Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Думан Рамазан. Жар астында...

06.01.2019 5531

Думан Рамазан. Жар астында

Думан Рамазан. Жар астында - adebiportal.kz

Ел иесіз, жер киесіз болмас.

Мақал

Таң бозынан атқа қонған Ер Жәнібек Қабанбай батырдың ауылына түс ауа жетті. Көк шалғынға жағалай тігілген ақ боз үйлер сән-салтанатымен ерекше көз тартады. Ауыл маңында жасанған жасақ түгіл, қару асынған еркек көрінбейді. «Ел шетінде жау жатыр. Бес қаруын сайлап келсін дегені қайда? — деп қойды ішінен. — «Серік ертпесін!» дегендерінде бір құпия сыр бар-ау!..».

Дүрбелеңнің үстінен түсем бе деп те ойлаған, қателесіпті. Асығыс атқа қонғаны да сол еді. Ауылға кіре бере оны жылмаң қаққан жұқалтаң сары жігіт күтіп алып, сегіз қанат ақ ордаға ертіп әкелді.

— Ассалаумағалейкум! — деді табалдырықтан аттай бере оң қолын кеуде тұсына тақап.

— Уағалейкумассалам... — Төр жақта құс жастықты шынтақтай жатқан Бөгенбай батыр сәлемін алдымен алды.

— Ә, батырым, қош келдің! — деді Қабанбай сәл ысырыла оң жағынан орын беріп. — Кел, төрлет!

Қарала текеметтің үстіне төселген құрақ көрпеге тізе бүккен Жәнібек үй ішін көз қиығымен бір шолып өтті. Төр жақ қабырғадағы түскиіздің тұсында үш ішекті үкілі домбыра тұр. Оң жақ қапталдағы жүкаяқтың үстіне қошқар мүйіз оюлар бейнеленген сырлы сандықтар қойылған. Сол жақ қанаттағы сүйектелген ағаш төсекте қызылды-жасылды көрпелер мен үлпілдек құс жастықтар жиналған. Есік жақта орнатылған адалбақанда күмістелген құйысқан мен өмілдірік және қару-жарақ ілінген.

— Ел аман, жұрт тыныш па? — деді Бөгенбай қозғала түсіп.

— Шүкір, батыр аға, тегіс аманшылық.

— Қалыңдығыңа ұрын кетті деп естіп едік, — деді дастарханның шет жағында тізерлей отырған Майсара сұлу оған қымыз құйылған шараны ұсынып жатып. — Жақсы барып қайттың ба?

— Шүкір, жеңеше. Баруын бардық-ау!.. Шынын айтсам, анталаған жауға шапқаннан, бұлықсыған қызға барғаным қиындау тиді!

— Қайын жұртың тәуір сынаған-ау, сірә! — Қолындағы ақ орамалмен маңдайынан шым-шымдап шыққан терді сүртіп қойып отырған Қабанбай жылы жымиып қойды.

— Несін айтасыз, батыр аға! Осы жасқа келгенше қысылып-қымтырылып, адам баласының ырқына көнген жан емес едім. Сыралғы жеңгелер мен сырбаз балдыздардың арқасында бұл күйді де бастан кештік.

— Әйтеуір, ат-тоныңды алдырмай аман-есен қайтыпсың! — деді Бөгенбай батыр сөзінің аяғын әзілге айналдырып. — Ол да оңай олжа емес!

Аздан соң ортаға ет әкелінді. Қазы-қарта, жал-жая. Жас малдың еті бабымен балбырап пісіпті. Буы бұрқырап тұр.

Жәнібек неге шақыртқанын білгісі келетінін аңғартқандай, сұраулы жүзбен жан-жағына бағдарлай көз тастап қояды. Соны сезді ме, ет желініп, сорпа ішіліп, іштеріне ел қонған соң Қабанбай батыр ақырын жөткірініп алып, сөз бастады:

— Жоңғар қолынан бөлініп шыққан екі жүзге тарта шерік шеттеу қонған ауылдарымызға бүйідей тиіп, жазықсыз жандарды зар қақсатып жүрген көрінеді. Жасанып келген жау емес, оларға бола жасақ жиғанымыз естір құлаққа ерсілеу тиер, елді дүрліктірмей-ақ қояйық!.. — деді нығыздай сөйлеп. — Үшеуміз серіктесіп барып, сол қан іздеп келгендердің жүгенсіз іс-әрекеттеріне тосқауыл қойып, ел асырып жібермесек болмас. Ел мен жердің иесі бар екенін біліп жүрсін!..

— Жөн-ақ!.. — деді Бөгенбай қостап. — Ел ішінің тыныш болғаны жақсы ғой!

— Өздері қайда екен? — Жәнібектің қабағы түксиіп кетті.

— Мына бала орналасқан жерлерін біледі екен, төтелетіп барып дәл төбелерінен түсірем дейді, — деді Қабанбай батыр төмендеу отырған қоңқақ мұрын тақырбас жігітке қарай мойнын бұрып, — Тіпті еркінсігені соншалық, жерімізге ішкерлей еніп кетіпті. Басынғандары ғой!..

— Бұлай басындырып қоя алмаспыз! — деді Жәнібек шыдамсыздана. — Қашан жүреміз? — Сөзінің екпініне қарағанда тап қазір жүріп кетуге дайын сияқты.

— Таңғы салқынмен шығып кетерміз! — Қабанбай қысқа қайырды.

Бұдан әрі кеңінен көсіліп әңгіме-дүкен құрудың қисыны келе қоймады. Ертеңгі жорық туралы аз-кем ақылдасып алды да, төсек салдырып, жатып қалды.

Әрнені бір ойлап, бойларына ашу-ызаның уыты дендей жайылып, түні бойы көз іліндіре алмаса да, таң атпай орындарынан тұрған батырлар бес қаруын асынып, аттарын ерттеп мініп, «қанды басың бері тарт!» деп жүріп кетті.

Түн түңлігі түріліп, көкжиектен күннің басы қылтиып шығып келеді. Төңірек бірте-бірте ағара бастады. Бөгенбайдың Нарқызылы, Қабанбайдың Кертөбелі, Жәнібектің көк дөнені бір-бірінен қалысар емес. Аяқтарын кере тастап, желе жортып келеді. Ауылдан ұзай бере саржеліске салды. Терістіктен ескен салқын самал жандарын желпіп, бойларын сергіте түссе де, бір-біріне ләм-мим деп тіл қатар емес. Әркім өз ойымен әуре. Бөтен елдің бүлікшілерін тәубасына түсірмей, жандары жай таппайтындай.

Олар аялдамастан ұзақ жүрді. Күн шақырайып тас төбеге көтерілген кезде бір ауылдың үстінен түсті. Атақты Әлімбай байдың ауылы. Жау шауып кеткені көрініп тұр, дүние төңкеріліп асты-үстіне түскендей, ауылдың астаң-кестеңі шығып жатыр. Көп үйдің шаңырақтары опырылып ортасына түскен. Кейбірінің орны әлі шоқтанып жанып жатыр. Қазандар төңкеріліп, ошақтар ойрандалған. Айғай-шудан құлақ тұнады. Қара жамылып, жылап-сықтаған әйелдердің зарлы дауысы төбе-құйқаны шымырлатады. Кейбір еркектердің бастары байлаулы, бет-ауыздары қан-қан. Қайсыбірінің киімдері жырым-жырым.

Батырлардың алдынан Әлімбай ақсақалдың өзі шықты. Алпысты алқымдап қалса да, әлі тың. Сөзі де, жүріс-тұрысы да ширақ. Бірақ, қабағы салыңқы, жаны жабырқаңқы. Отты көзінен уайымның табы білінеді. Сонда да сабырлы қалпын сақтап, салмақтап сөз саптады:

— Түн ішінде қаннен-қаперсіз шырт ұйқыда жатқанбыз, аттардың дүрсілінен шошып ояндық. Қандықол қарақшылар екен, басымызға әңгір таяқ ойнатып, қарсыласқан ер азаматтарымызды қанға бөктіріп, малымызды айдап, ойларына келгенін істеп кетті. Ешқандай қайрат қыла алмадық! — деді қабақ-басы салбырап. — Өздері сонша көп.

— Біз соларды іздей шығып едік, — деді Қабанбай батыр жөнін айтып, — Кектеріңізді алып, еселеріңізді еселеп қайтарамыз!

— Құдай жолдарыңды оңғарсын!..

Батырлар бұнда көп аялдаған жоқ. Ауыл ақсақалдарының «Азырақ дем алып, ас ішіп кетіңдер» дегендеріне де қарайламады. Артық-ауыз әңгімеге де бара қоймады. Қызылға түсер қырандай тас-түйін түйілген қалыптарында аттарының тізгіндерін қағып-қағып қалысып, жүріп кетті. Бар ойлары — тезірек жетіп, тайраңдаған жатжұрттықтардың сазайын беріп, кек қайтару. Шиыршық атып, ширыға түскен. Жүрістері де ширай бастады. Кездесе қалса түтіп жердей түтігіп, тістерін қайрап-ақ келеді.

Тау-тасты, қия-белдерді басып өтіп, төтелей салды. Алда жол бастаушы, иісшіл иттерше ізге түскендей-ақ жан-жағына қарамастан желе жортып барады. Көзбен емес, көңілмен бағдарлап келе жатқан сияқты. Бәрі үнсіз, бірін-бірі қас-қабақпен түсініседі.

Маңғаздана маңқиған жапан даладағы бір қолатқа келіп, алып шыққан ас-суларын ішіп-жеп, азырақ бойларын жазып алды да, қайтадан аттарына қонды. Сол беттерімен тоқтамастан ұзақ жүрді. Күміс күн де ақырын жылыстап, еңкейіп барады. Аспанды алашабыр бұлттар торлап, айнала алакеуімдене бастаған. Бір кезде алдыңғы жақтағы тау аңғарларынан шұбатыла шыққан көкшіл түтін көрінді. Жақындап қалғандарын іштері сезді. Бірте-бірте қоюлана түскен түтін «жау мына жерде жатыр» дегендей менмұндалайды.

Жәнібек батыр көк дөненін екпіндетіп келіп биіктеу жотаға шыққан кезде қарақшылар жайлап жатқан алаңқайды анық көрді. Сәл әрірек сай-саланы қуалай сарқырап өзен ағып жатыр. Жағалауы көкорай шалғын. Өзеннің арғы беті қалың жынысты тоғай. Жап-жасыл боп, жайқалып тұр. Алаңқайға жағалай шатырлар тігілген. Қыбырлаған тірі пенде көрінбейді. Жер ошақта от жалындап, қазандар бұрқылдап қайнап жатыр.

Жортуылдан жаңарақта келгендері көрініп-ақ тұр. Аттарының ерлері алынбаған, түйелеріне артқан жүктері де түсірілмеген. Онсыз да кеудесін кек кернеп келе жатқан Жәнібек батыр бұны көріп тіптен терісіне сыймай, атын ойқастатып алға оза берді. Оның бұл оқыс қимылынан жауға шабуға рұқсат сұрап тұрғанын айтқызбай түсінген Бөгенбай мен Қабанбай екеуі бірдей жарыса:

— Жолың болсын, бауырым! — десті. — Абай бол!..

Сол-ақ екен, Жәнібек батыр шауып ала жөнелді. Жау да болса, «қапыда қалдық» демесін деп бар дауысымен ұран салып келеді. Батырдың ащы айғайы мен ат тұяғының дүбірі жер-дүниені сілкінтіп жібергендей болды. Шатырлардан атып-атып шыққан жоңғарлар жалма-жан байлаулы тұрған аттарына қарай жүгірісе жөнелді. Тап бір жасанып келе жатқан қалың қолға қарсы шабатындай-ақ қас пен көздің арасынша аттарына қонып та үлгерді.

Жәнібек батыр сонадайдан сән-салтанатымен ерекше көз тартқан көк шатырға сұқтана қарай берді. Көңілі алдамапты. Содан екі иығына екі кісі мінгендей зор тұлғалы, ұзын бойлы еркек шығып, оң қолымен көзін көлегейлей тұрып қалды. Сабазың сасар емес. Басшысы осы екенін жазбай таныды. Басына дулыға, үстіне сауыт кие шыққан. Бұның әр қимылын қалт жібермей бағып тұрған сияқты. Жақындай бергенде-ақ:

— Әй, сен кімсің өзі? — деді айғай салып. Дауысы да зор екен, тау-тас та оның сөзін қайталап, жаңғырып жатты.

— Жөн сұрасар жерді тапқан екенсің, ақымақ! — деді Жәнібек те аюдай ақырып. — Қан іздеп келсең, кел бері...

Қарақшының өңі лезде сұрланып шыға келді. Аузы-басы жыбырлап, көздері шарасынан шығып кетердей адырайып кетті.

— Ұстаңдар ананы! — деп қолын алдыңғы жаққа қарай сермеп кеп қалды. — Тірідей ұстап әкеліңдер!..

Жәнібек батыр атын ойқастатқан бойы:

— Жекпе-жек! Жекпе-жек! — деді сұңқардай саңқ-саңқ етіп.

Сол-ақ екен, қарасұр атты жуан сары топтан бөлініп шығып, қарсы салды. Оның кім екенін атқа отырысынан-ақ байқап қалған батыр миығынан мырс етіп бір күлді де, тақай бергенде-ақ найзасымен қағып қалып, қалпақтай ұшырды. Қара жердің шаңы бұрқ ете түсті. Батыр оған қайырылып қараған да жоқ, есіл-дерті — әлгі күжірейген күжбанда. Сонымен жекпе-жекке шықпай, көңілі көншір емес. Атын тағы да көкке қарғытып:

— Жекпе-жек! Жекпе-жек! — деді айғайға басып. — Еркек болсаң, шық бері!..

Кәрлі бурадай буырқанып тұрған дәуқара одан әрі шыдай алмады. Тұрған бойында қолын тағы бір сермеп қалып еді, есік пен төрдей жирен қасқаны екі сарбаз екі жағынан жетектеп әкеліп, алдына кесе-көлденең тарта берді. Аты да өзіне сай екен, қарғып мінгенде-ақ аяғын кере тастап, ойнақтап шыға келді. Найзасын сығымдай ұстап алған. Жәнібек батыр да тас түйін түйілген қалпы «Келсең кел!» дегендей, қарсы қарап қасқайып тұра берді.

Қарақшы таптап-тапап өте шығатындай-ақ екпіндетіп келіп бар күшімен кіндігінің тұсын көздей найза салды. Батыр оны қалқанымен қағып тастады. Дұшпанның аты да жекпе-жекке әбден үйренсе керек, көкке қарғып, иесінің еркін қимылдап, әлденеше рет қайыра найза сілтеуіне қолайлы жағдай туғызды. Бірақ, оның бәрін мүлт жіберместен тосып алған Жәнібек батыр кезек өзіне келгенде арғымағын ағызып келіп, ежелгі әдісіне салып, көк найзасын сілтеп кеп жіберді. Шомбал қара да епті әрі күшті екен, денесіне дарыта қоймады. Жәнібек батыр өзі-өз болғалы бұндай алапат тегеурінді алғаш рет сезінді, найзасының қатты қағылғаны сонша, ат үстінен ауып түсе жаздады. Екінші рет қайырылып келіп қайта қағысқанда қарсыласының қалқаны қолынан ұшып кетті. Дәл осы кезде Қабанбай мен Бөгенбай батырлардың қолдап-қолпаштаған дауыстары естілді. Басына «Қайдағы бір қаңғыған қарақшыны ала алмағаным ба?» деген ой сап ете түскенде Жәнібектің тұла-бойын намыс оты шарпып өтті. Кеудесін тіктей бар күшін сала қайтадан найза сілтеді. Шойын қара да қарап қалған жоқ, тосып үлгергенімен, қатты қағысқаны сонша қолынан найзасы ұшып кетті. Қаһарына әбден мінген Жәнібек батыр оны кеуде тұсынан ала түйреп тастамақ болып оқтала берген кезде қайдан шыға келгені белгісіз, қасы-көзі қиылған сұлу келіншек тізгініне жармаса кетті. Үріккен атпен қоса сүйретіле жөнелсе де, қолын жіберер емес. Тас қып ұстап алған:

— Сауға, батыр, сауға!.. Жанын қиып кет!.. — деп зар қағады байғұс. Қолаң шашы желмен бірге желбіреп, еріндері дір-дір етеді. Ақша жүзі албырап, бота көздері жәутең қағады. Жасаураған жанарында адам жанын арбап алар ғаламат бір тылсым күш бар. Жалт етіп бір қарағанда-ақ Жәнібектің тұла бойын дір еткізіп, жасындай жасқап өтті. Қас пен көздің арасында көп нәрсе айтып үлгерді. «Онсыз маған өмір жоқ. Оны өлтірсең, менің күнім не болмақ?!» дейтін сияқты.

Соның арасынша Бөгенбай мен Қабанбай батырлар да желе жортып келіп қалды. Екеуі ақылдасып алғандай:

— Қатынның наласына қалма. — деді жарыса сөйлеп. — Бер тілегін!

— Ал, бердік!

Жәнібек батыр атының басын тартып, серіктеріне қарай бұрыла берді. Осы сәт қарақшы сыңарезулеп бұра тартқан арғымағының басынан қамшымен тартып-тартып жіберіп:

— Өлтіріп кет! — деді едірең-едірең етіп. Көзі шапыраштанып кеткен. — Мен елден кетіп едім, енді серіктерімнен айрылдым. Сүйеу болар жан қалмады, жанымды қинамай өлтіріп кет!

Ашуы әлі бойында, жүзінен ызғар, көзінен өшпенділік ұшқыны шашырайды. Жәнібек жан-жағына қарап еді, бағанағы сарбаздардың бірде-біреуін көре алмады. Бірі қалмай қашып кетіпті. Жандарын сауғалап, тайып тұрса керек.

— Қидым жаныңды! — деп қайталады батыр. — Тек енді даламыздан табаныңды жалтырат!

— Мені мұнда ажал айдап келген екен! Ажал..

Оның сөз ұғар түрі көрінбейді, елірмесі ұстағандай, өлермендене алға қарай өңмеңдейді. Сұлу келіншек енді оның тізгініне жармасып әлек. Ол әйелге мойнын бұрып та қарамастан:

— Менің күнім батты... Біткен жерім, жеткен жерім осы екен! — деді де атын тебініп қалды. Өзі де тыпыршып, тыныш тұра алмай тұрған жирен қасқа ытқи жөнелді. Сұлудың тізгіннен қолы шығып кетті де, екпіндей барып, етпеттей құлады. Бірақ, жалма-жан атып тұрып, жанұшыра артынан тұра жүгірді. Қос етегі делбең қағады.

— Мені кімге тастап барасың? Сенсіз қалай өмір сүрем?.. — деп зар илеп барады. Көзден аққан ыстық жас ақша жүзін айғыздап кеткен. Оның ащы айқайы ерінің құлағына жетсе керек, бір сәт есін жиып алғандай, амалсыз атының басын кері бұрды. Әйелге тақап келіп, тік көтеріп, артына міңгестіріп алды да, жын ұрғандай қайтадан шаба жөнелді. Тура құлама құз-жартасқа қарай беттеп барады.

Батырлар үн-түнсіз соңдарынан қараса қалған. Енді айрылмаймын дегендей, келіншек еркекті тас қып қапсыра құшақтап алған, екеуі бір денеге айналып кеткендей. Арттарынан шаң шұбыртып, құйындай құйғытып барады. Тап бір бақыттарына асығып бара жатқандай.

Осы сәт Бөгенбай Жәнібекпен қатарласа беріп:

— Бұның кім екенін білесің бе? — деді сынай қарап.

— Жоқ, білмеймін!.. — деді батыр шынын айтып.

— Ендеше, біліп жүр. Бұл — жоңғар хандығының кейінгі кездері атағы дүркіреп шығып келе жатқан жас батыры. Аздап есерлігі де бар екен. Қонтайшының өзі аяғын тартатын көрінеді. Бір-екі мәрте тісін де көрсетіп қойса керек. Сол себепті қонтайшы оны қырына ала беріпті. Тек батырлығына бола амалсыз көніп, аңысын аңдып жүр екен. Кейінгі кездері екеуінің арасы тіпті шиеленісе түсіпті. Содан батыр деген аты бар, кеудесін бастырғысы келмей, ордадан кетіп қалыпты. Жай кетпейді, өзімен бірге қонтайшының жас тоқалын жетектей кетеді. Тегінде, бар пәле осы сұлудан шыққан сияқты. Қонтайшының сарайын тастап, иен далаға қашып кеткеніне қарағанда жас батырға өлердей ғашық болып қалса керек!

— Қонтайшы да соны сезген ғой! — деді Қабанбай батыр сөзге араласып, — Әйтпесе, бұл батырдың бағы асып-ақ келе жатыр еді...

— Е, батырың қонтайшыны масқаралап кеткен екен ғой! Ер екен! — деді Жәнібек, — Бәсе, найза сілтесінен-ақ байқап едім.

— Сенің қолыңның күшін бір көрсетіп қоя берейік деп едік, — деді Бөгенбай батыр сөзін жалғап, — Себебі бұл тірі кетсе, жоңғар хандығы өзара алауыз болып, әлсірей түсер еді. Бірақ, менің адам танитыным рас болса, бұл тірі кетпес.

— Ал, мүмкін... — деді Жәнібек сеніңкіремей, — мүмкін...

— Онда, жүр, барып көрейік! — Бөгенбай тізгінді қағып қалды.

Қабанбай мен Жәнібек те аттарын тебініп-тебініп қалып, Бөгенбай батырдың соңынан ілесті. Қиялай салып, шатқалды өрлеп келеді. Ар жағы — құлама жар. Сәлден соң аттарынан түсіп, бір жарбиған жалпақ жартастың үстіне шығып, төменге көз тастап еді, қарақшының ат-матымен сілейіп жатқанын көрді. Дәл осы тұстан қарғып кетсе керек. Сүйіктісі де оны құшақтаған күйі қимылсыз жатыр. Құлаған бетінде сеспей қатқан сияқты.

Батырлар демдерін іштеріне тартып, азырақ қарап тұрысты. Бір-біріне тіл қатар емес, әркім өз ойымен әлек. Мәңгілік сапарға да құшақтасып бірге аттанған қос ғашықтың тағдыр-талайы көп нәрсені ұқтырып кеткендей.

Ымырт үйіріліп, қас қарайып келеді. Төңірек жым-жырт. Күннің жүзі қызарып, қысылып-қымтырыла ұясына батып барады. Аспанды қарабауыр бұлттар тұтаса жауып, емін-еркін жайлап алған. Найзағай жарқ-жұрқ ойнап, шатыр-шұтыр етті.

Сумаң қаққан суық жел сұр жыландай ысылдап, екілене соғып тұр.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар