Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Дж. М. Кутзее. К. Михаэлдің өмір соқпақтары мен уақыт тоқпақтары (жалғасы)

19.10.2018 1358

Дж. М. Кутзее. К. Михаэлдің өмір соқпақтары мен уақыт тоқпақтары (жалғасы)

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)

Жер астынан құлақтанған көкөністерін ойлады. Ертеңге шейін түктері кетпес, арғы күні солады, ал мен өстіп тауда жасырынып жүргенімде, одан арғы күні өледі. Егер таң бозамығынан тұрып-ап, күні бойы жүгірсем, жандарын сақтап қалуға үлгерер ме екенмін. Жерде жатып шіріп кетуге айналған сондағы барлық тұқымды суғарып шықсам, әйтпесе күн сәулесін көрместен түгел қурап, құрып кетеді ғой. Оның жүрегінде тоған басындағы алақандай жерге деген мейірім гүлі бүр жарғандай еді, жоқ, оны енді тамырымен жұлып тастайды. Әсілі, жүректегі мейірім гүлін қаншаға дейін жұла беруге болады? Бүйте берсек ол тасқа айналады ғой.

Үңгір аузына жайғасып, әлі де ойдым-ойдым қар көрпелері жатқан алыс шыңдарға қарап қойып, ол күні бойы ерігумен болды. Тамақ ішкісі келсе де, отырған жерінен қозғалған жоқ. Қу құлқынның талабына бағынудың орнына ол жан-жағынан қаумалап алған ауыр тыныштық құшағын қалады. Жеп-жеңіл қалпы ақырын ұйықтап кеткен, түс көрді: елсіз жолмен желден де жылдам жүйткіп келеді, артында арба, резеңке доңғалағы жерге тиер-тимес боп, құдды ауада қалқығандай зымырап, тоқтаусыз қуып келеді.

Биік таудың етегі тіп-тік, түске дейін күн түспейді, бір мезгіл жылт етеді де, көзді ашып-жұмғанша батыс беттен қылтияды, сол себепті бойы бір жылымай-ақ қойды. Ол шоқыларды бұралаңдай айналып өтіп, қайтадан биік шың құздарға қарай тартқан, асу үстінен салынған жол біржола көзден таса болғанша тоқтаған жоқ; Кару жотасына көтерілген, бұл жерден дүниенің төрт бұрышы бірдей көрінгендей, Принс-Альберт тым төменде, ағараңдап көзге әрең-әрең шалынады. Ол жаңа үңгірге кезігіп, тас еденге төсеу үшін көп қып ағаш бұтақтарын жинады. Бұдан әрі биіктей беру мүмкін емес, деп ойлады, есі дұрыс бірде бір адам менің артымнан түсуге батылы жете қоймас, даланы кезіп, тауға тырмыспас, тастан тасқа қарғымас; мен қазір бүкіл әлемде жалғызбын, қай жерде тұрғанымды өзім ғана білемін, қауіптен құтылдым.

Бәрі артта қалды. Таңертең тұрғанда ғаламат мол жарық бірден көзге ұрды, талтүс. Ол өзі туралы мен де тасты тесіп жол сала беретін термит шығармын деп ойлады. Тек тіршілік ет, басқа түктің керегі жоқ. Ол тым-тырыс, тым-тырыстығы сондай, егер ұшып бара жатқан құстар қайырылып кеп иығына қонса, таңғалмас еді.

Кейде, асықпай байыптап қараса, сонау төмендегі жазық үстіндегі ойыншық сияқтанған қаланың бас көшесінен машинаға ұқсаған әлдебір нүктелерді көрер еді, алайда, ең бір тымық күндердің өзінде де, құрт-құмырсқа қыбыры мен шыбын ызыңы болмаса, олар мұны неге ұмытсын және кеудесінде емес, тура құлағы ішінде тұрғандай боп соғатын өз жүрегінің дүрсілі демесең, ол жақтан бұған ешбір дыбыс жетпейтін.

Бұдан әрі не боларын ол көзіне елестете де алмайды. Өз өмірінде мәнді дейтіндей пәлендей ештеңе көрген жоқ, әдетте, бұған енді не істеу керегін айтып тұратын қасында біреу болушы еді, қазір ондай ешкім жоқ, демек, тырп етпестен күтуі ғана қалды.

Ол ойша Винберг бағын көзіне елестетті, бұрын өзі жұмыс істеген бақтардың бірі еді. Осындағы әткеншекке тепкізу үшін балаларын алып келетін жас аналарды, жиектегі қалың тал саясы астында, тоғанда еркін жүзіп жүретін қоңыр жүнді қос үйректі есіне алды. Мейлі, соғыс жүріп жатсын, бәрібір онда бұрынғыша көк шығып, жапырақтар шашыла береді. Демек, шөбін орып, шашылған жапырағын жинайтын адам қашан да керек болады. Алайда ол қазір бұрынғыдай көк шалғын мен емендер арасында тұра алатынына сенімді де емес еді. Винберг бағын еске алғанда, жер құрамы минералды заттардан ғана емес, органикалық заттардан да, өткен жылғы, одан арғы жылғы, одан да арғы жылғы, тіпті дүние жаралғаннан бергі аралықта шіріген жапырақтардан тұрады, сондықтан жер жұмсақ, қанша қазғың келсе, қаза бер, қаза бер, Винберг бағынан бастап тура жер кіндігіне дейін қазуыңа болады, сонда да ол қап-қара, ылғалды, жұмсақ, салқын қалпын өзгертпейді, деп ойлайды. Ал мен осындай жер анадан суып кеттім, дейді ойын жалғастырып, бұрынғыдай уыстап алып саусақтарым арасынан сыздықтата өткізгім келмейді. Жердің бұрынғыдай күреңітіп көк майсаға малынып тұрғанын қаламаймын, мейлі, сарғайсын, қызарып күйіп кетсін; ылғалды болмасын, кеуіп кетсін; қара барқын болмасын, құп-қу болсын, жұмсақ болмасын, тақыр боп қатып қалсын. Егер адам баласы әртүрлі топырақтан жаратылған болса, менің топырағым оларға ұқсамай-ақ қойсын. Егер тамырымды қиып жіберсе, - деп ойлайды қолының қылтасына қарап қойып, - қаным атқыламайды, жіп-жіңішке боп сыздықтап қана ағады да, тез тыйылады, орны да тез жазылып кетеді. Күн өткен сайын арықтап, денем тарамыстанып, суалып барамын. Егер маған, мына үңгірде иегімді тіземе артып, анау алыс жазыққа қарап қойып, осы жерде өлуге жазса, жел мені бір күн ішінде кепкен тулаққа айналдырады, онда мен құмға жерленгендер сияқты тұтас күйімде сақталамын.

Тауда өткізген алғашқы күндерде ол аздап серуендейтін, тастарды аударатын, өсімдік түбін, тамырларын жейтін. Бірде ол құмырсқа илеуіне тап болып, майда сіркелерін талшық етті. Дәмі балыққа ұқсайды екен. Сосын ол ас пен су іздеуін доғарған. Өзінің жаңа өмірі жайында ойланғысы келмеді. Үңгіріне көңіл бөлмеді, уақытқа есеп жүргізбеді. Таңертеңгілік бір мезгіл қары кеткен тау шыңдарының қалай еңселене түскеніне назар аударғаны болмаса, ол күтетіндей ештеңе жоқ еді, міне, ол күн шуағына шомыла бастады. Үңгір аузында тапжылмастан ұзақ отырады немесе жатады, қозғалып бірдеңе істейінші дейтіндей күші де, ниеті де жоқ. Күні бойы ұйқыдан бас көтермей қалған кездері де болған. Ондайда дүниенің рахаты деген осы шығар деп ойлайтын. Айналаны тұман басқан жаңбырлы күндерден кейін бөктер мап-майда жапырақсыз сары гүлдерге толды да кетті. К. оларды уыстап алып жей берген, іші бүріп ауырды. Күн ыси түсті, бұлақтар екпіндеп ақты. Қанша ішсе де тау суынан бұлақ суының тіл үйірер өзгеше дәмін таппады. Қызыл иектері қанталап, ол қан жұта бастады.

Кішкентай кезінде К. жетімханадағы басқа балалар сияқты үнемі ашығып жүретін. Аштық оларды жыртқышқа айналдыратын: бір-бірінің тостағанындағы тамаққа қол салатын, асхана сыртындағы қалтарысқа қойылған қоқыс жәшіктеріне тасталған сүйектер мен ас қалдықтарына таласатын. Есейіңкірей келе бұрынғыдай аштық қыспағын елемейтін болды. Ас қазанына кіріп алған аш қасқыры бұрынғыдай ұлымайды, бұл оны жеңген. «Норениусте» соңғы жылдары жақсы өтті: мұның үстінен әкіреңдейтін үлкен балалар жоқ, ақырын білдірмей өзінің сүйікті орны - сарай жаққа кетіп қалатын да жалғыздықтың рахатын кешетін. Мұғалімдердің бірі оқушыларға қолдарын желкелеріне қойғызып, еріндерін қатты жымқыртып, көздерін жұмдыртып, тырп етпеуге бұйыратын, ал өзі ұзын сызғышын оңтайлап ұстап қатар арасымен әрлі-берлі теңселіп жүреді де қояды. Уақыт өте келе бұл қалып К. үшін жаза рәсімі болудан қалған, ол бұйрықты үнсіз қабылдап, қиялға шоматын: тап қазір де ол ми қайнатқан ыстықта ұйқы қысқан бойы қорғасындай балқып, қолдары желкесінде, эвкалип бұтақтары басындағы көгершіндер уілі мен жапсарлас сыныпта көбейту кестесін жарыса жаттаған оқушылардың шуылына тапжылмастан құлақ түріп отыратын сол күндерді есіне түсірді. Осылай үңгір аузында өзімен-өзі тырп етпестен отырып, кей-кейде бұрынғы әдетімен қолдарын желкесіне әкеп тарақтап, көзін жұмып, басына келген ой-түйсік дегендерді қуып тастауға тырысады, өйткені ол үшін үміттенетін де, күтетін де ештеңе жоқ еді.

Қайсыбірде жас Висаги еске түседі, ол әлдебір көрінбейтін жерде, қараңғы қуыстағы көртышқандардың боғы арасында ма, әлде шартақтағы шкап ішінде ме немесе атасынан қалған бақшалық сыртындағы бұта-талдың жықпылында ма, әйтеуір, бір жерде жасырынып жүрген болар. Оның сәнді аяқкиімін көзіне елестетіп, егер ол әлдебір апан ішінде бас сауғалап жүрген болса, оған оның керегі не деп ойлап қойды.

Күн жарығында көзін жұмбай отыру оған қиынға түсе бастады. Самай тамырларында қан қысымы үздіксіз бүлкілдеп, күн сәулесі басының ішін инедей сұққылайды. Аузына нәр сызудан қалған, тіпті құр судың өзінен де құсқысы кеп кетеді. Сүйтіп үңгірдегі төсегінен тұра алмайтын күнге де жеткен, қара шапан бұрынғыдай жылытпайды, суықтан қатып үздіксіз дірілдеді де жатты. Өлетін шығармын, деп ойлады, қайсысы өледі, жаным ба, әлде тәнім бе, әсілі, бұл екеуі бір емес пе; көз алдында үстінен қурай өсіп қаулап кеткенше жатады, сосын осы жерде, алыстағы үңгір ішінде шашылып ақ сүйектері ғана қалатын болар.

Бөктерді құлдап күні бойы еңбектеген. Аяғында әл жоқ, миының іші солқ-солқ, төменге көз салса болды, алды тұмандана көшіп кетеді, ол жерден шеңгелдей ұстап, басы айналғаны басылғанша күтіп қалады. Ол өстіп жылжи-жылжи, аңғар бойына алакөлеңке үйрілгенше тас жолға жеткен, ал қала шетіне өкшесі тигенде, соңғы сәуле де өшкен. Бақшадағы гүлдеп тұрған ағаштардың жұпары танауын ұрды. Сосын дауыс, байыпты бірқалыпты дауыс. Принс-Альбертке алғаш келгенде естіген дауыс – жан-жағынан жамырай жөнелген. Көгі өсіп құлпыра түскен бақшалардың қақ ортасында, Хай-стриттің бас жағында тұрып құлағын қанша түрсе де, сөздерін ажырата алмады, тек қана міңгір дыбыс, оның өзі де біраздасын бұтақ бастарындағы құс үнімен астасып кетті де, артынша қалықтай жөнелген музыка әуеніне ұласты.

Көшеде адам қарасы жоқ. Ол банк қақпасы алдындағы саты табанында жатқан резеңке кілемшені басына төсей қисайған. Көп ұзамай денесі суып, жаурай бастады. Басы зілдей, жағы ауыра қарысып, біресе оянып, біресе қалғып кетеді. Тілімдей қолшам жарығы оятқан, бірақ ол түсім шығар деп ойлады. Полицайлардың қойған сұрақтарына түсініксіз былдырлап, біресе шыңғырды, біресе тұншыға демікті. Кеудесінен қақырық тастағандай қақалып: «Жоқ!...Жоқ!», - дей берген қайталап. Оның бойынан тараған сасықтан мұрындарын баса қорғанған полицайлар түкке түсінбеген күйлері К-ні желкелеп фургон ішіне тығып жіберді де, учаскелеріне алып кеп, басқа да өзіндей бес қаңғыбасқа қосып қамап қойды, ол үздіксіз сандырақтап, селкілдеді де жатты.

Таңертең ұсталғандарды жуынуға шығарып, сосын таңғы ас ішуге алып келгенде К-нің есі бар, бірақ аяғына тұра алған жоқ. Күзетшіден кешірім сұрап: «Аяғым ұстамай тұр, қазір-ақ жақсарады», - деп қойды. Күзетші кезекші офицерді шақырған. Олар бірер минөт, қабырғаға арқасын тіреп қойып, тырдай арық сирағын тыр-тыр қасып отырған тірі сүйек аруаққа қарап алды да, екі жағынан кеп көтеріп аула ортасына қарай сүйреп тастады, ол күн көзінен жасқанып бұғына бүгежектеп тұр, полицай сол жердегі басқа тұтқынға мынаған тамақ бер деп ым жасады. К. сағыздай созылған жүгері ботқаға қасық салуын салғанмен, қасықты аузына жеткізе алған жоқ. Кеудесін лоқсық қысып құсып жіберді.

Полйцайлар оның қай жақтан екенін біле алмай дал болды. Қолында ешқандай құжаты жоқ, тіпті жасыл кәртішкесі де. Полицай хаттамасына «Михаэл Висаги – жұмыссыз» деген анықтама қойылып, өкіметтің рұқсатынсыз өзінің әкімшілік аймағын тастап кеткен, жекебас төлқұжаты жоқ, қалада комендент сағатын бұзып, алба-жұлба кейіпте арақ ішіп мас болды, деген айыптаулар жазылды. Оның әлсіздігі мен мылқаулығын мас болдыға жорыған полицайлар К-ні аула ішінде қалдырып, басқа тұтқындарды түгел камераларына қуып тыққан; түс әлетінде оны қайтадан полицай фургонына отырғызды да, ауруханаға алып кетті. Ол жерде үстіндегі бар лыпасын сыпырып, резеңке тақта үстіне тыр жалаңаш тастады, жап-жас санитар қыз келіп жуындырды, сақал-мұртын қақты, ақ көйлек кигізді. Ол ешқандай ұят-әжет дегенді сезген де жоқ.

-Айтыңызшы, өтінемін, ылғи білгім келеді де жүреді, принс Альберт деген кім өзі? – деп сұраған санитар қыздан. Ол өзіне қойылған сұрақты естімеген секілді ме. – Принс Альфред деген кім? Өйткені принс Альфред деген де бар ғой? – Дымқыл, жұмсақ дене ысқыштың бетіне сипай тиер сәтін ол тағы да көзін жұма рахаттана күтіп қалды.

Тағы да міне, ақ жамылғыға оранып жатыр; бас ғимаратқа емес, төбесі қаңылтырмен жабылған ұзын ағаш дәлізге орналастырған, жан-жағы толған кілең балалар, шалдар. Төбедегі ағаш ұстындарға салбырата ілінген электр шамдар, олар үнемі теңселеді де тұрады. Қазық ағаш басына орнатылған бөтелкеден мұның қолына дейін резеңке түтік тартылған: көз қиығымен ол қалаған кезінде бөтелкедегі сұйықтың сағат санап қалай азаятынын қызықтап қарап та қояр еді.

Бір рет, естен танып жатып оянып кетіп, есік аузында тұрған мейірбике мен полицайды байқады: әлдене деп сыбырласып, бұл жатқан жаққа екеуі бірдей жарыса қарап қояды. Полицай фуражкасын қолтығына қысып алған.

Кешке қарай терезеге күн түскен. Ерніне шыбын қонды. Үркітпек еді, төбесін айнала ызыңдап ұшып, қайта келіп қонжиды. К. шарасыз еді, соны сезгендей, шыбын ине тұмсығымен түрткіленіп, қоянжырық еріннің ұңғыл-шұңғылын зерттей бастады.

Санитар палатаға түскі ас тиелген үстелді дөңгелетіп алып келген. К-ден басқаның бәріне патнас таратылды. Бөлме ішіне дәм иісі тарап, аузы суға тола бастағаны сезілді. Ұзақ үзілістен кейін тұңғыш рет тамақ ішкісі келіп кетті. Шынымен, аштық мұның басына қайтадан құлдық қамытын кигізе ме? Иә, айтпақшы, бұл аурухана екен ғой, өз заңы бойынша мұнда адам тәні емделеді.

Алакеугім келді, қараңғылық түсті. Біреу шам жаққан. К. көзін жұмды да, қалғи бастады. Ол оянғанда шам әлі жанып тұр екен. Сосын біраз көмескілене берді де, өшті. Түнгі төрттердің кезінде терезеге ай жарығы құлады. Жақын маңнан ақырын қылғынып мотор күркілдеді, ол ұйқыға шомды.

Азанда, таңғы асы - бала ботқасын жеп, сүт ішкен, жүрегі айныған жоқ. Аяққа тұруға қуатым жетеді деп ойлады, бірақ пижама сыртынан халатқа оранып, палатасынан бүкшеңдеп шығып келе жатқан бір міскін шалды көргенше, ұялып қорғалақтағандай еді. Бойын тіктеп кереуеті жанында, ұзын көйлек ішінде өзін ыңғайсыз сезінгеніне қарамастан, әрлі-берлі ақырын жүре бастады.

Көрші кереуетте, бір қолының орнында дәкемен шандылған келтек, бала жатқан.

-Саған не болып еді? – деп сұрады одан К. Бала жауап бермей, теріс айналды.

«Киімдерімді тауып алсам,- деді К. іштей, - бұл жерде бір секөнт қалмас едім-ау». Алайда төсегі жанындағы тумбочка іші бос. Ол түскі асын да тәбеттене ішкен.

-Беріп тұрғанда жеп ал, - деді тамақ әкелген санитар. – Алда әлі талай ашығып үлгересің.- Дөңгелекті үстелін сүйретіп ары қарай кете барған.

Әлгі сөз біртүрлі естілді. К. оның артынан, ол қашан арба-үстелімен ауруларды түгел аралап болғанша, қарады да тұрды. Соны сезген санитар палатаның арғы түкпірінен бұған жұмбақтана қарап қойып, ақырын жымиған, бірақ патнасты алуға қайта келгенде, лә деген жоқ.

Күн көзі төбе қаңылтырын қыздырғаны сонша, палата іші жалындаған пешке айналды. Аяқтарын жан-жағына арбита созып тастап, К. талықсып кеткендей еді. Есін жиып, көзін ашқанда дәл үстінен төніп тұрған тағы да сол полицай мен мейірбикені таныды. Ол көзін жұма қойған, қайта ашқанда, әлгілер жоқ. Түнеріп түн келді.

Таңертең мейірбике келіп, бас ғимарат дәлізінің түкпіріндегі үстел басына алып барған, бұл жерде ол бір сағат сарылып кезек күтті.

-Бүгін қалайсың? – деп сұрады дәрігер.

Не айтарын білмей К. бөгеліңкіреп қалған, дәрігер одан жауап күтіп тұрмады, бірден қарауға кірісті. Терең демал деп бұйырды, сосын кеудесін тыңдады. Жұқпалы жыныс ауруы жоқ па деп те қарап өтті. Сүйтіп екі минөт ішінде бәрін тәмам еткен. Дәрігер қоңырша дәптер бетіне әлденені сүйкектетіп жаза бастады.

-Сен бұрын-соңды ерніңе байланысты дәрігерге қаралып па едің? – деп сұрап қойды жазуын доғармастан.

-Жоқ, - деді К.

-Ерніңді жөндеп берулері мүмкін,- деді дәрігер. Бірақ мен де жазып бере аламын деп айтқан жоқ.

Палатасына келіп, кереуетіне жата кетті де, қолдарын тарақтап желкесіне қойды. Мейірбике киім алып келді; ішкиім, хаки түсті жейде, шолақ дамбал, бәрі мұқият өтектелген.

-Киін, - деді де, мейірбике басқа кереутке қарай айналып кетті.

К. кереует жиегіне отырды да, әкелген киімдерді түгел үстіне киіп алды. Шолақ дамбал тым кең. Орнынан тұрғанда, сыпырылып түсіп қалмас үшін, ышқырлықтан ұстауына тура келген. Тап осы кезде есік аузында әлгі бір полицайы құрғыр тағы да пайда бола кеткені.

-Мыналар маған кең екен, - деді К. мейірбикеге. – өтінемін сізден, маған өз киімдерімді беріңізші.

-Киімдеріңді шығар ауызда аласың, - деді мейірбике.

Оны кезекші үстеліне дәліз бойымен полицай өзі ертіп келіп, сұр қағазға оралған түйіншекті де өзі алды. Екеуі де үндеген жоқ. Аялдамада көк түсті полицай машинасы күтіп тұрған. Ыстық асфальт табанын шыдатпағасын, бір орнында билеген кісіше шыр айналып, полицай қашан артқы есікті ашқанша күтіп қалды.

Мені қайтадан полицай учаскесіне алып баратын шығар деп ойлған, оның орнына бүкіл қаланы көктей өтті де, бұдан кейін машина бес шақырымдай шаң басқан қара жолмен бұралаңдаған, ақыры жан-жағы қоршау, құлазыған жазық үстіндегі лагерге алып келді. Оған тау басындағы үңгірінен төрт бұрышты боп көрінетін сарғыш түсті Яккалсдрифті құрылыс алаңы шығар дейтін. Еңбек лагерлерінің бірі, кенеп шатырларда және төбесі қаңылтырмен жабылған, сырланбаған ағаш барақтарда адамдар тұрады, ал дуал үстінен үш мердей биіктетіп тікенекті сым тартылған деген ой басына да келмепті. Шолақ дамбалын ышқырынан ұстап, машинадан түскен бетте қақпаның қос қапталындағы дуалға жабысып, жан-жақтан анталаған ондаған егде кісілер мен жас балалардың назарына ілікті. Қақпа жанында күзет күркесі, оның алдындағы жабық баспа ішіне екі жерден кактус өсіріп қойыпты. Баспада бұларды әскери форма киген семіз біреу күтіп тұрған. К. оның басындағы ерікті жасақшылардың көк беретін бірден таныды. К-ні алып келген полицай ана семізбен амандасты да, екеуі күзет бөлмесіне кетті. Түйіншегі қолтығында, К. жұрт көзінің ермегі боп қақпа алдында тұрып қалған. Біресе айдалаға қарады, біресе аяқ астына үңілді, өзінің түр-әлпетін қандай кейіпке түсірерін білмей сасқалақтаумен болды.

-Әй, досым, штанды қайдан алып ең? – деді біреу дауыстап.

-Көлеміне қарағанда, біздің сержанттікі сияқты, - деген екінші дауыс, әр тұстан күлкі естілді.

Күркеден екінші күзетші шыққан. Ол лагерь қақпасын ашып, К-ні тобыр ортасымен, әбден тапталған сүрлеу жолмен ағаш барақтардың біріне қарай бастады. Барақ іші қараңғы, терезе жоқ. Күзетші бос тақтай төсекті көрсетті.

-Енді сенің үйің осы, - деді күзетші. – Таза ұста, басқа панаң болмайды.

К. тақтай сөреге көтеріліп, ылбырап езіліп кеткен паралон төсегіне жата кеткен; қаңылтыр төбеге қолын созса, жетіп тұр. Қапырық ыстықтан демі тарылып, күзетші тезірек кетсе екен деп күтті.

Күннің қалған уақытын барақ сыртындағы лагерь тіршілігінің дабыр-дұбырына құлақ түріп қойып, тақта үстінен түспей, қозғалмай жатып өткізген. Сырттан бір топ бала кіріп келді де, улап-шулап, бірін-бірі қуалап, біресе сөрелердің үстіне қарғып, біресе астына тығылып, лезде қайта ғайып болған, кетерлерінде есікті тарс жауып кетті. Ұйықтағысы келген, көзі ілінбеді. Тамағы кеуіп жатыр. Ол таудағы үңгірін, бұлқып аққан ақ бұлақты есіне алды. Мұнда тура жетімханадағыдай, - деп ойлады.- Мен «Норениус» жетімханасына қайта тап болдым, бірақ мен қазір кәрімін, шыдай алмаспын. Үстіндегі жейдесін, шолақ дамбалын шешіп, түйіншектің орауын жазған, киімдеріне сіңіп кеткен тер иісі сондай сасық әрі ауыр-ақ және бөтен біреудікі сияқты ма, қалай. Бұтындағы жалғыз лыпасымен, тақтай төсекте екпетінен жалпая жатып, мына күн қашан бітеді деп асыға күтті.

Біреу ақырын есік ашып, аяғын ұшынан басып бұл жатқан тұсқа жақындаған. К. өтірік ұйықтаған бола қалды. Жалаңаш қолына біреудің саусағы тиген, дір ете түсті.

-Жағдайың болмай жатыр ма? – деп сұрады әлгі. Ол есік саңлауынан түскен жарыққа тура қарап тұр еді, сондықтан К. оның жүзін анық көре алмады.

-Жақсымын, - деді К. Даусы әлдебір алыс қиырдан әлсіреп жеткендей тым баяу естілді.

Бейтаныс қалай келсе солай аяғын ұшынан басып ақырын шығып кетті. Мен білмеппін, мені қайтадан адамдар ортасына алып келетіндерін маған айтпапты, деп ойлап қойды К.

Біраздасын киініп барақтан шыққан. Күн қайнап тұр, ауа тұнып, лүп еткен жел жоқ. Шатыр көлеңкесіне төселген көрпеше үстінде екі әйел, бірі қалғып кеткен, екіншісі ұйқыдағы баласын бауырына қысып алған. Ол бұған қарап жымиған еді, бұл да жай бас шұлғи салды. Су құйылған бөшкені тауып, ішін кере әбден шөлі қанғанша ішкен. Қайтар жолында әйел жанына тоқтап, жөн сұрады:

-Бұл маңда кір жуып алатын жер жоқ па?

Әйел душ орналасқан тұсты көрсетті.

-Сабының бар ма? – деп сұрады сосын.

-Бар, - деп өтірік айта салды.

Душ алатын жерде екі леген, екі жаңбырлатқыш бар екен. Ол душ алғысы келген, шүмектен су ақпағасын «Иоанн әулие» деген жазуы бар ақ күртесін, қара шалбарын, сары жейдесін және резеңкесі салбырап созылып кеткен сардамбалын жууға кіріскен; кірді суға салып қойып, қолын білегіне дейін салқын суға тығып жіберіп, көзді жұмып қойып, осының бәрін әрлі-берлі езгілеу, сықпалау бір ғанибет секілденеді. Ол аяғына башмағын киіп, жуылған кірлерін салбыратып арқан бойына іліп жатып, қабырғадағы: «Яккалсдрив жер аударылғандар лагері. Душ ерлер үшін сағат 6-дан кешкі 7- ге дейін, әйелдер үшін сағат 7.30- дан, 8.30- ға дейін жұмыс істейді. Кезек сақтаңдар. Суды үнемдеңдер», деген жазуға көзі түсті. Ол бөшкеге жалғанған құбырдың қайдан келетініне назар аударған, тұрба дуал астынан өтіп, жоғары өрлеп, қыр басындағы сутартқышқа барып тіреледі екен.

Қасынан өтіп бара жатқанда, оны балалы әйел тоқтатқан:

-Сен киімдеріңді самсатып іліп қойдың, - деді ескерту жасап, - айтпады деме, таңертең тұрғаныңда орнынан таппай қалуың мүмкін..

Ол арқандағы киімдерін сыпырып алып, кереуеті үстіне әкеп жайып тастады.

Күн еңіске құлаған; маңайда адам көбейді, әсіресе, ана жерде де, мына жерде де балалар. Көрші барақта үш шал карта ойнауға кіріскен. Қастарына барып біраз қарап тұрды.

Ерінбей санап шыққан, шатырлар отыз, аралары біркелкі қашықтықпен бүкіл алаңға қатар тізілген, қаңқиған жеті барақ, ал бір шетке монша мен әжетхана орналасқан. Барақтардың екінші қатары үшін іргетас қаланған, семент арасынан арбиып тот басқан сымтемірлері көрініп жатыр.

Ол қақпаға қарай беттеген. Күзет күркесінің баспалдағында күзетшілердің бірі, жейдесінің алды ышқырлығына дейін ашылып қалған, қалғып отыр. Бетін сымтор қоршауға тірей тоқтаған К. күзетшіні оятқысы келіп тұр. «Мені мұнда не үшін алып келді? – деп сұрамақшы. – Әлі қанша уақыт отырамын?» Алайда күзетші көзін ашпай қойды, ал К-нің дауыстауға батылы жетпеді.

Ол қайтадан бараққа, одан су бөшке жанына келді. Өзін қоярға жер таппады. Бір қолына шелек ұстаған қыз су бөшкеге қарай беттей берді де, мұны көріп, кері бұрылған. К. сырт қоршау жанына келіп, лагерь сыртындағы кең жазық бойына көз жіберді.

Шатырлар арасындағы екі-үш тастан қаластырыла салынған пештерде от жанды; адамдар қауқылдаса сөйлесіп, олай-бұлай жүріп, лагерге жан кіре бастады.

Қара жолдың шаңын бұрқыратып, артында қорап толы адам тиелген жүк машинасы, полицай пикапы кеп тоқтады. Балалар қақпа аузына қарай лап қойды. Күзетші пикапты қақпадан өткізген, машина ақырын жылжып, төбесінде мұржасы қылтиған төртінші барақты бетке алды. Пикаптан екі әйел түсті де, ал қолына дәу қорап көтерген шопыр бараққа кіріп кетті. Пикаптан радио даусы естіледі, К. қоршау жанында, алыстау тұрса да құлағына анық жетіп тұр. Кешікпей төбедегі мұржадан алғашқы түтін будағы бұрқ ете қалды.

Жүк машинасымен келген еркектер құшақ-құшақ ағаш кеспектерін түсіріп, қора іргесіне апарып қалап тастады.

Шопыр-полицай кабинаға көтеріліп, шашын тарай бастады. Шалбар киген, бір мығым бойшаң әйел барақтан шығып, үшбұрыш темірді даңғырлатып соққылай бастады. Соңғы соққы үні басылып та болған жоқ, барақ жанына қолдарына тостаған, күрешке, консерві қалбырын ұстаған балалар жинала қалды, майпаңдап емшектегі бөпелерін қолтықтарына қысқан аналар да жетті. Шалбарлы әйел ентелеген балалар тобырын кейін шегіндіріп қойып, бараққа екі-екеуден ғана кіргізе бастады. К. ең соңы боп кезекке тұрған. Балалардың алды барақтан шығып жатыр. К. олардың ыдыстарынан көже, қолдарынан бір-бір үзім нан көрді.

Бір кішкентай балақай сүрініп кетті де, көжесін аяғына төгіп алды. Бұтына кіш етіп қойғандай ыңғайсызданса да, кетпеді, қайтадан кезек алды. Қайсыбір бала барақ іргесіндегі қара жерге отыра кетіп, көжесін апыл-ғұпыл ішуге кіріссе, енді біреулері шатырларына алып кетіп жатты.

Есік аузындағы әйелмен қатарласқан К.:

-Кешіріңіз, - деді ақырын, - маған тамақ алуға бола ма? Менің тостағаным жоқ. Ауруханадан шыққан бетім.

-Бұл балаларға арналған тамақ, - деген әйел жүзін тайдырып әкетті.

Ол өзі жатқан бараққа келіп, әлі суы кеппеген болса да, қара шалбарын киіп алды. Ал шолақ дамбалын төсек астына жасырып қойды.

-Мен тамақты қайдан ішсем екен? – деп сұрады пикаптағы полицайдан. – Мен мұнда өзім сұранған жоқпын. Енді мынау, қайдан тамақ ішерімді де білмеймін.

-Бұл саған түрме емес, - деді полицай, - бұл лагерь, мұндағылар өз нанын өздері еңбек етіп тауып жейді. Сен де еңбек ет.

-Қамап қойса, қалай жұмыс істеймін? Жұмыс дегенде, мен не істеуім керек еді?

-Құрышы-әй, - деді полицай ашуланып, - достарыңнан барып сұрарсың. Бауырды тапқан екенсің, саған тегіннен тегін тамақ беретін.

Тауда жүргенде жақсы еді, деді іштей К. Фермада да, жол үстінде де жақсы болатын. Кейптаунда тіпті ғажап еді ғой. Ол ауасы қапырық, қараңғы қапас барақты, кереуеттерінде теңкиіп жататын бейтаныс адамдарды, олардың таусылмайтын мысқылды әжуасын көз алдына бір елестетіп-ап, балалық шағым оралғандай ма, әлде қайдағы бір құбыжық түстердің шырмауында тұрмын ба, деп ойлап қойды.

Әр тұстан ошақ оттары лаулаған, тіпті әлдебір қалтарыста ет қақталып, лагерь үстінде тамақ иісі аңқыды. Бойшаң әйел мұны ымдап қасына шақырып алған, қолына пластик шелекті ұстата қойды.

-Мә, тазалап жу, - деді әйел, - сосын осы жерге әкеп қоясың. Ал қазір есікті жап. Мынадай құлыптың кілттеуін білесің бе?

К. мақұлдап бас изеді. Шелек түбіне көженің қазан түбіндегі қоюы құйылды. Әйелдер пикаптағы полицай жанындағы орындарға жайғасқан; К. машина ақырын қозғалып жүріп кеткен кезде байқады, үш әйелдің үшеуі де қақшиып қарсы алдарына қарап қалған, жан-жақтарына көз қырларын салған да жоқ, сірә, айналадағының бәрі олар үшін қызық болудан қалғанға ұқсайды.

Қараңғы түсті. Ошақ айналасындағы адамдар өзара күбірлесіп қойып, тамақтарын жеп жатыр; біреуі дыңғырлатып гитара тартқан еді, би басталды. Басында К. жұрттың сыртын ала оңашаланып, демалушыларға біраз қарап тұрды, бірақ өзін біртүрлі ыңғайсыз сезіне бергесін, іші жансыз қаңырап қалған барағына кетіп, төсегіне барып қисайған.

Біреу ішке кірді; алакөлеңкеде қараңдап қасына келгенде, бұл мойын бұрған.

-Шылым керек пе? – деп сұрады дауыс.

Шылымды саусақ арасына қыстырды да К. арқасын қабырғаға сүйеп отыра кетті. Сіріңке шырт еткен, қарсы алдында тұрған еркек, түріне қарағанда, жасы бұдан үлкен.

-Сен мұнда қайдан тап болдың? – деп сұрады еркек.

-Мен бүгін сырт қоршауды жағалап біраз жүрдім, - деді К. – Одан қарғып кету түк емес. Бала екеш бала да аттап кете алады. Ал адамдар неге кетіп қалмайды екен?

-Бұл түрме емес қой, - деді еркек.- Саған полицайдың түсіндіріп жатқанын естігенмін. Бұл – Яккалсдриф. Лагерь. Лагерь дегеннің не екенін білесің бе? Жұмыссыз адамдарға арналған орын. Фермадан фермаға тентіреп жұмыс іздейтіндер үшін, енді қайтсін, жейтін тамағы, бастарында панасы жоқ. Қаңғымасын, қайыршылық жасамасын деп әлгіндейлерді ұстайды да, осында алып келеді. Сен менен неге қашып кетпейсің деп сұрайсың. Себебі, қашқанда барар жерім жоқ және мынадай рахат өмірден қашатындай кеңкелес емеспін ғой. Мұнда жаюлы төсек, отын тегін, күзетте мылтығын шошайтып қарауыл тұр, бұл жерге ұры-қары тұмсығын да тыға алмайды. Сен не, айдан түстің бе?

К. үндеген жоқ. Ол алдындағы кісінің кімді сөгіп тұрғанын онша түсіне қоймаған еді.

-Қоршаудан аттап ары өтеді екенсің, - деді еркек, - баспанаңнан айрыласың. Яккалсдриф – енді сенің шаңырағың. Қош келдің! Бұл жерден қашады екенсің, олар сені ұстап алады, сосын үйсіз қаңғыбас атанасың. Бірінші рет сені Яккалсдрифке алып келеді. Екінші жолы Брандвлейге апарады. Брандвлейге барғың келе ме? Онда каторга – тас ояды, күзетшілер қамшы ұстап жүреді. Қоршаудан аттайды екенсің, сол жерде-ақ ұсталасың, бұл сенің екінші рет тәртіп бұзуың болғандықтан, Брандвлейге жібереді. Осы айтқандарымды есіңе сақтап қой. Ешқандай таңдауың жоқ. Әрбірден соң қашқанда қайда бармақсың? – Ол даусын сәл бәсеңдете түсті. – Тауға ма?

«Бұған менен не керек өзі?», - деп ойлады К. Сүйткенше әлгі ақылман мұны иықтан қойып қалды.

-Жүр, бізге, - деді ол. – Қақпа алдында олардың адамдарды қалай тінтетінін көрдің ғой? Спиртті ішімдік іздейді. Лагерде ішімдік ішуге тыйым салынған. Жүр бізге, ішеміз.

Ол К-ні гитарашы қасына жиналған топқа алып келген. Гитарашы ойынын доғара қойды.

-Бұ кісі Михаэл, -деді жаңа танысы топқа қарап, - Осында келгенше асығыпты, әй, бір көсіле жатып демалсам деп армандапты. Қалай, тобымызға қабылдаймыз ба?

К-ні ортаға алып, сыртынан түрпідей қатты қағазбен оралған бөтелке аузынан шарап жұтқызды да, жан-жақтан сұрақ жаудырды: Қайдан келдің? Принс-Альбертте немен шұғылдандың? Қай жерде ұсталдың? Тыңдаушылардың қайсысы да мұның Кейптауннан неге кеткеніне, істейтін жұмысы жоқ, туған фермаларын отбасымен шұбырып тастап кетіп жатқан мәлімсіз алыс қиян үшін не себепті соншалық ұзақ жолға шыққанына түсіне алмай бастарымен дал болды.

-Мен анашымды Принс-Альбертке алып келмекші болдым, сол жерде қоныс тебейікші дегенбіз, - деп К. өзінше түсіндіріп бақты. – Шешемді ауру жеңіп, аяғынан жүре алмай қалған еді. Жауын-шашыннан мезі боп, ауасы таза ауылды жерге барсам-ау деп армандайтын. Ал біз тұрған жерде жаңбыр ылғи толассыз құятын да тұратын. Шешем жол үстінде, Стелленбоста, сондағы ауруханада көз жұмды. Сүйтіп Принс-Альбертті көре алмай арманда өтті дүниеден. Ол өзі осы жердің төл тумасы болатын.

-Бишара, - деді әйелдердің бірі. - Айтпақшы, сендер Кейпте жәрдемақы алмап па едіңдер? – деп сұрады ол сосын, бірақ жауап күтпестен сөзін жалғастыра берді:

-Бұл жерде де жәрдемақы берілмейді. Міне, бізге берілетін жәрдемнің түрі. – Ол қолымен лагерь аумағын нұсқады.

К. үзілген сөзін аяқтауға тырысқан:

-Мен сосын теміржолда істедім, - деді асыға сөйлеп. – Жолды басып қалған үйінділерді тазартуға көмектестім. Аяғында осында тап болдым.

Тыныштық орнады. «Енді күл туралы айтуым керек шығар, - деп ойлады К. –Мыналар бәрін білсін, бәрін аяғына дейін естісін». Бірақ айта алмасын сезді, сірә, ол уақыт әлі келе қоймаған секілді-ау. Гитара ұстаған жігіт шектерін ептеп созғылап отырды да, жаңа бір әуенге баса жөнелген. Жұрт назары енді соған қарай ауды.

-Кейптаунда да жәрдемақы төлемейді, - деді К. – Қазір ондайды ешбір жерде төлемейді.

Көрші шатырда балауыз шам жағылған, соның сәулесінде қабырғада дәу көлеңкелер қорбаңдап олай-бұлай қозғалып жүр. К. шынтағын тірей шалқайып, жұлдыздарға көз тікті.

-Біздің осында тап болғанымызға бес ай, - деді дәл жанынан бір дауыс. Еркек адам, ол да осы шатырда тұрады екен. Есімі – Роберт. –Әйелім, балаларым – үш қыз, бір ұл, сосын қарындасым балаларымен. Мен Клаарструмға жақын маңдағы фермалардың бірінде жұмыс істедім. Ұзақ істедім – аттай он екі жыл. Кенет, мә, саған! Жүн керек болмай қалды. Норма белгіленді, әр фермер осынша ғана өндіреді, одан бір мысқал да артық емес. Сосын Аудсхорнға апаратын жолдардың бірі жабылды, сосын екіншісі, артынан екеуі де қайта ашылған, сосын екеуін де біржола жауып тастады. Қожайыным келіп маған былай деді: «Сені бұдан әрі ұстай алмаймын. Жейтін ауыз тым көп, бәріне тамақ тауып беретіндей қауқарым жоқ. Өзіміз де ашпыз». –«Сонда мен қайда бармақпын? - деп сұраймын. – Қазір жұмыс табу қиын екенін өзіңіз де білесіз». – «Кешір, - дейді қожайын, - сен туралы менің бөтен ойым жоқ. Айттым ғой, өзіміз де аш құрсақпыз». Сонымен, не керек, отбасыммен шұбыртып мені шығарып салды да, жұмысқа жаңада ғана тұрған жас жігітті алып қалды. Әрине, ол бір адамға тамақ тауып бере алады ғой. Мен оған: «Мен енді отбасымды қалай асыраймын? – деп сұрақ қойдым. -Жұмыссыз қалдым ғой». Ол не десін. Бар айтарын айтқан. Қысқасы, кәкір-шүкірімізді буып-түйдік те жолға шықтық, сөзімнің бір жалғаны жоқ, жолға жетіп те үлгермедік, полиция шап беріп ұстады да алды, фермер өзі хабарлап қойған-ау, сол түні-ақ бізді Яккалсдрифке жеткізген, сүйтіп тікенекті сым тордың ішінде отырмыз. «Тіркелген тұрақты мекен-жайым жоқ, - дегем мен оларға. – Алайда өткен түні ғана тұрақты баспанам болған-ды, ал бүгін өстіп үйсіз-күйсіз қалатынымды қайдан, қалай тез біліп қойдыңдар?» Олар болса: «Қай жерде ұйықтағандарың дұрыс, жабайы аң сияқты айдаладағы бұта арасында ма, жоқ әлде, төсегі, су шүмегі бар лагерде ме?»- деп өзіме қарсы сұрақ қояды. «Немене, менің таңдау еркіндігім бар ма? – деймін мен де қасарысып. Ал олар: «Сен өз таңдауыңды жасадың, ол –Яккалсдриф. Тыныш елдің мазасын алып, жол бойын босқа шаңдатудың қажеті жоқ», - деп мысқылдайды. Мен саған турасын айтайын, мұнда не гәп барын, бізді үйден шықпай жатып ұстап алған себебін. Олар адамдардың тауға кеткенін қаламайды, бір күні түнде келіп қоршауды сындырып, малымызды айдап кетеді деп қорқады. Сен осында Лагерде қанша еркек барын, яғни жас еркектер барын білесің бе? – Ол К-ге қарай еңкейіп, даусын бұқтыра сөйледі. – Отыз. Сенімен отыз бір. Ал әйелдер, балалар мен шалдар ше? Айналаңа көз жібер де санап көрші. Отбастары осында, өздері жоқ, енді сол еркектер қайда деп ойлайсың?

-Мен тауда болдым, - деді К. – Бірақ ол жақтан ешкімді көрмедім.

-Сен әуелі мына әйелдердің кез-келгенінен күйеуің қайда деп сұрашы, ол саған: «Күйеуім жұмыста, ай сайын ақша салып тұрады» немесе «Мені тастап, қашып кетті», - деуі мүмкін. Дұрысы қайсы, тауып көр!

Олар ұзақ үнсіз қалған. Бір кішкентай қызыл шоқ аспан әлемін қиялай кесіп ағып бара жатты. Шалқалай отырған К.:

-Жұлдыз құлады, - деді қолын шошайтып.

Ертеңінде К. жұмысқа шыққан. Жұмыс күшіне деген бірінші сұраныс темір жол әкімшілігінен түссе, екіншісі – Принс - Альберттің аймақтық кеңесінен еді, бұлардан кейін кезек жергілікті фермерлерге тиді де, олар сұранысты қаптатты да жіберді. Бұларды алып кетуге жүк машинасы сағат алты жарымда келсе, сағат жеті жарымда Леу-Гамкидің терістігінде қызу жұмыс басталып та кеткен еді: темір жол көпірі астындағы өзен арнасы, жоғарғы ағысы жағынан да, төменгі ағысы жағынан да, қос қапталындағы жабайыланып кеткен қамыс-бұталардан тазартылды, жол бойының қоршауы үшін шұңқырлар қазылды, цемент лай дайындалды. Жұмыс ауыр еді: К. түске жетпей-ақ қатты шаршады. «Тауда жүргенде мен шал боп қалғанмын-ау», - деп ойлады.

Қасына Роберт келді.

-Досым-ау, неге сонша жанталастың? – деді ол. – Бізге қанша төлейтінін білесің ғой. Саған да, бәрімізге де - күніне бір-ақ ранд. Тек маған ғана бір жарым ранд, өйткені отбасым бар. Сондықтан, досым, қарқыныңды теже, тым болмаса әжетханаға отырып кеп жүр. Сен ауруханадан шықтың ғой, соншалықты мықты емес шығарсың.

Кейінірек, үзіліс кезінде, ол қолындағы нан тілімінің бірін К-ге беріп, өзі оның қасына, ағаш көлеңкесіне жата кеткен.

-Апта сайын алатын бес-алты рандқа, - деп ол түсіндіруге кірісті. – тамақ алып жеуің керек. Лагерь тек түнеу үшін. Кеше сен көрген екі әйел, аптасына үш рет келіп кетеді, олар балаларды ғана тамақтандырады, қайырымдылық атынан. Менің әйелім қалада үй қызметшісі боп жұмыс істейді; аптасына үш рет түске дейін. Кішкентайымызды өзімен бірге ала кетеді, қалғандарына үлкен әпкелері қарайды. Сүйтіп жүріп аптасына, шамасы, он екі рандтай табыс келтіреміз. Осы ақшаға тоғыз адам тамақ ішуі тиіс; үш ересек, алты балақан. Басқалардың жағдайы бізден де жаман. Ал жұмыс жоқ кезде тіпті қатты күйзелеміз, белімізді тарта байлап қойып, тікенекті сымтордың аржағында қамалып отырғанымыз.

Ал еңбекпен тер төгіп тапқан ақшаңды жұмсайтын бір-ақ жер бар, ол – Принс-Альберт. Оның өзі де оңып тұрған жоқ; әлдебір дүкеншікке басыңды сұғып үлгергенше, баға табанда шарықтайды. Неге бұлай? Себебі, сен лагерь адамысың. Олар өз қалаларының іргесінде лагерь болғанын қаламайды. Бұрын да, қазір де. Әу дегенде олар қатты шу көтерген. Аурудың ошағы деді, антисанитарлық жағдай, сосын көргенсіздік туғызады деді, еркектер мен әйелдерді бір қораға айдап тықты, енді былыққандықтың көкесі басталады деп безілдесті. Оларды тыңдасаң, лагердің қақ ортасынан биік қабырға соғып, еркектерді бір жағында, әйелдерді бір жағында ұстап, қабырғаны жағалата қабаған иттерді абалатып қою керек. Әрине, олардың ойы түсінікті. Лагерь, неғұрлым көп көзінен сырт, құлазыған далаға тігілсе, соғұрлым жақсы. Түнімен аруақтар сияқты көлбеңдей жүріп, біз олардың бақшасын қазамыз, ыдыс-аяқтарын жуамыз, ал таңертең айнала тап-тұйнақтай таза, бірақ біз жоқпыз.

Сен, әрине, сұрайсың ғой: бұл лагерь кімге керек болды екен деп. Жауабын айтайын. Бірінші – темір жол үшін. Ерік берсе, мұндай лагерлерді олар әрбір бес миль сайын қаптатар еді. Екінші – фермерлер үшін. Ең арзан, тіпті тегін жұмыс күшіміз, Яккалсдрифтен бір күнге бригада шақыртады, кешкісін жүк машинасы келіп алып кетеді, олардың отбасы жайында ойланбайды, балалар суықтан немесе аштықтан өлетін болды деп қиналмайды, қожайынның мұндай-мұндайларға бола басы қатпайды, оның шаруасы емес, рахат.

Жақын да емес, онша алыс та емес, әйтеуір, дауыс жетпейтіндей жер, жиналмалы орындық үстінде бригадир отыр. К. оның термостан қалай кофе құйғанына қызыға қарап қояды. Жонылған тақтайдай ұзын саусақтары күрешке құлағынан ұстауға икемі келер емес. Сосын ол күрешкені қос саусағымен көтерді де, іше бастады. Оның күрешке шетінен жылтыраған көзі К-нің көзімен түйісе кетті. «Ол не байқады? Қандай боп көріндім екен мен оған?» - деп ойлады К. Бригадир күрешкесін жерге қойды да, отырған күйі, ысқырығын ерніне тақай беріп, қатты үрлеп шар еткізді.

Кеш түсер алдында, К. қоршау ағаштарының тамырын шауып жатыр еді, әлгі бригадир арт жағынан келіп тұрды. К. қолтығы астынан сығалаған, қап қара қос башмақты, жердің шаңын шығара ербеңдеген пальма бұтағынан кесілген таяқты көрді де, әдеттегідей бойын үйреншікті діріл жайлап бара жатқанын аңғарды. Ол жұмысын тоқтатпай ағаш тамырларын бытырлатып шаба бермекші еді, болмады, қолынан жан кеткендей салбырады да қалды. Тек бригадир орнынан қозғалып әрі қарай кеткенде ғана біртіндеп ес жинай бастаған еді.

Шаршағаны сондай кешкісін тамаққа зауқы соқпады. Матрасын сыртқа шығарып жайып, жантая кетті де, күлгін түсті аспан төрінде бірінен соң бірі жағылған жұлдыздарды қызықтады. Сүйтіп жатқанда бұған әжетханаға жол тартқан біреудің аяғы ілініп омақаса құлағаны. Ол матрасын дереу жинап алды да, барағына қайтып барып, қараңғыда тырмысып сәкісіне көтерілген.

Сенбіде оларға ақшаларын берген, жылжымалы дүкеншік те келе қалды. Ал жексенбіде лагерге пастор төбе көрсетіп, құдайға құлшылық қызметін жасаған, содан кейін лагерь қақпасы комендант сағаты басталғанша ашық тұрды. Құлшылық міндетін атқаруға К- де барған, әйелдер мен балалардың ортасына тұрып-ап ол да әнге қосылды. Сосын пастор басын иді де, аят оқуға кірісті: «Бейбіт күн қайтадан біздің жүректерімізге ұяласа екен, о, жаратқан, бізді қайтадан үйімізге қайтатындай ет, ешқайсымызға ашу шақыра көрме, сенің өсиеттеріңді орындай отырып, бір сен үшін өмір сүруіміз үшін біздің бәріміздің достық пен бірлікте тіршілік кешуімізге ерік бер». Аятын аяқтап, ақсақалдардың бір-екеуімен азын-аулақ сөйлесті де, қақпа алдында күтіп тұрған пикапқа отырып, пастор дереу қарасын батырды.

Енді олар үшін Принс-Альбертке сапар шегулеріне, достарына барып қонақтауларына немесе дала кезіп серуендеулеріне жол ашылған еді. К. жанынан тұтас бір отбасы – сегіз адам өтті: қара түсті матадан қарапайым киінген әкесі мен шешесі, қызғылт және ақ көйлекті, бастарында ақ шляпа қос бүлдіршін қыз, сұр кәстөм киіп, галстук таққан, аяқтарында өлердей жылтырата майланған қара бәтеңке – ұлдар, қақпадан шыға сап, қала қайдасың деп ұзақ жолмен тартып барады. Олардың соңын ала лагердің басқа тұрғындары да шұбырған; бір-бірінің қолынан ұстап алған, сықылықтай күліп бір қора қыз өтті; қасына қарындасы мен жүретін қызын ертіп - ап гитарист те кетіп барады.

-Мүмкін, қалаға біз де барармыз? – деді К. Робертке қарап.

-Жастар-ақ барсын, оларға қызық қой, - деді Роберт. – Принс-Альбертіңде жексенбі күні пәлендей не бола қоюшы еді. Мен онда неше рет болсам да түк қызық көрмедім. Барғың кеп тұрса, сен де қалма аналардан. Салқын сусын сияқты бірдеңе алып, кафе алдындағы үстелге отыр да іш, жақсылап қасын, байқаймысың қолы-басыңды маса шағып тастапты, сау жерің жоқ. Онда барғанда басқа не істеуші ең. Мен саған мынаны айтқым келеді: біз түрмеде екенбіз, түрмедегіше болайық, еркіндікте жүрген сияқтанып босқа әуре болудың қажеті жоқ.

Сонда да К. қақпа сыртына шыққан. Яккалс өзенін жағалап, қашан тікенді сымторлар, шатырлар және сутартқыш шығыр көзден таса болғанша тоқтамай жүрді де отырды. Сосын жып-жылы боз құм үстіне жата кетті де, бетін беретпен жауып, ұйқыға бас қойған. Оянғанда үсті-басы малшынған қара тер. Ол бетін бүркеген беретті ысырған, сол сәт жарықтан жасқанып көзін жұма қойды. Бүкіл аспан әлемін алып тұрған күн табағы бар қызу – қуатымен мұны беттен ұрып кеп жіберген еді. «Мен інінен адасқан құмырсқа сияқтымын-ау», - деп ойлады. Ол қос қолын бірдей топыраққа тығып жіберді де, көсіп алған құмды қайта-қайта сусылдатып саусақ арасынан өткізумен болды.

Ауруханада оның мұртын қаққаннан кейін, мұрты тез өсіп, жоғарғы ернін жасыра бастады. Соның өзінде де алау жанында қасына отбасын шұбыртқан Робертпен бірге отыру оңай болмады, балалар бұдан көз алмай қойған еді. Әсіресе, бір кішкентай ұл, К. қайда орын ауыстырмасын, көзімен ішіп-жеп қадалды да қалды. Ыңғайсызданған шешесі шатырға алып кетпек болып еді, бала қолға тұрмай бұлқынып, қыңқылдап жылап көнбей қойды, К. болса өзін қоярға жер таппай, не істерін білмеді. Ересек қыздар маған білдірмей сыртымнан әжуалап күлетін шығар деп те күдіктенді. Ол әйел қасында өзін қалай ұстауды білмейтін. Көже тасып қайырымдылықпен айналысатындар, мұны кеңкелес деп ойлады ма, әлде аш-арықтығы үшін аяды ма, қазан түбінде көжеден қалған қаспақты қырып алуға ұрықсат беріп қойған, аптасына үш рет осы қаспақ оған жүрек жалғар ас болды. Табысының жартысын Робертке беріп, қалған жартысын қалтасына сақтап қоятын. Бірдеңе сатып алайыншы деп ойламады да, қала жаққа тым болмаса бір рет те аяқ баспады. Роберт болса бұрынғыша қамқорсып, ақылын айтады, бірақ лагерь жайындағы әңгімелерін пышақ кескендей тыйған еді.

-Тап сендей ұйқышылды өмірі көрген емеспін, - деген бірде Роберт.

-Рас айтасың, - деді К. келісе кетіп. Өзінің бұл қасиетін Роберттің біліп қойғанына кәдімгідей айран-асыр.

Көпір жанындағы жұмыстар аяқталған. Еркектер екі күн бойы лагерден шықпаған еді, үшінші күні муниципалды жүк машинасы келді де, бәрін тиеп жол жөндеу жұмыстарына алды да кетті. Көпшілікпен бірге К. де қақпа аузында тұрып кезек күткен, бірақ соңғы сәтте бір шетке қарай шегініп кетті де, қорапқа шығуға ұмтыла қоймады.

-Мен сырқатпын, жұмысқа жарамаймын, - деді күзетшіге.

-Өзің біл, - деді анау, - бірақ саған енді ақша төлемейді.

К. бөстек әкеп, барақ көлеңкесіне төсеп, айқасқан қолдарымен бетін бүркеді де жата кеткен, лагерь болса өзіне тән ауанмен тірішілігін жалғастырып жатты. Қыбырсыз қалғаны соншалық, әуелде бойларын одан алысырақ ұстаған балақандар, қасына келіп түрткілей бастады, ол аздай олай-бұлай аударыстырып та байқады, оған да былқ етпегесін, өздерінің ойыншықтарының біріне айналдырып жіберді. Ол құдды бір томпайып жатқан төбешік, балалар үстіне қарғыды, көлденең түсіп кезекпен жатып та көрді. Бетінен қолын алмаған күйі ол екпетіне ауысқан, сүйтіп жатып мына жүгірмектер үстімде атша мініп отырса да ұйықтай беретін түрім бар ғой, деп ойлап қойды. Оған бұл ойын ұнады. Балақайлардың денесі тигенде бойына қуат дарығандай боп рахаттанып жатыр еді; тазалық қызметінен екі ер адам келіп, нәжіс тасталатын жерді әкпен көму үшін өзін және балақандарды қуғанда, К. қатты ренжіді.

К. қоршау қабырғасына жақындап, күзетшіден:

-Маған шығуыма бола ма? – деп сұрады.

-Сен сырқат емессің бе? Таңертең ауырып тұрмын дегенсің.

-Жұмыс істегім келмейді. Неге мен жұмыс істеуге тиіспін? Бұл жер түрме емес қой.

-Жұмыс істегің келмейді, ал біреу маған тамақ берсе екен дейсің, солай ма?

-Мен үшін үнемі тамақ ішудің керегі жоқ. Жұмысты қарным ашқанда ғана істермін.

Күзетші мылтығын қасына қабырғаға сүйеп қойып, қарауыл күркесі алдындағы әткеншекте отыр. Жүзінде күлкі, әлдебір алыс қиырға қарап қалған.

-Қақпаны ашасың ба, жоқ па? – деп сұрады К.

-Сен бұл жерден тек жұмысшы бригадасымен бірге ғана шыға аласың, - деді күзетші.

-Егер мен қоршаудан аттап кетсем ше? Не істейсің маған?

-Қоршаудан аттасаң, ойланбаймын, атып тастаймын, оған күмәнің болмасын, босқа әурені қайтесің.

Тәуекелге барсам ба, бармасам ба дегендей, К. сым торды қолымен сипап қойды.

-Мен саған бір жайды ұғындырайын, сүйікті досым, - деді күзетші, - өз пайдаң үшін, өйткені сен бұл жерде жаңа адамсың. Жарайды, мен сені шығарып жіберейін, үш күннен кейін қайтып келесің ғой, жалынасың ғой маған қайта кіргізші деп. Иә, иә, үш күннен кейін. Тап осы жерде қақпа аузында тұрасың, жылайсың, жалынасың, кргізші, кіргізші деп. Өзің ойланшы, бұл жерден қашқанда қайда бармақсың? Бұл жерде басыңда панаң, астыңда төсегің, алдыңда асың бар. Жұмысың да бар. Мен айтпасам да білесің, өзің де көріп жүрсің, қазір шекесі шылқып жүрген ешкім жоқ. Ендеше өзің осы не тілеп жүрсің?

-Лагерде тұрғым келмейді, бар болғаны сол ғана, - деді К. –Қошаудан аттап, өз жөніме кетуіме мүмкіндік берші. Маған сыртыңды беріп тұр. Менің кеткенімді ешкім де көрмейді. Мұнда ерсілі-қарсылы ағылған адам аз ба.

-Қоршауға аяқ салады екенсің, мистер, атамын. Аяушылық күтпе менен. Ескерткенім.

Келесі күннің ертесінде К. жұрт жұмыстарына кетіп болғанша, төсегінен тұрған жоқ. Сосын жылжып қақпа жаққа барды. Қарауылда әлі де сол кешегі күзетші екен. Екеуі футбол жайында біраз әңгімелесті.

-Мен диабетпін, - деді күзетші. – Сондықтан мені терістік жаққа айдаған жоқ. Осы қызметке кіргеніме үш жыл болды; біресе писармін, біресе от жағушы, енді міне, күзетшімін. Сен ғой, лагерді жаман дейсің, ал сен менің орнымда анау қарайған бұталардан көз алмай он екі сағат бойы тапжылмастан отырып көрші! Сонда да, досым, мен саған бірдеңе айтайын, ағымнан жарылып айтайын, егер сондай күн туып, терістікке барасың деген өкім алсам, тап сол күні қарамды батырамын. Сосын олар мені таппайды. Бұл менің соғысым емес. Өздері-ақ соғысып қарық бола берсін.

Ол К-нің ерніне не болғанын білгісі келген. «Жай, қызығушылық қой», -деп қояды. К. түсіндірген болды. Ол бас изеп:

-Өзім де солай шығар деп ойлағанмын, - деді. – Бірақ, сонымен бірге, біреудің пышағы тиген бе деп те күдіктенгенім рас.

Күрке ішіне кіріп кетіп, ондағы мұздатқыштан нан, құс етін ап келіп, бір-бір үзіп, сымтордың тесігінен К-ге ұсынды.

-Біз бұл жерде, білесің бе, соғыс жүріп жатқанын ескерсек, жаман тұрып жатқамыз жоқ, - деді ол. Қулана жымиып қойды.

Түн пердесін жамылып, өзіне және басқа да күзетшілерге келіп тұратын лагерь қатындары туралы бөсті.

-Бұл маңайда басқа еркек жоқ, қайтсін енді байғұстар, - деп қояды. – Қатты бір керіле есінеп алды да, әткеншекке қайта қонжиды.

Келесі күні азанмен Роберт келіп, К-ні оята бастады.

-Киін, - деді Роберт, - жұмысқа шығу керек.

К. оның қолын итеріп тастады.

-Жынданба. Бүгін бәрі де өз орындарында болуға тиіс, аурумын дегеніңді ешкім естімесін. Бармауыңа болмайды.

Арада он минөт өткенде К. қақпа сыртында жүк машиасы келуін күтіп тұрды. Оларды Принс-Альберт көшелерімен алып жүрген, қаладан шыққасын жүк машинасы Кларструмды бетке алды; қара жолға түсіп, саялы баққа малынған меншік үйдің жанынан өтті де, майы сыртына тебе жасылданып өскен люцерн атызына келіп тоқтаған; қарларына шүберек байлап, қолдарына мылтық ұстаған резервтегі полицайлар күтіп тұр еді. Жерге секіріп-секіріп түскен бетте әрқайсының қолына бір-бірден орақ ұстата қойған, сайман үлестірген кісі бұлармен сөйлеспек түгіл, беттеріне тіктеп қараған да жоқ. Бұлардың қасына бұтында жаңа ғана өтектелген, хаки түсті шалбар киген еркек келген. Ол қолындағы орақты жоғары көтеріп:

-Мынаумен қалай жұмыс істеуді бәрің де білесіңдер, - деп айқай салды. – Бұл атыз екі гектардай, түгел орасыңдар. Қане, бастаңдар!

Араларынан үш қадамдай жер тастап, бір тізбектің бойына тұра қалған орақшылар атыз шетінен бастап жұмысқа кірісті де кетті; еңкейсе – қолында бір уыс, орақ қиып түседі, жарты қадам алға жылжиды, қарқын бәсеңдер емес, К. қолма-қол терлеп кетті, басы айналды.

-Қалдырма, тазалап ор! – Арт жағынан бір дауыс қарқ ете қалды. К. мойын бұрған, хаки киімді фермер, ол қымбат дезодранттың иісін сезді.

-Саған орақ ұстауды кім үйреткен, маймыл? – деп айқай салды фермер.- Түбіне таман ұста, төменнен ор! – Ол К-нің қолындағы орақты жұлып - ап, өзін бір шетке қарай итеріп тастап, люцерн сабақтарын түбінен уыстап ұстай беріп, дәл астынан тап-таза етіп орып түсірді. – Көрдің бе? – деп ақырды. К. бас изеді.

-Міне осылай, ұқтың ғой?

К. еңкейіп люцерннің келесі уысын тура тамырынан орғандай етіп жер шаңын бұрқ еткізді.

-Осындай аш-арықтарды қайдан ғана жинап алады екен, - деді фермер полицайдың біріне. – Мынау бір өзі тірі өлік қой! Кешікпей люцерн орнына өлік жинайтын шығармыз бұл жерден.

-Қалжам таусылды, - деді К. алғашқы үзілісте Робертке, тілі аузына сыймай зорға сөйлеп. – Белім сіресіп қалды, тіктелген сайын көзім алды түк көрінбей бұлдырап кетеді.

-Ал сен аптықпа, ақырын, - деп кеңес берді Роберт. – Қауқарың жоқ, ал олар сені еріксіз күштей алмайды. К. уысындағы қиқы-жиқы люцерн шоғына қарап қойды.

-Сен ана бақырауықтың кім екенін білесің бе? – деді Роберт сыбырлап. – Остхейзендік полиция капитанының күйеу баласы, машина шалғысы сынып қалады да, трубканы көтеріп полицай учаскесіне хабарлайды, нәтижесі мінеки – отыз жұп қол жетіп кеп таңертеңнен бері люцернге күйедей жабылып жатырмыз. Әнеки, қоғамдық жүйеміздің сиқы.

Олар атыз шетіне шыққанда, қараңғы түсе бастаған, ертең дестедегі шөпті жинап, шөмелелеп үйеді. К. аяғын зорға басып жүр. Машина қорабына отырған бойда көзін жұмған, сол сәтте-ақ біреу мұны лақтырып жібергендей, әлдебір шыңырау түбіне қарай құлап бара жатты. Бараққа да ілбіп зорға жеткен, келді де төсегіне құлады, заматта ұйықтап кетті. Түн ортасында жылаған бала шырылынан оянған. Жан-жақтан ренішті дауыстар естілуіне қарағанда, басқалар да оянған. Бір сағат, әлде одан да көп уақыт өтті ме, оянып алған жұрт жас баланың бірсе солқылдап, біресе бажылдап тынымсыз жылаған мазасыз даусын тыңдады да жатты. Түйюлі қос жұдырығын кеудесіне қысып алған К. қозғалуға да шамасы келмеді, оның ойы: мына бәленің шегі қатып өлсе де, мейлі, тек аузы жабылса екен.

Таңертең, машина қорабы үстінде, қасқырдай шегін тарта ұлыған жел өтінде отырып, К. түндегі мазасыз баланы еске алған.

-Сен ол баланың ақыры қалай тыныштандырылғанын білгің келе ме? – деді Роберт. – Бренди. Бренди және аспирин. Бұл жерде басқа емді білмейді. Лагерде дәрігер түгіл, мейірбике де жоқ. – Ол сәл үнсіз қалды да, қайта сөйледі. – Мен саған, білгің келсе, осы лагерді, өздерінше үйсіз-күйсіздерге - Бонтискраала мен Ондердорптың қоныс аударушыларына, көше қаңғыбастары мен қайыршыларына және фермадан қуылып, тау шатқалдарын паналап жүргендер үшін салынған деп «жаңа үйді» ашқанда не болғанын айтып берейін. Қақпадан қойдай тоғытылып ішке кіргізгендеріне бір ай да болған жоқ, түгел қирай ауырды. Бір бәледен бір бәле – сүзек, қызылша, тұмау. Себебі, бәрімізді қоралаған қойша қамап тастады ғой. Аймақтық фельдшер келген, сосын оған не болғанын білесің бе? Сол кезде осында болғандардың кез-келгенінен сұрашы, айтып береді. Ол лагердің қақ ортасында тұрып - ап, жұрт көзінше еңіреп тұрып жылады. Қу сүйекке айналған балаларға қарайды да, не істерін білмей дал боп, құрдан құр жылай береді. Жасамыс, мықты әйел. Аймақтық фельдшер.

Қысқасы аналар қорқып қалды. Суға қосып әлдебір дәрі ішкізді, әжетхана қалқайтты, шыбын-шіркейге қарсы бірдеңелер септі, бөшкемен көже әкеле бастады. Бізге деген сүйіспеншіліктері оянғаннан деймісің? Атаңның басы! Оларға біздің өлмегеніміз пайдалы, өйткені ауру аздырған адамға қараудың өзі ауыр, бірімізден соң біріміз тырайып өле берсек, жұмысты кім істейді? Әйтпесе, біз бәріміз бірдей қатып-семіп, қағазға айналып, сосын әлдеқайда жел айдап әкетсе де, олар қуанбаса, ренжімес еді. Дегенмен көңілдерін қобалжытқылары да келмейді. Ойлағандары – жайлы жатып, жақсы тұрсақ.

-Білмеймін, білмеймін, - деді К.

-Сен зер салмағансың ғой, - деді Роберт. – Пиғылдарын байқашы, не көрер екенсің.

К. иығын қиқаң еткізді.

-Сен бала сияқтысың, - деді Роберт. – Өмірі ұйқыдан бас алмайсың. Оянатын уақытың болды емес пе? Олар саған бұл жерде не үшін тамақ беріп жүр дейсің? Саған және балаларға? Себебі, сені айналада не болып жатқанын аңғармайтын, ешкімге залалы жоқ бала сияқты жан деп есептейді.

Екі күннен кейін, түнімен шырылдап шыққан әлгі бала, құдайына жан тапсырды. Қандай бір себеппен болмасын, лагерлердің өзінде де, төңірегінде де қорым ашылмасын деген пәрмен бар, сондықтан баланы қала бейітінің қалтарыс бір түкпіріне апарып көме салған. Шешесі, он сегіз жастағы өрімдей жас әйел, баласын жерлеп келгеннен кейін аузына тамақ алмай қойды. Жылаған жоқ, шатыр жанына жайғасып, Принс-Альберт жақтан көз алмастан қадалып қарады да отырды. Көңілін жұбатпақ боп қасына келген сыйластарын естіген жоқ; аяушылық білдіріп сипамақ болғандардың қолын қағып тастады. Әйелдің көзіне көрінбес үшін К. осының бәріне аулағырақтан, қоршау етегінде тұрып қараған. «Демек, мен өмірді өстіп қана таниды екем ғой, - деп өзіне-өзі сұрақ қойды К. – Лагердегі адамдардың қалай өмір сүретінін білемін». Өмір суреттері көз алдынан бір-бірлеп тізбектеле берді де, олардың өзара байланысып жататынын аңғарып, өзінше жаңалық ашқандай еді. Осылай болуында бір мән бар-ау, бәрі сабақтаса - жалағаса келіп бір түйінге байлана ма, әлде тұйықтала ма, - тек не үшін, ол жағы бұған әлі мүлде бимәлім еді.

Жас әйел шатыр жанында бір түн отырды, ертеңінде күнімен отырды, сосын ақыры шатырына кірген. Ол көзінен бір тамшы жас шығарған жоқ, естуінше, аузына нәр алмаған. Күнде таңертең тұрғанда К-ні бір ғана ой мазалайды: бүгін оны көремін бе? Әйел торсиған толық, бойы тапал; баланың әкесі кім еді, тау жақта тығылып жүрген біреу-міс деген қаңқу болмаса, лагерде ешкім анық білмейді. К. өзінше: «Мүмкін мен ақыры ғашық болып қалған шығармын?», деп ойлаған. Үш күннен кейін әйел шатырынан шықты да, бәрі бәз-баяғы ауанына қайта оралды. К. оны алыстан бақылай жүріп, әйел бойынан басқалардан өзгеше етіп көрсететіндей ештеңе таба алған жоқ. Бетпе-бет жолығып сөйлесе де алмады.

Бірде түн іші, желтоқсан айы, шуылдаған мазасыз дауыстардан адамдар төсектерінен атып-атып тұрған, қара түннің төрінен, Принс-Альберт жағынан, жерге қарай қалқыған ғаламат үлкен алқызыл гүлді көрді. Бәрі тым-тырыс бола қалған, сүйткенше біреу сыбырлады, екіншісі ысқырып қалды.

-Мұрнымды кесіп берейін, бұл – полицай учаскесі, - деді тағы біреуі айқайлап.

Олар біресе бұрқ етіп жоғары өрлеп, біресе шашырай төмен құлап, әлсін-әлі қайталанған отмоншақтардан көз алмай, бір сағат бойы тапжылмастан қарады. Кей-кейде отмоншақтардың жарқылы мен гүрсілі кең даланы көктей өтіп, бұларға да еміс-еміс жетіп тұрған. Сосын аспандағы ғаламат гүл қызарды, күлгінденді, отмоншақтар сейілді, ана бауырындағы кішкентайлар ұйықтап кетті, ересектеулері кілегейленген көздерін уқалауға кірісті, көкжиекте тек шұбалаңдап түтін ізі қалғанда барып, адамдар тырым-тырағай өз жөндеріне қозғалған.

Полиция таңсәрі кезінде сау ете түсті. Он екі адамнан тұратын отряд; кәнігі полицайлар, резервтегі жастар, қолдарында мылтық, ит еріткен, полицай машинасының төбесінде тұрып, мегафоннан айқай салған офицердің бұйрығын екі етпей, тіреу қазықтарды жұлып, шатырларды құлатып, шүберекке оралған адамдарды таяқтап, қатар арасымен жолындағыларын жапыра таптап алға қарай өршелене ұмтылған. Шатырға басып кіріп, ұйықтап жатқандарды тепкі астына алды. Қашпақшы болған бозбаланы әжетхана бұрышына қуып тығып, есінен танғанша таяқтады; бозбаланың бақырған дауысы тым аянышты еді, ит оны аяғынан қауып құлатып, бас терісін пәршалап тастады, бишараның бет-аузын қан жуып кетті. Жартылай жалаңаш еркектер мен әйелдерді, балаларымен қоса, шатырлар алдындағы ашық алаңға шығарып, жүрелей отыруға бұйырды, әйелдер жылап, жаратқанға жалбарынды, кейбіреулерінің зәрелері ұшқаны сондай, демдерін жұтып үнсіз қалды. Абалаған иттер мен мылтықтарын оңтайлап ұстаған полицайлардың қоршауында қалған адамдар полицайлардың басқа тобы шатырларға қалай аш бөрідей қойып кетіп, ішіндегі кәкір-шүкірді сыртқа лақтырып, шамадандар мен қораптарды қалай ақтарғандарына үнсіз қарады да отырды; әп-сәтте шатырлар орнында ұйпалақталған киім, матрас, жамылғы, көрпелерден, азық-түліктен, ыдыс-аяқтардан, кәстрөлдерден, легендерден, құмыралардан тау боп үйілген төбе пайда болды; шатырларды талқандап боп барақтарға қарай лап қойған, көп ұзамай олардың да астан-кестеңін шығарды.

К. болса таңғы салқын желден қорғана беретін құлағына дейін түсіріп қойып, топырақ үстінде осының бәрін өз көзімен көріп отырды. Қасындағы әйелдің қолындағы, жейделі, ашық құйрығы жылтыраған емшектегі бала бақырып жылаумен болды да, екі кішкентай қыз шешесінің екі иығынан ұстап жабысты да қалды.

-Кел, менің қасыма отыр, - деді К. қыздардың жастауына қарап.

Бүлдіршін жерде шашылып жатқан заттардан көз алмаған күйі К-нің аяғы үстінен аттады да, сорып жүрген басбармағын аузынан алмастан, оның шеңбер жасап айқасқан қолдарының арасына кіріп алды. Оның істегенін қасындағы әпкесі де қайталаған. Қос бұлдіршін бір-біріне тығыла жабысып қатар тұра қалды; емшектегі бала болса, анасының қолынан шығып кеткісі келгендей өршелене бұлқынып, шырылдап жылаумен болды.

Адамдарды қатарға тұрғызып қойып, бір-бірлеп қақпа сыртына шығара бастады. Қолындағыларын, тіпті біреулердің оранып шыққан көрпелеріне дейін, қақпа алдында қалдыруға бұйырған. Ит жетектеген полицай К-нің алдыңғы жағында келе жатқан әйел қолындағы транзисторды жұлып алды да, жерге бір соғып, табанына басып жаншылап өтті.

-Ешқандай транзистор деген болмасын! – деді барқ етіп.

Қақпа сыртына шыққасын еркектерді сол жаққа, әйелдер мен балаларды оң жаққа қарай айдаған. Қаңырап қалған лагердің қақпасын тарс бекітіп тастады. Сосын ұзын бойлы ақұба капитан, әлгі мегафонмен бұйрық беріп жүретін капитан, қасына екі күзетші ертіп кеп, біреуін қоршау іргесінде қатар түзеп тұрған еркектердің қарсысына қойды. Күзетшілер автоматсыз, есесіне, шаштары ұйпалана едірейіп кеткен. «Қарауылда не бола қойды екен, сонша дүрлігетіндей?» - деп ойлады К.

-Ал қазір түгелденіңдер, кімдер жоқ, - деп бұйырды капитан.

Басқа барақта тұратын үш адам жоқ боп шықты. Оларды К. танымайды екен.

Күзетшілер капитан алдында қалшиып тұр, капитан бақырып оларды жерден алып, жерге салды. Басында К. капитан мегафонға айқайлап үйренген, әдеті шығар дегенді, сүйтсе өзінің табиғи қалыбы екен, аузынан көбігі ағып, ашудан қалш-қалш етеді.

-Біз бауырымызға кімді алып жылытқанбыз, - дейді өңешін жартып. – Қылмыскерлерді! Қылмыскерлер мен бұзықтарды, жалқауларды! Ал сендер, сен екеуің не қарап жүрсіңдер? Жейсіңдер, ұйықтайсыңдар, қарындарыңды салбыратып. Күзетуге тиісті адамдардың қайда, не істеп жүргендерін білмек түгіл, хабарларың да жоқ. Мүмкін сендер лагерді курорт деп ойлайтын шығарсыңдар? Жоқ, шайтан алғыр, бұл – еңбек лагері! Бұл жерде жалқауларға жұмыс істеуді үйретеді. Жұмыс істеуді! Егер бұлар жұмыс істемесе, біз онда лагерді жабамыз! Жабамыз, мейлі сосын қаңғыбастар қараларын батырсын. Сендер де құрыңдар, табандарыңның ізі де қалмайтын болсын! Сендермен осы уақытқа дейін босқа әуре болғанымыз да жетер. - Ол тізіліп тұрған еркектер қатарына бет бұрды. –Мен сендер туралы айтып тұрмын, жақсылықты білмейтін жексұрындар, естимісіңдер – сендер туралы! – деп айқай салды. – Жақсылықтың бағасын білетін сендермісің? Далада каңғып қалғанда, бастарыңа пананы кім берді? Суықтан қалшылдап жандарыңды қоярға жер таппағанда шатыр тігіп, жамылатын көрпені кім берді? Кім сендерге қызмет көрсетіп, қамқор болып, тамақ тасып әкеп жүр? Осының бәрінің өтеуіне сендер не істеп жүрсіңдер? Мейлі енді, өз обалдарың өздеріңе, аштан қатыңдар да өліңдер!

Ол өрекпіген кеудесін зорға басқан. Тап осы кезде оның тура иығының басынан қып-қызыл боп күн көзі қылтиды.

-Менің не дегенімді естідіңдер ме? – деп ол қайта барқылдай жөнелді. – Естімесеңдер – қайталаймын! Тілегендерің соғыс болса, соғыс дайын! Бұдан былай сендерді менің адамдарым күзетеді, мына солдатсымақтар өлексе сияқты түкке жарамсыз, күзетке өз адамдарымды қоямын да, қақпаны жауып тастаймын, егер іштеріңнен біреу қоршау сыртына шыққысы келеді екен, ерекек пе, бала ма, әлде әйел ме, бәрібір еш ескертусіз бірден оққа ұшады, бұйрық осы! Сендер лагерден тек жұмысқа бару үшін ғана шығасыңдар. Ешқандай қонақ шақыру, қыдыру, бас қосу деген болмайды. Таңертең және кешкісін тексеріліп, бәрің де белгі соғасыңдар. Сендерді осы өбектегеніміз де жетер. Ал мына маймылдарды сендермен бірге қамап тастаймын! – Ол театр артисіне тән қимылмен қолын шошаң еткізіп, манадан бері сымдай керіліп қалшиып тұрған қос күзетшіні нұсқады. – Бұл жерде кім қожайын екенін білсін! Әй, сен екеуің! Мен сендерді баяғыдан бақылап жүрмін. Мына жерде өздеріңе жұмақ өмір жасап алғандарыңды мен білмейді ғой дейсіңдер ме? Тәртіпті қадағалаудың орнына қатындармен былығасыңдар. Мен бәрін білемін!.. –Осы жерге келгенде мүлде құтырып кетті: қарауыл күркесіне зып беріп, бір минөттен кейін бауырына ақ эмалді тоңазытқыш қысып, қайта пайда болды. Қатты күшенгеннен беті нарттай боп қызарып, береті қисайып кетті. Ол табалдырықтан аттай беріп, бар күшін сап тоңазытқышты жоғары көтерді де, басқыштан асыра лақтырған. Тарс етіп жерге қатты соғылған тоңазытқыш моторынан жылтыраған қап-қара майы аға бастады.

-Көрдіңдер ме? – деп ысқырынған ол өршелене қатты теуіп қап, тоңазытқышты бір бүйіріне аударып түсірді. Есігі ашылып кетіп, ішінен бөтелкедегі лимонад, пашкедегі маргарин, бір сақина шұжық, бірнеше түйір персік, бір бас жуа, суға арналған пластмасса құты, бес бөтелке сыра шашылды. –Міне, қараңдар! – деді салтанатты үнмен қоқиланып.

Сәскеге дейін олар күнге қақталып, ал екі жас полицай мен кеудесінде және арқасында «Штат Сан Хосе» деген жазуы бар көк түсті майке киген олардың көмекшісі асықпай, бірақ аса ұқыптылықпен ойраны шыққан лагерді тінткілеумен болды. Барақтарға жасырылған шарапты жерге төкті. Табылған қаруларды бір жерге төбе етіп үйді: керке, темір сүңгі, тұрба кесіндісі, қой қырықтық, бірнеше жиналмалы бәкі. Күн сәске болғанда тінту аяқталғаны жарияланды. Полицайлар адамдарды лагерге қайта айдап тықты, қақпаны жапты да, екі адамды Яккалсдрифті күзетуге қалдырып, жөндеріне кетті. Бұл екі полицай тент көлеңкесіне жайғасты да, қамақтағылардың шашылған заттар арасынан өздерінің кәкір-шүкірлерін қалай іздегендеріне қарады да отырды.

Сосын олар күзетшілердің бірінен аяқ астынан Остхейзек ашуына не себепті тап болғандарын білді. Түн ішінде, Хай-стриттегі дәнекерлеуші шеберханада жарылыс болып, өрт шыққан, өрт ұшқыны көрші үйге түскен, ал ол жерден қалалық өлкетану мұражайына жайылған. Төбесі мен едені тақтай, шатыры қамыс мұражай бір сағат ішінде өртенген де кеткен, тек қораға көрмеге қойылған ежелгі ауылшаруашылық саймандары ғана аман қалған. Қолшамдарының жарығымен шала түтіні будақтап, қирап жатқан дәнекерлегіш шеберхананы тінткілеп жүріп, полицайлар бұзылған есікті көреді; ал шопырлардың бірі кешкісін екі велосипедке мінгесіп, Яккалсдрифке бет алған үш еркекті тоқтатқанын естеріне түсіреді (кешікпей комендант сағаты басталатынын, тәртіп бұзушы атанулары мүмкіндігін ескертеді, олар біз Ондердорптегі үйлерімізге жетіп үлгереміз деп ант-су ішеді, сосын да шығар, полицай ол жайында ұмытып та кетсе керек), сол сол-ақ бәрі де жарылыс жасап, өрт қойғандар лагерь тұрғындары деген ойға келеді.

К. өзінің бір-екі затын еш қиналмай-ақ тез тауып алған, ал жиған-тергендері болғандар сандықтарын, шамадандарын іздеп, құса қайғыдан жүздері түнеріп, лагерді олай-бұлай кезді де жүрді. Түкке тұрмайтын пластмасса тарақ үшін де сөзге келіп, жанжалдасып қалып жатты. К. олардан бөлініп кетті.

Сәрсенбі туған, бірақ әдеттегідей көже әкелінген жоқ. Бірнеше әйел қақпаға келіп, полицайлардан лагерь ас бөлмесінде тамақ дайындауға ұрықсат сұраған, полицайлар бізде кілт жоқ деп жауабын келте қайырды. Біреулер ас үй бөлмесінің терезесіне тас лақтырған, сірә, балалар секілді.

Таң атты, бірақ күнде адамдарды жұмысқа тасып жүрген жүк машинасы келген жоқ. Сағат ондар кезінде полицай-күзетшілер кезек ауыстырды.

-Бізді аштан қатырмақ қой, - деді Роберт төңірегіндегілер тегіс естісін дегендей қатты дауыстап, -Өрт - бұлар үшін тек сылтау. Бұрыннан ойласытырылған залымдық, бізді қамап тастап, біртіндеп қалай қырылғанымызды қызықтамақшы.

К. тікенекті сымның етегінде тұрып, қарсы алдындағы кең далаға көз жіберді, Роберттің сөзі төңірегінде ойланды. Оған енді лагерь – адамдарды қойша қамап тастап, артынша ұмытып кету үшін салынған жер сияқты біртүрлі түсініксіз көрінді. Лагердің қаладан сонша алыс салынуы тегін емес-ау, әрі қарай жол да жоқ. Сонда да ол мына екі жас полицайдың қарауыл күркесінің табалдырығында отырып, көз алдарында өліп жатқан адамдарға жайбарақат қана қарап қойып, арасында темекісін шегіп, есінеп, ауық-ауық күркелеріне барып ұйықтап алатындарына сенгісі де келмейді. Адам өлгенде, артында мүрдесі қалады. Тіпті аштан өлсе де, бәрібір саудыраған сүйегі қалады. Өліктің кейпі, тірі адамның кейпі кісіні қалай қорласа, жалпы тірі адамның түр-келбеті кісіні қорлайтыны рас болса, тап солай қорлайды. Егер бұлар бізден шын құтылғысы кеп жүрсе, деп ойлады, және осы ойдың өз ішінде тура өсімдік сияқты қалай өсіп, шарықтап бара жатқанын аңғарып, егер олар бізді біржола шын ұмытқылары келсе, қолымызға керке мен күрек берсін де, лагердің қақ ортасынан терең апан қазуға бұйырсын, соңғы күшімізді сарқып, қазып болдық-ау деген кезде, апан түбіне түсіріп, екпетімізден жатқызсын; жатамыз, бәріміз түгел, ал олар барақтарды қиратсын, шатырларды жұлсын, қоршауды талқандасын, бәрін әкеп үстімізден үйсін, бұл өмірде біздің қолымызда не болып еді, соның бәрін үстімізден үйсін, сосын топырақпен көмсін де, тегістеп тастасын. Алайда мұндай дәу моланы кім қазады? Біз барлығы отыз-ақ еркекпіз, қалғандары әйелдер, шалдар, балалар, бәрі де аштықтан аяқтарын әрең басады, ал біздің қолымызда керка мен күректен басқа түк жоқ, жер болса тастай қатты.

Ол өз ойынан өзі таңғалды, мұндай ақыл бұдан гөрі, Робертке лайықтырақ болар ма еді. Бәлкім, бұл ой алдымен Роберттің басына келген шығар, бұған соның жаңғырығы жетті ме немесе басқаша айтсақ, Роберттің бұл ойлары шопақ сияқты болды да, мұның көкейіне қона кетті, өнді, сосын бүкіл тал бойын билеп алды ма? Жауабын ол, әрине, білмейтін еді.

Дүйсенбіде, әдеттегідей, жүк машинасы келді де, бәрін жұмысқа алып кетті. Көлікке мінер алдында күзетшілер оларды тізім бойынша тексерген, қалғаны қалыптасқан бұрынғы жолымен жүріп жатты. Шопырдың қолындағы белгіленген тапсырмаға сәйкес, олар бірнеше фермаға бөлінді. К. екі жолдасымен қоршаудың жырық-кетігін жөндеуге қойылды. Жұмыс мардымады, себебі, сым ескі әрі үзік-үзік еді, біріне бірін жалғаған кезде бұратылып қала берді. Бір қалыпты мігір жұмыс бір есептен К-ге ұнады да. Ерте келіп, кеш кетіп дегендей, фермада бір аптадай болған, кей күндері алға екі жүз – үщ жүз метрдей жылжып жүрді. Бірде қожайын К-ні оңашалап, жұмысын мақтап, темекі сыйлады.

-Өзің епті екенсің, - деді ол. –Осы кәсіппен шындап айналысқаның жөн болар ма еді. Бұл өмірде нендей бәле болып жатса да, қоршау соғатын жақсы шебер қашан да керек. Бәрі қарапайым: қора соқпай мал өсіре алмайсың. - Оның өзі де сыммен жұмыс істегенді жақсы көреді. Әрине, бұларға шіріген темір беріп қойғаны өкінішті-ақ, алайда жаңаны қазір қайдан аласың?

Апта соңында ол келісімді баға бойынша бәріне ақшаларын төледі, оған қоса жеміс-жидек, жүгері және ескі киімдер үлестірді. К-ге киілген тоқыма жейде тиді, қалған екеуіне әйелдері мен балалары киетін киім салынған картон қорап бұйырды. Лагерге баратын жол үстінде келе жатқанда жолдастарының бірі қорапты олай-былай ақтарып, ішінен аса үлкен сатин дамбал шығарып, жиіркенгендей мұрнын шүйіріп, екі саусақ ұшымен жоғары көтеріп тұрды да, тастап жіберді. Дамбалды далбаңдатып жел іліп алды да кетті. Ал анау қорап ішінде не болды, бәрін жерге аудара салды.

Кешкісін лагердегілер шарап ішкен, төбелес басталды. Қызық көруге келген К. алау оттың жарығында, мен диабетпін дейтін бұрынғы күзетшіні таныды, қолын бүйіріне таянып, ол айқай сап тұр екен:

-Көмектесіңдер! Көмектесіңдер! – Қолы қан-қан, шалбары суланған.- Енді не болдым, енді не болдым? – деп бір сөзді қайталай береді. Саусақтары арасынан мұнай сияқты қою қара қан тамшылап тұр. Лагердің түкпір-түкпірінен не болғанын білуге құмартқан адамдар лезде жиналып қалды.

К. қақпа жаққа, лагердегі алыс-жұлысқа қызыға қарап тұрған екі полицайға қарай жүгіре жөнелгені.

-Ананы пышақтап кетті, - деді ентігін баса алмай тұтығып.-Қансырап қалды. Ауруханаға тез жеткізбесе болмайды.

Полицайлар бір-біріне қарады.

-Осында әкеліңдер, - деді біреуі әрең тіл қатып. – Арғысын сосын көрерміз.

К. енді алауот жарығына қарай зулаған. Шалбарының ышқырын түсіріп жіберген жаралы адам жерде отыр, бүйірінен атқылаған қан тиылар емес, жара аузын алақанымен басып, әлдене деп тоқтаусыз былдырлап қояды.

-Кәне, келіңдер, қақпа аузына апарайық! – деді К. қатты дауыстап. Лагерге тап болғалы адамдар оған бірінші рет таңғалыс білдіре қарады. –Қақпа алдына жеткізіңдер, сосын ауруханаға алып кетеді.

Жерде отырған жаралы бас изеп:

-Иә, иә, мені ауруханаға апарыңдаршы! – деп қуана айқайлап жіберді. – Аққан қан тыйылар емес.

Қасына жұртты кимелей жарып, жолдасы келді, бұрынғы күзетшінің бірі, қолына ұстаған орамалмен жара аузын таңа бастады. Біреу К-нің бүйірінен түрткен, басқа барақта тұратын жігіт екен.

-Сенің не бес бидайың күйді? Шатағын өздері көрсін,- деді ол. – Тобыр тарқай бастады, тек балалар мен К. ғана кеткен жоқ, алауы әлсіреген болмашы жарықта жас күзетшінің жаралы жолдасының аяғын таңып тастамақ болған әрекетіне қарады да тұрды.

Алайда К. бұрынғы күзетшіні пышақтаған кім, ол содан өлмей жаны қалды ма, біле алған жоқ, өйткені бұл оның лагердегі соңғы түні еді. Бәрі ұйқыға жатты, ал ол бар затын өзінің атақты шапанына орады да, көлеңкедей сусып барақтан шықты, бөшке артына жасырынды, міне, алау оты аяғына дейін жанып бітті, барлық дыбыстар тынды, тек болар-болмас боп дала кезген жел ызыңы ғана естіледі. Көп отырғаннан денесі ұйып қалды, суық өтіп қалшылдай бастады, сонда да шыдап, әлі де бір сағат – бір жарым сағаттай күте тұруға ұйғарды. Сосын башмақтарын шешіп, баумен қосып байлап, иығына іле салды да, аяғын ұшынан басып әжетхана сыртындағы қоршауға келді, иығындағы заттарын қоршау сыртына түсірді де, өзі де аттамақ боп аяғын салған. Сым тікенектерге шалбарынан ілініп, бір сәт қыбырсыз қалды, күміс араласқандай көгілдір аспан аясында бұдан артық қолайлы нысана болмас; дегенмен босады, сосын жайлап төмен түсіп, қара жермен ақырын жүріп кетті, о, ғажап қоршаудың аржағында қалған жер мен мына жердің арасында еш айырма жоғы қалай?

Ол түні бойы тоқтаусыз жүрсе де шаршағанын сезген жоқ, қайта, шынымен еркіндікке шықтым ба деп ойлап, қуаныштан бойын ток соққандай дірілдеп, құшырланып кетеді.Таң қылаң бере бастағанда ол жолдан бұрылып, кең даланы бетке алған. Адам баласын кездестірген жоқ, кейде бұта арасынан қарақұйрық шыға келеді де, бұл қорқып үлгергенше, ол да алда өркештенген жоталарға қарай құйындатып бара жатады. Сөлсіз аппақ ақселеу жел өтінде сусылдаса, аспан көкпеңбек, бойында кернеген күш. Алыстан орағытып әуелі бір ферманы, сосын екіншісін айналып өтті. Қайда қараса да құлазыған кеңістік, өзіне дейін бұл жермен жан баласы жүрмеген, мына тасқа ешкім табаны тимеген сияқты көрінеді. Алайда әрбір бір жарым-екі милден кейін алдынан дуал қоршау кездесіп, мұның қашқын екенін, бөтен біреудің жерін басып жүргенін еріксіз еске салады. Сым қоршаулардың арасынан өтіп жатып, білікті шебер көзімен қарап, қалай әйбат тартылған, тиіп кетсең, ән салуға дайын деп, сүйсініп қояды. Бірақ өзінің өмір бойы жерге қада қағып, қоршау жүргізіп, жерді ұлтарақтап бөліп жүргені туралы, әрине, ойлаған жоқ. Әсілі ондайды үлкен салмағы бар, басқан жерінде ойылып із қалатын дүр біреу ойлағаны жөн шығар, ал өзі жер бетінде шашылып жатқан бір уыстай ғана құм ғой, оған үстінен құмырсқа жорғалады ма, көбелек қонды ма, жел үрлеп ұшырып жіберді ме, бәрібір емес пе.

Ол соңғы жотаға көтеріле бастаған, жүрегі қатты соғып дүрсілдей жөнелді. Жоғарыдан тау аңғарына ұйлыққан тамдар андыздады, әуелі шатырлары жылтырап, жартылай қираған қора-қопсы көзге шалынды, қабырғалар ағараңдап, бәрі баяғыша сияқтанады. Енді күдіктің керегі жоқ, енді күмәндабасам да болады, мен Висаги тегінің соңғы тұяғын да жалмадым; енді мен үшін бәрі анық, тауда жүріп, құр ауамен қоректеніп, одан лагерде шабан уақыттың қыспағында тұншыққанымда, ол жігіт үшін де уақыт шектей созылғаны сөзсіз, қарны тоқ, әлде аш болды ма, жасырынған жерінде тыныш ұйықтай алды ма, әлде күн-түн маза көрмей қалшылдаумен өтті ме, шаруам жоқ.

Жалғасы бар...

АУДАРМАШЫ ТУРАЛЫ:

Өтен Ахмет – жазушы, драматург, аудармашы. «Алыптың адымы» деген алғашқы очерк-кітабы 1968 жылы, содан кейін «Алда күн бар», (1973), «Адам болғым келеді», (1975), «Алтын арқау», (1977) повестері, «Қоңыр үй», «Заңғар» (1988), «Қарқаралы аруы» (2008), «Сахна сыртындағы адам» (2018), «Мәңгілік ғұмыр»романдары жарық көрген. Республикалық, облыстық театр сахыналарында қойылған «Темірқазақ», «Жұлынқұрт», «Кенесары–Наурызбай», «Бағдаршам», «Студенттер», «Желтоқсан ызғары», «Банкрот», Ахмет Байтұрсынұлы мен оның адал жары Александра-Бәдрисафа өміріне арналған «Азаппен өткен өмір-ай», мемлекеттік қайраткер Жалау Мыңбайұлы туралы «Елім деп өткен Ер Жалау», «Ананың ақ сүті», «Әке өкініші» пьесаларының авторы. Жан Ануйдың «Медея», Жан Расиннің «Федра», Георг Бюхнердің «Войцек», Бернард Шоудың «Адам Ата-Хауа Ана», Э.Радзинскийдің «Нерон мен Сенека, Рим театры», Хайнер Мюллердің «Филоктет» пьесаларын, Нобель сыйлығының лауреаттары Дж.Кутзеенің екі романын, А.Рюноскэ, Р.Брэдбери, А.Кроулер, Дж.Ричи, С.Кинг, Я.Кавабата, Х.Кортасар, Д.Сэлленджердің әңгімелерін қазақ тіліне аударған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар