Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Дзюнноскэ Есиюки. Қорған

01.05.2020 946

Дзюнноскэ Есиюки. Қорған 16+

Бөлмесінің терезесінен оң мен сол қапталдағы әрбір науқас бөлмесіне көз салуға болады. Терезелер жамырап тұр. Бірақ ашық тұрған бірі жоқ. Тырнақшамен қоршалғандай сезім беретін, ауланың ортасындағы бетоннан құйылған үш бөлмелі науқас үйі ескіргені сонша көзге сұп-сұры болып көрінеді. Адам түгілі көлеңке де байқалмайтын ішкі ауланың бір жағында жалғыз аяқ жол бар, дегенмен, оның тұмсығы да бетоннан құйылған биік қорғанға тірелген. Ал, қорғанның сыртынан бізге машиналар да, жүргіншілер де көрінбейді. Қорған жақтан батыс үлгісімен ағаштан салынған үш қабатты үй байқалады. Шатыршасын сұрғылыт аспан орап тұр. Бір қарағанда жекелік саяжай сияқты көрінетін бұл үйдің терезелері де түгел жабық. Ғимараттың қабырғаларын қалың шырмауық басып кеткен. Шырмауық жапырағының жасыл реңі ғана адамға «тіршілік» тынысының бар екендігін ұғындыратын жалғыз мүмкіндік сыңайлы.

Ауру төсегінде жатқан әйел шамасы отыз жастан жаңа асқан. Терезе алдында тысқа қараумен тұрған ердің жасы отыз бестерде болса керек. Терезеден сыртқа шыққысы, ауладан өткісі келді. Қорғаннан асып, сонау саяжайға барсам деп ойлайды. Мүбәда, дәл осылай істесе болғаны, ауланы қоршаған қалың терезе бірден мылтық ұңғысына айналып, аранынан от бүркетіндей сезілді. Әйел кереуеттен түсті де оның жанына келіп тұрды. Бұл емханаға тек қатерлі рак кейптес науқастар ғана жатқызылады. Әйелдің орнынан тұрып қозғалғаны ештеңені өзгерте алмайтыны анық. Себебі, дәл осы уақытта мамандар оның диягнозы шығарып қойған болатын.

– Сенің кереуетте болғаның дұрыс еді,– ер адам әйелді қолтықтап төсекке қарай жүрді, оған терезе сыртындағы көріністерді көрсеткісі келмейтін секілді.

– Мен, әу баста-ақ білген едім,– деді әйел,– ...Мынадай көрініс адамды қатты үмітсіздендіреді, солай ма?

– Сондықтан қараудың қажеті жоқ.

Есік ашылып, бір медбике ер адамды тысқа шақырды. Бес минуттай өткенде ол бөлмеге қайта оралды.

– Мәселенің бәрі шешім тапты,– ол жүре сөйлеп тағы да терезе алдына барып тұрды. Кереуетінен қайтадан түскен әйел оның қасына келіп:

– Демек, шығуымызға болады ғой?- деді.

– Шығатын болдық.

– Бірақ, сене алмай тұрмын...

– Рас айтамын. Шынында сену қиындау. Бұл жолы, тіпті, оңбай қиналдық.

Ол осылай айтарын айтқанымен әлі терезе сыртына қарап тұрған болатын, тіпті көзін тайдырар емес.

ЖАС ӘКЕ

Ол туған жылы әкесі он сегіз жаста болатын. Кейін келе бір сенімді адамнан, ата-анасының жеңгетай арқылы табысқанын естіді. Бұл жәйіт оның көңіл-күйін ойран-асыр еткен болатын. Ол алғаш бастауыш мектепке түскенде, кластастарының аналарының ішінде, өз шешесінің уыздай әдемі екенін былай қойғанда, ешбірінің әкесі оның әкесіндей жас емес еді. Бұл жай оны іштей мақтанышқа бөлейтін. Мейлі кім болсын жеңінен тартып: «Әкеңнің жасы нешеде?»- деп сұрайтын, сосын, қарсы жағы жеткізген санның үлкен болуына орай, оның көкірегін, машақатты жаттығудан кейін жеңіске қолы жеткен самурайдың қуанышы іспетті масаңдық кернейтін. Әкесімен бірге саяхаттаған сайын, әлдебір әйел күтушілер оған: «Ағаңыз…» деп сөз бастаса-ақ ол: «Қателесесіз, ол менің әкем!»- деп бірден түзетуге ұмтыла беретін. Дегенмен, оның бұл көңіл-күйі ептеп есейген сайын өзгере бастады. Бастауыштың жоғары жылдығына шыққан кезде ол тіпті бұл тақырыпты ұнатпайтынын білдіріп те үлгірген еді. Ол орта мектепке түскен жылдың жазында әкесімен ілесіп, теңізден өтіп, Ошима аралына барды. Оларды қарсы алуға шыққан қонақжайдың әйел қожасы көз сүріндірер сұлу жан болып шықты. Аздап күннің қызуы шалған ажарына орай, тұнық көк түсті филора гүліндей көйлек киген екен. Бұндай жарасымдылық шынында да жиі ұшыраса бермейтін еді. Іштей қатты толқып: «Апыр-ай, неткен сұлу…»- деп күбірлей бере, әкесінің:

– Ханым, осыншама сұлу болармысыз,– деген жарқын үнін естіді.

Ырықтылықтан қапылыста айрылып қалғандай жан дүниесі әптер- тәптері шығып, әкесіне көңілсіз кейппен сұқтана көз салды. Бірақ, әкесінің келбеті шынымен де бойында күш пен рух лыпып тұрған жас жігіттей, кімді болса да өзімен қарсыласпауға шақырып тұрған болатын. Таңертеңінде сұлу қожайын оған: «Сіздің ағаңыз...» деп әлдене айта бергенде, ол тағы да еш ойланбастан: «Қателесесіз, ол менің әкем»- деп күңік ете түсті. Осы жауапты берген кездегі оның көңіл-күйі, несін айтасыз, әлде неше жылдың алдындағы сол бір көңіл-күйімен мүлде ұқсамай тұрды, мүлде ұқсамайтын еді!              

Аударған: Арман Әділбек

Көрнекі сурет: С. Исаев "Аурухана"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар