Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СОЛАҚАЙЛАР КЛУБЫ
Еділбек Дүйсен. Мен де бәрі секілді бұған құлай се...

30.05.2019 11106

Еділбек Дүйсен. Мен де бәрі секілді бұған құлай сендім

Еділбек Дүйсен. Мен де бәрі секілді бұған құлай сендім - adebiportal.kz

ТҮС. ҰМЫТУ

Шеше,

қиранды үй ішінде

Көз жасың кері ағып,

Тоналып

ескі жиһаздар мен бағытын ұмытқан желге

жүр екенсің деймін.

Алдыңнан ауру мысық шыға кеп,

Тұра кеп

мен сүймеген маңдайыңа жабыса кетіп,

жібермейді екен деймін.

Есімде қалғаны...

Сынған терезе сыртында

Самайыңдағы көк тамырлардай

Найзағайдың жарқ еткені ғана.

Ішінен жабылған есік сыртында қалғаным ғана.

«Мен үшін келіп тұр» дегенің ғана.

Есімде қалғаны.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Еділбек Дүйсен. Алтын шуақ

ҚАЙТАЛАНУ

Бір-ақ түнде...
Барлық бақбақ біткеннің басындағы
үлпілдектер
өз еріктерімен ұшып кетті

Екі сағаттан соң
терезені ашқанымда
сүйреп әкетті
бөлме ішіндегі Вагнер әуенін
терезе алдынан өткен автобус

Ертесіне
естідім
ескіріп үлгерген жаңалықтардан
қорым басына барған тақуаны
жабайы кәрі жыланның шағып өлтіргенін.

Содан бері
құлағыма әлдекім сыбырлап кетеді
болар-болмас
"Сенің құлшылығың - ең үлкен екіжүзділігің"

1782

Мұнарасын тұман қамаған мешіт,

Пəрəнжі киген қарындасымдай, меңді.

Бір кездердегі нəп-нəзік үміт

бүгін шыдам кейіпіне көшіп,

Үнсіздік шеңберінде өлді...

Үнсіздік шеңбері

өртенген кітаптар даусы.

Ондағы тіршілік түсіне ой болып көштік.

Құмығып тіл қатады суфлер сыбырына қарсы

Өртелген кітап ішінен өткен күн өксіп.

Біз де бір іргесінен сауысқан арылмайтын ауыл

Икемсіз өмірге үйренген демде.

Кеудеміздегі "Берлин қабырғасы", ғасырлардай ауыр,

Селк етер емес,

Шығыстан сыңсыған азалы желге.

Алдымызда-Үрей,

төрт табандап жабысқан түнге,

Үрейдің түсіңдегі көлеңкесін көресің күндіз

артыңа қарап:

...екеуміз жел өтіндегі бақбақ басына бірге,

Отыр екенбіз деймін ұлпалар қадап...

ҰЙҚЫСЫРАУ

Əлі есімде...

Жел үйірген қоқыс ішінен ұшқан тарғыл шүберек

Ауыл үстін айналып жүріп

кетеуі кеткен ескі бағанаға ілінді.

Содан бастап, тарғыл түс - ұранға айналды

Тарғыл шүберек - жалауға айналды

Ескілік - беріктік мәніне ауысты

Бағана - қасиетті ағашқа айналды

Мен де бəрі секілді бұған құлай сендім.

Биіктікті батпырауығым жеткен жермен,

Тереңдікті құдық түбіне лақтырылған таспен өлшедім.

Құдірет туралы ашық айтудан қорықтым,

Кейін, ашық айтпаудың құдірет екенін түсіндім.

Жылап аққан қанның өзінен Оған тəн реңді іздедім.

Кейін, Құдайды қарғаған шешем дауысынан селк етіп ояндым...

Жоқ, бұл менің түсім екен деймін.

Терезе түбінде азан даусы ұйып тұр,

Иə, əлбетте!

Естімек үшін терезе ашуға ұмтыламын,

Сайтан алғыр!

Ылғи да құдайсыз кітаптарға сүрініп кетемін.

Жоқ, бұл менің түсім емес деймін...

ДАЛА

Мен бүгін

Бастан кешіріп тұрмын

Бұта саусағының сезімін

Көшкен бұлтқа бір қарыс жетпеген

Ой табанына жаншылып қалғанда

Мыңжылдық ғұмырды бастан кешіргеніңдей

Сенен алыстағалы

Құдайын жерге түсіріп алған қоғамға жақындағалы

Жо-жоқ...

Расы,

Қала баспалдақтарымен көтерілгенде

Бала кезде жұлып ойнаған шегіртке аяқтары есіме түсіп

Олар мені әлдеқайда апара жатқандай

Бәлкім, әлдеқайдан әкеле жатқандай

Иә, мен жоғалттым

Бәрін де жоғалттым.

Алайда, жоғалту босағасынан аттап, бәрін де таптым.

Мен бүгін

Бастан кешіріп тұрмын

Бұта саусағының сезімін

Көшкен бұлтқа бір қарыс жетпеген

Бірақ, мені есіне түсіре алмаған секілді

Ұмытшақ Дала.

КҮМӘН

Ымырт қараңғысында бақ ішіне аттадым

аттады менімен бірге

бейтаныс қара күшік.

Көз байланарлық жарық қараңғы,

Құлақ тұндырарлық айқай үнсіздік.

Үнсіздік даусы неге тым әлсіз?

Жарық пердесі неге тым жұқа?

Ымырт қараңғысында бақ ішіне аттадым

аттады менімен бірге

бейтаныс қара күшік.

Біз бірге сезінгендей болдық

Айналамызда жасыл ағаштар бардай

Астымызда адастырмайтын жол бардай

Дәл қазіргі уақыт бірде өткен күнге,

Өткен күн - асыраушымызға айналардай.

Кенет...

Бақ ортасында күшік ұлый бастады:

қоңыраулы түйелер керуені адасып барады

имамның сылтып басқаны

аспан төсінде жұлдыздардың шыңғырып аққаны

көшелердің ауыр күрсінгені

Ымырт қараңғысында бақ ішіне аттадым

аттады менімен бірге

адасқан қара күшік.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар