Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Еділбек Дүйсен: «Желкемнен жұлдыздар шағып...»...

08.07.2017 8471

Еділбек Дүйсен: «Желкемнен жұлдыздар шағып...»

Еділбек Дүйсен: «Желкемнен жұлдыздар шағып...» - adebiportal.kz

(Жас ақын Еділбек Дүйсеннің өлеңдеріне шолу)

«Жастар көп. Əлем əдебиетімен сусындап, поэзияға жаңа бағыт, жаңалық əкелгісі келеді», - дейді Ол. Жəне сол қатарда өзі де тынбай еңбек етіп, ізденісте жүргенін шығармашылығымен танысқан сəттен-ақ аңғарасыз. Назарларыңызға өлеңдерін ұсынғалы отырған жас талап Еділбек Дүйсеннің ақындық миссиясы – «Өзі оқыған шетел əдебиетінің өңі өзгерген түрін солайымен қотара салу» емес, керісінше, дəстүр мен жаңашылдықты бірлікте үндестіре отырып, палитрасы ұлттық бояуға бай, рухани құндылығымыз бен ұлттық мінезімізді дəріптейтін көркем поэзия тудыру. Он төрт жасында-ақ «Жарық сəуле» атты жыр жинағын шығарып үлгерген жас ақын қазіргі күні шығармашылық əлеуетін кеңейте отырып, ой жаңғыртуда, форма іздеуде батыл қадамдар жасап жүр. Əдебиеттің алдында ант ішкен адал сарбаздай Еділбек Дүйсен ақындықтан бөлек, ғылым жолында да бағын сынап көріп, аударма саласында да еңбектеніп жүр. Жас ақынның «Мың бір жұмбақ» атты кітабы дайын тұрғанын айтады. Тек қолдау тауып шығып жатса, балалар əдебиетіне олжа салар дүние болары сөзсіз. Ал, Шарль Бодлердің бір топ өлеңін ана тілімізде өрнектеген поэзиядағы алғашқы аудармасы – ұйқысыз түндерінің жемісі болса керек. Еділбектің Мағжан сенген жас екеніне күмəн келтіре алмайсыз.

Светқали көкесінің шекпенінен шыққан жас ақынның өлеңдерінде маңғыстаулық рухтың, шығыстық бояудың, сопылық мəдениеттің, содан соң қалалық ритмнің əдемі үйлесімі барын аңғаруға болады.

Еділбектің өлеңдерінен жалаң философия мен «ақылман» дидактиканы таппайсыз, «Ақын образбен ойлайды, ол шындықты дәлелдемейді, оны көзге елестетіп көрсетеді», - деп В.Г. Белинский айтқандай, қайта жас ақын қандай да бір затты, құбылысты жіктеп-бөлшектемей, оның өзгеге ортақ жалпы сипатын жалқы, өзіндік сипатынан ажыратып бөліп алмай, тұтас күйінде, өмірдегі қалпына сәйкес етіп алуға ұмтылады.
«Таң атқан.
Айғыз-айғыз әйнек беті бұлдыр әлі
Әйнекті ұрғылап, аржағынан керең-жел шыңғырады...»

немесе
«...іңір ұзақ жылады...
бұйра бұлтқа бет басып...
Ғаршы кетті ақшамғы азан даусы көкті асып»
- деп жазған Еділбек ақын Леонардо да Винчидің «Сурет – көзбен көретiн поэзия, поэзия – құлақпен еститiн сурет» дейтін қанатты сөзін қалың оқырман алдында айғақтап отыр.

Поэзиядағы бейнелі, өрнекті сөздер әлдеқандай бір ерекше сұлулап сөйлеуге әуестіктен емес, эстетикалық сезімнен, образды, бейнелі ойдан, дүниені ақынша, суреткерше қабылдаудан туады. Өлеңге, өлеңмен жазылған шығармадағы әрбір суретке, әрбір сөзге поэзиялық сәулет, поэзиялық нәр, көрік беретін нәрсе – ақындық ой-сезімнің тереңдігі мен көркемдігі болса керек. Осы тұрғыдан алғанда Еділбектің жырлары көркемдік қуатымен, əсер етуімен, ой-сезімінің тереңдігімен ерекшеленеді.
«Желкемнен жұлдыздар шағып,
Ойларым көктемей жатып көктей солады.
Болады құрбан.
Түсіме кіреді: маңдайынан Тəңір нұры жанып,
Балбалдар жусанды белде қиямда тұрған
»,
немесе
«Əруақ жылап...
Ай құлап...
Кіл көйіншек-көрт үріп
Əскеріндей шайтанның бұлттар келер жөңкіліп...
»
тағы да
«Өзгермейтін көрге кіргенше, Пенделік! Жаса!
«Періштелер» түсінбес мұны, біз секілді көрген ұқпаса.
Сағат үні- Əзірейіл өкшесінің дыбысы секілді,
Мықты болсаң, Желге еріп қаш, ал!
» - дейді жас ақын. «Поэзия – философиялық таным үшін діни түсініктерді, прозаға ғылыми ойлауды негіз ретінде табатын, бір мезгілде бірнеше өнер түріне əсер ететін еркін өнер», - деген əйгілі Гегельдің тұжырымына сүйенер болсақ, Еділбектің жоғырада келтірілген өлең жолдарынан сурет пен сөздің, ырғақ пен сөздің қабысқан нəзік иірімдерін көре аласыз.

Жас ақынның қайғысы да бөлек:

«Бесігінен аунап кетіп боранның,…
Құлап түскем нəжісіне қоғамның»,

немесе
«Сөз іле алмай ой- орпа, мұң- құдықтан,
Қоғамдағы жерініп кіл былықтан
Дүниеге жан үнін естірте алмай
Кітаптарға жаншылып, шыңғырыққан

Күрсінесің...
Қамығып...
Қорланасың...
Мүсіркейсің маңдайдың сор- наласын.
Өз ішіңнен іздейсің- қырық «інге»
Қырық «ініні» тығатын Көр баласын»,
- дейтін ақындық қасіреті – заманның жұтаңдығы мен қоғамдағы кемелсіздік, өзімшіл қалауларға қарсы шыққан шарасыздығы болса керек.
Еділбектің өлеңдерінде мінез бар. Алдыңғы буын ағаларына еліктеу де жоқ дей алмаймыз. Ол еліктеу – жыртық-жамауды өз үстіне жапсыра беру емес. Поэзияның өзі табиғатқа еліктеуден пайда болғанын ескерсек, жас ақын үшін бұл айтарлықтай мін емес.

«Ұшқан құс ұясын іздейді. Ал ақынның ұясы – халық», - дейді Мұқағали. Еділбектің жырлары да халықтың жүрегінен жол табады деп сенеміз! Назарларыңызға жас ақынға аға буынның берген бағасы мен өлеңдерін қоса қоса ұсынып отырмыз.

Біз өмірді сүйеміз. Қандайына қарамастан!

Оңайгүл ТҰРЖАН, ақын:Жас ақын Еділбек Дүйсеновтің өлеңдері хақында Менің түсінігімде ақынның өлеңдерінен туған жерінің мінезі көрініп тұрса, сол – нағыз табиғи ақын. Еділбек Дүйсеновтің өлеңдерінен Маңғыстаудың мінезін көрем. Ол қандай мінез сонда? Ол – табиғатымен біте қайнасып жатқан мінез. Ал табиғат дегеніміз не? Жел, ауа, құм, тау-тас, су ғана ма? Табиғатқа не жатады деп сұраса, осылай бастап айтамыз да, тоқтаймыз. Әрине, оған жан-жануарларды қосамыз. Ал адам ше? Ол табиғатқа жатпай ма? Адам баласының қателіктерінің көпшілігі – өзін табиғаттан бөліп қарағандығынан болып жатады. Ақын адамды, оның ішінде өзін де табиғаттың аса маңызды бөлшегі ретінде көре алса, шынайы дүние сол жерден басталмақ. Еділбектің өлеңдерін оқығанда адам-табиғатты және табиғат-адамды көрем. Адамның шынайы келбеті осылай жырлағанда айқындала түсетініне көзің жетеді.

-Жесір жер ала жаздай еріні жібімеген,

Соры жайлы, сыбыр-сыбыр сыр айтқысы келеді қылып өлең.

Неге ол «өлең қылып» айтқысы келеді? Бұл – ақынның алдындағы парызды көрсетіп тұрған екі ауыз сөз. Біз – адамдар – табиғаттың тілін жеткізушілік қызметіміздің де бар екендігін ұмытпауымыз керек деп ойлаймын. «Жесір жер» ақынға үміт артып, соның аузынан шығар өлең жолдарында өзінің тағдыры жайлы тарих жазылса дейді. Ал оны кім естісе екен дейді сонда? Кім білсін!? Жұмбақ жаратылыстың біз білмейтін сырлары аз ба!? Ауыздан шыққан лебіздің келесі адамға жететіні түсінікті. Бірақ тек сол ғана ма? Ол соншалықты қысқа жол жүре ме? Олай емес-ау?! Айтқан лебізіңізді тыңдайтын, еститін және түсінетін тағы да бір тылсым күштердің бар екендігін сезіп қалатын кездеріңіз болды ма сіздің? Болған шығар. Болды-ау!? Есіңізге түсіріңіз! Міне, Еділбектің өлеңдері оқырманды осылай жетелейді қияндарға. Өлеңнің міндеті – сықиған ұйқастарымен саулап оқылып шығу емес. Оның міндеті – оқырманның көкірек кеңістігінің бұған дейін ашылып көрмеген айлапат ғаламшарына жол ашу. Біз өлеңді осылай оқуымыз керек. Ұйқас қуып емес. Өлеңді оқытуға үйретудің маңызы да осында. Өлеңді түсініп оқу – өзіңді және өзіңнің ғаламшармен қандай да бір байланысыңның бар екендігіне көз жеткізу. Тіпті ап-айқын көз жеткізбесе де, өзіңнің жалғыз еместігіңді сезіндіру. Міз бақпай мәңгі тұрмақ болады.

Күн – көк еркесі,

Жерді тұтас жапсам дейді жапырақтың көлеңкесі...

Біз өмір сүріп отырған қоғамның айтыс-тартыстары кейде табиғаттың болмысындағы іс-қимылдармен кестеленгенде дәл жетеді. Мына екі жол өлең өмір жолының сол қым-қиғаш, қарама-қайшы келіп жататын сәттерінің өте үлкен кейіпте, адамзаттық мәселе ретіндегі сипатын бейнелеп айтып тұр. Және алақандай ғана Жапырақтың мейірімділік ретіндегі зор образын көріп тұрмын.

Сағат үні

Әзірейіл өкшесінің дыбысы секілді,

Мықты болсаң, желге еріп, қаш, ал! Уақыттың үнін сағаттың тіліне салып, не үшін сөйлетіп қойдық екен осы? Қабырғаға ілініп алып, тықылдайды ды тұрады. Соңыңнан қуып келе жатқан сияқты ғой. Ал Еділбек оны «Әзірейіл өкшесінің дыбысы секілді» деп, тіпті зәремізді ұшырды. Зәреміз ұшатын себебі – біздің өмір сүре бергіміз келеді. Біз өмірді сүйеміз. Қандайлығына қарамастан! Қаталдығын да ұмытып! Мұңдылығына қарамастан біз өмірді сүйеміз. Еділбектің осы бір жол өлеңінде осындай астар жатыр. Астарына үңіле Еділбектің өлеңдерін оқыңызшы. Талай нәрсе тауып аласыз! Сәттілік! Оқырман, Сізге де! Еділбек, Сізге де!

Сау қоғамның есті адамдары айтып кеткен cөзі...

Ырысбек ДӘБЕЙ,ақын:Экзистенция фрустрациясына көбірек ұрынып, нигилистік философияға әуес болуды бір жағынан рухани жетістік деп қараған да жөн шығар. Өйткені ішкі жалғыздықтың жанайқайын құрғақ байбалам емес, тегеурінді сөз, тосын оймен жеткізу – интеллектуалды тазалық екенін сау қоғамның есті адамдары әлдеқашан айтып кеткен. Еділбек жырларын оқып отырғанда осы құбылыс жас ақын шығармаларынан бірден байқалады. Өте сезімтал адам басына түсетін бұл «дерттің» сипатын интеллектің күшімен бірге, эмоцияның қуаты да көрсетіп тұрады. Жақсы ақынға тән осы қасиет автордың «ҚЫС. ДАҒАДЖУККЕ ОРАЛУ», «ТҮН. МЕЛАНХОЛИЯ» секілді өлеңдерінен анық көрінеді.

Еділбек өлеңдеріндегі ой сонылығы, еркін форма ақынның эстетикалық талғамын, сыртқы дүниеге ұмтылысын байқатады. Сананың бақылауынсыз, таза өнер ожданымен осындай ізденсітерге бару, әрине, оқырманға жақсы көңіл күй сыйлап ғана қоймай, көркемдік кеңістігіне де әсер етеді. Бірақ осы ісденістер шартты түрде бақылауға алынған кейбір ережелердің бұ дүниелік «сыңғырынан» әманда биік тұрғаны абзал. Ақын поэзиясындағы поэтикалық панорама осы еркіндіктің де ауылы алыс емес екендігін аңғартады.

ОЛ ДЕГЕНІҢ ҚОҒАМНЫҢ БОЯУ АҚҚАН БЕЙНЕСІ...

БАЛКОН. СӘТ

Таң атқан.
Айғыз- айғыз әйнек беті бұлдыр әлі
Әйнекті ұрғылап, аржағынан керең-жел шыңғырады...


Періште өмірді пенде емес, АДАМша көргісі келеді
Ал, пенде АДАМ емес, Періште болғысы келеді...


Жесір жер, ала жаздай еріні жібімеген
Соры жайлы, сыбыр-сыбыр сыр айтқысы келеді
қылып өлең...


Міз бақпай мәңгі тұрмақ болады Күн-көк еркесі
Жерді тұтас жапсам дейді жапырақтың көлеңкесі...


Электр шамдары арқан тартыспақ боп, жұлқынады
(Ееее...
Бәрі де мен секілді қолынан келмеске ұмтылады)

БЕЙМАЗА

Желкемнен жұлдыздар шағып,
Ойларым көктемей жатып көктей солады.
Болады құрбан.
Түсіме кіреді: маңдайынан Тəңір нұры жанып,
Балбалдар жусанды белде қиямда тұрған.

Көнеден бұрын туған тіл-жақ-
Шексіз кеңістіктер ішінде.
Пейіштен түскендігі үшін де Мұңды.
Күнəлар қорымының Егесі шақша басымды ырғап,
сарсаңға салғаны-ай.
Жалғызын мен өлтіргендей құдды.

Көкке ілінген шағала қанаты астындағы мекен
Уақытша тұрақ қой.
Мəңгілік мекенді шешеді- күрсі.
Мына түн- қайғылы əрі...
тағы да қайғылы екен
Түні жоқ жерге барайық, жүрші!

ҚҰЛАЗУ
(Жаңаөзен қырғыны құрбандарына)

...іңір ұзақ жылады...
бұйра бұлтқа бет басып...
Ғаршы кетті ақшамғы азан даусы көкті асып


Əлмисақтан ғұмырдың баян етіп "бір кемін"
Ай қадаған басына күбірлейді кіл қорым


Əруақ жылап...
Ай құлап...
Кіл көйіншек-көрт үріп
Əскеріндей шайтанның бұлттар келер жөңкіліп...


...Сонда да Көк көндігер
келген бұлтқа шеп тартып
(Баратады қиялда қарғыс тиген оқ қалқып)


Түн келеді содан соң...
Шұрық тесік жейдесі
Ол дегенің- қоғамның бояуы аққан бейнесі


Бармақ басып ойнадың жаным түйген жеріме,
ӨЗЕН сынды өртенген өзегімнің емі не?


...Іңір ұзақ жылады
Күрең шашы көк тіліп...
Табандардың астында қыңсылайды Тектілік...


...Іңір ұза-а-а-а-ақ жылады...

КАСПИЙ. ҚЫЗЫЛ ІҢІР

Бұрынғы өмір.
Бұрынғы ауыл.
Бұрынғы ән...
Бұрынғы Күн, көкжиекке тығылған.
Жөргегінен аунап түсті жүрегім,
Уақыттың уысына ұрынған.

Толқып...
Тасып...
Симай сезім арнаға,
Маған бейне қарайтындай маңдана:
Секпіл құмы табанымнан сүйетін,
Селеу басы зікір салған сардала.

Көктем кешіп...
Көңіліме ем іздеп,
Ойсыздықтан болмақ едім желі үзбек.
Әлденені ұқтыра алмай жатқандай,
Көбікауыз, көпіреді теңіз кеп.

(Ұғынғанға, жартас болу – бұл бір бақ,
Аймалайды... теңіз салған мұңлы ырғақ)
Бала қайлар*- балақайлар секілді,
Балағыма оралады былдырлап...

Табиғаттың мынау тұмса қалпынан,
Уыз самал есіп тұрды аңқыған...
Өрекпіген көңілімнің өңіндей,
Каспий жатыр, қызыл іңір шарпыған...

-----------------—
* қай- толқын

АБЫЗДЫҢ АҚЫРЫ-
АҢЫЗДЫҢ БАСЫ
(Әбіш қазасына. Экспромт)


Жанарымда жас балалап...
Құлағыма жел үріп...
Міскін өмір омыртқасын мыстан уақыт кеміріп...
біткен шақта-...
Жусан иісін Ажал иісі құшақтап...
Қабырғасы арса- арса бұлттар тұрды егіліп...


Нарға да ауыр нала арқалап
Жүрек, байғұс, әбігер.
Мұңы- жұпар, ділі бекем
Ділі бекем, жаны да Өр.
Шөңгесіне табан емес, тосып еткен маңдайын,
Қара жерге қалай қияр Әулиесін Тәңір- Ел?!


Қоңыр ойдан тін таратқан қоңыраулы жыр кеуде-
Тәңірінің нұрлы жүзін көретұғын күндерге
Әулиелік пішінімен аяқ басты
Біз пақыр
зағип жанның аяғындай ғұмыр кешіп жүргенде...


Қабырғасы арса- арса алып бұлттар егіліп,
Міскін өмір омыртқасын мыстан уақыт кеміріп...
біткен шақта-...
Тұр-ау Елі ұлы Абызын қия алмай,
Жанарында жас балалап...
Құлағына жел үріп...


Хош! (келдің!)

ҚЫС. ДАҒАДЖУККЕ ОРАЛУ


Бесігінен аунап кетіп боранның,…
Құлап түскем нəжісіне қоғамның.
О, БОЗ ЖУСАН!
қырауыңнан сілкініп,
Құшағыңа алшы мені,
Оралдым!


Ібіліске илікпейтін Жан, бүгін,
Ит- тірлігін кешіп жатыр бəңгінің.
Жұртта қалған бұралқы иттей жаутаңдап,
Алматының көшелерін қаңғыдым.


Жоқ!
Дұрысы-
Ойдан сасық мекенде
Ғашық болып құрметіне жетерге
Кітаптағы жаны таза жандарды
Сырттан іздеп, сандалыппын бекерге.


Мен, сонда да түңілмеймін,
Тік тұрам!
(Топырағың- қорғап өтер құт- мұрам)
Желден сұлу жыр жазам да, бəріне
Таудан биік төбе барын ұқтырам!


БОЗ ЖУСАНДЫМ!
Тұрсаң болды дін аман.
(Мен ішейін сендік тұнық тұмадан)
Жасылыңмен сүрт те менің жанымды
Айықтыршы барлық Кінə - Күнəдан!


Құшағыңа алшы мені, БОЗ ЖУСАН!

БАЯҒЫ БАЯН

Өртенбей, сынған шырпыдай,
Аяқсыз қашқан өткен күн...
Күнделіктен


Күз де келді... күрсініп үлгергенше,
Жаным жарып бүршігін... жыр бергенше.
Тап бір, əлем кірінен айығардай,
Мен егіліп,
Ой бағып,
Түндерді емсем...


Жүрек - ... жүрек бола ма егілмесе,
Көз жасыммен бірге ақты шерім неше!?
Жапырақтай халдемін күз ұрмаған,
«Үзілем» деп зар қаққан жел үрлесе.


Жиегіндей кесенің, қайран, Уақыт,
Иегіндей көсенің, қайран, Уақыт!
Сусып кеттің қолымнан, абайсызда,
Жібердің де, «жассың» деп тайраңдатып.


Құлағымда кісінер бұрынғы күн,
Бұрынғы күн –мұңсыз күн, құлын күнім.
"Өткен шаққа оралмақ болар ма?" деп,
Түннің көзі күледі жымың-жымың...

ҚИЯЛИДЫҢ КӨЗІ
(Экспромт)


Бұлт ішіндегі Ай –
Жұмыртқа қуырылған.
"Түн" деген қара табада тұрып-тұрып дымы құрыған.
Төменде, селеу байғұс тамырынан бөлінгісі кеп,
Сыңсиды Тəңірге жалынып.
Тəнін суық ұрған...

Жанын суық ұрған-
Құдайы үндемегесін.
"Желге еріп қаш!"-дейді, айтып күлге кеңесін.
Біз де күл секілдіміз, нəпсі-хайуанды,
Сəт сайын үстімізде аунатып жүрген елесін.

ЖОЛ


Түртіп басып жаныңды қалам ұшы,
Қағаз алды жан беріп- жан алысып
отырғанда-
басыңнан аттап өтер
сары допқа жүгірген қара мысық.

Сосын...
Сосын...
Ойлану Өлім жайлы
(Ойыңды ермек ету де көп ыңғайлы)
Жазылмаған жарадай- жазылмаған
ақ қағазға, етем деп «сорыңды» әйгі

Сөз іле алмай ой- орпа, мұң- құдықтан,
Қоғамдағы жерініп кіл былықтан
Дүниеге жан үнін естірте алмай
Кітаптарға жаншылып, шыңғырыққан

Күрсінесің...
Қамығып...
Қорланасың...
Мүсіркейсің маңдайдың сор- наласын.
Өз ішіңнен іздейсің- қырық «інге»
Қырық «ініні» тығатын Көр баласын.

Тағы... өзіңді үңгисің «табам» десіп,
(Қара мысық сары добын «алам» десіп...)
...Уақытқа жармасып дем де бітер,
«Барар жерің Үргеніш!»*
Амал нешік!

-------------------—
* «Көрұғлы» жырынан

ТҮН. МЕЛАНХОЛИЯ
(Диптих)



І
Терезенің маңдайынан жел өбіп,
Кәрі сағат қағады үнсіз таңдайын.
Көкке қарап көк-сұр ернім кеберіп,
Мен отырам жындысүрей жандайын.

Есімді алып он бесінен толған ай,
(Жұлдыз біткен: бөтелкенің сынығы)
Уға айналған Үмітсің деп қойғаны-ай,
Құлақтағы Періштенің күбірі.

«Айырмаң жоқ. Сен де мендей ғаріпсің!»,-
дейді ессіз түн құшағына бойласам.
Басынан бұлт домалаған алып шың
Ол да бір күн шөгетінін ойласам...

Зарым төксем, тыңдайтындай мені ұйып,
Сабыр ғана ұстап тұрған сан асқар.
Маңдайына Ай ілген түн мөлиіп,
Айға қарай ұмсынады ағаштар...

ІІ
Жанымның үндері жазылды ерінде,
Жүрек бетінде жорғалай...
Байғұс әжемнің әжімдеріндей
Менің ғұмырымның жолдары-ай

Пиғылын көріп залым, сұмдардың
Ұғындым жарым мименен:
Шыршалар менен самырсындардың
Ғұмыры маған тимеген!

Сенерім – Өлең! Көрерім – Өлім!
(Қалмаспын таза пішінде)
Тозаққа барғым келеді менің,
Жұмақты сүю үшін де...

Жастықты жас өлер зират қылғаннан,
Жабыққам...
Жан жоқ санасар.
Бұйығы тартқан бұйрат құмдардан,
Бұлаң жол іздеп адасар...

Тамырымды қуып шұбаланған жыр,
Шарасыздық күйін билеп тұр...
Маған қосылып жылаған жаңбыр,
Топырақтың тәнін түйреп тұр...

...Менің жанымның хәлін кешкен топырақты аядым...

Әзірлеген Айжан ТАБАРАК


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар