Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Елдос Еміл. Көкмойнақтың тағдыры қазақтан арылған ...

20.05.2022 4838

Елдос Еміл. Көкмойнақтың тағдыры қазақтан арылған жоқ 12+

Елдос Еміл. Көкмойнақтың тағдыры қазақтан арылған жоқ - adebiportal.kz

Маңғыстау өлкесі – ұлттық рухтың ордасы. Оның тек мұнайы ғана емес, өнері мен өнерпаздары, салт-дәстүрі де қазаққа ортақ құндылық екені дау туғызбаса керек. Осы орайда Маңғыстау өлкесінің сүйікті перзенті, дәстүрлі жыр мектебінің белді өкілі, өзіндік ерекше орны мен өрнегі бар талантты өнерпаз ағамыз Елдос Емілмен жасаған сұхбатымызды оқи отырыңыз, мәртебелі оқырман.

- Ар ма, Елдос аға! Көңілімізді бірлеп, өтінішімізді жерге қалдырмай сұхбат беруге келіскеніңізге мың да бір алғысымызды білдіреміз.

- Тәңір жарылғасын!

- Біз сізді киелі Маңғыстау өлкесіндегі дәстүрлі күй өнерінің, жыр мектебінің алтын көпірін жалғаған ізбасары ретінде, көне ғасырлардың әуез-мақамын құлағына құйып өскен өнер жоқтаушысы, мұрагері ретінде танимыз. Байқасақ, ғаламтор беттерінде сіз жайлы автобиографиялық ақпарат аз екен. Әңгімені осыдан бастасақ па деп едім. Туған топырағыңыз туралы, сол топырақтың бойыңыздағы жыршылық қасиетке әсер-ықпалы турасында айтып өтсеңіз? Қолыңызға домбыраны алғаш алған сәтіңіз есіңізде ме?

- Мен 1975 жылы, шілденің 17-і күні Бейнеу деген жерде дүниеге келгенмін. Бейнеу жанындағы Сырға ауылында өстім. Сол жердегі орта мектепте оқыдым. Мектеп тәмамдаған соң Алматыда консерваторияда С. Жанпейісованың ән классында оқыдым. Бір жыл жыршы Берік Жүсіпов ағамыздан тәлім алдым. Кішкентайымнан домбыра тарттым. Алғаш сахнаға бес жасымда шықтым. Ол әлі есімде... Үйреткен, баулыған әкем – Әби деген кісі. Шын есімі – Хабиболла. Әкем деп қазір айтып отырмын, негізінен шалдың баласымын, яғни Емілдің. Он жасымда тәтем Қоңырат қаласына ертіп апарып, Наурызбек жыраудан бата алдырды. Баламын, ештеңенің мәнін ұқпағанмын ол кезде. Мен әуелде күй тартып шықтым. Ән мен жыр кейін пайда болды. Кейін дегенде, сол мектепте ғой бәрі де.

- Жыршылық қабілетіңіздің түпкі бастау бұлағының көзін ашқан кім? Анығырақ сұрасақ, осы қасиет кімнен дарыған? Баулыған ұстазыңыз бар ма?

- Менің төртінші бабам Дүрен деген кісі – алапат күйші болған адам. Бірақ ауыл арасында қалған. Сол кісіден Құдай дарытқан болар. Жыршылыққа келсек, менде «жырды олай айт, былай айт» дейтіндей алдында отырып арнаулы тәлім алған ұстазым жоқ. Бірақ еліктеумен, ұнатумен өз қалауымша ұстаз тұтқан адамдарым көп. Көзім көргендерден Құнанорыс Рейім, Бегей Жақсылық, Бәубек Амандық, Бәйімбет Жеткізген, Құнанорыс Базарбай, Көшке Ұзақбайты атар едім. Кейбірі болмаса, бұл жыршылардың бәрі де тірлікте.

- Сіз аңыз өріп, жыр бітімдеген Маңғыстаудың арғы-бергі жырауларының асыл мұрасын сақтап, қоңыр бояуын бір бұзбай орындап келесіз. Осынау жыр-жауһарлардың мақам-сазын қалай таптыңыз? Таспадағы құнды тарихи жыр мұралары сақталған ба? Әлде өлкенің күй қағысына икемдедіңіз бе?

- Мақам-сазға келер болсақ, ол былай болған. Ескі таспалардан жинақтаған мақамдар мен күйлерді бойыма әбден сіңіруге тырыстым. Соларды қорыттым, сосын жырға салдым. Күйші Сержан ағамыздан көп жыр-күй алдым. Көкмойнақ жыры сол жыр-күйлермен жарық көрді.

- Саяси қуғын-сүргін көрген ашаршылық кезеңіндегі ел тағдыры баяндалған «Көкмойнақтың үйірі» жырын ғажап, әсерлі орындағансыз. Бұл – сіздің қоржыныңыздағы шоқтығы биік жыр. Қателеспесек, бұл жырды марқұм Есенғали Раушанов ағамыз ел ақсақалдарының аузынан хаттап, қағазға түсіріп жазып алыпты. Сол көкмойнақтың тағдыры қазіргі қазақтан арылды ма?

- Бұл сұраққа былай жауап берейін. 1995 жылы студент боп оқып жүрген кезімде Светқали ағам: «Қазақ әдебиетіне «Көкмойнақтың үйірі» деген әсем жыр жарияланды. Сол жырды сен айтып көрсең қайтеді?»-деп, ұсыныс білдірді. Мен келістім. Бірақ оны қалай орындаймын деген уақытта: «Сержан Шәкірәт ағаңда көп жыр-күй бар. Сол жыр-күйді бірге барып жазып алайық»-деді. Күйші Сержан Шәкірат ағамыз ол уақытта «Маңғыстау мұнай-газ» мекемесінде жұмыс істейді. Кабинетіне кіріп едік, домбырасы тұр екен. Қолымдағы үнтаспама бірнеше ән-күйді жазып алдым. Осы жыр-күйлердің жосығымен, дәлірек айтсақ, мақамымен 1995 жылы «Көкмойнақтың үйірі» шықты. Жыр бір қалыпқа келгенше орындап жүрдім. 1999 жылы «Аманат» альбомын шығардық. Бұл жыр соның ішіне жазылды. Жасырмайын, «Көкмойнақтың үйірін» Есенғали ағамыз өзі жазған деген сыңайда әңгімелер айтылып жүрді. Алайда олай емес. Емес дейтін себебім, «Көкмойнақтың үйірін» ел арасында орындап жүрген шағымда бірнеше кісіден: «Сен бұл жырды қысқа орындап отырсың, негізі бұл ұзақ жыр» деген сөздерді естідім. Жеменей Базарбай қажы деген кісі қазір Ақтауда тұрады. Сол кісі: «Мен баяғыда кәкемнің сары тонының ішінде басымды тізесіне қойып жатып, осы жырды тыңдайтын едім. Жыр бұдан да ұзағырақ еді» деген еді.

Көкмойнақтың тағдыры қазақтан арылған жоқ. Көкмойнақтың жыры да, жырындағы мазмұн да сол қалпында біздің басымызда әлі тұр. Өткенде Тотиннің «Философия» атты кітабын қарап отырсам, ежелгі бір дананың айтқан сөзі бар екен. Ол кісіден біреу келіп: «Дүние түзеле ме, түзелмей ме?»-деп сұрайды. Сонда әлгі дана кісі: «Дүние түзеледі, патшалар даналармен дос болғанда немесе даналар патша болғанда»-деп жауап береді. Көзі қарақты, көкірегі ояу адамдар алтын заманның бір келетінін сезеді, біледі. Осындай заман туып, бәрі түзеліп, «Көкмойнақтың тағдыры» қазақтың басынан арылатын күнге жеткізгей. Қазақ халқы керемет, ғаламат-ғажап әлемге еніп, ертегілерде ғана айтылайтын керемет ғұмыр кешетініне сенемім мол. Оны бір мен емес, талай әулиелер де айтқан.

- Бір жылдары сіз жетекшілік еткен "Яссауи" вокалдық тобының орындауындағы әуезі әсем, оралым-ырғағы ерекше әндер көпшілік тыңдарманның рухани өсіп-жетілуіне, жүрек көзін ашуға жақсы жұмыстар атқарып еді. Сол топтың мүшелері қазір де бар ма? Қайта құрылып, неге игі бастамаларыңызды аяғына дейін жеткізбеске?

- Яссауи вокалды тобы 2000 құрылды. 2000 жылдан бастап 2010 жылға дейін қызмет атқарды. Топ құрамындағы жігіттердің менен басқа алтауы да Алматыда тұрады. Өздерінің мамандығы бойынша кәсібімен айналысып жүр. Яссауи тобын құруға бірден-бір ықпал етіп, осы идеяны айтқан қазіргі қазақтың дана, көсем, әулие, қадірлі ақсақалы Исматулла Мақсұм деген кісі. Сосын ол идеяның әрбір деталіне дейін мән беріп, жүзеге асырып, зерттеп-зерделеп, орындаған кісі – Нарынбай қажы Разыбекұлы. Марқұм қазір бұл дүниеде жоқ. Осы аталған екі кісінің қолдауымен, рухани идеясымен құрылған топ болатын. Топ он жыл бойына өзінің потенциалын көрсетті деп ойлаймын. Қаншама адам рухани әсер алып, түзелді. Тіпті керек десеңіз, әулиелердің ым-сөзін, сазын, сырларын тыңдап, қатерлі ісік ауруынан жазылған адамдарды да білемін. Құдайды ұлықтап, әулиелерді мадақтайтын, салт-дәстүрімізді құрметтеп, насихаттайтын топтың қайта құрылатынына сенемін. Қай уақытта да ақиқат жеңіп шыққан.

Жалпы біздің оң-солымызды ажыратуға септескен, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратуға көмектескен, ел-жұртқа, исі қазаққа, мұқым мұсылман қауымына, бүкіл адамзатқа, одан әрісі күллі Құдай Тағаланың барша жаратылыстарына риясыз, қалтқысыз еңбек қылу керек. «Жәрдем беру, қызмет ету керек» деген ұғымды санамызға сіңірген рухани ұстазымыз Исматулла Мақсұм және ол кісінің шәкірті Нарынбай қажы Разыбекұлы менің ата-анам, ағаларымнан кейін өмірімдегі маңызды рөл атқарған, тіршілігімдегі ұстанымдарымның бәрін орын-орынына қойып, түсіндіріп берген тұлғалар екенін осы сұхбатты пайдалана отырып айтып өткім келеді.

- Жыр – халықтың қазынасы. Соңғы 3-4 жылдың бедерінде serke_orge сайтында дәстүрлі Маңғыстау жыр-мақамдарының иірім-қайырымы, саз-өрнегі сәл бұзылғандығы айтылып, мақала жарияланды. Өзіңіз ақ-қарасын айырып, ашып айтып беріңізші. Бұл өлкенің жыр-күйіне ноғайлы, түркімен сазының ішкі әсері болған ба?

- «Басынан қанша бұлт ауған,

Төсінен сонша жұрт ауған —

Жасырар сырым жоқ менің

"Қаратаумын!"-деп керіліп жатқан бұл таудан.

Маңғыстау жатты ғалам боп,

Тоздырып жүзін заман жеп.

Төсінде туған төлінің

Тағдырларына алаң боп.

Нешелер жүмілә жұрт көшті

Тарихтың керуен жолымен —

Каспий, сақ, оғыз, алан боп.

"Шерғала таудың бөркі еді-ау,

Айрақты таудың көркі еді-ау.

Ана бір тұрған жалғанды,

Жалғаннан көңілім қалған-ды.

Артымнан боздап ата жұрт

Өзекті, дүние-ай, өртеді-ау!.." -

Осылай зарын шығарып,

Көздері қанмен шыланып,

Айладыр кетті соңынан —

Соңынан шаңы шұбалып»-деп Светқали ағамыздың айтатын сөзі бар емес пе? Маңғыстау – жеті жұртың келіп, жеті жұрт ауған жер ғой. Сондықтан бұл жерде сақ, оғыз-алан тайпалары қоныстанса да, теңізін Гиркан, Хазар, Каспий атасаңыз да, ноғайлы, тіптен кешегі түрікмен жұрты болсын, бұл мекеннің тарихы тым тереңде жатыр. Бұған дейін бәленбай жұрт келіп, кеткен. Соңғы орныққан біздің бабаларымыз – Адай руы. Маңғаз өлкенің топырағына қаншама дәстүр-дәріп, калорит, ұлттық бояулар, ой-сананың жемістері, табандардың ізі, маңдай тері сіңген. Сол топырақта туып-өскен адамның болмыс-бойында айтылған қасиеттердің боларына ешкім шәк келтірмесі хақ. Дау туғызбаса керек. Ноғайлы-түрікмен ұлттарының саз-жыры секілді дүниелер осы мекенде қоныс тепкен жұртқа жат емес. Мұны не үшін айтып отырмын?.. Бір кезде кемеңгер Әбіш Кекілбаев, айтулы ақын Светқали Нұржан аға үшеуміз әңгімелесіп отырған уақытта Светқали ағамыз: «Осы біздің жыр-күйлеріміздің иіріміндегі кейбір түрікмен-оғыз, ноғайлыға келетін ың-дарды қалай түсіндіруге болады?»-деп сұрады. Сонда Әбіш ағамыз дәл мен беріп отырған жауапты келтірген еді.

- Елдос аға, Маңғыстау жыршылық мектебінің қазіргі хәл-ахуалы қалай? Ізіңізден ерген іні-қарындастарыңыз, шәкірттеріңіз бар ма?

- Хәл-ахуалы жаман емес, жақсы. Оған дәлел Маңғыстаудың дәстүрлі жыр-күй мектебінен қаншама қыз-жігіттеріміз шығып жатыр. Бірақ бір нәрсені ойлаймын, ескі «Ноғайлы», «Қырымның қырық батыры» дастандарын көбірек насихаттайтын жыршылар болса, немесе осы тақылеттес талап-тілектер қойылса ғой деп... Мәселен Мұрын жыраудың мұрасын жеткізетін толымды жыршы, ізбасарлары шықса деп арман қыламын. Өзім де жасағым-ақ келеді. Әйткенмен уақыт пен қаржы тапшылығы кедергі болып тұр. Кезінде өзім «Қарасай Қази», «Орақ Мамай» мұраларын жаттап, осы бағытта бара жатыр едім. Аумалы-төкпелі нарық кезеңінде тыңдарман табыла қоймады. Жырдан гөрі күнкөріске көбірек көңіл бөлді. Неге десеңіз, халықтың жағдайы сондай еді. Қазір халқымыз қарны тойған шағында басқа мәдениет пен музыкаларға үйірсектеп кетті. Дегенмен түбі ақиқат салтанат құрар болса, асыл мұраларымызды жалғастырушылардың шығарына да, тыңдарманның табыларына да бек сенімдімін! Ақылбек Тасқараұлы, Оспан Құлсымақ, Нұрым Асқанов тәрізді жыршы інілеріміз ізімізден еріп келеді. Әлбетте, Светқали Нұржандай, Амандық Көмекұлындай ағаларымыз, Бірдіхан Әлмен секілді бауырымыз осы мәселені қайта-қайта көтеріп, халық жырын дәріптеу үшін Шахмардан Есенов атындағы оқу орнынан кафедра ашуға жұмыстанып жүр еді. Осы кафедра биыл ашылып қалуы ықтимал.

- Уақыт тауып, шынайы әңгімелескеніңіз үшін рақмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар