Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Думан Терлікбаев. IN COR CADIT

08.08.2019 1099

Думан Терлікбаев. IN COR CADIT 16+

Көрге кірерде киетін

көйлегімді үстіме іліп

жаттым. Ешкім келмеді...

Автордан

Терезеден секіріп кетуге деген құмарлығымды күшпен басып, тоңазытқыштан арақ алып ішіп отырғанымда, ойыма оның сөздері орала берді.

-Маған сары шаш жараса ма? - дейді ол менен жағымды жауап күткендей.

- ... иә, әрине... - деймін қызарақтай. Қызық, оның түрі есімде қалмапты. Кейде қайталана беретін түс көремін. Екеуіміз кең далада жүгіріп келе жатамыз. Ол әрқашан менің алдымда жүгіреді. Шашы соққан самалдан тербетілгенде, камераның баяулатылған түрімен қарағандай боламын. Енді қуып жете бергенімде, ол кенеттен тоқтай қалып, маған жалт қарайды. Сонда жүзінің орнында ылғи да үлкен бос кеңістік тұрады. Осы тұста шошып оянамын. Сағатқа қарасам тағы да үштен дәл он үш минут кеткен екен. Сырттан темірге тиіп тықылдаған жаңбырдың дыбысы естіліп жатыр. Терезеге келдім де, ашып қойып шылым тұтаттым. Сосын телефонымды алып алдыңғы жолы өзін Эльянора деп таныстырған бикештің нөмірін теріп шақырдым да, келуін күттім.

***

Түнгі жаңбырдан жер әлі кеппеген. Күннің көзін қара бұлт торлап тұрса да теледидарда түстен кейін аспан ашылатынын айтты. Ойыс, шұңқыр жерлерге су жиналып қалыпты. Соларды басып кете жаздап аялдамаға келіп, автобусқа мінгенімде іші лық толы болып тұрды. Бірақ оған үйренгенмін. Дей тұра, айқайлап, бақыратын кондукторларға үйрене алмай қойдым. «Кітап дүкені» аялдамасына келгенімде автобустан түсіп қалдым да, есігін салдырлатып ескі дүкенге кірдім. Іші бос екен. Тек жиырмасыншы ғасырдағыдай көзілдірік таққан бойы ұзындау, арық бала мен үлкендеу сөмке ұстаған жасы қырық бестер шамасындағы әйел ғана жүрді. Іздеп жүріп Ф. Кафканың «Қамал» романын таптым.

Дүкеннен шығып, көнетоз жолға түсіп қайтып бара жатқанымда артымнан мені біреу дауыстап шақырғандай болды. Кері бұрылғанымда кекілін күлгін түске бояп алған қызды көрдім. Түрі өткенімнен біреуді есіме түсіргендей таныс көрінді. «Бірақ кім?» - деймін ішімнен. Менің тоқтағанымды көріп ол да кілт тоқтай қалды да, қайта тез-тез басып жаныма келді. Қып-қызыл қалың еріндері:

- Мені танымадың ба? - деді ақырын ғана жыбырлап.

- Жоқ, - дедім. Бірақ бұл қызды бір жерден көргенмін, - Жүзің таныс...

- Иә, мен ғой, Көркем. Бетінен жеңіл күлкі жүгіріп өтті.

- Таныдым - дедім күлуге тырысып. - Сыныптасым!..- деп дауыстап жібердім.

- Иә, халің қалай, Бағлан? Боссың ба қазір?

- Болады, боспын.

- Кофеханаға барып қайтайық , жақын жерде жақсы біреуін білемін, - деді.

-Иә, әрине!

Кофеханаға кіргенде, кофенің ауыр иісі мұрынды тесіп жіберердей болды. Дәп осы жерде кофе ішпей-ақ, иіскеп тұра берсең айызың қанып, көңілің көріктенетіндей. Кішкентай ғана кеңістігінің өзіндік атмосферасы сезіледі. Шеттегі үстелге көсіле жайғастық та екі американоға тапсырыс бердік. Бізден басқа, кофехананың екінші бір шетінде қаланың қалың қара шашты жігіті ноутбукқа қадала қарап отырған-ды.

- Сонымен, - деді Көркем, мені айдалада қалдырып, денемді бұзып-жара өткен жанарымен алысқа қарағандай болып, - Неден бозарып кеткенсің? - Жауап қатпадым. Ол біраз үнсіз отырды да:

- Дала әдемі болып тұр ә? - деді, - дәл соңғы қоңыраудағы секілді. - Ол тағы жымиып күлді. Әр сөйлеген сайын құлағындағы панданың кейіпіндегі ойыншық секілді сырғасы ырғалып, тербеліп тұрады екен. - Вальсты екеуіміз биледік емес пе?

- Иә, - дедім, көз алдыма жанарында от лаулап тұрған балаларды есіме түсіріп.

- Мектепті әлі сағынған емеспін - деді тағы біраздан соң ол, -сыныптастарымды да... Тек сені болмаса, - деп күлімдеді артынан. Көңілдің түкпірінде түнеп жатқан біраз әңгімеден соң мектеп кезіндегі әр оқиғаны оқиғаларды еске алып сыртқа шықтық. Көркем қалтасынан шылым алып шықты да, майысқан аппақ саусақтарымен маған біреуін ұсынды. Әр нәрсенің басын бір шалып аялдамаға дейін бірге келдік. Сосын ертең тағы кездесуді келісіп, үйге қайттым. Автобусқа мініп жатқанымда маған жас бір қыз су ұсынды.

- Оразаларыңыз қабыл болсын - деді жылы сөйлеп. - Ауыз ашыңыз.

Үнсіз суын алып, алғыс айтқан бола салдым. «Ораза ұстағандар шынымен-ақ төбеде біреу бізді басқарып отырғанына сене ме екен? Тобыр-ай», - деп ойлаймын, суық суды қысып тұрып. «Құдай шынымен бар болса, оның бізде шатағы жоқ-ау шамасы... Ораза ұстағыш болсаңдар бір ай ашыққанға мәз болмай, будда монахтарына ұқсап, қысқа өмірің біткенше аузыңнан сөз суыра алмайтындай, үнсіздік оразасын ұстаңдаршы. Бізге де пайдалы, өздеріңе де. Не деген тым көп сөздер. Тым артық, шектен тыс артық». Осы ойлар сөзге айналып сыртқа шыға алмай, тағы да ішімде тұншығып, ғайып болды. Бес-алты қыз жүріп суларын басқаларға да таратып жатыр. Автобуста әрқашан мен тұрып алатын бір орын бар еді. Сол жерде тұрғанымда жаныма кеше де сол жерден көрген тұрпаты қара әйел келді. Жасы жиырма бір-жиырма үш шамасында. Көлігіміз бір аялдамаға жеткенде әлгі әйел төбесінен бірдеңе ұстағысы келгендей қолын сермеп-сермеп тұрып алды. Ештеңе жоқ бос, жерден шыбынды ұстағысы келгендей. Кеше де дәл солай істеген-ді. Бірақ ол кезде мән бермеген едім. Бүгін үндемей тұрып-тұрып, өздігінен сықылықтай күліп кетті. Мұнысы несі екен, деп ойладым мен. Автобустан түскен соң, суды қоқысқа тастай салдым.

***

Көктемде жаңа бүр жарып келе жатқан ағаштар жаңбыр суын көтере алмай сүмірейіп-сүмірейіп тұр. Таңның таза, салқын ауасы түнімен ұйықтамай шыққаннан мең-зең болып тұрған басымды жазып жіберді. Будақ-будақ қара бұлттардың артынан сығалай күннің алғашқы нұры жерге түсе бастаған. Жолдан дүкенге кіріп сыра алып шықтым да, өзен жағасындағы орындыққа келдім. Соңғы кезде жиі қашып келетін жерім. Орындықтың артында жайқалып өсіп тұрған жылауық ағаш енді толық ашылған аспаннан жерге барын төгіп тұрған күннен қорғаныс қызыметін атқарады. «Не мән?» - деп ойладым, сыра ішіме түсіп асқазанымды жылыта бастағанда. «Ал, өмір сүрдік ал, ақылды көрінгісі келетін кісілерше айтсақ, іс тындырдық, артымызға із қалдырдық, сосын ше? Баратын жеріміз бір жыртық жер. Ұлт үшін дейді ағаларымыз, түптің түбінде, ұлт дегенімізде иллюзия емес пе?» Осы кезде алдымнан шашы жаңа өсіп келе жатқан сап-сары бала өтіп бара жатты. Көбелек қуып жүрген секілді, жүгіріп келіп еңкейіп отыра қалды. «Бағытыңды білмесең, алысқа қарап күлімде...», - деп жіңішке дауысымен әндеткен күйі орнынан тұрып, ілгері жүгіріп кетті. Артынан әке-шешесі қолтықтасып әңгіме айтып бара жатты. Томпаңдап жүгіріп бара жатқан баланың артынан қарап отырғанда: «Құрметтім?!» - деген қырылдаған дауысты естідім. Басымды көтерсем, қарсы алдымда қария тұр. Үсті-басы кір-қожалақ, сақал-мұрты өсіп кеткен бұл шалды бір көргенде қарапайым қайыршы деп ойлап қалар едіңіз. Бірақ, оның өз-өзін ұстауында аса бір әсемдік, аса бір паңдық байқалады.

- Күн бүгін керемет болып тұр - деді жаныма отырып жатып.

- Иә...- дедім де - Менде ақша жоқ, егер соған келсеңіз - деп жалғадым сөзімді.

- Ақша сұрамасам да болады - деді ол жанымда тұрған сыраның құтыларына қарап. Тістерінің бірқатары түсіп қалғаны күлгенінде байқалады. Білмедім неге екенін, бірақ бұл қарияның жаныма отырғанында маған бір жылулық сезілді. Денесінен емес, жаныңды баурап алатын сөздерінен бәлкім... Сыралардың біреуін ашып,

- Жайғасыңыз - дедім.

- Түрің қашып кетіпті ғой, - өткір көк жанарымен менің көзіме тура қарады.

- Адамдардан...

- Шаршадың ба?

-Иә... - дегенімде оның бетінен күлкі жүгіріп өтті. Бұл күлкінің түбінде ештеңе жатқан жоқ. Шарасыздықтан езу тартқандай...

- Е-е, - деді ол, - өмір ғой, қалқам. Бірақ, жанарыңның ерте сөнгені болмапты. Сенің жасыңда біз жалындап тұратын едік.

***

Кеш қарауытып келе жатқанда Көркеммен кездесеміз деп уәделескен барға кірдім. Ол әлі келмепті. «Денемді қыздырып алайын», - деп ол келгенше бір сыра алып ішіп отырдым. Он бес минуттан соң Көркем де келді. Артымнан келіп, алақанымен екі көзімді басты да, дауысым шығып үлгергенше сықылықтап күліп жіберді. Кеше көргендегідей жүзі нұрланып тұр. Алдыма келіп жайғасқан соң бір шөлмек араққа тапсырыс бердік. Ол бойымнан өткеннің естелігін іздегендей сынап қараған секілді болды. Көздері жүзіме келіп қадалып тоқтап қалды да: «Көзіңнің шоғы сөніпті ғой», - деді ирониямен. Мектеп кезінде екеуіміз әрқашан бірге жүретінбіз. Анығын айтсам, ол менімен жүретін. Алғашында жолатқым келмеген, себебі мен жалғыз жүргенге үйреніп қалған едім. Кейін жақсы досқа айналдық. Қыз бен жігіт ретінде жүріп те көрдік. Алғашқы рет мектеп бітіру кешінен соң сүйісіп едік. Сосын, жаз біткен соң оны көрмедім. Өзім де түсінбедім. Ішімде бір төңкеріс болғандай мектеппен байланысты заттың бәрін ұмытқым келді. Сосын көріп отырған бетім осы, одан бері де жеті жыл өтіпті.

- Неге күлмейсің?

- Неге күлейін?

- Бақытсыз болып кеттің бе? - деді жымиып.

- Бақытқа себеп көріп тұрғаным жоқ, - дедім мен.Ол төмен қарады да:

- Бәрі бір күлімдеші - деді. - Себепсіз болса да. Барлығынан айырылып, қайғырып болған соң күлуден басқа ештеңе қалмайды. Өтірік болсын.

- Өтірік күлгеніңмен, өлексе сасыған өз ішкі дүниеңнен қашып құтыла алмайасың ғой.

Ол шылым алып тұтатты да, маған тура қарады. Бағана ғана көрген жүзіндегі күлкі мүлдем жоғалып кетіпті.

- Анам мен әкем бірдей қайтыс болғанда, - деп сөзін бастады ол, - менің аяқ-қолым байланып қалған сияқты болды. Болашағым жоқ сияқтанды. Өмірді жек көріп кеттім. Ешкімді көргім келген жоқ. Сосын, бір күні таңертең ояғанда түсіндім: «Өмір сүру керек екен. «Өлім күте тұрады», - дедім өзіме. Бүгін емес».

- Сені - деді ол сосын аз үнсіздіктен соң, - үйленеді деп еді ғой... Төмен қарадым да жауап қатпадым. Үндемей қанша отырғанымды білмеймін. Барда әсем әуен ойнап жатты. Жер төңкеріліп кері айналып жатқандай сезіледі. Сөздер... Көрші үстелде отырғандар тоқтамай әлдене айтып жатыр. Дауыстары тым қатты, тым зілді, тым ащы... Бойыма дарыған арақ денемді босатып, өзімді жеңілірек сезіндіреді. Осы кезде ішімдегіні әлі ешкімге айтпағаным есіме түсті. Шынымен-ақ. «Дәл қазір бәрін Көркемге айтып кеудемде тас болып қатқан өткенімді шығарамын», - деп ойладым.

- Бәрі күзде басталған еді. Күзде бітті де. Мен саябақта отырған едім. Артымнан «Әдемі жапырақтар» - деген қыздың жіңішке дауысын естідім. Бұрылып үлгерген жоқпын, жаныма жеңіл қызыл пальто киген қыз отыра кетті. Шашы ұзын еді. Тым ұзын. Жұмсақ, қобырап иығынан беліне дейін төгіліп тұратын. «Ағаштар да керемет», - деді ол сосын жұмсақ дауысымен. «Күзді сүйемін...»

Есімі Самал еді. Сол саябақта келесі күні тағы да жолықтық. Содан соң тағы да, тағы да. Бір бірімізді жақсы танығанша кездесе бердік. Бір күні мені кофе ішуге кофеханаға шақырды... – ары қартай сөйлей алмай қалдым. Көзімнің жасаурап келе жатқанын сездім. - Бір бірімізді ессіз сүйген едік. Алғашында өз-өзімді ұстадым. Махаббатқа сенбеймін, ол қиял деп бақтым өзіме. Бірақ бір күні ғашық екенімді түсіндім. Жай ғана түсіндім. Онсыз өмірім мәнсіз екен. Күнде бір рет сыңғырлаған күлкісін естімесем, тұра алмайды екенмін. Оны пәк махаббатпен сүйдім. Қолымның ұшын тигізген емеспін. Алақанын қаттырақ қысып жіберсем көз алдымдағы саф таза тіршілік иесі былғанатындай көрінді. Шынымды айтсам, ол қыздың менің қай жеріме ғашық болғанын білмеймін. Мен өзіме сенімсіз адаммын ғой... Тағы үндемей қалдым. Айтқан сайын ішімдегі сыртқа шығып жатты, бірақ бұл өте қиын процесс еді. Тамағымда тас тұрып қалғандай.

- Сосын? - деді Көркем.

- Сосын, - дедім сыбырлап, - бәрі бітті. - Ол менің бетіме меңірейе қарап қалыпты.

- Самалға ғашық жалғыз мен емес екенмін. Әрине, түсінікті іс қой. Самалдың отбасының жақсы араласатын таныстары бар екен. Сол үйдің баласы Самалға ғашық боп жүрсе керек. Бір күні олар Самалға құда түсіп келеді. Самал үзілді-кесілді бас тартып, күйеуге шықпайтынын айтады. Әлгі жігіт байдың баласы екен, оны әке-шешесі соған тұрмысқа шық деп қинайды. Бір күні кешке жақын, пәтеріме Самал жылап келді. Есіктен кіре сала мойныма асылып жылап жіберді. Ол ұзақ жылады. Мен не болғанын сұрадым, бірақ ол жауап берген жоқ. Әбден жылап болған соң ғана өз-өзіне келіп бәрін түсіндірді. «Үйдегілер күштеп күйеуге бергелі жатыр», - деді маған. «Не істеймін? Әкемнің айтқан сөзін ешқашан жерге тастап көрген емеспін... Бәлкім , қашып кетерміз?» «Жоқ», - дедім мен оған: «Бұл ақымақтық. Әкеңмен барып өзім сөйлесемін». Әкесіне барып сөйлесемін деп жүргенімде, табан астында көкем қайтыс болды. Ауылға кетіп қалдым. Бір аптадан соң қайтып, қалаға келген күні Самал күйеуге шығайын деп жатыр екен. Келгенімді айтып хат жазып жібердім. Жауап болған жоқ. «Кетті, болды», - дедім ішімнен. Төмендегі дүкеннен арақ алып ішіп отырған едім. Ішімді күйік өртеп жатты. Түннің бір уақытында есік тарсылдады. Ашсам – Самал, той көйлегімен алдымда тұрды. Мені көріп көзі жасаурап кетті де, дауысы дірілдеп: «Мен сендікпін, - деді, - жаныммен де, тәніммен де». Бұл кезде, әдетте Самалда байқалмайтын, дауысында бір қатқыл үн, жүзінде батылдық сезілген еді. Сосын бірден ерніме жабыса кетті. Жан-жақты қирата аймаласып келіп, төсекке құладық... Жеке өнер туындысындай аппақ денесіне, терезеден ай жарығы түсіп тұрды. Қолдарым қылдырықтай, жіп-жіңішке белімен төмен жүгірді...

Таң атқанда күннің алғашқы сәулесі Самалдың жүзіне түсіп жатқан еді. Ол марғаудай ақырын дем алып, мұрнын жастыққа тығып ұйықтап жатқан. Кенеттен есік сарт етіп ашылып, бес-алты жігіт кіріп келді. Біреуі менің желкемнен ауыр бірдеңемен ұрып құлатқанын сездім. Қараңғыланып бара жатқан көздеріммен Самалды қалай сүйреп бара жатқанын ғана көріп қалдым.

Есімді сағат екілер шамасында жиған едім. Жаныма бір мекенжай жазылған хат жатты. Діттеген жерге барғанымда, ескі, адам өмір сүрмейтін пәтерді көрдім. Кеңес кезінде салынған алты қабатты ғимарат құлауға шақ қалып тұр. Өшуге айналған нөмірлерді қарап жүріп қағазда жазылған үйге кірдім. Есігін ашқанымда төбесіндегі тесіктерден күннің сәулесі түсіп тұрған-ды. Ақырын басып, келесі бөлемеге өттім. Тып-тыныш. Тек алдыма кездескен есіктің арғы жағында біреу ауыр демалып отырғандай болды. Ашып жібергенімде...- дей бергенімде сөйлей алмай буынып қалдым да, дауысым шықпай жатқанын түйсіндім. Әлдекім екі өкпемді алып буындырғандай болды. Көзімнен жас сорғалап ағып жатыр екен. Көркем маған аянышты кейіппен қарап қалыпты. Қалтасынан бет орамалын алып шығып жасымды сүртті. Сосын шылым ұсынды да, өзіне де біреуін тұтатты. Қолым дірілдеп отырып шылымды шегіп алған соң біраз жеңілдеп қалғанымды сездім. Жасымды сүртіп, бір ауыр күрсініп алдым да әңгімемді жалғадым:

- Самал қалыңдық көйлегімен асылып тұрды. Жанында басы салбырап біреу отыр. Мен келгенімді сезбесе керек, тек жақындай бергенде ғана қан толған көздерімен жалт қарады. Ұзақ қарап отырғандай... Арамызда өлі тыныштық орнады. Аяқ-қолым дірілдеп жатқанын сездім. Самалдың көз алдымда асылып тұрғаны миыма бірден жеткен жоқ. Денем тым ауыр секілді, тізем денемді көтере алмай отыра кеттім. Көкірегім өртеніп жатқандай... Бар дауысыммен айқайлап жылап жібердім. Жансыз денесін көтеріп шешіп алғым келді. Бірақ тек аяқтарын ұстай беріппін. Бірде шалқая отыра кеттім де, кеудемді жұлқи бастадым. Бірдеңе лаулап жанып жатты, жанып жатты... Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде жаңағы отырғанның маған қарағаны байқалды. Ашумен жалт қарағанымда көзінен ештеңе көре алмадым. Мұң да, қайғы да жоқ. Өшіп қалған жанар. Тек, өзін кінәлі санап отырғандай. Жүгіріп бардым да төмпештеп ұра бастадым. «Сенсің істеген! Иттің баласы! Сүмелек!» - ұрып жатырмын, бар күшіммен соғып жатырмын. Ол еш қарсыласқан жоқ, қалай ұрсам солай құлап жата берді. Әбден ұрып болған соң қайта Самалдың өлі денесіне келдім де өксіп жыладым...

Отырып ұйықтап кетіппін. Салбырап кеткен басымды көтергенде Көркемнің маған қадала қарап отырғанын көрдім. Бірақ маған емес, зағип жан секілді жанары менен өтіп ештеңе қарап отырғандай. Қарашығын қимылдатпай, біраз отырған соң ауыр күрсінді де қолы дірілдеп алдымызда тұрған шылымның қорабын ашып, ішінен екі темкі алды. Бірін өз аузына салып екіншісін маған ұсынды.

- Эпикурдың не дегенін білесің бе? - деді Көркем шылымын бір тартып, түтінін бетіме үрлеп тұрып.

- Түсінбедім?

- Эпикур деймін, антикалық философ.

- Жоқ...

- Өлім, - дейді Эпикур, біз үшін ештеңе емес, себебі жақсы мен жаманды біз тек сезінеміз ғой, ал өлім сол сезімнен қол үзу ғана.

- Ал ештеңе сезіне алмасаң ше? Көкірегіңде үлкен бос кеңістік тұрса және қандай да бір сезімнен ада болсаң?.. Жан дүниең өліп қалғандай болса? Денеңді құр сүйретіп жүрсең?

Тістеніп сөйлеп кеткенімді байқадым да үндемей қалдым. Көркем арақтың шөлмегіне қарап отырды да:

- Медетке не болғанын білесің бе ? – деді.

- Медет?

- Ия. Сыныбымыздағы ең белсенді баланы айтамын, ҰБТ-дан ең жоғарғы бал алып грантқа оқуға түскен.

-Ия-ия, шашы қалың қара бала еді ғой. Әр сыныпта өзінің бір Медеті болушы еді...

- Сол өзінің сүйіктісін атып өлтірді ғой.

- Неге?

- Қызғаныш... Қызы көп қыдырғыш болған екен. Бір күні сол қыздың өзінің досымен сүйісіп тұрғанын көреді. Сол күні кешке пәтеріне барып ата салған... Махаббат не істетпейді?..

- Анық қанығын қайдан білесің?

- Сұхбат алғанмын. Журналиспін ғой.

- Солай ма?

- Ия, сен не жұмыс істеп жүрсің?

- Екі ай бұрын жұмыстан шығып кеткенмін.

- Неге?

-Есім екеу, түсім төртеу боп жүргенде, жұмыс істеу тозақпен тең болып кетті.

-Қалай күн көріп жүрсің?

- Біраз жинаған тиын-тебенім бар еді. Әзірше сонымен.

- Сосын?

- Сосын көреміз. Елден кеткім келеді. Мына қоғамға сыйыса алмаймын.

- Елден кеткеніңмен, өзіңнен кете алмайсың ғой.

- Білмеймін шынымды айтсам. Не болса да әйтеуір шашылып қалайын деп өзімді әрең ұстап жүрмін.

Түнгі сағат бірде бардың жабылатынын айтып даяшы келді де бізді сыртқа шығарып жіберді. Түнгі көше бос екен. Екеуіміз бір-бір шылымнан тартып алдық та, тротуар бойымен жүре бердік. Жанымда келе жатқан Көркем:

- Дегенмен, - деді, - өмір керемет! Құшағын жайғандай екі қолын созып: «А-А-А», - деп айқайлап күліп жіберді, - қанша қиын, қанша жаман десек те, өмірді барлық жиіркенішімен, әділетсіздігімен, ұсқынсыздығымен бірге жақсы көремін, - деді. - Өмірімді ештеңеге айырбастамас едім. - деді көзін жұмып, жымиып тұрып,т ерең дем алып. Мен қарап тұрып қалыппын. Сосын мені есіне түсіргендей, маған жалт қарады да, қатты күліп жіберді. Ай жарығымен арпалысып, төніп келген бұлттардан алғашқы жаңбыр тамшылары денемізге тие бастады да, көзді ашып жұмғанша шелектеп құйып кетті. Көркемнің жанына әнін қосып мені вальске шақырды.

«Кеттік», - деп қолымды ұсындым. Ол қалтасынан телефонын шығарып Dumanның «Aman, aman» - Малмандай су болдық қой, жүр бір жерді паналайық - дедім денем дірдек қағып.

- Жоқ - деген кезедгі Көркемнің жанарынан әлдеқандай қулық байқалғандай болды. Езуінен сәл ғана күлкі жүгіріп өтті де, маған сынай, ұзақ қарап қалғандай болды.

- Жақсы, -дедім, - Билейік. - Қолын алған соң ,екеуіміз көшенің ортасында түрікше әнге вальс биледік. Үстімізге іліп алған жеңіл киімдеріміз денемізге жабысып қалыпты. Көркеммен құшақтасып, шыр көбелек айналып, билеп жүргенде аз уақытқа есімнен айырылғандай болыппын. Еріндерім Көркемнің мойынын сүйіп жатқанда есімді жиып алдым.

-Тым асығыс боп кетті - дедім жұлып алғанадай. -Үйіңе шығарып салайын. - Аса алыс емес жердегі Көркемнің пәтеріне дейін үндемей бардық. Жаңбыр да басылып, себелеп қана тұр. Көркеммен Қоштастым да, такси ұстап үйге қайттым.

Салқын пәтерге келгенімде қатты шаршап тұрғанымды сезіп төсекке жата кетіп, көзімді жұмдым. Бірден ұйықтап кетіппін.

***

Самал ұзын, қызыл гүлдері бар көйлегімен шалқасынан түсіп жерде жатты. Жанына бармақашы болғанымда қандай да бір күш мені жібермей ұстап тұрып қалды. Орнымнан жылжығым келеді, бірақ аяқтарым тонна болып қалғандай. Тек қолымды созуға шамам келді. Самалдың ақырын дем алып жатқанын көріп тұрмын. Көйлегіндегі гүлдерге жан біткендей өсіп, шығып келеді. Әне, жайқалып, тербеліп те тұр. Бірде аяқ астынан құйын жел соғып гүлдерді жұлып-жұлып ұшырып әкетті. Сынған сабақтарынан қан ағып жатыр. Енді Самалдың денесі қызыл-ала қанға боялды. Бет-жүзі де сұрланып кеткендей. Сол көріністен көз алмай қадағалап тұрған менің тынысым тарылып, дем жетпей кеткендей көрінді... Сонан соң алыстан қараңдап екі аяқты бірдеңе келе жатты. Сұлбасына қарасаң адам секілді. Екі қолы бірдей ырғатыла, ә дегенше Самалдың енді өлі денесінің жанына келді. Ептеп түсінгендей болдым, сұқыны сайқымазаққа ұқсайды. Тек жүзі тым суық, тым қатқыл. Тістері ақсиып алдыға шығып кетіпті. Ол мені байқамағандай болып, мен жаққа мән бермеді. Құдды мен бұл түсініксіз әлемнің адамы емес секілдімін. Менен он бес метрдей алыста жатқан Самалдың жанына келіп тізерлеп отырып ұзын, пышаққа ұқсап состиған тырнақтарын Самалдың ішіне тығып жіберді де ішек-қарынын ақтарып жей бастады. Қалай болса солай ебедейсіз саусақтарымен аузына өкпесін салып жатыр. Мына көріністен шошып айқайлап жіберіппін. Тек дауысым қарлығып қалғандай. Дыбысым шықпаса да әлгі сайқымазақ мені естігендей басын Самалдың денесінен жұлып алып бос кеңістікке көзін қадап тұрып қалды. Сосын иіс сезгендей орнынан тұрып, мұрынын теңкитіп алдыға сап менің жаныма ауаны иіскелеп жақындады. Жүрегім атқақтап кетіп, дымымды шығара алмай қалдым. Ештеңені аңғартпайтын, ақ басып кеткен көздерімен дәл менің алдыма келіп тақалғанда денесінен өліксенің иісі бұрқ ете қалды. «Өлім!» -деп ойлаппын ішімнен. Ол мені ап-анық көріп тұрғандай, көздерін менің көзімнен алмай қадала қарап тұрып, жаңағы ұзын саусақтарын көкірегімнің жүрек тұсына тығып жібергенде ұйқымнан шошып ояндым.

Тұрып газға шай қойдым да өзім жаңалық тыңдауға радионы қосып қойдым. «Алматы қаласы бойынша мыңдаған ораза ұстаған адамдар уланған. Алдын күні белгісіз біреулер ауыз ашарға деген желеумен уланған су таратқаны белгілі болды», - деп жатты радиодағы таңғы хабарда. «Қап, сол суды іше салуым керек еді...», - деп ойладым сонда мен.

Мен үшін енді әрқашан күңіреніп тұратын секілденген күннің нұрына малына, көшеден арлы-берлі көйлектерінің етектері желпілдеп сары, қара шашты қыздар өтіп жатты. Әрбірінің бойынан Самалға тән қасиетті іздеймін. Бірақ бәрі де бірдей. Еш бірі Самалдай бола алмайды.

Автобусқа кіргенмін, ішінде адам аз екен. Әдетте лық толып тұратын. Асықпай барып ең соңғы қатардағы орындыққа отырдым. Алды жақта біздер «сыған» деп атайтын, қаланың бір бөлек тобының өкілдері отыр. Отыз-отыз бес жастар шамасындағы әйел, ұлтының байырғы әдетінше қолына кішкентай баласы мен он-он екі жастағы қызын алып алыпты. Жаңағы қызы менің соларға қарап отырғанымды көріп , маған да қоңыр көздерімен біраз қадала қарап тұрды, сосын аяңдап жаныма келді. «Алла жар болсын, сіз үшін дұға қылам , қайыр-садақаңыз қабыл...», - дей бергенінде: «Алла саған да жар болсын!» - деп жақтырмағанымды білдіріп терезеге қарап алдым. Қыз ләм деместен бұрылды да шешесінің жанына кетіп қалды.

Қайда кетіп барамын? Автобус қала көшелерімен ұшқаннан ұшып, жүріп келеді, жүріп келеді. Бүгін көлік кептелісі де жоқ секілді. Орнымнан тұрғым келмей, мәңгілікке осылай жүре бергім келді. Терезге қарап отыра берсем әртүрлі ойлар өздерінің орына тартып, тұңғиыққа алып кетіп бара жатқан секілденеді. Бір кезде автобус кілт тоқтап, алдымдағы орындыққа құлап мұрнымды бұза жаздап, ұйқымнан оянғанда, ішінде қалған бес-алты адам түсіп кетті. Шопыр өзінің кіп-кішкентай кабинкасынан басын шығарып соңғы аялдама екенін айтты. Дауысында ренжіс, немесе зілі бардай көрінді маған.

Автобустан шыққанымда, қаланың ескі көшесіне аяқ бастым. Бірден, ұзақ уақыт жиналмай қалған қоқыстың күлімсі иісі мен жаңа қуырылып жатқан тамақтың иісі араласып «Асхана» деген жазуы бар ескі тауық күркеге ұқсайтын үйшіктен шығып жатты. Қаланың бұл бөлігін бұрын-соңды көрмегем. Көше бойында өз орынын сайлап қатар-қатар отырып алған қайыршылар да маған таңырқай қарап қалыпты. Атмосферасы да жағымсыз екен. Ұзақ тұрсаң үстіңнен басып жаншып, жерге тығып жіберердей. Аяңдап басып алға жүре бердім. Бақсам, өз заманының ең үздік ғимараты болып, қазір өткенннің қордасына айналған екен. Қирағалы тұрған үйлер арасымен кетіп бара жатқанымда:

- Жігітім?! - деген таныс дауыстың саңқ ете қалғанын естідім. Иә, сөзсіз, бұл дауыстың балалықпен байланысы бар. Артқа бұрылып едім, жолдың шетіндегі үйлер арасындағы қуыста орамал тағып отырған әжейді көрдім.

- Иә? - дедім таңданып.

- Ұсақ-түйек керек емес пе? - деді жаңағы таныс дауыс. Жанына жақындап келіп таныдым. Мектепте ұстазым болған кісі, Гүлжамал апай! Иә, дәл солай атайтынбыз. Ол кезде елулерді алқымдаған кісі еді, қазір қарасам бет-жүзі кәртең тартыпты. Көзінің асты көлкілдеп ісіп кеткендей. Оның үстіне көгеріп те тұр екен. Әдетте мұны бүйрек ауырғанда осылай көгереді дейтін еді.

- Гүлжамал апай, бұл сіз бе? - дедім ақырын ғана, өз дауысым өзіме әрең естілгендей болып. Бетіме үңіле біраз қарап тұрды да:

- Нұрқасымов Бағлан? - деді Гүлжамал апайым таңданысын жасырмай.

- Иә, менмін.

- Сен сағат сатып алмайсың ба? Ыдыс-аяқ? Бәлкім,кітаптар?... - деп зырылдап сөйлей жөнелді. Мен алдына жайып қойған матасының үстінде жатқан заттарға көз жүгірттім. Ескі қол сағат, шыны кеселер, қасықтар...

- Жо-жоқ - дедім, - қажет емес. Бұл жерде не істеп жүрсіз? - дарылдап тоқтамай сөйлеп жатқан бұрынғы ұстазым кілт тоқтап көзіме қадала қарап қалды да:

- Мен мұнда тұрамын, - деді басы қиқаң ете қалып.

- Мектептегі жұмысыңызға не болды? Ұстаз едіңіз ғой?

- Ол жұмыс болмады ғой - деді қолын бір сілтеп. - Мұғалімдер күн көре алмай кетті емес пе! - Маған қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, әдебиетке алғаш баулыған апайымның мына түрін көріп жүрегім шым ете қалды. «Жүрегім әлі бар екен», - дедім өзіме сонда.

- Ау? - деді Гүлжамал апай қуанышты хабар күтіп тұрған кісідей.

- Ешетңе, сізге емес. Маған анау бір кітабыңызды беріңізші. Мұқабасында «Өлім – бақыттың бастауы» деп тұрған. Иә, иә, сол. Қанша тұрады?

- Мың теңге.

- Мынаны алыңыз. - деп екі мың теңге ұстаттым. - Сау боп тұрыңыз. Жо-жоқ, бәрін ала беріңіз. Кейін тағы кеп-кетемін. - деп кетіп бара жатып қолымды бұлғадым. Ол кісі де риза болған түрімен басын изеп қала берді.

***

Бірқалыпты, ақырын айтылатын әндер ғана тыңдаймын. Бәлкім, сырттан бақылап тұрған адамға өмірім тым сұрғылт, тым көңілсіз көрінер. Бірақ маған бәрі бір. Қарғыс атсын бәрін! «Мен мықтымын!» - деп қайталаймын өзіме. Бірақ, өзгені алдағанмен ,өзіңді алдау мүмкін бе?

Ұйқысыз қарсы алған таңның алғашқы белгілері білініп, қалада тіршілік қыза бастаған уақытта телефоныма Көркемнен хат келді: «Уақыт тым тез, өмір тым қысқа. Менімен үш күн уақытыңды тоқтатып қоюға қалай қарайсың? Әдететгі кофеханаға кел», - дегенге саятын хаттың мазмұны. Беті-қолымды жуып, бірден Көркеммен кездесуге тарттым. Ас ішуге зауқым болмады. Таңертең ас батпайды да. Мен барғанда Көркем мені күтіп отыр екен. Сөлеңдеген сары белдемшесі бірден көзге түседі. Құлағына тотықұстың қауырсынындай сырға таққан екен. Мені көре сала екі езуі құлағына жеткенше жымиды.

- Менде керемет ұсыныс бар, - деді мен отырып үлгермей жатып.

- Қандай?

- Саяжайға барып, таза ауада демалып қайтайық.

- Білмеймін тіпті. Кімнің саяжайы?

- Нағашы ағамдікі. Ол кісі үш-төрт күнге бір жаққа кетпекші, маған сол жерде болып берші деп өтінді. Мен жалғыз барғым келмейді...

- Жақсы - дедім.

Мен үйдің төбесіне, үйдің төбесі маған қарап жатқан кездегі орнап қалған өлі тыныштықты Көркемнің жалға алған көлігінің сигналы бұзды. Алдын ала дайындап қойған сөмкемді аса салдым да сыртқа шықтым. Көркем қара көзілдіріктің үстінен маған күлімдеп қарап отыр екен.

Кешкі сағат алтыларға жақындап қалған еді. Алғашында рөлді Көркем өзі ұстап отырды. Кейін, қала шетіндегі тас жолға жеткен кезде түн шымылдығын аша бастаған болатын. Көркем ұйқысы келе бастағанын айтқан соң рөлді өзім алдым. Ол жанымдағы орындыққа отырып ұйықтап кетті. Таңғы сағат бестерге тақағанда менің де ұйқым келіп, көлікті жолды шетіне шығарып қойып бір-екі сағат көз шырымын алып алдым. Көркем мойнымнан жапырақпен қытықтап оятқанында сағат сегізден асқан екен. Рөлге қайта ол өзі отырды да, тартып кеттік. Жазық даламен біраз жүрген соң, алдымыздан манаурап таулар көріне бастады. Етегінде жыпырлап шыршалар өскен екен. Ағаштар арасына кірген соң Көркем дәрет қысты деп көлікті тоқтатып ағаштар арасына сүңгіп жоқ болды. Менде сыртқа шығып көлікке артыммен сүйеніп тұрып шылым тұтаттым. Біраздан соң ышқырын жөндеп келе жатқан Көркем көрінді.

Саяжайға жеткенде мені ол оятып жіберді. «Біз келдік», - деді қолымнан түртіп жатып. Саяжайы кең, екі қабатты үй екен. Терезелері де үлкен. Кіріп келгенде төрде үлкен камин тұрады. Екі шетінде әйнек қабырғадан дала көрінеді. Көркем аһлаеп-уһілеп барып камин алдындағы қос орындықтың біреуіне гүрс етіп отырды. «Жеттік пе , жетпедік пе?»

Жаңбырдың соңғы тамшылары тықылдатып, бақта тұрған үстелдің үстіне тамып тұр. Таңғы ауа салқын, әрі дымқыл. Жаныма келген Көркем маған көз салмастан үй жанындағы тоғайға қабағын түйіп қарап темекісін тартты.

- Бұл ағаштар арасында бір шөптер бар, соны бала күнімізде тәтем жинап келіп, шай қайнататын.

- Солай ма? - дедім таңдана - Дәмді шай болар?

- Иә...- көзі жанары мөлдіреп кетті. - Мен барып жинап келейін. Сен осында отыра бер.

- Мен де барайын, - дедім кідіріңкіреп.

- Жо-жоқ, ең тәтті естеліктер қалған жерде жалғыз жүрген дұрыс болар...

- Жақсы - дедім түсіністік танытуға тырысып.

Кешке каминге от жағып, алдындағы қос орындыққа отырып, Көркем екеуміз шай іштік.

- Мен сені сүйемін, - деді ол сол кезде.

- Ақымақсың - дедім мен бокалдағы айналып жүрген шайдың жапырақтарынан көзімді алмай.

- Неге?

- Аз өмірімде түйгенім: ешкімге ғашық болып керек емес. Біз тіпті ғашықтық дегенді дұрыс түсінбейміз де, оны бауыр басумен шатастырып аламыз. Түбі – айқай-шу, жылау мен депрессия болып аяқталады. Менің ата-анам секілді. - дедім мен. Жалындаған камин отының жарығы Көркемнің жүзіне із салып, қайта жоқ болып, ойнап жүрген секілденеді.

- Бірақ, махаббат бұл өмірдегі жалғыз арқа сүйеріміз емес пе? - деді ол. Күліп жібердім де:

- Түптің түбінде - дедім, - махаббат – бойыңдағы химияның зат алмасуы. Біз өзімізді «мәңгілік махаббат» деген лозунгтік тіркестермен алдағымыз келеді. Бірақ мәңгілік ештеңе жоқ қой! Күн екеш күнде бір күні сөнеді. Ол да мәңгі емес - Езуімнен ирониялық күлкі жүгіргенін сездім, - өмір сол! Эволюциялық іріктеуде мақсат болмаған. Біз жай ғана өміршеңдіктің арқасында ғана осы күнге жеттік. - Көркемнің еріндері шошайып, төмпейіп кеткенін байқап қалып:

- Сондықтан... - дей бергенімде:

- Мейлі! - деді ол қатқыл үнмен - мен бәрі бір қазір ойымдағын істеймін... - деп шайын ортадағы дөңгеленген кішкентай үстелге қоя салып, сенімсіздеу орнынан тұрды. Тұрды да алдыма келіп ерніме жабыса кетті...

Түнгі тылсым тұла бойды жібітіп, түнерген бөлмеге жылу дарытқандай боп тұрған кезде, кеудеме басын қойып жатқан Көркем ыңылдап ән айтты.Әні тым мұңлы, тым ащы еді.

- Көркем? - дедім. Ол менің дауысымды күтпегендей, әнін үзе қалды.

- Ау?

- Мен кетемін.

- Қайда?

- Шексіздікке.

- Жоқ, шынымен айтшы!

- Білмеймін. Біра , бір білерім, бұл жерден тым алысқа, тым ұзаққа. Ол артық сұрақ қоймады, мен де кетемін демеді. Ақырын күрсінгені ғана сезілді. Тек:

- Amor, ut lacrima, ab oculo oritur, in cor cadit - деді маған түсініксіз тілде.

- Ау? - дедім барынша жұмсақтықпен.

- Махаббат-жас секілді. Көзден туады, жүрекке түседі. Латын мақалы, - деп түсіндірді маған.

Біраз үнсіздіктен соң:

- Маған билет алып берші - дедім, - мен қайда кетерімді білмейін. Сен маған қай жерге алғаныңды айтпа. Барған соң бірақ білейін. Билеттің ақысын қалаға барған соң берермін.

- Жақсы - деген дауысы қараңғы бөлмеде қалай ақырын, әрең естіліп айтылса, солай білінбей жұтылып кетті.

Қайтар жолда арамызда ыңғайсыз үнсіздік орнады. Бәлкім, бұл үнсіздікті бұзғымыз келмеді ме, әйтеуір ол да маған, мен де оған тіл қатқам жоқ.

...Қазір, содан бері он немесе он бір жыл өткенде, қолым дірілдеп тапаншаны самайыма жақындатамын. Бар өмірім секунд болып қана көз алдымнан өтіп жатқанда ойлаймын, сол күндер Көркемді соңғы көрген кездерім екен.

Көзімді ашып, құлаққапты шешіп, ұшақтың терезесіне көз салғанда, ұшар басын қар басып, менменсіп тұрған таулардың үстінен ұшып бара жаттық.

IN COR CADIT* (лат.) жүрекке түсетін, жүрекке тиетін.

19.06.2019 Алматы

Көрнекі сурет: Татьяна Петрус "Түсімдегі қала"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар