Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Елдос Тоқтарбай. НАҒЫЗ КЛАССИК!...

02.09.2015 3443

Елдос Тоқтарбай. НАҒЫЗ КЛАССИК!

Елдос Тоқтарбай. НАҒЫЗ КЛАССИК! - adebiportal.kz



Дидахмет Әшімханұлы


Тірі күнінде-ақ, бағы мен бабы қатар үйлесіп, оқырманның шынайы махаббатына бөленер, «классик» дәрежесіне жеткен қаламгерлер некен-саяқ болады. Талантты сөз зергері Дидахмет Әшімханұлы осы қатарға жататын санаулы қаламгердің бірегейі. Оның шығармаларының күретамыры – ұлттық мәселелер. «Ұлттық мәселелер» деген концепция дегеніміз – ел тағдыры, жер тағдыры, ұлттың ұлттық деңгейін айғақтайтын өзіндік ерекшеліктерімен, құндылықтары мен салт-дәстүрі. Міне, осы аталған барлық ұлттық мәселелер – жазушының әрбір көркем шығармасына арқау болды. Оның шығармаларының негізгі тірегі де осы еді. Кез келген көзі қырақты оқырманға төрт бес прозаиктың әңгімесін беріп, арасынан Дидахмет Әшімханұлының шығармасын тапшы десеңіз, әлгі оқырман сол мезетте –ақ оны бірден тауып береді. Сонда оның шығармаларының негізгі ерекшелігі не? Қандай құпиясы бар? Жауап – оның әрбір әңгімесі мен хикаяттары сұлу сөздермен көркемделіп, «Өлең» түрінде оқылатындығы.


Дидахмет Әшімханұлының шығармашылық аурасын толық ашатын бір пікір болса, ол өзінің замандасы, жерлесі, тай-құлындай тебісіп өскен жазушы Әлібек Асқаровтың пікірі: «Дидаш­­тың өзі «романмен айта алмай­­тын шын­дықты бір ғана әңгіме­­мен жеткізуге болады» деп жүру­­ші еді. Мына әңгімелері со­ның дәле­­ліндей болды… Әде­биет сын­шылары «жазушы Әшімхан­ұлы шығармашылықтың жаңа белесіне шығыпты» деп қуанысты. «Қазақ әдебиеті» газеті өз оқырман­дары­нан «сүйінші» сұрап, «Ақшоқы» әңгімесін бірінші беттен бастап жарқырата жариялап жіберді. Дидаш ұлтты ұстап тұратын төрт нәрсені жиі-жиі сөз етіп отыратын. Олар – адамның туған жері, тілі, діні, салт-дәстүрі дей­тін. «Жерді сатамыз» дегенде ол ішкі қарсылығын білдіріп, «Жер аңсаған сары атан» атты хикаят жазыпты. Тіл проблемасы өршіп тұрғанда, орысша білмейтін қаймана қазақтың жас баласының қалаға барып, адасып кеткен бір күнгі хикметін арқау етіп, «Тас­қаланы» дүниеге әкеліпті. «Сары самауырда» қазақтың салт-дәстүрінен біртіндеп айырылып бара жатқанын ашына сөз етіпті. Дін туралы жаза алмай жүреді екен, өткен жылы «Құдайсыздарды» жазыпты. Сондықтан «ұлтымның алдында өзімнің қарызым мен парызымды шама-шарқымша өтеп жүрмін» деп білдірмей мақтанып қоятын. Ғұмыр берсе, әлі де өтей беретінін, көкейін толғандырған көп дүние барын, соларды рет-ретімен жаза бергісі келетінін айтатын. Сыншылар Дидахметтің әңгіме­лерін Бейімбетке ұқсатып жатады. Дұрыс-ақ. Ал оған қоса Дидаш­тың туын­дылары Ғабит Мүсіреповтің ақсүйектігін, биік мәдениетін еске салғандай болады. Сұлу жазды, жеріне жеткізіп жазды. Өзінің шығармашылығына үлкен талғаммен, сөз өнеріне айрықша құрметпен қарады. Сондықтан да аз жазды, аз жазса да, саз жазды. Сөйтіп, сыршыл да сындарлы туындыларды өмірге әкелді. Сондықтан да оның жазғандарына жалғыз сөз сыналап қоса алмайсың, бір сөзін сызып тастай алмайсың. Жазу мәнері тастай, ұқыпты, сырбаз, жинақы. Сөйлем емес, сөзден соққан монолит дерсің. Мен ондай туындыларды мықты кірпіштен өрілген сәулетті әсем ақсарайға ұқсатамын. Немесе мәрмәр тастан қашалған Роденнің көз арбаған сымбатты мүсіндерін еске түсіремін. Мойындау керек, Дидаш қарасөздің мәйегін шайқап ішкен көркем тілдің тарланбозы, тайпалған жорғасы, әрлі стилисі. Ол шын мәнінде «әдебиетті – ардың ісі» санап, туған тілін кие тұтқан сирек қаламгерлер сапында. Көңілі қаншалықты таза, жүрегі қаншалықты ақ болса – сөз өнеріне, әдебиетке соншалықты адал болды. Көркем аудармада да әжептәуір мұра қалдырды. Жасынан Джек Лондонды жақсы көретін, романтикалық табиғатын жанына жақын тартты, содан ба, «Мартин Иден» романын, біршама әңгімелерін қазақшалады. Өзі де алғашқы әңгімелерін өмірден көп қиындық көрген осы жанкешті жазушыға еліктеп жазғаны мәлім. Джон Голсуорсиді аударды. Біз Дидаштың аудармаларын классикаға балайтын едік. Ол осындай аудармалар арқылы әдебиет алыптарынан жазу мәнерін үйренді, шеберлігін шыңдады, өзіне тән жазушылық дара мәдениетін қалыптастырды». Бұл – қазақ әңгіме жанрының көрнекті өкілінің әдеби мұрасына берілген лайықты баға.


Жазған-сызғаны оқырманының жүрегіне жетіп, санасында мәңгілік сақталар өміршең шығарманың авторы неткен бақытты! Ал, мұндай бақыт кім көрінгеннің маңдайына жазылмасы анық. Байқауымызша, өз заманында атағы дүркіреп тұрған қаламгердің көбі о дүниелік болған соң, шығармалары оқылмай, насихаты аз болып жатады. Науқаншыл шығарма болғандықтан ба, әлде, қаламгердің маңдайына жазылғаны сол ма екен, себебі бір Құдайға ғана аян. Шығармасының мәні жойылмас, қанша уақыт өтсе де, қолдан қолға өтіп, оқыла беретін автор бақытына ие хас талант – Дидахмет Әшімханұлы екеніне ешкім күмән келтірмес.

Дидахмет Әшімханұлы

Бұ дүниеге нешелеген ұрпақ келер, уақыт өтер, алмасар... Ал, соларға «Туған жердің», «Туған елдің» қадір-қасиетін ұқтырар, бабадан қалған жерді сатуға, айырбастауға болмайтындығын түсіндірер, тәрбиелік бағыт берер шығарма – «Жер аңсаңған Сарыатан» . Шын мәнінде, кез келген ел үшін атамекен, туған жер қымбат емес пе?!


Жазушы Дидахмет Әшімханұлы «Жер аңсаған Сарыатан» , «Сарысамауыр» сынды классикалық шығармасымен ақ, өзінің болашақтағы ескерткішінің сұлбасын сызып, қалап кетті.



Елдос ТОҚТАРБАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар