Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Елбасы мен елтаңба егізіндей...

14.12.2017 7028

Елбасы мен елтаңба егізіндей

Елбасы мен елтаңба егізіндей - adebiportal.kz

Жандарбек Мәлібеков қырық жылға жуық Өзбекстан Республикасы ғылыми-инженерлік қала құрылысын жобалау институтында сәулетші, бас сәулетші болып еңбек еткен. Қазақстан және Өзбекстан Сәулетшілер одағының мүшесі, Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі. 1982 жылы Қарақалпақстанның астанасы Нүкіс қаласының орталығын абаттандыруға байланысты Кеңес Одағы бойынша өткізілген байқауда бірінші орын алған. 1985-1990 жылдары Кеңес Одағы бойынша өткізілген бірнеше архитектуралық байқаулардың жеңімпазы. Самарқанд, Әндіжан, Ферғана, Ташкент қалаларының орталықтарын безендіру мақсатында өткізілген байқауда жеке авторлық еңбегі үшін І және ІІ дәрежелі сыйлыққа ие болған. Ташкенттегі метроны салу құрылысына қатысып, ІІ дәрежелі сыйлықтың иегері атанған. Ташкенттегі Қазақстанның төрт қабатты елшілік ғимаратының және Қырғызстан елшілігінің ғимаратының жобасын сызған. Ташкентте Төле бидің басына орнатылған мешіт жобасын жасаған. Астанадағы «Нұр Астана» мешіті сәулетшінің сызбалары бойынша қаланған. Бүгінгі таңда Қытайда, Батыс Еуропада біраз сызбалары жүзеге асып жатыр. «Құрмет» орденінің, «Тәуелсіздікке 10 жыл» медалінің иегері. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ақсақалдар алқасының мүшесі.

Елтаңба намыстан туды

Елтаңба Ташкентте, жат жерде жасалды, Қазақстанға келе жатыр. Бұл Елтаңба не дейді, Қазақ елі туралы. Авторы «Мен емес, Елтаңба сөйлеу керек» деп ойлайды. Елтаңба келе жатыр еліне. Өйткені елі тәуелсіздік алды. Тәуелсіздік халқымызға шаттық әкелді, шабыт сыйлады. Біз боданды ел болудан құтылдық, дербес ел болдық, мемлекет болдық деген кезде ән де шығады, күй де шығады жыр да шығады, Ту да, Елтаңба да, Әнұран да дүниеге келеді.

Елінің қуанышына сүйсініп, қайғысына күйінген халық қашанда іштегі запыранын рухани өнер арқылы сыртқа шығарып отырған. Билік басына Колбин келген кезде қарсылық білдірген «Қара бауыр қасқалдақ» әні шықты. Көкек әйелдер сәбиінен безіне бастағанда М. Бесбаевтың «Бозторғай» әні, балалалары әке-шешесінен бас тартып жатқанда, А.Қоразбаевтың «Қаракемпір», «Қара шал» шықты. 1956 жылдары Кеңес одағы қазақ жерінде тағы бір автономиялы дербес республика құрмақ болып, еліміздің солтүстік аймағын Қазақ республикасының құрамынан бөлуге әрекеттенеді. «Бөліп ал да, билей бер» деген бұл ұстанымға композитор Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің рухани қарсылығынан «Менің Қазақстаным» әні дүниеге келеді. Бүкіл қазақ халқы атынан Кеңес үкіметінің сұрқия саясатына қарсылығын білдіреді. 1986 желтоқсан көтерілісінде Қайрат Рысқұлбековтің «Қазақ деген атым бар, Атам десең, атыңдар!» деген өлең жолдары қазаққа рух берді. Бұл әндер сол кезде халықтың еңсесін тіктеуге қажет әндер еді. Біз елміз, біз халықпыз деген халықтың ащы даусы естіледі.

Елтаңба қалай туды? Жат жерде жүрген Жандарбек тәуелді дегеннің не екендігін сезініп өсті. Мұны басына түскен жан түсіне алады. Сен сол елге тәуелдісің, қазақша сөйлей алмайсың, ана тіліңде өлең де айта алмайсың. Өзіңнің туған Отаның, елің тәуелсіздік алды дегенде кеудесін қуаныш кернеп, еліме титтей шапағатымды тигізсем деген намыс оты жалындап, жанын қоярға жер таппайды. Ұжымдағы мың жарым адамның ішіндегі жалғыз қазақ. Елтаңбаға байқау жарияланғанда алтын қолды сәулетші үлкен бір ұлы істі қолға алады. Пенопластан Елтаңбаның екі метрлік жобасын жасап, жолға шығады. Ол кезде «қазақтың өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі жоқ, көшпенділер» деген пікірді жиі еститін. Жандарбек болса, намысқа тырысып, қазақтың бар болмысын осы Елтаңба арқылы дәлелдегісі келеді.

Сонымен, Елтаңба жүк көлігінде келе жатыр. Астында үш матрас, үстінде үш матрас, ортасында пенопластан жасалған Елтаңба. Еліміздің Елтаңбасы елін сағынып келе жатыр.Аңсап келе жатыр. Жоғары Кеңес Сессиясында сыналатын сынаққа әкеле жатыр. Сонда көлік жүргізуші: «Мен қазақ халқының Елтаңбасын әкеле жатырмын. Маған біреу бір нәрсе дейтін болса, болмаса МАЙ тоқтататын болса «Мен еліміздің Елтаңбасын әкеле жатырмын деп айтамын» деп мақтаныш сезіммен рухтанып келеді. Ташкенттен Шымкентке жетті. Алматыға келіп, Парламенттің жертөлесіне әкеліп қойған Елтаңбаны және оны жасаған Жандарбекті көрген күзетшілер «Қазақстаннан адам табылмағандай, Елтаңбаны қайдағы бір өзбек әкеліпті» деп мысқылдайды. Бірақ жат жерден жеткен Жандарбектің бойында қазақтың қаны мен намысы ойнап тұрғанын олар білмеді.

Елбасының ерлігі

1992 жылдың 4 маусымы. Қазақстан Республикасының рәміздері талқыға түсетін Парла­менттің ХІІ сессиясы. 300-ге тарта адам бәйгеге түскен сайыста топжарып шыққан Жандарбек Мәлібековтің Елтаңбасы халық қалаулыларының сынына ұшыраған. Депутаттар «киіз үй керек емес, ескі заманды бейнелейді», деп қарсылық білдіреді. Киіз үйдің киесі бар екен. Қазақ әдебиетінің классик жазушысы Әбіш Кекілбаев киіз үйдің тарихын, қасиетін жан беріп түсіндіргенде, Жандарбек жазушының жүрек ұстамасы ұстап қала ма деп қорқады. Әбіштің сөзінен кейін жұрт киіз үйден жан-жақты хабардар болып, бір мәмілеге келеді. Екінші біреулері «көшпелі деген мағынаны білдіреді, елі жоқ, жұрты жоқ дейді» деп қошқар мүйізге шүйлікті. Елтаңбада қазіргі жұлдыздың орнында Күн, оның шетінде жарты ай, күннің ішінде бесбұрышты жұлдыз бейнеленген болатын. Қазақта «Айың тусын оңынан, жұлдызың тусын соңынан» деген тамаша сөз бар. Егемендік алып, жұлдызымыз туып отыр дегенді меңзейді. Күнді салғаны, біз-қазақ, Күн таңбалымыз. Әрбір рудың таңбасы болған. Қазақ деген халықтың таңбасы бар ма деп сұрағанда, көбісі біле бермейді. Қазақ халқының таңбасы Күн деп айтуымыз керек. Ра деген Күн деген сөз. Құранда Раббым деп келеді. Қазақ Күн шығып келе жатса, күнге сәлем берген. Халық қалаулылары Күн мен Айда исламның иісі шығады дейді. Жұлдызды Кеңес одағының белгісі деп түсінді. Сөйтіп, қошқар мүйізді, Күнді, жұлдызды қабылдамады. Екі метрлік нобайы алмалы-салмалы яғни құрастырмалы еді. Дауысқа салғанда екі жақта (оң жағында және сол жағында) тұрған мониторда манағылардың бәрін алдырып тастап, дауысқа салды. Жандарбек ағаның сөзімен айтқанда, депутаттар «без звезды, без рога, без нога..» Елтаңбаға дауыс берді. Елтаңба қабылданды. Кейін Елбасымыз тұрып: «Қадірлі, депутаттар! Біз жас мемлекетпіз. Бес тармақты жұлдызды Кеңес одағының билігімен болмаса діни ұғыммен салыстыруға болмайды. Бес жұлдыз дінге дейін, Кеңес Одағына дейін болған. Біздің Қазақ халқы «Жұлдызың жансын!» деп айтады. Сондықтан, жас мемлекетіміздің өркендеуінің өз жолы бар» деп тоқ етерін айтады.

Іле, жұлдызды Елтаңбаның шекесіне Елбасының өзі қадайды. «Қазақстан Республикасының Елтаңбасына қосалқы автор - Елбасы! Шот-Аман Уалихановтың бұл Елтаңбаға қатысы жоқ. Сын сәтте жүздеген жобаның ішінде ең­бегімді бағалаған және оған өмір­лік қана емес, ғаламдық жолдама берген көреген Елбасыға шексіз разымын» дейді кейіпкеріміз.

Сонымен 17.24-те алғашқы нұсқасымен 266 депутаттың 237-нен дауыс алып, Елтаңба қабылдағанда елдің қуанышында шек болмайды, айқайлап, бөркін аспанға лақтырды десе болғандай. Өйткені, тұңғыш рет еліміздің елдігінің белгісін айғақтайтын Елтаңба қабылданды ғой. Елтаңба қабылданғанмен, Ту әлі қабылданған жоқ еді. Темір Сүлейменов, Шот-Аман Уалиханов, Шәкен Ниязбеков ақ түсті жалауды алға тартты. Таңертеңнен кешке дейін ақ түсті ту талқыға түскен. Комиссияда Президент Н.Назарбаев, Комитет төрағасы Салық Зиманов отырған. Туды өткізуде талас болады. Президент Н. Әбішұлы осыған дейінгі екі апта бұрын, мамырдың соңында яғни 4 маусымға дейінгі комиссия отырысында «әр түрлі жалау ұсынылуда, біздің жалауымыз неге көк түсті болмайды, біздің аспанымыз ашық деген мағынаны білдіреді» деп айтқан екен. Көк түсті Ту ешқандай конкурсқа түскен жоқ. Бірден Парламенттің сахнасына әкеліп қойылады. Оны жасаған белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. Ораулы ту Парламентке кешігіп әкелінген. Конкурсқа түскен ақ Туымыздың біртүсті, аспан түстес көк болып шығуына Елбасының өзі себепші болған. Елтаңбадан соң ораулы тұрған Туға кезек келеді. Туды көрсетіңдер дегенде, Көк Ту жарқ етіп шыға келгенде, бәрі бірауыздан қабылдап жібереді. Президент Н.Назарбаев «Келіңіздер, Күннің суретін, оның астында қалықтап ұшқан қыранның бейнесін ортасына қарай қояйық. Біздің қазақ екенімізді білдіріп, мына ту сабының тұсына ұлттық өрнегімізді салайық» деп ой қосады.

Қазақстан Республикасының Әнұранында, оның сөзін өзгерткен де Елбасы! Сонымен, 1992 жылы 4-ші маусымда Жоғарғы Кеңестің сессиясында Президенттің және Үкімет басшыларының қатысуымен кешкі сағат 5-тен 20 минут кеткен кезде бір күнге жуық уақыт бойы талқыланған біздің рәміздеріміз – тәуелсіз Қазақстанның Ту, Елтаңба, Әнұранымыз қабылданып, 5 күні Қазақстанның ашық аспаны астында көк байрағымыз желбіреді!

Жер шарында 10-15 жылдың ішінде Астанадай қала салып, оның халқын бір миллионға жеткізген еш мемлекет жоқ! Бұл біздің елін сүйген, елі сүйген Елбасының ерлігі! Міне, Елбасының данышпандығы!

Елбасы «Біз егемен ел болдық. Біздің өз мөріміз болуы керек» деген. Сондықтан сол түннің ішінде Елбасыға арналған дөңгелек мөрді жасап берген де сәулетші Жандарбек Мәлібеков. Қазіргі уақытқа шейін сол мөр Елбасының қолында көрінеді.

Ешкім білмеген сыр

Дауыс беріп, Елтаңба қабылданған соң, Жандарбек Мәлібековті кешкісінде Парламентке шақырып, «Жаке, ертең Елтаңба ілінеді, қайтадан бояңыз, тағы бір пысықтап қойыңыз» дейді. Парламентте жүрген Жұмақан есімді жігіт «Ағай, анау бес жұлдызды қоятын болды» дейді. Жакең хабардар екенін айтады. Сонан кейін әлгі жігіт «Айт, Жәкеңе, қошқар мүйізді де қойып қойсын» деп Президент телефон соқты дейді. Жандарбек Мәлібеков Елтаңбаның төменгі жағына «Қазақстан» деген атауға фон беремін деп төрт бұрышты бұранда кілтпен (отвертка) ұрған еді. Жұмақан келді де, «Аға, Елтаңбаны телевизорда үлкейтіп экранға шығарған кезде крест көрінеді, ертең жұрт «Біздің Елтаңбада крест бейнеленген» деп айтады, мұны қалай кетіресіз?» десін. Төрт бұрышты кілттің крест болып түсіп қалғанын аңғарған Жұмақанның байқампаздығына разы болған сәулетші көліктен басы жұмыр темір тескіш (бородок) құралды алдырып, әлгі фонды ұсатып ұрып, балықтың қабыршағындай етіп шығарады. Түнгі бірге дейін Елтаңбаны бояп, жұлдызын да, қошқар мүйізін де орнына қойып, ертеңінде ілуге әзір етеді.

Түсініктеме кітабы жазылуда

Жандарбек Мәлібеков Елтаңбаға сипаттама берді. «Елтаңбаға өзгеріс енеді» деген алып қашпа сөзге автор «Мемлекеттік Елтаңба Қазақ­стан Республикасы Консти­туциясы заңна­маларымен бекітілген. Ешқандай өзгертілмейді. Тек қана Конституциялық жолмен өзгеруі мүмкін. Елтаңбаның пішіні мен түр-сипаты өзгермейді. Бірақ оның стандарттық үлгісі болмағандықтан әрбір элементке атаулар беріп, соларды электрондық жүйеде жаңа технологияға ыңғайластырды», деп жауап берді.

Алғашқы жылдары Елтаңбаның эталондық үлгісі болмаған. Қазіргі кезде дұрыс жасалмаған мемлекеттік рәміздерді қолдану жағдайлары мен лицензиясы жоқ компаниялардың мемлекеттік рәміздерді дайындау фактілері орын алуда. Осыған байланысты, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының ұлттық стандарты ережелерін қайта қарастыру қажеттігі туындады. Уақыт алға жылжыған сайын, техника мен технология дамыған сайын елдік рәміздердің нақтылығы, жауапкершілігі артты. Мысалы,алғашқы Елтаң­баның эталондық үлгісін қоладан Алматы поршень зауытында құйған. 2007 жылы «Мекен» ЖШС ком­паниясы көмегімен компьютерлік әдіспен рәміз­дердің қазіргі стандарттық жүйесін жасауды қолға алады. Бұл жұмыс 7 жылға дейін созылды. 2014 жылы Мемлекеттік Елтаңбаның жаңа стандарттық үлгісін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті СТ РК 989-2014 белгісімен бекітті. Ол 2016 жылы 1 қаңтардан бас­тап өндіріске жіберілді. Стандартта Елтаңба элементтеріне қазақша атау берілген. Мағынасы сипат­талған. Өлшемдері электронды жүйеде жасалып, орындалу тәсілі қазіргі заманғы стандартқа сай жүзеге асырылған.

Елтаңбада екі түс бар: бірі – мемлекеттік тудың түсімен сәйкестенетін көк түс, екіншісі – компьютерлік графика арқылы жасалған алтын түс. Осылайша Мемлекеттік Елтаңбаның эталондық стандарт нұсқасы мазмұндық сипаттамасымен және графикалық өлшемдерімен нақтыланды.

Сәулетші қабырғада ілініп тұрған Елтаңбаға таяп келіп, маған «мынау не?» деп сауал тастады. Мен «Бұл – шаңырақ» дедім тақ етіп. Іле, «Киіз үйдің құрылымын таратып айтып бере аласың ба?» деп сұрады.Мен мүдіре бастағанмын. Сол – ақ екен, Жандарбек Мәлібеков:

- Сізге бәрі шаңырақ, мынау -керегенің басы, көзі, уықтың қаламұшы, күлдіреш,

желбау... Бір ғана киіз үй терең ұғымға ие. Үлкендердің өздері білмегенде, мектептің балалары қайдан білсін?! Елтаңбада біздің қазақ халқының тұнып тұрған тарихы тұр. Бәрінің атаулары бар. Соны талдап, жіліктеп Түсініктеме кітабын жазу үстіндеміз. Гүлзина мен Айнагүл атты қыздарым маған қолғабысын тигізуде. Түсініктемені мен өзім жазып кетпесем, ешқашан мұны осылай жеткізіп, жаза алмайды деп ойлаймын, - дейді ағынан жарылып.

Санадағы сілкініс

Профессор Жандарбек Мәлібеков ЕҰУ – де оқытушылық қызметімен қатар Ақсақалдар қоғамында мүше болып жүріп, оқу орнында болып жатқан жақсы істердің басы қасында жүреді. Аптасына бір-екі мәрте жастармен кездесу өткізіп тұрады.

Елбасының еліне сіңірген еңбегі жөнінде жастарға айтып отыруды жөн көреді. Бізбен әңгімесінде де:

- Біздің ұлы дала өз Ұлт көшбасшысын шығарды. Еліне, халқына деген нағыз көне көсемдеріміз бен абыздарымыздың, даналарымыздың, батырларымыздың, данышпандарымыздың ақылы мен қайратын бойына жинаған АЗАМАТ шықты арамыздан. Нұрсұлтан деп ат қойған Әбіш атамызға мыңда бір рахмет. Есімінің өзі де қазақ халқының рухынан пайда болған. Ширек ғасырдың ішінде Елбасымыз бізді құлдық, бодандық дәуірден тәуелсіздікке әкеліп, санамызды өзгертті. – деп толғанды.

Қазақстанда ғана емес, дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы оқу орындарымен терезесі тең ғылыми орталық ордасы Еуразия ұлттық университетінің құрылуына Елбасы себепші болды.

ЕҰУ – нің ректоры Ерлан Бәтташұлы бастаған профессор – оқытушылар Елбасымыздың аманаттаған, сенген университетін дамытып жатыр. Мыңдаған жастарды біліммен қаруландырып, тәрбиелеуде. Жаңа ұрпақтың тәуелсіз Отаны, жері, елі бар. Отанға деген сүйіспеншілігі қалыптасуда.Осы білім ордасына келген жастардың санасына сілкініс жасалады. Сол сананы сапаға айналдыратын ғылым орталығы осы.

ЕЛБАСЫ мен ЕЛТАҢБАНЫ егізіндей көретін елге жанашыр Жандарбек Мәлібековтің сәулет өнерінде елге берер сыйы әлі сарқылмаған.

Жұлдыз ТОЙБЕК

Халықаралық «Мәдениет майталманы» медалінің иегері

АСТАНА қаласы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар