиықтарымен жан-жақтарына жаутаңдап қарай береді.

Екеуі де пайғамбар жасынан асқан, қарттыққа иек артқан жандар. Оның бірі – қаланың жоғарғы тау жақ беткейінде орналасқан хан сарайындай үйде тұратын Сәззәт Сұрлашов мырза. Өмір бойы ат үстінде жүрген, ұзақ жыл ауыл, аудан әкімі сияқты лауазымды қызметтер атқарып, жалғанды жалпағынан басып, шалқып-тасып өмір сүрген кісі. Ал екіншісі – қаланың төменгі жағындағы қоңыртөбел үйде тұрып, қоңырқай тірлік кешкен Сүйсен Сабаев ақсақал. Ұзақ жыл орта мектепте тарих пәнінен сабақ беріп, саналы ғұмырын бала оқытуға арнаған, иманы кәміл тақуа адам. 

Бұлар бірін-бірі жақсы танитын. Бір ауылда туып, бала кездерінде тай-құлындай тебісіп қатар өссе де, есейген шақтарында етене араласа алған жоқ. Тағдыр екеуін екіайрық жолға салып жіберді. Сәззәт жас кезінен-ақ иненің көзінен өтетіндей пысық болатын, ал Сүйсен жаратылысынан қой аузынан шөп алмаc момын еді. 

Бірі аюдай ақырған әкім, бірі қатардағы қарапайым мұғалім болды. Сәззәт әкім боп дүрілдеп тұрғанда Сүйсен ежелгі таныстығын алға тартып, алдына бір-екі мәрте барған. Бірақ, қу түлкідей жылмың қаға қарсы алып, құрғақ уәдемен шығарып салғаны болмаса, өзімсініп барғанда бір ісін де шешіп бермепті-ау. Сонда да бала кезгі досының жылы қабылдап, алдындағы хатшы қызға бір кесе шай құйғызып бергеніне мәз болып, жыр қылып айтып жүретін. Оған шаң жуытпайтын, сыртынан бір ауыз ғайбат сөз айтпайтын. Пенде болған соң кейде әйелі досын жақтырмай жамандай бастаса, лезде тыйып тастайтын. Артық-ауыз әңгімені суқаны сүймейтін.

Енді, міне, тағы да тағдыр-талайлары тоқайласып, аз күн қонақ болған жарық жалғанмен бір мезгілде қош айтысып, мәңгілік сапарға бірге аттанбақ. Дәл қазір екеуінің де хал-күйі бірдей. Бойларынан әл кетіп, жандары кеуделерінен шығып кетуге таяу тұр. Әлсін-әлсін ыңырсып, шүңірек көздерін әрең-пәрең ашып-жұмып, баяу ғана кірпік қағады.

Сәззәттың жанында басын сүйер пенде жоқ. Бәйбішесі ертерек қайтыс болған, ұлық ұлдарының қызметтен қолдары босар емес. Тек күтуші әйел ғана өліп қалмады ма екен дегендей, анда-санда ол жатқан бөлмеге бас сұғады да, қинала ыңырсып жатқанын көріп,  түрін тыржита қайтадан шығып кетеді. Ал Сүйсен ақсақалдың қасында елу жылдан аса бір шаңырақтың астында өмір өткізген тәмпіш мұрын сары бәйбішесі Күлара мен өзі ерекше жақсы көретін кенже бауыры Бейсен қарт отыр. Екеуінің де жанарларына жас тұнып, қалың мұңның құшағына енген. Үн-түнсіз, бір-біріне ләм-мим деп тіл қатар емес. Өткен-кеткен, кешкен дәурен ойларына оралып, көз ұшында сағымдай бұлдырап, көрген түстей елес береді. Көңіл, шіркін, жүйрік қой, өмір белестерін көктей шолып, желдей жүйткіп барады. Жеткізер емес... 

Қиял құсын қияға ұшырып, жаны жабырқау тартып отырған Бейсен қарт кенет ағасының қол-аяғы мұздай бастағанын байқап, көңілі құлазып-ақ кетті. Бөлмені өлімнің елесі кезе бастады. Сүйсен ақсақал бірдеңе айтқысы келетін сияқты, қинала иегін қағып, аузын болар-болмас жыбырлатады. Бірақ жер жұтып қойғандай, дауысы құрғыр шығар емес. Бір мезет жоғары жаққа тесірейе қарап:

– Әне, келді... Келді... Жанымды алғалы... Қазір... – деді саусағын шошайтып. Жаны жай таппай аласұра бастады. Бейсен қарт бөлме ішін көзімен бір шолып өтті. Ештеңе көрінер емес. Қыстығып әрең шыдап отырған бәйбішесі:

– Мырзажан-ау, дем салсаңшы, қиналып жатыр ғой! – деді тыпыршып.

– Құдайым-ай, не... – Ағасын қимай тұрғаны сұстиған сұрынан-ақ анық байқалады. – Иә, қазір... – дей келіп, жүрелей отыра қалды да: – Ла іләһә ілләллаһ, Мұхаммедүр – Расулұллаһ, – деп үш мәрте қайталады да, үшкіріп, дем салды. Иегі кемсеңдеп, дауысы дірілдеп шықты. 

Сүйсен ақсақал «уһ» деп ақырын дыбыс шығарды да, жеңілдеп қалғандай, жатқан бойында қимыл-қозғалыссыз сұлық қалды. Аяқ-қолы біртіндеп жансыздана бастады. 

Бейсен қарт ағасының бойынан жан шығып бара жатқанын бар жан-дүниесімен сезініп отыр. Жүрегі жай ғана соғып жатыр демесеңіз, сөлмірейген сөлсіз жүзінен ешқандай тіршілік нышаны байқалар емес. Ашық қалған көзін алақанымен ақырын сипап жапты да: «Ағатайым-ай!» – деп еңкілдеп жылап жіберді. Жеңгесі де еңіреп қоя берді. Артынша-ақ бәрін ақылға жеңдірген Бейсен ақсақал бойын тез жиып, жылауын сап тыйып:

– Жеңеше, – деді мойнын бұрып. – Енді ағамыз бұл дүниенің адамы емес. Жылай бермей, соңғы сапарға шығарып салудың қамына кірісейік! Жылама демеймін, жылама десем де, жылайсың. Жылайтын күнің әлі алда. Тек ұятқа қалмай, жөн-жобасымен жөнелтудің қамын жасайық!

– Иә, қайным, оның да дұрыс қой, бірақ жыламай қайтіп шыдайын?! – деді танауын қорс еткізіп. – Қайран, Сүйсекем!.. Арысым-ай!.. Ардағым-ай!..

Дәл осы кезде жаналғыш Әзірейіл періште келіп, Сүйсен ақсақалдың бас жағына жайғасып алып:

– О, пәк денедегі ақжүрек жан! Алланың кешірімін алып, игілігіне ие болып, мәңгілік рахатқа батқың келсе, тезірек шық! – деді жайдары қалып танытып.

Жан еш қарсылықсыз денені тастап шықты. Түсі әппақ. Көк пен жердің арасындағы жетпіс мың періште бірінен кейін бірі оған разы болып, баталарын берісіп жатты. Көктегі барлық қақпаның есігі айқара ашылып, періштелер сол жанның өз қақпалары арқылы ғарышқа көтерілуін тілеп тұрды. Әзірейіл жанды ала сала жұпар себілген ақ кебінге шымқап орады да, жеті қат көкке көтеріп алып кетті. Олар періштелер тобына жеткен кезде: 

– Бұл тамаша жан кімдікі? – деп сұрады бәрі жамырап.

– Бұл – Құдайдың сүйген құлы Сүйсеннің жаны, – деді жаналғыш періштенің өзі де мейірленіп. – Енді жан денесімен қайта қауышқанша ғарышта болады.

Содан соң ажал періштелері Сәззәт сабаздың жанын алуға жерге қайтып оралды. Екі дүниенің ортасында есі бір кіріп, бір шығып есеңгіреп жатса да, бәрін сезіп-біліп жатыр. Бас жағына келіп жайғасқан Әзірейілге көзін сығырайтып, жалынышты кейіппен қарайды. 

– Жеттіңдер ме? – деді күбір етіп.

 Әзірейіл дауысын көтере:

– Әй, сұмырай жан. Сен Құдайдың қаһарына ұшырап, наразылығына қалдың. Енді есеп берер сәт туды. Кәне, бермен шық! – деді жекіріп. 

Жан шыққысы келмей, еріген қорғасындай денеге жайылып, жабыса түсті. Оған Әзірейіл бастаған жаналғыш періштелер «шық та шықтың» астына алып, дөң-айбат көрсетіп, қоқан-лоққы жасап бақты. Амалы құрып, кеудеден жылжып жұтқыншаққа тірелгенде, Сәззәттың жаны көзіне көрініп, өзімен-өзі арпалысқа түсті. 

Әзірейіл оның жанын ерік-ырқына қоймай, шырқыратып көмекейінен суырып алды. Түсі көмірдей қап-қара. Жер мен көктегі періштелердің бәрі оған лағынет жаудырып жатты. Көктегі қақпалар тарс жабылды. Қас қағым сәтте-ақ періштелер Сәззәттың жанын алдын ала дайындалған қара кенеп қапқа салып, мықтап орап тастады. Одан шіріген жұмыртқанікіндей сасық иіс шығып, жер-дүниені алып кетті. 

- Бұл сұмпайы жан кімдікі? – деп сұрайды періштелер.

- Бұл – Сәззәт Сұрлашовтың жаны, – дейді Әзірейіл оларға.

Көктегі қақпалардың есігі тегіс жабылып қалғандықтан, ажал періштелері оны жеті қат жердің астына апарып тықты. Жан мәйіттің жамбасы жерге тигенше түпсіз шыңыраудағы суық сызды тар қапаста қамауда болады.

Сүйсен ақсақалдың да, Сәззәт шалдың да мәйіттерін туған-туыстары мен бала-шағасы әзелгі қалыптасқан ата дәстүр бойынша ақ кебінге орап, жаназасын шығарып, соңғы сапарға аттандырып салды. 

Құдай тағала топырақты да бір жерден бұйыртыпты. Екеуінің де мәйіті бір мезгілде жер қойнына тапсырылды. Алдын ала қазылып қойылған тас қараңғы суық көрге тәндерін жасырып, молда құранын оқып болған соң, топырақ салуға жиналған жәмиғат: «Жатқан жерлері жайлы болсын!» – десіп, келген іздерімен кері қайтып бара жатты.

Осы сәт Сүйсен ақсақал жатқан көрдің іші кеңейіп, самаладай жарқырап сала берді. Ал Сәззәт шал жатқан қабір тарылып, төрт жақтан бірдей қусырып қыса бастады. Жаншып-жаныштап, сай сүйегін сырқыратып-ақ барады. Қабір азабының осылай боларын жер басып тірі жүргенде қайдан білсін, әйтпесе күнәға белшесінен батпас еді ғой. 

Бір кезде Алла періштелерге:

– Менің екі құлымды жер бетіне әкеліңдер! Мен оларды топырақтан жараттым, енді одан шығарамын! – деді.

Періштелер Жаратушы жаппар иенің айтқанын екі етсін бе, Сәззәт шал мен Сүйсен ақсақалдың жанын алып келіп, денелеріне қайта қосты. Құдайдың құдіретімен екеуі қайта тіріліп, бәз-баяғы қалыптарына келді. Сол сол-ақ екен, Әңкүр мен Мәңкүр алдымен Сүйсен ақсақалға келіп, жайдары жүзбен сұрақтар қойып, жауап ала бастады. 

– Сенің Раббың кім? – деді екеуі қосанжарласып.

– Менің Раббым – Алла, – деді ақсақал.

– Дінің қандай?

– Дінім – ислам... Алланың құлы, Мұхаммедтің үмметімін.

– Қандай қайырымды іс қылдың?

– Алланың кітабын оқыдым, оған иман келтірдім және сендім.

Осы кезде көктен:

– Менің сүйген құлым шынын айтты. Оған жұмақтың мамығынан төсек салыңдар, жәннаттың киімін киіндіріңдер. Жұмақтың қақпасын ашып қойыңдар! – деген ашық-жарқын дауыс естілді. 

Ақ түсті періштелер оған жұмақтың рахатын алдын ала сездіру үшін жәннаттың мұрын жарар хош иісін әкелді. Бойына қайта жан біткен Сүйсен ақсақалдың алдына түр-тұлғасы келіскен, үстінен жұпар исі аңқыған, киімі мұнтаздай, иманжүзді жігіт келіп: 

– Мен сізді шаттыққа бөлейтін қуанышты хабар әкелдім. Сізге Құдайдың рахымы түсіп, жұмақтың төрінен орын бұйырды. Қуана беруіңізге болады! – деді жаздай жадырап.

Ақсақалдың жүзі бал-бұл жайнап:

– Құдай саған да мейірімін төксін, алдыңнан жарылқасын! Түсің қандай жылы еді, неткен жансың? – деді қуанышын жасыра алмай.

– Мен сіздің ізгі амалдарыңызбын. Сізді қашанда ізгілік пен жақсылықтың жанынан көрдім. Сол үшін бұл сізге Тәңірдің жасаған үлкен сыйы. – деді келбетті жігіт.

Осылай деуі мұң екен, сол сәт тозақ пен жұмақтың қақпалары бірдей айқара ашылды. Алдымен жалын атқан тозақты көрсетіп:

– Егер Құдай жолымен жүрмей, Ібілістің айтқанын істеп, азғыруына ілескеніңде, сөз жоқ, сен де осында қамалар едің! Бірақ сен мәңгілік мекеніңді о баста өзің дұрыс таңдадың. Бұндай мүмкіндікті жұмыр басты пенденің бәріне береді. Бәрі де өз қолдарында. Енді сіз жәннатта мәңгілік рахатқа батасыз! – деп оны жұмаққа бастап келіп, кіргізіп жіберді. 

Сүйсен ақсақал жан-жағына таңырқай қарайды. Маңайдың бәрі жап-жасыл. Қызыл, сары, ақ гүлдер жайқалып тұр. Тал-теректер қарауылша қаздиып, шыршалар сарбаздарша сап түзеген. Жерде де, көкте де тұнып тұрған жеміс-жидек. Алма, алмұрт, өрік, шие, жүзімнің неше түрі бар. Қарақат пен бүлдірген де уылжып пісіп-ақ тұр. Бір-екеуін үзіп алып, аузына салып көріп еді, дәмі тілін үйірді. 

Ақ қайыңдардың әр жерінен сауылдап су ағып жатыр. Шөл қысып, шөліркеп тұрған. Уысымен алып, жұтып-жұтып жіберіп еді, маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті: «Құдайдың құдіреті-ай! – деді таңдайын қағып, – Бұндай бал шырынды өмірімде ішіп көрмеп едім. Неткен ғажап!..»

Сол сәт жол көрсетуші періште келіп:

– Мынау сіздің үйіңіз болады, – деді алтын мен күмістен соғылған зәулім сарайды нұсқап. – Енді сіз осында тұрасыз. Ішінде тұрмыс-тіршілікке қажеттің бәрі бар. Кешке таман етегіне жел тимеген хор қызын әкеп береміз.

Сарайға кіреберісте ілулі тұрған үлкен айнаға көзі түсіп кеткен Сүйсен ақсақал жас кезіндегі өз бейнесін көрді. Өз көзіне өзі сенбей, таң-тамаша таңырқап тұрып қалды. Жиырма бес жасар бозбала кейпіне қайта енген. Тізесі қалтыраған сексендегі шал емес, күш-қуаты тасыған өрімдей жас жігіт. «О, тоба!.. – деді іштей күбірлеп. – Жастығымды қайта оралтқан Жаратқанға мың алғыс!..»

– Жұмақтың жемісі мен зәмзәм суының дәмін татқан адамның сол сәтте-ақ бойына күш-қуат дарып, лезде-ақ жасарып шыға келеді. Бұған таңданбай-ақ қойыңыз. Бұл – сіздің жасаған жақсылықтарыңыз бен ізгіліктеріңіздің өтеуі. Енді сіз жұмақта мәңгі жас боп өмір сүресіз. Қартаймайсыз, өлмейсіз, – деді періште.

– О, Жаратушы жаппар ием, саған деген ризалығым шексіз! – Сүйсен жалт-жұлт еткен гауһар тастармен әшекейленген ағаш төсектің үстіндегі құс көрпеге құлай кетті.

– Азырақ демалып алайыншы!..

Сүйсенді жайлы жерге жайғастырған соң, періштелер Сәззәттің қабіріне қайтып оралып, қатулы кейіпте сұрақтар қойып, жауап ала бастады.

– Сенің Раббың кім?

– Аа... Не дейсің?!. Түк ұқсам бұйырмасын!..

– Дінің қандай?

– Діншіл емеспін, десе де, өзімді мұсылманмын деп санаймын.

– Сендерге жіберілген адам туралы не білесің?

– Ештеңе білмеймін. Жұмбақтамай дұрыстап айтсаңдаршы! Кімді айтып тұрсыңдар, өзі?

Сол кезде көктен:

– Ол дұрыс жауап бермеді. Оған оттан төсек салыңдар, алдынан тозақтың қақпаларын ашып қойыңдар! – деген қатқыл дауыс естілді. 

Сәззәт сабаздың сұры қашып кетті. Құтырған қасқырдай көздері алақтап, тозақтан қалай құтылудың айла-амалын ойлай бастады. Сол сәт оның алдына алба-жұлба киінген, үстінен сасық иіс мүңкіген, сұрықсыз біреу келіп:

– Мен саған жамандық хабар әкелдім. Ол күн саған уәде етілген, – деді түсін суытып.

– Құдай жолыңды қылмағыр, сен кімсің өзі, неғылған жансың? Түріңнен адам шошиды ғой! – деді Сәззәт шал күйіп-пісіп. 

– Мен өзіңнің зұлым істеріңмін. Сені қашанда теріс жолдан, қылмыс әлемінен көрдім. Кінә мен күнә жасағаныңда қасыңда тұрдым. Бәрін де өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естідім. Енді міне, Жаратушы жаппар иеміз сенің сол күнәларың үшін лайықты үкім кесті. Қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтеретін, соған сай жазаланатын сәт туды. Құдай істеген жамандықтарыңның бәрін өз басыңа келтіреді, – деді әлгі сұқытсыз сұстиып. 

– Сен не көкіп тұрсың, мен ешқандай қылмыс жасағаным жоқ, күнәға да батқан жерім жоқ, – деді Сәззәт шал бетпақтанып. – Қандай дәлел-дәйегің бар? Неткен пәлеқор жансың?

– Дәлел-дәйек жеткілікті... Сенің қандай күнә жасап, нендей қылмыс істегеніңнің бәрі жіпке тізіліп, шотталып-қатталып қойылған. Құдай бәрін көріп-біліп тұрады. Сен өзің сияқты пенделерді алдауың мүмкін, тіпті болмаса сатып алуың мүмкін, ал Құдайды алдай алмайсың!.. Кез келген адамның жасаған жақсылығы да, жамандығы да еш уақытта із-түзсіз жоғалып кетпейді. Екі дүниенің бірінде иесін іздеп табады. 

– Мен не істеппін, қандай күнә жасаппын?!. – деді Сәззәт бетбақтырмай.

– О... онда оқы мынаны. – Ол оның қолына қара кенеппен қапталған амал дәптерін ұстатты. «Бәрібір қылмысымның үстінен түскен жоқсың, қалай дәлелдейсің?!» дегендей, Сәззат сабазың сасар емес. Демін ішіне тартып, жаймен парақтай бастады. Орта тұсынан бір бетін ашып, көз жүгіртті. 

«Сәззәт 01.08.1995 жылы ауыл әкімі боп тұрған кезде бір күнде үш мәрте жер сатып, үш мәрте күнәға батты. Алғашқысынан он бес мың доллар, екіншісінен жиырма бес мың доллар, үшіншісінен елу мың доллар қалтасына басты. 

Ертесінде тағы да үш мәрте жер сатты. Бұл жолы сотықтап емес, гектарлап сатты. Алғашқысынан бес жүз мың, екіншісінен алты жүз мың, үшіншісінен жеті жүз мың долларды шытырлатып санап алды. Ақшаға құныққаны соншалық, бұл күнәһар осылай Құдайдың құтты күні жер сатумен айналысты. Сол түскен пайданы өз қажетінше жаратты. Арам ақшаны аясын ба, облыс әкіміне пара беріп, аудан әкімінің орынтағын бір миллион долларға сатып алды. 

Аудан әкімі бола салып, жер саудасын одан әрі қыздырды. Ақша не істетпейді, хан сарайындай үй салдырды, неше түрлі қымбат көліктер мінді. Қарауындағы қыз-қырқынды төсегіне сүйреледі, көнбегендерін есебін тауып, жұмыстан шығарып жіберді. Кәмелетке жасы толмаған өрімдей жас қыздарды зорлауды әдетке айналдырды. Қаракөз есімді он екіде бір гүлі ашылмаған он жеті жасар қыз баланы көмекшілері арқылы саяжайына шақырып алып, жалынып-жалбарынғанына, жылап-сықтағанына қарамай, зорлады. Қыздың әке-шешесі сотқа беріп еді, судьяның аузын майлап, құтылып кетті. Шарасыз қыз зар еңіреп қала берді. Ал Жайна есімді гүлдей жайнаған он сегіз жасар қызды кешке жақын өз кеңсесінде зорлады. Оған да ақша беріп, аузын жаптырды. Ал өзінің туған балдызы Күнсаяны... »

Көздері шарасынан шыға адырайып кетті. Қол-аяғы дірілдеп, амал дәптері жерге сусып түсті. «Е, Құдай бәрін көріп-біліп, періштелер жіпке тізіп тұрады дегенге сенбеуші едік, бәрі рас екен-ау! Әйтпесе, бұның бәрін қайдан біледі?! – деді іштей күбірлеп. – Бірін қалдырмай жазып қойыпты. Не нәрсенің болсын сұрауы болатыны да шындық екен ғой! Не істесем екен?!. Тозақтан қалай құтылам?! Сақшы періштелермен сөйлесіп көру керек шығар. Бірақ оларды жолдан тайдыратын алтыным да жоқ қой қазір, пара ұсынатын жиған-тергенімнің бәрі ана дүниеде қалды. Сонда да тамырын басып көрейін. Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады деген. Ең бастысы, ештеңені мойындамау керек, ешкім де қылмыс үстінде ұстап алған жоқ қой!»

Оның осындай күпір ойларын сезіп қалды ма, дәл осы кезде қолына жуан шоқпар ұстаған жауырыны қақпақтай саңырау әрі мылқау жазалаушы пері жендет едіреңдеп жетіп келіп, Сәззәттың тамағынан қыса ұстады да, қырылдап-сырылдағанына қарамастан басынан асыра лақтырып кеп жіберді. Кескен томардай домалап жатқан жерінде шоқпарымен құлаштап ұра бастады. Шыбын жаны шырқырап, құлындағы дауысы шықты. Өлердегі сөзін айтып, жатып кеп жалынды. Бірақ, оны керең жазалаушы қайдан естісін, итше тепкілеп, көгала қойдай сабады. Таяқ тимеген, көгермеген жері жоқ. Үсті-басы қан-қан. Өзі де жаны сірі жан екен, қызылкөз жазалаушы жендет өз қызметін атқарып болып, жөніне кетіп қалған соң, қиралаңдай орнынан тұрды.

Осы сәт жұмақ пен тозақтың қақпалары қатар ашылды. Періштелер оған жұмақты көрсетіп:

– Егер сен күнә жасамай, Құдайдың ақ жолымен жүрген болсаң, жәннаттың төрінен орын бұйырар еді. Бірақ, сен Әзәзілдің айтқанын істеп, Ібілістің жетегіне ілесіп, Нәпсінің құлақкесті құлына айналып, күнәға белшеңнен баттың. Саған орынды тозақтың түбінен, шыңыраудан дайындадық. Енді сен онда мәңгілік азап тартасың, мехнат шегесің. Істеген күнәларың үшін жазаңды өтейсің! – деді бастырмалатып.

Сәззәт оған құлақ қояр құлық танытпады. Жұмақтың ішіндегі сан алуан жемістерді көріп, сілекейі шұбырып, жұтына береді. Кенет, ортада мың бұрала билеп жүрген хор қызына көзі түсті. Есі кетіп, еміреніп барады: «Неткен сұлу!.. – деп қояды іштей күбірлеп. – Шіркін, оңашада кезігер ме еді! Тәні неткен аппақ!» Кенет, анадай жерде күлімсіреп тұрған еркекті көріп, аңтарылып тұрып қалды: «Әй, мынау өзіміздің Сүйсен ғой! Иә, сол!..»

– Сүйсен, ау Сүйсен, – деді қуаныштан жүрегі жарылардай айғай салып, – Сүйсен, бұл мен ғой, ескі досың Сәззәтпын ғой!

Дауыс шыққан жаққа жалт қараған Сүйсен бет-ауызы көнектей боп ісіп кеткен Сәззәтті әрең таныды. Ол бұған қолын бұлғап, шақырып қояды. Дауысы ап-анық естіліп тұр. Арыз-арманымды тезірек айтып қалайын дегендей, асығып-аптыға:

– Мені тозаққа апара жатыр, – деді жанұшырып.

Сүйсен оған таңдана қойған жоқ. «Неге?» деп те сұрамады. Сәззәттің аузы жабылар емес.

– Мені өзіңнің қасыңа кіргізіп алшы! – деп қояды ара-арасында.

– Ол менің қолымнан келмейді ғой! Әйтпесе, кіргізіп-ақ алар едім, - деді шын пейілмен.

Сөз ұғар Сәззәт жоқ, бір сәтке бәрін ұмытқан, екі көзі мен есіл-дерті айдай толықсыған хор қызында. Оған қайта-қайта көзін қысып, сойған түлкідей ыржаңдай береді.

– Ауру қалса да, әдет қалмайды деген осы екен ғой! Жұмаққа кірсе де тыныш жүрмес, мына сабазың! – Сүйсен жас жұбайын қызғанғандай, тіксініп қалды.

Қулығына құрық бойламайтын Сәззәт та бұның томсара қалғанын сезе қойып:

– Әй, өзің жасарып алыпсың ғой! – деді майлы ішекше жылпылдап. Сонда да былқ-сылқ етіп билеп жүрген хор қызына көз қиығын қадап қояды. – Әй, Сүй...

Осы кезде жұмақтың қақпасы тарс жабылды да, сақшы перілер Сәззәтті желкелеп тозаққа қарай дырылдатып сүйрей жөнелді. Ол тағы бір сасық қулығын іске асырмақ болып:

– Мені Мәлікке жолықтырыңдар, – деді тас-түйін түйіліп.

– Сен оны қайдан танисың? – деді сақшы перілер бастықтарының есімін естіген кезде елең етіп.

–Танимын, ол менің жақын танысым! – деп қойып қалды беті бүлк етпестен. – Сондықтан мені есебін тауып, жұмаққа кіргізіп жіберіңдер!

– Ойбай, болмайды!..

– Неге? – Сәззәт еркінси бастады.

– Ол біздің қолымыздан келмейді. Тіпті Мәлік бастықтың да қолынан келмейді!..

– Енді кімнің қолынан келеді?

– Тек, бір Алланың ғана.

– Онда мені Аллаға жолықтырыңдар! – Сөзім өтімдірек болсын дегендей, әдейі бұйыра сөйледі.

– Болмайды! Жұмақтағылар болмаса, тозақтағыларға Алламен кездесуге рұқсат жоқ!..

Кенет, ар жақтан: «Бұл неғылған шу?» – деген қатулы дауыс естілді. 

- Мәлік бастық, мынау сізді танысым дейді, – деді сақшы оған үрпие қарап. 

- Ол кім?

– Мен... мен... Сәззәтпін ғой!.. – деді мұрнынан міңгірлеп.

– Ә, сен кешегі кәззәп екенсің ғой!.. – деді оған көзін тоқтатып та қарамастан, – Мына күнәһардың қол-аяғын шынжырлап, тұп-тура шыңырауға апарып тастай салыңдар! – Дауысы тым қатқыл шықты.

Қабағынан қар жауған қаһарлы бастықтары айтқан соң жандары қалсын ба, сақшы перілер әй-шәйға қаратпай, дырылдатып сүйрелей жөнелді. Дедек қағып, делбеңдеп бара жатса да, соңғы мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысып, әдетінше қулық ойлап бара жатты. Мұхаммед пайғамбардың Алланың алдына барып, өзі кепіл болып, тозақтағы кейбір мұсылмандарды жұмаққа кіргізіп алғандығы туралы бір діндардан шала-шарпы естіген әңгімесі есіне түсіп: 

– Мені Мұхаммедке жолықтырыңдаршы. Айтар уәжім бар, – деді жанұшыра айғайлап. – Алланың алдына барғым келеді. Алла аса кешірімді һәм асқан мейірімді деуші еді ғой!

– Алла әділ һәм қатал. Әрбір пендесіне өз іс-әрекеті негізінде үкім шығарады. Сен енді тозақтың отына күйдіріліп, мәңгі сонда қаласың. Алланың үкімі өзгермейді. 

Еңгезердей екі сақшы дедектетіп отырып, тозақтың бірінші қақпасын ашып қалып еді, салқын жел азынап қоя берді. Көзін бір ашып-жұмғанша суық сүйегінен өтіп, тұла бойын қалтыратып-ақ жіберді. Қалш-қалш етіп, тісі-тісіне тимей сақылдай жөнелді. Қатал сақшылар оның жан-жағына қарауына да мұрша бермей, екінші қақпаны айқара ашты. От жанып жатыр. Сәззәттің үсті-басын жалын шала бастады. Шашы-қасы мен денесіндегі түктерінен түк қалмады. Үшіншісіне кіргенде бір қабат терісі бырысып күйіп қалды. Төртіншісінде өзі қоса жанып, бесіншісінде тұңғиыққа батып, алтыншысында көзге түртсе көргісіз түнекке түсті. Сақшылар не суықты, не ыстықты сезінер емес, суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін ертегідегі батырлар сияқты, ештеңені елең қылмай, жайбарақат кейіпте балпаң-балпаң басып келеді. Ал Сәззәт сабазың үсті-басын күйдірген сайын бақырып-шақырып әбден азап шекті. Аттаған сайын табанымен от басып, ойбайлай ыршып түседі. Қанша жерден аттандап секіргенімен, құтылар жері жоқ. Табаны тиген сайын қып-қызыл шоқ шыж-быж еткізіп қарып түседі. Күймеген жері қалмады, миы сақылдап қайнап, өне бойы бырысып-тырысып қалды. Көзінен сорасы ағып, жан дауысы шыға шыңғырып келеді.

Сақшы перілер ең соңғы жетінші қақпаның есігін ашты. Жиектерін жалын лаулаған терең шыңырау. Төменгі жақтан да от ұшқындары жылтылдайды. Сәззәт шалдың зәресі зәр түбіне жетті. Қашудың қамын ойлап, жан-жағына жаутаңдап қарай беріп еді, соны сезіп қойғандай-ақ, темірдей жуан қолдарымен екі қолтығынан қыса ұстап, дедектетіп келе жатқан алпамса денелі сақшы перілер оның бұрылуға да мұршасын келтірмей, кешірім сұрап, жалынып-жалбарынғанына да қарамастан, шыңырауға тастап кеп жіберді. Ол жар басынан өзенге секіргендей, төмен қарай зулай жөнелді. Қол-аяғын кезек сермеп, жан дауысы шыға айғайлап келеді. Енді анық байқады, түп жақта от лаулап жанып жатыр. Зуылдап келіп, ішіне қойып кетті. От күйдіріп-жандырып, денесі шыж-быж етіп шыжылдап, қанды ірің аға бастады. Дем жетпей, тұншығып барады. Сол сәт қарсы алдында тұрған біреудің көзіне көзі түсіп кетті. «Өй, мынау, Сенжекең ғой!..» Бұл Сәззәтті ауыл әкімі ғып тағайындап, тонның ішкі бауындай ым-жымы бір боп кеткен бұрынғы аудан әкімі Сенжебек Сомарбаев қой. Жемсаулы жемқордың нағыз өзі. Кәдімгі қара ағаш сияқты лапылдап жанып жатыр. 

– Ой, Жәке, сіз де осында екенсіз ғой! – деп ұмсына бергені сол еді, ол кеудесінен итеріп жіберді. Ашулы екені жалын атқан отты көзінен көрініп тұр. «Сен едің ғой, мені күнәға батырып, қылмысқа баулыған! Қанымды сормай ішіп, жегенімді желкемнен шығарып, қалтамдағыны түк қалдырмай сыпырып алушы едің ғой!» – деп айтып салғысы келсе де, айта алмады. Бұрынғы бастығының сыры өзіне мәлім болғандықтан, үндемей құтылуды жөн көріп, кері бұрыла берді.

Құдайдың құдіреті-ай, денесінде саутамдық жер жоқ болса да, екі көзі дін аман. «Осының бәрін өз көзімен көрсін!..» – деп Жаратушы жаппар ием әдейі көзді осылай күймейтін етіп жаратты ма екен. Солай шығар. Әйтпесе..»

Ол ойын аяқтап үлгерместен жоғары жақтан тағы біреудің төмен қарай құлдилап келе жатқанын көрді. Көзін тоқтатып қарай бергені сол еді, төбе құйқасы шымырлап кетті. Өзінің көмекшісі болып, талай қылмысты бірігіп істеген Сайбек бауыры. Көрмей-ақ қойсын дегендей, теріс айналып кетті. «Осы біреу де қыр соңымнан қалмай-ақ қойды-ау!.. Қайда барсам да, өңкеңдеп жетіп келеді, жүгірмек... Енді, міне, тағы...» 

Оның да денесі отқа оранып, бырысып-тырыса бастады. Жан азабына түсті. Жанталасты. Қол ұшын созар ешкім жоқ. Әркім өз басымен қайғы. Тозақ оты тәндерін күйдіріп, еттерін шыжғырып, шыбын жандарын шырқыратып-ақ барады.

 Шыңырауда адамдар тіптен көп. Өрт жалмаған қара ормандай жанып жатыр. Көбі таныс. Кілең әкім-қаралар, биліктің маңайында жүрген ығай мен сығайлар. Мемлекеттің қаржысын жымқырып, қарапайым халыққа тізелерін батырғандар. Сәлиев, Сұсаев, Сүлекеев, Сырзахметов, Сереченко, Сүркітбаев, Сұржанов, Сажыбек дейсіз бе – бәрі осында. Тозақ отына күйдіріліп, азапталып жатыр. Бір-бірлерін тек көздерінен таниды, көздерімен ұғысып-біліседі. 

Сәззәт көзін ашып қалып еді, Сайбек бауыры қарсы алдында тұр.  Бұны танып, көзі күлімдеп кетті. 

– Сәзз аға, сіз едіңіз ғой мені қылмысқа баулып, күнәға батырған. Құтқара көріңіз! Сүйек майыма дейін қайнап барады, – деді жандалбасалап. Сәззәт басын сәл көтеріп, «е, бәтшағар, мен жетісіп тұр дейсің бе?!.» дегендей, оған ала көзімен ата қарады: 

– Енді маған керегің жоқ! Жоғал әрі, жүгірмек!

Сайбек басын төмен сала үн-түнсіз бұрылып кетті.

– Бар пәлеге бастайтын да, бар күнәні істететін де, ақыр соңында бәріне куә болатын да тек көзіміз екен ғой! – деп күңіренді Сәззәт мырза.

Әне, ойбайлап-аттандаған күйі тағы бір күнәһар қол-аяғындағы шынжырды шылдырлатып жоғарыдан құлап келеді. «Кім болды екен, ә?» дегенше болған жоқ, ол жақындап-ақ қалды. Таныды, таныды да көзін жұма қойды. «Ойбай, мынау анау ғой!.. – Тұла бойы дір ете түсті, – Анау... Иә, соның дәл өзі... Ой, Құдайым-ай!..»

Сәззәт бүкшеңдеп шыңыраудың түп жағына қарай жылыстай берді: «Көріп қойса құртады ғой!.. Көрінбей-ақ қояйын!.. Пәлесінен аулақ!..» 

Тозақ оты лапылдап жанып жатыр. Жалын ішінен күнәһарлардың көздері ғана жылтырайды. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар