Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Едип Джансевер. Келіп ең, табылдым (өлеңдер)...

11.10.2019 4377

Едип Джансевер. Келіп ең, табылдым (өлеңдер) 16+

Едип Джансевер. Келіп ең, табылдым (өлеңдер) - adebiportal.kz

Түрік шайыры Едип Джансевердің «Келіп ең, табылдым» кітабынан аудармалар. Өмірбаяны:

Едип Джансевер – 1928 жылы, 8 тамызда Ыстамбұл қаласында туды. Мектепті бітіретін кезінде оқудан шығып, саудамен айналысты. Алғашқы өлеңін 1944 жылы «Ыстамбұл» журналында жариялады. Бірнеше газет, журналдарда шыққан өлеңдерін «Екінтіден кейін» кітабына жинады. 1951 жылы «Нүкте» журналын шығарды. Бұл журналды жас ақындарды қолдау ниетінде бастырған болатын.

Алғашқы кітабынан 7 жыл өткен соң, «Тіршілік» кітабы жарияланды. 1957 жылы «Қалампыр» кітабымен түрік поэзиясына жаңа тыныс әкелді. Едип Жансевердің поэзиясы бұлыңғыр, түсініксіз болып көрінгенімен, мағынасын жоғалтпаған түрік поэзиясында ең көп оқылған ақын ретінде қабылдануда. 1976 жылдан бастап барлық жұмысын қойып поэзиямен ғана айналысты, үздіксіз өлең жазды. 1986 жылы, 28 мамырда Бодрум шаһарында миына қан кетіп жан тәсілім етті.

Үстел

Адам өмірдің бағы ішінде,

Үстелге

кілттерін қойды,

Гүлсауыттағы ләләларды қойды,

Сүтті һам жұмыртқаны қойды,

Терезеден түскен жарықты қойды,

Велосипед сесін, шығыр дыбысын,

Ауаның нан сіңген жұмсақтығын қойды.

Адам үстелге

ойындағының барын қойды,

Жалғандағы армандарын қойды,

Кімдерді жақсы көрді,

Кімдерді жеккөрді,

Адам үстелге соларды қойды.

Үшті үшке көбейтіп алып,

Адам үстелге тоғызды қойды,

Терезенің қасында еді,

Аспанның жанында,

Қолын созып үстелге бақиды қойды.

Сыра ішсем деп жүр еді қаншама күн,

Үстелге сыраның төгілгенін қойды.

Ұйқысын қойды, оянғанын қойды,

Тоқтығын әрі аштығын қойды...

Иә, үстел де мығым екен

Мұнша жүкті маған арттың демеді,

Бір екі рет қана шайқалып тұрды,

Ал, әкем қойып жатты...

Ынтымақтастық

Разымын саған, бауырым жаным,

Ұялам бірақ, қауымнан.

Кофе мен адам бір жағым,

Бір жағым дүния ағылған.

Еһ, мырзылар күш керек сөйлеуге,

Жұмысым бітсе, жағалауды асып

сатушы болам кофемді ұстап

Буына масайып айналар басым.

Міне, осылай бұзамын бәрін

Жанардан жалған сағым боп өткен.

Дағдыландым екен қай себеппен

Ай сәулесіне малынып текке.

Жол – менің жолым,

сияқты ма әлде?

Түнді жасырып бозарған тастақ.

Кофе буынан рубайлар ұшар,

Қоғам пейілін базарға тастап.

Етім үйренген ісім – іс,

Түкпірге енген ала көлеңке.

Базар мен көкке көзімді тігем

Аймаққа бір сәт қарап өтерде...

Кофеші кофені алған сәтте,

Тауға еңкейед күн иегін басып.

Ұялшақтығым болмаса,

Жаныммен сүйем дүниені осы.

Ішіме сіңіп ауданның исі,

Құстардың көктен жаңғырар сесі.

Жүрегімдегі сыздаған жара –

Алыстап кеткен тағдырлар ізі.

Қырсық мінезім себеп те шығар,

Дәрмен таппадым сансыз мұңыма.

Ұзақ аймақта сорпалар қайнар,

Қарама-қарсы жалғыздығыма.

Еһ, мырзалар шерлі көкірегім,

Жұмыс біткесін көбе түн қалар.

Кофемді қайнатып болғанымша,

Аспан өзгеріп кететін болар.

СУЛЫҒЫМНАН ҚАН АҒАДЫ

Барлық жерге жетуге болады

ештеңеге кешікпей-ақ, бірақ,

құлыным мені кешірші,

Ахмет аға сен де ғафу, етші!

Мойным салбырап тұрсам егер

Ішімде солай болғаны үшін емес,

Бірақ ештеңе етпес.

Аһ, көрікті Ахмет ағам менің,

Адам тұрған жеріне ұқсайды екен:

Сол жердің суына, сол жердің топырағына,

Суда жүзген балығына,

Топырақта жайқалған гүліне,

Таулар, төбелердің тұманға иілгеніне,

Конияның аппақ,

Антептің қырмызы жазығына ұқсайды,

Көгіне ұқсайды, көз жасы – көгілдір,

Теңізіне ұқсайды, толқындары – қарашығы...

Үйлеріне, көшелеріне, бұрыштарына

Соншалықты ұқсайды екен-ау.

Және ауласына

(бір сақинаның құдығына қысылған жүрегі)

Және сөздеріне

(Яғни, қалта айнасының бағасына да бәлкім)

Және бір күні біреудің беймәлім мекенжай сұрағанына ұқсайды,

Сұрағанында, бір көңілсіз үйді нұсқағанына да.

Әйнекшінің әйнек кесуіне, ағаш ұстасының үккішіне,

Темекі тұтатқанына, газды сусын ашқанына,

Шағын автобустарына, кепелеріне,

Қасіретіне, жалғандығына ұқсайды екен.

Естелігі – жалғыздық,

Күйігі – ойы,

Пышағы – көз жастары құрғағалы тұрған, елің...

Күле алмайсың, күлу дегенің –

Халқың қуанғанда күлу ғой.

Түркияға сондай ұқсаймыз, Ахмет аға!

Әдемі бір бокал ұстауың бар еді бұрыннан

Шынтағың дастарханға сүйеніп,

«Уақыттар аспанға сүйенді» деуші ем мен сонда.

Темекі қорабында жазулар, суреттер;

Сүгіреттер – абақты,

Сүгіреттер – сағыныш,

Сүгіреттер – ескіліктер.

Және бір қасың жоғары көтеріліп

Сүюің жылдам,

Достығың тез болатын.

Ал қазір қарасам

Сонау бокал күпір сияқты тұрады қолыңда.

Және «уақыт» дегеніміз не, Ахмет аға?

Біз ескіден сенімен,

Станцияларды жеке-жеке аралаушы едік,

Назилли аңқушы еді,

Және жаңбыр астында қалатын Едірне поштасы,

Сен қылдай жіңішке Ыстамбұл жаңбырының астында

қара торы әйелге ғашық болғандай тұрушы едің,

Әйелдің – үтіктелген бәтесіндей тәні,

Аққудай мойны,

Кірпіктері,

Және саған Ахмет аға

Ұзақтан, ұзақтан қызанақ, ірімшік кесіп жатқандай,

Дастархан жаятын еді,

саусағын суға матырғандай, жүрегіндегі мөлдірлікке малатын-ды,

Қапасқа түссең темекіңді әкелетін еді,

Үрім-бұтағыңды көбейтетін еді,

Және сол балалардың әлемді өзгертетін қолдарын

шілтер тоқығандай сипайтын еді.

Сол балалар өседі,

Сол балалар өседі,

Сол балалар...

Білместен келме Ахмет аға,

Үмітіңді оят,

Үмітсіздікті қой!

Айтарым мынау;

Жоғалған заттарға ұқсаушы еді ол шақта пойыздар,

Ал қазір ше – күнделікті қозғалыста,

Қайда да болсын армансыз өмір сүріп жатырмыз.

Балаларға, әйелдерге, еркектерге

Пойыздар лық толы.

Пойыздар, қала ішіндегі пойыздарға ұқсас,

Жұмысшылары –

Алмания жолаушыларындай.

Әйелдері –

Бірі жолдың, бірі қашықтықтың күзетшісіндей.

Қолдарында шамадандар, аулар,

Иіс сулар, су шынылары мен пакеттер,

солардың бәрі –

бір байлаулы ағаштай қалаусыз жерінде өскен.

Аһ, көрікті Ахмет ағам менің,

Көрдің бе, қарашы

Шашылған базарға ұқсайды қазір станциялар,

Және шашылған базардай мемлекетіміз.

Қолымыздан мұңаю да келмейді тіпті,

Келсе де

Ылғи да емес,

Бір джаз музыкасы сияқты келіп кетеді мұң,

Соншалықты тез,

Соншалықты қысқа,

Міне, соншалықты ғана.

Ахмет аға, көріктім, бір сулық неге қанайды,

Тіс емес, тырнақ емес, бір сулық неге қанайды?

Сулығымнан қан ағады.

КІТАП, ҚОҒАЖАЙ, ТЫРНАҚ

Бақша ішінде шэзлонгқа жантайып

Кітап оқиды адам.

Анда-санда басын кітаптан көтеріп қояды.

Бір резеңке құбыршегінің жалтылы маңындағы жүйекке егілген

Қоғажайдың Қ-сына жалғыз қарап тұр (Күн есік үстінен көгілдір боп қарап тұр). Сол бір қоғажай – гүл түсінігінен құтылғаны үшін, тірі.

Адам – сүю түсінігінен қашқаны үшін, бақытты.

Және теңіз де адамның тыныштығындай жайбарақат.

Өлеңнің көлеңкесі болуы тиіс қыркүйек (деп ойлады).

  • Өлең оқымаймын, - деді - жұбайы

арқасын қабырғаға сүйеп,

көктегі бір ұшақтың күміс бояулы ізіне қарап тұрып,

(жүзінде бір-біріне ұқсамаған үш түрлі ұзақтық).

Сәлден соң, - біраз тағы тырнақтарымды кессем

Күз мендік болады, - деді.

Кітапқа енген адам.

Аздаған шөп жұлған әйел.

Мен мына жерден, яғни үстелімнен көре алатын емеспін шөп тұқымын,

Қайырлы күн тілеймін оларға алыстан,

Және жалғыздыққа ұқсас көп нәрсе білемін.

Адамның қолындағы кітап менің кітабым,

Оқыған өлеңі болса, міне, сіз оқып тұрған өлең.

ТРАГЕДИЯЛАР ІІІ / KORO

Ойда жоқта кез келген жерде жалғыз болсаңыз,

Және бұдан қорықсаңыз,

Тіпті, ең кішкентай заттардан да. Мысалға;

бірінен сағат сұрасаңыз,

Бір көшенің бір бетінен келесі бетіне өтсеңіз,

Даусызыңызды төмендетіп, айналаңызға сақтықпен қарасаңыз,

Бөгдемен бір нәрселер сөйлессеңіз,

Және әр күні кітаптар, журналдар алсаңыз.

Пошташы күн сайын хат әкелсе,

Сонымен қатар, бір сурет толы ғимаратта

Көп уақытыңызды өлтірсеңіз,

Бір-екі автобусты бірінен соң бірін жіберіп алсаңыз,

тым болмаса ештеңе істемесеңіз,

бір түрлі,

бәрі жүзіңізге күмәнмен қарап тұрғандай болатыны несі.

ШЫҢЫРАУ

Ағаш тобырларының үстінен,

Көп ағаш ішіндегі бір ағаш бұтақтарының үстінен,

Күн нұры түсіп жатыр кесілген лимон тілімдері сияқты

Шарап толы стақанымның ішіне,

Маған тиесілі емес бір бақыт сезінем.

Тұрған жерімізді ортасынан кесіп өттім,

Әй, көрініс! Сені бір жағынан еш түсінбеймін –

Аяқтарымның астында емес, тамырларында,

тереңдігін сонда ұстаған, сонда тауысқан

Түпсіз терең бір шыңырау бар.

Уақытпен емес, бір жерде,

Мендік емес, бір нәрсемен қартайып жатырмын,

Өтіп барамын, жүзіме сызылып алғашқы күндер,

ауыр ауыр жанады бір кірпіш қоспасында

хрусталь тілшіктері.

Жүрегім, қаңғыбасым-ау, менің!

ЕСІМСІЗ БІР ГҮЛ

Әлемге реңкін алғаш рет ұсынған,

Есімсіз бір гүлдей күлім қағар көздерім,

сүйіктім маған «сен бір шайырсың» деген сәтте.

Жалғыз саған жазып жатырмын бұл өлеңді

Қаласаң бір ғана өлең деп оқыма,

Себебі, жыл сайын қайталап жазамын бұны –

Ауаға суық ене бастаған шақта,

Шақырымдарды жүріп өткеннен кейін,

таң шапағына тұмсығын сұққан құстың қуанышыменен.

Және жазған болып саналамын,

Әр дәуірде, әр кезеңде

Сезімнің өзіне тән тіліменен.

НЕ АЛУЫМ ҚАЖЕТ ӨЗІММЕН

Өлең үшін: қорқыныш, тыныштық, баяу үйлесімділік керек.

Қайғы үшін: бір майшам, бір күлсауыт, бір сынық орындық

(балалар есік алдында отыруы, ойнауы үшін немесе...) керек.

Түс үшін: өзін теңіздемін деп ойлаған алжасқан капитан керек

(керек болғанда қандай).

Ән үшін: бір тармағы болсын есімде қалмапты, бірақ сол тармақтың әуені – ең алғаш рет шырқалған күндегідей алқызыл реңк-ті.

Уақыт үшін: жер ауыстырған көлеңке жеткілікті.

Мезгіл үшін: апельсин, бүлдірген, сұйық май ләзім.

Махаббат үшін: ұмытшақтық немесе абайлап өткізген және алмастырылған бірнеше сәт қана қажет.

Өкпе үшін: Маркс, Ленин, т.б. керек.

Оқу үшін: Достоевский, Маркес, Сайт Файк, (басқа кім бар еді, ойлану керек...) жалғасса, әрине Ақтеңіз шайырлары да қажет-ақ.

Бәкі, шеге, кемпірауыз,

Шыны-аяқ, бәрі керек.

Бір қайық жағада,

Ақшам салқыны,

Қалтыраған анау маңда қамыстар.

Қамыс дірілдеген сол маңнан

Бір күні таң азанмен

Күн тумай тұрып

Ойда жоқта екеуміз

Айкезбедей бір өлеңді

білінер-білінбес өз-өзімізден іздейміз.

ІШІҢДЕГІ СЕССІЗ ШҰҒЫЛА

Ішіңдегі сессіз шұғыла

Қолыңңың кесіп алған жерінен көрінер;

Мысалы,

бір тырнақтың көбесінде,

Жүрегің сөйлеп жатқанда – жүрегіңде,

Бір өлең оқып жатқанда, өлеңнен тамшылаған қанда.

Солай ғой,

Көздерің көк болса да, қызғылтпен қарайсың маған.

Қалар қаперімде,

Себебі ол,

Қазан күндеріне, желтоқсансыз боянған.

Бір өзеннің тынық дыбысы, жақсы,

Қазан айы да келді, міне!

Ал қарашаға қанша уақыт қалды екен?

Яғни, бір шәй ошағының басында,

Бір адам бал-шекерге балалығын сүйгізеді.

Қайдан, қай жаққа?

Кеше ақшамда үйіңнің алдынан өттім,

Неге соқпадым екен саған?

Бәлкім дүнияны ораған бір гуіл

Азая-азая

жол бойында жапырақтарда пайда болды.

Бұғаз кемежайларының бірінде

сары алманы тістеді бір кемейжай қызметкері,

Әлі де есімде,

күндерден бейсенбі еді және ақшам болатын

Соншалықты ақшам да емес еді,

Жеңілдеу күйген симит төзе алатын еді.

Оқи алсам бұрыштағы ескі бұрқақтың,

Шаштары өрілген бұрқақтың,

Маңдайы таңбалы бұрқақтың,

Жазулары оңай оқыла алатын еді.

Гөксу сайында, сол маңда,

Ескі ағаштан бір үй,

Төбесінде жазуы бар: `Brasserie`

Басқыншылық заманынан қалған деп ойлаймын.

Ахмет ағам моторын жағаға сүйрепті.

Қазіргі сәттерде тігіс тігіп жатыр лашықта,

Сансыз көргендерімнің бәрі ғайыпта,

Ғасыр өткендей арадан,

Шынымен, уақыт дегеніміз не?

Ол болмаса еді, олар болмаса еді,

Келешекте адам сияқты өмір сүрудің ары -

Әлбетте кешігер еді.

Реті келген соң айтқаным ғой,

Құрметпен, шын жүрекпен,

Аман бол, Ахмет аға!

Сағат 20:15 бір параход бар Көпірге

Шәй ошағының қарсысында отырамын.

Демделген шәй ішіп отырған ем,

көк көздерің есіме түсті.

Көздерің неге көк?

Бірден ойыма келді,

Ыстамбұлда туып өскен

Әркім

Көкпеңбек ойлайды өзін бір мозаика секілді.

Көк бір әлемнен келетің едің алдымен,

Көктермен қартаятын едің,

Қою көк бір топырақпен жабылатын үсті.

Қоя беріңіз,

Тағы да ойлағым келмейді өлімді.

Жетер, кемімесін өкпем,

Жетер, ақыл күшім орнында

соңына дейін илікпейтіндей.

Атымды ұмытып,

Бір жартастай қатты және көркем қалуды білейін,

Әлбетте, үмітсіздікке түсемін кейде.

Әлбетте, үміттімін әрқашан.

Неге жазылады бір өлең,

Неге оқылады мұнша жазу,

басқаға қалай үйреніседі

адам шырмауығы.

Иә,

Кеше ақшамда үйіңнің алдынан өттім...

Ішім ешкімсіз һам құжынаған еді.

Демек, сезімсіз ойлай алмаймын сезімді...

Маған сөз бер ертең кешке;

«Айналама зер саламын сосын үнсіз тіл қатамын» деп.

ӘР СЕЗІМ

«Жаңа махаббат сөздері,

жаңа үйренген нәзіктіктер,

әрбір сүйіктіңде сақталған

Ф. Скотт Фицджеральд

Әр сезім – бастауы жаңа сезімнің,

Басқасы қолын бұлғар бірі бітпей жатып,

Біз қаласақта, қаламасақта осылай жалғаса бермек.

Қарасақ, күндердің күнінде ұмытыппыз бәрін,

Сол бір сезімдер мен сөздердің бірі де қалмапты.

Жинап қарасақ бәрін бірге;

Ондаған сезім – бір ғана сезім екен,

Айналып тұратын басымыздың үстінде.

Көздерден, сөздерден, шаштардан,

Қолдардан, иықтардан құрылған бір халде.

Және әрбірі шыңылдаған қарудың жанғаны іспеттес,

ғұмыр бойы біз тетігін бір рет басқанға дейін.

Аударған: Нұрбек Нұржанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар