Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Елен Әлімжан. Анажар (Роман) - 3

03.10.2018 1921

Елен Әлімжан. Анажар (Роман) - 3

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)

* * *

Әйелдің қолындағы күрегі қайтадан ауыр тартып, қимыл ырғағы жаңыла бастады. Бұл оның өткенін кезіп кеткен ойын қашырып, көңілін қазып жатқан көріне қайта бұрды. Оның тереңдігі тізеден асып, қара санына жетіп, әуелгі қабыршық болып қатқан қара беріштің астындағы боз топырақ енді қара күрең тартыпты. Жамбастап жата кетіп еді, тәніне майдай жақты. Сап-салқын, жұп-жұмсақ, мап-майда, тып-тыныш... Қырдың тырбық шөптерінің тамыры мұнда жете алмай, боз топырақтың тұсында қалып қойған. Мұнда бірен-сараң жанкешті жантақтың ғана тамыры кездеседі. Шілденің өзінде жап-жасыл балауса тартып, қара күздің кезінде нарттанып қуатын бермей тұратын мәңгі жас жантақтың құпиясы да сонда, тамырын тереңнен тартатынында. Анажар да тереңдеген сайын жақындай бермек сол жәннатқа. Бірақ қанша өлермендік танытса да бұдан артық шыдайтын түрі жоқ. Дәрмәні бітіп барады. Өзекті жанға бір өлім екені рас. Алайда өле білу керек, өлген соң көміле білуі керек. Бұл иістеніңкіреп қалған дүниеден жаныңды да, тәніңді де таза алып кетемін десең «бүлінгеннен бүлдіргі алма». Менің көрім адалдан келмеген ақшаға қазылады-ау деген күдікті арқалап кетпе. Анажардың күнәһарлардың қайырымынан шошыма болғаны қашан?! Зәуіммен олармен қол алысып амандасқанының өзінде күнәсі жұғып кеткендей көріп, ұзақ уақыт сол сезімнен арыла алмай жүреді. Тіпті мен осы ауру болған шығармын деп өзін өзі жерлеп ұрсып, ел құсап өмір сүруге ұмтылып та көрді. Болмайды. Пәк, періште жаратылыста тайраңдаған күнәһарларды көзі құрғыр көріп, жүрегі құрғыр сезеді де тұрады. Сезді дегенше сыздай жөнеледі ол жүрек. Бірінен жазылса, екіншісі ауыртып, жүрек ауруынан бұл жарық дүниеде жазылар болмады. О дүниеге барып жай таппаса. Иә, бұл азаптан қара жер ғана құтқарады. Оның бойында іріген-шірігеннің бәрін сіңіріп, алып қайта тазартып шығаратын қасиет бар.

* * *

Халқы құжынаған қаладан қашып шыққандай болса да, Анажар бұл сапарға жүрексініп аттанды. Оң жақта отырып-ақ екі қолы алдына жетпей қалған қызды қалай қарсы алады сандықтаулықтар? Ағаш атқа мінгізіп отырса опақ, тұрса сопақ ете ме, жоқ болмаса ойнап жүріп от басып, басқа барар жері, басар тауы қалмаған пұшайманның басына түскен ауыртпалықты баяғыдағыдай бір жапырақтан бөлісіп әкете ме? Ол жасында көрген сандықтаулықтар сондай еді. Еншісі бөлінбеген қазақтың әр дастархандағы сыбағасы ғана емес, әр шаңырақтағы қуанышы да, қайғысы да ортақ деп түсінетін. Түсінетін де бөлісетін. Бұл күнде заман да, заң да өзгерді. Сандықтаулықтар да өзгеріп кетті ме екен?

Көңілі осылай қанша күпті болса да, не тесік тауып жерге кіріп кетпеген соң, не өз бөлмесін қамал етіп өзгелерден оңашалана алмаған соң Анажардың тірі жетімін тіршілік дүниесіне әкелуі үшін Сандықтаудан артық мекен жоқ-ты. Бұндағылар басына іс түсіп кіріптарлықпен келген жауға да қолұшын созып, құшағын ашатыны, бауырына басып, қауымына алатыны бесенеден белгілі. Таулықтар «кәмелетке толмаған қызды бұндай жағдайға дұшар еткен кім, ата-анасы, мектебі қайда қараған, барлығы жауапкершілікке шақырылсын» деген талаптар қоймайды. Ондай талаптар қойылмаған соң қалада да ешкім «Анажар ауыл мектебіне ауысып кетті» деген тілдей ақпараттың түбін қазып, қоясын қоздырмайды. Сөйтіп, үн-түнсіз кеткен қыздан мектебі де ың-шыңсыз құтылады. Ал, ауыл мектебін бітірген баланың жоғары оқу орнына түсетін бәсі жоғары болатынын білетіндер қайта Далабай пен Таугүлдің бұл тапқырлықтарына тәнті болады. Анажардың барлық қазақ қыздары сияқты біреуге адал жар болсам деген арманының быт-шыты шыққанымен қағазда да, қоғамда да бәрі әп-әдемі болып сипатталды. Тіпті, кісі қызығатындай, өзгелерге үлгі болатындай етіп ұсынылды.

Ал, сандықтаулықтар керісінше үлкен қуанышпен қабылдады. Жалпы мұндағылар қаймана жолаушының келгеніне де қуанып қалатынын Анажар бала кезінен білетін. Сол дәстүрлерінен әлі де жаңылмапты. Анажарды көрші ел арқылы өтетін асулары аласа айналма жолмен вездеход машинасының кабинасына мінгізіп алып келген (өзге жолаушылар қорабына отырды) тері жинаушы кәсіпкер екеуінің құрметіне қой сойылып, бүкіл ауыл мәре-сәре болды. Ал, қонағы аттанарда Бұлақбай жездесі оған арлан қасқырдың терісін тарту етіп, Еңлікгүл әпкесі бір қалта құрт-ірімшік салып берді.

Мейманды шығарып салған соң да сандықтаулықтар Анажардың тайға таңба басқандай көрініп тұрған айыбын сыртынан сөз етсе, еткен шығар, бірақ көзіне айтып, көңіліне кірбің салмады. Өбектеп асты-үстіне түсіп аяушылық та білдірмеді. Ештеңе болмағандай, дәлірек айтқанда болған жайды болғандай қабылдап жүре берді. Келген күннің ертеңінде-ақ мұндағы жұрт қандай тірлік етсе, соны қосылып атқарып кетті. Сандықтауда қыз бала атқаратын жұмыстың ең бастысы үй ішін қанттай қылып жинап, мұнтаздай етіп таза ұстау. Ол қолынан келмесе, «бір үйді дөңгелетіп ұстай алмасаң, ертең келін болып жарытпайсың. Еріңнен таяқ жеп, енеңнен сөз естисің» деп жеңгелері-ақ күніге миын шұқиды да отырады. Сөйтіп барлығы бір кісінің бақылаушысы болып, ешқандай бұлталақ-сұлталаққа жол бермейтін сандықтаулықтардың ортасында салақтыққа да, еріншектікке де орын қалмайды. Еңлікгүл әпкесі Анажардың жағдайына қарап жеңілдік бермеді. Анажар да көп жыл қалада жүріп ауыл үйдің жұмысын ұмытып қалдым, оның үстіне жағдайымды түсінбейсіңдер ме, дегенді қабағымен еш танытпай қолынан келгенше қыбырлап істеп жатты. Ол үшін үй жұмысы еш таңсық емес-ті. Тек оттың тамызығын тез тұтата қою, қазанды тасытып алмай баппен қайнату сияқты бұрын істеп көрмеген жұмыстары біраз қинағаны болмаса, қалғанын дөңгелетіп-ақ әкетті. Тіпті әпкесі таңғы бие сауымынан қолы тимей жатқанда үйде су таусылып қалғанын көріп, екі шелекті ліпілдетіп тұрып су алып келген, келе сала оны сегіз литрлік сары самаурынға құйып, сүт пісірім уақытта сақырлатып қайнатқан, қайнай салысымен тік көтеріп алып, дастарханның қасына дік еткізіп қоя салған кездері де болды. Ондайда әпкесі самаурын оттығынан шығатын түтіннің әбден басылғанын күт, өйтпесең отырғандарға иіс тиіп қалады, дік еткізбей жайлап қой, қыздың қимылы жібектей есіліп тұруы керек деген ескертпелерден өзге ештеңе айтпайтын.

Дегенмен, уақыты жақындаған сайын Анажардың жүрек түкпірінде тағы бір күдік күш алып келе жатты. Енді оның көңілін қайда босанамын, кім босандырып алады деген сұрақтар күпті ете бастады. Әлгі екі шелек суды ліпілдетіп толтырып әкелу, сегіз литрлік самаурынды дік еткізіп қоя салу сияқты әрекеттері өзінің осы әрі-сәрі халіне үлкендердің назарын аудару амалы болатын. Еңлікгүл әпкесінің де, басқалардың да екі қолы алдына жетпейтін әйелдің соншама ауырлықты көтергенін қалыпты жағдайдай көріп селк етпегені оның ептеп жынын да келтіре бастады. Қала көрген, оқыған қыз ол жақта өзі сияқтылар шарана бойына бітер-бітпестен дәрігердің алдын босатпай қайта-қайта келгіштеп, екіқабат әйелдің қалай жүріп-тұратындығы жөнінде ұзын-сонар ақыл-кеңес тыңдайтынын, тіпті баланы «сақтау» үшін ауруханаға да жатып алатынын жақсы білетін. Ал, мұндағы ең жанашыр деген әпкесі болса, ауырды көтерме деп тыйып тастаудың орнына қыз ауырлықтың өзін сәндеп көтеріп, сәндеп қоюы керек дейді. Олай етуге Анажардың ақылы жетпей жатқан жоқ, бойы онсыз да ауырлап жүргендіктен шамасы жетпей жатыр. Әпкесі соны неге сезбейді? Әлде түсік тастағанын қалай ма? Шынында да қайдағы ауыр-ауырды көтеріп, қажет болса қатты-қатты секіріп бойындағы бөлекті түсіріп тастаса қайтеді? Дәрігердің қолынан келмеген өз қолынан келсе, күнәсінің куәсінен арылып, жаны да, тәні де жеңілдеп сала бермей ме? Одан кейін азаттық! Ар азаттығы!

Арлы-берлі алып қашқан бұл ойды артынша басқасы кимелейді. «Сенің бойыңдағы жәй ет емес, бауыр етің – балаң, ол өмірге анам деп келіп, анам деп өмір сүреді, демек сен де оны балам деп өмірге әкеліп, балам деп өмір сүруің керек» дейді. Бұны істей алмасаң күнәден арылам деп одан әрі күнәға батасың. Арыңның алдында да, Алланың алдында да айыптың көкесі сол болады»

Қосақталып жарысқан қос ойдың қайсысына тоқтайды? Оны кіммен ақылдасып, қалай жүзеге асырады? Алдынан осы сұрақтар шыққанда Анажар енді таулықтар түк болмағандай жүре бермей, пұшайман халіме назар аударса екен деп тіледі. «Мен мынандаймын» деп өзі айтпай, «сен мынандайсың» деп олар айтпай сыпайылық сақтап жүргенде айы-күні жетіп, тағы да абыройсызданып қалатындай көрінді оған.

Бірақ, бұл «сыпайылықтан» әпкесінің «сыпайылап» аттап қойғанын Анажар әуелгіде байқамапты. Байырқаласа бұның атқаратын шаруалары азаймаса да өзгеріпті. Енді ол бір мезгіл қозы-лақ жаятын болды. Жайды деген аты ғана. Әйтпесе, тізеден асатын шалғынға малтыққан уақ малдың төлі үй іргесінен алысқа ұзамайды, мамырлап жатады. Есесіне Анажар қыркүйектің қызуын денесінен өткізіп, таудың таза ауасымен өкпесін тазалап біраз рахатқа батады. Көп ұзамай қозы-лақ та көп бұлақтың жақынынан аққан жылғасының басына жиылып жусайды. Таза ауада әрі-бері жүріп, бойын сергіткен Анажардың да жұмысы осымен тәмамдалады. Бұл үйге келгенде су әкелініп қойған болып шығады. Тіпті дастархан да жасалып, оның қасында сары самаурын сызылып тұрады.

Ал, бір күні үйге бұл өңірге әйгілі Тәтіқыз тәуіп келді. Анажар алдына бармағаны болмаса бала кезінде оның есімін талай естіп, өзін көрген-ді. Емшінің алдына барған аурудың дертін дәл табатындығы, оны қайтару үшін таудың неше түрлі шөптерінен түрлі ерітінді-қорытындылар, ұнтақтар мен шай жапырақтар жасап беретіндігі, соны ішкен адам құлан-таза жазылатындығы, ойдан да, қырдан да ем қонбайды деген небір науқастар аяғынан жүре алмай келіп, емші үйінде апталап-айлап жатып, ем-домын алған соң аттай шауып кететіндігі туралы әңгімелер бір басылмайтын. Одан қала берсе, осынау қалақтай, қағылез кемпірдің Тәңіртауда қанша өсімдік болса, соның бәрінің қасиетін білетіндігін, оның ішінде қажеттілерін өзі танып, таудың небір қия-құздарынан мысықша басып жүріп теріп әкелетіндігін аузынан суы құри айтып отыратын сандықтаулықтар.

Міне, сол біржапырақ қара кемпір өз аяғымен келіп, Бұлақбайдың табалдырығын аттап отыр. Анажар бала кезінде Тәтіқыздың әйелдерді босандырып алатынын да естіген. Тіпті екіқабат әйелді алдын ала келіп бақылауға алып, іштегі баласы теріс жатса, сыртынан сипалап отырып оң жатқызатыны, ал ондай құдіреттің бұдан өзге емшінің қолынан келмейтіні туралы аңыз-дақпырт та екі елдің қоныстас малшыларына мәлім болатын.

Сондықтан да тәуіп келгенде Анажардың күпті көңіліне үміт кіріп, ұмсынып отырды. Бірақ, қалақтай қара кемпір бұның амандығын алып тұрғанда туралап бір қарағаны болмаса, қайтып назарын салмады. Еңлікгүлмен әңгімелесумен болды. Ал, Анажар болса, екеуінің әңгімесі қашан таусылар екен, емші маған көңілін қашан бұрар екен дей-дей шәй де ішілді, дастархан да жиылды. Бірақ, Еңлікгүл мен тәуіптің әңгімесі бір таусылмай қойды. Әйтеуір бір кезде әңгіме Анажардың әжесіне ойысқанда ғана тәуіп «Ақтілеудің қойнында өскен бала жаман болмайды» деп екі қолын жерге тіреңкіреп отырған Анажарға жүзін бұрды. Жүзін бұрды да «қане қасыма келші балам» деп мұны жақындатып алған соң алдымен тамырын ұстап, одан әрі жатқызып та, түрегелтіп те ішін сипалады, арасында алақанын бірер жерде жылжытпай ұстап тұрды.

Тура үкіметтің дәрігері құсап, тілін аштырып та көрді. «Баланың жағдайы жақсы» деді содан кейін. Бірақ бұдан былай күтініп жүргені жөн. Не, қалай күтінуді бала туып жүрген өзің менен жақсы білесің.

Еңлікгүл әпкесі «күтінгені дұрыс қой, күтетін мезгіліміз қашан?» деп нақтылағысы келіп еді, тәуіп кемпір «Құдай қаласа, айы-күні қыс шілденің басында толады» деп сеніммен айтты.

«Дәрігерге босандырамын десеңдер осы бастан ойға түсіресіңдер» деп қосып қойды содан кейін. Айтып тұрғаны рас, тауға қазан келісімен-ақ қар түсе бастайды. Ал, қарашада жауған қар ерімейді. Бірінің үстін бірі басып, қасаңданып жата береді. Содан қатқақ көктемді өткізіп барып, жазғытұрым ғана жүзін жіпсітіп, белін босатады. Міне, сол кезден бастап көбесі сөгілген қар, ағыл-тегіл болып ағады.

Бұл екі арада алты ай қыс өтеді. Ол алты ай қыста таулықтар ешқайда қатынамайды. Өздерін де ілуде бір жанкешті біреу болмаса, ойдан ешкім іздеп келмейді. Тауды тұрақты мекен ететін сандықтаулықтар іргесіндегі Қарақыстаққа қар түспей көшіп, сондағы өздері іргетасын тастан, қабырғасын қам кірпішпен қалап, төбесін нарқамыспен жапқан үйлеріне кіріп алады. Мұнда отын мол. Таудың шатқалдарындағы өмір бойы қол тимей жатқан шірік, томар ағаштардың шеті де кертілмейді оларға.

Жан-жағын биік таулар қоршап, қазаншұңқырға ұқсап жатқан бұл мекеннің ерекшелігі мұнда қар көп жатпайды. Тез еріп кетеді. «Қарақыстақ» аталуы да содан. Оның себебін біреулер күн шығыс жағындағы шың-құздың аласалау келіп, беткейіне күн сәулесі тез түсетінінен көреді. Екіншілері бұл ойпаңда ыстық су көздері де кездесетіндіктен топырағы жылы, қарды астынан ерітіп көп жатқызбайды деп есептейді. Бірақ, адамдар қанша ғалым болып кетсе де, табиғаттың қай тылсымын ашып тауысып жатыр. Бұның да ақиқатын бір Алла біледі. Әйтеуір айнала ақ қар, көк мұз құрсанған шың-құздардың қақ ортасында бүкіл жердегіні көтеріп әкетердей болып жойқын епкінмен соғатын дүлей желдің өтінен қағаберісте жатқандықтан ыссылағандай желбегейін жадағай жамылған қазаншұңқыр адамға да, аңға да таптырмас қыстау. Жел арқырамаған соң аяз да көп ақырып-шақырмайды, шыңылдап келіп, шымшылап қана қысады. Сондықтан осынау оймақтай өріс-қонысты паналағандар көп бүрсең қаға қоймайды. Отын-суы мен азық-түлігін ерте бастан қамдап алып, күнделікті тірлігін күйттеп жата береді. Бірақ, тауда бала босандыратын дәрігер тұрмақ, дәрі-дәрмек беретін фельдшер де жоқ. Тауда Тәтіқыз тәуіп бар. Ауырғанды емдейтін де, ананы босандыратын да сол. Анажардың бойындағыны біліп, оны алдын ала бақылауға алу үшін, ал алда-жалда бұның босандырғанын қаламайтын болса, ертерек ойға түсіріңдер деп дер кезінде ескерту үшін келіп отыр ол. Бұдан өткізіп алса, жол жабылып қалады.

Бірақ Анажардың жөні бөлек еді. Оны сол дәрігері де, басқасы да жеткілікті жағдайлы ортадан жылыстатып жіберді мұнда. Демек, оның ата-анасы да тәуекелге барып, қыздарының тауда тәуіптің бақылауымен босануын қалады. Әпкесі Еңлікгүл мен жездесі Бұлақбай олардың айтқандарын екі етпей орындамақ. Ал, «айыпкер» Анажардың қалауын сұрау олардың ойына да келген жоқ.

Сонымен Анажар шаранасының жағдайын және қай мезгілде босанатынын біліп, көңілін бір демеп алды. Оның үстіне, тәуіптің «Ақтілеудің тәрбиесін көрген қыз өзі де тыныш отырмас, дегенмен тым үбектеп үй тірлігінен көп шеттетпеңдер» дегені де көңілінен шықты. Өйткені бәрі шектеулі, бәрі өлшеулі мына тар дүниеде үй тірлігінен асқан алданыш жоқ-ты ол үшін. Енді жаздыкүнгідей үйден ұзап шыға да алмайсың. Қаладағыдай таза ауа іздеп сарсылмайсың. Табалдырықтан сыртқа аттасаң жетіп жатыр. Таза ауаның бір тойымшылығы болса, сол тойымшылық осында. Қыр адамының бір қызықшылығы болса, ол да осында. Бұл күнде тоқкенттіктер көп бөлене алмайтын табиғатпен болмысы бір екенін сезіну қызықшылығы. Табиғаттың өз өмірі бар. Сол өмірді бірге сүру қызықшылығы. Жаратылыстың өз заңы бар, сол заңмен үйлесім табу қызықшылығы.

Міне, сол үйлесімге енген сандықтаулықтар адаммен емес,табиғаттың дүлейімен күреседі. Адамды емес, ептеп аң-құсты өлтіреді. Олар бала тууды шектемейді. Бірақ көбеймейді. Ұрпақтарының көбісі ұядан ұшқан соң Тәңіртаудың шыңдарын асып кетеді де қайтып оралмайды. Ал, Тәңіртаудың аржағындағы қайнаған өмірді тәрк етіп, мұнда келіп тұрақтайтындар ілуде біреу.

Бұл тұрғыда сандықтаулықтарды өмір сүру нормалары өзгелерден өзгеше өзіндік бір секта деуге болады. Бір қызығы бұл сектаның құрамында бір Құдайдың ғана құлымын деп есептейтіндерден бастап, коммунизм деп аталатын жер бетінің жұмағын орнатамыз деген Ленин мен Сталиннің ісі үшін жанын құрбан етуге даяр болған кешегі құдайсыздар да бар. Құдайы барды да, жоқты да таудың қуысына әкеліп тыққан тоқ қалада әділдік пен адамдықтың жиі-жиі ауытқи беретіндігі. Ауытқи беретіні жер бетіндегі бастапқы бала жұмақты місе тұтпай, қала жұмақ орнатамыз дегендердің бір тоқтамайтын жарысы жертірліктерді қанағатынан айырып, «тәбетін» тежей алмайтын күйге жеткізгендігі.

Олардың өршеленген ізденісі, өрмелеген биігі, орнықтырған өркениеті, бәрі «тәбетіне» тәуелді. Сол «тәбеті» тоқкенттіктерді асау атты ерттеп мінгізіп, оны автомашинаға, автомашинаны ұшаққа, ұшақты ғарыш кемесіне алмастырды. Бірақ, қанағатсыз пенде дүниеге қанша көміліп отырса да жұмақты сезіне алмайды екен. Жұмақты сезіне алмайтыны үнемі дүниенің бірі кем көрінеді де тұрады. Сол кемді түгендеймін деген көңілі жанын жай тапқызбай дүние-көкпарды тартқыза береді,тартқыза береді. Ал, көк серкеге таласқандардың делебесі қозатыны сонша алдынан жар кездескеніне қарамай шабады. Ажалы жетсе, сол жарға құлап өледі, жетпесе ырғып арғы бетіне өтеді. Осылай өзін аямаған, өзгені де аямай, қарсы шапқанды қағып өлтіретін кезі де көп болады немесе мертіктіріп кетеді. Мұның ақыры ұрыс-керіс, ұлы шайқасқа ұласып жататындықтан жұмыр жер дүние-көкпар тартқандарға еш уақытта жұмақ бола алмайды. Сонда да олар сандықтаулықтар сияқты бала жұмаққа қайтып оралғысы келмей, қала жұмақты қалайда орнатамыз деген сеніммен дүние-көкпарын бұрынғыдан да өршелене тарта береді, тарта береді. Тарта берген соң қағып кету, соғып кету, жұлып кету де бір тыйылмайды. Оны тыямыз деп тоққалалықтар неше түрлі ережелер ойлап тауып, құлаш-құлаш заңдар шығарып шатшәлекейі шығып жатады. Бірақ оның бәрі ашылған аранға ем болып еш қонған емес. Ал, емделмеген аранда қанағат болар ма еді? Болмайды. Қанағат болмаған соң ешқандай пәтуа да болмай, тәбет шіркіннің «тентектіктері» мен «еркеліктері» қайталана береді, қайталана береді. Сол тентектіктерді тыямын дей-дей түрлі заңдар мен ережелер үсті-үстіне қосыла береді, қосыла береді. Түбінде тәбетін тыя алмаған жертірліктілер ақырзаманның топан суы қаптамай-ақ өз заңдарының нөпіріне көміліп қалатындай көрінеді Анажарға.

Ал, сандықтаулықтар болса, өркениеттің зуылдаған зымыран жылдамдықты көш-көліктерінен түсіп қалып, атам-заманғы терімшілер мен аңшылардың ескі жұртында қалып қойған қимасына қайтып оралғандар еді. Ол қимасы бар болғаны Homo sapiensтің балалық шағы екенін еш мойындағысы келмей, адамзатына Құдайдың о баста көрсетіп берген жолын біз ғана ұстанып жүрміз деп құлай сенеді өздері. Сол сенімдегілер үшін бір-ақ заң бар. Ол – ар-ұят. Болды. Күнкөріс тірліктерінің, бір-бірімен қарым-қатынастарының барлығының тұғыры сол. Ар-ұяттары әділдіктен аттауға да, адалдықтан айнуға да еш жібермейді. Сондықтан да сандықтаулықтар үшін бау-шуы ішекше шұбатылған ұшы-қиырсыз заңдарыңның түкке керегі жоқ. Сандықтаулықтардың көбі-ақ заңмен реттелетін өмірді көрген, бірақ төзе алмай осы «қара қыстақты» қара тартып келген. Келген де жан жұмағын сезінген. Сезінген соң «тойымсыз тән жұмағың өзіңе» деп осында, біржола қалып қойған.

Ботасын бөтеннен қызғанатын інген құсап, босануға оңашалық іздеп Сандықтауға бошалап келгенінде Анажардың да тынысы бірден ашылып сала берген. Тіпті, қыс түсе айнала көк сүңгі шыңдардан өзге ештеңе көзге шалынбайтын Қарақыстаққа көшіп алған соң да, дүниенің тарлығын сезінбеді.

Қайта дүниенің бұл тар қуысынан ол асулар асып, адамнан қашып іздеген оңашалығы мен тыныштығын тауып, нағыз ойдағы өмірдің есеңгіреткен соққысынан есін жиды. Ал, келгелі көңілін күпті қылып жүрген «қалай босанамын», «кім босандырады» деген сұрақтар шешімін тапқан соң жаны одан әрмен жайланып, жан-жағына пайыммен қарай алатын болды. Оның сәби есі алғаш Сандықтауда кіріп еді. Санасында сақталып қалған сол суреттерді парақтаса оның есіне ауыл болып жиылып отырып аңыз-әңгімелер, ертегілер, тыңдайтын қысқы түндер, алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнайтын жазғы кештер түседі. Бірақ ол кезде ойын баласы болғандықтан да түздіктердің тірліктеріне көп мән бере қоймапты. Желі басындағы бие сауып, қой сауып, киіз, текемет басып, алаша, түскиіз, кілем, кесте тоқу, күбі пісіп, май шайқау, сүзбе жиып, құрт жасау сияқты әйелдердің тынымсыз тірлігі ғана есінде қалыпты. Ал, түздің ер-азаматтары қайда барады, не істейді, ол туралы өз ауыздарынан естігені болмаса, көзімен көп көре бермепті. Тек көктем шыға олардың ауыл іргесіне жылқыларды иіріп қойып, тай-құнандарға құрық салатыны, балалардың сол асаулармен арпалысып жүріп үйрететіні жадында жақсы сақталыпты. Үлкендер асауды құлағынан басып тұрғанда үстіне қарғып мініп, жалынан тас қып ұстап алған балалар тай-құнанның тоңқығанына, мөңкігеніне қарамастан кенедей жабысып арқасынан бір түспей қояды сонда. Түсіре алмаған асау «ал ендеше» деп айдалаға алып қашады. Үстіне жабысқан кене-балаға да керегі сол, «шапсаң шап» деп қамшыны одан сайын басады. Ақыры өкпесі өшіп, әбден діңкелеген асау оның дегеніне көніп, айдауына жүріп жуасиды.

Бұлақбай жездесінің қыста да атына мініп, таңертең кеткеннен түннің біруағына дейін келмей қоятыны есінде. Есінде болатыны әжесі, әпкесі бәрі аядай үйге жарығы әрең жететін жетінші шамның айналасына үймелеп отырып, ер-азамат аман-есен келсе екен деп тілеуін тілейтін. Қанша ық десе де Қарақыстақта да жел тұрады. Бұрымша бұлғақтаған бұраң бел өзеншелердің бұралаң аңғарларымен бұралып өте ме, әлде аспандап барып өркеш-өркеш шыңдардың арасымен айналып жете ме, әйтеуір жол табады.

Бірақ, даладағыдай тау жапырар екпінімен әлемді әлем-тапырық етпей, тал-дарақтардың төбесін гуілдетіп, қамыс-бұталардың басын суылдатып, әлі қасаң тарта қоймаған ұлпа қарды жаяу борасындатып, ең күшейгенде бұрқасындатып қана қояды. Соның өзімен-ақ малды ықтырып әкетпесе де, бір-біріне тығылып ықтауға мәжбүрлейді. Ал, ат үстінде жүрген түз адамы қонышы тізесінен асатын саптама етігінің сыртынан сырт киімінің етегін қаусырынып, түлкі тұмағының бауын алқымының астынан шарт байлап алуына тура келеді. Сонда белдік буған беліне де, қымталған құлағына да аяз-жел өтпейді. Осылай, малды да, жанды да қамдандырғанымен қапысыз қалдыра қоймайтын қысқы борасынның үніне Анажар құлағын көп тігетін. Әлі үйіне жете алмай келе жатқан жолаушыны күткендіктен де тосады. Бұлақбай жездесі қамшысының сабымен терезені тық-тық еткізіп қаға қалса, естімей қалмайын, түзден түтігіп жеткен отағасын күттірмей, есікті лезде аша қояйын деп тосады құлағын. Бірақ Бұлақбай жездесі жуық арада келе қоймайды. Келмеген соң терезені де тықылдатпайды. Есесіне Анажардың құлағына осынау қысқы түнде басқа дыбыстар жетеді. Ол дыбыстар қамкөңіл қыздың көңіл-күйімен астасып, бірте-бірте сазды сарынға айналады.

Домбырашы жел тау пернені бірде төкпелеп, бірде шертіп қағып, сол сарынды сан құбылтады. Тәңіртаудың шыңдарын шың-шың еткізіп шыңылдатса, ақ қар-көк мұзын сып-сып еткізіп суылдата жөнеледі. Содан әрі жайыла қаптап келіп, мың тарау бұлақтар тоқайласқан бір арнаға кептелгенде бүкіл аңғарды кернеп, ағын судай арқырайды. Жолай жолыққан қалың қарағайлардың қойнына кіре алмаса да сыртынан суылдап, арша-шыршалардың қылқандарын сыбызғыша сызылтады. Анажардың аңсаулы жүрегі осылай қабылдайды ол сарынды. Ішінде сұқсыр суылдап, сәби шырылдап, ит ырылдап, итқұс ұлып, сайтан сақылдап, адам аһылап мың құбылған бұл сарын айналып келгенде үлкен бір күрделі күй болып шығады. Дала күйі..., жоқ Тау күйі, екеуі де дәл емес, ең дұрысы Түз күйі. Түз бен түздіктің көңілі астасқан, мұңы мұңдасқан күйі.

Түз адамы жарық дүниеге келгелі Көкті – Жаратқан құдіретім, Жер-Суды – Жаратқаным-анам деп таниды. Рух – Көктен болғанда, Күш – Жерден. Көк құдірет Нұр шапағатын төгіп, Рух берді, ал Жер-ана бауырына басып, төсін ашып емізіп, күш береді деп түсінеді. Олардың бұл жарық дүниедегі бар «жазығы» сол танымынан айнымай келе жатқаны. Ол танымынан айнуды – ата-анасын мойындамайтын астамшылық, ал астамшылықтың ақыры жаманшылық, ондай опасыздар Көктің қаһарына, Жердің наласына ұшырайды деп түсінетіндігі. Сол түсінікпен әлімсақтан бері Көктің нұрына шомылып, Жердің байлығына көміліп отырса да, Ойдағылар сияқты опырып-жапырып жемей, «татып» қана жейтіндігі. Ал, Ойдағылар олардың тойып емес, «татып» жейтіндігін жетілмей, табиғатқа үнемі тәуелді болып қалған дәрменсіздігінен деп түсінеді. Иманы барлары аяйды, иманы жоқтары оларды пайдасы жоқ, артық ауыз санап, жер бетінен жойып жібергенді жөн көреді.

Мұның бәрін оқып, көкірегіне тоқып өскен Анажар Сандықтауға осы келгенінде әрқилы кітаптар санасына тықпалаған бұл түсінігін тас-талқан ететін жағдайды көріп қатты таңғалған. Таңғалып тұрып, жауап таппай тосылған.

Басқа түздіктерді білмейді, тап осы сандықтаулықтардың көбісі дерлік ойда туып, сонда өсіпті. Тіпті әжептәуір білім алып, техниканың құлағында ойнағандары, қызметтің дәмін татқандары да бар екен. Сонда оларды озық ойлы адамзаттың бар өркениеттік жетістігі тұнып тұрған қалың елдің ортасынан бездіріп, таудың қуысына әкеліп тыққан не құдірет?! Астынан су шыққандай болып, жылы орнынан неге жылжыды? Мынау адам аяғы сирек басатын тағылар мекенінен не тапты?

Міне, осы сұрақтардың сыры бойжеткенін білмей жатып бойына бітіп келген шағында біртіндеп, біртіндеп ашыла бастады.

Барлап байқаса, әрбір сандықтаулық мұнда тұрмыстың түрлі-түрлі тауқыметімен келсе де, түп себебі бір екен. Барлығы да қоғамдарының Заңдарын «бұзыпты». Ал бұзған себебі қоғам Заңдарында не Жаратушының, не Жаратылыстың керек болса, елдің ежелден келе жатқан ескі дәстүр-салт заңдарының бірі ескерілмепті. Анасының, әкесінің бауырында ата-баба дәстүрімен Алла деп тәрбиеленген бала ересек тартқанда мүлдем кереғар жағдайға тап болыпты.

Естуінше Бұлақбай мен Еңлікгүлдің «айыбы» әпкесі 18-ге толмай жатып үйленіпті. Ал, он сегізге толмай үйлену заңға қайшы. Атадан балаға мирас болып келе жатқан Тәтіқыздың тәуіпшілігі де заңның алаяқтықпен елді алдап ақша табу деген бабына жатыпты. Ал, Алдаш аңшының елден жылыстап кетуінің себебі есіне түссе, әпенде әйел қазір де қатты күйінеді. Тіпті, қорланады. Алдаш ата аң-құстың қорықшысы болып жүріп, ақбөкендерді автокөліктерімен қуалап қырғандарды ұстайды. Ұстайды да актілейді. Сөйтсе, ол ұсталғандары Тоқкенттің мықтылары екен. Бұл «бөкендерді» қайта Алдаш қырды деп кері актілеп, қорықшыны отырғызып қойыпты. Олардың жазасын тартқызбақ түгіл өзінің басын арашалап ала алмай бір-екі жыл түрменің дәмін татып келген Алдаш ата бәрінен түңіліп, осы Сандықтауға шығандап шығып кетіпті. Тоқкент жақтан көшіп келген өзге сандықтаулықтардың да жылы орындарынан жылжыған себептері осындай болып келе береді. Бір сөзбен айтқанда барлығы да қоғамның заңына үйлеспей қысым көргендіктен көшіп кеткенді жөн көрген.

Ал, Сандықтауда тек Жаратушының заңы жүреді. Мұндағы табиғат та, аң-құс та, адам да сол заңмен тыныстап, сол заңмен өмір сүреді. Сол заңның төрелігіне мойынсұнады.

Сандықтаулықтар таудың ұшар басындағы мөп-мөлдір суларда ғана өмір сүретін шұбар жон форель балықтар сияқты ешкім былғамаған саф ауа жұтады. Ешқандай химиялық қоспасы жоқ табиғи тамақ жейді. Әділдік пен адалдықтан айнымайтындықтан олардың жандары да таза. Сондықтан да олар әлдеқалай иіс-қоңыс сезсе, мазалары кетеді. Сол иіс-қоңысты жер бетінде жұмақ орнату үшін шығарып жатқан тоқкенттіктерге өкінішпен қарайды. Қан сасыған жер жұмағының жағымсыз иісін сездірмеймін деп иіссу, иісмайлардың түр-түрін ойлап тауып, соны жабыла жағынып, үнемі жұпар иісті болып көрінгісі келетінін құр әурешілікке балайды. Өйткені іріңі індетіп тазаланбаған жараның жазылмайтыны сияқты жан-дүниесі былғанғандардың да ішінен шыққан жағымсыз иісін сыртына жаққан иіссу, иісмайлары біржола жоя алмайды. Сандықтаулықтар мұны жақсы біледі. Білгенімен қолдарынан келгені өз жандарын арашалап қалғаны. Басқа әрекетке дәрменсіз.

Анажар Бұлақбай жездесі кешіккен қысқа кештерде тыңдайтын «Түз күйінен» таулықтардың осы көңіл-күйіне табиғаттың сарыны да сай келетінін аңғарды. Түздіктер мен табиғат қосылып, бір жырды жырлап, бір мұңды мұңдайды екен. Сұқсұр сұңқылдап, сәби қыңқылдап, ит ырылдап, итқұс ұлып, сайтан сақылдап, адам аһылап кететін бұл ұлы сарынның ұзына бойында өтелмейтін өкініш жатыр екен.

Ол – адамдардың жер бетінде әділеттік орната алмай келе жатқанының өкініші.

Табиғат ана бауырындағы перзенттерінің қағынан жеріп қатыгез болып кеткеніне күңіреніп, өксіген осы сарыны арқылы шығарады екен. Сол сарын сергек саналы, сезімтал жүректі перзенттерінің құлағына тисе, қағынан жерігенін қойып, қанағатына келер деп үміттенеді екен. Алайда адамдар табиғаттың Ұлы сарынын ұғу қабілетінен айырылғалы қашан?!

Ілуде біреуінің құлағына ұлы сарынның үзігі әлдеқалай жете қалса да, адамдар оның мән-мазмұнын түсінуге талпынбастан жәй бір физикалық құбылыс ретінде қарап, сол құбылысты зерттемекке, зерттеп алып күреспекке, жеңіп алып адамзаттың «игілігіне» асырмаққа алуан-алуан жобалар жасап, орасан-орасан құрылыстар салады. Оған қаржы мен материалды қайдан алады дейсіз ғой? Тағы да табиғат анасына қол салады. «Берсе қолынан, бермесе жолынан» деп қолын бір салғанда мол салатыны сонша бар әлемнің иесінің өзі қанағаты кеткендерді «жазалап» тәубесіне келтіріп қоюына тура келеді. Сөйтіп, табиғаттың Ұлы сарыны ұлы алапатқа ұласып, аспан тесіліп, жер сілкініп кетеді.

Адамдар ондай апаттармен күресіп, жеңудің тәсілдерін табуға тағы да ең озық ойларын жұмсайды. Бұрынғыдан да күрделі жобалар жасап, құрылыстар салады. Сөйтіп, табиғатты «жеңіп» өздеріне жайлы жағдай тудыру проблемасы олардың ойын да, ділін де бір босатпай үнемі құлқынын тесіп, алдарынан шығады да отырады. Мұндай кезде «Түз күйін» тыңдау мүмкін бе? Тіпті ондай күйдің бар екенін сезінуі мүмкін бе? Сезіне алмаған соң сезінетіндердің сөзіне сенуі мүмкін бе?

Бұлақбай жездесі кешіккен қысқы кештерде түздің ұлы сарынын тыңдай отырып Анажар осындай сұрақтарға ұшырасады. Ұшырасады да өзі де жауабын кесіп бере алмай екіұштыланған күйде қалдырады. Түздің Ұлы сарынына адамдар әлі-ақ құлақ асады дейін десе, сонда мың-миллион жылдар бойы не бітірді деген сұрақ көлденеңдейді. Әйтеуір пиғылын түзеп, бәтуаға келуіне уақыты жетпей қалды деп айта алмайсың. Ал, жер бетіне басқа бір адамдар келмесе, бұл адамдардан қайыр жоқ, бұлардың көкірек көздері көр болып көміліп қалған дейін десең, әрқайсының-ақ ұлы мұрат етіп ұстанғаны – жұмақ. Тек, о дүниедегі емес,бұ дүниедегі жұмақ. Тіпті қайыр беруден бастап, бүтін бір халықтарды жойып жіберетін жойқын соғыстарға дейін отбасының, Отанымның, тіпті күллі адамзаттың игілігі үшін істеп жатырмын дейді. Қарапайым халық соған сенеді, соңынан ереді. Ал, Анажардың көңіліне күдік кіргелі қашан?! Енді ойлап қараса, таудан төмен түсіп, ойлықтардың өмірімен етене араласа бастағанынан-ақ басталған екен ол күдік. Сол кезден-ақ ол адамдардың қарым-қатынасынан жасандылық көріп, сөзі мен ісінің арасында алшақтық жататынын байқапты. Мәселен, қалаға алғаш келген қыз ішімдік пен темекіні өлердей жек көрді. Тіпті иісіне төзе алмай ондай адамдардың қасына да отыра алмай, талай тұрып кеткен кездері де болды. Ішімдік пен темекінің зияндығын мұғалімдер де шәкірттерінің құлағына құюдай-ақ құятын. Қанша жұмыс басты, қонақ басты болып жүрсе де, жексенбі күнгі жайдары әңгіменің арасында анда-санда болса да бұл тақырыпты әке-шешелері де қозғап қоятын. Ал, мемлекеттің өзі болса, темекі мен ішімдікке, есірткіге қарсы жиі-жиі шаралар өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын бір үзген емес. Ес білгелі сондай шаралардың куәсі болып келе жатқан Анажар есейе келе өзі үшін керемет бір жаңалық ашты. Қарап отырса, жастарды жирендіруге тырысып, жабыла жұмыс жүргізетін ұстаздары да, ата-анасы да арақты тіпті де жек көрмейді екен. Қайта құрметті асы ретінде дастарханның төріне қойып, сыйлы мейманымен сұхбат құрып отырып ішуді мәртебе көреді екен. Ал, ішімдікпен күресті күн тәртібінен бір түсірмейтін үкіметтің өзі болса, оның көп ішілгеніне мүдделі екен. Өйткені адамдардың денсаулығын қорғайтын дәрігерлерге, балаларға білім мен тәрбие беретін мұғалімдерге, тіпті үкіметтердің өзіне де жалақы осы арақ-шараптан түскен қаржыдан беріледі екен. Демек арақ-шарап неғұрлым көп сатылса, соғұрлым жалақы мол болмақ. Адамдар қоғамның осынау бір екіжүзділігін мектепішілік ғылыми конференцияда жерден жеті қоян тапқандай болып баяндағанында тіпті директордың өзі шошып кетті. Кейіннен бұл жұмысты қалалық конференцияға ұсындырмай қойыпты. Ойы тым «таудан түскендей» екен депті ол. Соны естігенде Анажардың ренжігенін ауызбен айтып жеткізу қиын-ды. Адамдарды жұмақтан жерге түсірген «Әзәзілге рахмет» деп әзілдегенінде ол әжесінен басқа ешкімді де шошытқан жоқ-ты. Шошытуы мүмкін де емес-ті. Өйткені оның бұл сандырағын әжесінен өзге ешкім де тыңдаған жоқ-ты. Тіпті тыңдай қалса да, оған мән бермейтіні айдан анық-ты. Өйткені олардың күн тәртіптеріне қойып алған күнделікті кезек күттірмейтін шаруалары шаш-етектен болып жатады да, Анажар сияқты ойын баласының ойында ойнақтай бастаған әзәзілді оңайлықпен аңғара қоймайды. Үлкендерге көрінбейтін шайтанмен күрескеннен гөрі асқазаны күнде тілейтін тамақты тауып жеудің машақаты әлдеқайда маңызды болып көрінеді.

Ғылыми жұмысы қалалық конференцияға өтпей қалғанында ол ең алдымен өзіне ренжіген. Ата-бабаларымыз он үш-он төртінде дүйім жұрттың алдында билік айтып, дау шешкен, ал мен болсам 15-16-ға келсем де сөзімді ешкімге тыңдата алар емеспін деп қиналған сол жолы. Қиналған да, жетімсіреген жүрегі көңіліне демеу болар ақ періштесін бұрынғыдан да күшті ынтызарлықпен іздеген.

Сол ақ періштесіне деген көңілі бір суыған емес. Отқа ұмтылып қанатын күйдіріп алған көбелектей таудың бір қуысына топ етіп түсіп, кемтар күй кешіп отырса да, үмітін бір үзбей іздеген үстіне іздеді. Бірақ қыстың мынау ұзақ кештерінде ақ періштесі терезені бір қақпай-ақ қойды. Таң бозарып келе жатқанында қылаң қошқыл мұнардың арасынан елең-алаңда елпілдей ұшқан аққудай аппақ болып жарқ ете де қалмады. Сандықтың шығысындағы Көккөлдің үстінен көтерілген күн шапағының астынан алтын қанаты жалт-жұлт етіп те көзге шалынбады. Ашық күнде ағы ақ, көгі көк болып айрықша бір айшықтанатын Алатаудың асу-асу белдерінен асып түскенін де көрмеді.

Солай, түнде Түз күйін тыңдаса, күндіз көк аспанға көңілін бұрып, көксүңгі шыңдарға көзін тігіп, ақ періштесін күтумен өткен ұзақ қыстың қысқа күндерінің бірінде Тәтіқыз тәуіп Анажарды аман-есен босандырып алды. Қанасын жарып шыққан қағанағы қыз бала екенін білгенде-ақ Анажардың аузына періште салды ма, әйтеуір «Ақперіштем» менің деп күбірледі. Бұл есімге ешкім де қарсы болған жоқ. Кіндік шешесі Тәтіқыз тәуіп нәрестенің құлағына атын үш рет айқайлап айтып, анасының бауырына қайта салды.

Сөйтіп, ана құрсағынан шыққан Ақперіштенің ана құшағындағы өмірі басталды. Сәби өмір-ай шіркін! Сәби өмірдің сәби көңілі өмір бойы жолдас болып жүрсе ғой адамға. Өскен сайын ақылына ақыл қосқанымен сәби көңілін сол қалпында сақтаса ғой. Сонда ақылдың әрекетімен алып жобалар жасап, күштің басымдығымен небір қырғындар салып орнатамыз дейтін жер-жұмағы өзінен өзі орнамай ма?! Жұмақ дегеніңіздің өзі ең алдымен адамдардың бір-біріне періште пейілін білдіруі емес пе? Ақылы мен күшін адамдар періште пейілін сақтауға жұмсаса ғой, жер бетінде жұмақ әлдеқашан орнаған болар ма еді! Бұл да Тәңіртаудың шоқыларының біріне шығып алып, бүкіл әлемге көз жүгіртіп, көз жетпеген жеріне ой жүгіртіп тұрып өзінше ашқан «жаңалығы» Анажардың.

Бұдан әрі ол бұл «жаңалығын» басқалардың құлағына кіретіндей етіп айқайлап, санасына сіңетіндей етіп сендіріп, жүрегіне жететіндей етіп жұтындырып айтсам деп бекініп, әңгімені алдымен етжақыны Еңлікгүлден бастады. Бастағанын қайтеді, әпкесін түк те таңдандырмады. Анажардың ашқан жаңалығы Еңлікгүл үшін бесенеден белгілі болып шықты.

– Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар? – деген мақалды естіп пе ең деді ол күрсініп салып.

– Естімеппін, - деді сіңлісі.

– Естімесең естіп ал. Елдің бәрі періште, жердің бәрі жұмақ болып кетсе, таудың қуысына тығылып неміз бар біздің? Жүре алмадық қой ол жақта жүрегімізді аяз қарып.

– Бірақ балаларыңызды жіберіп отырсыз.

– Енді не істейміз? Тағылардың ішінде тағы ғып өсіреміз бе оларды?

– Неге тағы ғып? Сіз сияқты, Бұлақбай жездем, Тәтіқыз апа, Алдаш ата сияқты болып өссе жаман бола ма? Сіздер жақсы адамсыздар.

– Өмір сүріп, отбасын құрып ұрпақ шашу үшін жақсы адам болып қана жүру аздық етеді, - деді Еңлікгүл бұрынғыдан да терең күрсініп. Сол кезде оның үнемі жылыұшырап жүретін құбаша жүзінде бұрын байқалмаған әжімдер пайда бола кетті. Ал, кісіге қарағанда күлім қаға қалатын қара көздері мұңайып сала берді. Сол-ақ екен иығы еңкіш тартып, үнемі тіп-тік болып жүретін сұңғақ бойы басылып кеткендей көрінді. Оқитын төрт баласын Еңлікгүл қыс бойы көрмейді. Олар да баяғы Анажар сияқты мектепке жасы толысымен ауылда тұратын Бұлақбайдың әке-шешесінің қолына кеткен. Қолында қалған бір ұл, бір қызын да сол тағдыр күтіп тұр түбінде. Олар қайтып орала ма, Сандықтауға, әлде, оралмай ма? Ол сұрақтың жауабы уақыттың еншісінде. Пендешіліктен ада, азат өмір сүріп жатыр деген әпкесінің жан азабы осы. Құс екеш құс та балапанын қанаты қатайған соң ғана ұшырады. Ал, сандықтаулықтар қанаты қатаймақ түгілі, ақыл тісі түсіп шықпай жатып ұшыруына тура келеді ұясынан. Басқа шарасы жоқ. Жақсы ата-ана осылай баласының тәрбиесін өзгелерге тапсырып, өзі жанын күйттеп, шығанға шығып кетер ме еді? Әй, кетпес еді-ау? Қашан өз нанын өзі тауып қолы аузына жеткенше бәйек болып, басы-қасында жүрер еді-ау? Сонда Бұлақбай жездесі мен Еңлікгүл әпкесі баласының тәрбиесінен қашқан жаман ата-ана болғаны ма? Жақсы ата-ана атану үшін көнбейтінге көніп, төзбейтінге төзіп, заманының илеуіне түсу керек пе? Ал, заманның илеуі деген обал-сауабыңа қарамайды. Отқа да, суға да салады. Сол кезде жанып кетпейін, батып кетпейін деген жандалбасамен сен де оңды-солды қарманасың. Қарманып жүріп басқа біреуге қолың тиеді. Керек болса, қиянат жасайсың, қиып жібересің. Сонда сен кім боласың? Ұрпағың үшін деп өз арыңнан аттап, ұрпағыңды абыройлы ете аласың ба?

Күрсініп, күйзеліп айтқан Еңлікгүлдің әңгімесінің астарынан Анажар алдымен осыны ұқты. Ұғып тұрып өз жағдайы да Еңлікгүл әпкесінің жағдайынан мәз емес екенін бірден пайымдады.

Сонда, ойдағыларға көрсетпеймін деп қашып келіп туған Ақперіштесі мезгілі келгенде тура өзінің жолын қайталап төменге түсе ме? Анасы қашып шыққан былғаныш әлеммен қызы барып қауыша ма? Өмір дегенің осылай өте бере ме? Қанша талпынса да тұйыққа келіп тіреле бере ме? Әлде, сол тұйықтан жол тауып шығар үміт бар ма?!

«Әрине, бар» деген дауыс көтеріледі Анажардың жандүниесінің түкпірінен. Көңіліне кіріп алып, қаншама ойнақ салса да әзәзілге алдырмайтын жандүниесі үнемі осындай бір қысылтаяң шақта дауыс көтеріп, Анажарға ақ періштесін есіне түсіреді. Ғаламда адаммен егіз ақ періште барда, Анажардың үміті қалай үзілмек?!

Жаратқанның жақсылығын алып, жетеді әлі-ақ құстай ұшып ол! Көзіне де көрінеді, сырласындай болып сөйлесіп, жолын да ашып береді. Тек күте білу керек. Күтумен көктем де шықты.

Ақ көрпесін ысырған Сандықтау суреттеуге тіл жетпейтін кестелі көйлегін киді. Тіл жетпейтіні оны пішіп-тігіп, ою-өрнегін салған адам – шебер емес, Құдай – шебер. Қаласа көзді ашып-жұмғанша жоқты бар ететін Құдірет Тәңіртаудың жазғы жамылғысын асықпай кестеледі, бояуын да баппен сіңірді.

Алты ай қардың астында сартаптанып, сиреп қалған Сандықтаудың сұйқылтым түгінің бойына күн қызуы күшейген сайын қан жүгіріп, шырайы кіре бастады. Бірақ көк раң киіздей тұтасып көтерілемін дегенше, көктемді күткен елдің көз қуанышы болып бәйшешек алдымен бойын сылады. Одан соң топырақ жылып, күн күркіреп, жауын жиі-жиі төге бастағанда қау ете қалған қызғалдақтар біресе шоғыр шеңбер, біресе қошқар мүйіз, біресе жылға жағалай ұзын ирек түрлі өрнектер салып тау беткейін «текеметтің түріндей» жайнатып жіберді. Әрбір адырға жарқыратып жайып қойған осынау текеметтің жиектері өзен қуалай өскен жабайы алмалар мен шиелердің ақ гүлдерімен әдіптелді.

Осылай -текеметтің ою-өрнектері жаздың аяғына дейін кезегімен зерленіп, бояуы одан әрі қана түсті. Альпі белдеуіндегі аққаңбақтың өзі шілдеде гүл ашса, тау өсімдіктерінің арасында топтанып өсетін торсылдақ сылдыршөп, тік жартастарда жабысып тұратын айдаршөп пен беткейлерге бітетін жұлдызшөп, шөмішгүл, тұңғиық, жібілген, сабақты сарғалдақтың, сүйелшөптің, мүйізшөптің небір түрлері, жұмыр тастарға жабысып қалатын жирен көкнәр бәрі-бәрі тамыз-қыркүйектің өзінде де гүлдеп өңірдің өңін қар түскенше түсірмейді.

Бірақ тау табиғатының кереметі мұнымен бітпейді. Қарақыстақтан жайлауға көтерілетін сандықтаулықтар көреді оның қызығын. Осы кезден қыс түскенге дейінгі тау табиғатын суреттеуге тілі жетпесе де, көзімен көріп, жанымен сезінеді олар.

Таңмен таласып тұратын таулықтардың көзі алдымен көк аспанға түссе, құлағы бұлбұлдың үнін естиді.

Көк аспан бүгінгі күн райы қандай болмағын айтып, соған орай шаруа қам-қарекетінің бағытын бағамдатса, әнші бұлбұл құлаққа жұғымды, жүйкеге жағымды әуенімен жанын әлдилеп, атқан таңының қайырлы, атқарар ісінің сәтті болуын тілейді. Ал, сарқыраған тау өзенінің сабырлы сарыны сандықтаулықтарға уақыт пен кеңістіктің мәңгілігін сездіріп, әрбір ісін салмақтап алуға шақырады.

Осылай жер бетінде жұмақ орнатамыз дейтін адамдардың есеппен айтылатын жасандылау тілегімен емес, Жаратқанның жаратылысының бір-бірімен жүрекпен түсінісуі арқылы жететін табиғи тілегімен оянып, күнделікті тірлігіне қаяусыз көңіл-күймен кіріседі түз адамы. Бөтен-бейсауыт жүрісі жоқ Сандықтауда ит екеш ит те бейберекет үре бермейтіндіктен сол табиғи үйлесім күні бойы сақталады.

Тау жарықтық жылдың жаз мезгілінде адамды да, аңды да осылай үлдесі мен бүлдесіне орап тояттатып тастайды. Нағыз жұмақ кәйпі деген осы болады. Бұл кезде шайдай ашық аспанның өзі де маужырап қарайды. Ал тау болса күн көтерілген сайын сан құбылып, біресе шашылған шапақ түсті нар қызылдан желбегей жамылса, біресе көк аспанмен қойындастыратын көгілдір көйлек киіп көлбеңдейді. Жалды жоталардың әр беткейінің киіздей қалың, құрақтай биік шалғыны есіліп ескен самалмен алаулаған жалау болып желбіреп көздің жауын алып, көңілді қоса елбіретеді. Арайын шашқан шұғыла таң салқынын серпіп, гүлдердің бетін жуған шықтарын кептіріп, бүкіл өсімдік біткен мәнімен, сәнімен ашық күнге ажарын ашқан сәтте жалаң аяқтанып алып, тау-текеметті басып жүрудің өзі қандай ғанибет десеңізші!

Таулықтар қаласа, табанынан туған жер топырағының шілде қызуын өткізіп тұрып, тау жайлаудың теңіз болып толқыған көк шалғынының қақ ортасында қол созым жерде ғана маңып бара жатқан айсберг секілді аппақ шоқылардың етегіндегі ешуақытта ерімейтін қасаң қарлардан кертіп жеп бір мезгіл шөлін баса алады. Мыңдаған жылдар бойы кәйіптің небір түрін ойлап тауып, соңына түсіп, сонда да мейірі бір қанбай жүретін пенделер дәл мұндай ғанибеттің болатынын өңі түгіл түсінде де сезіне алмайды. Алайда кәйіптің ең құдіреттісі Сандықтаудың ауасын жұту.

Бұндай таза ауа өзге жерде де болса болар, дәл осындай жұпар иісті ауа еш жерден табылмайды. Өйткені Сандықтаудың өзен аңғарларындағы арша-шырша, асай-мұсай, ұсақгүлді ұшқат, тау жазықтарында тұтасқан алқызыл семізот пен бозкілем, олардың араларында шоғырланған раушангүлдер, бұлақ бойын қуалап, жұмыр тастарды жағалап шығатын саумалдық, шалғынды беткейлерге бітетін таужусан, Тәңіртаудың тәжіне салған оюдай өрнектелген қызыл, көк, сары гүлдер бәрі-бәрі бойынан жұпар иіс бөліп тұрады. Ал, енді тура киіз болып тұтасқан еңлікгүлдің үстіне бір аунап тұрған адамға сол күні иіссу жағынып әуре болудың керегі жоқ. Шіркін, еңлікгүл табиғаттың өзі дайындап қойған жұпарқұты ғой. Жұмақ иісін жұтпаса да, сандықтаулықтар осылай жұпар иісін жұтып жүріп жатыр.

Сол сандықтаулықтардың бірі Анажар қыстай бес жасар қазақы қысыр саулықтың еті мен жылқының сарыаласын араластырып қалжаланып, бұл кезде жұнттай болып алған. Сәскеде сары қымыздың бір тостағанын тауысып ішіп, жер-жаһандағы ең бір тұнық таза ауамен тыныстап біраз далада жүрген соң бала емізетін әйелдің тәбеті енді таудың дәрумен шөптеріне семірген бағлан қозының былбырап піскен етін «кетәрі» демейді. Тіпті қозының құйрығын балпанақтай болып қалған Ақперіштеге де емшек сүтінің арасында сорғызып қояды. Құдайға шүкір ауырмай-сырқамай өсіп келеді сәбиі. Қазақы бесікке бөленіп, алдына шүмек, артына түбек тосылған соң асты үнемі құрғақ жататындықтан қыңқ деп дыбыс шығармай күні-түні ұйықтай береді.

Қызы көп мазаламаған сайын Анажардың жұмысы жеңілдеп, екі қолы алдына симай да қалатын-ды. Бұндайда бұрынғы әдетімен үй тірлігін опырып тастайды. Кейде бір жиған жүгін он жинап, бір сыпырған еденін екі сыпырады. Ақперіштенің жаялық-төсеніштерімен бірге үйдегілердің бар кір киімдерін де жиі-жиі қосып жуып, жайып кептіріп, одан соң ішіне от жағып қыздыратын үтікпен үтіктеп бір тыным таппайды. Бірақ сонда да үй тірлігі оның алаңдаулы көңіліне алданыш бола қоймайды. Басқа бірдеңе іздей ме, әйтеуір емізулі баласы бар әйелді байыз тауып отырғызбайды. Ол, енді таза ауа жұтқызбақ ниетпен Ақперіштені көтеріп алып бір мезгіл Сандық жайлауын аралап кететінді де шығарды.

Осында өссе де Анажардың әлі білмегені де, көрмегені де, көрсе де балалықпен мән бермегені де көп екен. Есейіп келгенінде көп жайтқа көзі ашылды. Қарақыстақтың қасындағы тас қорымдар аңшының жалғыз аяқ жолы ғана әкелетін, ол да кейбір жерлерде бітіп қалып, тастан-тасқа соғылып тас-талқаны шығып жатса да ылдиға қарай өршелене өрекпіген тау өзенін кешіп ағысқа қарсы жүріп отырып, сүрлеудің келесі бір сорабына әрең ілінген ілуде-бір жанкештілер көтерілетін бұл жайлау тіпті де елсіз болмағанын көрсетті. Сандықтау жай жайлау емес, нағыз Хан жайлау екен. Күннің шығысынан батысына дейінгі аралықты түгел билеген хандардың Ханы-Хақандар жазда жазығы да, тауы да, суы да көкпеңбек болып, көгілдір аспанмен астасып, араласып кететін аспан мен жердің арасындағы осы тау жайлауды жайлапты. Тау көбелеп, өзен жағалап сансыз қалалар салған хақандардың қыста болмаса, жазда ондай «бір дәретке отырған жеріне мың отыратын» қапас, күңсіген мекенде күн қызуы күшейісімен тұра алмайтынының түп себебі үнемі таза ауаны, тұнық суды, шүйгін шалғынды, ең бастысы еркіндікті іздеген болмысында жатса керек.

Күні жетіп, қай жерде, қай сапарда о дүниелік болса да бұлар сол баяғы үнемі тазалық пен биіктік іздеп отыратын кірпияз мінездерімен өздерін осында Қарақыстаққа әкеліп жерлеуді өсиеттеген деп жорамалдады Анажар көргендерін азды-көпті оқығандарымен салыстырып.

Сөйтті де, бабалар осы жатысымен-ақ өздерінің бар болмыс-пішімін, ой-ниетін, өсиет-өнегесін сөйлемей «сайрап» айтып жатыр деп ұқты. Адам аяғы баспайтын таза жерде жатқаны – жаныңды да, тәніңді де таза ұста, ал биікте жатқаны – пендешіліктен биік бол дегені емей немене деп түйеді өзінше. Алайда әлемде таудың төбесіне қала салып тастағандар да жетіп жатыр. Сондықтан Анажарды есі кеткенше таңқалдырған әрі «жерден жеті қоян тапқандай» қуандырған бұл емес. Сандықтың жайдақ жазығында ашық аспан астында мыңдаған жылдар бойы міз бақпай тұрған тас мүсіндер болды. Әрине, тас мүсіннің өзінде тұрған дәнеңе жоқ. Қайда кездеспейді мұндай мүсіндер, барлық құрлықтан табасың. Адамдар қолынан бірдеңе келе бастағалы қашап келеді өз бейнесін.

Тіпті, аумағы ат шаптырым келетін жазықта әрбір жарты-бір шақырым сайын кездесетін мына мүсіндердің келбеті қазіргі қазақтар секілді дөңгелек жүз, қиық көз, қыр мұрын болып келгендігі де, ал үстіндегі камзолы мен бешпетін олардың күні бүгін де қастерлеп киетіні, ерлері шарт буынған күміс кісені, әйелдерінің мойнындағы дәл осындай алқаны қолы жеткені тағатыны да таңдандырған жоқ. Анажарды таңқалдырғаны бұл мүсіндердің өзге жерлердегідей жалғыз-жарым немесе топ-топ болып емес, бір еркек, бір әйелден жұп-жұп болып орналасқаны. Әрбір жұптың тастармен қоршалған өзіндік шекарасы бар. Кейбірінің қасынан басқа да құрылыстардың қирандылары кездеседі.

Бала кезінде айналасында ойнап жүргенінде «бұл мүсіндер неге тұр?», «нені меңзейді?» деген сұрақтар оның басына келмеген-ді. Тіпті, Тоқкенттің музейінен көргенінде де бабаларының көне мәдениетінің ескерткіші ретінде қабылдаған да қойған. Ал, енді өзі тірі жесір күй кешіп, тірі жетім нәрестесін құшақтап тұрып көз салғанда мына жұп мүсіндердің мән-мағынасы жетесіне жете кетті. Әрине, бұл жұп бар өмір еркек пен ұрғашының қосылуынан, қосылған соң біржола берік отбасын құруынан өрбитінін айтып тұр. Өмірдің мәйегі де, мәні де ері мен әйелі жарасқан бүтін отбасында, осылай жұптарыңды жазбай өмір сүріңдер деп тұр бабалар.

Ал, отбасы дегенің бүкіл елдің ағзасы. Ағзасы бүлінсе, ел де бүлінеді. Ағза мықты болса, ел де мықты болады. Демек, елінің әлсіздігі де, қуаттылығы да отбасының әлсіздігі мен қуаттылығына тікелей байланысты. Ерінің беліндегі қанжар отбасының ғана емес, Отаныңның қуатын, ал әйелінің қолындағы тостағын отбасының ғана емес, Отаныңның молшылығын көрсетеді.

Жоқ, жәй ғана молшылық емес бұл. Күні бүгінге дейін келген қонаққа, тіпті қайманаға да дәмін дәл осылай ізетпен қос қолдап ұсынатын халықтың қонақжайлығының көрінісі. Сол ғана ма? Қонақжайлық деген ең алдымен адамның пейілін білдірмей ме? Пейілдің аржағында пиғыл тұрған жоқ па? Мынау ұсынылып тұрған дәм ақ пейілдің, адал пиғылдың да көрінісі. Ал, енді екінші бір жұптағы әйелдің қонағына гүл ұсынып, үшіншісі құс ұшырып тұрғаны өзгелерге дәмімен бірге сол ақ пейілін, адал көңілін де ұсынғаны.

Демек, бір-бірімізге көңіліміз адал, пиғылымыз түзу болсын дегені. Бұл әлемдік жарастықты тілеу емей немене? Әлем жарасса, ғалам да жараспай ма? Сонда мынау моп-момақан ғана болып тұрған жұп мүсіндерді қашаған бабалар отбасының үйлесімінен бастап, бүкіл ғаламдық үйлесімге дейін тілеген екен-ау Тәңірінен?!

«Құлаққа ұрған танадай» тыныш, күнәға белшесінен батып жүрген жер пенделерінің демі араласпаған тұнық, иіс-қоңысы қосылмаған жұпар ауалы Тәңіртаудың ең биік жайлауындағы ашық аспан асты ғибадатханаларын аралаған сайын Анажар осынау қарапайым ғана нышан меңзеген қанықты да ұғынықты ұлы өсиетінің мән-мағынасын өзінше аша түседі.

Аша түскен сайын сол ұлы өсиеттің орындалмай келе жатқанына қамығады. Қайтып орындалсын? Сол ұлы өсиетті уағыздаушы ұстаздың өзі өсиетбұзар болып шығып жатса? Анажардың қыз-жесір болып, тірі жетім құшақтап қалғанының себебі ұстаздың уағызына имандай сенгені емес пе?

«Тоқта, тоқта! Не деп кеттім өзі. Менің мына күйіме уағыз кінәлі болып шыға ма сонда? Жо-жоқ, мені бұл күйге түсірген ұстаздың уағызы емес өзі. Сондықтан ұстаз кінәлі».

«Сен ол ұстаздың өзіне емес, уағызына сендің. Ұстазға емес, оның аузынан шыққан уағызға ғашық болдың. Сол ғашықтығыңның ақыры осы болды».

Оның уағызы – адамзат өміріне шам-шырақ қой. Қалай сенбейін, қалай ғашық болмайын?

Сен, бірақ... «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген бабаларыңның ескертпесін есепке алмадың. Пенде-ұстаздардың қазір ақылдары «асып-тасып» кеткені сонша әулиелерді адам құрлы көрмейді. Жай, әншейін сыртқа көз ғып қана басын шұлғиды. Ал, көзіне көріне қалса, өзін жаратқан Құдайға да ақыл айтып жібереді.

«Сонда ұстазға сенбегенде кімге сену керек?»

«Жер бетінде адам сенетін ешкім қалған жоқ». «Пайғамбарлар енді қайтып келмейді».

«Тірі әулиелер бар емес пе?»

«Тірі әулиелер күреске дәрменсіз. Олардың күні аспанға қол жаюмен өтеді».

«Ақылды адамдар ше?»

«Ақылды адамдардың бәрі пенде. Олар адамзатты ағартамын деп күресуін күреседі. Бірақ жеме-жемге келгенде күштінің қолшоқпары болып қана қалады. Демек зорлық-зомбылыққа себепші болады».

«Сонда жер бетінде жібітүзу ешкім жоқ па?»

«Бар. Бірақ олардың айтқаны алысқа бармайды».

«Неге?»

«Бір кезде Жаратқанның сөзі ғана қалқып жүретін ақпараттық-энергетикалық кеңістікті қазір қара басының қамын ойлағандар сатып алған. Дүниені қалай жию, сол үшін қарсыласыңды қалай құрту туралы ақпараттар Алланың сөзін ысырып бара жатыр».

«Сонда не істеу керек?»

«Өзіңе өзің ие бол».

Анажар осылай тау аралап, тас басып жүріп өз ойымен өзі шарпысады. Шарпысады да көмекейін кимелеген, көңілін жетелеген көп сұраққа жауап іздеп, ақыры келіп Ақтілеу әжесінің «Өзіңе өзің ие бол. Бойыңды таза ұста» деген ақылын айналсоқтайды. Одан асып бірдеңеге араласайын десе көз алдына қанатын шамға күйдірген көбелек келеді. Сондықтан да төменге түсіп, ата-анасымен, құрбыларымен қайтып қауышуға жүрексінеді. Сөйте тұра көптің ортасынан көзтүрткі көріп қашып, үріккен қойдай болып келіп тауұйыққа ұйыққан кілең адал, әділ, мейірбан жандардың арасында да бірдеңе жетіспейтіндей көрінеді. Әсіресе, жаз шығып, бүкіл дүниенің жүйкесі босап, бір-бірімен бар жан-тәнімен аймаласып, айналасының бәрі бүр жарып, гүл ашып шыға келгенде Анажардың алаңдаған көңілін емшегін бүлк-бүлк еміп, тұла бойын елжіреткен сәбиі де баса алмайтын болды. Тіпті сәбиінің бүлк-бүлк емгенінен тұла бойы елжіреп отырса да басы асау ой әр жаққа алып қаша береді. Бала емізіп отырып, Бұлақбай жездесі мен Еңлікгүл әпкесінің жатын бөлмесінен қыстың ұзақ түнінде тырс деп дыбыс шығып мұны оятпағаны есіне түсетін болды. Бәлкім, өзі қатты ұйықтайтын шығар? Бірақ, бұл ойынан өзі де ұялып, тіпті ызаланып қалады да емшегін бүлкілдеткен сәбиі еме түссе екен деп еміренеді. Еміренген сайын бар есіл-дерті нәрестеге ауып, бала емізген анадан басқа ешкім кешпейтін керемет бір кәйіп кешеді.

Бірақ, әр нәрсенің өз мезгілі бар. Сәбиге де тіс шығып, емшек сүті түгілі «шайнап берген ас болмайтын» күн келеді. Бойымен бірге тамағы да өскен баланы киіндіріп-ішіндіріп ер жеткізу, оқытып-шоқытып ой жеткізу үшін бұл күнде көп қам-қарекет керек. Әсіресе, жеке басты анаға. «Қулық» туған ананың ар азабын қанасында-ақ бөліскен сәби қам-қарекеттің тауқыметін жөргегінде де сезінеді. Ол тауқымет нәрестеге ашу буған анасының үнімен, қолының қимылымен беріледі.

Мұның бәрін Анажар білмейді емес, әбден жақсы біледі. Өз бөлмесін қамал етіп үй қамақта отырғандағы айналысқан шаруасы осы болатын. Интернеттен ана мен сәбиі туралы материалдарды ылғи іздеп тауып, түгін қалдырмай тауысып оқитын. Бірақ білгенде не пайда? Сәбиінің де, өзінің де тамағы тоқ, киімі көк болғанымен болашағы бұлыңғыр. Міне, сол бұлыңғырлық Анажардың көңіл-күйін жиі бұзады. Күнделікті тоқтығына тоқмейілсіген болып, өзін өзі қанша алдағанымен аржағы алаңдай береді. Өзі үшін емес, әрине. Өзі өзге де сандықтаулықтар сияқты ойдағы өмірді тәрк етіп, осында дәм-тұзы таусылғанға дейін қалып кетуге пейіл. Ойдағы пенделердің заңды да, арды да белінен басып жүріп, белшесінен бататын «рахатынан» жиреніп, күнде жанын жаралағанша, тауда тақуалық күй кешіп, өз мекеніне оралатын жанын тазалағаны мың есе артық.

Бірақ, сәбиінің күйі не болады? Ол да өзімен бірге өмір бойы тауда тақуалық өмір кешіп қала алмайды ғой. Сандықтаулықтардың балалары, немерелері ойда оқып, мектепте сабақ аяқталған соң ғана үйлеріне жазғы каникулға келеді. Олармен бірге туыстарының жекжат-жұраттарының бала-шағасы да ілесіп келіп, міне сол кезде балалақтың нағыз базарына айналады. Тіпті қымыз ішіп, таза ауа жұтып қуаттанамыз деп отбасымен демалып кететіндер де кездеседі. Ал, қыста сандықтаулықтар оқуға жасы жетпеген балаларды ғана алданыш қылады. Анажар да кезінде әжесінің алданышы болған. Оның тілін, қылығын Бұлақбай жездесі, Еңлікгүл әпкесі, тіпті бүкіл ауыл қызықтайтын. Бірақ, бұл қызықтың да шегі болады екен. Уақыты келгенде Ақтілеу әжесі оны елге аттандыруға мәжбүр болды. Онда Анажар бөтен біреудің емес өз әке-шешесінің қолына келді. Енді өзі Ақперіштесін кімнің қолына жібереді? Ертеңнен қара кешке дейін үй көрмейтін, үй көрсе де, бар есіл-дерті тауар-ақшаға ауып, үйдегі бала-шағасын көрмейтін атасы мен әжесінің қолына жібере ме? Соны ойласа болды таужұмақ кәйіпінен лезде айығып, жақсы көңілін бұзған жағымсыз әсерден ұзақ уақыт арыла алмай жүреді Анажар. Сандықтаулықтарды мәз-мейрам етіп жататын анша-мұнша ауыл қуанышы да көтере алмайды оның басылған көңілін. Бүкіл болмысын билеп алып, тұла бойын сергітпей, еңсесін көтертпей ой басты қылып жүргізеді де қояды. Сол кезде мына дөңгеленген дүние өзін шырқ үйіріп әкеліп топ еткізе салған тауұйығын да біртүрлі тосырқап, жертірлік біткеннен мүлдем жери бастайды. Осылай құлазыған көңілі құрдымға тартып бара жатқанын сезе ме, әйтеуір жандүниесі тырбанып, тырмаланып жүріп Анажарды әзер дегенде Ақперіште туралы ойға іліктіреді.

Бұл ғаламда бір Алла өзіне егіз етіп жаратқан періштесі бары есіне түскенде Анажардың үзіліп тұрған үміті қайта жалғанып, сөніп тұрған шырағы тұтанады. Сол-ақ екен тілеуқор періштесінің көмек қолын созатынына имандай сенетін әпенді әйел қиялмен ғарышты кезіп, «Ақперіште» туралы әнді айта жөнелгенін білмей де қалады. Ал, біле қалса, сап тыйылады. Өйткені, оның авторы есіне түсіп кетеді. Авторы есіне түсіп кетсе болды, жанына жағымсыз бір нәрсе жұғып кеткендей әсер етіп, көңіліне дық келе қалады да, көпке дейін кетпей қояды. Бірақ иесін жек көргенмен әні жақсысынан гөрі жаманы жұққыш жертірлікте бауырындағы сәбиінің болашағына алаңдаған Анажардың көкейіндегіні айтып тұрғаны рас. Сондықтан «битке өкпелеп тонын отқа жаға да алмайды. Жертірліктен түңілген көңілі көмекті тек көктен тілеп Жаратқанға жалбарынады. Анау мөп-мөлдір аспан мұхитының тұңғиығынан сол Жаратқанның жақсылығын арқалап ақ періштесі әне-міне келіп қалатындай көрінеді. Бар есіл-дерті ауып тесіле қарағанда тіпті көк жасыл Алатаудың көкке ұмсынған қарлы шыңдары алыстан ақ Қанат періштелер болып елестейді. Құдіреті шексіз Жаратқанның нұрымен мұздай «қаруланған» бұл қалың қол қаптап келіп, жер бетіндегі әділетсіздік біткеннің бәрін мейірім-шапағатына бөлеп жоқ қылып, адамдар итқырқыспен орната алмай жүрген жұмақты орнатып бере салатындай көреді. Бірақ, баянсыз өмірдің мәңгілік аспаны да бір қалыпты тұрмайды. Бояуын мың құбылтып, ақ қанат Алатаудың басын лезде бұлт шалады да, көзіне «көрініп», көңілін алдарқатқан мың-сан періштелерді мұнарына «сіңіріп» әкетеді.

Сол кезде қимасын ұзақ сапарға аттандырған адамдай көңілі елегізіп, өзі де ғайыптан қанат бітіп, солардың соңынан ұшып кетсем деп қамданады. Ұшып барып, көк мұнарға мен де сіңіп, періштелермен араласып өмір сүрсем деп армандайды. Бірақ адамдардың қанаты қырқылғаны қай заман. «Алма» дегенді алып, «татпа» дегенді татып тәндік тәбетін ашып алғаннан кейін-ақ олар қанағатын мөп-мөлдір аспаннан емес, қиқым-сиқымы көп қара жерден іздеп тырбанып қалды. Ал, жер жадыланған жандар пәле-жалаға тез алдырады екен. Алдырғандардың есепсіз көбейіп кеткені сонша адамдар қоғамы Анажарға күнде тілеп отырған тәбетін қанағаттандырамын дей-дей аранын ашып, албасты басып қалғандарды шүпірлетіп шығаратын инкубатор болып елестейді. Ал, Ақтілеу әжесінің «аузынан түскен» өзі солардың арасында әлі күнге дейін өгейлік көріп келеді. Ой-өрісі, таным-білімі өскен сайын жатсынып кіріге алатын емес. Ол үшін жердегілерден аспандағы әруақтар мен періштелер жақын. Анажардың ойран-топан жан дүниесін түсінетін солар. Сондықтан да солармен сырласады, бар мұңын соларға шағады. Бұл күнде ол қыз болып қылтыңдай бастаған кезінде әжесіне әзіл-шынын араластырып айтқан «Адам ата мен Хауа анамызды азғырып, жерге түсірген «әзәзілге рахмет» деген пікірінен айныған. «Жұмақтың бар жақсылығын тәрк етіп, жердегі өміріңді тәніңнің қанағатына байлап, жаныңды азаптаумен өмір сүру қандай қорлық» деп қайта өкініш білдіреді. Өкініш білдіреді де, әсіресе, Пендемен ат құйрығын кесісіп, жарық дүниеде жападан жалғыз қалғалы бері қанат бітіп, көкке ұшып, аспан мекенділермен араласып кете алмаған соң ең болмаса өзінің бәсірелі періштесімен тілдессем деген тілегі одан сайын күшейе түседі. Бірақ тілдеспек түгіл, қанша тесіле қарап, сарыла тосса да аспандағы сыңары жерге түсіп, көзіне көрінбей-ақ қойды. Анажардың үміті бәрібір үзілмеді. Бұл үзілсе аржағы құрдым екенін сезінген қу жаны суға кетіп бара жатып қармаған соңғы талындай жармасып, жансірілік танытты. Керек болса, жерден жеріген сайын аспанға деген ынтықтығы арта түсті. Сөйтіп, не аспанда жоқ, не жерде жоқ болып жүрген кезінде ол өз періштесін көрді.

Шілденің ортасы ауып, тау бояуының қанығып тұрған кезі болатын. Бірақ, бұл күнде Анажар айналадағы әсемдіктің бәрінен айрықша әсер алатын кезден өтіп кеткен.

Жан серігін жер пендесінен емес, аспан мекендіден іздегелі ол тау гүлдерінің жұпар иісі аңқыған ауасы көңіл хошын келтіріп, көкірек сарайын ашып жіберетініне де еті үйіріп, бұрыңғыдай мән бермейтін болған. Осылай ол қанағатын жер сұлулықтан емес, жан сұлулықтан ғана табатынына әбден көзі жеткен соң сол сұлулықты жер жүзінен емес, көк жүзінен іздеп, бар сұлулықтың мәңгілік мекеніне мойнын созумен жүрген-ді.

Мойнын созғанда Сандық жазығын айнала жиектеп жатқан ақ сүңгі шың-құздарды көреді. Одан төменіректе таудың бар қасиетін де, қазынасын да қойнында сақтаған мәуелі майсалы көк жасыл жалдар мама биелердей мамырлап жатады. Сол жусаған биелердің ұйлығып тұра бергенінен іші пысып, ойнақтап жүріп үйірден шығып кетіп, сонадай жерде селтиіп тұратын тай-құнандар болады. Тура сол тай-құнан сияқты жазықтың шетінде состиып тұрған төбенің ұшар басына қонған екен ол – періште. Ә, дегенде адам ба деп қалған. Бірақ адам болса Анажар бірден танитын еді. Оның үстіне сандықтаулықтардың ішінде бұндай сымбат-бітімі бөлек жанды көрген емес, келді деп естіген де жоқ. Ендеше, көгілдір аспанның астында, көк жасыл төбенің үстінде аққудай аппақ болып көздің жауын алған аспан жаратылыс – періштенің дәл өзі емей енді кім? Тіпті аққу құсап қанатын қомдап, мойнын созып, жан-жағына керіле қарағанын да анық көрді көңілі күтулі қыз. Періште бұған қарап қол бұлғағандай да болды. «Ол мені шақырып тұр» деп ойлады сол кезде Анажар. Сол-ақ екен жан дүниесі жайнаң қағып шыға келудің орнына, етжүрегі елжіреп, езілді де қалды. Тіпті бойынан бір сәт әл-дірман кетіп қалғандай көрінді. Қазақ «қорыққан мен қуанған бірдей» деп осындайдан айтады екен ғой. Ал Анажар болса, қуанбаған да, қорықпаған да сияқты. Өйткені екі өкпесін қолына алып періштесіне қарай алақайлап ұша да жөнелмеді. Жүрексініп тұрып қалып, артынан тұра да қашпады. Әйтеуір бір байқағанында бойынан да, ойынан да бұрын білінбеген бір күш бұны бір орнында тұрғызбай жылжытып келе жатыр екен. Бірақ, есіл-дерті басқаға ауып кеткен соң дене әрекетіне есеп бермей, өзінің жермен жүріп келе жатқанын, әлде қарыс та болса көтеріліп, қалқып келе жатқанын сезіне алар емес.

Осы күйінде ол періштесіне барады. Барады да бар көрген жан азабын жайып салады оған. Құшағына кіріп, қанатынан сүйіп, еңіреп тұрып, егіліп айтады. Жо-жоқ, олай ете алмайды. Ауа тектілер топырақ тектілердің күнәлі қолын денесіне тигізбек түгіл, өзін жанына жақындатпайды да. Сөйлессе сонадайдан сөйлеседі. Онда да жермекенділердің күзгі жапырақтардай сыпыру бермей сауылдап, бір таусылмайтын арызын тыңдап отырмайды. Менің періштем екені рас болса, басымнан не өтіп жатқанын өзі де біледі. Алланың шабарманына тек тілек айту керек. Не тілек тілейді сонда Анажар?! Ақперіштесінің әкесін қайтарып бер дей ме? Жоқ, ол мүмкін емес. Керек болса, оған «ойнақтап жүріп «ойнап» қойған өзі кінәлі».

Кінәлі болған екен, ендеше басқаны қалай кінәламақ? Бірақ күнде тіленіп тұрған қос тесік кінәлі қылмай, күнәға батырмай өмір сүргізуі мүмкін бе? Мүлдем мүмкін емес. Ендеше Құзіреті шектеулі періштеге болмасты болдыр деп қалай айтады?

Жоқ, айтуға тиіспін. Өзінің қолынан келмесе де Жаратқанға жеткізсін. Құдіреті күштінің құзіреті де шексіз. Ол қаласа бәрін орындайды. Сонда не айтамын? Пенде әділеттің ауылынан адасып қалды деймін бе? Олай деп қалай айтамын? Әділеттің ауылының қайда екенін Ақтілеу әжесінен кейін бұған көрсеткен бір адам болса, ол ұстазы Пенде емес пе еді? Басқа басқа, ал оқу өтіп кеткен Пенде аспаннан түскен төрт қасиетті кітаптың кез келгенінен таңдайы тақылдап тұрып үзінді келтіріп жіберіп тыңдағанның бәрін таңдандырмайтын ба еді? Бұл оның ең сүйікті ісі деп ойлайтын Анажар. Сөйтсе сүйікті ісі емес, күнкөріс үшін істеп жүрген кәсібі ғана екен ғой. Нанын өзінен мықты біреулер шығып қағып әкетпейтіндей етіп, ақтап жеу үшін ғана тырысады екен. Шәкірттерінің алдында әділеттің ауылына қанша ұмтылса да, өзгелер етегінен тартып жеткізбей жүрген пұшайманның рөлін ойнайды екен. Шындап келгенде сөзімен әділеттің жолын аршыған болып, ісімен оны қайта көміп, барам деушілерді небір шиырға салып адастырып отыратынның өзі болып шықты. Өйткені аузымен періштені аңсап аңыраған Пенденің пейілі тарылып, пиғылы бұзылған. Екі аяқтылардың бәлесінің бәрі осыдан басталады. Тар пейіл, бұзылған пиғыл оларды үнемі бәлеге бастап, одан құтылудың да пәледен басқа жолын ұмыттырған. Сөйтіп, олар біреуінен құтыламын деп екіншісін шақырып, бәле дегенің осылай бір-бірімен жалғасып кете береді. Оны өздерінше өмір үшін ұлы Күрес! деп атайды. Біреуді жесір, біреуді жетім етіп, ал біреуді өмірден түңілдіріп, о дүниеге Жаратқанның жазып қойған мерзімінен бұрын жөнелткен де күрес болып па?! Күрес емес зорлық қой бұл. Күштінің әлсізге көрсеткен зорлығы. Пенденің күресі осымен өтеді. Өзіне біреу қорлық көрсеткенде әділет қайда деп аңырайды. Ал, күшейіп алған соң өзі нағыз зорлықшылға айналады. Бұл жаратылысын пенделердің өзі түзеуден кеткен. «Таспен атқанды аспен ат» деген ата-бабасының өсиетін әлдеқашан ұмытқан.

Тоқта, тоқта! Ұмытқан ба, әлде мүмкін болмай қалған ба?

Бүгінде көңіліңе көңілім, пейіліңе пейілім деп құшағыңа құшағын ашатын адам бар ма? Ашса да риясыз ашпайды-ау?! Қойнындағы тасын тастамайды-ау?! Алланың бар жақсылығын тілеп құшақтап тұрып реті келгенде тасын атып жіберіп, жалпаңнан түсіріп кетеді-ау. Бұндай соққыны жей берген соң ақ пейіліңнің де тауы шағылып, қойнына тас тығып алуға мәжбүр болады. Сөйтіп, еруліге қарулы болып шыға келеді. Өмір сүру деген осы. Осыған шыдасаң ерсің, шыдамасаң езсің. Анажар шыдай алмады. Ез болып тағы өмір сүргісі келмей тау асып кетті. Ал, мұның ұрпағы қайда барып тығылады. Аспанға ұшып кете алмайды. Өйткені топырақтан жаратылған, пендеден туған. Бірақ әлі періште. Ананың ақ сүтінен, Сандықтың саф ауасынан өзге бойына ештеңе дарытпаған періште. Құлағына кірсе, желдің уілімен, тау өзенінің сылдырымен, тал жапырақтарының сыбдырымен араласып, апасы айтқан бесік жыры кірді. Өзге бөтен-бөгде дыбыстар санасына жазылып, жүйкесіне жете қойған жоқ.

Бұдан кейін де ол «бір төбенің шаңын бір төбеге қосып» алыс-алыс жерлерге шапқан сайын тынысы ашылып, бауырына қанат бітіп құстай ұшатын тұлпарларына тек биенің сүтін беріп баптайтын батырларға ұқсап Ақперіштесін анасының адал ақ сүтімен асырап, арам ештеңе жұқтырғысы келмейді. Сөйтіп өсіріп, оны өзі бола алмаған жер періштесі еткісі келеді. Періштелер неге аспанда ғана өмір сүруі керек? Неге жерде өмір сүрмейді? Тән тәбетін шектеп әулиелікке жеткендер болды ғой жерде. Демек періштелер де өмір сүре алады. Сондықтан да жарық дүниеге періште болып туған сәбиін келе-келе сайтан иектеп кеткенін ешкім де қаламайды. Бірақ қаламаса да өмір соған мәжбүрлейді. Өйткені жер басып жүргеннің періште күйінде қалуы қиынның қиыны. Ал, қанағат кеткен жерде ар да, ұят та тұрмайды. Олардың орнын алдау, арбау, әлімжеттік жасау, тағы басқа толып жатқан құлқынқұлдық қасиеттер басып қарым-қатынастың күнделікті құралына айналады. Керек болса, осылай өмір сүрудің тәжірибелері қорытылап, жетілдіріліп, заңдастырылып, жаппай насихатталып, ұрпақтарына өсиеттеледі. Бұның барып тұрған адасу екенін сезініп, әуелгіде секем алған бірлі-жарым көзі ашық Пенде сияқтылардың өзі ақыры аспанға қол жайғаннан басқа қолдарынан түк келмей, ақырында қу күнкөрісі үшін өздері де пендешілікке ұрынып, аузының қалай қарай қисайғанын білмей де қалады.

Анажар да қазір не көкте емес, не жерде емес. Не періште емес, не пенде емес. Періштелердің жаны жақын болғанымен өздері алыс. Олар бұған қосылмайды да, қоспайды да, бұл дүниеде олай болуы мүмкін емес. Ал, күнде араласып жүрген пенделерді жаны жатырқап, тура бір бөтен үйірге адасып қосылғандай өгейсінеді. Қыл көпірдің үстімен келе жатқандай бұл күйіне өзі шыдар, шыдамаса құлар, ал бүгінде жөргегін тарпып жер басуға асығулы сәбиінің тағдыры не болмақ? Жерді басқаны қыл көпірдің үстіне шыққаны емес пе оның да? Өзі сияқты ертең қызы да қанатын күйдірмес үшін не істемек керек?

Шиеленіп байланған, жадыланып арбалған осы бір сұрақтың шешімін аспан тауып бермесе, жердегілерден қайран жоқ.

Сол аспаннан Жаратушы өзіне егіз етіп жаратып, еншілеп берген періштесінің келгені жылт еткен бір жақсылықтың сәуе бергені шығар?! Жетейін, періштеме!

«Жау қуғандай боп не істеп келемін» деді тағы бір ой. Мына елебе-делебе болып жүгірісіммен үркітіп алмайын аспантектіні. Сол-ақ екен ол жүрісін баяулатып, аяңға түсті. Ентігін басып, демін алды, самал желбіреткен шашын жиып, сәніне келтірді. Сөйтіп болып, періштесін қайта іздеп еді, көзіне ілінбеді. Биіктің ұшар басына неғұрлым жақындаған сайын соғұрлым төбесінің көрінбей кететіні бар емес пе? Солай болыпты. Көрінбегені болмаса, пешенесіне жазылған періштесімен араларын бірнеше қадам ғана бөліп тұрғанын сезінгенде өзін қанша бастым дегенмен жүрегі қайтадан лүпіл қағып кетті. Сол лүпілдеген жүрегімен биіктің үстіне көтерілді. Бірақ періштесі жоқ. Бұл төбенің басында да пенде отыр. Ақ көйлек, сұр шалбар, сарғыш шляпа киген сыптай жігіт қойтастың үстіне қонжиып, назарын биікке, тау шыңдарына қадаған. Анажардың аяғының тықырын естіп мойнын бұрды. Бағанадан бері көзіне періште болып көрініп, өлген-тірілгеніне қарамай өрге ұмтылдырған бар болғаны сол баяғы жұмыр басты, жұтқыншақты пенде екенін білгенде көңілі су сепкендей басылды әйелдің. Ал, орнынан тұрып өзіне қарай жақындағанда мығым денесі шарболаттай шиыршық атқан жігіттің қалыңдау қабағынан бір сұс көргендей болып сәл сескеніп те қалды. Оның үстіне танымайтын жігіттің соңынан оңашаға өзі жүгіріп келгеніне де ұяттан өртеніп, не дерін білмей, қайтадан тұра қашудың жөнін тағы таппай, қатты састы. Не де болса, бір сылтау айту керек. Бірақ не сылтау айтады? Неге келдім дейді мұнда? Состиып қалған Анажардың қасына жақындаған жігіт «Сәлеметсіз бе» деп амандасты. «Бұзау қарап шығып едім» деді оның сәлеміне басын изеп ишарат білдірген әйел. Қапелімде аузына түскен уәж осы болды. Ауыл жігіті болса әйелдің бұл «ұялған тек тұрмас» сылтауын «іздеген бұзауыңыз мен шығармын?» деген сияқты әзілмен іліп әкетіп, сан-саққа жүгіртер еді. Бұл олай етпеді. Күн өтіп, күреңі қоюлана қоймаған жүзіне жылы шырай жүгіртіп:

– Онда дұрыс келдіңіз, - деп құптап қойды да:

– Бұл жерден бүкіл жайлаудағы қыбырлаған мал да, жан да көзден қалт кетпейді. Бәрі көрінеді, - деп ойын одан әрі таратты.

Бұл пайымымен жігіт Анажарды тіреліп тұрған тығырығынан шығарып жіберді. Жоқ қарағандардың алдымен төбеге шығатыны рас еді. Соны ойдан келген жігіт орнықты айтып, есіне салды. Енді Анажар шынында да бұзауын іздеген болып жан-жағына көз салып қарай бастады. Ауылдың қозы-лағы да, бұзаулары да «әу» дейтін жердегі Ұзынбұлақты жағалай біткен қалыңынан бас алмай жайылып жатыр. Бұлақбайдың үйінің қызыл қасқа бұзауы да солардың арасында. Анда-санда басын көтергенде аймандайы жарқ ете қалады. Ал, бұл болса, сол бұзауды іздеп жүрмін деп өтірікті зу еткізді.

– Қалай, көріне ме бұзауыңыз? – деп сұрады жігіт қыз әбден жан-жағын қарап болды-ау дегенде.

– Әне, бұзаулардың арасында жүр, - деп шынын айтып қойғанын байқамай қалды қыз. Содан соң өз өтірігін өзі ашқанын сезіп қалып, жуып-шаю үшін:

– Жаңа қарағанымда жоқ еді, - деп тағы сықпыртып жіберді.

– Қалың шөптің арасында жатып қалған да, енді тұрған ғой, - деп жұбату айтты жігіт.

Бірақ, оған Анажар жұбана қоймады. Қайта өтірігіне мына бейтаныс жігіт имандай сенген сайын ыңғайсызданды. «Кіп-кішкентай өтіріктің өзі адамды қаншалықты құрдымға сүйрейді» деп таңданды ол. Міне, мәжбүрлікпен айтып жібердім де, тура жауаптан құтылдым деп ойладым. Бірақ, құтыла алмаппын. Шындықтан бір жалтарсаң, иесінен айрылған күшіктей жалтақтап қалады екенсің. Өз ұясы, өз ауласы жоқ, әркім бір тас атып қуалайтын көшеде қалған күшік. Мына жігіт те қуалап қоятын емес. Ол тақымдаған сайын кезекті өтірігімді келесісімен бүркеуге мәжбүрмін. Осылай-осылай кете берсе, шындық шіркін қалың өтіріктің астында жаншылып, шырылдауға да шамасы келмей қалады екен-ау?! Ал жаншылған шындықта қауқар бола ма? Көп өтіріктің қақпақылына түсіп, қадірінен айрылып қалмай ма?

– Бұл төбені қарауыл төбе деп атайды, - деді жігіт. Бір сәт ойланып тұрып қалған Анажарды одан әрі әңгімеге тартып. Жау қарайтын төбе.

– Жоқ, періште қарайтын төбе, - деді қыз жұлып алғандай. – Қайдағы жау, періште қонатын төбе бұл.

Қыздың қисынсыз, қияли әңгімені соншалықты сеніммен, жігермен айтқаны енді жігітті таңдандырды. «Қайдағы періште, жау қарайтын төбе бұл» деп сөз таластыруға да шамасы келмей қыздың бетіне бажырайып қарап біраз тұрып қалды.

Анажар да өзінің артықтау кеткенін түсінді. Айтайын деп айтпайды. Басы ойлап болғанша аузы сөйлеп қояды. Абырой болғанда әйтеуір түйсігі көбінде алдамайды. Айтқаны айдай келіп жатады. Бірақ бұзау іздеп жүр едім дегеніне оп-оңай сенген жігіт періште іздеп келдім дегеніне сенер ме? Ондай шындықты қабылдауға дайын ба? Дайын болсын, болмасын жасырған шындығының шет-пұшпағын аузы шығарып та үлгерді. Енді ағытылған тығынды қайтып бекіту үшін бұрынғы бұрынғы ма, одан да зор өтірік керек. Ондай өтірікті Анажар он ойланып, жүз толғанса да таба алмас. Сондықтан сөзін шындықпен жанастырып қана шыға алады бұл тығырықтан.

– Сандықтау киелі жер, - деді қыз. Адамдары да жеріне сай. Киелі жерде киелі адамдар шын ниетімен шақырса періштесі көрінеді.

Қыздың бұл қияли сөзіне жігіт түк те таңданыс білдірген жоқ. Тіпті сенгенін де, сенбегенін де сездірместен:

– Періштесін адамдар неге шақырады? – деп сұрады.

– Періштесі қиналған адамды жұбатады, көмектеседі, - деп жауап берді қыз.

– Періште Құдай емес қой, оның қолынан не келеді? – деп тақылдады жігіт өзінше қыз сенімінен селкеулік тауып.

– Қиналған адамдарға періштесін Жаратқанның өзі жұмсайды, - деп тақылдады қыз бұл мәселеден осал еместігін байқатып.

Енді жігіт те қыздың оңай ұстатпасын сезді ме, әйтеуір:

– Демек, бір кезде бабаларымыз жау қарауылдаған төбеден енді періште қарауылдайтын болғанбыз деңдер, - деп өзінше нығырлады.

Оның жасына лайықсыз данышпансығаны Анажарға тым ерсі көрінген жоқ. Қайта ойланып қалды да:

– Қолымыздан келетіні осы, - деп күрсінді.

– Мархабат, - деді жігіт. – Төбеңіз мінеки, төрлетіңіз. Мен сізге бұдан әрі кедергі болмай кетейін.

– Өзіңіз біліңіз, - деді қыз.

Тек, тағы бірер сұрағым бар, соған жауап беруіңізді өтінемін, - деді кетуге ыңғайланған жігіт.

– Сұраңыз.

– Сіз, періштеңізді көрдіңіз бе?

– Жоқ.

– Көрген адамды білесіз бе?

– Жоқ.

– Өзіңіз қайда тұрасыз?

– Осында.

– Осында болғанда қайда?

– Сандықтауда.

– Демек, аспанда емес, жерде ғой.

– Әрине, жерде.

– Ендеше көңіліңіздегі түйіннің шешімін жерден іздеуге кеңес беремін.

– Ақылшым аз еді...

– Мен құрғақ ақылды да, аспани қиялды да қаламайтын істің адамымын. Заңгермін.

Бұл сөзді естігенде Анажардың жүрегі дір ете қалды. Дереу көз алдына «қалтаңа анаша салып жіберіп, тұқымыңды тұздай құртайын ба» деп тұрған мектеп полицейі келді. Содан да жауабы да қиястау шықты.

– Заңгермін дегенше адастырып кететін аңның жымымын деңіз.

– Қателесесіз. Мен, қайта адастырмай алып шығатын әділеттің жібімін.

– Күмәнім бар.

– Менің есімім де Әділет.

Қыз бұған танданыс білдіргендей «мм...» деп сәл кідіріп қалғанда жігіт:

– Жаман иттің атын Бөрібасар қояды дегіңіз келіп тұр ма? – деп іліп әкетті.

– Адамның атында тұрған дәнеме жоқ, мәселе затында, - деді қыз.

– Дегенмен әрбір ата-ананың жаңа туған сәбиге есімін ырымдап қоятынын жоққа шығармайтын шығарсыз?

– Жоққа шығармаймын.

– Ендеше менің ныспымның өзіндік тарихы бар.

– Қызық екен.

– Қызық екені рас. Бірақ танымайтын адамға тарих айтпаймын.

– Менің есімім – Анажар.

– Ана-жар. Қандай әдемі, әрі мағыналы. Тіпті таптырмайтын есім. Бұрын естімеппін.

– Иә. Бәлкім бұл есімді менің әжем ғана ойлап тапқан шығар.

– Мұнда да бір тарих жатқан жоқ па?

– Сіз бір ғана сұрақ қоямын деп едіңіз. Ал біз бұзау емізетін әңгімеге көшіп кеттік.

– Түсінемін. Енді бөгет болмаймын.

– Дегенмен кімнің үйіне келгеніңізді айтып кетсеңіз?

– Мен аңшы Алдаштың немересімін.

– Өте жақсы. Сау болыңыз.

– Сау болыңыз.

Әділет жүгіріп кетті. Төбеден түскенде де артына қайырылмады. Қаншырдай жарау белін бүкпестен, екі кісі мінгендей екі иығын тік ұстап, дік-дік басып кетіп бара жатысынан бір жойқын күш сезінді есік көрмей әйел болған қыз.

Күш иесі жай кеткен жоқ. Анажардың жан дүниесінен өтіп сүзіліп, кристалдай түзіліп, бұзылмастай бекініп алған ішкі түсінігіне түрткі салып кетті. «Жерде өмір сүріп жүрсің бе, ендеше өз тағдырыңның түйінін жерде ғана шешесің» дейді. Ел ішінде жүріп естіген болса, кәдімгі жер тірлікпен жадыланып қалғандардың пікірінің біріне балап қоя салар еді. Ал, енді елден безіп киелі Сандықтауға келіп, соншама күндер тіпті айлар бойы сарыла шақырғанда періштесі бір келмей салы суға кетіп жүргенде естігендіктен көңіліне қаяу түсті. Сол қаяу ішіп отырған шайына қонған шыбындай шайлықтырып тастады аспанға қарай алып-ұшқан көңілін. Сол-ақ екен «Неге келмейді?», «Көзіме неге көрінбейді?», «Жердегі жан адамға айта алмай жүрген арыздарымды тыңдап, құсадан неге арылдырмайды періштем?» деген сауалдар жарықтың сөнгенін тосып жататын таракандардай бірінен соң бірі өріп шыға бастады. Шығып алды да жауабын таптырмай жанын қинады. Қиналғанда «сол періште деген мүлдем жоқ, адамдардың өзін өзі алдарқататын жәй әншейін қиялы» дейтіндердің пікірі есіне сап етіп түсе қалды. Түсе қалғаны бар болсын, бұл ойдан байғұс қыздың онсыз да қиналып тұрған жаны одан арман шошып кетті. Қалай шошымасын. Алып мұхиттай аласұрған адамдар қоғамында жан сауғалаған жалғыз періштесін жоғалтса, үмітінің біржола үзіліп, сенімінің қайтып тұтанбастай болып сөніп, бұл ғаламда қу жанын қоятын жер табылмағаны емес пе?

«О, Жаратқан! Тәлкегінен құтқаршы мені жұмыр басты, жұтқыншақты пенделердің!»

Аспанға қарап қол жайып, тізерлеп отыра кеткен қыздың жаны осылай деп ышқынды. Бірақ, көз алдына бірдеңе көрінбек түгілі жартас та жаңғырмады. Аспан да, жер де, су да мәу деместен мәңгіріп тұрды. Кенет сол мылқау тыныштықты «үйіңе қайт» деген дауыс бұзды. Кім келіп қалды екен деп жан-жағына қаранып еді, төбенің басында да, көз жетер жазықта да өзінен басқа ешкім байқалмады. Ендеше дауыс қайдан шықты? Еңлікгүл шақырды дейін десе, ауыл дауыс жететін жерде емес, екі аралық шақырымнан асады. Бірақ, кім біледі, ауа тұнық, жер тегіс, келсе келіп қалған болар кедергіге ұшырамай деуге талып та, жаңғырып та жеткен жоқ, тура құлағының түбінен ап-анық естілді ол дауыс. Сонда кім? Періштем бе, құлағыма сыбырлаған? Бірақ ол неге көзіме көрінбейді? Ақ сайтан ба, ақымақ қып тұрған? Адамның ішкі даусы болады деуші еді, әлде сол ма? Басында осындай сан сұраулар қаптап кетсе де ол неліктен екенін өзі де сезінбестен сағатына қарады. «Құдайым-ау, Ақперішітемді емізетін уақыт өтіп кетіпті ғой. Жылап жатқан шығар қарны ашып. Қой, неге тұрмын мен. Әпенді әйел бағана қарауыл төбеге қарай қалай жанұшыра жүгірген болса, енді еңіске қарай солай ебіл-дебіл болып ұмтылды.

Ақперіштесі шынында да жылап жатыр екен. Еңлікгүл көршілерге кеткен бе, тіпті тербетіп жұбататын адам да қалмапты. Көп жылаған баланың ішегі түйіліп, өліп те кетеді деуші еді, Құдай сақтап дер кезінде келіпті. Қатты жылағаны сонша өксігін баса алмаған сәбидің еріні анасының емшегін ілуге келмей біраз жатты. Иіп тұр, бірақ сәбиі еме алмайды. Ана үшін бұл да қорлық екен. «Құлыным, сені өксітпес үшін не істеймін? Енді, қайда барамын?» Бала емізіп отырған ананың басында сол баяғы аспаннан да, жерден де жауабын ала алмай жүрген бір сұрақ.

* * *

Анажар Әділетті күнде көретін болды. Сандықтауда солай, бірін-бірі бір күн көрмей қалса да, «қайда жүр өзі» деп аман-саулығын сыртынан біліп отырады. Таңертең сыртқа шығып киіз есігін көтеріп, түңліктерін ашып, іргелерін түріп болған соң бір-бірімен дабырласып амандасады. Ал, түскі шайды екі-үш үйі бірігіп әңгіме-дүкен құрып отырып ішпесе іштері пысады. Сол әңгіме-дүкен соңғы кезде «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» дәстүрімен аңшы Алдаштың үйінде көбірек құрылды. Содан соң ауыл үй отырған көршілер оның немересін жассынбай қадірлі қонаққа балап, аңшының үй іші мен ауыл адамдарын қосып кезегімен шақыра бастады. Емізулі балам бар деп қанша сылтау айтса да, Анажарды да қалдырмады. Өйткені Еңлікгүл әпкесінің де оқудағы балалары келіп, Ақперіште солардың қолынан түспейтін болған. Тіпті ұйқысынан оянса болды, бесігінен жұлып алып, жұлмалап жатқаны. Біреуі «кішіт-кішіт» деп күлдіруге тырысса, екіншісі алақанына қаз-қаз тұрғызып қызықтайды, ал үшіншісі тәй-тәй басқызамын деп әурелеп, әйтеуір тыныштық бермейді. Ал, сәл қыңқылдаса болды емізікпен ешкінің қою сүтін беріп, тыңқитып тойғызып тастайды. Тіпті бағлан қозының жүрекке тимейтін жеңіл құйрығының бір тілімін аузына салып былпылдатып сорғызып та қояды.

Соны білетін Еңлікгүл де өз бетімен ешкімнің есігін аша бермейтін сіңлісі ішқұса болып қалмасын дей ме, әйтеуір шақырған жерден қалдырмай ертіп алатын болған. Бұндайда әңгіме ағыл-тегіл ағытылады. Сандықтаулықтардың, әсіресе, өздері тәрк етіп тастап кеткен ұжымдық өмірдің жаңалығын білмекке аңсары ауады да тұрады. Алдаштың немересі бар білгенін бірден ақтара да салмай, әр сөзін суыртпақтап аузына қарап отырған жұрттың ындынын да құртпай әңгімені әп-әдемі айта алатын жігіт екен. Керек кезінде тосып та, жосып та, тіпті кесіп те айтады. Тосып айтқаны тыңдай білетіндігін, жосып айтқаны тыңдата білетіндігін, ал кесіп айтқаны өз сөзіне сенімді екендігін көрсетіп бәрі орнымен шығады. Ырза болған жұрттың ішінен біреуі «келе-келе көсіле сөйлейтін көсем, шешіле сөйлейтін шешен болатын бала екенсің» деп мақтап та қойды. Басқалары бұл мадақты әбден орынды көріп қоштап қауқылдасып жатқанда Анажар неліктен екені белгісіз Тәтіқыз тәуіпке көз тастады. Тәуіп ол қолпашты естімегендей ойға беріліп отыр. Ал, Әділеттің өзі болса бұл асыра мадақты артық көріп қысылған да, ылайық көріп күпінген де жоқ, өзін бірқалыпты ұстап, «жақсы сөз – жарым ырыс» айтқаныңыз келсін деді де қойды.

Әділеттің әңгімесінен Анажардың ұққаны бұрын елді бір партия, тіпті бір адам – сол партияның көсемі ғана билеп келгендіктен әділетсіздік көп болған. Енді демократиялық қоғам орнап жатыр. Бұл қоғамда барлығы заңмен реттеліп, біреудің біреуге қиянат жасауына, сыбағасын тартып жеуіне түгелімен тосқауыл қойылатын көрінеді.

Бұл пікірге Бұлақбай бастаған біраз адам әжептәуір елеңдеп қалғанымен, аңшы Алдаш елпілдей қойған жоқ. Немересінің меселін де қайтарғысы келмегендей, «болмаса да ұқсап баққан жақсы ғой, әрине», - деді де қойды.

Алайда атасының тым ұстамды жауабын немересі әжептәуір қоңылтақсып, басқаларға көрсеткен байсалдылығын жақынына өкпелеген баланың кәдімгі қызбалығына оп-оңай айырбастап жіберді.

– Ата, - деді ол – менің атымды қойған сіз ғой.

– Иә, мен.

– Не үшін қойдыңыз?

– Сені әділетті азамат болып өссін дедім.

– Міне, көрдіңіз бе? Барлық ата-ана өздерінің орындай алмаған арман-тілектерін осылай ат қойып ұрпақтарына аманаттайды. Демек, мен жалғыз емеспін. Мен сияқты аманат арқалап жүргендер көп. Бәріміз үлкен күшпіз. Біз қалайда, әділеттік орнатамыз. Мен, сенің үмітіңді ақтаймын, ата! – деп әжептәуір қызынды.

Бірақ, неге екені белгісіз бұл жолы оны ешкім қолдап, қолпаштап дабырласып кетпей, үй ішінде тылсым тыныштық орнап қалды. Жазғы каникулға келген жастар жағы әдеп сақтап, ақыл күтіп үлкендерге қарады. Үлкендер аңшы Алдаш пен Тәтіқыз тәуіпке қарады. Ал, аңшы Алдаш жерге, Тәтіқыз тәуіп шаңырақтан асыра аспанға қарады.

Жас қонақтың сөзін іштей Анажар да қоштай қойған жоқ. Кеше ғана өзін тентек, теріс көріп ортасынан теуіп шығарғандардың бір пәсте қара қылды қақ жаратын әділ, ала жіпті аттамайтын адал бола қалады дегенін ақылына олай да салып, бұлай да салып көргенімен көкейіне қондыра алмай, ақыры Алдаш атаның айтып отырған қаупін орынды көрген. Орынды көрмей қайтеді, күштінің қиянатына шыдай алмай азаттық үшін айқасқа шығып, әлсіздерге көмекке аспаннан ақ періштелерді шақырып аңыраған Пенденің өзі қолына билік пен байлық тиген соң ол күнін ұмытып, нағыз қой терісін жамылған қасқырдың өзіне айналып шыға келді емес пе? Мектеп директоры болса, басқарып отырған оқу орнынының рейтінгін түсірмеу үшін не істеу керек болса, соның бәріне барады. Өтірік айту керек болса, айтады, көз бояу керек болса, бояйды, алу керек болса, алады, беру керек болса, береді. Жорға атанған тарихшы Бәтима апай басшысының ашығы бар, астыртыны бар, заңға томпақ келетіні бар, келмейтіні бар, барлық әрекеттерін жайбағыстап, мектептің беделі, шәкірттердің келешегі үшін жасалып жатқан ұлы қайраткерлікке айналдырады. Мектеп полицейі олардың бәрін заңдастырады. Тіпті ең жақын құрбысы Ақбикештің өзі мұны өмір сүрудің ең үлкен өнері деп түсініп, тек осы өнерді аса шебер меңгергендер ғана мына дүниеде ұлы істер атқара алатынына сенімді болғаны сонша мектеп қабырғасынан шықпай жатып-ақ жанын салып араласып кетті.

Ал, Алдаш атаның немересі болса, осылай арнасынан әлдеқашан ауа жайылып жүргендерді заңмен қайырып, жөнге салуға болатынына бек сенімді. Сондай бір жөнге биліктегілер бәтуаласса бәтуаласқан шығар-ау. Бірақ, адамдарға ештеңе жақпайды. Дәлірек айтқанда біреуге жаққан біреуге жақпайды. Бүгін жақсы дегені ертең жаман болып шығады. Әйтеуір бұл адамдар жердегі данышпандар тұрмақ, аспандағы Алланың өсиеттеріне де адалдық таныта бермейді. Сөйтеді де, бұл жалғанды жалпағынан бастым дегендерінің өзі «бірі кем дүние» деп күңіреніп өтеді. Ал, жалғанды жалпағынан баса алмай шерленгендері «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман келеді» дей-дей бақилық болғанын білмей де қалады.

Осының бәрін қаршадайынан көріп, көңіліне тоқып үлгерген Анажардың желпілдеп тұрған бір желөкпе айтты екен деп сөзіне сене салуы шынында қиын болатын. Бірақ, аспандағы періштесін көре алмай құлазып, жан-жағына жәудіреп қалған көңілінің сол сөзден иненің жасуындай болса да жұбаныш іздегені тағы шындық. Жай іздемеді, мына жылбысқы өмірдің құрдымға тартып бара жатқан жылымына жібермей қолұшын созатын құтқарушысын таба қалатындай жанұшыра іздеді. «Шынында да алған соққым соншалықты ауыр болса да, бұл өмірден түңіліп, аспанға қарап қол жаюмен күн өткізу жас адамға жараспас». «Құдай сақтансаң сақтайды», дегенді қазақ «Жаратқаннан үміттен, бірақ өзің де әрекеттен» деп айтқан ғой.

Сонда менің ендігі әрекетім не болмақ? Не істей аламын? Бәлкім, ескі биліктің ескі заңы тығырыққа әкеліп тіреп, бір орнында тұрып қалған өмірімнің қай бағытта, қайтіп жылжитынына жаңа биліктің жаңа заңдары жол тауып берер?

Періштесінен көңілі қалған Анажар енді осы бір әлжуаз үміттің қылтиып көріне қалған келте жібін сол құтқарушысындай көрді. Ол үміт күш алып, көңілінен қоныс тебуі үшін Әділеттен тағы да көп нәрсені сұрағысы келді. Бірақ, жігітпен іле-шала сөйлесудің ретін табу оңай болмады. Оңай болмайтыны, уақыттың тапшылығынан, әлде жолығатын орынның жоқтығынан, немесе бақылаудың күштілігінен емес-ті. Басқа-басқа, әңгіме-дүкен құратын уақыт сандықтаулықтарда жетіп артылады. Ал, оңашалану керек болса, жартас айналып кете сал, жан адам таппайды. Анажардың аттап басқанын аңдып, аяқ-қолын матап отырған да ешкім жоқ. Бірақ осылардың барлығынан мықты әдеп деген бар.

Онсыз да ойнақтап жүріп бір рет от басқан және оңбай басқан қызды сол әдеп ұстады. Ал, әйел әдептен аттады дегенше бүлікті бастады дей бер. Өйткені өз аяғымен келген ұрғашыдан еркек емексиді. Емексіген соң көңіліне құрт түседі. Көңіліне құрт түскен соң тып-тыныш дүниесіне бүлік түседі. Ол бүліктің аяғы жақсы болмай, жігіт қай жарға ұрынып, нені бүлдірсе де бәріне ұрғашы кінәлі болып шығады. «Әйел жолы – жіңішке» деген сөз содан қалған.

Ал, «қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды» дейтін қазақтың бойжеткені кіріп-шығып жүрген үйін жігіттің жағалауын жұрт аса әбес көрмейді. Әбес көрмесе де, құмырсқаның қалай қыбырлағанына дейін қалт жібермей байқайтын ауыл әйелдерінің сан-саққа жүгіртетін өсек сөзіне іліндірмей тағы тұрмайды. Содан қаша ма, әйтеуір Әділет Бұлақбайдың үйіне төтелеп бір келмей-ақ қойды. Бәлкім, заманы оңынан туып, өзіне де, болашағына да сенімі семіріп алған жігіт мұның оң жақта отырып босанған балалы әйел екенін білген соң таныстығын одан әрі жалғастыруға тең көрмеді ме? Шынында да солай екен-ау? Жоғары оқу орнын бітірген білдей заң қызметкері таудың бір қуысына түсіп қалған тесік моншалықты көзіне іліп неғылсын?

Бұл ой Анажардың көңілін су сепкендей басып, бір жалт еткен сезімі ауаға сіңген будай ғайып болды. Алайда, өмір шіркін бірдеңенің қиюын кетіруге де, келтіруге де шебер ғой. Өзінің құба өмірін қайтадан мойынсұнып, күнделікті күйбең тірлігімен жүріп жатқан күндердің бірінде қыздың көңілі іздегені тағы да кездейсоқ кездесті.

Бұл жолы Анажар шатқалдағы ағаштардың арасынан құрғақ отын іздеп шыққан-ды. Ал, Әділет болса, бойында сол ағаштар сыңсып тұрған өзеншеден құла қасқа құнанын суғаруға жетелеп келіпті. Белін бір бүгіп, бір жазып бірлі-жарым қураған бұтақтарды жинап жүрген қыз тасқа тиген ат тұяғының тықырын естігенде жігіт жанына тақап келіп те қалыпты. Терең шатқал, қалың ағаш арасы, екеуден екеу. Басқа тірі жан жоқ. Аяқ астынан сап ете қалған осынау мүмкіндікке жайнаң қағып қуанып, ішін құрт болып жеген көп сұрақты бірінен соң бірін қойса болады білімді жігітке. Бірақ, неге екені белгісіз қуанбады. Қайта осы оңаша кездесуді тілегені үшін өзін кінәлі сезінді. Тіпті қазір мына ат жетелеген жігітпен тілдесіп ұзағырақ тұрып қалса, сол кінәсі одан сайын ауырлай түсетіндей көрініп, тұра қашқысы келді. Бірақ, жөнсіз үрке жөнелуі әдепті қызға жараспайтынын тағы түсінді. Әдепті қыз жасы үлкен ер адамның жолын кеспей, ізетпен сәлем беруі тиіс. Мұндай ілтипатты көрген еркек те ізетке ізетпен жауап беруі міндетті. Солай әдеп оңашада да әдеп. Әркімнің ойына келгенін орынсыз істетпей, аузына келгенін ақтарып айтқызбай, әдемі бір биязы жөнмен жүргізеді. Бірер қадам шегініп, жігітке жолын ашқан Анажар сәлемді де алдымен берді. Бірақ, қатарына келген жігіт өзіне кілт бұрылғанда онсыз да еліктің лағындай елеңдеп әзер тұрған басы бір секіріп кетіп, секемшілдігін сездіріп қойды. Артынан байқаса жігіт тіпті де артық қимылға бармай қолын ұсынып қана тұр екен. Қанша үріксе де, қорықса да ұсынған қолды алмасқа амал қалмады. Ол жігіттің алақанынан қуатын сезді. Бірақ, тіксініп, қолын тартып алған жоқ.

– Қалай періштеңе жолықтың ба? – деп сұрады сол қуаттың иесі. Өзінің жасы үлкендігін бұлдады ма, әлде ауыл үй көрші болған соң өзімсінді ме, әйтеуір сенге көшіп сөйледі.

– Жоқ, – деп қысқа жауап берді қыз.

– Демек, менің айтқаным дұрыс болды ғой, жердегі мәселені жерде шешу керек.

– Білмеймін, - деді қыз. Сөйтті де жүзін көтеріп, жігітке тіктеп қарады. Сол кезде екі жанар түйісті. Бірі мына жарық дүиеден сәуе таппай сөнгелі тұрған жанар. Екіншісі жарық күннің өзінде жалын атқан от жанар. Қайда барса, от. Бір рет күйдірген от. Бірақ, бүкіл әлемді жарық қылып тұрған Күн де от. Ол өртемейді, қайта өсіреді, өркендетеді. Шебер Құдай солай етіп қойған. Ал, мына жігіттің жанарындағы от ше? Ол не істейді? Анажар оны білмейді. Білмесе де, өзге жармасар ештеңесі қалмаған жанның көзімен көмек сұрай қарайды. Жігіт мұны сезді ме, оқыды ма көзінен ол жағын Анажарға аңғартпады. Жанарын қыздың жиып қойған отынына аударып:

– Мен саған көмектесіп, мына ағаштарды көтерейін, - деп солай қарай жүрді. «Өзім-ақ» деп қарсылық көрсеткен қызға:

– Ал, сен менің атымды жетеле, - деді.

Шатқалдағы екеудің еңбегі әркімнің әліне қарай әділ бөлінген соң Анажар артық уәж айтпастан құла қасқа құнанның шылбырын ұстай берді. Олар әуелгіде ағаштардың арасындағы жалғыз аяқ жолмен, Әділет бастап, бірінің артынан бірі жүріп отырды. Ал, жалаңқай беткейді өрлеп көтерілгенде бейтаныс адамның жетегін жатырқады ма, әйтеуір, құла қасқа құнан табандап тұрып қалып, тек кейіндеген иесі қатарласқанда ғана қозғалды. Жылқының бұл мінезі қайталана берген соң Әділет Анажармен ара ажыратпай жүріп отырды. Қатар жүру құла қасқа құнанға ғана емес, қызға да ұнады. Әйел бақыты деген осылай күш иесінің демеуін үнемі сезініп, өрге қарай екеуінің қатар өрлеуі шығар деп ойлады ол сондай сәтті басынан кешіп келе жатып. Бірақ, жолы шолақ, мерзімі келте, алдамшы бақыт бұл. Енді сәлден кейін жазыққа көтеріледі. Содан соң әншейін сыпайылық үшін ғана қайырымдылық көрсеткен заңгер менің пұшайман халіммен ісі де болмай жөнімен кетеді.

Алайда, Әділет олай етпеді. Отынды қыздың үйіне дейін арқалап келді. Анажар да «елден ұят болады, енді өзім көтерейін» деп айта қоймады. Айтқысы келгенімен айта алмады. Сөйтіп, ол әдепті алдымен өзі бұзды. Жар астынан, қалың тал арасынан ер адаммен бірге шығудың, онымен әмпей-жәмпей болып қалған жандай атын жетелеп, отынын көтертіп қоюдың ұят екенін біле тұра солай етті. Өйткені жүрек қалауы сол болды. Әйелді айрықша сезімге бөлеп, әрдайым көңілін хош ететін ер адамның күшін сезініп қатар жүре бергісі келді. Үйге дейін де, одан ары да...

Жігіт те мұны ерсі көрмеді. Отынын үйінің қасына дейін әкеліп, қызбен қоштасарда тағы да қолын ұсынып, көзіне қарады. Бұл жолы қос қол ескі таныстардай қауышты. Дегенмен жігіт алақанының қызуы бұрынғыдан күшейе түскен сияқты әсер етті Анажарға. Ал, бағанағы жалындаған жанары енді тұңғиық боп тартып тұр екен.

Бір қызығы олардың терең шатқалдағы тал арасынан екеуден екеу шығып, сыңарын тапқан қос аққудай жұбын жазбай келуін ауыл адамдары ерсі көрмеген сияқты. Сол күні де, ертеңіне де, одан кейін де ешқандай өсек сөз естілмеді. Бәлкім, сырттарынан айтылса айтылған шығар, әйтеуір Анажардың құлағына жеткен жоқ. Тіпті бұлардың бар қимылын киіз үйдің жабығынан бақылаған Еңлікгүл де көрмеген кейіп танытты. Тек, Ақперіштені емізбек болып үйге кіргенінде сәбиді жаңа ғана тойғызып ұйықтатып тастағанын, енді бұдан былай тісі шыққан баланы емшектен шығару керектігін айтты.

Еңлікгүл біліп айтыпты. Тамаққа әлдеқашан үйренген Ақперіште емшектен оңай шықты. Алғашқыда ызбайланғанымен оның әуресін Еңлікгүл көрді, тілін де Еңлікгүл тапты. Ал, Анажар екі-үш күн сәбиінің көзіне көрінбей Тәтіқыз тәуіптің үйінде түнеп жүрді.

Тау мен дала өсімдіктерінің гүлдері, жемістері, жапырақтары, сабақтарға бөктіріліп, сөлі мен тұнбалары сақталған, кептіріліп, уатылып ұны мен ұнтақтары салынған түрлі шыны, пластмасса, қағаз ыдыстар қаздай тізіліп, үнемі араның балы мен эфир майының аралас исі аңқып тұратын тәуіптің үйінде көп нәрсеге көзі ашылды Анажардың. Емші апасының әңгімесін тыңдаған үстіне тыңдаған сайын ол табаны басып жүрген жерінің, жұтып жүрген ауасының, бір-біріне сыйлап жүрген гүлінің шын қасиетін сезінбей, сыртқы сипатын ғана малданатындығын ұқты.

Биология сабағы да бұл ұшы-қиырсыз әлемнің ортақ заңдылықтарынан хабар беріп қана қойған екен. Әр жердің топырағына, суына, күн райына байланысты өзіне тән өсімдіктері болатындықтан алыс қалалардан асай-мүсейлерін арқалап келіп, белгілі бір көздеген аймақтарын ғана кезіп қайтатын білімділер бұл бай әлемнің ұшпағы мен пұшпағын түгендеп шығуы мүмкін емес екен. Тіпті жеті атасынан бері емшілік қонған Тәтіқыз тәуіптің өзі тауы далаға, даласы құмға, құмы ұлы теңізге ұласып кететін Тоқкент өлкесі өсімдіктерінің қыры мен сырын біліп болдым деп айтпайды. Сол жеті атамыздан бері әлі біліп бола алмай жатырмыз дейді. Оның айтуынша есте қалмаған ескі замандарда адамдардың білімі жануарлардың білімінен кем болмаған. Жараланған аң тұзға түсіп, дәрі шөп жалап, аунап қалай жарасын жазып алса, адамдар да шөпті тәуіптің көмегінсіз-ақ тауып, өзін емдеп жазып алатын болған. Ал, кейін әрқайсысы тамақ табудың әрқалай жолына түскендіктен бұл білімді керексінбей жануарлардан да, өсімдіктерден де алыстап кеткен. Алыстаған соң олардың жанын бұрынғыдай түсінбейтін болған. Жанын түсінбеген соң жатсынып, өз ризықтары үшін жаратылған жаратылысқа аяушылығы азайған.

Тәтіқыз тәуіптің айтуынша табиғат та адамдардың мінезіне қарай мінез көрсетеді. Адамдар тыныштығын кетіріп, үйлесімін бұза берсе, ол да адамдарға соны істеп, аямағанды аямайды. Әсіресе өсімдіктер әлемі өте сезімтал. Аяласаң ол да аялап, шын пейілімен қызмет етеді. Қарны ашқанға жем, ауырғанға ем болып, ренжігенге көңілінің хошын қайтарады . Осылай емші апа тау мен дала шөптерінің қасиеттері туралы сөйлегенде Анажар үшін жер дүниенің құпиясы бірінен соң бірі ашыла берді.

Әжесі мұның бала кезінде теріні құбашілік пен талжапырақ тергүлмен, мыңгүлді кермек пен илік таранмен илеп, оны мақсыр мен көкшіл алабұтадан, томар бояу кермек пен сары-сояудан, түлкіқұйрық балғын мен сары раушаннан, үштармақ итшоған мен қызыл күрең нарпыздан, ұзын тегеурінгүл мен бұйра құлқайырдан алынған бояулармен бояғанын ол енді білді. Тіпті, кәдімгі құм қоянсүйгенінен де бояу алып, онымен жүн бояйтынын естігенде таңданғанынан жағасын ұстады. Ал, алабота, торғай оты тәрізді ащы шөптерді өртеп, күлінен алынған сақарға май қосып суға қайнатып, сабын жасайтыны есінде қалыпты. Мұндай сабынмен жуынғанда нарпоздың хош иісі аңқып тұратын. Сандықтауға жол салынып, қарым-қатынас жетілгелі, әрине, оның орнын мәдени, нәзік сабындар басты. Соған қарамастан ойдағы елмен қарым-қатынас күрт тыйылатын алты ай қыста бір керегі болып қалар деп қара сабын қамдап қоятындар әлі де бар.

Тәтіқыз тәуіп әңгімесін жалғастырған сайын жер бетінде текке жаратылған ештеңе жоқ екен деп қалды Анажар. Тіпті адамдар олардың біразын арам шөп деп атағанымен нағыз пайдалы шөптер екен. Адыраспан мен жусанды қазақтар кие тұтатыны, олардың түтінімен жын-пәлекеттерді аластайтыны бесенеден белгілі. Ал, тастақты беткейлерде өсетін кәдімгі жұпаргүл, таушымылдық, тау етегінде топтанып тұратын түкті қоянжырық, шатқалдардың сәнін келтіретін долана, биік тау белдеулерінің жұмыр тастарында өсетін жирен көкнәр, тамырдәрі, өзен, көл, бұлақ жағалап, сай-салада кездесетін батбақ сарбас, түкті шырмауық, кәдімгі шәңкіш, үлкен бақажапырақ, ұсақ гүлді бақажапырақ, сабақты тауқалақай, кіші құлқайыр, сортаңды сүйетін жалбыртікен, құмдақ салаубас, ұзын бөріаяқ, найза көкпек, қараматау, суармалы егістіктің арасындағы айланшөп, улы арамшөп делінетін нәрқайсар, шұбар убалдырған, қара, сасық меңдуана, үлкен сүйелшөп, торсылдақ, малазықтық қараот, түкті күреңот, нәзік киікоты, еменшөп, сасық сасыр, қоңсық сасыр, тағы басқа толып жатқан шөптердің емдік қасиеттері бар екенін емші апасының үйінен көріп, өзінен естіп білді. Содан кейін барып бір өзі ғана тұратын Тәтіқыз тәуіптің неге жалғызсырамайтынын түсінді. Қалай жалғызсырасын? Айнала өсімдік біткеннің бәрі оның достары екен. Бұл кісі баяғыдан сол достарының әлемінде өмір сүреді екен. Өйткені оларды жақсы көріп, жанын сезінеді. Жанын сезінгендіктен де пенделер өз ризығы үшін жаратылған осынау әсем жаратылыстың жаздың аяғы мен күздің басында пісіп-жетілген жемістері «мені үз» деп жәудіреп тұрғанын түсінбей, тіпті олардың қандай пайдасы бар екенін де білмей надандықпен теуіп, таптап кетіп жатқанында бұл кісі бір өзі тау, дала кезіп жүріп жинап, сауабын алады.

Бәлкім, сол кезде бойына бір жыл жиған нәрінің кәдеге аспай қатып-сеніп қалғанына, жемістері босқа шіріп, төгіліп, тапталып рәсуа болғанына, қатты қапаланатын өсімдіктер де өздерінің бір Алланың жазуымен адам ризығы үшін жаратылғанын білетін, біліп қана қоймай соған дәнекерлік ететін бір жұмыр бастының табылғанына ризалық білдіріп, Тәтіқыз тәуіпті тылсым әлемдеріне ықыласпен енгізетін болар. Әйтеуір емші мен өсімдік әлемінің ортасында өзгелерге беймәлім екеуара түйсікпен ғана болатын ерекше бір байланыстың бары анық. Әлемде бұдан асқан берік, бұдан асқан шырын, бұдан асқан мағыналы қарым-қатынас жоқ. Тек бір-бірінің тылсымына бойлай алған осындай қарым-қатынас қана мәңгілік. Басқа сезімнің бәрі басына күн туса безіп жоғалатын ұшып-қонған бірдеңе. Өзіңді қай жерде, қандай күйде қалдырып кеткенін білмей де қаласың. Ізгіліктің жоқшысы боламын деген Пенденің пәк сезімі қай жерге дейін жетті? Сол пендені пір тұтып, соңынан соқырдай ерген өзінің күйі не болды? Жо-жоқ, он жерден ұстаз болса да, Пенденің әлемі түйсікпен түсінісіп, тылсымына шоматын әлем емес екен. Шомдым деп өзіңді өзің алдарқатқаныңда шолтаң етіп, пенделігі көрініп қалады екен. Сонда Тәтіқыз тәуіп пен өсімдіктер арасындағы бүкіл болмысты баурап алатын баянды түсінісу пенделердің арасында болуы мүмкін емес пе? Олардың сезімі қара басының қамы үшін жағдайға қарай қырық құбылып, достықтары жаулыққа оп-оңай өте беретін соншалықты аяр ма? Солай болса, солай шығар. Өйткені Пенде екеуміз бір-бірімізге кеше кім едік? Бүгін кімбіз? Шарпысқан шырын сезімдерімізден қандай із қалды? Байырқалап байқаса, екеуінің ортасында тілеуі жаман мысық қалыпты. Сол жымысқы жыртқыш жүрегін қан жылатады қазір. Ал, қан дегенің сұрауы болмай қалмайды екен. Оның қанша су боп ақса да кек болып қататын қасиеті бар екен. Мысықтың тырнағының түбінен тамшылаған өз қаны да көкірегіне кек байлапты. Сол кек періштесінен күдер үзіп, жан жұбанышын жерден іздеген сайын күшейіп, мұны тасты тасаланып жемін аңдыған тау мысығына айналдырыпты. Әйтеуір бір күні аңысын тауып Пендеге қарсы атылатыны анық.

Бірақ, қырық жерден кекті болса да, мысық жолбарысқа атылып не берекет табады? Таутарғы оны тілеу-мілеуімен қосып таптап өтіп кете бермей ме? Сонда мысық не істейді? Жолбарысқа кеткен кегін тышқаннан алып жүре бере ме? Адамдардың өмірі де осылай құрылған ба? Онда айуандардан айырмасы қайсы олардың? Әрине, айырмасы жер мен көктей. Адамдар – ақылды. Бірақ, Құдай сорлатқанда саналылардың түбіне сол ақылы жетіп жатқан жоқ па? Дәлірек айтқанда ақылмен әбден ойластырылып, көрер көзге сүп-сүйкімді етіп сервизделген зорлық-зомбылық титықтатып тұр оларды. Ондай жан-жақты «жетілген», «мәдениетті» әрі әмбебап қараулыққа қалай қарсы тұра аларсың. Қараулыққа қараулық жасаудан өзге не шараң бар?

Шынында да Әділет айтқандай заң ғана тауып беретін шығар бұл тығырықтан шығар жолды? Сөйтіп, жаңа заманның жаңа адамдары қабылдаған жаңа заңы Ақперіштесінің алдынан ақ жол ашатын болар? Ал, іштен шыққан перзентімнің өмірі алаңсыз болса, мен де армансыз. Одан басқа ештеңені тілемеймін Жаратқаннан. Өткенде Әділет дұрыс айтты. Менің де есімімді Анажар деп ырымдап қойған ғой. Ана және жар. Бір әйелдің қос міндеті. Міндет болғанда қандай! Бүкіл ел-жұрт бетіне қараған Ұлы міндет! Демек, Әділет өз атына лайық болу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргенде мен неге күнімді сарыуайыммен өткіземін? Тәтіқыз тәуіп тапқан ғой бұл жалғаннан өз қызығын. Мен неге Алланың беріп тұрған бар қызығы – Ақперіштемнің болашағы үшін күрестен бас тартамын? Жоқ, өзі Ана, өзі Жарға бұл жараспайды. Атыма затым сай болуым керек.

Ақперіштесін емшектен шығарып, емші апасының тірлігіне тәнті болып оралған Анажардың ойы осылай орағытып, көңілі Әділетті кәдімгідей іздейтін болды. Аңшы Алдаштың немересінің сөзіндегі сенімді, бойындағы бұла күшті керексінді. Керексінді де қыз тоғайдан тағы да дәл сол уақытта құрғақ отын жинауға барды. Жігіт те құла қасқа құнанын суғаруға келіпті. Өзімсіне сәлемдескен Әділеттің көзінен сол баяғы лапылдаған жалынды көргенде, қолынан еркектің қуатын сезінгенде Анажар ерекше бір күйге түсті. Басында көптен болмаған күй. Ал, жігіт тау гүлдерінің шоғырын тарту еткенде көңілі көл болып шалқыды. Демек, Әділет те мұны әдейі іздеп келген. Бұған сыйламаққа тау-тас кезіп гүл терген. Гүл болғанда қандай! Кілең хош иістілер. Альпі белдеуінде ғана ұшырасатын Еңлік – иісмайдың өзінен ары да емес, бері де емес. Анша-мұнша аяқты жете алмайтын кілең құз жартас, тас қияларда өсетін жалаңаш тілқиярдың хош иісі де анадайдан аңқып тұрады. Ал, сол гүлдерді ұсынып тұрып, ернімен ернін еркін көміп жіберіп еміне сүйген еркектің иісі тіпті жұпарыңнан артық көрінді. Сол еркек иісі бір сәтке өзі сұрамақ болған жаңа заманды да, оның заңдарын да ұмыттырып жіберді. Баласын емшектен шығарып, бұлаң қағып жүрген әйел болса да Анажар бұған дейін еркек иісін сезінбепті. Жасында оның танауында әжесінің иісі қалды. Ол кезде анда-санда көретін әке-шешесі болса, мұны құшағына алып, құшырлана сүюге әжесінен батпайтын. Кейін әжесінің бауырынан шығып, үйіне оралғанда әкесі исін иіскеп, өзін иіскетіп құмар тарқататын жастан өтіп кеткен «түйедей» қыз болып қалған еді.

Ал, Пенденің иісін сезінбепті. Сезінетіндей жағдайда болмапты. Сондықтан осы жолы ғана «еркектің иісі есіңді алады екен-ау» деген ой жүгірді санасында. Бірақ қанша исініп тұрса да жігіттің иісіне де, қуатына да бойын көп алдырмай, көре сала құшағына көмген батылдау әрекетіне әрекет көрсетіп, сытылып шығып кетті. Сытылып шығып алғанымен өзінің ренжімегенін білдіріп:

– Шөлдеген атыңыз ғана емес екен ғой, - деп әзілдеді.

Қыздың түк те ашуланбай, қайта өзіне әзіл тастағанына бөркі қазандай болған жігіт:

– Сұлуды көргенде қалай шөлдемейсің? – деп қоқиланды.

Қызға да керегі осы еді.

– Сұлу көрсеңіз шөлдей бересіз бе? – деп қармағын қайта лақтырды.

Өзімен әзілдескенін «кетәрі» еместігі деп түсінген жігіт қыздың сұрақ емес, тұзақ құрғанын аңдамай:

– Суатынан шөл қандырмасаң, әрине, шөлдейсің, - деп емеурін білдірді.

Сол-ақ екен қыздың алабұртып тұрған жүзі қарабұртып:

– Ойлағаныңыз сол ғана болса, басқа жақтан іздеңіз суатыңызды, - деп теріс айналып жүріп кетті.

Жаңа ғана құшағында тұрған қыз сытылып шығып кеткенімен қоймай, торына өзін түсіріп кеткенін кеш аңдаған Әділет санын соғып қалды. «Нағыз ауылдың қызы» деп ойлады содан соң. «Қаланың көшеден бала тапқан қызына мүлдем ұқсамайды». «Әуіш те, әккі де емес, тәжірибесіз. Сөзі пысық көрінгенімен жаны таза. Қимылында да, қолында да, ернінде де пәктік бар. Жігіт болып басқа қыздардан байқамаған пәктік». «Ана болған қыздың пәктігі...» Бұндай сирек кездесетін құбылыс құмарлығын бұрынғыдан да арттырып, оның ләззатын ешкіммен бөліспей жеке дара иемденуге сол жерде шешім қабылдап, мақсатына жету үшін ештеңеден тайынбауға бекінді Әділет.

Бірақ, бұдан кейінгі кездесулерде қанша емініп тұрса да, қыз жігітті емексітіп қылымсыған емес. Әділеттің жүйкесін сонымен құртты. Жо-жоқ, жүйкесін құртпады, қайта сол ауыл қызының жібектей есілген мінезімен жүйкесін орнына түсірді. Қыздың білгісі келетіні өзінің де көңілінде жүрген сұрақтар болғандықтан ортақ әңгімелерінің жібі түзеліп жүріп берді. Бірақ қыз сұрақтары әңгіме арнасын көкейін тескен қанағаттан мүлдем басқа жаққа бұрып, өзіне бар арман-мақсаттарын, сыры мен шынын айтқызып жүргенін білмей де қалды. Ал, білген кезінде бұрынғыдай санын соқпады. Қайта жан сырын тыңдайтын, жай тыңдамай ынтыға тыңдайтын бір жанның табылғанына қуанып, оған деген көңілі одан әрі құлай түсті. Сандықтаудың сайында, сарқыраған судың жағасында, балқарағай арасында осылай олардың армандары тоғысты.

Екеуі де жасында қиянатты көп көріпті. Ауылдағы ғана емес бүкіл аймақтағы ең адал қорықшы атанған Алдаш атасының жаламен сотталып, жазасын өтеп келген соң адамдардың арасынан аң-құстардың арасын артық көріп, тау-тасты мекендеп кеткенін, ал қылмыс жасағандардың бостандықта тайраңдап қана қоймай үлкен-үлкен қызметтерге жоғарылағанын жасынан естіп, көріп, бұл қиянат көкірегіне кек болып қатып өскен Әділет сол кекті заң қызметкері болып заңмен қайтаруға бекінген. Мұнда ата-әжесімен амандасып, сағыныш мауқын басып, әрі таудың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, күш-қуат жинап қайтқан соң ол білдей бір аудан прокурорының көмекшісі болып қызметке кіріседі.

Анажар бұл әңгіменің бәрін қызыға тыңдайды. Сұрақ үстіне сұрақ жаудырады. Заңгер жігіт жауап беруден жалықпайды. Оның айтуынша заман ілгерілеген сайын заң бұзушылардың өрісі тарыла береді, тарыла береді. Сөйтіп, елдің бәрі тек заңға жүгініп, заңгерді құрметтейтін қоғам келеді. Міне, сол қоғамда еркін өмір сүруге мүмкіндік туады. Ешкім ешкімге қиянат жасай алмайды.

Әділет осылай дегенде Анажардың есіне полиция инспекторының «сөмкеңе анаша салып жіберіп көзіңді көкшитейін бе» деген сөзі түседі. «Тәртіп сақшысы өстіп қорқытқанда қалай еркін өмір сүресің?» деп күмән келтіреді.

«Ондай инспектордың үстінен арыз айтып, жұмыстан қудыру керек» деп қызынады Әділет.

«Бірге бір айтылған сөзді қалай куәлендіресің? Билік мемлекет өкіліне сене ме, жоқ төбелеспен аты шыққан тәртібі дүдамал оқушыға сене ме?» деп қарсы уәж айтады Анажар.

Әділет те жаңа заң бәрін орнына қоятынына, оның алдында басшы да, қосшы да бірдей жауап беретініне өзінше дәлелдер келтіріп бағады. Сөйте-сөйте өз идеясына әбден берілген, оның жүзеге асатынына бек сенімді жігіттің жігерлі жауаптары Пендеден періштені көріп аузы күйген қыздың көңілінде тұман болып тұтасып тұрған қалың күдікке селкеу түсірді. Соның арқасында кеудесіндегі тұманы бірте-бірте сетінеп, мен де «қой үстіне бозторғай ұя салатын заман» орнатқысы келетіндерге қосылып Ақперіштемді өсірсем, жетілдірсем, қанатын қатайтып ұшырсам деген үміті күш ала бастады. Күш алған үміт әлі ойдағы орнап болмаған жаңа қоғамды көрмесе де көргендей, білмесе де білгендей сенімге жетеледі. Ал, сенім, бәріне күдікпен қарайтын секемшілдігінен арылтып, Әділеттің тілеуін тілейтін тілектесіне айналдырды.

Енді екеуі қосылып армандайтын болды. Сол арман үстінде олардың үлкен өмірдің табалдырығын аттамай жатып, тауы қайтқан талаптары қайта қанаттанып, алда қандай қамал кездессе де алатындай көрінетін.

Ал, енді кейде көңілдеріндегі көрікті ойдың бәрі өмірде жүзеге аса бермейтінін мойындап, бұл дүниедегі ең қорғансыз, дәрменсіз, ешкімге керексіз, жападан жалғыз қалған жандай көретін өздерін. Сол жалғыздық оларды одан әрі жақындата түсті. Жандарын ғана емес... Бұл жолы олар бір-бірінің құшағына қашан, қалай көмілгенін аңғармай да қалды. Тіпті өздері тура бір өмір бойы осындай күй кешіп жүргендей-ақ оған есеп беріп те жатпады.

– Біз енді өмір бойы бірге боламыз, ешуақытта айрылмаймыз, - деді Әділет екеуі бір жандай болып бірігіп тұрған кездерінде.

– Мен жалғыз емеспін, - деді Анажар. – Менің Ақперіштем бар.

– Білемін, - деді жігіт. Ол енді екеуміздің Ақперіштеміз болады.

– Ол қиын шаруа ғой, - деді Анажар.

– Заң барлық қиындықты шешіп береді, - деді Әділет. Өз нәміме жаздырып аламын, болды, одан кейін ешкім ештеңе дей алмайды.

– Дегенмен, заң шеше алмайтын қиындықтар да бар. Мәселен, ата-ананың ризалығын алып беруге ешқандай заңның пәрмені жетпейді. Ол ата-ананың өз құқы, - деп негізгі қауіптің қайда екенін нұсқады Анажар.

– Менің де өз құқым бар, - деп қызынды Әділет. – Ол құқыма ешкім қол сұға алмайды.

Бұл енді әлі тағдыр талқысына түсіп көрмеген, әзірге әке-шешесі айтқанының бәрін орындап, бетінен қақпай өсіргеніне ғана мәз болып жүрген еркелеу жігіттің еркіндеу жауабы еді. Сондықтан да бұндайды бұдан басқашалау болса да, бір рет басынан өткізген Анажарға ерсілеу көрінгенімен, тауы шағылмай-ақ қойсын деп тілеуін тілеп тұрып:

– Баласының оң жақта отырып босанған қызға үйленуіне қай ата-ана ризалығын бере қояды дейсің, - деп қаупін нақтылай түсті.

Әке-шешесінен беті қайтып көрмеген жігіт те:

– Олар маған ризалығын береді, – деді. – Бермесе...

– Бермесе, не болады?

– Бермесе, мүлдем үйленбей қоямын, – деп қорқытамын. Олар тұқымсыз қалудан өлердей қорқады.

– Шынымен үйленбей жүре бермексің бе?

– Жоқ, сенімен тұра беремін.

– Мен олай тұра алмаймын. Ата-анасын ренжітіп ешкім ұшпаққа шықпайды.

– Біздің отбасылық бақытымыз тек өзімізге байланысты.

– Өз туыстарыңмен бөліспеген бақыттың мәні де, сәні де болмайды.

Осылай деп Анажар да алған бетінен қайтпай, пікірлері бір нүктеге түйіспеген соң ақыры екеуі де отау құрғысы келетіндіктерін осындағы туыстарына хабарламақ болып келісті. Аржағын көре жатады.

* * *

Еңлікгүл сіңлісінің бұл шешімін бірден құптады. Әлі жассың деді ол. Әділет жаман жігіт емес,етегінен ұстағаның жөн. Әйтпесе, бұл өмірде қорғаушысы жоқ әйел қағажу көре береді. Көрінген иектейді. Ал, Ақперіште үшін қам жемей-ақ қой. Маған тастап кет. Осы уақытқа дейін алты бала өсірдім, жетіншісін де солардан кем қылмай өсіремін. Барған жеріңе тастай батып, судай сіңсең, мектепке баратын кезінде алып кетесің.

«Бұлақбай жездең қарсы болмайды», - деді одан әрі. «Ал, Далабай пен Таугүлге өзім хабар беремін. Барған жеріңнің күйеудің «өлі-тірісін» білдіретін кәдесін де соларға жібертемін».

Өз тарапынан мәселенің қиындықсыз шешілетінін қанша әпенде болса да Анажар да білген. Өйткені оң жақта отырып аты шыққан қызының орнын тауып кеткенінен артық қуаныш болмайды ата-анада.

Ал, Әділетке оңай болмапты. Шал алдымен оған екі айға шыдамай әбден көзің қарайған екен деп күліпті. Содан соң, «тезірек аулыңа қайт, жұмысыңа кіріс, талай мөлдіреген бүтін моншақтарды кездестіріп, өкінетін боласың әлі» деп кеңес береді.

Әділет бәрібір қыңқылдап қырсоңынан қалмай қойған соң ақырында ашуланады. Тіпті қамшымен бір-екі рет тартып та жібереді. Немересі сонда да: «Қанша ұрсаң да райымнан қайтпаймын. Сендер рұқсат бермесеңдер де үйленемін» деп міз бақпай тұра береді.

Осыдан кейін амалы таусылған шал атына мініп кетіп қалады. Кешке, қайтып оралғанда Әділеттің тура сол баз баяғы қалпында қимылдамай тұрғанын көреді де шошып кетеді. Шошып кетеді де: «Тартпай кеткір, алған бетінен қайтпайтын тура біздің тұқым болыпсың да қойыпсың. Әке-шешең келіссе, мен ештеңе демей-ақ қояйын. Солардың ризалығын ал», - деп шығарып салады.

Алдаш аңшының шошитын себебі бар екен. Ол оқиғаны Әділет те жасында жиі естісе керек. Ертеде атасының туған ағасы қайын жұртында жүргенде сол елдің бір кісісі қайтыс болады. Алыс-жақындағы туыстары, жекжат-жұраттары жиылғанша, әрі жататын жайы дайын болғанша үйде бір түнеген өлік ертеңіне тіріліп кетеді. Сонда ойнаған балдыздары «көр бос жатпауы керек» деп әлгі көрге жезделерін әкеліп тығады. Ыза болған күйеу бала «көрге бір кірген адам, қайтып шықпайды» деп қынындағы сапысын суырып алып өзін-өзі жарып жіберсе керек. Алдаш атасының сылқ ете түсуінің шын сыры осы екен.

Тұқымдарының одан да басқа қылықтарын еске алды ма, әйтеуір біраз үнсіз отырған соң атасы:

«Бұл қыздың өз аталары, нағашылары да текті әулеттер болатын. Құдай қаласа жаман ұрпақ шашпас», - деді де артынан:

– Байқа, көрсеқызар бола берме, - деп ішіндегі тағы бір қауіптің шетін шығарады.

Сол кезде дегені болып, көңілі орнына түскен Әділет:

– Көресің, мен сен сияқты көп қатын алғыш болмаймын, - деп атасын түйреп алады.

– Өй, қызталақ, сені ме! – деп тура ұмтылады шал. Немересі, әрине, тұра қашады. Келіп тұрған беті осы.

Бұл тақырып, әрине, Анажарды бірден қызықтырды. Бірақ, Әділеттің атасының «ағамның шиеттей бала-шағасын ешқайда қаңғыртпаймын, ешкімнің есігін сығалатпаймын» деп жеңгесін қатынүсті алғанын естіген соң көңілі орнына түскендей болды. Өйткені әмеңгерлік бұрынғыдан қалған жол екенін біледі. Байдан ерте қалған жас әйелдің қазіргідей біреумен некесіз көңілдес болып қанағатын алғаны ол заманда айыпталатын. Қанағат керек пе, бала-шағаң мен жақындарыңнан жасырып төсегіңді былғамай, әмеңгеріңді ашық таңдап, некеңді қидыр. Сонда зинақорсың деп ешкім айыптамайды, елдің алдында арың таза болады, балаларың да өгейлік көрмей, өз әулетімен өмір сүреді. Алда-жалда әмеңгерліктің реті келмесе, жүрегің қалаған адамыңның етегінен ұста да кете бер. Жас әйелдің өмірін өксітпей ақсақалдар «жаңа қосағыңмен қоса ағар» деп оған да батасын береді. Тек ол әйел бұрынғы ерінен қалған балаларын туған шаңырағында қалдырып кетуі тиіс. Бұл шаңырақтың от анасы кеткенімен, ұрпақтары отын өшірмеуі керек. Олардың қолдары ауыздарына жеткенше ағайын-туыстары қамқор бола тұрады.

Әлемдік қырғын соғыстан кейін осылай селбесіп, өлгенінің отын өшірмей, ұясын сақтап отырған отбасылар туралы Анажар көп естіген жасында. Бірақ, ол кезде Алдаш аңшының үйіндегі қос кемпірді тағдыр қалай бір есіктен кіргізіп, шығарып, бір еркектің тілеуін тілетіп қойғанына мән бермепті. Біреуін үлкен апа, екіншісін кіші апа деп жүре беріпті. Сондықтан айтқанынан қайтпайтын әулеттің көп қатын алғыш «ерекшелігі» мәжбүрліктен болғанын біліп, көңілі орнына түскендей болды да, Жаратқаннан «әр шаңырақты бүтін қыла гөр» деп тіледі. Дегенмен көкейінде әлі Әділеттің әке-шешесі қалай қарар екен деген бір түйткіл тұрды. Бірақ соған қарамастан өзіне сыңар етіп балағаны қай қиырға ұшса, сол қиырға ұшуға бекінді.

Анажар бұдан әрі бұл жерде қала алмайтынын айқын сезінді. Ол мұнда өз ұятынан өзі өртеніп, оңашалық іздеп келген еді. Сандықтаудан сол оңашалықты тапты. Оның жараланған жанына пенделердің емі қонбай адами шипа іздеп аласұрған болатын. Сандықтаулықтардың бірінің қайғысын да, қуанышын да бәрі бірігіп көтеретін риясыз көңілі оған сол адами шипа болып әсер етті.

Ол осында келіп, мынау сыны бұзылмаған табиғаттың ортасында өмір сүріп жатқандардың жасандылығы, аярлығы, алдамшылығы жоқ айрықша қауымын көрді. Мұндай қауымда адамдар қоғамын ала тайдай бүлдіруге әбден шеберленіп алған пенделіктің бел ала алмайтынын білді. Өйткені ол шіркіннің өніп шығуына қажетті «құнар» жеткіліксіз болғандықтан көктей солады екен мұнда.

Бірақ, Анажардың өз періштесін көре алмай пұшайман болған көңіліне жерұйығы – Сандықтау, елұйығы – сандықтаулықтар да сая бола алмады. Оның «аспаннан» қалған көңілі «жерден» жаңа тірек іздеп, тағы да жолға жетеледі.

* * *

Бүгін, мынау «кіріп кетер көрін» өзі қазып, біржолата тыншымақ болып жанталасып жатқан Анажар азды-көпті жұбайлық өмірінің ең тәтті сәтіне оның алғашқы айларын балайды. Иә, әлі үйлерінде тамақ ішетін үстелі де жоқ сол шақтың есесіне қуанышы мен қызығы мол еді. Үстелдің орнына ортаға Әділеттің дәу қара шамаданын қойып, оның үстіне газет төсеп, газеттің үстіне нан мен сары май, қант пен қуырылған картоп қойып тамақ ішкен күндердің қызығы, содан келесі күні дүкеннен сатып алынған тұңғыш ортақ мүліктері үстел мен орындықтың қуанышы әлі күнге дейін есінен кетпейді. Ал, пәтер иесінен сұрап алған бір кісілік төсектей жайлы төсекке Анажар одан кейін ешуақытта жатып көрген емес. Уақыт өте табыстары молайып, «мода» өзгерген сайын ауысқан сәнді, кең, жұмсақ, жатын жиһаздарының қызуы темір төсектің қызуына жетпеді. Екеуі бір адам болып бірігіп жататындықтан ба, тіпті оның тарлығын да сезінген жоқ. Әділет анда-санда аунап қалса да бәрібір ерінің қолтығының астын қайта тауып, тас қып құшақтап жататын. Оянғанда да сол күйінде оянатын. Бір сөзбен айтқанда бұл кезде олар екі шамадан, екі орындық, бір үстелден өзге ештеңесі жоқ баспанасыз жас отау болса да дүниелері «түгел» болатын. Өйткені жұбайлықтың бал шырыны басқа ештеңені іздеттірмеді. Бірақ, бұлар іздемегенімен бұларды іздейтін ел үзілмеді. Әсіресе, Әділеттің мектепте, университетте бірге оқыған достары, сыныптас-курстастары бірігіп те, біртіндеп те келіп жатты. Азды-көпті, арзанды-қымбатты сыйлықтарын қолтықтап келіп, ізгі тілектерін тілі жеткенше тілеген бұл қатарлары жас жұбайлардың бал-шырын өмірін бұзған жоқ, қайта қызығына қызық қосып, мазмұнына байытып, жарастығын одан әрі арттыра түсті.

Бірі үшін бірі отқа да, суға да түсіп кетердей болып, Әділет деп аңқылдап келген бұл жігіттер мен қыздарды Анажар орнықты отанасының қонақжай көңілімен қарсы алуға тырысып бақты. Автобуспен, поезбен түнде келгенін түнде, таңда келгенін таңда күтіп алып, дастарханын шамасы келгенше жайнатып қойды. «Көңіл кең болса, бәрі сияды» деген рас екен. Қонып қалғандарына аядай бөлмеден орын да табылып, астына төсеп, үстіне жамылатын көрпе-төсек те жетті. Жетпесе, Әділет екеуіне жетпей қалды. Бірақ оған еш қабақ шытпады, қайта ауыз үйдегі кәкір-шүкірдің ортасында қабысып жатқандарын қызық көрді. Ал бұл аядай бөлмедегі ең таусылмайтын нәрсе әңгіме болды.

Әділеттің достарының айтқанда ауыздың суын ағызатын арман-тілектері, езу жиғызбайтын әзіл-қалжыңдары келіншектің бойында бұқпантайлап қалған күдік біткенді тырағайлатып қуалап, тып-типыл етіп тазалап тастады. Содан кейін бұрын не болса содан секем алатын көңілі сергіп, Әділетке, оның достарына деген ризалығы бұл дүниеге, бұл дүниенің адамдарына деген сенімге ұласа бастады. Өмір де, адамдар да тым жаман емес екен. Осы уақытқа дейін үй мен мектептен әріге өрісі ұзай қоймағандықтан олар туралы түсінігі де шектеулі болып қалыпты. Енді, міне, өзі де есейіп, ересектердің өміріне ене бастаған сайын өмір де, оны сүріп жатқан адамдар да тау мен даланың гүлдері сияқты саналуандығымен таңқалдыра бастады. Әсіресе, Әділет пен оның достары сол гүлдер сияқты шілденің ыстығына ұрынып соламыз демейді. Қиындықтың бәрін жеңіп жайқала түсеміз, сөйтіп өмірді де жайнаған үстіне жайнатып, сәнді, мәнді етеміз деп ұмтылады. Сол ұмтылыс Анажарды да елітіп, олардың арман-тілектерінің тілеулесіне, жоқшысына айналып бара жатқанын өзі де сезбей қалды.

Алайда өмір адамға дегенін болдыра бермейтінін, сондықтан жұмыр басты пенденің қай-қайсы да мына жарық жаратылыстан тек тояттан басқаны татпай өтуге құдіреті жетпейтінінАнажар бала кезінен-ақ естіп, білген-ді. «Өмір – Алланың сынағы» деп отырар еді Ақтілеу әжесі. Айналасында өтіп жатқан, естіген, білген, көрген жақсылы-жаманды оқиғаларға кейуана тек осы тұрғыдан ғана баға беретін. Содан соң «Алланың сынына шыдасаң ғана шарапатын көресің» деп түйетін әңгімесін.

Әжесінің бұл өсиетін мыңдаған мәрте естісе де Анажар тағдырдың қатал сынына он екіде бір гүлі ашылмай жатып тым ерте ұрынды. Одан қалай өтті? Әрі-беріден кейін өтті ме, өтпеді ме? Оны білмейді. Білетіні қатты есеңгіреп қалды. Сол есеңгіреген күйінде басқа шаңырақтың есігін ашып, табалдырығынан аттап отыр. Сөйтіп, бір сынақтың үстіне тағы бір сынақ үстемеленді. Өйткені, әйел үшін тұрмыс құру жұбайлықтың «бал-шырынын» тату ғана емес, сынақтың нағыз көкесі. Баласының оң жақта отырып аты шыққан қызға үйленгеніне «өкпелері қара қазандай» болып Әділеттің ата-анасы жатыр. Діттеп келген қызметіне орналаса алмай сарсаңға түсіп Әділеттің өзі жүр. Былайша айтқанда «бал-шырыннан» басқа баянды болған ештеңе жоқ. Осының бәрі еріксіз ойына түскенде Анажардың әбден зәрәзап болып қалған жүрегі суылдап, сол суыл үңірейген өзегінен зу етіп өтіп, одан әрі елегізітіп жібереді.

Бір жақсысы әйтеуір бұның бәрін Әділет әншейін уақытша қиындыққа балап, әзірге бұйым құрлы көрмей жүр. Күніге таңертең сол сеніммен оянып, кеңселерді сол сеніммен жағалап кетеді. Кешкілік құр қол қайтса да, ертең жолы болатынына сеніп, достарымен той-тойлап барып жантаяды төсегіне. «Мен ұрлыққа шыққанда, ай жарық болды» дегендей Әділет оқу бітірген жылдары елде заңгер шектен тыс көбейіп кеткен еді. Бұл мамандық иелерін әрбір қалада, тіпті аудан орталықтарында жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай өніп шыға келген университеттер қора-қора қойлардай қаптатып жіберді. Олар бітірушілерге жұмысқа тұруға кепілдік те бермейді. Әділеттің диплом жұмысына жетекшілік еткен ұстазы өзімен бірге оқыған облыс прокурорына телефон шалып, шәкіртін жұмысқа орналастыруды өтінген екен. Ол бір аудан прокурорының көмекшілігін алып беруге уәде етіпті. Сол уәдені малданып күзде келгендерінде облыс прокуроры басқа өңірге ауысып кеткен болып шықты. Ал, әлгі көмекшілік жұмысқа өзге біреу орналасып алыпты.

Сонымен ол жұмыс сұрап барлық құқық қорғау, әділет органдарын адақтап шықты. Ешқайсысы қабылдамады. Ең асып кеткенде «келіп тұр», «біліп тұр» деген сыпайылық қана танытты. Содан заңгер қажет ететін ірі мекемелер мен кәсіпорындарды жағалады. Өндірістік тәжірибесі жоқ мұндай «сарыауыз балапанды» олар тіпті керек етпеді. Енді ол уақытша болса да күзет мекемелерінің біріне жұмысқа орналаса тұрмақ еді, онысынан да түк шықпады. Өйткені бұнда да әскерден, ішкі істер мен мемлекеттік қауіпсіздік қызметтерінен босағандар кезек бермейді екен. Олардың жанында бұл кім? Осылай-осылай кеңсе жағалап көп күндері өтті оның. Сол көп күндер мұны бірте-бірте махаббаттың «бал-шырынынан» гөрі қу тамақты бірінші орынға шығаруға мәжбүрлей бастады. Бұлар таудан аттанғанда жалғыз Алдаш атасы мен Бұлақбай жездесі ғана емес, Тәтіқыз тәуіп пен басқалары да жаз ауа жиі келетін алып-сатарларға семіз-семіз жылқылары мен уақ малын, олардың жүндері мен қылдарын, сүтінен жасалған құрт-майы мен ірімшігін, қойдың көктемгі жүнінен басылған алуан оюлы түрлі-түсті текеметтері мен жұмыртқадай аппақ киіздерін сатқаннан түскен ақшаларынан жылу жиып, қалталарына әжептәуір қаражат салып берген болатын. Өйткені сандықтаулықтар жас отауды үй қылып бөліп шығару жалғыз ата-анасының ғана емес, қауымның да қамы деп біледі. Ата-бабалары салған сол жолдан айныған емес. Жас жұбайлар Сандықтауда қалса асарлатып үй тұрғызып, ішін жасау-жиһаздарымен жабдықтап кіргізген болар еді. Мұнда қалмаса да, орталарынан ұшып бара жатқандықтан бәрібір елдігін жасап, барған жерінде қалағандарын сатып алып, игілігіне ұстасын деп жиып беріп отыр бұл жылуды.

Алайда, екі жастың осылай таулықтар қанаттандырып жіберген көңілін ойдағылар су сепкендей басты. Алдымен Әділеттің әке-шешесі балаларының алып келгені оң жақта отырып аты шыққан қыз екенін естіген соң біраз тулады. Әйтсе де, Алдаш атасы мен қос бірдей әжесі ақ баталарын беріп қойғандықтан босағадан аттатпасқа амалдары болмады. Бірақ, тұңғыш келіндеріне алып-ұшып қуанып, асып төгіліп той жасай қойған жоқ. Беташармен ғана тыйылып, «өлтірісін» де жұқалау етіп жіберді. Әйтпесе, тұла бойы тұңғыштары үйленіп, бастарына бас қосылып жатқанда тойды қалай жасаймын десе де халі бар еді Әділеттің әкесінің. Ол кісіні Қалдарбек малсақ деп тегін атамайтын. Ұжымнан бөлінген соң-ақ табиғатынан түз тірлігін ұнататын аңшының баласы өрістегі жылқысын елден бұрын үш-төрт үйірге жеткізіп, бір отар уақ малын өз алдына бөлек жайып жүрген. Оның үстіне «той – халықтың қазынасы». «Ақ түйенің қарны болып жарылса» ағайын-туғаны, жекжат-жұраты да үйіп тастар еді. Өйткені бұл босағада үйлену тойы тұрмақ, шілдехана өтпегеніне біраз жылдың жүзі болды. Содан бері өзі қаншама тойға барып, қаншама дүниесін қосты сол қазынаға. Келістіріп той жасаса, соның бәрі қайтады. Бірақ Қалдарбек малсақ олай етпеді. Әне-міне прокурор болғалы тұрған ұлының балалы әйелге үйленгенін намыс көрді. Оның үстіне «Әділет мұның бәрін жастық әуейілікпен істеп жүр, әлі-ақ жеріп шыға келеді. Ұлан-асыр тойды кейін теңіне үйленгенде жасармын» деген есебі де жоқ емес-ті.

Ал, Анажардың енесі өзге түгіл ерінің де бетіне қарап сөйлемейтін. Сондықтан да ел ұяң Сәнді деп атайтын жуас жан екен. Міне, сол ұяң Сәндінің де әулеттің ұрпақ шашарына мейірімі түсе қоймады. Желектегі жас келіннің көйлекті баласы бары есінен еш шықпай ма, әйтеуір қытымырланып, қабағын шытады да жүреді. Анажар болса, осының бәріне өзін кінәлі сезініп, «не істеп, не қоярын» білмей жәудіреп Әділетке қарайды. Ал, Әділет қашанғы әдетімен әке-шешелерінің қылығына онша мән бермей, «үндеме, түбі сен жеңесін» деп жұбатады жұбайын. Анажарға жеңіс керек емес, отбасының жылылығы керек. Келінмен бірге кірмеген жылылық қашан кіреді? Шілдехана болғанда ма? Әрине, өмірге ұрпақ әкеліп жатса, қандай тас жүрек ата-ене болса да қуанар, қуанған соң шарананың анасына да көңілдері жібір. Бірақ, ондай қуанышқа Құдай қашан жеткізеді?

Оған дейін осы қырғиқабақтық жалғаса бермес үшін не істемек керек? Ата-енесінің көңілін қайтсе табады? Әке-шешесінің үйінен шығып, өзінің шын үйіне жұт емес, құт болып келгенін қалай дәлелдейді? Әлде, «қоя тұрыңдар, бір бала тапқан соң көрсетемін сендерге» деп шалқайғанға шалқайып жүре бере ме?

Ол енді көргенді келіннің тірлігі емес. Көргенді келін көргенін істеуі керек. Анажар сол көргенін істеуге кірісті. Ерінен ерте тұрып, есіктің алдын сыпырып, тазалап, шай қойып, содан қара кешке дейін енесінің көзіне ілінбей жүрген көп тірлікті тауып істеп бір тынбады. Сөйте-сөйте бірер күнде Қалдарбек малсақ пен ұяң Сәндінің үйінің айналасы тазарып, көрпе-төсегі жуылып, үтіктеліп, ыдыс-аяғы жарқырап, үйінің іші-сырты әктеліп-сөктеліп жайнап шыға келді. Бір сөзбен айтқанда келін түсірердің алдында атқарылатын жұмысты түскен келіннің өзі істеді. Әрине, нәп-нәзік білегін сыбанып жіберіп, құлшынып кіріскен соң Әділет те қарап отыра алмай, бір қабатында жүрді. Мұны көрген абысын-ажындарының бірі «ұяң Сәндінің қырық жылғы қоқысы тазаланып көзі ашылып қалды-ау» деп енесін табаласа, екіншісі «артынан өсек ілесіп келген соң, қайтсем сиям деп жатыр ғой» деп келінді мүсіркеді. Бірақ, жас келін пысықтығын қанша көрсетсе де енеге жағып, атасының жылы назарын өзіне аудара алған жоқ. Соны сезген Әділет «қалаға барып жұмыс істейміз» деп Анажарды қоса ала кеткенде «қайда тұрасыңдар, қалай күн көресіңдер?» деп сұраған да жоқ.

Кейін білді, ата-ененің көңілінде тағы бірдеңе тұрыпты. Сол бірдеңке келіннің артындағы өсегімен бірге оқып диплом алып, бір мамандыққа ие болмағандығы екен. Ұяң Сәнді соны қалаға бір келгенінде қиялатып жеткізді Анажарға ақыры. Осыдан кейін-ақ, Анажар сырттай болса да, оқып бір мамандық алуға бекінді. Ол үшін Әділет ертерек жұмысқа тұруы керек.

Бірақ, сол қызметі құрғыр бұлар ырғалып-жырғалып жүргенде көз алдарынан бұл-бұл ұшып кетіпті. Қайтып қашан қонары белгісіз. Жұбайлық өмірлерінің алғашқы айы «бал-шырынға» айналуын жап-жақсы қамтамасыз еткен қаражат та таусылды. Сандықтаулықтар қалталарына салып берген тікелей қайтарым тілемейтін сол қаражаттың таусылуына «достық» үлестерін қосқан сыныптас, курстас достары да «бірі үшін бәрі өлуге» уақыттары болмай бас-басымен кетті. Ал, үлкен-үлкен кеңселердегі үлкен-үлкен ағалар мен апалардың шығарып салма сөздері бұлардың ашыға бастаған қарнына жұбаныш болмады. Сөйтіп, қара су мен қара наннан басқа нәр сызбаған күндер келді жағалап. Енді «байтал түгіл бас қайғы» болғандықтан баяғы аспандаған армандар төменшіктей-төменшіктей жерге түсіп, ақыры жалдап алған пәтерге ғана апаратын жалғыз аяқ жолдың «жолаушысына» айналды. Тіпті аш қарын қинаған сайын одан әрі жұқарып, жіңішкеріп жабық есіктен де саңлау тауып кіріп кетуге пейіл. Алайда Әділет той жасап беруге тарлық қылған әкесінің есігін мұндай жағдайда ашпақ емес. «Өлтірісінің ырымын жасағанымен әлі құдалыққа шақырып, «құйрық-бауыр» асатпаған қайынжұртына Анажарды да жібермеді». Өліп кетуге бар, бірақ бөрі сияқты арықтығын білдірмей басымдағы біліміме жұмыс табылмаса, бойымдағы қара күшіме табылар деп жүр. Базарға барып қоларба сүйресем де отбасын асыраймын. Сұраншақтықтан сол артық деп қояды.

Бірақ «өлмегенге өлі балық жолығады» деген рас екен. Осылай кеңсе қызметінен әбден күдер үздім дегенінде күзірлі бір фирмадан шақырту алды. Мынау алмағайып заманның аласапыранында тура ертегінің батырларындай жыл санап емес, күн санап өсіп келе жатқан бұл фирма заңгерлерін де көбейтуді ұйғарыпты. Ал, таңдаудың Әділетке түскен себебі олар бұл жігіттің қандай істі болса да аяғына дейін жеткізуге тырысатын ерік-жігері молдығын зерттеп біліпті. Сондықтан жұмысқа бірден қабылдады. Әлденіп алсын деп жалақысының жартысын алдын ала төледі. Сөйтіп, алғашқы күні-ақ Әділет үйге мыс-мыс ақшамен келді. Өйткені бұл фирманың жарты айлығының өзі мемлекеттік мекемедегілерден екі есе артық екен.

Жылдар өтер, Әділеттің де табысы фирмасыныкі сияқты жыл санап емес, күн санап көбейетін күндер де келер. Бірақ, оның бәрі Анажардың көзіне жарының аванс ретінде әкелген алғашқы жалақысындай сүйкімді көрініп, жанына жылы тиген емес. Өйткені ол жоқшылықтың тақсыретін тартып барып табылған ақша еді, ал, кейінгілері... Қалай болып кеткенін өзі де білмей қалды. Ірі фирманың заңгерінің әйелі болғанымен ол кезде мектептен жаңа шыққан бала еді. Өзгелердің бұл сияқты қыздарының ішінде тұрмыс құрмақ түгілі, «әлі жыламай тамақ ішпейтін» тотайлары да кездесетін. Ал Ақбикеш және біраз құрбылары оқимыз, тоқимыз деп үлкен-үлкен қалаларда шала құрсақ өмір сүріп жатқан. Анажар болса, енесінің тілімен айтқанда Әділеттің арқасында үлде мен бүлдеге оранып, қай машинаға мінерін білмей талтаңдап қалды. Соның бәрі бірер жылдың ішінде болды. Өйткені өте ірі талас істерді табысты қорғап, фирмаларына қыруар кіріс әкелінгендіктен бұларға мол сыйақы да берілді. Анажар да қарап жатпады. Сырттай оқуға түсіп, қаланың ірі кітапханасына жұмысқа тұрып алды. Сөйтіп төрт аяқтарын тең басқан соң олар Анажардың әке-шешесі мен туыс-туғандарын құдалыққа шақырды. Құдалық салт-жора қаланың ең атақты мейрамханасында өтті. Онда таңдаулы әнші-бишілер өнер көрсетті. Мұнда сөйленген сөздің дені Әділет пен Анажардың әке-шешелеріне арналды. Жұртшылық Қалдарбек пен Сәнді тамаша ұл, Далабай пен Таугүл тәрбиелі қыз өсіргені, соның арқасында керемет бір жарасымды отбасы отау тіккені қайта-қайта айтылды. Ал, мейрамханадағы жалт-жұлт етіп, дүниені сан бояуға салып көрсететін құбылма жарық, орнынан қозғалмастың да делебесін қоздырар елірме музыка сараңды мырзаға, сиықсызды сұлуға, аярды ақылдыға, бүрсізді табандыға, жемқорды қамқорға, іші тарды кең пейілге, ашушаңды ақжарқынға елдің бет-ауызын бақырайтып қойып айналдырып жіберетін өлшемсіз мақтаулар бірең-сараң әйелдермен ілесіп келген баяғы өсек-аяңды өріс алуына еш мүмкіндік берместен көмекейлерінен шығартпай көміп тастады. Сөйтіп, бүкіл Тоқкент аймағына олар жәй отбасы емес, «заманы түлкі болса, тазы боп шалған» дәулетіне сәулеті сай отбасы екендіктерін көрсетті. Енді ешқандай өсек-аяң олардың сирағы тұрмақ тобығынан да келмейтін-ді. Соның буы ма, әйтеуір Қалдарбек малсақ та ауылдастары жиылған жерде Әділеттің өзіне аумай тартқанын айтып мақтанып, мұртын шиырып отыратынды шығарды. Ал, ұяң Сәнді күйеуінен қалыспай келінінің де жұмыста абыройлы, оқуын сырттай кілең беске оқып жатқанын айтып қосыла сөйлеп қоятын болды. Бұл үйдің тұңғыш келіндерінің қолы тиген жер гүл болып жайнап кететінін әуелден-ақ байқап, сыртынан «алтын қолды Анажар» деп ат қойып, айдар тағып алған ауыл әйелдері әңгімені іліп әкетіп, енесін одан әрі сөйлететін. Оларға ауылда «алтын қол» атанған келіннің қалада не істеп, не қойып жатқаны таңсық еді. Соны байқаған ұяң Сәнді сәл-пәл паңдана түсіп, одан әрі мақтайтын. Тіпті қосыңқырап жібергенін байқамай да қалатын.

Осының бәрін енесінің өз аузынан естіген Анажардың бұл табалдырықты алғаш аттаған кезіндегі аржағында түйіліп қалған түйнегі тарқап, өзінің шын үйіне «тастай батып, судай сіңе» бастағанын кәдімгідей сезінді. Жас келін үшін ерінің сүйіктісі ғана емес, бүкіл туған-туысқаны мен ауыл-аймағының сыйлысы болудан артық бақыт жоқ шығар. Ауылда сол бақытты сезініп, қалаға қайтып оралған соң Анажар жұбайлық жарастықтарын одан әрі жақсарта түсу үшін барын салып бақты. Қанша жұмысбасты болса да, ерінен ерте тұрып, кеш жатып тамағын әзерлеп, киімдерін мұнтаздай етіп тазалап, үтіктеп, кигізіп шығарып салатын еді қызметіне. Кешкілік одан бұрын оралып, дастарханын жайып, есіктің алдынан күліп қарсы алатын. Әділет те үйге жетуге асығатын. Екеуі жаңа тұрған жұмыстарынан алған алғашқы әсерлерін бөлісіп, кешкі тамақты шүйіркелесіп отырып ішетін. Бірінің әңгімесін екіншісі жалықпай тыңдап, үшінші біреуді іздемеуші еді.

Бірақ, өмір шіркін адамға қашанғы көңілінің қалағанын істетіп қойған. Фирманың қаптаған қарбалас жұмысы Әділетті үйінде ынтығып күтіп отырған сүйікті жарына уақтылы жетуіне мұрша бере бермеді. Ол кей-кейде түннің бір уағында, тіпті таңға жуық келетінді шығарды. Мұнысын «бәрі сенің қамың үшін сүйіктім, біздің болашағымыз үшін» деп түсіндірді ері. Анажар тым түйсіксіз емес-ті. Түсініп, жұбайлық қызығының ұрланғанына бұртиып өкпелемей, қайда, кімдермен болғанын қазымырлықпен қазбалап сұрап, онсыз да шаршап келген адамның жүйкесін жұлмаламай, қайта көңілінің хошын табу үшін аяғының ұшымен жүріп қызмет етті. Фирма мұндай көтеріңкі жалақыны еріме тегін төлеп жатқан жоқ, жұмысы екінің бірінің қолынан келмейтін қиын, әрі ауыр болған соң солай етіп жатыр. Ал, Әділет болса сол жалақыны ақтау үшін ауырлығына барынша шыдап бағамын, қиындығының қисынын қайтсем де табамын деп қиналып жүр деп ойлады Анажар. Бұл ой оның бойында уақытпен санаспай еңбек етіп, абыройға ие болып жүрген ері үшін мақтаныш сезімін де оятты. Сол мақтаныш сезімі оны басына түскен уақытша қиындықты жеңуі үшін еріне бұрынғыдан да барын салып қызмет етуге құлшындырды. Бірақ, әйелінің үйде отырып, тілеуін тілегенінен күйеуінің жұмыстағы «қиындығы» ортаймай, қайта одан әрі орнығып алғаны сонша кешкі тамақты жападан жалғыз сопайып отырып ішу Анажар үшін үйреншікті болып бара жатты. Ал, таңертеңгі шай қашан да асығыс ішілетіндіктен ерлі-зайыптылардың емін-жарқын отыратын кезі тіпті азайып кетті. Ондай мүмкіндік туа қалған жағдайда бір-бірімен бұрынғыдай шұрқыраса қалса, Анажар сол азды да шүкіршілік етер еді, олай болмады. Нағыз жұбайлық қызықпен күліп-ойнап отыратын уақыттарын ұрлаған Әділеттің жұмысы жарына деген сезімін де салқындатқан ба, әйтеуір бұлар бұрынғыдай асқақ армандарын сағаттар бойы жалықпай айтып, жалықпай тыңдауды қойған. Олай етудің уақыты өтіп кеткен сияқты. Күнделікті тірліктің проблемалары жетіп артылып жатқанда аспани арманды айтып езіп отыру орынсыз көрініп, тіпті құлаққа сөлекет естілетін болған. Ал, ерлі-зайыптылық тұрмыс екеуіне де ортақ тақырып қалыптастыра қоймай жатыр әзірге. Содан да оңаша қалғандарында ері мен әйелінің әңгімесі екі жаққа тартатынды шығарды. Кешегі қияли Анажар бұл күнде отау үйдің отын қалай үрлеудің жайын қайта-қайта қозғайтын болса, Әділеттің әңгімесі керісінше отбасы ошақ қасына жоламай осқырынып өтіп, өзін ғана аласұртқан жыраққа қарай жырыла тартатынды шығарды. Бірақ, Әділеттің ол жырағы оларды қосқан армандарының арнасынан ауытқып бара жатқандықтан Анажар қанша тырысса да қабылдай алмады. Өйткені «ақиқатына жету керек» дегеннің орнына енді ерінің аузынан «бұл істі қалай да жеңу керек» деген сөз көбірек шығатын болды. Тіпті, жай айтып қоймай, жолында кезіккеннің бәрін таптап өтетін танкідей тегеурінденіп айтады. Ерінің етегінен ұстатқан сеніміне азғантай уақыттың ішінде селкеу түсірген бұл неткен жойқын күш екенін үйде отырған Анажар әзірге біле алмады. Тіпті ерінің бойында күн сайын күшейе бастаған осы бір соқыр сенімнен секем алып, сескенетін болды. Сондықтан да жұбайлық парызын мінсіз атқарып жүрген әйел «не болса да ерімдікі дұрыс» деп көзсіз қоштай алмағандықтан ерінің жеңуіне шын көңілмен тілеулес болмағанын оған жасаған опасыздығындай көріп, өзінен өзі ыңғайсызданатынды шығарды. Отау үйдің отын қалай үрлеудің жайын көбірек әңгімелеп, Әділетке отағасының міндетін есіне түсіре бастайтыны содан еді. Бірақ, бұл тақырыпқа ері құлықсыздық танытты. Оның айтуынша басты мәселе жұмыс. Жұмыс орнына келсе, отбасының мәселесі де қоса қабат шешіліп жүре береді. Мол табыс пен бедел бәрін орнына қояды. Сондықтан да Анажар еріне түсіністікпен қарауы керек қазір. Ал, уақыты келгенде бұлар осы көрген қиындықтарының рахатын бірге бөліседі.

Ері осылай түсіндіргенімен әйелдің көңілі оған уана қоймады. Өйткені ол ерінің тарапынан еш жұмысбастылық жасырып, жаба алмайтын салқындық сезініп, содан секем алып қалды. Секем алып қалды да, бәріне көнсем де, дәл осыған көнбеймін деп жанұшырды зәрәзап жаны. Бірақ, көнбегенде не істей алады? Жұбайына неден жазды? Әйел ойлап-ойлап мұның себебін өзінің оқуының кемдігінен, сондықтан Әділетпен тең сөйлесе алмайтындығынан көрді.

Анасы Таугүл жұмыста да, тұрмыста да әкесінен еш қалыспай қатарында жүруші еді. Қиналса бірге қиналып, қуанса бірге қуанатын. Ал, бұл болса, осы уақытқа дейін біресе арман қуып, біресе сол арманым жүзеге аса қоймады деп сарыуайымға салынып, басқа түк бітірмепті. Арманын қалай жүзеге асырудың жолын да іздемепті. Тұрмыс құрған соң да бар тауқыметті еріне артып қойып, өзі отырып қалыпты. Ал, әрекетсіз отырған әйел ерінің қуыршағына айналып кетеді екен. Қаласа ойнайды, қаламаса ысырып қоя салады. Олай болмас үшін алдына мақсат қойып, соған жетуге ұмтылмақ керек. Сонда ғана ол ерімен ой теңестіріп, әңгімелері қайта жарасады. Сонда ғана ол Әділеттің түпкі мақсаттарын жүзеге асыруына жәрдемші бола алады. Ойының түбінен осыны көрген Анажар кешкілік күйеуім қашан келеді деп терезеге қарап телміріп отыра бермей, қайта бұл уақытын білімін көтеруге жұмсауды қолға алды. Ол мамандығы бойынша оқулықтармен шектеліп қалмай, кітаптан өмір алдына тосқан сұрақтардың жауабын іздеді.

Сөйте-сөйте құныққаны сонша кітап оқу құмарлыққа айналып бара жатты. Оқымаса бірдеңкесі жетіспей, жұмыс, тамақ, төсек үшеуінен ғана тұратын сұрқайы өмірден қашып, тезірек кітап әлеміне кіріп кетуге асығатын болды. Ал, кіріп алған соң одан шығуы қиындағаны сонша Әділеттің жұмыстан қай мезгілде келіп қойғанын да байқамай, алдынан күліп шығып, қызмет етуі сирей бастады.

Әділет те азамат қой. Сабағына кесір келтірмейін дейтін болу керек, офисте шайды қанып іштік немесе бір әріптестермен мейрамханада тамақтандық деп мұның дайындап қойған дәмінен ауыз да тиместен жатып қалатын. Ал, өз әлемінен әрең оралып, жұбайлық парызы есіне түскен Анажар жуынып-шайынып жатын бөлмесіне кіргенде ері қалың ұйқыға кіріп кеткен болып шығатын-ды. Сол кезде Анажар қанша әпенді болса да күйеуіне іштей ренжитін. Тіпті өзінше бұртиып теріс қарап жататын да кезі болды. Бірақ, таңертең өкпесін айтуға ыңғайсызданып, оның үстіне жаңа күннің қарбаласынан уақыты да болмай, сөйте-сөйте ұмытып кететін.

Осылай зулаған күндер жылдарға ұласты. Оқу бітіріп дипломын алған Анажар маман ғана емес, қоғам, заман тарихын тәп-тәуір білетін адам ретінде сезіне бастады өзін. Бірақ, Әділетпен білімім деңгейлессе, жан дүниеміз қайта жарасар деген үміті ақталмады. Бірінсіз бірі тұра алмайтын жұбайлықтың алғашқы айларын оқумен оралта алмады әпенді әйел. Қайта білімін көтерген сайын күйеуін соншалықты бір бедел көруден қалып бара жатты.

Өйткені Анажар ерінің шырылдап қорғап жүргені баршаның емес, бар болғаны бір алпауыттың ғана байлығы екенін түсінген соң жанын үнемі жылытып жүретін «менің ерім әділдік кепілі» деген әдемі бір мақтаныш сезімінен айырылып қалды. Енді ері өзгенің, тіпті өз жұмысшыларының да обал-сауабына қарамай тек компаниясының пайдасын күйттейтін кісәпір есе қайырушы ғана болып көрінеді көзіне. Иә, оның шырылдап қорғап жүрген шындығы өзгелерге аз қалдырып, алпауытқа мейлінше мол үлес алып қалу. Компанияның бұл әрекетін жақтайтын құжаттар, тіпті заңдар қабылдату мақсатымен үкіметке де, парламентке де қыруар қағаздар жазып жатады. Мұның бәріне көзі жеткен Анажар енді ерінен:

– Басқалардың да өз шындығы бар емес пе? – деп сұрайтын болды.

Оған Әділет:

– Әркім, өз шындығын өзі қорғауы керек, - деп жауап берді.

– Қорғай алмайтындар қайтеді, - дейді әпенді әйел. – Біреудің білімі, екіншісінің тәжірибесі, үшіншісінің қаржысы жетпей есесі кетіп қалса, соның бәрі жететін алпауыттар «мынау сенің үлесің» деп өзі-ақ қайырып берсе болмай ма?

– Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман туғанда болса болар, қазір мүмкін емес, - дейді Әділет.

– Ал, сендердің орнатып жатқандарың қандай заман? – деп одан әрі тақымдайды әйелі. – Жаңа заманда бәрі заңмен реттеледі дегенің қайда?

– Демек, заңдарымыз әлі жетілмей жатыр.

– Сол заңды жазатын адамдар ше? Олар жетілді ме?

– Сен не деп отырсың, - дейді Әділет. Бізде бүкіл әлемнің заңын бес саусағындай білетін ғалымдар жетеді.

– Ал, сол ғалымдар қоғамды заңмен басқарғанша жанмен, армен басқару керек екенін түсіне ме? Мәселен, сен өзің қалай қарайсың? – деп қадалады Анажар.

– Түсінемін. Бірақ маман ретінде мүмкін емес деп есептеймін, - деп алақанын жаяды Әділет.

– Ендеше мен адам ретінде бірден бір дұрыс жол сол қоғамды заңмен емес, жанмен, армен басқару керек деп білемін, - деп қайдағы бір қиялын айтып, қиғаштап кетеді Анажар.

– Заң жанның да, ардың да көрінісі, - деп дәлелдеп бағады Әділет.

– Жоқ, олай емес. Ол заңдарда жан мен ар жетпейтіндіктен күнде өзгертесіңдер, – деп уәжін айтады Анажар.

– Ол, заңдар менің жеңісімді қамтамасыз етіп отыр, - деп масаттанады Әділет.

– Сенің жеңісіңді мен жеңіліс деп есептеймін, - деп бүйректен сирақ шығарады Анажар.

Ерінің неге деген сұрағына:

– Өйткені бірі жеңіп, бірі жеңілген дауда бітім болмайды. Бітім болмаған соң аяғы келіп бірдеңеге ұрындырады, - деп қайдағы жоқты айтып қамығып қалады. Керек болса ерінің жеңісі үшін өзін кінәлі сезініп, сол көңіл-күйден көпке дейін арыла алмай жүреді.

Шынында да Анажардың жаны бекер мазасызданбайды екен. Осы әңгімеден кейін көп ұзамай-ақ компанияның жұмысшылары дүрк көтеріліп, ереуілге шықты. Олар еңбекақыларын көбейтіп, әлеуметтік жағдайларын жақсартуды талап етті. Жұмыс берушілер де өз уәждерін алға тартып, екі жақ көп ырғасты. Жан берісу қандай қиын болса, тиын бөлісу де сондай қиын екен. Ол үшін өліп те, өлтіріп те жататыны содан екен. Ымыраға еш келмей, жұрттың жүйкесін әбден жұқартқан текетірестің ақыры жаппай тәртіпсіздікке ұласып, биліктің араласуымен барып басылды. Билік жай араласқан жоқ, тексеру, жазалау шараларын да қарастырды. Ақырында бұл даудың тууына компания заңгерлері де кінәлі деп танылып, Әділет жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Ол ешкімге «мен бар болғаны басшыларымның дегенін істедім» деп арызданып, шын кінәлілерді көрсетіп бере алмады. Көрсетіп бергенде де өзін ақтай алмас еді. Бар қолынан келгені әйеліне сыр қылып айтып, «бәрі өзімнің тәжірибесіздігімнен болды, ендігі жұмысымда мұндайға жол бермеймін» деп опынды. Ал, оның оқу өтіп кеткен әпенді әйелі бұл кезде күйеуінің келесі жұмысында да ештеңе өзгермейтініне, компаниясы ма, басқасы ма, өз пайдасын өзгенің есебінен көбейту пиғылынан ешуақытта айнымайтынына, ол үшін адамды да оп-оңай құрбандыққа шалып жіберетініне әбден сенімді еді. Өйткені адамзат қанша өркениеттенсе де әлімсақтан бүгінге дейін күнін осылай көріп келе жатқанына көзі жетіп қойған-ды.

Сондықтан да ерін «дұрыс, табанды бол» деп қуаттай алмады. «Оныңнан түк шықпайды, сен де бір заманыңның илеген саз балшығысың» деп шындықты жайып салудың да ретін таппады. Айтқан күнде де сенбес еді. Өйткені екеуінің өмірге көзқарастарының айырмасы бұл күнде жер мен көктей болып кеткен. Әділет адамдар жазған заңға имандай сенеді. Ал, Анажар болса, күйеуінің соңғы сәтсіздігінен кейін ол заңдарды имансыз адамдар жазған деп мүлдем сенуден қалды. Әпенді әйелдің түсінігінде иманды адамдарға заң жазып әуре болудың керегі жоқ. Мәселен, барлығын бір жерге жисаң ауырлығынан жер қайысатын пенделік заңдарын сандықтаулықтар ешуақытта қажетсініп көрген емес. Өйткені олардың жандары таза. Ал жандары таза адамдардың өмір сүруіне Жаратушының адал, әділ бол деген аманаты жетіп жатыр. Адал, әділ адам ешкімге қиянат жасамайды, өтірік айтпайды, бір-бірлеріне қалтқысыз сеніп, перзенттік борыштарын жан-тәнін салып, жүрегімен орындайды.

Заң перзенттік борыштарын жүрегімен орындамайтындарға керек. Өкінішке орай Әділет екеуі Сандықтауға қайтып оралмайды. Демек бір-біріне сенбейтіндердің, сондықтан да әрбір басқан ізін қағазға түсіріп заңдастыратындардың арасында өмір сүруге мәжбүр. Қайтып келместей болып кеткен бұл былғаныш дүниеге Әділеттің етегінен ұстап оралып еді. Соның «заң бәрін реттейді, заман жақсарады» деген сенімінен үміттеніп еді.

Заман жақсарғанымен, адам жақсармады. Жақсартамын деген Әділет өмір желінің жетегіне қалай ілесіп кеткенін сезінер емес. Сөйте тұрып, «келесі жолы ақылды боламын» дейді. Ақылды болып не істей алады? Баррикаданың екі жағына шығып алып, шайқасудан басқа шайлығын айырудың жолын білмейтіндерге жөн айта ма? Содан бірдеңе өндіре ме? Түк те өндірмейді. Өндіремін дей-дей өзі өмірдің былғаныш ұйығына батып кеткенін білмей де қалады.

Онда бәрі біткені. Салқындаса да сыйластық сақтап тұрған сезімдерінің біржола суығаны. Ал, суынған жүректер бірін-бірі іздемейді. Ерлі-зайыптылардың жүректері іздемесе, шаңыраққа қауіп. Осыны ойлағанда Анажардың жаны шошып, жүрегі тітіркенді. Етегінен ұстаған азаматынан тірідей айырылса, мұның күйі не болады? Ата-анасымен арасы әлдеқашан алшақтап кетті. Мына суық қоғамда басқа іштартатын ешкімі жоқ. Бәрінен баз кешіп, Сандықтауға, табиғат ананың тағыларының ортасына біржола кетіп қалуға да тартына береді. Сонда қалай күн көрмек? Аласұрып жатқан алып мұхитқа түсіп кеткен малту білмейтін жандай Анажар тағы да мынау адамдар қоғамынан өзін құтқаратын тал іздеп қарманды. Сөйтіп жанұшырып жүріп ол біздің шаңырағымызды сәби ғана сақтайды деген тоқтамға келді. Дүниеге сәби әкелсе, Әділеттің де жүрегі жібіп, сәбиімен бірге оның анасына мейірімі түседі. Сөйтіп, отбасымыздың жылуы қайтып оралады деп ойлады әпенді әйел.

Бірақ, Жаратқан әзірге оларға бұл бақытты сыйламады. Ерлі-зайыпты өмірдің алғашқы жылдарында өз қызығы өздерімен болып бала туралы ойламапты да. Ал, кейін «сәби шын махаббаттан пайда болады» дегенді бір жерден құлағы шалған Анажар бойына ештеңе бітпей жүргенін ерінің кеш, әрі шаршап келетінінен, өзінің оған жиі ренжитінінен көретін де қоятын. Енді ол шындап мән беріп, түрлі ақпарат көздерінен, әйелдер дәрігерінен ақыл-кеңестер де ала бастады. Бұл күнде үйде отырып қалған еріне аяушылық сезімі оянып, ықыласы түскені де рас еді. Оның үстіне Әділет те жуасып, бұның жүзіне жәудіреп қарайтындай көрінген. Бірақ, күндер, айлар зулап өткенімен бойына ештеңе бітпеді. Жұмыссыздық қажытқан Әділет қайтадан ішімдікке үйір бола бастады. Үйден бір кетсе мол кетіп, тым кеш, тіпті таңға жуық оралатынды шығарды. Бірақ, Анажар бұрынғы Анажар емес-ті. «Қайдан келдің, не істедің» деп ерін сұраққа алатын болған. Тіпті бұрынғыдай ананы-мынаны сылтауратқанына сене салмай әжептәуір тергейтінді шығарған. Содан зықысы шықты ма, әйтеуір, Әділет сондай бір кезекті тергеу бастала бергенде:

– Енді не істеймін, мынау қу мазарда, - деп шарт кетті.

Бұл жауап Анажарға қақ маңдайынан соғып жібергендей әсер еткені сонша ә дегенде тынысы тоқтап, тіл-ауыздан қалды. Тынысы оралған соң көзі қарауытып, басы шыңылдап, жүрегі шымырлап қоя берді, бірақ әлі де тілге келе алмады. Оның сөзін тыңдайтын да ешкім жоқ-ты. Бұған жеп жіберердей болып, жек көре қараған Әділет жауабын керек те қылмастан жатын бөлмесіне өтіп кеткен.

Ал, ерінің сөз соққысын көтере алмаған Анажар онымен ілесіп кіруге жарамай қонақ бөлмедегі диванға отыра кетті. Енді есін жиған сайын өршеленген ойымен арпалысуда. Сол ой ұйқысын да келтірмей, таңды көзімен атқызатын түрі бар. Мұндай жағдай әйелдің басында бұрын да болып тұратын. Бірақ онда кешіккен ерін күтіп, «әне келіп қалады, міне келіп қалады» деген үмітпен өткізуші еді түнін. Бұл жолы көңіліне демеу болар ондай үміт қалмаған сыңайлы. Жатыр әне жары жатын бөлмесінде. Бірақ, Құдай қосқан қосағы емес, бөгде біреу жатқандай әйелінің аяғы олай қарай тартпайды, арақпен қосыла қолқасын атқан исі де бөтен...

Түнді осылай ой кешіп өткізген Анажар таңға жуық қана көз іліндірді. Түсінде Ақперіштесін көрді. Өсіп кетіпті. Тура періштенің өзі болыпты. Ақ қанатын тоқтаусыз қағып, шырқау биікке шығандап бара жатыр. Қызы қарлы шыңдармен қатарласқанда аспанда бір қара құс пайда болды. Анажар Сандықтауда бұрын ұшыратпаған бұл қанатты құзғын Ақперіштесіне қатты екпінмен шүйлігіп келеді. Енді болмаса, бүріп алатындай. Анажар көмекке жүгірейін десе, жүгіре алмайды. Аяғы жерге жабысып қалған сияқты. Қызын айқайлап сақтандырайын десе, даусы шықпайды, аузын біреу буып тастағандай. Бірақ, қалайда қарап қалмау керек деген көңілмен барынша ышқынғанда қатты қыстығып барып оянып кетті. Оянып кетті де, түсі болып шыққанына қуанды. Әйтеуір қара құс Ақперіштесін бүріп үлгермегенін көңіліне медет етті. Бірақ, бұл түсін неге жорырын білмей, ақырында қызым ауырып қалмады ма екен деп мазасызданды. Жайшылықта жүрегін жәй ғана сыздатып тұратын сағынышы сол кезде дүр көтеріліп, үйін де, ерін де, жұмысын да тастап, тап қазір Сандықтауға тартып кеткісі келді. Алайда, Сандықтау ойына келген күні барып келе салатын оңай жер емес. Күз түсіп, жолдың бәрін қар жапқандықтан құс болып ұшып бармасаң, ешқандай көлік өте алмайды қазір.

Аман болса екен әйтеуір. Бір Құдайға, содан соң Еңлікгүл әпкесіне тапсырып кетіп еді. Енді Жаратқанға жалбарынып жалғызының саулығын сұрағаннан басқа амалы жоқ. Бірақ, неге ғана жалғыз ол? Етегінен ұстап ерген ерімен екеуінің арасына дәнекер болатын перзент неге көрмей жүр? Келіннің аяғынан беріп, үй дабыр-дұбырға толса, ерінің жүрегі жібіп, көңілі елжіреп, перзенттерінің анасына бүгінгідей жаман көзімен атып қарамас еді-ау?! Ал, түнде «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» дегенді меңзеді ғой ол. Демек, екеуі қосылғалы бері әйелінің дәнеме көтермей жүргені оның да жанын жейді екен. Тіпті «сол үшін сен кінәлісің» деген айыптау жүзінен атойлап тұрды. Соңғы барғанында ауылдағы ата-енесі мен ағайын-туыстарының да қас-қабақтары мен сөз емеурінінен соны байқаған еді. Ендеше шын кінәрат кімнен, неден екенін анықтамай көзі ашылмайды. Ал, кінәрат әйелден болып шықса ше? Мейлі, бүйтіп ырың-жырың болып өмір сүргенше, не бүк түсіп, не ішік түсіп тынғаны жақсы.

Анажар осылай қатайып алды. Қатайып алды да жақсылап жуынып-шайынып, боянып-сыланды. Содан соң әдетте өзі жұмысқа кеткенде ұйықтап жататын ерін қоймай жүріп оятты. Түнде бірдеңені бүлдіргені есіне түскен Әділет не де болса көріп алдым деп бекініп тұрды орнынан. Бірақ әйелі шайдың үстінде ештеңенің шетін шығармады. Әбден қанып ішіп болған соң барып «кеттік» деді еріне.

– Қайда? – деді түк түсінбеген Әділет.

– Дәрігерге көрінеміз, неге балалы болмай жүргеніміздің себебін анықтаймыз, - деп қатқыл жауап қатқан Анажар сөзді одан әрі созғысы келмейтінін сездіріп орнынан тұрып кетті. Бәрін өзі бастағандықтан Әділет ештеңе дей алмай соңынан үнсіз ілесті.

* * *

Өзінің сап-сау екенін, ал Әділеттен ешуақытта бала болмайтынын естігенде Анажар қуанышы мен қайғысының қайсысы басым түскенін әлі күнге дейін айыра алмай келеді. Өйткені екеуінің ортақ ұрпағы болуы мүмкін емес екенін естіп, қатты қамығып тұрғанында «әйтеуір кінәрат менен емес қой» деген қуаныш көкейінде қылтың ете қалғаны да рас-ты. Сөйтіп, ол отанасы ретінде өз отбасының ортақ қайғысын отағасымен бірдей бөлісуге жарамады. Есі шығып есеңгіреген ерінен өзінің осы артықшылығы бір сәтке болса да ұмытылмай, Әділеттің «қу мазар» деп жеп жіберердей жек көре қарағаны мен дәрігердің «сіз шыбын қонып кетсе де көтеретіндей сап-саусыз» деген әзілімен тайталасып көкейінде тұрып алды.

Сол үшін де ол өзін ойы бұзылып, Әділетке опасыздық жасағандай, күнәға батып, жан дүниесін кір шалғандай сезінді. Жұлып тастай алмайтын, жуып кетіре алмайтын бұл кірден өзінен өзі жиреніп, жанын қоярға жер таппады. Осы кезде ойы да он саққа жүгіріп, не бір бәлелер келді басына. Сол бәлелерден жаны одан сайын шошынып, ақыры күнәһар қуанышының қайда кетіп қалғанын білмей де қалды. Сонда да бір сәттік астамшылық ойы үшін Жаратқаннан қайта-қайта кешірім сұраумен болды. Сөйтіп, құйтақандай күнәсінің азабы онсыз да әпенді әйелді одан әрі тәубесіне келтіріп, біржола тұқыртып тастады. Енді ол шынында да ерінің қайғысын отбасының ортақ қайғысы ретінде қабылдап, екеуінің арасындағы баяғы жасандылығы жоқ жақсы қарым-қатынасты қалпына келтіруге бар ынта-шынтасымен кірісті.

Әңгімені ашық сөйлеуден бастаған әйел:

– Мен жансам сенімен бірге жанамын, сөнсем сенімен бірге сөнемін. Бөтен өмірді қаламаймын, - деді еріне төтесінен.

Оның бұл жүрекжарды лебізіне елпілдей қоймаған Әділет:

– Уақыт көрсетер, - деп сырғытпа жауап берді.

– Көңілді күпті қылып жүре бермей ойымызды біліп, бетімізді ашып алғанымыз өзімізге жақсы, - деп Анажар оған көнбеді.

– Онда өз ойыңды айт, - деді Әділет.

Анажардың жауабы дайын екен.

– Қаласаң бала асырап алайық, - деп салмақты ерінің өзіне аудара сөйледі.

Сәл ойланып қалған Әділет:

– Ақперіштеміз бар ғой, - деп әйелінің жүзіне үңіле қарады.

Әйелі сол баяғы шынайы қалпынан түк өзгерместен:

– Ақперіште жат жұрттық қыз бала. Ал, біз шаңырақтың иесі болатын ұл асырап аламыз, - деп арғы ойын өзіне қадалған көзге көзін қадап тұрып ашық айтты.

Бірақ одан Әділет тіксінбеді. Қайта әйелінің қоштау тілеген жанарынан жылылық көріп, жаны жұбанғандай болды. Даусындағы немқұрайдылықтың бәрі сап тыйылып:

– Мен бұл әңгімеге әлі дайын емеспін, - деп шынын айтты.

– Мен сенің қандай шешімің болса да қабылдаймын, - деді ерінің шынын сезінген Анажар егіліп.

Бұл сөзге тіпті толқып кеткен Әділет:

– Ықылас-пейіліңнен айналдым, - деп тебіренді.

Ерлі-зайыптылардың жандары осылай жарасып, көңілдеріндегі кірі осылай кетті. Көңіліндегі кірі кеткен Анажар енді кітапқа шыли қадала бермей, үй ішінің де кірін қылпық қалдырмай тазалап, жуып-шаюға уақытын көп бөлетін болды. Жиһаздарының орнын өзгертіп, өкпені қысатын артықтарынан арылып, бөлмелерді өз пейіліндей кеңейтіп қойды. Ал, үй жасаулары да өз көңіліндей жарық болсын деп ақ, ақшыл маталармен алмастарды.

Көп ұзамай ері адвокаттық кеңсе ашып, бұл үйдің қуанышына қуаныш қосылды. «Шын әділдікті қорғап, қабілетімді көрсететін мүмкіндік туды» деп жаңа жұмысына құлшына кірісті ол. Бірақ қуанышы ұзаққа бармады. Қанша құлшынса да бұл жұмыста да әділдікті қорғау қабілетін оңдырып көрсете алмайтынын түсінді. Жұрттың прокурор боқтайды, адвокат оттайды, ал сот соттайды дегені рас екен.

Жан-тәнін салып қанша «оттағанымен соттың көңілінен шықпасаң ақ деп тұрған ісіңді қаралап үкім шығара салуы қиын емес көрінеді. Өйткені сот қаласа соншама ыждаһаттықпен келтірген дәлелдеріңнің бәрін жоққа шығаратын тірі куәлер таба салады. Заңгер кезінде бір компанияның ақысы екіншісіне ауып кеткеніне қиналушы еді. Ол түк емес екен. Ал, мұнда небір жазықсыздардың жапа шеккенін немесе жазықты дегендердің құлан-таза ақталып тайраңдап шыға келгенін көргенде қаны қазандай қайнағанымен қолынан келер дәрмені болмай өксумен өткізетін болды күнін.

Сөйтіп, ол бірнеше істе сәтсіздікке ұшырап, қорғауға алған адамдарын ақтап шыға алмады. Мұндай адвокаттың көмегіне жүгінуден көп адам қашқақтайтын болғандықтан, оның күнкөрісі қиындап кетті. Енді амал жоқ жаны қаламаса да нағыз қылмыскерлерді де, ұры-қарыларды да қорғай бастады. Ондай істің өзі де анда-санда басқа ешкім болмай қалғанда ғана тиіп қалады. Бұл күнде кім көп, төлемақысы молдарын қағып әкететін пысық адвокат көп. Бұған әншейін шабақтарын қалдырады. Әділет күнкөріс үшін амал жоқ қорғайды. Беделін өсіру үшін тіпті ақтап алуға тырысады. Ол үшін бұзақыны момын, тәртіпсізді тәртіпті, жалқауды еңбеккеш, отбасын ойрандаған әпербақанды үлгілі отағасы, жақсы жар, қамқор әке дегізіп құжат жинайды. Ал, бұл іске әбден еті үйреніп алған соң Құдай өзі кешірсін деп қойып, өтірік куәгерлерді ұйымдастырып жіберген кездері де болды.

Сөйтіп, оның беделі көтеріле бастады. Беделі көтеріле бастаған соң оған жүгінетіндер де көбейіп, кітапханашы әйелінің кішкентай жалақысына қарап қалған күндерден құтылды. Бұрынғыдай іс жүргізудегі әділетсіздіктерді айтып шағынып, жан азабын тартуын да қойды. Қайта аяқ астынан көбейген ағайын-туыс, жекжат-жұраттарына қонаққа барып, қонаққа шақырып бос уақытын көңілді өткізетін болды.

Осылай тойшыл болып алған ері әйелі қанша күткенімен бала асырап алу туралы әңгімені қайтып қозғамады. Тіпті ұмытып кеткен сияқты. Есесіне «мен сені бақытты етемін әпендем» деп түрлі сыйлықтар сыйлап, үйіп-төгіп уәде беретінді шығарды. Анажардың қабағы шытылған сайын алатын сыйлығының бағасы да қымбаттады. Көрші-қолаңдар мен қызметтестер мұны байқамай қалған жоқ. Екеуінің жарастығын, бір-біріне деген ілтипатын, әсіресе, ерінің әйеліне әперген сыйлықтарын сөз етіп, отағасы болсаң осындай бол деп, үлгі етіп ұсынатын болды.

Бірақ, бұндай төгіп-шашпа, сый-сияпатшыл қонақжайлық пен көлпалдықтың парқын Анажар әке-шешесінің өмірінен жақсы білетін-ді. Сол кезде шайлығып қалған жүрегі Әділеттің мына жүріс-тұрысын қаламағанымен қарсы да шыға алмай әбден пұшайман болды. Өйткені ол ерінің елмен енді араласып, өмірге жаңа кіре бастағанын түсінді. Бірақ, сол өмір оның таным-түсініктерін басқа жаққа бұрып бара жатқанынан тіксінді. Бұрын барлық істі заңмен бағалайтын Әділет енді ақшамен бағалайтын болып алды. Оның келімді-кетімді қонақтары мен клиенттері «мынау іс қалай» десе, «пәлен бакс» деп қасқайып қарап отыратынды шығарды. Ең сорақысы сол ол әйелімен екеуінің арасындағы сыйластықты да бакспен өлшеуге көшті. Анажар бірдеңе десе «мен саған пәлен бакстың алқасын сыйладым» деп өзінің сүйіспеншілігін емес, сатып әперген алқасын алға тартып сөйлейтін болды. «Сенің сыйлығың керек емес, тек жүргенің керек» деп ренжігенінде:

– Өзгелер жалпағынан басып жатқан жалғаннан мен неге құралақан өтуім керек, - деп өзіне ұрысып берді.

Мұны айтқан екеуі қол ұстасып қосылған кездерінде «бүкіл әлемді заңға бағындырып, әділдік орнатамын» деген Әділет емес, мүлдем бөтен дүниеден келген жат біреу сияқты болып көрінді Анажарға. Бұдан кейін сол жат біреумен бір үйде тұрып жатқан өмірінен мән-мағына кетті. Қымбат-қымбат дүние-мүліктің қоймасына айналғаннан қайта тарылып, қаракөлеңке тарта бастаған пәтерлері Анажардың еңсесін басып, өкпесін қысатын болды. Алған қымбат сыйлықтары көбейгенімен күйеуіне деген ілтипаты кеми берді. Рас әйел ретінде ерінің тамағын уақтылы беріп, үсті-басының тазалығын күнделікті қадағалауы бұрынғыдай болатын. Бірақ бұл міндеттің бәрі ықылассыз, сылбыр орындалатыны көзге бадырайып көрініп тұрды. Өйткені күйеуі тойшыл-сыйшыл болып кеткелі көңіліне кептелген күдіктен қабағы бір ашылмайтын. Анажар осы жасына дейін көп нәрсені көріп, көп нәрсені оқып білсе де өтірік жайраңдап жүруді үйрене алмай-ақ қойды. Ең қиыны бұл күнде тасы өрге домалап, кердең-кердең басатын адвокат әйелінің қабағы ашылмайтын болғанын өзінше жорып «кесірсің, жасаған жақсылықты бағаламайсың» деп кесек-кесек сөйлейтінді шығарды.

Бұны айтып тұрған Анажарға беймәлім бөтен Әділет еді. Сонда арманымен арманы, жанымен жаны, тәнімен тәні қосылып, бірге жүріп, бірге тұрған жарынан қай жерде ажырап қалды Анажар? Кеше ғана әділдік деп көкірегі қарс айрылатын Әділетке бүгін не болды? Қандай күш, қандай құдірет өзі кие тұтып, Құдайдай табынған заңдарды белшесінен басып өмір сүруге үйреткен? Ал, сол заңдарды допша қақпақылдап ойнатқанының арқасында қолынан іс келетін нағыз жарамды жігіт деп әспеттеліп, сый-сияпат пен марапатқа бөленіп, ортасының қадірлісіне айналып шыға келуінің сыры неде? Бірақ, ортасының қадірлісі болғанымен неге қосағының қадірлісі бола алмайды ол?

Осыны ойлағанда Анажардың есіне Әділеттің атасы түсіп кетті. Кәдімгі шындықты айтқаны үшін сотталса да сөзінен таймай, ақыры өтіріксіз өмір сүретін мекен іздеп Сандықтауға шығандап шығып кеткен Алдаш аңшы. Анажар өмір бойы осындай адамды іздеген екен. Немересінің етегінен ұстауының астарында да сондай бір сыр жатқан болып шықты. Ел ішін тастап, айдалада тау ішінде, тағылардың ортасында өмір сүріп жатса да, Әділеттің қос әжесі қандай бақытты еді? Олардың бір еркектің тілеуін тілетіп, түсіністіріп отырған да сол еркектің ақты ақ, қараны қара деп атап, қара қылды қақ жара алатын қасиеті-ау! Әділет неге атасына тартып тумады екен? Әлде қырына алған заманның алдында тектілер де шарасыз ба? Адамдар үшін тексізденуден артық қандай қасірет бар сонда? Мал тұқымын асылдандыру үшін қыруар қаржы жұмсап жататын ақшалылар өз тұқымы тексізденіп бара жатқанының неге алдын алғысы келмейді? Қайта қайтарымының жылдамдығына мәз болып, қаржысын адам тұқымын одан әрі аздыра түсетін жобаларға жұмсайды.

Әділет те мәз, бұл өмірде жолын тапқан бақытты жандай сезінеді өзін. Сол бақытқа Анажарды да жетелеп апаратынына еш күмән келтірмейді. Әйелінің әпенділігін әншейін өткінші балалық көріп, енді екеуі елдің істегенін істеп, ел қатарлы өмір сүретіндіктеріне сенеді.

Қазір керек болса, адвокаттық жұмысты олқысынып жүр. Қоя тұр әлі, судьялыққа өткеннен кейін бұдан да мықты өмір сүреміз деп күпінеді әйеліне.

Ал, көңіліне жұққан қылпықтай кірден өзінен өзі жиреніп жүретін Анажар Әділеттің күнәға батқан сайын мәз болып, рахат табатынына, тіпті сол күнәсін елге жасап жүрген жақсылығым деп түсінетіне күйінеді. Күйіне отырып, оның бұл түсінігін өзгертуге дәрменсіз екеніне, керек болса Әділет екеуінің құрған жанұясын сол отағасының өзі сайтан боп бұзып жатқанына таңқалды. Таңқалды да оған көз жұмып қарап отыруға дәті шыдамай қапылып, Әділетке бұның ақыры жақсылыққа апармайтынын қайтадан түсіндіруге әрекеттенеді. Бірақ, әпенді әйелінің өмірмен «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» қияли әңгімелеріне әбден тойған Әділет қолын бір-ақ сілтеді. Сонда да қоймай қойса, түннің бір уағы болса да, есікті тарс жауып кетеді де қалады. Оған ештеңе істей алмай отырып қалатын Анажар сол кезде өзінің масаң күйінде үйден қашамын деп өлер-тірілерін білмей отқа ұмтылып қанатын күйдірген көбелектің кебін қалай кигенін есіне алады.

Анажар болса, балаларының болашағының «іргесін» қалаймын деп жанталасқан әке-шешесінің өзін мүлдем ұмытып кеткеніне өкпелеп қашып еді сонда.

Ал, бүгін Әділет неге қашады отбасынан? Жанұясының жылуы үшін жанталасқан ең жанашыры – жарын неге түсінгісі келмейді? Оның жан-тінін қалдырмай отбасынан аулаққа шақырып жарқырап тұрған қандай алдамшы алау? Оның жарық емес, қарық екенін ері түсінуі үшін не істеуі керек? Әлде әйелдік қылығы жетіспей жүр ме? Өзінің белінен ештеңе бітпейтіні туралы білгелі бері Әділеттің төсекке өштігі ерекше артқанын байқай бастаған Анажар. Бәлкім сол өштікке өштікпен жауап қайтара алмай жүрген шығар? Осы ой басына келген әпенді әйел еркегінің бабын қайтсем табамын деп бұл жағынан да біраз білімін көтеріп, тыраштанып көрді. Бірақ, артық қыламын деп тыртық қылды. Сол-ақ екен ері «сен мұның бәрін қайдан білесің» деп қыр соңынан қалмай қойды. Бәріне шыдаған Анажар бұған шыдамады. Таңертең ертелеп тұрып «мен біржола кеттім, іздеме» деп әлі ұйықтап жатқан еріне бір ауыз сөз жазып қалдырды да, үйден шығып жүре берді. Жанын бәрібір түсінбейтіндіктен басқа сөзді қор қылмады. Ал, осы уақытқа дейін сыйлаған сыйлықтарынан сабақ жібіне тиместен түгел қалдырып, тек кітапханашының жалақысына сатып алған және әке-шешесінің артынан әкелген киімдерін ғана алып кетті. Міне, мұны ол түсінеді деп ойлады.

Шынында да түсінген болуы керек. Артынан іздеп келмеді. Анажар да қайтып оралған жоқ. Әке-шешесінің үйіне де бармастан пәтер жалдап тұратын кітапханашы құрбысының қасына шықты. Бірақ, Анажардың ерімен ажырасып кеткенін Далабай пен Таугүл естімей қалған жоқ, естіді. Қыздарының хабарласпағанына сырттай ренжіді де. Әйтсе де өз қолдарын өздері кесе алмай, ақыры Анажарды алдымен Таугүл өзі іздеп шықты.

Анасы сонда еміреніп келіп, құшағына алғанда Анажар шыдай алмай жылап жіберді. Ең жақын адамының бауырында жас баладай өксіді. Таугүл ана қосыла боздап кетуге шақ қалып, әрең шыдады. Шыдай отырып өзінің ішінен шыққан бір жапырақ еті – қызының бауырын бүлк-бүлк еткізген солқылынан оның өкінішін де, өкпесін де түсінді. Түсінгенмен өткенді қайтара алмайсың. Сондықтан ендігі өмірінің қамын қапысыз қамдауға тырысудан басқа амал жоқ.

Ал қыздарының қамын әке-шешесі осы жолы әбден қапысыз ойластырған-ды. Анажар мауқын басқан соң Таугүл сол шешімдерін айтты. Олар қаланың тәуірлері тұратын ауданынан жеке үй салып жатыр екен. Құдай қаласа, алдағы жазда бітіріп, сол үйге көшпек. Ал, қазіргі отырған 4 бөлмелі пәтерді Анажарға басы-бүтін сыйламақ.

Анажар енді жас емес. Басқа мұраларына да бас-көз болып, оның ісін қалай жүргізуді осы бастан үйренбесе болмайды. Жанан әкесінің мейрамханаларын меншіктенеді. Ал, анасының Сән ательелері Анажардікі. Сондықтан кітапхананы қойып, сән ательесінің бірін басқарғаны дұрыс.

Жаңа ғана анасының бауырына қайтып ажырамастай болып жабысқан Анажар бұл қамқорлықтың бәрінен бірден бас тартты. Кәсіпкерлікті де, бизнесті де оның жаны қаламайды екен. Жан қалауы осы – кітапхана. Жалақысы жетімсіз болып жатса, колледждердің біріне қосымша сабақ беретін болады. Сондықтан әке-шешесі онсыз да жұбын таппай жүрегі қан жылаған қыздарын жан серігіне айналған жұмысынан айырмасын. Сүйікті ісінен айырылу Анажар үшін құдай қосқан қосағынан айырылғаннан да жаман.

Ақперіштенің сабағын, тамағын қадағалап отыруы үшін пәтерінің жұмысына жақын болғаны дұрыс екен. Оның үстіне бұрынғы жағымсыз жағдайларды есіне түсіре беретін үйде тұрғысы келмейтінін де сездіріп қалды. «Түсінесіз бе, ол үйде тұру маған ауыр ғой» деп күрсініп салды сөзінің соңында.

Сөйтіп, қанша жалынса да анасы қызын өз үйіне қайтып келуге көндіре алмады. Артынан Далабай екеуі ақылдаса келе айтқан ауданынан оған екі бөлмелі пәтер жалдап, соңынан біржола сатып әпермекке келісті.

Анажар күні бүгінге дейін сол әкесі сатып әперген пәтерде тұрып келді. Содан бері аттай он жыл өтті. Қандай жылдар...

Әуелгіде оған барлық қиындықтар артта қалғандай болып көрінген. Баспанасы бар, Ақперіштесі қасында, жұмысы үйіне тиіп тұр. Ең бастысы күнәні күнделікті қажеттілігіне айналдырып алған ерінен кетіп, дүние-сонардың қызығынан құмары бір қанбай қойған әке-шешесінің де қолына кірмей, есіне түсіп, еңсесін басатын ескінің бәрінен арылып, еркін өмір сүріп жатыр. Дүниеде бұндай жеке басты өмірге қызығатындар да, бұндай жеке басты әйелді қызықтағысы келетіндер де жетіп артылады. Бірақ, қызығатындар қиындығын әлі білмейтінін, ал қызықтағысы келетіндер білгісі де келмейтінін ол келе-келе түсінді. Солай екен. Сыртынан қарағанда «асау тайдай бұлаңдаған» бойдақшылықтың кісі қызығатын түгі жоқ екен. Рас, Құдайдың пендесінің әр күнін жақсылық пен жамандық таласып-тармасып келіп, алдымен қай жеңгені ашатынын әпенде әйел бұрыннан білетін.

Бірақ адам жанының әп-әдемі болып ашылып келе жатқан гүлін жел болып жапырып, құйын болып ұшырып әкететін жағдайлар таяныш-тірегінен айрылған жесірлер мен тірі жесірлердің басында өзгелерден көбірек кездесетінін солардың қатарына қосылған соң барып байырқалады. Адамдардың жылуы аспанның нұры сияқты тең шашылмай, айналасындағыларға алалап шашылатынына, сондай-ақ пенделіктің шуағы күздің шуағындай алдамшы болатынына талай рет көз жеткізді. Ол бұл кезде жарқырағанның бәрінен жақсылық іздеп жүгіре жөнелетін, елдің бәрінен қайырымды періштені көріп көңілі құлай кететін кешегі секектеген сенгіш қыз емес-ті. Істеген жақсылығының өтеуін адамнан емес, Құдайдан тілейтін әпенделер Сандықтауда ғана қалғанын жақсы білетін. Ал, Тоқкентте бәрін есеп жайлаған. Тіпті сезімдерінің өзін есеппен білдіреді. Ерімен ажырасып, жеке пәтерге шыққалы мұндай тілеулес болып демеп, күшті болып жебеп жүргісі келетіндер көбейді. Бірақ, олар әуелгіде қайырымын қайтарусыз жасайтын көлпал болып көрінуге қанша тырысса да, артынан «сыйға сый, сыраға бал» дәмететінін сездірмей тұрмайды. Кейбіреуі тіпті сұрқай өміріне «шырай» кіргізетін мұндай мүмкіндікті пайдаланып қалуы керектігін, ал базары тарқаған соң бәрі кеш болатынын ашықтан ашық айтады. Аузы күйген Анажар ондай «қамқоршылардан» бойын аулақ салды. Жұмыс бабымен, көршілік хақымен, басқа да себептермен араласуға тура келгенде де сыпайы сыйластықты шекара етіп белгілеп, сіз-бізден арыға жібермейді. Осылай ол отбасынан ғана емес, ортасынан да оқшаулана берді. Бұл дүниенің нағыз «періштесімін», ең «әділетті жаратылысымын» дегендерге құлай сенемін деп әлденеше рет опық жеп, секем алып қалған көңілі кіршіксіз сезімін былықты «қызыққа» батырғаннан да, оңаша тартар пәк азабын артық көрді. Қайнаған қалың көптің ортасында осылай өзімен өзі өмір сүріп жатқан жеке басты әйелдің бұл жан азабы жүре-жүре жан серігіне айналды. Сол жан серігі оны жай отырғызбады, үнемі жаңа өрістерге жетеледі. Адамдар ең аз кіретін «сирек кітаптар» қорынан көп ниеттестер, азаптастар тауып берді. Бірақ, сол ұлы азаптанушыларды құныға оқыған сайын Анажар бойы жеңілдеп сергіп қалатынын әлде өзінің азабына азап қосып, ұнжырғасын одан сайын түсіретінін түсінбей-ақ қойды. Білетіні әйтеуір жаны бір жаңа кәйіпке еніп, кітаптан бас алмайтын болды. Атам заманда жазылған сол кітаптар бүгінгі күннің байлығы мен билігінің, «қызығы» мен «шыжығының», соғысы мен сүйісінің арғы астарын ашып берген сайын азабына азап қосылып, айықпас дертке айналды. Айықпас дерт кейде бүкіл болмысын құрыстырып, мысын басып, мынау баянсыз дүниеде баянды ойнақ салған былық күш өзін оп-оңай былғап кететіндей қорланса да, қу жаны бәрібір осы қорлықты қорек етті. Ал, кейде алапат дерті арқасын қоздырып, оған ешқандай қара күш те, қарау күш те тең келмейтіндей әруақтанып кеткенде өзі Ақперіштесін балабақшаға орналастыра алмай жүріп, басқа құрлықтардағы аурудан, аштықтан қырылып жатқан балалардың қамын жеп қайғырады. Сөйтіп, әлемдік проблемалармен айналысатын лауазым тұрмақ кітапхананың бөлім меңгерушілігіне қолы жетпей жүрген әпенді әйел осылай бүкіл дүниелік қуаныш-қайғының бәрін жеке басыныкіндей қабылдап, жүрегі сыздаумен күн кешіп жатты. Қайтып сыздамасын. Бұның да өмірін өксітіп жүрген сол бүкіл әлемде сайран салған пенделік екенін ол бұл күнде жақсы білетін-ді. Бірақ бұл пенделік шіркін сол сайранын біреулердің ойранын шығарудың есебінен салып жататынын өмірі мойындамайды. Мойындаса пенде болар ма еді. Пенде бәленің бәрін өзінен емес, басқадан көретіндігінен пенде. Әйтпесе, «өзімшілдігіңді жең» деп қай пайғамбар айтпады? Бәрі уағыздады. «Сирек кітаптар қорында» мың-миллионы жатыр көміліп мұндай уағыздың. Тіпті сол уағызды көкейге қондыра қоятын жанды мысалдар да жетіп артылады. Бірақ пенделер оларды өзін өзі түпкілікті жеңу үшін емес, қарсылас-бәсекелесінен үстем болу үшін ғана пайдаланады. Мұндай кезде сол уағыздардан үзіп-жұлқып өздеріне тиімді үзінділер алып, жақсылық атаулының жоқшысы болып көрінеді де, кезеңдік жеңісіне жетіп алған соң қайтадан пенделігіне басып кете барады.

Пенделердің солай адамдардың асыл мұрасын әншейін кеудеге тағатын әшекейге ұқсатып, көпшіліктің алдында көзтартып көріну үшін ғана пайдаланатынын көрген сайын Анажарға Адам атаның атына лайық ешкім қалмай, оның ұрпағының бәрі пендеге айналып кеткендей көрінеді. Сөйтеді де енді олардың мынау жертөлелерде десте-десте болып тізіліп жатқан өсиеттерін аманаттай қабылдап, бойына дарытқысы келетін ешкімді кездестіре алмай сарыуайымға салынады. Бұл заман пайғамбар тумайтын тұл заман, әулиелерден алаяқтарды қадірлі көрген көлгір заман, адам тұрғанда пенде сөйлеген бейәдеп заман болды деп күйінеді. Қанша күйінсе де, пенделерден қайтадан адам жасауға болатын шығар деп үміттенеді. Бірақ біреу емес, он, жүз тіпті мың емес, бүкіл пенделер қауымын адамзатының қауымы етіп қайта құру мүмкін бе? Жаратқанның елшілері аяғына жеткізе алмаған бұл істі кім атқара алады? Әй, ешкім атқара алмас.

Егер билік қолына тисе Анажар атқарар еді. Қалай дейсіз ғой. Ол жер бетіндегі жұмыр басты пенденің бәрі «сирек кітаптар қорын» түгесіп оқып шықсын деген бұйрық берер еді. Әлемнің бар проблемасын ұрыс-талассыз-ақ бейбіт жолмен шешер еді сонда. Соғыс та тыйылар еді, қарын да тояр еді, махаббат та маздар еді. Бұл ерікті, еріксіз қабылданған емнен соң барлығының жаны тазарып, жүрегі ізгіленіп, жүзі нұрланып, жанары жақсылық шақырып түлеп шығар еді. Ал, қазіргі қоғамда осындай тамырының тереңінен нәр алып, түлеп шыққан адамдар ауадай қажет.

Амал не, Анажарда ондай құдірет жоқ. Сирек кітаптар қорына өз еркімен кіретін азын-аулақ адамдар қаптаған қалың пенделерге ықпал етпек тұрмақ, олардың арасында білгенінен жаңылып қалады.

Дегенмен, «сирек кітаптар қорынан» Анажардың тапқан олжасы аз емес. Соның арқасында ол сырт әлеммен араласа алмаса да, іш әлемін жасап алды. Сөйтіп, сыртынан сырдаң көрінгенімен, ішінен жаны қалап араласып, жан сырын ақтарысатын достарға кенеліп қалды. Бұл дүниедегілер түсінбеген жанын солар түсінеді. Олар мұны әпенде де, әуіш те деген жоқ, нағыз ана, нағыз жар деп бағалады.

Анажардың баяғыдан бері жерден де, көктен де шағаладай шарқ ұрып іздегені осы еді. Енді ойлап отырса, Ақтілеу әжесі бауырынан ұшырып тұрып нұсқаған екен ғой бұл ішкі әлемге. Дәлірек айтқанда осы әлемге кезіге алмай қорлық көреді деп қорыққан екен ғой кейуана немересіне шайтан туралы әңгімені қозғағанда.

Бірақ, Ақтілеу әжесі көкірегін оятып жібергенімен, мына алдамшы әлем көзін байлап, көкірегі сезгенді өзі көрмей тұмсығына іліккен тарыны да, тас түйіршігін де талғамай, таңдамай жұтқыншағынан өткізе беретін соқыр тауықтың күйін кешіп келіпті. Тоқкенттің базар-дүкендеріне толып кеткен тауарлардың «мені ал», «мені ал» деп көз тартатыны сияқты, төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен келіп, көше жағалаған уағызшылардың да «менікі дұрыс», «менікі дұрыс» деп көңіл тартатыны тағы бар. Ойлап қараса солардың біріне тайлақ болып, тұмсығын тестіріп, жетегіне ілесіп кете беруге Ақтілеу әжесінің көкірегіне құйып кеткені тежеу болыпты. Бірақ не құйып кеткенін сезінгенімен ол кезде тым жас болғандықтан саралай алған жоқ-ты. Әйтеуір білсем, жетілсем, адам болсам деген ниетпен осы уақытқа дейін жинаған бар рухани байлығы өзін алға жетелер арна таппай басында құр сапырылысып, содан да көңілі жай таппай беймаза күй кешетін-ді. Бәлкім солай бола берер ме еді, қайтер еді, егер «сирек кітаптар» қорына сол бір кісі бас сұқпаған болса. Ол кісімен бірге тыныс ашар таза ауа ілесе кіріп, жертөленің тығыз, тымырсық ауасы саумалданып сала бергендей, ал оған осынау денесінде қырым артық еті жоқ, қимылы ширақ, қағылез адамның жүзіндегі жылылық, бойындағы биязылық, үніндегі әуезділік қосылып, қаракөлеңке кітапжай ішін айрықша бір нұрға бөлеп жібергендей, тіпті көптен ешкім қолдарына ұстамай жетімсіреп жатқан «сирек кітаптар» сарғая күткен сырласын көріп, қуаныштан жайнап шыға келгендей көрінді Анажарға. Әйтеуір өзі ес-түссіз ғашық болып қалған ғұламасы Бекемжан Шынахметұлы кіріп келгенде осындай көңіл-күйге бөленді әпенді әйел.

Ғалымды ол алғаш рет жақында ғана кітапханада өткен Абай шығармашылығына байланысты кездесуде көрген. Бірақ оны мінбеге көтеріліп, сөйлей бастағанша байқаған да жоқ. Өйткені Анажардың көзі алдымен қазақы қалпағы мен түрік топысын немесе испан сомбреросын залдың ішінде де тастамай киіп, сәнді сақал, салбыраған шаш қойып ерекшеленген ғалымдар мен ақын-жазушыларға түскен болатын. Мінбеге де алдымен атақ-дәрежелері асып тұрған солар көтерілген. Алайда Анажар олардың қалпақтарын таңсық көргенімен көбінің сөздеріне қарны ашып қалды. Өйткені тура бір жалғанның жамандығымен жалғыз өзі күресіп жүрген жандай-ақ күңірене сөйлегенде олардың айтқан ойлары Абайды «оқу керек», «жас ұрпаққа таныту керек» деген құрғақ ақылдан ары ұзамады.

Бірақ, ондай ақылдан аудиторияның әбден мезі болғаны байқалып тұрды. Ал, осындағы үлкен-кішіден еш ерекшеленбей таза еуропалық костюм киген осынау елеусіздеу адамға сөз атақтылардан кейін, тіпті олардың сөзін жабыла жазып алған журналистер залдан шығып кеткен соң тисе де өзінің қоңыр мақпал әуезді үнімен бүкіл аудиторияны баурап алды. Өйткені ол бұрынғы шешендер сияқты Абай шығармаларының әр жерінен үзіп-жұлқып жеке ойларын жалаулатпай ұлы тұлғаны тұтасымен танытты. «Еуразия құрлығын сан ғасырлар дүбірлеткен соңғы көшпелілер – қазақтарды от қарулы отырықшылар қайтып шықпастай етіп құрсаулап біржолата бағындырған шағында өмір сүріпті ақын. Өткен күн енді қайтып оралмайды, болашақ болса да бұлыңғыр. Бірақ алып киттің аузындағы балықтай күйге түскенін, енді бір толғаса жұтқыншақтан ары өтіп кететінін, ал жұтқыншақтан өткен соң неге айналатынын ойлап жатқан ешкім жоқ. Баяғы «Күлтөбенің басында күнде кеңес құрып» бірлік-бәтуаға келген, бірлік-бәтуаға келген соң айлар бойы ат үстінен түспей жаудан қорғанған хандардың заманы өткен. Хандардың қапталында жүріп өткір жырларымен үнемі ел рухын көтеріп отырған жыраулар да олармен бірге кетіп, орындарын кісіліктен айнып, пиғылдары бұзылғандар басқандықтан билікті аздырып, дәстүрді тоздырып жіберген. Олардың ашылған аранына тоқтам салар, бұзылған пиғылын түзер еш шара қалмаған.

Кешегі «малым жанымның, жаным арымның садағасы» дейтін мәрт, қырық жыл қырғын болғанда да адамгершіліктен айнымаған кісілікті халықтың осылай мәңгүрттеніп бара жатқанына қабырғасы сөгілген ақын күйзеледі, күңіренеді, тіпті бұл өмірден түңіледі. Бірақ қанша баз кешсе де, халқын тығырықтан шығаратын жол іздейді. Сол жолды табу үшін жеті тілді меңгеріп, өзіне дейінгі бүкіл әлемдік ақыл-ойды оқып, игереді. Сонда ол адамзаттың осы уақытқа дейін бақыт құсын басына қондыра алмай жүргенінің себебі өзгенің есебінен күн көргісі келіп тұратын пиғылынан екенін түсінді.

Бірақ бұны бір адамның түсінгені аз. Әр қауымның түсінбегі керек. Ол үшін ізгілік туралы бүкіл адамзаттық ақыл-ойдың нәрін баршаның көкейіне қонатындай, санасына сіңетіндей етіп жеткізбек ләзім. Хакім Абай сол парызын орындап Толық адам туралы ілімін түзді. Бұл ілім жан тазартудың жайы осы екен деп бар пейіліңмен аспанға ауып, қара басыңның рахатын ғана малданбай, өмір сүргеннің жайы осы екен деп Жаратқаннан қол үзіп, жер жадыланып қана қалмай, рухани жағынан көкті сезініп, дене жағынан жерді иіссініп, жан-жақты дамып, кемелденіп, Толық адам бол дейді. Ал, адам кемелденген сайын жүрегі ізгіленіп, пиғылы түзеледі. Пиғылы түзудің тірлігі түзу, қоғамы ізгі. Адамды адам етудің бұдан басқа жолы жоқ. Өйткені бұл ілімнің тамыры – Ақиқаттың өзі. Тіні – кісінің ала жібін аттамайтын адалдық пен қара қылды қақ жарған әділдіктен өрілген. Әрекеті – еңбек, білім, ғылым. Мұраты – елін елұйық, жерін жерұйық етіп, «қой үстіне бозторғай ұя салатын» заман орнату.

Ғалым сөзі көкейіне дөп тигені сонша Анажардың көңілі алып-ұшып, аудиторияда Абай ілімімен бірге тербелді. Ал, сөз аяқталғанда орнынан атып тұрып, сартылдатып қол соғып жібергенін білген де жоқ. Оны жұрттың бәрінің көзі өзіне әумесерге қарағандай қадалғанда барып байқады. Тіпті олардың назарынан біртүрлі сескеніп те қалды. Бірақ артынан күнде қырқы туып жататын жеңілтек, нәпсі оятар әндерге есі кете шапалақ ұратын жұрттың ғасырларда бір туатын ұлы ілімнің өз елімен қайта қауышқанын үлкен оқиға ретінде қабылдап, неге қуанбайтынына таңданды. Таңданды да өзін әумесер көрген залда одан әрі қала алмай, сыртқа сытылып шығып кетті. Ол сол күні көктен іздегені жерден табылып, дүниесі түгелденген жандай бүкіл болмысымен мерекеге бөленіп, мәз-мейрам болып жүрді. Өйткені бұған дейін басындағы үзік-үзік болып жалғаспай, іркіс-тіркіс болып қабыспай жүрген ойларын ғалымның дәрісі оп-оңай бір жүйеге түсіріп берді. Жүйесін тапқан соң-ақ Абай ілімі тіпті де қол жетпейтін қияли дүние емес, кәдімгі өмірде нақтылы қолдануға болатын қарапайым қағидаға айналып шыға келді.

Ендеше Ақтілеу әжесі «әзәзілдің арбауына түсіп, айдауымен жүріп келе жатыр» деп есептейтін адамдар қоғамының дертіне бірден бір ем осы – иман жи, кемелден дейтін Абай ілімі. Қоғамды сауықтыратын басқа жол жоқ. Барлық пайғамбарлар тіпті адам тағдырына ғарыштық араласуды мойындамайтын конфуцилік ілім де осыны айтады.

Бірақ, сол пайғамбарлардың өзін жүре тыңдап келе жатқан керенау қоғам қайдағы бір кезбе ғалымның айтқандарын құлағына қалай қыстыра қойсын. Сондықтан да ғалым Абай ілімін насихаттауға иненің жасуындай болса да көмегі тиетін әкімдерді сағалап, бір қаладан екінші қалаға көше береді екен. Тоқкентке келу себебі қаланың қазіргі әкімі осы шаһардан шығып, араб, парсы әлемінде ұлы еңбектер қалдырған орта ғасырлық ғұламалардың мұраларын жинастырып, аударып, бүгінгі, болашақ ұрпақтың игілігіне асыру жөніндегі ғалымның жобасын қолдапты. Мұның бәрін Анажар бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып білген. Енді, міне сол ғалым оның алдында тұр. «Сирек кітаптар қорымен» таныспақ.

Анажар бұл бөлімдегі әдебиеттер туралы қысқаша болса да, жинақы мағлұмат беруге тырысты. Ғалымның қалауымен қордың қалай сақталатынын аралатып та көрсетті.

Жаугершіліктен талай қираған көне қаланың кезіндегі мұралары әлдеқашан қолдан қолға өтіп кеткен болатын. Бәлкім жер астында жатуы да, ал қала қалпына келтірілгелі бері мұнда көбіне жат жерлік өлкетанушылардың жазбалары, олар жинаған халық ауыз әдебиетінің қолжазбалары, ән-күйлерінің ноталары, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, Мұхамед Хайдар Дулат, Қыдырғали Жалайыр, Абай, Шәкәрім және солардың жолын қуғандардың әлдеқалай сақталып қалған ескі көшірмелері, тоқкенттік басылымдары, отарлық кезеңнің көптеген құжат-жазбалары ғана топтастырылған болатын.

Бұның бәрін көзімен шолып, кейбірін қолымен ұстап шыққан ғалым:

– Енді бірер жылда орта ғасырлық Тоқкент ғұламалары мұраларының ең болмағанда көшірмелерімен толығады бөлімің, - деп сеніммен айтты. Сол кезде Анажар да:

– Кітапхана толыққанымен адам толыға ма? – деп көптен көкейінде жүретін сұрағын лып еткізе қойды.

– «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген ғой Абай. Адам жаратылысынан ізгілікке ұмтылады.

– Бірақ жауыздыққа жолығып жатады, - деп тағы да тақ ете қалды Анажар.

– О, өмір дегенің сол екеуінің майданы емес пе? Сол майданда ізгіліктің жеңісін қамтамасыз ету сіз бен біздің борышымыз емес пе? – деді ғалым.

– Менің, кітапханашының борышы...

– Кітапханашыларды мен ел әскерінің сардарларына теңеймін.

– Мына түрімізбен?

– Дәл осы түрлеріңмен. Сендер ең нәзік майданның сардарысыңдар.

– Сонда қалай?

– Ол былай. Сардарлар жауынгерлерді ұрысқа қалай шынықтырса, сендер оқырмандарыңды өмір сүруге солай даярлайсыңдар.

– Тым асырып айтқан жоқсыз ба?

– Ешқандай да асырып айтқан жоқпын. Рухани игілік өндірушілер қанша нәзік, қорғансыз, саны жағынан аз болса да, адамдар қоғамының тепе-теңдігін сақтап тұр.

– Біз, қоғамды апаттан сақтаушымыз ба?

– Иә, қоғамды апаттан сақтайтын бірден бір күш рухани игілік. Басқа күштің қолынан келмейді. Сендер өз міндеттеріңді осылай түсінбесеңдер түк те шықпас еді.

– Ойламаппын.

– Жоқ, сен ойлайтын бала екенсің. Ойламасаң мұндай сұрақты қоймас едің.

Солай деп сөзін доғарған ғалым сағатына бір қарап алды да, орнынан шұғыл көтеріліп, жеңіл басып есікке беттеді. Әңгіменің бұлай кілт үзілгенін күтпеген Анажар соңынан жанұшыра ілесті. Жанұшырамай қайтсін. Не аспанмен жалғаса алмай, не жерден байыз таппай жүрген шерменде көңіліндегі көп күдікке жауап бере алатын тірі жанды тұңғыш рет кездестіріп тұрса. Анажар қайтсе де әңгімені одан әрі соза бергісі келіп, сұрақты үсті-үстіне қойды. Ғалым оған ренжіген де, бәлсінген де, тіпті кідірген де жоқ. Жауабын жүріп келе жатып берді. Анажар да соңынан қалмай тыңдады. Тыңдаған сайын сарайын ашып мейірін қандырып, жанына майдай жағып барады жауаптары. Өйткені оның айтқандары Тоқкенттегі ғалымбыз деп кеуде қағатындардың көкке де көтеріле алмай, жерге де түсе алмай орта жолда адасқан, сондықтан да кісінің көкейіне қонбайтын дүбәра әңгімелеріне мүлдем ұқсамайды. Оның айтып жатқандары аспан мен жердің қиюының қисынын шынайы ашып, көкірегі түрткіленгеннің қыбын табатын адами әңгіме болатын.

Бұл әңгіме Бекемжан Шынахметұлы үйіне жеткенше жалғасыпты. Ғалым үйінің кіре берісіне келгенде тағы да әңгімесін тоқтатып, «ал, жақсы» деді де, сол баяғы қағылез жандарға тән жеңіл қозғалысымен басқышпен көтеріліп кете барды. Анажар состиып тұрып қалды. Сөйтті де жыпырлаған өзге үй-жайлардан еш айнымайтын, айырмасы ерекше тұрғын кіріп кеткен мынау бес қабатты сұрғылт үйге ұзақ қарап тұрды. Осындай ері бар әйел бақытты шығар деп ойлады сонда. Ойлап тұрып өз-өзінен беті ду ете қалды да, дереу кері бұрылып, тез-тез басып жүріп кетті. Бірақ үйінен аулақтағанымен ойымен ол адамды өзімен бірге алып кетіп, бұл кездесуден ала бөтен әсерге бөленген жаны жолшыбай ән салып келе жатты. Алайда бойынан бұрқ ете қалған осы бір іңкәрліктің тағы неден пайда болғанының ара жігін ажыратып жатпады әпенде әйел әзірге. Әйтеуір бұл кездесудің әсерінен еш ажырамай, тынышы кетіп өрекпіп, жаңа жағалаулар іздеген жүрегінде өмірбойы сақтағысы келді.

Бірақ жұмыс істейтін мекемесінің есігін аттасымен-ақ әлдилеп келген әсері әлденеден үріккен құстардай қалай пыр етіп ұшып кеткенін білмей де қалды. Ол әсерді қуып шыққан бұл әсер де осал емес-ті. Тура жаналқымынан алды. Кітапханашы бір сағат бойы жұмыс орнын тастап кетіпті. Басшыларға ескертпеген, бөлімнің есігін де бекітпей, ашық қалдырған. «Адам аласы ішінде», ары-бері өтіп жатқан оқырмандар, мына баға жетпес кітаптарды қолды етсе не болмақ? Сол жауапкершілікті түсінбейтін Анажар қандай қызметкер? Әрине, өз ісіне жауапсыз, олақ қызметкер.

Кабинетіне шақырып алған директор оны осылай деп сөкті. Ал, Анажар болса, есігін ашық қалдырғанын есіне салғаннан-ақ, жүрегі қысылып, өзінен өзі қара терге түсіп, «кемшілік менде, қандай жаза қолдансаңыздар да құлдық» деп бірден қолын қусырды. Бірақ оталып алған бастық бұған тоқтамай басына қара бұлтты тағы да біраз үйіріп тастады. Содан соң «ал не істейміз?» деп алдында бір уыс боп бүрісіп қалған кінәлі әйелге көзін сүзе қарады. Әйелден үн шыққан жоқ. Меңірейіп отыра берді.

– Бұның аяғы не болатынын білесің бе өзің? – деп мырс етті бастық. – Түсініктеме жазасың. Жұмысты осынша уақыт тастап кеткенің себепті болса, ескертумен шектелемін. Ал, себепсіз болса жазбаша сөгіс беремін. Сөгістің аржағы сыйақыдан қағылу, екінші рет қайталанса жұмыстан шығу.

Сөзін осылай нығарлай аяқтаған бастық етжеңді денесімен еңсеріліп, көзіне көзін қадады. Еңкейгенде жіңішке көзәйнегінің аржағындағы жалпақ бетіне жарымағандай болып біткен жіңішке көздері ап-анық көрінді. Жылтыраған бұл тесіктен жұмысқа деген жанашырлықты да, кемшілікке деген күйінішті де, олақ қызметкерге деген ашуды да көрмеді. Бастықтың жымысқылана жылтылдаған жанарында кәдімгі еркектік құмарлық қана ойнап тұрды. Басқа басқа еркек біткеннің әсіресе, басы бос жас әйелді көзімен ішіп-жейтінін жазбай танығаны қашан Анажардың. Тіпті ол құмарлықтың түр-түрін де айырады. Бұныкі түк іңкәрлігі жоқ, тоқмейіл құмарлық. Бағанадан бері өз ұятына өзі өртеніп отырып ештеңені сезбепті. Бастықтың мына отырысынан, даусын құбылтып, көзін ойнатып сөйлеген сөзінен тышқанды қырш еткізіп жұтар алдында ойнап алатын мысықты көрді енді. Көрді де секемшіл жүрегі тез шошынып, опынып, өкініп отырған бойын әнтек жиып алды.

Әйелдің бірдеңені енді сезгенін бастық та байқады. Байқады да:

– Бәрі өзіңе байланысты. Түсініп жұмыс істегенге біз де түсіністікпен қараймыз. Болып тұрған мүмкіндікті пайдаланып, өмір сүре білу керек қой, - деп қаласа кешірім де жасай салатынын аңғартты. Бірақ, әйел бұл тұспалына өз ишарасын білдірмей, тас түйін қалпы отыра берген соң, әлден уақытта:

– Қалай, түсініктеме жазамыз ба, әлде... – деп сөзінің аяғын тағы жұтты.

– Түсініктеме жазамын, - деді Анажар. – Кетуге рұқсат етіңіз.

Әйелдің бұл жауабына жүзі сұрланып, жаңа ғана жылмаңдап тұрған көздері лезде екі қара тесікке айналып кетті де, одан әрі үнін шығаруды да артық көріп, «бара бер» дегенді иегін изеп қана білдірді.

Тап қазір Анажардың түсініктеме жазғысы келіп кеткені рас еді. Бөлмесіне келе сала дереу қағаз-қаламын дайындап, жазу үстеліне отырды.

Ол Абай ілімі, оның мәнін ашып, аршып, ел әжетіне ұсынып отырған ғұлама Бекемжан Шынахметұлы туралы сол ілімді әлемдік рухани байлықтың шырақшысы болып табылатын кітапханашылардың алдымен игеруі керектігі жайында жазды. Бағанағы кездесудің әсері жазбасына қоймай ойы үсті-үстіне құйылып, түсініктемесі ұзап кетті. Бірақ, оны еш оғаш көрген жоқ. Тек жұмыс уағының соңына дейін үлгеру керектігі есіне түсіп, асығыс аяқтады. Сонда да тазалап көшіріп үлгеріп, қабылдау бөлмесіне келсе, бастық кетіп қалған екен. Ертең әкелсем «бір күн кешіктіргенім үшін тағы да кінә артар» деп қорыққан қызметкер түсініктемесін хатшыға қалдырды да өзі сыртқа беттеді. Бұл оқу залындағылардан басқалардың бәрі жұмыстан қайтып жатқан абыр-сабыр уақыт еді. Әне ана әдіскер келіншек тура оқша атылып шықты есіктен. Өйткені бақшадан баласын 20 минуттың ішінде алып үлгеруі керек.

Ал, кітап іріктеу бөлімдегі апай іргедегі азық-түлік дүкеніне кіріп те үлгерді. Сол бөлімге жаңа келген жас сұлуды жігіті тосып алып, машиналарына асығыс отырды. Әйел біткен асығыс. Кешке дейін жұмыс істеп, одан бақшадан баласын, дүкеннен азық-түлігін алып, автобуспен үйіне жетіп, еріне, бала-шағасына, ата-енесіне ертерек тамақ істеп беруі үшін асығады. Үй қызметкерін ұстауға немесе көпшілік тамақтанатын орындардан кешкі асын іше салуға қалталары көтермейтіндіктен де сөйтеді.

Сондықтан да табалдырықтан сыртқа аттаған бетте жұмысты лезде ұмытқан отаналарының есіл-дертін ендігі жерде тек отбасының қамы билеп алады. Қарбаласқан қызметтестерімен қабаттаса шығып бара жатқанда Анажардың да ойына жар дегенде жалғызы оралды. Жайшылықта қызы есіне түскенде оның басыңқы көңілі көтеріліп, жабыңқы қабағы жадырап, өмірге деген құштарлығы да арта түсетін. Бұл жолы олай болмады. Бүгінгі болғанның бәрі әйелдің санасында Ақперіштесімен алма-кезек алмасып, қайта-қайта көлбегейлей бергендіктен көңілі де екіұдай күй кешті. Ол бастықпен болған әңгімені ойлағанда тағы да баяғыдағыдай үйден безіп, Тоқкентті тастап, «көз көрмес, құлақ естімес» жаққа кетіп қалғысы келді. Ал, бұл баз кешкен дүниеден түк те безінбестен, қайта оны қайтсем түзетемін деп «жар құлағы жастыққа тимей» жүрген Бекемжан Шынахметұлы есіне түскенде өз әлсіздігіне опынып, қатаюға тырысты. Бірақ, «жау кеткен соң қылышын босқа шапқаннан» не пайда? Айтатынын бағана айтып, бетін бірден қайырып тастауы керек еді ондай ойы бұзық бейбастақ шалдың. Сандықтауда мұның жасындағылар намазға жығылып, Жаратқаннан жарасым тілейді. Ал, бұл не тілейді? Онысын жөн, ақыл айтқан болып жеткізгендіктен сөзден қалай ұстап, қайтып айтып тастамақсың әккі бастыққа? Өйтемін десең үлкеннің «қамқорлығына» қарсылық көрсеткен боласың. Бастықтың айтқан «ақылын» алып, нұсқаған «жөнімен» жүрмеді деп мекемедегі қоғамдық «белсенділердің» өзі-ақ бәткәрде қылады. Ақыры не кетіріп тындырады, не көндіріп тындырады. Ал, Анажар көнбеймін деп сотқа шағымданса, сот бәрібір бастықтың пайдасына шешіп береді. Өйткені сот Абайды да, оның ілімін де еш куәлікке жаратпай лақтырып тастайды да, іске оның бір сағат кешіккенін көргендердің сөздерін ғана тіркейді.

Бұның бәрін Анажар бұл күнде әбден жақсы біліп алған. Жазадан құтылудың бастықтың айтқанын істеп, айдауына жүргеннен басқа жолы жоқ екенін де әбден түсінеді. Сондықтан түсініктемені «қызым ауырып қалды, немесе өзім ауырып қалдым» деп жазғаны тиімді болар еді. Бірақ, өтірік айтып көрмеген басы бәрін болғанын болғанынша жазды. Тіпті Абай ілімін тәптіштеңкіреп жіберді. Ондағысы жазғандарын бастық оқып, кәсіподаққа жіберер, оның төрағасы мәселені жалпы жиналысқа қояр, ал жиналыс Абай ілімін ұжымының Ар кодексіне айналдыру жөнінде қаулы қабылдап, үлкен бір игілікті іске мұрындық болып қалармын деген ойы. Болмыс-бітімі бөлек ғалыммен бірер сағат сұхбаттасқаннан алған рух қуаты осындай ұлы іске бастамашы болуға жараса жазаланбақ түгіл айрықша құрметке ие болып қалармын деген үміті де жоқ емес ішінде.

Бірақ әпенді әйелдің әдемі арманы сол арман күйінде қалды. Орындалған жоқ. Өйткені оның бұл ерекше ұсыныс айтылған еркіндеу түсініктемесі бастықтың кабинетінен қайтып шыққан жоқ. Темір сейфтің ішінде тұншығып жатыр ма, әлде қиқаланып жыртылып, қоқыстармен бірге кетті ме, оны ешкім білмейді. Әйтеуір апталық жиналыста бастықтың біздің кейбір қызметкеріміз өз жұмысын оңдырып атқара алмай жүріп, кітапханада қиял патшалығын орнатқысы келеді деп айтып қалғанынан өзге артық-ауыс сыбыс шыққан жоқ. Керек болса, түсініктеме иесін шақырып алып, сөйлесуді де қажет деп таппады. Анажардың оқу залындағы бір қызметкермен орын алмасатынын оның орынбасары хабарлады. «Жеке басты әйел екеніңді ескеріп, сөгіс берген жоқ. Бұл жолы аяды. Бірақ ылғи осылай бола береді екен деп ойлама» деп қосып қойды.

Анажар ләм-мим деп қарсы уәж айтпастан бірден келісімін берді. Бірінші сыныпта оқитын қызым кешкілік жалғызсырайды ғой, жағдайыма қараңыздаршы деп жалынбады. Жалынғанмен көнбес еді. Өйткені мектепте оқитын баласы үшін анасына ешқандай жеңілдік қарастырылмаған.

Енді ол бір күн елмен бірге қайтса, екінші күні оқу залы жабылғанша жұмыс істеп, теледидар сәбилерге «қайырлы түн» айтып, ұйықтауға кеңес берген кезде қайтатын болды. Ол хабарды, әрине, Ақперіште де көреді. Бірақ, бұрынғыдай ұйықтауға жатпастан анасын күтетін болады. «Оқа емес, есейіп қалды ғой, түсінеді» деп өзін өзі жұбатты Анажар. Ақперіште шынымен де түсіністікпен қабылдады анасының, дәлірек айтқанда екеуінің де өміріне қатысты бұл өзгерісті. «Саған қиын болмаса, маған қиын болмайды, апа» деді. Әрине, кеш бойы жападан жалғыз отырған кімге оңай тиеді дейсіз. Тіпті әлі «бесіктен белі шықпаған» балдырған тұрмақ, кейбір ересек адамдардың өзі дүние-әлемді қараңғылық құрсаулаған кезде жалғыз қалуға елегізиді. Осы уақытқа дейін көп балалы отбасында өскен Ақперіште керек болса, алғашқыда екеуі-ақ тұратынына қоңылтақсып жүруші еді. Енді-енді үйреніп келе жатқанда кешкілік тіпті жалғыз қалатын болды. Сонда да шарасыздықтан салы суға кетіп тұрған анасын көрген соң оған дем беру үшін өзі тас түйін болып бекініп айтты. Қызының тап бір ересек адамдай сабырмен берген мына жауабына Анажар толқып кетті. Бірақ есейіп қалғанын көрсетіп тұрған қызының көңілін босатып аламын ба деп қорқып, ренішін де, қуанышын да ішінде жұтып, күнделікті үй тірлігіне кірісіп кетті.

Ал, сирек кітаптар қорын қабылдап алған Дариягүлдің қуанышында шек жоқ еді. Ол келіншек кітапханаға жақында келген. Бұрын кітапханада істемеген көрінеді. Оқыған мамандығы да маңайламайды, әлде экономист, әлде заңгер, тіпті екеуі де. Бірақ, істей алмаймын деп айтпайтын, қайда салса қайтпайтынның нағыз өзі сияқты. Бұл жерде ол әзірге қоғамдық жұмыстармен көбірек айналысып жүр. Жақында кітапханалар да өзін-өзі қаржыландырсын деген қаулы шыққалы бері ол қызметкерлерге би үйретеді. Бұл бастықтың бастамасы екен. Кітапханашылар енді түрлі мәдени-көпшілік шараларды жиі өткізетін болды. Міне, сол кезде олар би билеп, ән де салып, көпшілікті тарта білуі керек. Ол аз десең бұндай шараларға арнайы шақырылған лауазымды, даңқты меймандарға дастархан жайып, құрақ ұшып қызмет көрсету мәдениетін де үйренуі тиіс. «Мен сендерді тәрбиелеп шығарамын әлі» деген бастық. Кітапхана директорлығына үлкен бір лауазымнан сырғып келген басшының жаңа жұмысына енгізген алғашқы жаңалығы осы еді. Соның арқасында кітапхана бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан түспейтін болды. Түрлі ұлттық киімдер киіп, би билеп, ән салып жатқан кітапханашылардың аясында сөз сөйлеп тұрған директордың суреті жиі шығады.

Дариягүлдің би үйірмесіне тартқан алғашқы қызметкердің бірі Анажар болды. Ол қызым жалғызсырайды деп тартыншақтанғанымен бастыққа айтып бәрібір көндіретінін біліп, қарсы бола қойған жоқ. Қайта, бірауық әдемілік әлеміне кіретініне қуанды. Кітаптың жөні бір бөлек те, музыканың жөні бір бөлек қой. Қалың романдардың ішіне кіргенде адам алуан-алуан ағаштар мен гүлдердің сұлулығынан ерекше рахат тауып, саф ауасынан құмарлана жұтып, мың құбылтып сайраған құстарының үндеріне құлағының құрышын қандырып қана қоймай, сол сұлулық әлемін билеп-төстеген жыртқыштардың жан шошытарлық ырылын естіп, қай жерден тап береді деп көңілі алаңдаулы жүретін орманға кіргендей әсер алады. Ал, сазды музыка тыңдағанда жақсы-жаманының қойыртпағы шығып жататын жертірліктен жаның азаттық алып, шырқау көкке қалықтап кеткендей көрінеді емес пе? Мұны сезінбегеніне де көп болыпты Анажардың. Қайта сезінгісі келген. Сондықтан жаны ғана емес, тәні де әуеде қалқи жөнелетін классикалық күйлер кеңістігіне шығып билеу мүмкіндігін құр жібергісі келмеді.

Осылай екі келіншекті музыка, би жақындастырды. Оның үстіне Дариягүл бірер жас кіші болғанымен екеуінің тағдыры ұқсас болып шықты. Ол мұндар мектепте оқып жүргенде-ақ би ансамбілінің жетекшісімен көңіл қосыпты. Дәлірек айтқанда ұстазы жалғыз би үйретудің ғана шебері емес екен, көнбесіне жанын қоймапты. Бірақ, көп ұзамай бұндағы басшыларымен тіл табыса алмай, бәріне қолын сілтеп, басқа қалаға кетіп қалған. Тіпті Дариягүлмен қоштаспаған да. Абырой болғанда сыртынан құмартып, жүрген бір жігіт қыздың бойына бірдеңе бітіп қалғанын біле тұра үйіне кіргізіп алыпты. Бірақ, екеуі некеге тұрмапты. Келісім солай. Біраз бір шаңырақтың астында өмір сүріп көреді. Көңілдері қаламаса, жолдары ашық, бір-біріне кесе көлденең тұрмайды. Іші күннен күнге біліне бастаған Дариягүлдің жігіттің бұл шартына келіспеске еш амалы болмаған. Қазір жігіт мұнайлы өлкеге қоныс аударып, Дариягүлге жатақханадағы жалғыз бөлмесін қалдырып кетіпті. Бірақ, қайтып келсе, қабылдайды. Өйткені бөлменің иесі сол.

Түскі үзілістің өзінде де шаруалары шаш етектен болып апылып-қапылып жүретін күйеулі әйелдерден оңашаланып қалған кездерінде Дариягүлдің ашқан сыры осы. Басқа кімге айтады. Қосағымен қоса ағарып жүргендер бұндай тағдырды түсіне бермейді. Тіпті бұларды қатарларына қосып, бірге жүріп-тұруға сөзге ілініп кетеміз деп қорқатындары да бар. Ондай әр сөздері мен қылығынан сезіктеніп секіріп тұратындардан өздері де аулақ жүруге тырысатын қос мұңлық көбіне түскі үзілісте кітапханаға тиіп тұрған Анажардың үйіне келіп, шай үстінде мұңдасады.

Сол кезде Дариягүл баласын бақшадан уақтылы ала алмайтынын уайымдап отыратын. Бұл кітапхананы жауып шыққанша балабақшаның ұзартылған тобының да мерзімі бітіп, сәбиі қарауылдың қасында көзі жәудіреп отырады екен. Соны көргенде жүрегім езіліп кетеді дейді келіншек. Анажар «жағдайыңды бастыққа айтпайсың ба» дегенде, «ол кісінің ықыласы аумай жүр ғой» деген де қойған. Қорды өткізіп жатқанында осы әңгіменің бәрі есіне түскен Анажар:

– Директордың ықыласы саған қалай ауа қалды? – деп сұрады Дариягүлден.

– Балаң үшін не істемейсің? – деп құшақтай алды ол Анажарды.

Содан соң:

– Кешір, мен тура сенің орныңды алып бере қояды деп ойлаған жоқ едім. Қаласаң, бас тартайын, - деді.

– Көңіліне рахмет. Бірақ, сен болмасаң, басқа біреу келер еді бұл орынға. Мәселе, сенде ғана емес, деп сөзінің аяғын жұтты Анажар. Гәптің шын мәнінде неден болып жатқанын айта алмай іші қыж-қыж қайнады. Бірақ, күресерге дәрмені жоқ. «Директордың жайы маған да мәлім» деп сәл сыбыс шығарсыншы бұл орынға да зар болып қалады. Сондықтан Ақперіштесі есейіп аяғынан тұрғанша іштен тынбасқа амалы жоқ. Әйтеуір жүрегі күніге қырық жараланса да жаны былғанбай келе жатқанына шүкіршілік етеді. Өйткені жайшылықта ешкімді жатырқамай шүйіркелесіп кете алатын болса да, сәл жасудай жасандылық, әлде көлгірлік сезсе болды сол сәтте бойын жиып ала қоятын әдеті бар бұның да. Сөйтіп, өзінің тұнық тереңін, әдемі әлемін ешқандай кіршік жуытпай, көлгірлік кіргізбей, жасандылық жақындатпай табиғи таза күйінде ұстап келеді.

Енді ойлап отырса сол қасиеттің бәрі оған сонау Сандықтауда, Ақтілеу әжесінің қойнында қалыптасыпты. Ақперіштесі де жеті жасына дейін тауда, Еңлікгүл әпкесінің қолында болып, сол тәрбиені көріп өсті. Мына жарық дүние туралы ақпараттың басым бөлігін сәби бес жасына дейін алатыны рас болса, Ақперіштенің адами қасиетінің негізі сол табиғи ортада қалыптасты.

Әрине, баяғы өзі сияқты Ақперіште де қала өмірін аңсап, асығып келді. Тау дегенің әншейін адамдардың аяғы жете бермейтін қалтарыс қуыс, халықтың көбі қалаларда, одан шағын болса да, Қарақыстақтан әлденеше есе зор елді мекендерде тұратынын, тұрмыстың да, қызықтың да көкесі сонда екенін естіп-біліп қалғандықтан да асықты. Оның үстіне балабақша көрмей өскендіктен жаз бойы мұғалім жалдап, мектепке даярлау үшін Анажардың өзі де тауға жол түсе салысымен алдырғанды жөн көрді. Абырой болғанда қызының талабы таудай болып шықты. Бір жағы интернаттан оралған Еңлікгүл әпкесінің балаларынан да көп нәрсені біліп алған ба, әйтеуір қыркүйекте бірінші сыныптың табалдырығын аттағанда балабақшада болған балалардан дайындығы кем соққан жоқ. Келе-келе тіпті Ақперіштенің сыныптағы ертегіні ең көп білетін бала екені байқалды. Ал, мақал-мәтелдерді тура үлкен адамдарша қолданады. Сыныптастарының әртүрлі қылығын мынау жақсы, мынау жаман деп жіктеп, төрелік айтып жүретін де сол. Тура бір баяғының биіндей мақамдап сөйлейді. Ауылының барлық мәселелерін үлкен-кіші, еркек-әйел болып жіктемей бірге отырып талқылап, ақылы асқанының сөзіне тоқтайтын сандықтаулықтардың балалары халықтың заң-дәстүр мектебін қаршадайынан бітіріп қоятындықтан да осылай серке болып шыға келеді.

Әрине, қаптаған техника мен автоматтармен ауызданып өскен қала баласының да білмейтін бәлесі жоқ. Бірақ, олардың трагедиясы сонда, бәрін білгенімен ненің жаман, ненің жақсы екенін білмейді. Өйткені мемлекет заңымен тыйым салынбағанның бәріне рұқсат деп түсінетін әке-шешелерінің өзі оны айырып жатпайды. Керек болса, мемлекет заңын айналып өтіп кететін амал-айлалары да жетіп жатады. Олар әділдік, адалдық туралы айқайлап айтып қойып, өздері тәнін сататындардың қызметін күнделікті пайдаланып, ұрлық ақшаларға тұрғызылған ғибадатханаларда құлшылық жасап жүре береді.

Бұл ортаға Анажардың бойы үйренбей-ақ қойды. Ақперіштенің де бойы үйренбегенін қалайды. Тіпті қатары көбейе түскенін көксейді. Әйтпесе, адамдар қауымы бұдан әрі бүксіп кетуі мүмкін деп жиренеді. Оған жол бермес үшін қанатымен су сепкен қарлығаш көмегімді қалай берсем екен деп ойын он саққа жүгіртеді. Әрі-беріден соң оның елге септігін тигізген, тигізбегенін ешкім керек етіп жатпаса да, әйтеуір, көңілінің қалағанын істегісі келеді. Ал, Анажардың осы жасына дейін көргенінің ішінде көңілінің қалағаны сара бітім Сандықтау тұрғындарының көсем кісілігі. Елдің бәрі сондай болса екен, болмаса да ұқсап бағып, болам деп ұмтылса екен деп тілейді. Сонда олардың өмірі бүксік иістен арылып, тура сандықтаудағыдай жұпар аңқи бастар еді-ау!

Міне, сол жұпар иісті жайсаң қауымнан тәрбие алған тағы бір періште жаратылыс сайтан сайранды әлеміш әлемнің қақ ортасына топ етіп түсе қалды.

Бірақ, бейкүнә жаратылыстың ендігі күйі не болады? Теңізге құйылған бұлақ суындай сор татып шыға келе ме, әлде кенезесі кепкен жолаушының таңдайын жібіткен жаңбыр тамшыларындай бал тати ма? Ол ендігі тәрбиесіне байлынысты. Ақперіште осы уақытқа дейін ауылда қауымның әр мүшесіне әлімсақтан парыздалған ата-әже, аға-жеңге, әпке-жезде, ауыл-аймақ, көрші-қолаң тәрбиесінің бәрін көрді. Ал, бүгінде тәрбиені парыз емес, ақылы қызметке айнылдырып, тендерден кім көрінген ұтып алып айнылыса беретін қалада қызы екеуі ғана бір отбасы. Бірі кем дүниеге не шара, жетпей тұрғаны әке тәрбиесі болса да, сыртынан жартыкеш көрінгенімен өзегіне ешқандай жегіқұрт түспеген іші бүтін отбасы. Ең бастысы отыңның басында тәрбие мықты болса, қалған құқайдың бәрін көріп алуға болады деп сенеді Анажардың патша көңілі. Бекемжан Шынахметұлымен кездескелі бері ішіндегі бұл сенімі бұрынғыдан да күшейіп, өзін бір тура жалғанның жалғыз құтқарушысындай сезінетінді шығарған. Оған себебі де жоқ емес. Сандықтаудан алғаш келгенде оның үй-іші араласқан қалалықтардың барлығы тау-тастың арасынан түлкі қуып жүрген аңшыларды еске түсіретін-ді. Бірақ, інінің маңайынан ұзамай-ақ тамағын тойдырып жүрген жырынды түлкі анда-санда бір қылаң етіп, көңілдің құртын одан сайын жыбырлатқанымен көктен шүйлігер қыранның өзінен бой тасалап үлгеріп, әбден діңкелететін.

Сол қызыл түлкіні қуалаумен келе жатқан Анажардың әке-шешесі де қызының тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмеді. Өздері уақыт таба алмады, білікті тәрбиеші жалдауға қолдары қысқалық етті, әлде құлықтары болмады, әйтеуір қыздарын қолдарынан сусытып алды. Енді олай болмайды. Ақперіште жалғызсырап, көңілі құлазымайды. Қызының қасында қызыл түлкінің жайын жай әншейін жасандылықпен жайбағыстамай, қылаусыз көңілмен шындығын түсіндіретін анасы бар. Сондықтан Ақперіште үйден тұра қашуға тиіс емес, керісінше қайда жүрсе де үйге асығуға тиіс. Енді, міне, кеше ғана құмары қанғанша сөйлескен ғұлама ғалым оған Абай ілімінің кілтін көрсетіп, құлпын ашып, көкірегін күмбірлетіп жіберді. Сол ілім сәби кезінен Сандықтау сіңірген ата-баба тәлімімен тұтасып, бірін-бірі толықтырып, байытып, Анажарға әжептәуір күш-қуат бітірді. Амандық болса Ақперіштесін де осылай жанын нұрландырып, жігерін жанып, болашаққа деген сенімін нығайтып өсіретін болады. Тамыры Ақиқаттың өзінде жатқан бұл ілім қиянаты көп қоғамда онша керексіз болып тұрғандықтан да әр адамның тегінде текке жатқан ізгілік ұрықтарын тербеп оятып, іске қосады. Осылай-осылай әр көңілде күш алған соң бүгінде бар ындыны дүниеге ауып кеткені сонша Жаратқанның емес, тауарлардың құлы болып, соған құлшылық етіп жүрген тоқкенттіктердің әлі-ақ санасы сілкініп, адамша Ар өлшемімен өмір сүретін болады.

Әпенді әйелдің көңілі осылай деп аспандайды. Бірақ қанша аспандаса да бұл арманының орындала қоюы оңай емес екенін де жақсы сезінеді. Мәселен мұғалім кейбір оқушыға неге көбірек көңіл бөледі деген Ақперіштенің сұрағына қалай жауап бермек? Мұғалім әділетсіз, оқушыларды алалайды дей ме? Жоқ, әлде мереке қарсаңында оның ата-анасы мұғалімге қымбатырақ сыйлық ұсынған ғой деп шындықты ашып айта ма? Олай етсе қызы мұғалімін өмір бойы жек көріп кетпей ме? Біздің елімізде қазнаның ақшасын миллиардтап сыйлыққа ала береді. Ал, мұғалім сорлының алғаны оның жанында түк емес деп түсіндіріп көр оған. Өмірі түсінбейді. Өйткені таудан түскен Ақперіште үшін әділетсіздіктің үлкен-кішісі жоқ. Ол өскен ортада ешқандай қылмыстық кодекстерде қарастырылмаған кішкентай әділетсіздіктердің өзімен жабыла күреседі. Керек болса, сол кішкентай әділетсіздікке бастайтын әдепсіздіктерге жол бермей алдын кесіп отырады. Алда-жалда ұшыраса қалған қиянаттың кез-келгені жазаланады. Бірақ, қиянаткерді түрмеге тоғытып, оның жазықсыз ата-анасы мен бала-шағасының өмірін өксітпейді олар. Ата-бабалары шарасыздыққа балаған бұндай жазасыз-ақ тентектерін түзеуге құдайға шүкір сандықтаулықтардың әлеуеті жетеді. Бұл олардың күштерін түрме салуға емес, иманды сақтауға жұмсап, айнымайтын Ар-ұятын құбылмалы қылмыстық кодекске еш айырбастамай келе жатқанының арқасы.

Ал, Ар-ұятын әлдеқашан қылмыстық кодекске айырбастап алған тоқкенттіктер бар тапқан-таянғандарын қару-жарақ соғып, түрме салуға жұмсайды. Өйткені олардың қиянаткерді әу баста-ақ Ар сотына салып, ұятын оятуға сандықтаулықтар сияқты әлеуеті жетпегендіктен оңайына көшіп, әрі жеке пайдасын ойлап түрмеге тоғыта береді. Бірақ, оңай дегені қиынға айналып, пайда дегені шығынға батырып жатса да сандықтаулықтарға шекесінен қарайды. Тіпті оларды дамуы тоқтап қалғандықтан айнала шашылып жатқан көл-көсір байлықты пайдасына асыра білмейтін келте ақыл көреді.

Ал, Анажар болса, сол «жетілмей қалған келте ақылдардың» адами қасиеттерін Тоқкенттің «ұзын ақылдарына» әкеліп еккісі келеді. Тоқкенттіктердің іскерлігіне сандықтаулықтардың адамгершілігі жұғысса, Абай армандаған нағыз кемел адам сол болар еді-ау деп көксейді. Алғашқы ұрық болып өзі егілді Тоқкентке. Жерсінбей, көктей сола жаздағанда Сандықтауына қайта оралып, жан дүниесін тазартып алды. Қазір Құдайға шүкір өз дәнінен жарып шыққан өскіні желкілдеп жетіліп, бой тартып, бұлаң қағып келеді. Әлі-ақ, әні-міне дегенше қауызын ашып, гүл-гүл жайнап шыққанын байқамай да қаласың. Баланың өскені білінбейді деген сол. Бірақ қызының бойжету процесінің нағыз бапкері анасы болғанда ғана тәрбие өзінің оң нәтижесін береді. Міне, сол бапкерлікті «екі дүниені» - Сандықтау мен Тоқкентті тең көрген анасы жасамағанда кім жасайды? Ақперіштесін пенделіктен ада Адам етіп өсіретін бапкер, әрине, өзі болмақ. Сол үшін жүріс-тұрысын жасырмайын деп Ақперіштесіне үнемі өтірік айтып аярлықпен өмір сүргенше «Ар-ұялатын іс қылмай», еш жасандылығы жоқ, шынайылығымен тартатын табиғи тірі жарнама болып өмір сүргісі келеді.

Осыған белін бекем буған келіншек басшысының бұл ауыс-түйісі өзіне де, қызына да қолайсыздық тудырғанын қыңқ деп сыртқа сездірген жоқ. Сол мінезінен бе, әйтеуір, басшы бұдан кейін де жеке басты балалы әйел деп қарамай жұмыс уақытынан тыс атқарылатын қоғамдық жұмыстарға жиі тартатын болды. Мұнысын қызмет бабымен өскісі келетін кадрларға жасалған үлкен мүмкіндік, тіпті жеке басының қамқорлығы деп түсіндіріп, әсіресе, Анажарға қандай тапсырма беру керектігін емеурінімен нұсқап отырды. Қанша әпенді болса да әйел бұған сыр бермеді. Артымнан сөйлемесін деп кез-келген жұмысты тап-тұйнақтай қылып, тиянақты атқаруға тырысып жүрді. Сөйте-сөйте ол бұндай қоғамдық жұмыстардың нағыз маманына айналды. Әсіресе, түрлі кештер мен кездесулердің сценарийлерін біліктілікпен жазды. Одан қала берді, ән сал десе, ән салды, би биле десе, би биледі. Сөз сөйле десе, мәнді етіп сөз сөйледі. Тіпті, әпенділік болмысымен де өзіне өзгелерді тартып тұратын.

Бұл қасиеттерінің бәрі оған қоғамдық жұмыстарды үстемелей түсті. Жұмыстың көптігінен ол енді баяғы өзінің әке-шешесі сияқты қызы ұйықтап қалғанда ғана үйге зорға жететінді шығарды. Бұндай шаралар жексенбі күндері де ұйымдастырылатындықтан Ақперіштемен шүйіркелесуі тіпті азая берді. Бірақ, сол аз уақытта да екеуі сағынысып көрісіп, бір-бірінен үлкен әсер алып, рахатқа бөленіп қалатын. Кештетіп қайда болғанын, не істегенін, кімдермен кездесіп, қандай сұхбат құрғанын қызынан бұрын алдымен Ақперіштенің өзі әңгімелейді. Анасы ағынан жарылғанын сезінген қызы да ішінде қылау қалдырмай ақтарады.

Осылай бір-бірлеріне бүкпесіз есеп беріп алған соң олар естіген-көрген, басынан өткен жақсы-жаманның, күйініш-сүйініштің бәрін өз әлдерінше талқылап, бағасын да береді. Соның арқасында Тоқкент қаласының жарқыраған жарнама өмірінің мән-маңызы Ақперіштенің санасына қаршадайынан шым-шымдап сіңе берді. Ең бастысы анасының кештетіп, жексенбілетіп босқа жүрмейтініне көзі жетті. Бірақ, көрші құрбы-құрдастарының ата-аналары жұмыстан уақтылы келіп шұрқырасып жатқанында неге басқа емес, үнемі жалғыз өзі состиып тұрып қалатынын түсінгісі келмеді. Тіпті, маған серік болатын іні тауып бер деп қыңқылдайтынды шығарды. Ол үшін әке болуы керек деген анасына «әкем қайда» деп алқымға алатын болды. Ақыры бір күні Анажар жесірлік өмірінің себеп-салдарының бәрін қызына жасырмай-жаппай айтып берді. Сонда барып Ақперіштесі өзіне бұрынғыдан да жақындап, әрі қызына, әрі құрбысына айналды. Бірақ, бәрібір бала тәрбиесі, демографиялық ахуал, әлде гендерлік саясат туралы әдебиеттерді насихаттау мақсатында кештер өткізіп жатып, көпті көрген келіншектің секемшіл көңілі еш тыншымай «жалғызым бірдеңеге ұрынып қалмады ма» деп алаңдауын қоймайтын. Біте салысымен құстай ұшып жеткенінде қызының да баяғы өзі сияқты құлазулы көңілімен анасын күтіп отырып көзі ұйқыға кетіп қалғанын сезініп, жүрегі езіліп кететін. Оятуға қимай жөндеп жатқызып, ал өзі жалғыздықтың құшағына еріксіз көмілетін кездері де аз болмайтын.

Жеке басты әйелдің тағдыры шығар, Анажар бұның бәріне көндікті. Бірақ, ол көндікпеген бір шаруа басшы мен екеуінің арасын тағы да шиеленістіріп жіберді. Басшылар енді Дариягүл екеуін түрлі кештерден кейін сыйлы қонақтарды күтісуге қалдыратын болған. Олардың есебі дұрыс. Ән салып, би билеп, құлпырып жүріп қызмет көрсететін қос келіншектің қолынан шай ішкен меймандардың көңіл хошы көтерілмеуі мүмкін емес еді. Тіпті небір «күлмес хан» аталған тексерушілердің өзі күлмең қағып, көмекейлері бүлкілдеп қалатын. Басшыларға да осы – тексерушілердің көмекейінің босағаны керек.

Анажар, қайда болса да Анажар. Бұндай-бұндай отырыста да қонағын құдасындай сыйлайтын халықтың лайықты келіні екенін көрсетіп, бойынан өнерімен бірге өнегесі де есіліп жүріп қызмет етті.

Солай ету менің міндетім деп ұғынды. Сонымен де ол қонақтарын еш қылымсымай-ақ, орынсыз сызылмай-ақ өзіне тартып тұратын. Бұнысын сезбейді емес, сезеді. Бірақ, басқаша істей алмайтын.

Алайда, Анажар келесі бір «міндетін» атқаруға келмей қалды. Әдетте ас-суды өзге қыздар дайындап, ал бұл дастарханның басында меймандардан сәл бұрын ғана келіп, қол қусырып қарсы алып тұратын. Бастық пен мейман кіргенде бұларды ешкім қарсы алмады. «Әлгі қыз қайда жүр, шақырыңдар» деді мейман күткенде қылпықтай кемшілік жіберуді қаламайтын басшы орынбасарына сәл қабағын шытып. Бірақ, Анажар табылмады. Өзге қызметкерлер «жаңа ғана осы жерде жүрген» дегеннен басқа ештеңе айтпай аң-таң болысты. Ал, бастық бұндай бейбастықтан жарылуға шақ қалса да, мейманының көзінше сыр бермеуге тырысып, іштен тынды.

Бұл мейман Пенде болатын. Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы, атақты «Ақ періште» әнінің авторы қызмет баспалдағымен жедел көтеріліп, бұл күнде қалалық әкімшілікке жоғарылаған. Міндеті мәдениет, білім мекемелерінің жұмысын қадағалап, жоғарының тапсырмаларының дер кезінде ойдағыдай орындалуын қамтамасыз ету. Міне, бүгін Тоқкент кітапханасының жұмысымен танысуға келіпті.

Алғашқы әсерді бұзудың қиын болатынын білетін басшы бірінші рет келе жатқан тексерушінің пікірі жақсы қалыптасуы үшін барын салып баққан-ды. Сол жақсы әсердің соңғы шешуші нүктесін Анажар қоюы тиіс болатын. Бірақ, Анажар олай етпеді. Пәленбай жылдан бері қызын бір іздемеген Пенденің алдында пенде болып көрінгісі келмеді. «Ол іздемесе, қызы іздеді ғой» деп лезде қылмың ете қалған ойынан өзі ұялды. Өйткені құжат бойынша Ақперіштенің әкесі Әділет болғандықтан Пендеге «мен сенен бала таптым» деп айтуға хақысы жоқ. Оның отбасындағы заңдасып кеткен жалғыз жалғандық осы еді. Бірақ шындықты өзгеден жасырғанмен өзінен жасыра алмады. Ол шындық құжатты да, ұятты да ысырып тастап, «қызыңа серік болатын іні тауып берудің оңтайлы сәті өзінен өзі келіп тұрған жоқ па» деген ойды көмекейіне кимелеткені сонша төтенше жағдайда дүр ете қалатын санасындағы сақшы түйсігін де тырп еткізбей тастады. Сөйтіп, Ақперіштенің шын әкесіне деген ыза-кегі, өкпе-назы бағана сыртынан көргенде-ақ жым-жылас боп жымып жөнеліп, басқа бір бейбіт сезімге орын берді. Бұл сезім есіл-дертінен айыра қойған жоқ, қайта ойын одан әрі жүгіртіп әкетті. Бүгін Пендемен қайта қауышса, алдымен, әрине, бастығы екі жеп биге шығары анық. Әрі тексерушінің көңілін табады, әрі көптен асаулық көрсетіп жүрген келіншекті ырқынан шықпайтын көңіл жықпас етіп алады. Сөйтіп, Анажар тағдырдың улы-нәрлі, арам-адал қойыртпағының бәрін талғамай жұтып, дүниенің бар қызығын тәні тойынғанына балайтын жұмыр бастылардың қатарына қосылып кете барады. Оның сәл қылау түссе де тітіркеніп қалатын кірпияз жаны бұған үйреніп, ендігәрі шелек-шелек кір құйылса да былғандым-ау деп қиналмайтын күйге жетеді. Тек, бұдан былай кір-қоқыстың ыдысына айналып, айналасына мүңкіп тұрған жағымсыз иісінің өзінен шыққанын білдірмеу үшін үздіксіз иіссу шашып, тірлі-түрлі майлар жағынып қана ел бетіне көрінуге болады. Бірақ, бірте-бірте бұған да еті үйреніп, әбден шеберленіп алған соң ыңғайсыздық сезінудің орнына қайта жасанды жұпарын өзінің төл иісі етіп көрсетудің жарысына түседі өзгелермен. Сөйтіп, табиғи иісінен біржола айырылады.

Санасынан қас қағым сәтте лыпып өткен жарықтан да жүйрік ой шіркін осы жерге келгенде Анажардың өзін шошытып жіберді. «Жоқ, мен ондай болмаймын! Құдай куә, әруақтар қарап тұр!» деп ышқынды тереңінен қопарыла қозғалған жойқын бір күш. Сол сойқан дүлей жаңа ғана қара басып майдай ери жаздаған мәймөңке сезімінің опасыз сақшысын қайта сапына қойып, қатайып алды. Қатайып алған соң «ертең басшы тағы жазалайды-ау, бәлкім жұмыстан да шығарып жіберер» деген қорқынышынан «Пендеге өзім көрініп көлбеңдеуім көргенсіздік болады» деген әдебі басым түсіп, кетті де қалды.

Ол, осылай адам болып қалу үшін әдебін сақтағанымен бастығымен ара-қатынасын одан әрі нашарлатып жіберді. Рас, бастығы Анажарды алдына шақырып алып ұрысып сөзін қор қылған да, бұйрық пен жазбаша сөгіс жариялап сиясын шығындаған да жоқ. Есесіне ешқандай тапсырма бермей, тіпті кітапханаішілік шараларға да қатыстырмай оқшаулап тастады. Анажар әуелгіде бұған таңқалғанымен, аржағында не бар деп әркімнен сумаңдап сұрастырып сұғанақтық көрсетпеді. Өйтуге біртүрлі жүрегі дауаламай босаған уақытын қызына бөліп, қос жарым көңіл қосылып бір-бірлерін бақытты етуге тырысқандарына шүкіршілік етіп жүре берді. Дегенмен бастықтың өзін жайына қалдырғанынан секемденгенімен оның дауыл алдындағы тыныштық екенін сезбей, дәлірек айтқанда сезгісі келмей қорғаншақтап, қызымен екеуінің оңашалығын пана көріп еді.

Сөйтіп жүргенде кітапхана қызметкерлерін аттестациядан өткізетін мерзім келіп, Анажар да ел қатарлы сынақ тапсырды. Бірақ, өзгелер өтіп жатқан сынақтан жұмысты жанын салып істеп, мүлтіксіз орындап жүрген еңбек заңдарының қоянның жымындай көп тармақтарының бірін есіне түсіре алмағаны үшін өтпей қалды. «Құдайға шүкір, біздің Тоқкентте кез-келген адамды соттап жіберуге статья табылады» деп әзілдеп отырушы еді Әділет. Оның қасында жұмыстан шығарып жіберу деген баланың ойыншығы сияқты түк емес екен. Еңбек адамын қорғайтын түрлі-түрлі заң-құжаттар қандай көп болса, оларды есебін тауып шығарып жіберетін жымба жолдары да жеткілікті болып шықты. «Адамнан айла артылмайды» деген осы да. Анажар қызы екеуі өздерінің оңаша әлемін қанша қамал қылып бекініп алғанынан түк шықпады. Ол қамалын бастық сүйменмен ұрып шыңылдатпай, бомбамен жарып гүрсілдетпей-ақ мұз құсатып ерітіп, табанын тірерлік жер қалдырмай, ақыры тірі жесір әйелді тағы да Тоқкенттің толқындары қақпақылдап әкетіп бара жатты. Айнала қанша қарманса да суша сұйылып кеткен сусыма пенделер көңіліне медеу болуға жарамады.

Әрине, алдымен әкесі түсті ойына. Далабайдың туған қызы үшін аянып қалмасы анық. Анажарды жұмыстан шығарайын деп жатқанын естісе, жетіп келеді бастығына. Жай бармайды, кабинет иесінің қыстырулы тұрған костюмінің қалтасына құнды қағаздардың бір бумасын сүңгітіп жібереді. Бастық оны байқамаған болғанымен сол сәттен бастап, шырайы кіріп, әңгімесінің ауаны өзгеріп сала береді. Сөйтіп, арада жүрген көк қағаз бастығын да, әкесін де риза етеді. Олар Анажар да риза деп есептейді. Оның өзіне жасалған бұл жақсылыққа түк қуанбайтынын, қайта бұрынғы жан дертіне ар дерті қосылып, өмір бойы азаптанатынын еш түсінбейді. Тап қазір жан азабын тартқанымен әйтеуір Анажардың жүзі жарық. Ал, оған ар азабы қосылса, жарық дүниеге қарарға беті қалмай, өмір бойы жүзі жабық жүрер еді. Өйткені арына түскен дақ жуып та, жұлып та тастауға көнбейді. Тіпті өзге дүниенің бәрін орнына келтіретін көк қағаз арды қайтып қалпына келтіре алмайды. Әпенді әйел жас та болса бұның бәрін көрген, сезінген, басынан өткізген. Талай адам «немене сен елден ерексің бе, әлде періштесің бе», деп бетіне де басқан. Бірақ жүрегі тартпаған іске бала кезінде қалай бара алмаса, қазір де солай. Сол көңілі құрғыр әке-шешесінің көмегін алмақ түгіл олардың үйлеріне барып, аунап-қунап қайтуға да тарта бермейді. Әйтеуір, сонау, жекешелендірудің бастығын қонаққа шақырған күннен, шындығында одан да ерте басталған бөтенсудің салдарынан тұтылған перде бір сырылмай-ақ қойды. Көз өтіп көре беретін, бірақ көңіл өтіп қосыла алмайтын ерекше перде еді бұл.

Анажар ата-анасын, өзі туған отбасын сағынбайды емес, сағынады. Әсіресе, әкесі, анасы, інісі бәрі жексенбі күндері жарасып отырған шақтарын көбірек есіне алады. Санасында сақталып қалған сол суреттер сағынышқа айналғанда бірауық мауқын басу үшін туып-өскен үйіне барып та тұрады. Ол бүкіл дүниеден теріс айналса да, өзін тапқан ата-анадан біржола ат-құйрығын кесісіп кетуді де күнә деп есептейді. Сондықтан «немеремізді әкеліп тұр» деген олардың өтінішін де жерге тастаған емес. Кейде аяғы тартпай тұрса да тілегін орындайды. Бұл күнде тыныштықты көбірек күйттей бастаған ата-анасы у-шудан шалғай шаһар сыртынан келісті жай салып, соған көшіп алған. Жылына бірнеше рет шетелдерде демалып келуге де уақыт тауып жүр. Сөздің қысқасы олар отбасына да, жеке бастарына да керектің бәріне қол жеткізген. Бірақ соншама дүние-байлықтың ортасында тәбеті тартқан тамақты талғап ішіп, көңілі құмартқан қызықты таңдап көріп қанша рахатқа бөлендік десе де олардың қу жандарына бірдеңе жетіспей мазасыз күй кешетінін Анажар анық көріп жүр. Сол жетіспейтін бірдеңе бір кезде өздері қадірін білмеген балалы үйдің жыбырлап жүріп, былдырлап сөйлеп, сыңғырлап күліп, тіпті бақырып жылап алатын дабыр-дұбыры екенін әке-шешесі де кеш те болса түсінді. Сондықтан да немерелерін көргенде қуаныштарында шек болмайды. Ақперіштенің асты-үстіне түсіп өбектеп, күлкісін, апыл-тапыл жүрісін, жаңа шыққан тілін қызықтап, ал мектепке барғалы бері оның оқудағы құйтақандай табысын да мақтаныш етіп бір жасап қалады.

Бірақ, бұндай шуақты шақтың үздіксіз жалғаса беруі мүмкін емес. Бала-шағасын айналып-толғанып отыра беруді тірі адамның тіршілігі еш көтермейді. Бірінен соң бірі кимелеп келіп, кісінің көңілін бәрібір өзіне аударып алады. Далабай мен Таугүл де Ақперіштені қызықтағанымен Анажардың жайын ойлайды. Ойлаған сайын сыртқа шығармай тағы отыра алмайды. «Адам бол, ел сияқты тірлік ет» деп сан рет жандары ашып айтқан бұл ақылдарынан Анажар да кірпідей жиырылуын бір қоймайды. Соның салдарынан үй ішін салқындық басады. Әңгіме созылған сайын сол салқындық аязға ұласады да, әрқайсының көкіректерінде нәрестенің шуағы да жылыта алмайтын мұз қатып, араларында бір-бірлерін өлімге қимаса да, өз сенімдерінің жолында өліп кетуге даяр, бірақ мәмілеге жоқ, бітіспейтін, беріспейтін майдан басталып кетеді. Ел аман, жұрт тыныш, тоқшылық заманда бір толастамайтын бұл майданнан екі жағы да қарға адым шегінбей тарқасады. Сәл шегінсе ғой, Анажар «ағыл-тегіл» байлықтың иесі болғалы тұр. Ал, сол «ағыл-тегіл» байлықты перзенттері үшін жиған Далабай мен Таугүлдің басына бақыт құсы қонғалы тұр.

Бірақ, өкінішке орай олай болмайды. Өзін әке-шешесі түсінбегеніне қамығып Анажар кетеді. Қыздарына айтқан тілдерін алдыра алмай көкіректері қарс айырылып, әке-шешесі қалады. Сөйтіп қан жақындығына қарамастан олардың араларын жан қайшылығы одан әрмен ажыратып жібереді.

Сотқа шағымданғанмен де түк шықпайды. Өйткені бұрын да әлденеше рет еңбек тәртібін бұзып жазаланғанын ұжымның жалпы жиналысы қол көтеріп, мекеме басшысынан бастап барлық қоғамдық ұйым жетекшілері қол қойып куәландырғандықтан сот та Анажардың айтқанына емес, мөрленген қағазға сенеді. Ал, сол қағазды қалағанынша жаздыратын да, бұзатын да басшының көзге көрінбей алыстан әсер ететін тылсым күші екенін сотқа ешкім дәлелдеп бере алмайды. Есесіне бұл күштің құдіретін білетін Дариягүл «басшыдан дұрыстап кешірім сұрасаң, қағаз қайта жазылып, жұмысың да қалпына келеді» деп құрбысына айтудай-ақ айтты. Оған көнсе Анажар бола ма. «Не үшін кешірім сұрамақпын? Жұмысты жүрегіммен істегенім үшін бе? Әлде, қызмет этикасын аттамағаным үшін бе? Керек болса, бастықтың өзі кешірім сұрасын менен» деп қасарысып отырып алды. «Орынсыз қисаймасаңшы, ол мүмкін емес қой деген Дариягүлді «құдайдың жөнімен жүру қалай мүмкін болмайды?» деп алқымға алды. «Әрине, Құдайдың жөнімен жүрген жөн» деп қоштамасқа амалы қалмады Дариягүлдің. Бірақ артынша «дегенмен саған керегі жұмысыңда қалып, қызыңды алаңсыз тәрбиелеу емес пе» деп ескертуді де парыз санады. Бірақ, аспандаған Анажар жерге түспей-ақ қойды. «Ардан аттаған ата-ананың тәрбиесі адал болмайды» деп Дариягүлдің үш ұйықтаса түсіне кірмеген пәлсафаларды соғып кетті. Оған әбден күйінген Дариягүл «ендеше қызыңа арыңды езіп ішкізіп асыра» деді де кетіп қалды.

Содан бері Анажардың жұмыссыз күндері басталды. Өзге кітапханаларды жағалағаннан түк шықпады. Қызметкерлері толық екен. Ал, басқа мекемелерге мамандығы келмеді. Сөйтіп, Тоқкент адамның санасына сәуле түсірумен айналысатын маманды керек қылмады. Ал, жұмыссызға төленетін жәрдемақы коммуналдық қызмет пен қызы қатысатын қосымша оқулар мен үйірмелердің ақысын өтеуден артылмады. Айнала тоқшылық өмір, әке-шешесі ауқатты болса да, жанына үнемі бірдеңе жетпей жүретін Анажардың енді қарнына да бірдеңе жетпей қинайтын болды.

Дегенмен «өлмегенге өлі балық жолығады» деген рас екен. «Бүгін қызыма не тамақ тауып беремін?» деп сандалып келе жатып ол Досжанды кезіктірді. Көше музыканты болып алыпты. Жүргінші жолды жер астымен кесіп өтетін өткелдің жиегінде қобызын құйқылжытып отыр. Табысы да жаман емес сияқты. Алдындағы қағаз қорапша тез-ақ қалыңдап барады. Жігіт қобызын сарнатқан сайын ішіндегі өліп жатқан иттері тіріліп үріп шыға келгенде, ән салып, жер тепкілеп би билегісі келіп кетті.

«Еңбектің бұдан артық адалы, жанның бұдан артық еркіндігі бола ма жер бетінде? Мен де Досжан сияқты осылай еркін өмір сүрейін» деген ой да келді сол арада. Шүйіркелесіп сөйлесіп, жағдай біліскен соң бұл ниетін жігітке айтты да. Бірақ кәнігі көше музыканты ұсынысын құптамай, «бұл мүмкін емес» деп басын шайқады. «Қалайша, мүмкін емес?» деп таңқалды әйел.

– «Сені менің қасымда бір күн де қалдырмайды. Алып кетеді».

– «Кім алып кетеді?»

– Көше бизнесінің де басшылары, салықшылары бар. Солар алып кетеді.

– Қайда апарады?

– Түнгі бизнеске салады.

– Әйелдердің түнгі бизнесі жайлы Анажар Тоқкенттің толып жатқан газеттері мен электронды ақпарат құралдарынан қанша оқымайын, көрмейін десе де еріксіз көзі шалып, құлағы естіп қалатын. Досжанның мына жауабынан енді өзі де сол кәсіптің шетіне тақап келгенін естігенде жаны жиіркеніп, денесі тітіркеніп кетті. «Мен көнбесем не істей алады? Тәртіп сақшылары қайда?» деп шамырқанбады да. Өйткені құдіреті күшті билік иелері «тәртіп сақтаңдар» деп айқайлағанымен көлеңкелі бизнестен де өз үлестерін көрсетпей алып жататынын мектеп бітірмей жатып-ақ сезінген әпенді әйелдің жаңа ғана қамау өмірдің қапасынан шығар жол таптым деп мәз болған көңілі су сепкендей басылып, бұл өмірдің қорқынышы бұрынғыдан да арта түсті.

Әйелдің түріндегі үрейді көрген Досжан «қорықпа, жұмыс тауып алғаныңша көмектесіп тұрамын. Менің табысым бір отбасын асырауға молынан жетеді» деп жұбатты. Күнделікті қу тамақ деген қиын екен, әке-шешеден ерте ажырап өзі әлі бас құрамаған жігіттің бұл мәрттігіне әпенді әйелдің іші әжептеуір жылып қалды. Тіпті Досжан «бір отбасы» дегенде нені меңзеді деп те ойланды.

Бірақ бірі кем дүниені қойсайшы. Көше кезген қос мұңлықтың жандүниесі музыкамен қатар қалықтап аспанда жарасқанымен жерге түскен соң тайғанақтап тоғыса алмады. «Мен сенің құлың болып өтейінді» аузымен айтпаса да, қобызымен, көзімен, қимылымен, ықылас-ниетімен айқайлап тұрған осынау жігітті өзіне жақындатуға Анажарды әйтеуір бір нәрсе тежеп тұрды. Мектепте жүргенде-ақ оның сәл салпиыңқыраған аузы ұнамады. «Ақ періште» әніне ғашық болған соң тіпті адам ғұрлы көрмеді. Сөйтсе, Досжан адам екен, адам болғанда да пенделіктен ада нағызы екен. «Менің табысым екеумізге де жетеді» деп ағынан жарылып отыр. Анажар оның қамқор құшағына құшағын ашса қарны да, жаны да жұбаныш табатын түрі бар. Оның үстіне мынау моп-момақан періште жігітті де бақытты етер еді. Бірақ, патша көңілінің мұнымен жай таппайтынын да сезеді Анажар. Қарыны қанағатшыл болса да, рухани қанағатсыздығы одан да зор бірдеңкені кірпияздықпен іздетеді. Бір қызығы өктемдігі жоқ жігіттің өзіне тым «жайылып жастық, иіліп төсек» болып жүрген тегеурінсіздігі ұнамайды. Содан соң белгілі күйлерді қанша құбылтып тартқанымен өз жанынан әуен шығарып кете алмайтын шектеулілігін қоңылтақси ма, әйтеуір соның бәрі себеп болып жігіттің салпиған аузына көзі үйренбей-ақ қойды.

Бірақ, оның созған көмек қолын қайтармады. Қайта көше музыкантының адал табысы бойына жақсы жұғып, өзін жеңіл сезініп жүрді. Аш кезде жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейтіні рас екен. Жігіттің жақсылығына орай жақсылық жасау керек екенін ешуақытта есінен шығарған емес. Одан бері қаншама жылдар өтіп, қайда, қандай жұмыс істесе де, әйтеуір, Досжанды іздеп тауып барымен бөлісті. Ал, өзі тарыққанда Досжан да аузындағысынан талай рет жырып берді. Тоқкентте тоқшылық қой. Бірақ ақшадан арамдық жұғып кетеді деп сырын білмейтін байлыққа күдікпен қарайтын Анажар үйде үнем болмай қалғанда Ақперіштені тек Досжанның қобыз күйінен түскен тиынға ғана тамақтандыратын.

Сөйтіп, қаншама қиындық көрсе де Ақперіштесін арда еміп өскен арғымақтай тек адал тамақпен өсіріп келе жатқанын өзінің бақыты санайтын. Сол бақыты үшін көше сыпыру керек болса, көше сыпырды. Үй тазалау керек болса, үй тазалады. Әсіресе, бала күтушілік жұмысты асқан ықыласпен орындады. Әйтеуір Ақперіштесін адал еңбегімен асырады. Ал, осының бәрін көріп өскен қыз анасының ауыртпалығын ертерек жеңілдетпек болып, 9-сыныптан соң бастауыш мектептердің мұғалімдерін даярлайтын колледжге түсіп бітіріп алды.

Колледждің дипломын алып келгендегі Ақперіштенің қуанғаны әлі көз алдында Анажардың. Байғұс қыз, енді жұмысқа тұра қалатындай, содан соң анасы екеуінің өмірі жеңілдеп сала беретіндей желпілдеді. «Қандай қиындықты болса да жеңемін» деп құлшынды. «Өйткені мен саған тартқанмын» деп анасын да көтермелеп қойды. Ал, анасы болса, қуана отырып, қызының енді болмыспен бетпе-бет келетінін ойлап қобалжыды. Неге қобалжымасын? Қызы да қаршадайынан анасының көргенін көріп келеді. Ал, Анажар болса «молданың істегенін істеме, айтқанын істе» дегендей емес, «анаңның істегенін де істе, айтқанын да істе» дейтіндей үлгі болуға тырысты.

Енді, міне, сол тырысқанынан не шыққаны сыналар шақ та келді. Бұрын отбасы мен мектебінен өзгені көрмеген Ақперіште үлкен өмірге қанат қағады. Ұшқанда, ұясында қаншалықты білім-тәлім алды, соларды өзгелермен бөлісу үшін ұшады. Нұр шашу деген сол. Нұр шашатын Жаратушының да, халқының да, қоғамының да ең жақсы тәлімдерін бойына мол сіңірген адамдар. Олардың нұры шебер болса, жасаған бұйымымен, аспаз болса, дайындаған тағамымен, ұстаз болса, үйреткен сабағымен беріледі. Ақперіште де қоғамбұзарлар мен қоғамтүзерлердің ара салмағын соңғысының пайдасына шешіп, өмірдің алтын жүлгесіне айналуы тиіс.

Бірақ, ниетің он жерден түзу болғанымен қауымға кірігу оңай еместігін, есігінің алдындағы қарауылына дейін «елге қызмет еткің келе ме, мархабат, тек ол үшін алдымен менің көңілімді тап» дейтінін, оның көңілін тапқаннан кейін барып қоғамға адал қызмет ету керектігі туралы уағыз айтуға мүмкіндік беретін мінбеге көтерілуге болатынын Анажар жақсы білді. Білгенімен бұл жолды қызына нұсқай алмайды. Нұсқаса, өз періштесін өзі жолдан тайдырғаны. Дегенмен біржола үміт үзуге де болмайды. Кездесті ғой Әділетке де, өзіне де жұмысқа алып, жолдарын ашқан мейірімді жандар. Анажардың әпенделік түсінігінде ондай жандар қоғам байыған сайын көбейе түсуі керек еді. Өкінішке орай олай болмай тұр. Жұмыр бастылардың бар болған сайын пейілдері тарылып барады. Ал, пейіл тарылды дегенше пиғыл бұзылды дей бер. Бұзылған пиғылды төңкерістер мен соғыстар да тоқтата алмайды, дәлірек айтқанда бұзылған пиғыл ертегідегі жанын өз денесінен басқа жаққа жасырып қойған жағымсыз батыр сияқты қанша қылыштасаң да өлмейді. Өйткені адамның санасына қылышпен төңкеріс жасау мүмкін емес. Ал, есігінің алдындағы қарауылынан бастап бәрінің көңілін тауып барып орынтаққа отырып, адам пиғылын өзгертемін деу өзі отырған бұтақты өзі кесіп жатқанын сезбейтін көрсоқырлық. Бірақ, Жаратқанның жанарынан, халықтың назарынан ештеңе тыс қалмайды. Қарауылдың көңілін тауып көтерілген мінбеден қанша құйқылжытып сайраса да «құйрығының бір-ақ тұтам» екенін көріп отырған халық оның уағызын шынайы қабылдамайды. Шынайы қабылдамаған соң санасы селт етпейді.

Сонда жер бетіне қайтып Жаратқанның елшісі келмейтіні рас болса, пенделерінің санасын кім селт еткізбек? Жалған дүниеде өзге саналы жаратылыс жоқ болғандықтан, әрине, жұмырбастылардың өздеріне сын бұл. Сол сыннан пенделер қауымын, бір Жаратқанға сиынып, тек адамнан туған Ақперіштелер ғана алып шығады. Анажар осылай ойлайды. Осылай ойлайды да өмір керуенінің шұбырындысына енді қосылған қызына ақ жол тілейді.

Ақперіште талай мектеп директорының алдын адақтап шықты. Бірі орын толық, екіншісі тәжірибең жоқ деді. Ал, үшіншісі ертең кел, бүрсігүні кел деп түлкі бұлғаңға салды. Бәрінен күдерін үзген қыз бұл кезде Тоқкенттің білім-ғылымын билеп тұрған Пенденің өзіне кірмек болып шешті. Құдай сорлатқанда анасы оған қарсы болған жоқ. Не де болса көрсін, көңілі біржола қайтып шығар, не болмаса кім біледі, өзінің туған қызы екенін әлдеқандай бір түйсікпен сезініп, жұмысқа орналастырып жіберер деген іштей үміті де жоқ емес-ті. Бірақ, бұл екі ойы да далада қалып, үш ұйықтаса түсіне кірмейтін жағдай болды. Ақперіште Пенденің 9-қабаттағы келушілерді қабылдайтын кабинетінің балконынан құлап өлді. Тергеушілердің қорытындысы бойынша қасында ешкім болмаған, ешқандай қылмыстың құрамы жоқ оқиға. Ақпарат құралдары да сондай мәлімет таратты. Сонысымен қоймай бүгінгі жастардың шыңқ етпестігі, қит етсе болды қиындықпен күресудің орнына өзіне-өзі қол салатындығы туралы мақалаларды қаптатты. Тіпті бірі Ақперіштені пейішке баруға асыққан діндар фанат деп те атады. Бұл Тоқкент тұрғындарының ар-ұятына айналған Желтоқсан қаһарманының, атақты «Ақ періште» әні авторының беделіне нұқсан келтіру ниетімен әдейі ұйымдастырылған акт деп жазғандар да болды. «Олай болуы мүмкін емес» деп Анажардың шырылдағанына ешкім құлақ асқан жоқ.

Қызын қаланың қақ ортасында кісікиік етіп тәрбиелеген деп өзін айыптады. Ал, бірақ, Пенденің кабинетінде не болып, не қойғанын көрмесе де Анажардың көкірегінде сайрап тұрды. Қаланың бас ұстазы аса жылы жүзбен қарсы алды, әрине, Ақперіштені. Тіпті, орнынан тұрып алдынан шықты. Содан соң көлденең үстелдің бір басындағы орындыққа отырғызып, өзі қарама-қарсы жайғасып, қамқор үнмен аты-жөнін сұрады.

Кабинет иесі қыздың есіміне қатты танданыс білдірді. Содан соң «Ақперіште» әнін ыңылдап айтты. Бұл атақты әнді автордың өз аузынан естіген қыздың да есі ауып қалды. Кабинет иесі демалыс бөлмесіне кіріп, пианиносымен сүйемелдеп айта бастағанда соңынан ілесе кірді. Аржағы...

Аржағы туралы Анажар қатты қателескен екен. Алдына елпілдеп кірген періште жаратылыс өзінің туған қызы екенін түйсінетін адами сезім қалмапты Пендеде. Онда қызыл көрсе бүре түсетін аш бүркіттің қомағай құмарлығы ғана қалыпты. Пендені құмарлық жеңді. Бірақ, Ақперіштені жеңе алмады. Қыз қатты қарсылық көрсетіп, алғашқы әрекетін тойтарды оның. Бірақ, соңынан бұрынғыдан да сойқан құмарлықпен ұмтылған кабинет иесінің түп-түгел тұмшаулы мекенінен қашып шығатын басқа жол жоқ болғандықтан тоғызыншы қабаттың терезесінен секіріп кетті.

Өмірді өзгертемін деп өзін рухани күреске даярлап жүрген жанның өзіне-өзі қол салуының одан өзге себебі болуы мүмкін емес. Бірақ, оны Анажар кімге барып дәлелдей алады? Ешкімге, ешуақытта дәлелдей алмайды. Бүкіл Тоқкент білім мен тәрбие беру табыстарына тамсанып отырған жанның бет пердесін сыпырып әшкерелеймін деп әрекеттенсе, әпенді әйелдің мінезін онсыз да біртүрлі көретіндер жындыханаға апарып тыға салудан да тайынбайды.

Өйткені бір кездегі «Ақ періште» әні авторының бұл күнде ар-ұяттан әбден жұрдай болғанына жұртшылықты да, ресми орындарды да сендіру мүмкін емес. Анажар қанша қисынды дәлелдер келтірсе де, одан да қисынды, керек болса құзырлы құжаттар қорғайды бас ұстаздың абырой-атағын. Демек, әпенді әйел Пенденің ар-ұят орнына перде етіп тұтынған мөрлі сауытын бұзып-жармақ түгілі сызат та түсіре алмайды. Өзіне жүзбе-жүз жолығып, істеген ісіне опындырып көрсем деп оқталды әлденеше рет. Бірақ, ойлана келе одан да түк шықпайтынына көзін жеткізді. Біріншіден, мұндай-мұндайдың талайын көрген шенді өз күнәсін еш уақытта мойындамайды. Екіншіден, шын менің қызым болса, осы уақытқа дейін қайда жүрсің, әкесінің кім екенін жасырып оны күйзелтпесең, бұл жағдай болмас еді ғой, деп қайта өзін айыптайды. Сөйтіп, оған өкінішіне өкініш, қайғысына қайғы қосып қайтарады алдынан. Сонда не істемек керек?

Әлеумет айыптамайтын, өзі ар азабын тартпайтын Пендеге не амал бар? «Сөз өтпесе, оқ өтеді» деген ой қылт ете қалды әйелдің санасында сансырап жүрген кездерінің бірінде. Бұл пиғылын сол кезде-ақ тұншықтырып тастау керек екенін түсінсе де, сайтанның сапалағындай шошаңдап көкейінен бір кетпей қойды. Тіпті, қайғысы кек болып қатайған сайын бұл пиғылы санасынан шашылып, тұла бойын билей бастады. «Жан алғышты кезеніп, шырқыраған шыбын жанын мұрнының ұшына келтіріп тұрып, көзіндегі үрейді көруім керек, оның өлер алдындағы сөзін естуім керек» деп бекінді кекті әйел. Бекінді де әкесінің жұмыс үстелінің тартпасындағы пистолетін оқтарымен қоса сұраусыз алып кетті. Ол қаруды қалай оқтауды, көздеуді, шүріппесін басуды мектептегі әскери сабақта тәп-тәуір меңгерген болатын. Сондықтан да ашулы ашынған күйінде қалай тітіркенбей ұстаса, тірі нысанасын да солай тітіркенбей жайратамын деп ойлады. Енді тек Пендемен кездесу ғана қалды. Бірақ, бұл қару тапқаннан да қиын шаруа болып шықты. Қабылдауына тексеріп кіргізетіндіктен ойлаған ойын жұмыс орнында жүзеге асыру мүмкін емес екен. Ал, қаланың «көкжасыл кілем» аталып кеткен ең бір желекті аймағындағы жеке меншік үйінің қоршауы үш метрден асатындығын, әрі оның ар жағында тағы бір темір тор бар екендігін және бұл екеуінің ортасында арыстандай екі ит ары-бері аласұрып жүретіндігін Анажар бас ұстаздың қонақтарына мәдени қызмет көрсетуге барған Дариягүлден естіген-ді. Демек, бұндай қамал-үйге жалғыз әйел түгіл анша-мұнша әскер де басып кіре алмайды. Көлікті қызметкер көшеде бейсауыт жүре де бермейді. Сөйтіп, бұл шаруаның ыңғайын таба алмай жүргенінде құрбан айт мерекесі де келіп қалды. Бұл күні қала басшыларының бәрі мешітке міндетті түрде келетінін білетін Анажар ойын жүзеге асыруға ең ыңғайлы жер осы – құлшылық орны деп білді. Ең бастысы мұнда ешкімді тексеріп кіргізбейді. Содан соң бар есіл-дерті Жаратқанға жалбарынуға ауған жандар басқаның не істеп, не қойып жатқанын көп назарға ілмейді.

Күнаһар Пенде айт намазға жалғыз келмей, әйелін, ұлын, қызын ертіп келіп, барлығы да намазға жығылды. «Ақ періште» әнімен бүкіл жастардың жүрегіне жол тапқан бас ұстаздың қауымына осылай отбасылық имандылықтың үлгісін көрсетуі кеше ғана құдайсыз қоғамды басынан өткерген Тоқкент үшін ғажайып құбылыс еді. Солай екен, күнәға бату күнделікті міндетіне айналып кеткен Пенде Құдайға құлшылық етуді де қаза қылмайды екен.

Бұл жерде оның өзге мүміндерден еш айырмасы жоқ еді. Бәрі де бастарын сәждеге қойған Құдайдың құлы. Әдейі балконға көтеріліп, бұның бәрін назарында ұстаған Анажарға моп-момақан монтаны түрге еніп, Жаратқанға жалбарынып жатқан Пендеге от қарудың оқпанын кезенбек түгіл, оған Құдай үйінде өлім тілеудің өзі күнә болып көрінді.

Ал, келе-келе имамның әуезді үнімен, мүміндердің иманды жүзімен өзінің жан дүниесі жарасым тауып, бұнда келген негізгі шаруасын ұмытып, өзі де құдайға бар ынта-шынтасымен құлшылық етіп кетті...

Ол, күйеуінің қылмысының игілігі арқасында жүзіндегі өмір табын небір нәзік бояулармен жасырып, жас көрініп жүрген мына әйелдің, өздерінің болашағының қалай қалыптасып жатқанына әлі ой бойлатпаған оның ұлы мен қызының көкірек көздерін аша гөр, ал олардың әкесінің пиғылын түзей көр деп тіледі. Ал, намаз мерзімі біткен соң мешітке Пендені өлтіремін деп кіріп, өзінің керісінше оған өмір тілеп шыққанына қайран қалды. Пенде бұл жерде де отырғызып кетіпті Анажарды. Мына құлшылық үйінде дүйім жұрттың ортасында қойнына пистолет жасырған әпенді әйелдің емес, сырт тұрпаты иманды көрінген Пенденің мысы басып тұрыпты.

Неге барлық жағдайда Анажар жеңіліс тауып, Пенде жеңіске жете береді? Неге? Неге? Ол бұл сұрақтарға жауап таба алмай қиналды. Жаны жұбаныш таба алмай жылады. Тоқкенттің аласапыран адам толқынында қайтадан қармайтын тал тұрмақ сабанның селкеу сояуы саусағына ілікпей шарасыз күйге түсті. Су болып тасып, от болып өртеніп, молшылықтан мастығып, жоқшылықтан аштығып, күштісі басқа ұрып, әлсізі бастығып, асауы тулап, ұлар боп шулап, шөлдей қурап, усойқыдай улап, ал есі кіріп-шығып, басынан іріп-шіріп жатқан бұл былық дүниенің жөнін де, жүйесін де түсінбей дал болды. Бұрын Ақперіштесі жансерік еді, енді одан айырылып тұл қалды. Бұрын бұл жалғанды жатырқағанымен әйтеуір бір перзентімін ғой деп көңіліне медеу тұтушы еді, енді тастандысы екеніне көзі жетті. Онсыз да жандүниесін жұртта қалған жетім баладай жылатып жүрген өгей дүниенің бел балалары тіпті Құдай үйінің де төрін бермейтініне көзі жеткенде тура молаға қарай тұра жүгіргісі келді. Сол ой санасын сансыратып әкеліп, былық өмірдің бел балаларының көзіне күйік болып жүргенше қабіршілер қазып қойған дайын көрдің біріне кіріп жата кетуге анық бекіндірді. Бірақ, дертті жаны дедектетіп әкелген жері қабірхана емес, Бекемжан Шынахметұлының үйі болып шықты. Оған онша өкінбей қоңырауын қақты. Ғалым аржағынан көрінсе кеудесіне құлай кетіп, өксіп-өксіп жылап, титтей де тірек таба алмай құрдымға кетіп бара жатқан жанына сауға сұрағысы келді.

Бірақ, есікті ғалымның өзі емес, әйелі ашып, ол кісінің басқа қалаға кетіп қалғанын айтты.

– Мені жұмысқа аламын деп еді, - деді бұған қатты қиналып қалған Анажар. Егде әйел мырс етіп күліп жіберді. «Оның өзі жұмыс іздеп жүр» деді содан соң.

– Қалай, сонда Абайтану орталығын аша алмағаны ма?

– Бұрынғы уәде берген басшы ауысып кетіп, кейінгісі қаржы тауып бермей, қайтадан қайырымды әкім іздеп қала-қаланы кезіп жүр.

Мына жауаптан соң Анажар да көше-көшені кезіп кете барды. Сол жүргеннен жүріп отырып жеткен жері Ақперіштесінің қабірі екен. Жалғызсыраған жанын сүйретілген кеудесі сонда алып келіпті.

Сол күннен бастап әйел Ақперіштесінің қабірінің қасынан еш кеткісі келмеді. Кетем десе де арқандаулы аттай айналсоқтап қайта орала берді. Өйткені оның бұл дүниелік зарын о дүниелік Ақперіштеден басқа тыңдайтын енді ешкім жоқ-ты.

«Сен маған, мен саған» деп қолма-қол есепке құрылмаған әңгіменің бәрін бос сөз санайтын бұл дүниенің пенделері оған алтын уақытын қиюды артық көрді. Сөйте-сөйте ол шынында да жертірліктердің зырлаған зымыраны тұрмақ аяңдаған арбасының өзіне сиыса алмаған артық адам болып қалды.

Сондықтан да ол өзін қабірханада ғана жайлы сезінді. Өлілер тірілер сияқты түрткілемейді. Тауыңды шағып, талабыңды қайтармайды. Ешқашан сатпайды. Солай екен. О дүниеліктің жақындығынан артық жақындық жоқ екен. Анажарға Ақперіште тіпті тірі кезіндегіден де жақын болып кетті. Ол қызымен осылай күнде қауышып, жертірлікте тартқан бар тауқыметін шағатын болды. Бұндағылар түсінбегенді қызы түсінді. Сондықтан да олар сияқты сөзін бөліп, қолын сілтемеді. Бірақ қанша шығарса да шері еш тарқамаған Анажар Ақперіште де маған тіл қатса екен деп тіледі. Екеуміз екі дүниеде болсақ та бәрі Құдайдың қолында ғой деп ойлады.

Сол кезде шынында да құлағына «мен сенің қасыңдамын» деген сыбыр естілді. «Ақперіште!» деп жүрегі жарыла қуанды ана. Бірақ, артынша «жоқ, бұл Ақперіштенің даусы емес, бұл ақсайтан» деген ой сап ете қалды. «Мені сайтан иектейін деген екен». «Жоқ, мен сайтан емеспін, Ақперіштемін» деді бұның ойын оқып қойған тылсым дүниелік. «Ақперіште болсаң бір көрінші» деп қиылды анасы. Жаратқанның құдіреті шексіз дегені рас екен, ол есік пен төрдей жерде тұрған өз қызын көрді. Бірақ, одан әрі жақындамады. Тіл де қатқан жоқ. Қамығулы сияқты қабағын да ашпады. Мұны көргенде өз қайғысының қайда кетіп қалғанын да білмей қызын жұбатпаққа жанұшыра ұмтылған ана ауа қармап қалды. Елес? Галлюцинация? Сайтан? Әруақ? Солардың қайсысы екенін білуге дәрменсіз Анажар о дүние мен бұ дүниенің арасындағы пердені парша-паршасын шығарып жыртып, жетіп барғысы келді қызының қасына. Бұл жалғанда құр елес қуып жүргенше солай еткенді жөн көрді. Бірақ, ол үшін не істеу керек екеніне есеп беріп жатпай қабірхананың ішін кезіп құр аласұрды. Сөйтіп жүріп қолына әлдебіреу әлдеқалай қалдырып кеткен күрек ілікті. Сол күрекпен Ақперіштесінің қабірінің қасынан өз көрін өзі қаза бастағанын әуелгіде сезген жоқ. Сезген соң «шешінген судан тайынбас» деп өкінген жоқ.

* * *

Ол Сандықтауым екен деп ойлаған. Тек шың-құздарында шілденің өзінде сөгілмей жататын кіреуке қар да, сірескен мұз да жоқ. Бәрі көкпеңбек. Қарадан қарап қара тастарға ұрынып жататын Меркі өзені де ақиланып, аспанға шапшымайды, жеңіл ғана желпініспен құлдилаған сайын күліп ағады. Екі жағалауына жайыла өскен алма ағаштарының әбден пісіп-жетілген жемістері үзіп жеп жатқан ешкім жоқ болғандықтан тұтасып тұр. «Обал-ай» деп ойлады іштей. «Босқа түсіп, іріп-шіріп рәсуа болады-ау енді». Біреуін үзіп, дәмін татқысы келді. Қолын соза бергені сол еді, «алма» деген дауыс естілді. Бөтеннің емес, Ақперіштесінің даусы болса да, әмірлі шыққан соң Анажар әжептәуір сескеніп, қолын қайтып тартып алды. Солай состиып тұрғанында бақтың арасынан қызының өзі шықты. Бұрынғыша есік пен төрдей жерге келіп тоқтады да «бұл сен тататын дәм емес» деді сол әмірлі үнімен. «Сенің ол жақтағы дәмің әлі таусылған жоқ». Солай деді де анасынан теріс айналып, қар-мұзы жоқ көгілдір тауларға қарай өрлеп кетті. Артынан ұмтылмақ болған Анажардың көңілін кенет сайрай жөнелген құстардың үні алдандырып қалып қойды.

Бақ іші тола құс екен. Құс болғанда шетінен әнші. Анажар Сандықтауда киіз үйдің самал саулаған іргесінен көп тыңдаған бұлбұл, тырна, шымшық, қарлығаш, қаз, қараторғай ғана емес неше түрлі қанаттылардың даусы сан құбылады. Бірі сыбызғыша сызылтса, екіншісі қобызша күңірентеді. Үшінші жетігеннің ішегіндей сыңғырласа, төртіншісі шаңқобыз болып уілдейді. Тайтұяқ болып тақылдап, сырнай болып сарнайтындары да бар. Тағы біреулері Нұрғисаның домбырасы болып, бірде қиқулап, бірде сыңқылдап, бірде сусылдап кетеді. Бәрі қосылып келгенде жүректің қылын шертіп, жанды желпіндіретін көтеріңкі күй күмбірлейді.

Бірақ, бұның бәрі түсі екен. Бір қызығы оны ұйқысынан осы саз оятты. Ал, өңінде көрден шыққан топырақтың, қақ төбесіне малдас құрған Досжан қобызын құйқылжытып отыр. Сарыны көрге тартып сарыуайымданбайды, көшеге тартып күлмеңдейді. Баяғы жерасты жолында алғаш жолыққандағыдай «Барыңда оралыңның ойна да күл, қаларсың сен де бір күн жер томпайтып» деп сайқалданады. Бала кезінде талай тыңдаған бұл әуенде мұң басым болып көрінуші еді Анажарға. Ал, оның ойнақылығы әуенді демеп қана тұратын. Досжанның мына тартысында әуен әзәзілденіп алған. Мұң соның ішкі тінін ғана әдіптеп, әйтеуір әдепсіздендірмей тұр. Аяғына дейін қазуға мұршасы жетпеген көрінің саяз да болса, салқын табанында таң атқанша тапжылмай ұйықтаған әйел періштені тұқыртып, әзәзіл ойнақ салған әуенді қабылдай алмай, жек те көрмей біраз жатты. Бірақ, бұл күйі ұзаққа бармады. «Бұл не деген бейбастық» деген бөтен әйел адамның әмірлі даусы қобыз үнін кілт өшірді. Ал, Досжан болса, тіпті орнынан атып тұрып, жылыстай жөнелді. Көше музыкантының қаймығатынындай бар еді, келген осы қабірхананың иесі болатын.

– «Ендігәрі мұнда аттап басушы болма, орныңды біл», - деп онсыз да зытып бара жатқан қайыршының артынан айқайлап қалған қожайын әйел енді шұңқырға үңілді.

– Бұл не жатыс? – деді онда біреудің жатқанын көріп. – Қабірхана әкеңнің үйі емес.

Әйел даусы Анажарды көртабанға одан әрмен жабыстырды да тастады. Құмның кесірткесі құсап қара жерге батып кеткісі келіп еді, бата алмады. Өйткені Анажар ойына алған ісін аяқтап, бұл дүниеден аттанғанша таныс ешкім көрмесе екен деп тілеп еді. Ал, мынау таныс үн. Бірақ, кімдікі екенін жыға ажырата алмай жатыр. Қарауға дәті шыдар емес. «Бүлінді, бәрі бүлінді. Мен ойлағандай болмайтын болды аяғы. Кім еді, бұл әйел? Бұрын қайдан естідім бұл дауысты?». Сөйтіп еске түсіре алмай жатқанында «тұр орныңнан, бері шық» деп әмір берді әйел.

– Бұл жер үшін мен ақша төледім. Жатам ба, қоям ба өзім білем, - деп сырттағының сесіне сес көрсетті, іштегі етпеттеп жатқан күйінен қозғалмастан.

Бірақ, онысын бұйым құрлы көрмеген қожайын:

– Он жерден ақысын төлесең де ойыңа келгенді істей алмайсың. Бәрі менің рұқсатыммен әрі бақылауыммен болады. Ал, мен қабірхананы жын ойнаққа айналдыруға мүлдем жол бермеймін. Түсіндің бе? – деп өз өктемдігін одан әрі нығырлай түсті.

Анажар түсінуін түсінді. Бірақ өз қылығын қалай түсіндірерін білмей үнсіз қалды. Бұл әйелдің көрге келіп тығылуында үлкен бір гәп жатқанын сырттағы да түсінді. Сондықтан да қожайын екенмін деп одан әрі тықылдай бермей кәдімгі әйел қалпына түсіп:

– Қане, бері шығып, жөніңді айтсаңшы енді, - деп қолын ұсынды.

Сырттағының демеуімен шұқырдан көтерілгенмен әпенді әйел одан әрі не істерін де, не дерін де білмей аңқиды да қалды. Тіпті қожайынның қолынан қолын ажыратуға да талпынбады. Алдында тұрған Орынкүл еді. Баяғы 17-і мектепте оқыған Жалпақ қыз. Қазір оны Жалпақ қыз деп атай алмайсың. Тұлғасы ірі болғанымен еті сол денесіне сай бітіп, белі иығының шығыңқылығын, ал иығы белінің толысқанын білдірмей әдемі үйлесім тауып тұр. Ақсары түсті жеңсіз қысқа көйлегі сол сұлу мүсінді одан сайын ашып, түп-түзу балтырлары мен жалаңаш білектеріне еріксіз назар аудартады. Ал, ашық жүзінен баяғы балаңдық көрінбейді демесең, тура сурет болып сызылған да қалған. Бала кезінде қара торы сияқты еді, қазір ақ сазандай болып жарқырап, тап бір мерекеде жүргендей жайнаң қағады. Көзі бұрын қалай ұшқындаса, қазір де қадалған жерін тесіп өтердей одан әрі өткірленген. Бір сөзбен айтқанда ілгерідегі ат үстінде күн кешкен заманда өмір сүрсе, қару асынып құрсанып шапқанында айбарынан жауы сескеніп, жақыны рухтанатын нағыз батыр тұлғалы, ал қазіргі кейпінде нәзік жыныстылардың көрмесі болса, қазақ қатыны осындай деп сол көрмеге қоятындай нағыз сымбатты әйел болыпты.

Анажар таныса да, Орынкүл оны танымады. Қайдан танысын. Жалпақ қыз үшін Анажар көптің бірі ғана болатын. Ал, жекпе-жекке шыққыш «атаман» қызды екі мектептің оқушылары түгелге жуық танитын. Бірі арқа тұтса, екіншілері ығып жүретін. Анажар болса, «сайтан иектеген сойқан қыз» деп шошына қарайтын оған. Міне, сол Орынкүл «сайтандай боп қайдан сап ете қалған неме» деп Анажардың өзіне шошына қарап тұр.

Танымағаны жақсы болды. Таныса кешегі орынсыз шыншыл боламын деп екі мектептің бірдей абыройын түсіре жаздаған қыздың бүгінгі күйін көріп «өзің әділеттен айнымаймын дейсің, сөйтесің де өлудің тәртібін бұзасың» деп көзін шұқыр еді. Сонда өмірі баянсыз, өлімі заңсыз болып тұрған Анажар ұяттан одан әрі өртенбей ме? Тығылған көрінен де суырып алған соң қайда кіріп кетеді енді?

Таныған адамның табалағанынан танымаған адамның ұрысқаны жақсы. Ұрыса берсін. Бірақ, көпті көрген қабірхана иесі ұрыспады. Көрден шыққан әйелдің түрі-басына біраз барлап қарап тұрды да, тергеуге алудың орнына жаны аши сөйлеп:

– «Қиындық кімнің басына түспей жатыр құрбым. Бұл дүниеде бәрі өткінші. Ең бастысы барсың, жер басып жүрсің» деп жұбатты.

Сол-ақ екен Анажар өксіп-өксіп жылап жіберді. «Құдайдың салғанын көтере білу керек» деді бұл әйелдің жақында ғана жалғыз қызын жерлегенінен хабары бар қабірхана иесі.

Анажар шала қазылған көр ішінен қол ұшын беріп шығарып, көңіл айтқан кісіге мұңын өксігімен шағып-шағып алса да, сырын сөзімен ашып шашылмады. Қалай тез жыласа, солай тез қойып, меңіреулене қалды. «Осы неме шалығып қалмады ма екен» деп жүзіне үңілді Орынкүл. Көзінен ессіздік көрмеді, қайғысына шым батып кетіп, қайтып шығуға мұршасы келмеген шарасыздықты көрді. Көрді де мұңлықтың көңілін сәл де болса демегісі келіп әңгіме бастады. «Менің де бұл өмірден түңілген кезім көп болған» деді ол Анажарды қоршаудың жиегіне отырғызып, өзі де қасына жайғасқан соң арқасынан сипалап қойып. «Сол кезде не істеді дейсің ғой, әй не болса ол болсын деп түңілген сайын бір бала таптым. Тағдырдың салғанына көрсеткен қырсықтығым еді бұл. Сөйтіп, қырсығыңа қырсығым деп жүріп бұл өмірге кенедей жабысып алғанымды өзім де білмей қалдым».

Осылай деді де Орынкүл көрден шыққан әйелге көз қиығын салып еді, әңгімесі дұрыс әсер етіпті. Меңіреуленген жүзіне қан жүгіріп, көзінен ұшқын жылт ете қалғанын байқады. Байқады да әңгімесін жорта жалғамастан тиылып қалды. Оған шыдамаған Анажар:

– Бұл өмірдің несіне қызықтыңыз? – деп ары қарай өзі сұрады.

– Соған мен де таңқалдым ғой алғашқыда. Сөйтсем балаларымды жанымдай жақсы көреді екенмін. Сол үшін өлуге болмайды екен.

– Ал, менің балаларым жоқ.

– Сол да сөз болып па. «Бала белде, азық жолда» деген емес пе бұрынғылар. Басың жас. Табасың әлі. Шыдасаң менен озып кетесің.

– Менің күйеуім де жоқ.

– Ту, бала екенсің ғой әлі. Өзі жақсы әйелге тәттіге үймелеген шыбындай үйіріледі емес пе еркек деген?

– Жақсы әйел деген қандай әйел?

– Жаман еркектің есіктегі басын төрге сүйреген әйел. – Солай деп Анажардың жүзіне үңіле қараған Орынкүл оның ой үстінде отырғанын көріп әңгімесін әрі қарай жалғады.

– Енді ше. Бұрыңғы күйеуім келісті жігіт болғанымен тұрмыста қырсыздау еді. Соның серіліктері ғой өмірден түңілдіріп жүрген. Баланы туып-туып ақыры үй жады етіп алдым. Бірақ, бейшара көлік апатынан қайтыс болып кетті. Өлгеннің артынан өлмейсің, тірі адамның тіршілігі бар. Балаларым әлі жас болғандықтан бір үйге бір еркектің керек екенін түсіндім. Бірақ, етегіме оралған шиеттей жетімектеріммен қосып мені анау-мынау шалбарлы ала қоймайтынын да білдім. Содан күйеуімнің жылын өткізген соң көшеде күйі кетіп жүргендердің ішінен таңдап жүріп біреуін үйіме кіргізіп алдым. «Отбасымда қарайып отырсаң болды. Басқа ештеңе сұрамаймын» дедім. Жоқ, еркек емес пе. Жағдайын жасаған соң ол да қарап отырмай қимылдады. Іздегенге сұраған дегендей өзі заңгер екен. Әр заңгерге бір жем болып жүруші едім, жаным кірді де қалды. Жұмыста оң қолым болып шыға келді. Балаларым бірдеңені бүлдіріп қойса да енді сол жүгіреді. Сөйтіп, ол да, мен де, балалар да, үш ұл, екі қызым бар ғой менің, бәріміз бір-бірімізге керек екенімізді түсініп жүріп жатырмыз.

– Ал, мен еркегіме риза болмадым. Оның да маған көңілі толмады. Содан соң ажырасып кеттік.

– Қызғаншақ, содыр ма еді?

– Жоқ.

– Қазан-ошаққа араласа беретін қатын паша болды ғой.

– Жоқ.

– Онда отбасын асырай алмайтын езілген біреу болған шығар?

– Оның тапқан тамағы тамағымнан өтпеді.

– Ұры ма еді?

– Соның бір түрі.

– Е, онда шенеунік болды ғой.

– Соған жақын.

– Құқық қорғаушы десеңші.

– Дәл өзі.

– «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген осы екен ғой. Мен заңгер күйеу тауып алып, көзім ашылып қалды десем, сен оның тапқаны тамағымнан өтпеді дейсің.

– Мен шынымды айттым.

– Сен Әзірет сұлтанды білемісің?

– Білемін. Ол кісі адамдарға ізгілік нұрын сепкен періштедей пәк әулие.

– Сол періштедей пәк әулиенің басына Ақсақ Темір басқа елдерден тонап әкелген байлығына мешіт-мазар салдырды. Содан бері адамдар оның кесенесінен тоналғандардың көз жасын емес, әулиенің киесін көріп, сынығына дейін қасиеттейді. Сонда не болды?

– Білмеймін, - деді үй тапсырмасын орындамаған кінәлі шәкірттей жүзін төмен салған Анажар.

– Ізгілік пен әділетсіздік егіз болды. Егіз болғанда да бірінсіз екіншісі өмірге келе алмайтын кіндіктес егіз.

– Ол екеуі ешуақытта ажырамай ма?

– Ажырамайды. Өйткені бірінің арқасында екіншісі күн көріп жүр.

– Ізгілік әділетсіздіктің арқасында күн көре ме?

– Әрине! Сен бұл жалғанға сахнаға қараған бейтарап көрерменнің көзімен қарап байқашы. Сонда қаншама адамның басқа біреуге қиянат жасағанының арқасында өзі де көгеріп, өзгені де көгертіп отырғанын көресің.

– Құдайым-ау, бұл сұмдық қой! Не істеу керек? – деп шошынды Анажар.

– Әділетсіздікпен қатар өмір сүріп үйрену керек, - деді Орынкүл сабырмен.

– Сол да өмір ме? – деп қайта торықты Анажар.

Соны байқаған Орынкүл:

– Өмір болғанда қандай? Нағыз қайнаған өмір! – деп құлшынды Анажарды да еліктіргісі келіп. Бірақ Анажар елікпеді. Қабірхана иесінің бағанадан бергі әңгімесінен бұл өмірдің байлауын еш көре алмай қайта ұнжырғасы одан әрі түсіп кетті. «Одан да о дүниеге кеткенім дұрыс» деді өзіне өзі күбірлеп. Сол-ақ екен оның қожайын әйелдің келуімен бой жасырып қалған аңсары қайтадан арман әлемге ауып, жаны «шақшадай басын шарадай» қылған шарасыз дүниені де, сол шарасыз дүниені таңдайы тақылдап мақтап тұрған қабірхана қожайынын да қаламай өзіне лайық өріс іздеп қайтадан «лағып» кетті. Бірақ, қиялы қайда, қанша шарласа да жеркіндіктіні басқа әлемге біржола алып кете алмайды екен. Орынкүлдің «ізгілікті өлтірмеймін десең, төзесің» деп ең соңғы нығырлағаны Анажардың есіл-дертімен бірге көкке қарап түрілген құлағына жетіп, аспандағы көңілін жерге оп-оңай топ еткізіп түсірді.

– Қалай? – деді аң-таң қалған Анажар.

– Солай, - деді Орынкүл. – Сен өлсең, бойыңдағы ізгілік сенімен бірге өледі.

– Одан өзгелерге не келіп-кетері бар?

– Келіп-кетері көп. Өйткені сен осы жүргенде ізгілік пен қатыгездіктің тепе-теңдегін сақтап жүрсің. Бәлкім өз ортаңда алғашқысын оздырып жүрсің. Ал, өлсең, соңғысы үстемдік алып кетеді.

– Бұл дүниеде маған қарап қалған бірдеңе болса, неге өзегімнен итеріп өгейсітеді?

– Өмір сені өгейсітіп жүрген жоқ. Өмірді өгейсіп жүрген өзіңсің.

– Қалайша?

– Менменсің, бұл дүниеге менсінбей қарайсың. Оның барын бар, жоғын жоқ күйінде қабылдай алмай, қайдағы бір қияли әлемді көксейсің.

– Мен қып-қызыл күнәға батып, қылмысты күнделікті кәсібіне айналдырғанды төзбеймін.

– Адамдарды төзбейсің. Жұрттың бәрін күнәһар, қылмыскер көресің. Ал, сен олардан Адамды көр.

– Олар бар болғаны пенде болса қайтемін енді?

– Пенденің де Құдайдан үміті бар. Соларға адамдық үлгі көрсет. Біреуі болмаса, екіншісі сол үлгіні қабылдайды.

– Мен не істей аламын?

– Әйелдің бұл өмірдегі міндеті не? Соны атқар.

– Бұл мені баяғыдан бебеулеткен ескі әуен. Бірақ, қолымнан түк келмеді. Сондықтан мені жолымнан бөгеме. Жұмысымды жалғастырайын.

Анажар орнынан тұрып, қазып жатқан көріне қарай бет алды.

– Жетер! – деп зілдене тіл қатты сол кезде Орынкүл – олай айтам көнбейсің, бұлай айтам көнбейсің. Енді сенімен тәжікелесіп тұратын уақытым жоқ. Қазір полиция шақыртқызып қаматамын да жіберемін.

Әйел жанында жатқан Анажардың қол сөмкесін жерден жұлып алды да, ішінен пистолетті шығарды.

– Заңсыз қару ұстағаныңның өзі жетіп жатыр статья арқалап кетуіңе, - деп қосып қойды содан соң.

Бұл қоқаң-лоққысы Анажарға еш әсер еткен жоқ. Ол жалынбақ түгіл жауап та қатпады. Түрінен қобалжып, қорқудың да белгісі білінбеді. Тіпті Орынкүлдің ұялы телефонмен әлдекімді шақырғанына да мән берген жоқ. Сезімі жым-жылас болып жоғала қалған бет-жүзі бағанағы көрден шыққан кезіндегідей бедірейіп, бұл дүниеге бейжайлық танытты. Қабірхана иесі көрге түсуіне мұрсат бермегенімен, оның ойын тежей алмады. Әпенді әйелдің болмысы тағы да өзіне беймәлім әлемге құс болып қалықтап кетіп бара жатты. Бірақ, «өлі арыстаннан тірі тышқанды артық» көретін жердүниенің құдіретін қойсайшы. Өлілер көшесімен ызғытып келіп, бұлардың тұсына тоқтаған жеңіл көліктен екпіндеп шығып, еңкеңдеп келе жатқан кісіні көзі шалысымен-ақ Анажар қасындағы әйдік мазардың қалқасына лып етіп кіріп кеткенін өзі де байқамай қалды. Ал, Орынкүлдің күйеуі һәм жерлеу мекемесінің заңгері жол мен арадағы мүрделерден өтіп келгенінде қазып жатқан қабірін тастап қашып, бұл маңайдан жым-жылыс жоқ болды.

* * *

Бұл келген Әділет болатын. Жержадылар қауымында әділ заң арқылы әділеттік орнатамын деп сендіріп, Сандықтаудан өзін жұмырбастылардың құжынаған ұясына жетелеп түскен Әділет. Ақыры ең болмаса өзі түзу жүріп, түзу тұруға ерік-жігері жетпегендіктен қауым тұрмақ отбасымен де ісі болмай қара басының кәйпінен басқа ештеңеге қызықпай кеткен Әділет. Сол Әділетті отанасы Орынкүл көшеден жетелеп әкеліп кіргізіпті үйіне. Енді, міне, оған әйел де, оның балалары да дән риза. Әділеттің өзі де баяғы Әділет емес, бір отбасы аузына қараған отағасы, бір фирманың шаруасын ұршықша үйірген заңгер.

О, Жаратқан! Не құдірет, не сиқыр бар бұл жерде? Орынкүл оны көшеден қандай қасиетін танып таңдап алды? Жеке басының кәйпі үшін бәрін тәрк еткен Әділет қалай тез арада тиылып,өзіне жат отбасына бауыр баса қалды? Оларды не жақындастырды? Махабаттан басқа бір-біріне тартатын тылсым күш болуы мүмкін бе? Егер сүйіспеншілік болмаса, бәрі бекер екені рас болса, екеуінің арасындағы сол сүйіспеншілікті не оятты?

Адалдықтан аттап, күнәға күнде батып жүрген адамды қалай сүюге болады?

Демек, болады екен? Орынкүл дұрыс айтыпты. Адамнан жиіркенуге болмайды екен. Нағыз жиіркенішті адамның да иненің жасуындай ғана жылт еткен жақсы қасиетін тани алып, соны тебіндей етіп өсіріп, жан жыртығын жамап шығуына көмектесу керек екен. Ал, мен соны білмеппін. Иә, мен менменмін, өзімшілмін, күнәнің ең ауыры менің күнәм!

Әпенді әйелді өлілердің биік-биік ескерткіш-құлыптастары мен неғұрлым мол пішілген мазарларын қалқалатып ала қашқан осы ойлар болды. Бір кезде «мені іздеме» деп хат қалдырып, қайтып өзі де қайырылмай кеткен бұрынғы күйеуімен Анажардың бетпе-бет кездесуге дәті шыдамады. Мұндай түрде де, күйде де көрінгісі келмеді оған. Бұл ажырасудың ақыры не болды? Кімге не берді? Құрдымға кеткен қайсысы? Көрден жансауға тілеген Анажар ма, әлде бұл өмірден баян тауып, аяғын лыпып басатын болған адвокат Әділет пе? Енді осыны ажыратқысы келді. О дүниеге бұ дүниенің жөні қайсы, жөн емесі қайсы соны біліп жөнелгенін жөн көрді енді.

Сан саққа жүгіріп, сол жөнді іздеген ойы қабірхананың темір шарбағына тірелгенде «мен мынадан қалай асып өтемін» деген қазіргінің қамына алмасты. Қақпадан шығуға болмайды. Жаңағылар мұны сөз жоқ сол жақтан күтеді. Мұның қолсөмкесін пистолетімен қосып алып алған Орынкүл не істеп, не қойып жатыр екен? Мейлі, не істесе, оны істесін. Ең бастысы мына күйімде Әділетпен ұшыраспасам болғаны. Мен оны кейін де көргім келмейді. Кімнің тарысы піссе, соның тауығына айналып кеткен лыпылдақ адвокаттан мен елбе-делбе болып өз көрімді өзім қазып жатқан күйімде биікпін. Мен қазсам өз көрімді қазып жатырмын. Ал, олар болса, адамзаттың көрін қазып жатыр деді ендігі ойы.

Ол қоршаудың тор көздерінен өтпек болып еді тар екен, сыймады. Содан соң соңғы күшін сарқа жоғары өрмелеп, әрең дегенде арғы бетіне түскенде қалжырағаны сонша отыра кетті. Енді бір жерден су тауып ішіп әл жинап, үйіме жетсем дегеннен басқа ештеңе ойламады. Бірақ, қайта қозғаламын дегенде көзі қарауытып, есінен танып қалғанын, әлде ұйықтап кеткенін өзі де білмей қалды...

* * *

Ол көзін ашқанда кең де жарық бөлмеде, жайлы төсекте жатыр еді. Бұл әке-шешесінің қала сырты үйіндегі Ақперіште екеуіне арналған бөлме екенін бірден таныды. Мына ашық күрең жиһаздарды анасы Анажардың талғамын қоймай жүріп сұрап біліп, жергілікті шеберлерге жасатқан болатын. Төсек, тумба, киім сақтайтын шкаф, айнадан бөтен басы артық ештеңе жоқ. Едендегі кілемше де көңіл-күйге күш түсіретін қою, күрделі емес, жиһаздармен жарасып, кіршіксіз әппақ болып төгілген терезе перделермен қосылып, барлығы бөлменің жарығына жарық қосып тұр. Бұл жағдай Тоқкенттен кіруге тесік таба алмай, ақыры көшеде қалжырап құлаған әпенді әйелдің күпті көңіліне жайлы тиді. Осылай жата бергісі келді.

Ал, мұнда қашан, қалай келгенін кейіннен естіп білді. «Ел құлағы елу» деген қыздарының Ақперіштенің қабірінің қасындағы орнын күрекпен құнжыңдап қазып жатқаны туралы сыбыс бұның әке-шешесіне жетеді. Сол-ақ екен екеуі қабірханаға қарай құстай ұшады. Елде жоқ тірлікті істеп жатқан қыздары шалығып қалмады ма деген оймен отбасылық дәрігерін де ала келеді. Ондағысы денсаулығын алдымен сенімді дәрігерге тексертіп алу еді. Олар кіреберісте кезіккен қабірхана иесі қыздарының қол сөмкесін ішіндегі пистолетімен қоса беріп тұрып, жағдайды түсіндірген соң соның жөн сілтеуімен Анажарды қабірхана шарбағының сыртында жатқан жерінен тауып алады. Тамырын ұстап, қызуын тексерген дәрігер қауіпті ештеңе жоқ екенін, тек күн қатты өтіп қалжырағанын айтқан соң ауруханаға апармай үйге алып келеді. Тағы анандай ауру болып шыға ма, не де болса үйде байқап көрейік деген ой да жоқ емес-ті олардың бұл шешімінде.

Бірақ, есін жиғалы Анажардан ондай бөтен қылық байқалмады. Соған шүкіршілік еткен Далабай мен Таугүлде ес жоқ. Қыздарының үйіме кетем демей, бірге тұрып жатқанына төбелері көкке жеткендей болып жүр.

Өзін іздейтін адам бар екеніне Анажар да шүкіршілік еткен сияқты. Енді тұрмысқа керектің бәрі табылатын жайлы мекен де өзінікі екенін мойындаса ғой. Жалғыз жайлы мекен бе? Тұрақты кіріс кіргізіп тұрған сән ательесі мен мейрамхана да Жанан екеуінікі. Осы бастан әке-шешелерінің қасында жүріп, бірте-бірте басқару тізгінін алып кетсе болады.

Тек, екеуі де Далабай мен Таугүлдей болмады. Анажар саудаласу дегенді естісе жиырылып қалады. Нақты бағасын біле тұрып, неге бірін бірі түсіргісі келеді жұрттың? Тиісті бағасынан қымбатқа сатқанда қандай имандылық бар? Тауардың құны да өтелмейтіндей болып әбден арзандағанына мысықтілеу болатындардың иманы алдыңғыларынан артық па? деп күйінеді. Сондықтан да әжесінің әпенді қызы сән ательесі мен мейрамхананы басқармақ түгілі маңынан да жүрмейді. Қара шаңырақта қалып, ұрпақ жалғайды деген Жанан да әке-шешесінің ойындағыдай болмады. Өмірі ұрыс-керіс, дау-дамайдан су жұқпай шығатын сақ-ақ бала еді. Әкесінің алыс-беріс дауының құрбаны болды. Далабай бізді лақтырып кетті деп есептеген әріптестері оның жалғыз ұлын зорлап инеге отырғызып кетіпті. Оны әке кеш білді. Білгенде не пайда. Есірткі баланың әбден бойын алып, онсыз шыдай алмайтын күйге жеткенінде білді. Қанша емдетсе де жұмсаған қаражаты құмға сіңген судай болып еш нәтиже бермеді. Ендігі бар қолынан келгені бала қаңғып кетпес үшін керектіні өзі тауып әкеліп, үйде ұстап отыр.

Солай. Өміріміздің бар үміті деген ұлы мен қызы қазір әке-шешелерінің қолынан жұмыс алмақ түгілі оларға қосымша жұмыс болып, сәнділігінен көз сүрінетін сарай-үйлерінің әрқайсысы бір бөлмесін алып «шөптің басын сындыруға» да жарамай жатыр. Қосымша жұмыс болса бола берсін, осы жастарына дейін еш жұмыстан қашып көрмеген еді олар. Тек әрекеттерінің нәтижесіздігі жандарына батады. Ең зор қайғы сол болып тұр.

Жананды қайда апармады? Қыруар қаражат жұмсап, ең күшті деген емханаларда емдетті. Бірақ, ештеңе шықпады. Ерік-жігері жоқ екен баланың. Бәрібір қайта бастап қояды. Ал, қыздарының ерік-жігері күштілігі сонша оны алған бетінен ешқандай қаражат қайтарар емес. Дүние байлығыңа пішту демейді. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақтың сертін ұстап қалған Тоқкенттегі жалғыз жан осы шығар. Өзі ғана ұстанып, жайымен жүрсе жақсы ғой. Ар сызығын аттадыңдар деп әке-шешесімен де, басқа аралас-құралас болғандармен де кетіскені қиын болды. Байқұс бала басқалар бұның білгенін білмейді деп ойлай ма екен? Білгенде қандай? Әке-шешесі де Анажар өскен ортада өскен, сол оқыған мектепте оқыған. Ар-намыс жайындағы небір әпсәналарды көкейлеріне тоқыған. Бірақ, отбасы мен дәрісханаларда алған ақыл-нақылдың бәрі жұмысханаларда жүре бермесе не шара? Тапқан амалдары сол «түлкі боп келген заманды тазы болып шалуға» тырысады. Ал, бұлтыңдай қашқан түлкіні қуамын деп өзің де жалт бұрылуға тура келгенде ар сызығын аттап кеткеніңді байқамай да қаласың? Ары-беріден кейін бұлғалақтаған заманның ар сызығы да бұлғалақ. Толқыған судай бір орнында тұрмай діңкелетеді. Ал, Анажар болса, қазақтың сол баяғы «жаным – арымның садағасы» деген сертін архаизмге жібермей тістей қатып, күллі жұртқа бойтұмар етіп тағып бергісі келеді. Енді міне, соған қанша тырысса да түк шығара алмай тауы шағылып, талабы қайтқан соң, ақыры бұл дүниені тәрк еткені шошытып отыр. Абырой болғанда аман қалды бір жолы. Бірақ, ары қарай не болады? Райынан қайта ма ол? Қайтара ала ма ата-анасы? Далабай мен Таугүл осыған бас қатыруда. Небір бизнес-әріптестерінің, клиенттерінің көңілінен шығып, шаруаларын өрге домалатып жүрсе де, өз қыздарының жүрегіне жол таба алар емес. Сол жолды табуға бүкіл жиған-тергені жарамсыз болып тұр. Сондықтан ата-ана қыздарының алдында бұрынғыдай байлық туралы әңгіме қозғауды қойған. Бұрын пәленшенің қызы әке-шешесінің жолын қуып, тәп-тәуір кәсіпкер болыпты деген сияқты мысалдарды сөз арасында әдейі қыстырып қоюшы еді. Енді олай етпейді. Алайда оның орнына басқа не айту керектігін де біліңкіремей, әйтеуір айналсоқтап Анажардың сәбилік шағын әңгімелей береді. Таугүл ана емес пе, қызына қалай жерік болғанын, ішінде жатқандағы мінезін, босанғанда қалай қиналғанын, бала кезіндегі қылықтарын айтып береді. Қызы бұл әңгімені ықыласпен тыңдайды. Бірақ, тыңдайды да қайта тұнжырайды. Сірә, есіне Ақперіштесі түсіп кететін болуы керек.

Ал, Далабай болса, Анажар бір жасқа толар-толмаста Ақтілеу әжесінің қойнында қалдырып кеткендерінде қалай қиналғанын қызына тұңғыш рет жария етті. Сонда ет жүрегі елжіреп, әжесінің алдында томпиып ұйықтап жатқан қызын көтеріп ала қашқысы келіпті. Өйткені тауда тағылардың ортасынан гөрі балабақшаға барса, тәрбиесі мықты болар ма еді деген ой көкейінде тұрыпты. Бірақ, ол кезде балабақша сәби үш жасқа толғанша қабылдамайтын. Оның үстіне тұңғышын атасы мен әжесінің тәрбиесіне беретін ата салттан да аттай алмаған.

Енді ойлайды, сол жолы ештеңеге қарамай алып кеткенде Анажар Тоқкенттің төл балалары секілді көзін ашқаннан көргенін істеп, күнкөрістің қамын бірінші кезекке қойған болар ма еді.

Олай ете алмағаны Анажарды да ойлантады. Бірақ, Тоқкентте өссем басқаша болар едім деп өксімейді. Өйткені қала дегеніңізде әділетсіздік сол өзі тәрбиесін көрмеген балабақшадан басталатынын Жананның әңгімесінен жақсы біледі. Інісінің мерекелік таңертеңгіліктеріне қатысып жүргенінде әр тәрбиешінің басқалардан гөрі көбірек көңіл бөлетін сүйікті тәрбиеленушілері болатынын өзі де байқайтын. Онысын тәрбиеші әдейі істей ме, жоқ солай еткенін байқамай қала ма, ол жағын Анажар жыға айыра алмайды. Бірақ, сондай балалардың ата-аналарына да ықыластары бөлек болып тұратынын жас та болса аңғаратын. Әрине, бұндай алалаудан сәбилердің көңілінде дық қалады. Сол дық қалған Жанан жасынан-ақ әділетсіздікті жеңуге болмайтынын біліп бұйығы өсті. Ал, Анажардың көңілінде қалған дық бұл өмірде аяғыңды аттап бассаң болды неге әділетсіздікке ұрынасың деген сұрақты өршітіп, күні бүгінге дейін жанына маза бермей келеді. Сондықтан Анажар әлі оңы-солын танымаған қаршадайында болса да Сандықтауда нағыз әділеттіліктің не екенін көріп қалғанына еш өкінбейді.

Бірақ, тап осы жатысында ата-анасының үйіндегі ахуал да оған теріс көрінбеді. Қайта жаны күйзелгеннен тұла бойы дел-сал тартып әзер жүргенінде қолың созсаң болды бір басыңа керектің бәрі дайын тұрғаны оған ұнады. Әсіресе, су бассейнінде қалаған уағыңда шомылып, тәніңді ширатудың рахаты қандай! Күнге қыздырынып алып, қайта гүмп берсең, тіпті қаның ойнап, балықша тулап шыға келесің. Ал, кешкілік күндізгі ыстықтың қапырығын басып, дымқыл самал саумалап тұрған хауыздің қасында сап-салқын көк шөптің үстінде отырып кешкі ас ішу деген де бір ғанибет. Әрине, қазіргі техника көп қабатты үйлердің пәтерлерінде де қалаған температураны ұстауға мүмкіндік берер-ау. Бірақ, шілденің ыстығында ашық аспан астында қалаған температурасын жасап алу екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Қабірханадан қуылып келгелі бері Анажар осындай-осындай нәрселерге көңіл аудара бастады. Әке-шешесі жағдайды жасаған-ақ екен. Баяғы жекешелендіру бастығының алдында бекерге жорғаламапты. Сол жолы Анажар олардың қылығына қорланғаннан отқа түсіп кетіп еді. Ал, бұл жолы соның өтеуіне соғылған кең сарайда жайы болып жатыр. Намыс текке жоғалмапты, дүние-малға айырбасталыпты. Олай етпегенде тәні де, жаны да қалжырап, көшеде қалған Анажар кімді паналап, қалай емделер еді? Әпенді әйелдің көңіліне қазір осы медет.

Ал, әке-шешелері болса, қыздарының ұзақ жыл жеріп кеткен ұясын қайта үйсінгеніне, осы дүниемалдың соңынан қуарда алдарына қойған мақсаттары ақыры орындалып, сол жиған-тергені бүгін ұрпақтарының кәдесіне жарап жатқанына мәз. Қойындарына симаған қуаныштары мақтанышқа ұласып кететінін де байқамай қалады. Қайтсін енді. Қатар ұмтылғандардың көбі уысына түсіре алмаған байлықтың түбіне жетпесе де, берекетін кіргізіп отырған аздың санатында жүргендеріне бүгін мақтанбағанда қашан мақтансын. Мақтанғанда да қыздарының құлағына жаға ма деп «бұл күнде ең таза жұмыс кәсіпкерлік» деп мақтанады. «Кәсіпкерге ешкім пара бермейді» деп нақтылайды Далабай. – «Демек, оның қолы таза». «Кәсіпкер тек қызметі үшін ақы алады. Оның табысы еңбегінің сапасына тікелей байланысты» деп қосып қояды Таугүл.

«Ал кәсіпкерді пара беруге мәжбүрлемей ме?» деген сұрақ тұрды Анажардың көкейінде. Бірақ, оны ата-анасына бұрынғыдай төтелеп қоймай, ішінде іркіп қалды. Егер ондай сұрақ қойса, әңгіме ушығып, жанын жай таптырған мына жағдай керісінше жанының жегісіне айналар ма деп жүрегі дауаламады. Алайда, арылып алмаған соң қиын екен. Анажардың көңілінде көміліп жатқан баяғы дық қайта қылтиды. Бір қылтиып қоя салмай, тамағына тұрып қалған сүйектей кетпей қойды. Жайлы төсек, жақсы тамақ, жүйкені тыныштындыратын орта, аяғынан тік тұрғызып, аттай шаптырған ем-дом, бәрі баса алмады оны. Қайта, ес жиған сайын зорайып, нығайып алды. Ал, шындап келгенде әкелік, аналық қамқорлықты нағыз сезінгені тура осы уақыттар еді. Бірақ, бәрібір бұл қамқорлық бала кезінде көкірегінде қатып қалған дықты кетіре алған жоқ. Тым кеш сезінген қамқорлық болды.

Сондықтан да оңаша ұйқысыз түндерде өзінің осы әрі-сәрі күйін түсіне алмай дал болды Анажар. Әрине, сырт қараған адамға бақытты жан болып көрінеді. Өйткені дап-дайын, жұмыс істеп тұрған сән ательелері оның таршылық көрмейтініне кепілдік береді. Бірақ, қанша жайлы төсекте жатса да, қалаған тамағын ішіп-жесе де әке-шешесімен араларындағы шырын шақтар бұның сәби кезін еске түсіруден әрі аспады.

Одан әрі Анажар да, ата-анасы да таусылып қалады. Жоқ, таусылмайды, тыйылады. Өйткені оларды қандық туыстықтан басқа біріктіріп тұрған ештеңе жоқ. Әрқайсысының әлемі әрбөлек болған соң одан арғы әңгімелері де әр қияға тартып кетеді. Ал, өмір болса, үнемі өткенін еске түсіріп отыра беруді көтермейді. Жаңа уақыттың жаңа тірлігін сөз етуді қажетсінеді. Әйтпесе, көштен қалады. Бәлкім, қалып та бара жатқан шығар. Далабай мен Таугүл қатарлыларының көбісі қазір кәсіпорындарын балаларына өткізіп, өздері әкімшілік жұмысқа ауысып, немесе, әлдеқандай қоғамдық ұйымдардың, партиялардың белсендісі болып жүр. Парламентке өткендері де бар. Ал, бұлардың қол-аяғын ұзартар ешкім болмай тұр. Жананнан еш үміт қалмады. Жұмысты алып кету былай тұрсын отбасын құрғанға да құлықсыз. Әке-шешелері қанша төндіріп айтса да селт етпеді. Тіпті өзі әйел қызықтырмайтындай көрінеді. Олай дейін десе, күйеуімен ажырасқан бір балалы келіншектің үйінен шықпай жатып алған күндері де болған. Тіпті сол келіншекке үйленемін деп те қиғылық салды.

Алғашқы жастық желік қой, мауқы басылған соң қояр деген. Бірақ, бала қоймады. Әке-шешесінің ризалықтарын сұрап, отырып алды. Далабай, әй осы баяғыда жетінші атамыз жаудан олжалаған жуан әйелден-ақ тараған екенбіз ғой өзіміз де деп Далабай былқылдап қалып еді. Таугүл шошып түсті. Ол заманмен бұл заман тең емес. Алса, атаңның көп әйелінің бірі болған шығар. Ал, мен жалғыз келінімнің жуан әйел болғанын қаламаймын деп кесіп айтты. Тіпті, өз қызының да тура солай тұрмыс құрғанын қаперіне алмады.

Жананның есі бар екен. Анасының сөзін аттамады. Бірақ, соған қуанып дәудіреп жүргенінде, ұлының «ендеше ешуақытта үйленбеймін» деген сөзіне онша мән бере қоймапты Таугүл. Ашумен айтып тұр ғой, әлі-ақ ұмытып кетер деп ойлаған. Бірақ, олай болмады. Ұлы күні бүгінге дейін бұлардың үйлену туралы талаптарын құлағына қыстырмады. Енді жатысы мынау. Қай әлемде жүргенін бір өзі біледі. Әке-шешесінің білетіні әйтеуір балаларының жанының қиналмағаны. Жалғанда жалғызыңның жан даусы шыққаны жаман екен. Шыдай алмайды екен ана оған. Әке қосыла өксиді. Сөйтіп, уақытша болса да тыншытатын әлеміне өз қолдарымен жөнелтеді. Шырылдап қадағалайтыны дозасын асырмау. Бақылаусыз қалдырса кім біледі... Сондайдан опық жеген ата-аналарды күнде көріп-біліп отыр.

Осылай. Зіңгіттей он бала өсіргендерге бұйыра бермейтін зәулім үйдің іші жиһаз-жасауға толы болғанымен жан жылуы тапшы. Анажардың жатысы анау. Жананның жатасы мынау. Әке мен бала, ана мен қызы болып шүйіркелесу, отбасының тірлігін жоспарлап, ортақтасып жұмыс істеу бұйырмаған бұл үйдің адамдарына. Күнделікті тұрмыстық қажеттілікпен тіл қатысулардан артық тыңдауға да, жауап қатуға да шыдамдары жетпейді. Бұрындары барлығын анда-санда болса да Ақперіште шүйіркелестіретін. Енді оның орны үңірейіп тұр. Анажар мен Жананның сәбилік шағын сөз етіп, өздерін алдарқатудың да бара-бара сәні кетті. Жан жылытатын ортақ әңгімелері жоқ болған соң әр көңілді бір қиял билеп, бір шаңырақтың астында әрқайсысы бір кісікиік болып бара жатты.

Бұрын үйлерінде отбасы болып шұрқырасып отыра беруге қолдары босамай жататын болса, енді уақыт деген ағыл-тегіл. Бұрынғыдай күнде қонаққа бару, қонақ қабылдау сиреген. Барса да, ешкім таңды таңға ұрып отырмайды, бірер сағат төбе көрсетіп кетіп қалады. Сол жерде кейбіреулер жай кетпейді, немересінің туған күніне, тілашарына, әлде басқа бір қуанышына асығып отырғанын әжептәуір мақтаныш етіп айтып кетеді. Ал, Далабай мен Таугүл болса ондайда үнсіз қалады. Үйде өздерін не күтіп тұрғанын айта алмай іш жаралары сыздап, үнсіз мүжіледі. Соңғы кезде Далабайдың жүрегі қысылып қала беретінді шығарды. Таугүл болса, қонақтан шыға салысымен көз жасына ерік береді. Қатты күйініп отырып, балалар үйінен сәби асырап алсақ қайтеді деп те қалады.

Бірақ, Далабай оған бірден нақты жауап қайтармайды. Ол тілінің астына салған таблетка жүрегін қысып, қара терге түсірген ойнамалы дертін оп-оңай басқан соң да мамыражай күйде отырып көп ойланады. Сондағы оны мазалайтын «менің тегімнің жеткен жері осы ма, Жананнан ары қарай жалғаспай үзіле ме?» деген сұрақ. Сол үрейлі сұрақ оған өзінше еркек ретінде басқа бір жол іздетіп, «Жас әйел алсам, ол балпанақтай ұл тауып берсе, сөйтіп тегім одан әрі жалғасып кетсе» деген қиялға жетелейді. «Мен ол баламның тамаша тәрбие, терең білім алуына барынша жағдай жасап, тіпті қасымнан тастамай ертіп жүріп өз кәсібімнің қыр-сырын үйретер едім» деп кіжінеді. Бірақ артынан өзінің жасын есептейді де, ол бала дүниеге келіп ержеткенше «мен жер басып жүремін бе, жүрмеймін бе» деп күдіктенеді. «Мынадай жүрекпен алысқа ұзамаспын, ұлымды да, оның анасын да құр сөзбуаз күйімде орта жолда қалдырармын» деп бастапқы райынан тайқи бастайды. Өйткені, міне, осы кезде өзінің Таугүлсіз ешкім емес екені есіне түседі. Шындап келгенде бар жылжымайтын мүліктің иесі – сол, Таугүл. Мемлекеттік қызметке ауысамын ба деген үмітпен бәрін соның атына жаздырған. Ал, Таугүл болса, ұлы мен қызына мұралап, нотариусқа кәуландырып та қойған. Өз атында ең болмаса пәтері де жоқ қу ауыз шалдың соқа басы кімге дәрі? Біраз жыл нанын жеп көрген мемлекеттік қызметтің буы бұл жағдайды мүлдем ойлатпапты. Есесіне, ол кезде тендер дегенді жиі ұтып алып, бизнесі біраз дәуірледі. Бірақ, биліктің кәйпі ұзаққа созылмады. Ол сыбайласқан жігіттер ауысып кетті де, бұған да орнын босатуға тура келді. Тоқкенттің билігіне қара шегірткедей қаптап келген жаңа команданың қолы жүріп тұр қазір. Сәл мүлт кетсең, барыңды тартып алудан не кеміріп жеп қоюдан тайынбайды. Дәл осындай жағдайда Таугүлмен араздасу – көшеде қаңғырып қалу деген сөз.

Тілінің астындағы таблетканың күшімен осының бәрін шола отырып Далабай Таугүлдің ұсынысынан өзге жол таппай қиналады. Әрі балалы болады, әрі бұл қадамы үшін қоғамдағы беделі сәл де болса артады.

Бірақ, Таугүл қашан бір сөзінде тұрушы еді? Аузына келгенді айта салып, артынан айнып кететін әдеті жасы жер ортасына келсе де қалған емес. Бұл жолы да солай болды. Үйге келіп, ұлы мен қызын көрген соң жолдағы әлдеғайып айта салған ойынан лезде айнып, «өз құлындарым аман-есен жүргенде жат баланы бауырыма не деп басамын» деп шыға келді.

Осылай ұрпақтарынан қызық көріп жүрген кеудесі көтеріңкілердің ортасынан еңселері басылып шыққанда шамырқандырған желік өз үйлеріне жеткен соң ет пен терінің арасындағы бір терден қалмайтын жел сияқты жымып кетеді.

Желік басылғанымен өткеннің өкініші өзектерін өртейді де тұрады. Оны өшіруге ештеңенің шамасы келмей, қу жандары күйіп кетеді. Сондай бір қиналғанда Таугүл «шіркін, Жаратқан баланы енді берсе ғой» деп аһ ұрады. Қазір берсе оны қапысыз тәрбиелеуге білімі де, тәжірибесі де, ақылы да жетер еді. Бірақ, бәрі жеткенімен табиғи мүмкіндігі жетпейді, денсаулығы көтермейді. «Бірі кем дүние» деген сол. Ал, ұлы мен қызы болса, отбасын құрмақ түгіл қара бастарын алып жүре алар емес.

Мұның бәрін сезімтал Анажар да сезеді. Сезеді де әкесі мен шешесінің қайғысын арылтар қайран тауып, мына құлазып тұрған суық сарайға жан жылуын әкеле алмай күйінеді. Сөйтіп, бүкіл Далабай әулеті бір шаңырақтың астына біріккенімен, көңіл қиюлары кірікпей қиналып жүрген күндердің бірінде бұлардың үйіне Ақбикеш келе қалды. Құрбысының өзін іздегеніне Анажар өті жарылардай қуанды. Ол мектепте жүргенде-ақ Ақбикешті әжептәуір тірек көруші еді. Қысылғанда қолұшын беріп, тығырыққа тірілгенде жөн сілтеп жіберетін еді бұл Ақбикеш. Сондықтан да құрбысының келуі Анажардың шарасыздықтан шарбы бұлттанып тұрған көңіліне сан шырақты шамдар жаққандай әсер етті. Ақбикеш тіпті өзінің ашық-жарқын мінезімен, өзімсінген көңілімен, сергек, ширақ жүріс-тұрысымен бүкіл отбасына ерекше бір шырай әкелді. Өзі де қырыққа жақындаған әйел емес, тура бір жиырма бестердегі қыз сияқты құлпырып тұр. Екі балам бар дейді, денесінен екі құрсақ көтергені білінбейді. Жол жүргенге ыңғайлы, қарапайым киінгенімен бәрін бойына жарастырып тұрған бір тектілік бар. Өзгенің оған деген сенімі де сол тектілігінен шығып жататын. Ал, енді әлемдегі ең бай, қуатты мемлекеттің азаматшасы болғаннан кейін сол қасиетінің бәрі одан әрі бедерленіп біліне бастағандай. Иә, ол АҚШ-та оқып жүріп, сол елдің жігітімен тұрмыс құрған.

Амандық-саулық сұрасқан соң сағынысқан қос құрбы көп әңгімелесті. Әрине, өз әдебі өзіне жететін Анажар жаңа көріскен құрбысына келе сала қайғысын айтып көңілін су сепкендей баса қойған жоқ. Алдымен балалық шақта жұптарын жазбай жүрген кездерін, бірге оқыған құрбы-құрдастарын, ұстаздарын, көрші-қолаңдарын естеріне алды. Бұл біткеннен кейін амандық-саулық сұрасқанда атүсті ғана «жақсы-жақсы» деп қоя салған өз өмірлері тәптіштеле бастады. Ақбикештің отбасы да, тұрмысы да, жұмысы да көңілдегідей көрінеді. Ер жетіп қалған ұлы инженерлікті, ал қызы мектепте оқып жатыр екен. Күйеуі де өзі сияқты биофизик. Екеуі де ғылыммен айналысады. Айтуына қарағанда бұлар ғалам мен адамның құпияларын қатар қарастырып шешуді қолға алған. Бұл жобалары жүзеге асар болса, адамның құпиясы түгелге жуық ашылады. Міне, сонда дауасыз дерттерінің бәріне де ем табылады.

«О, Құдайдың құдіреті!» деп ойлады Анажар құрбысы қысқа да болса қызықты етіп баяндаған әңгімесін аяқтаған кезде. «Мен жерден жеріп аспанға жете алмай жүрсем, нағыз ғарыштық биікке шығып алған Ақбикеш екен ғой. Әлдеқашан ғаламды да, адамды да сол биіктен зерделеп жүр екен ғой. Бір ғажабы ғарышты тұғыр ғып сөйлеп тұрса да, жерпендеден еш оғаштанбайды өзі. Жер пенденің ең озығы біздің осы Ақбикештей-ақ болар? Аспан ойлы болса да, сөзі шынайы, айтары айқын. Өзіне тартып әкетеді. Сондықтан Анажар да көп тартыншақтамады. Ақбикешке ашылмағанда кімге ашылам деп ақтарылды. Тыңдата білген Ақбикеш тыңдай да білді. Тыңдағанда да түсініп тыңдады, тіпті ынтығып тыңдады. Көзі жайнап, өңі құбылып Анажар тартқан азаптарды өзі тартқандай болып тыңдады. Тыңдап болды да, Далабай әулетінің проблемасын оп-оңай шешетін ұсыныс айтты. Оның айтуына қарағанда ұрпақ көтеру үшін ешқандай еркекпен жыныстық қатынасқа барып әуре болудың қажеті жоқ. Қалаған еркегіңнің ұрығын жатырыңа салдырып, тоғыз ай тоғыз күн көтер де туа бер. Өзің көтеріп азабын тартқың келмесе, көтеріп беретіндер де табылады. Тіпті болмаса сәби лабораторияның шыны сауытында-ақ жетіледі. Сөздің қысқасы, ғылым бұл проблеманы шешіп, әрі қарай ілгерілеп кеткен. Бұл күнде робот-адамдар жасап, тура адамдардың миындай ойлап, әрекет ететін компьютер құрау немесе адамның дене мүшелерін алмастыру деген түк емес. Ендігі мәселе – адам баласының тәнсіз өмір сүруіне қол жеткізу. Өйткені бүкіл адамзаттың трагедиясы осы тән тойымсыздығында жатыр. Пиғылдары тәннің екі тесігін қанағаттандыруға ауып кеткені сонша оның жолында бәрін құрбан етіп жібереді. Тәні тұрғанда адам солай болғаны болған. Ендеше пендені тәнінен айыру керек. Сонда пенделігі сап тиылады. Қазіргі ғылым, міне, сонымен айналысып жатыр.

– Тамақ ішпеген, киім кимеген, біреуді сүймеген адам адам ба? – деп аузын ашып, аң-таң қалды ә дегенде әпенді әйел.

– Адам болғанда қандай! Қу дүние үшін қырқыспайтын нағыз адам! – деп бас бармағын көрсетті ғалым әйел.

– Бұл Құдайдың ісіне араласу емес пе? – деп шошынды одан әрі діндар Анажар.

– Құдай жоқтан бар жасайды. Ал, ғылымда ондай құдірет жоқ, - деп мұны да жайбағыстады Ақбикеш.

– Дегенмен Құдай адамды адам, періштені періште етіп жаратқан ғой. Ал, сендер жерпендені аспани жаратылысқа айналдырып жібергілерің келеді, - деп қарсыласып бақты Анажар.

– Біз адамдардың өмірін жеңілдеткіміз келеді. Оларды тән азабынан, бәлкім, жан азабынан да құтқарамыз, - деп сендіруге тырысты Ақбикеш.

– Сонда тәнсіз адам не тіршілік істейді? – деді көңілі күпті болып тұрған жердің жұмыр бастысы.

– Олар қаласа жасанды тәніне кіріп тіршілік етеді, - деді ғалым.

– Демек, оларды тәніне салатын, алатын басқа біреу бар ғой.

– Әрине.

– Сол басқа біреу тәнсіздерді өз мүддесіне пайдаланып, жаулыққа жұмсамасына кім кепіл?

– Ғалымдардың бұл идеясы гуманистік идея.

– Оған күмәнім жоқ. Бірақ, сол гуманистер өз идеясына өзі ие бола алмай опық жейді ақырында. Өйткені оны жүзеге асыратын төңкерісшіл авантюристер де, жемісін жейтін бас пайдасын ойлағыш прагматиктер болып шығады дегенді оқығаным бар еді.

– Қалай болғанда да жаратылыстану ғылымының бұл жетістігі адамзаттың көп проблемасын шешеді.

– Ғылым мықты болса, адамның денесін емес, санасын өзгертсін. Санасы өзгермеген соң адамдар денесіз де қырқыса береді, - деп қызуезуленді Анажар.

– Тойымсыз тәнінен арылған соң адамдардың санасы да тазарады деп үміттенеміз, - деді дәл осы жерде сеніміне сәл де болса селкеу түскен ғалым.

– Адамдар бәрібір періште бола алмайды, - деп басын шайқады әпенді әйел.

Осы жерде Ақбикеш қарсы уәж айтудың орнына кенет құрбысын бауырына басып құшып-құшып алды. Содан соң оның жүзіне мейірлене қарап тұрып:

– Жер пендесі періште бола алады. Оны дәлелдеген сенсің! Сен нағыз жер періштесісің! – деді.

– Періштелік менің қай жерімде тұр? Жұрт мені әпенді дейді ғой, - деді абдырып қалған Анажар.

– Сол әпенділігің періштелігің емес пе, аңқауым-ау, - деп тағы да бауырына басты оны алыстан аңсап келген құрбысы.

– Солай ма? Шынымен бе? Олай болса бұл түк те емес қой. Періште болу әркімнің-ақ қолынан келеді ғой, - деп жүзіне қуаныш үйірілді әпенді әйелдің.

– Дұрыс айтасың, әлемде сен жалғыз емессің. Періште көңілді адамдар баршылық. Тіпті әр көңілде бір періштелік бар.

– Бар болғанда не пайда? Бұзылған пиғылдың алдында бұғынып өмір сүруге мәжбүрсің, - деп қамықты Анажар.

– Сен бұғынсаң, ол да сенен бұғынады, - деп жігерлендіруге тырысты оны Ақбикеш.

– Қайдам, тайраңдаған жүрісімен әні таптап өтетіндей, міні таптап өтетіндей көрінеді де тұрады, - деп басындағыны айтты Анажар.

– Солай көрінгенімен таптап өте алмайды, - деп өз сенімін құрбысына өткізуге тырысты Ақбикеш.

– Неге?

– Өйткені періште көңілдің де қорғаны мықты?

– Ол қандай қорған?

– Ол сұлулығы. Бүкіл адамзаттың сұғы сол сұлулыққа қадалған. Онсыз өмірдің мәні жоқ екенін түсінеді олар. Сондықтан таптап өте алмайды.

– Олай болса, адамды Құдай берген тәнінен айырып керегі қанша? – деп Анажар америкалық ғалымды ұрма жерден ұстағандай болды.

– Біз адамдардың тәнінен кетіп немесе қайтып оралып еркінше өмір сүргенін қалаймыз. Сонда адамдар ғарышта еркін самғайтын болады. Қалаған планетасына ұшып барып өмір сүреді.

– Жоқ, маған ондай періштеліктің керегі жоқ, - деп ышқынды кенет Анажар.

– Сен аспанды аңсаушы едің ғой, - деп оның өткенін есіне салды Ақбикеш. Бірақ Анажар өзгеріп алыпты.

– Мен жертірлікті болып қалғым келеді. Менің ризығым жерде, - деп еденді нұқыды.

– Сонда өзің тартқан жер азабын ұрпақтарың да тарта бергенін қалайсың ба? – деп таңқалды Ақбикеш.

– Иә, мен ұрпақтарымның да өзім сияқты жан азабын тартқанын қалаймын. Жер періштенің маңдайына жан азабы жазылған! – деп тосын шешімін айтты Анажар.

Дәл осы кезде Тоқкенттің тастағында бірге өскенімен құрлықтың екі жартысына екі айырылып кеткен құрбылардың көздері тоқайласты. Екеуінің де тік қадалған жанарларынан жасын жарқыл жалт еткендей болды. Ол жасын қандай сезімдердің шарпысынан шыққанына мән бермесе де, құрбылардың ішкі түйсіктері әңгімені одан әрі созудың қажетсіздігін сезінді. Оның үстіне Ақбикештің де ұшатын уақыты жақындап қалған болатын. Көп ұзамай қос құрбы Анажардың жеңіл көлігімен әуежайға шығып кетті. Әпенді әйелдің әке үйіндегі жаңалығының бірі осы еді. Өзін күтіп көптен қаңтарулы тұрған көлікті жүргізетін болған.

* * *

Ақбикешті шығарып салған соң Анажар қалаға бірден қайтпай Тоқкентті әуежай жағынан орап жатқан Қазнатауға бет алды. Ол оңаша болғысы келді. Әрине, өз үйі, өлең төсегі де оңаша. Бірақ, еңсені басатын жабық жайда мына түрімен байыз тауып отыра алмас еді. Құжынаған қала да көңілін таппас-ты. Ал, таудың жөні бөлек. Таудың биіктігі мен сол биіктен жақсы көрінетін даланың көсілген кеңдігі түскен еңсені көтеріп, шыли асып-тасқанды керісінше тәубесіне шақырады.

Америка асқан құрбысымен арадағы әңгімеден әңкі-тәңкі болған ішкі әлемінен ышқынып шыққан тосын шешімін салмақтап алу үшін оған осындай жер керек-ті. Ол көлігін жол жиегіне қалдырды да, асудың ұшар басына көтерілді. Аспанда жарқыраған күн, жерде жайнаған тау мен дала. Бір заманда Шыңғыс хан жаулап алған жарты әлемін төртке бөліп, төрт баласына еншілеп берген мың бұлақты жазықтың Күйік асуынан қарағанда қала сол таудың бауырына тастай қатып жабысып, жер-анасының емшегін борпылдатып сорып жатқан моп-момақан сәби.

Ал, төмендесең жер-анасы қанша иіп жатса да бір тойдым деп айтпай азырқанып, ашқарақтанып, алысты да, жақынды да жалмап жей бергісі келетін нағыз қанағатсыз, қомағай кәртеміштің өзі. Анажардың көңілінде көптен осындай екіұдай түсінік бар. Бірін бірі жеңе алмай тайталасып келе жатқан түсінік. Туған қаласын сәбидей сүйген шағын кеудесінде мәңгі әлдилеп жүргісі келсе де жүре алар емес. Өйткені өмір үнемі ән салып тұрмайды. Жылататын кезі де жетіп жатыр. Жұбатпай жылататыны сонша түңілдіріп те жібереді. Солай түңіліп, бәрінен баз кешсе де тастап тағы кете алмады бұл дүниені Анажар. Көңілі әлі де қарайлайтын бірдеңе бар сияқты. Несі қалды? Кімге, неге қарайлайды? «Жақсы әйел жаман еркекті жаратып, жақсы етеді» деген Орынкүлдің сөзі неге шымбайына батып кетті? Мал тапқанның бәрі жақсы еркек пе сонда? Ал, Ақбикештің әңгімесінен соң аспан деп аңыраған қу көңілі неге жершіл болып қалды?

«Нағыз жер періштесі – сенсің» деген Ақбикештің сөзіне бола ма? Ал, қалды жарық дүниеде. Келді қайтып әке-шешесінің қолына. Ары қарай не болмақ? Рас, ұл-қыздарынан күдерлерін біржола үзген әке-шешесі балалар үйінен сәби асырап аламыз деп жүр. Бірақ, ол сәби ер жеткен соң Далабай әулетінің дәстүрін лайықты жалғастыра ала ма? Ілгеріде ұлын үйлендіретін қазақ текті жермен құда болуға тырысқан. Өйткені тектінің қызы текті ұрпақ әкеледі жарық дүниеге. Сөйтіп, ата дәстүрін лайықты жалғастырады. Ал, тегі белгісіз сәби ертең кім болып өседі? «Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды» деп қанышердің баласын қан, маскүнемнің баласын арақ тартып тұратыны шындық.

Қызы ешқандай қауымға сіңісе алмай қаланың қақ ортасында кісікиіктің күйін кешіп, ұлы нашакәйіптен қайтып бұл қауымға қосыла алмай қалған отбасына ендігі жетпей тұрғаны сол еді. Алда-жалда асырап алған бала сондай боп шықса, Далабай әулетінің тегі тозып, ұрпағы азып, отының біржола өшкені. Қазақы ортада өскен Анажар бұның бәрін көріп-біліп жүр. Білген сайын аспандағы әруақтарды ойлап қиналады. Солар ұрпағымыз неге азды, тұқымымыз неге тұқырылды деген сұрақтың жауабын тура өзінен күтіп жүргендей көреді де тұрады. Жоқ, бұдан әрі төзуге болмайды. Жананнан қайран болмаса, өмірге өзі әкелуі керек ұрпақты. Қазір, табиғи мүмкіндігі барда қимылдамаса, бірер жылдан кейін не заман боларын кім біледі? Рас, қазақ қыздың баласын өз тұқымым деп есептемейді. Бірақ, жиенді бала қылып, тұқым еткен жағдай да аз емес ел ішінде. Әруақтарға бағыштап шалынған боз биенің жілігін дүйім жұртты куәландырып ұстатқан соң бұл рәсімді аттап ешкім оны қыз баласы демейді, бел баласы дейді. Қыз баласы деп қалса, әруақ аттағаны болып есептеледі. Әруақ аттағанды қазақ өз ішінде сыйғызбай аластап жібереді. Ал, қазіргі заманда бұның бәрі заңмен бекітілген. Үкімет мөр басылған тілдей қағаз берсе болды, жиен тұрмақ қаны бөлек те заңды мұрагер болып жатыр.

Мейлі, әке-шешесі асырап алған қаны бөлек-ақ мұрагер бола берсін. Оған өкінері жоқ. Бәрібір бала көтеруі тиіс Анажар. Өйткені ұрпақ жалғастыру – Алланың аманаты. Сол аманатты орындамай бұл дүниені тастап кетем дегені күпіршілік болған екен. Ақтілеу әжесінің «күніне тоқсан түрлі бәлі көрсең дағы, сонда да күдер үзбе бір Алладан» деген өсиетін мүлдем ұмытып кетіпті. «Қиындық көрген сайын бір бала тапқан» Орынкүл ақылды екен. Тапқан баласының бәрі Ақперіште сияқты кезенгеннің құрбаны бола бермейді ғой. Орнында бар әйтеуір бір оңалады. Ендігі тапқан баласы бәлкім Ақтілеу әжесі, өзі, Ақперіште жете алмаған мұратқа жетер. Бүкіл елді ұшпаққа шығарып жібермесе де, қара басын дұрыс алып жүрер. Ал, қара басын дұрыс алып жүретіндер көбейсе, қоғамның да кеселі жеңілдер. Қу дүние үшін қырқысып, әділетті қараулықтың қызметіне жегіп қойғандар, «әлемді сұлулық сақтап тұр» дегенді теріс түсініп, сұлуларды кір сүртетін қолжаулыққа айналдырып жүргендер азаяр. Егер әрбір ана, әрбір жар Жаратқанның өзіне жүктеген аманатын орындамаса, бұл бұл ма, келесі ұрпақ бұдан да әрі жүрексізденер. Ақбикеш айтқан жүректі керек қылмайтын санажемірлер жайлар ғаламды.

Бір Далабай отбасындағы хал-ахуалдың түбінде бүкіл әлемдік апатқа апаратынын Анажар бұрын да сезінетін. Бірақ, күнделікті тірліктің қиянатымен алысып, арпалысып жүріп, тереңірек тамырлатып, зерделеуге мойны жар бере қоймайтын. Ал, әрқашанда өзінен озып жүретін Ақбикеш болса, бұл жолы да алыстан шолып, алдыңғы шепке шығып кетіпті. Бірақ, олардың апаттың алдын аламыз деп атқарып жатқан жұмысы Анажарды еш қуантқан жоқ, қайта шошындырды. Шошынды да бұл «сұмдығын» тоқтататын қалайда бір әрекет ету керек деп ышқынды. Сонда барып ол еркегі беліне қылышын байлап, қатыны тостағанмен дәм, гүл ұсынып, құс ұшырып тұрған бабалардың отбасынан бастап, әлемдік, одан әрі ғаламдық үйлесім тілеуінің шын сырын ұқты. Жақсыны да, жаманды да татып, қырып та, қырылып та көрген бабалар бұл дүниенің бір ғана баяны осы – үйлесім деп тас кітапқа қашап кеткен екен ғой. Тоқитын көңіл болса, «сайрап-ақ» тұр.

Бірақ, тағдырдың салғанына шара бар ма? Көзін ашқаннан сол тас кітаптардың арасында өскен Анажарға ондағы өсиеттерді орындау бақыты бұйырмай келеді. Енді, міне, Күйіктің ұшар басында қалайда дүниеге ұрпақ әкеліп, аналық парызымды орындаймын деп, тас-түйін бекініп тұр. Бекініп тұрып, бұрын-сонды өзі білген еркектерді есіне алды. Әділеттің жайы белгілі. Ұрпақ жалғауға қабілетсіз. Досжан ше? Онымен көңіл қосса, адал некелесіп, баласы жарты емес, бүтін отбасында дүниеге келер еді. Бірақ, әйтеуір сол салпыауызға сезімі оянбай-ақ қойды. Еркектік мінез жоқ онда. Қараптан қарап отырып сыбағасын итке, құсқа жегізіп қоятынның өзі. Одан қай оңған бала туады. Ынжықтан ынжық туса, адамның қоры, әулеттің соры емес пе?

Сонда кім қалды? «Әйел жолы жіңішке», аты-жөні жоқ кімнің етегіне барып жармасады? Пенде... Пенде бар екен ғой! Ол менің алғашқы махаббатым емес пе еді? Дүниеде алғашқы махабаттан пәк, таза не бар? Кіршіксіз сезімге бөленуден артық бақытты шақ бар ма? Осыны ойлаудың өзінен ерекше кәйіпке бөлене бастаған әйелдің жан түкпірінен «атама» деп бір атой көтерілді.

«Атама! Ақперіштенің өлімін қалай ұмытып тұрсың!?»

Жан түкпірінен шыққан жан дауысы қоламтаның ұшқынындай ғана әлсіз жылтыраған тән сезімін ұйтқи соққан желдей ұйпа-тұйпасын шығарып өшіріп жіберді. Бірақ, мешіттің өзіне қару тығып кіргізген қанды кекті қайтып оята алмады көкірегінде. Есесіне тұла бойында бір жиреніш пайда болды.

Кек алғысы да, пендені қайтып көргісі де келмейтін жиреніш. Жүрегі жиренгенімен санасы «Ақперіштенің кегі алынбай кете бере ме сонда» деп наразылық білдіргендей болды. Бірақ, бұл сұрақтың жауабы да лезде өз жүрегінен жарып ұшып, санасына саулап құйылды.

«Жоқ, кек жолы маған қол емес! Пендеден кек алудың ең төте жолы кекшілдіктен арылу. Ол үшін намысты кекпен емес, жүрекпен суармақ керек. Пенделікке пенделікпен жауап бермей жүректің жылуымен жеңген жанның ұрпағы ғана арда өседі». Осылай шамырқанған Анажар өмірінде өзі жақын тартқан еркектердің бәрі талғамына сай келмей шарасыздық танытып тұр.

«О, Тәңірім! Сен дүниені егіз етіп жаратқанда ер мен әйелді бір-біріне сыңар қылған жоқ па едің?! Мен сол жұбымды таба алмай неге үнемі жаңылыса беремін?! «Ақперіште» деп аңырағанның, «әділдік орнатамын» деп көңілі алып ұшқанның-ақ етегіне жармасып едім ғой. Одан не шықты? Түк те. Мен аңсаған періштелік те, әділдік те даланың сағымы құсап ұстатпай, ақыр аяғында бу болып бұлаңдап ұшып кетті. Бұл дүниені жалған дейтіні содан ба?

Енді не істеймін? Ақбикеш айтқандай ұрығын саудалайтындардың қызметіне жүгінейін бе? Жайшылықтың өзінде көптің көзі үйренген күйкі пенделіктен жүрегім айнып жүретін басым, оны қалай қабылдаймын? Тіпті қабылдаған күнде де сезімсіз шағылыстан құлтемірден ары да емес, бері де емес, жүрексіз бір жаратылыс дүниеге келетін шығар?

Әлде, Орынкүл құсап үй тірлігіне жарамды біреуді үйіме кіргізіп алайын ба? Бірақ, төсек қосылғанымен жүрек қосылмаған соң, екі аяқты көбейгенімен, адам көбеймейтіні анық. Жоқ, оған менің көңілім бұрын да соқпаған, қазір де соқпайды. Менің көңілім Абайдың «Махаббатсыз дүние дос, хайуанға оны қосыңыз» дегенін жақтайды. Әйтсе де, сол махаббаты құрғыр қайтсе оянады? Күн сайын қасыңнан өтіп жатқан араласып-құраласып жүрген қалың нөпір көпшіліктің арасынан өз сыңарыңды қалай танисың?!

Әрине, жол ізден басталатыны сияқты танысу көзден басталады. Демек, алдымен көзге түсуің керек. Олай етпесең, сыңарыңды таппағаның таппаған. Еркек алдымен әйелдің сырт сымбатына, түр-тұрпатына қарайды. Қалғанын содан кейін түгендейді. Сондықтан сен «жүрегің жылы», «ақылың нұрлы», «самородный сары алтын[1]» екеніңді дәлелдеу үшін алдымен сыртыңды жылтыратуың керек. Өзі ақсақ, көзі соқыр қыздың Қазыбек бидей дананы өмірге әкелетінін бір көргеннен, жазбай танып, үйленген Келдібек би[2] сияқты көреген де бұл күнде жоқ. Сондықтан өзіңді тірі жарнама етуге мәжбүрсің. Бұл қылығыңмен көрсе қызар еркектердің көз жауына да айналарсың. Бірақ, қасқырдан қорқады екенмін деп мәуесі де, саясы да мол орманға бармай қалай отырасың? Пенделіктен ада ұрпақ келтіру үшін апанына да түсесің, жыртқыштардың арасынан адам көрсең.

Оның үстіне, мен «он екіде бір гүлі жаңа ашылып», үріп ауызға салардай үлбіреп тұрған жас емеспін. Жасамыс әйелге шыли әлеміш-жәлеміштеніп кетпесе де, көз тартар етіп боянбаса болмайды. «Асау тайдай бұлаңдап тұрмаған соң еркектің көзі түсуі үшін төсті тырсылдатыңқырап, мықынды бұлтыңдатыңқырап жүргенді де үйрену керек шығар».

«Күйіктен» қайтқан әпенді әйел жолшыбай осылай тек өзін «өтімді» ету мәселесін ойлаумен болды. Таудан қарағанда моп-момақан болып томпиып жатқанымен ішіне кірген сайын сан бұрылысқа салып жықпылданып, «қыртыс-қыртысы көбейіп кеткен Тоқкенттің қай бұрышына, неге, кімге келе жатқанына да есеп берген жоқ. Тек, бір кезде тура әкесінің мейрамханасына келіп тоқтағанын бір-ақ білді. Бұған дейін сыртынан көргенімен ішіне кірмеген жері еді, түйсігі неге алып келді екен мұнда?

Иә, айтпақшы оған ақша керек екен ғой. Бояну, сылану, киіну үшін қаражат керек. Ал, Далабай әулетінің табысы осы «Тау мен Дала» сайранханалар жүйесінен түсіп жатыр. Сол жүйенің кеңсесі осында. Бүйірдегі қызмет есігінен кіріп, екінші қабатқа көтерілуі керек екенін үй ішіндегі әңгімелерден құлағында қалыпты. Сондықтан әкесінің қабылдау бөлмесін ешкімнен сұрамай-ақ, жалтақтап іздемей-ақ бірден тапты. Тек кірген бетте көзтаныс бір еркекті көріп, не амандасарын, не кері бұрылып шығып кетерін білмей қалшиды да қалды. Көзтаныс болатыны оны осыдан бірер күн бұрын қала сыртындағы үйлерінде көрген. Онда да аулада дәл осылай оңаша ұшырасқан жігіт жылышырай сәлем бергенде Анажардың бойына жылылық құйылып, жүрегі бүлк ете қалған-ды. Сол-ақ екен бойы-басын сәндемей, әрлемей қалай болса солай жүргені есіне түсіп, бір қырындап өтіп кетті қасынан. Ал, түскі асқа кіргенінде әкесі мен анасы әлгі жігітті сөз етіп отыр екен. Әкесінің «Тінібек десе, тіні бек. Өзі бір зат жігіт. Тек, отыз беске келгенше әлі үйленбей жүргені таңқалдырады» деген сөзін құлағы шалып қалды. «Бұйрық болмай жүрген де... Бұйрақ болса, үйлену деген бір пәсте ғой жігітке. Бұнда қыз баланы айтсаңшы...» деп анасы Анажарға қарағанда әпенді әйелдің бағана бүлк еткен жүрегі енді аздап дірілдегендей болды. Бойынан биязылық есіп тұрған бұл жігітті бұрын көрген де сияқты. Бірақ, қашан, қай жерде екені есіне түспеді. Әйтеуір осынау иманды жүздің, ықыласты ілтипаттың сәулесі бір түкпірінде сақталып тұрғанын түйсігі сездірсе де, сананың сансыз қатпарларының қай тұсында екенін атап-түстеп бере алмады. Енді міне, арнайы мамандардың кеңесімен боянып-сыланып, бойын түзеп үлгермей жатып-ақ сол жігітке күтпеген жерден кездесіп қалғанына ыңғайсызданып тұрған жайы бар. Бірақ, бұл ыңғайсыздықтан жігіттің өзі құтқарды. Ол орнынан тұрып келіп сәлемдесіп:

  • Менің атым Тінібек, - деді.
  • Мен сіздің есіміңізді білемін, - деді әпенді әйел шынын жасыра алмайтын әдетімен.
  • Мен де сіздің атыңызды білемін, - деді Тінібек.
  • Қайдан білесіз? Әкем айтты ма? – деп жылдамдық жасады Анажар.
  • Жоқ, - Ақбикеш айтқан, - деді Тінібек.
  • Ақбикеш? Сіз, Ақбикешті танисыз ба?
  • Танығанда қандай? Көптен танимын. Сізді де, - деп қосып қойды содан кейін.

«Бұл жігіт мені қалай көптен таниды» деп ойланып тұрғанында Тінібек:

–Далекең әкімшілікте екен, қазір келіп қалады, - деп басшының кабинетін нұсқап иегін көтерді. Жәй көтерген жоқ, жымиып көтерді. Сол кезде осы сурет есіне сап етіп түсті. Баяғы сыныптастарымен барған сайранхана. Анажар тұра қашқан арсыз би. Оны шап беріп ұстап алып ортаға сүйреген жылан көз жылтыр. Ақбикеш екеуі келіп, одан құтқарып жіберген жігіт. Иә, сол жігіт дәл осылай жымиып, «бара бер» дегенді көзімен көрсетіп, иегімен нұсқаған сонда да. Түк өзгермеген сияқты. Сол кезде де кәйіп болып бөгіп алғандардың алабажақ анайы ортасында қалай жылы жымиып жүрсе, қазір де сайранханалар иесінің қабылдау бөлмесінде солай жылы жымиып тұр. Одан бергі өткен уақыт та, өзгерген қоғам да, сан құбылған саясат та, саяси-идеологияның құлына айналған адамдардың ортасы да түк әсер етпеген бейне бір бұзылмайтын болмыс.

«Жо-жоқ, олай болуы мүмкін емес. Жүрген ортасы әсер етпейтін адам болмайды. Солардың арасындағы ішін алдырмайтын ең бір зымияны болуы да мүмкін. Әйтпесе, сайранхана сынды сан ханаларда суда жүзген балықтай сусып жүрген жігіттің ішінде не жоқ дейсің» деген күдік келді көңіліне. Артынша онысын басқа бір уәж теріске шығарды.

Ізгі адамдардың ылғи түсін суытып жүре алмайтыны сияқты, бұзық ниетті де өзін үнемі жаны жайсаң етіп көрсете алмайды. Өйткені іштегі ақ ниет те, қара ниет те сыртқа қарай шыққысы келіп тепсініп, кісінің бет-жүзінен белгі беріп тұрады. Ол белгі, әсіресе, күнде көріп, көзі үйренбеген адамдарға оңай байқалады. Мәселен, қара ниетті жанның жүзінен де, күлкісінен де ішін жасыруға тырысқан жасандылық сезілмей тұрмайды. Әсіресе, беттерінің жылтырап тұрғаны күдік шақырады. Көздері де тоқтамайды. Әлдеқашаннан бері адам зерттеушіге айналған Анажар Тінібектен ондай жасандылық байқамады. Қайта ойын-сауық ортасынан емес, тура бір ойханалардан шықпайтындай табиғи тазалық бар сияқты бойында. Сондықтан бұл жігіттің сайранханалар мен оның басшыларына неліктен келгіштейтінінің себебін білгісі де келіп тұр. Ойын оқып қойғандай Тінібектің өзі қозғады бұл әңгімені.

  • Әкеме қайта-қайта неге келгіштей береді дейтін шығарсыз мені? – деді сәлемдесіп болғаннан кейін.
  • Оным рас, - деп мойындады сайранхана иесінің қызы.
  • Ендеше түсіндірейін. Мен мейрамхана-сайранханалардан ізгілік іздеп жүрген жанмын.

Бұл жауапқа аң-таң қалғаны сонша Анажардың аузы ашылып қалды.

Соны байқаған Тінібек те сәл кідіріп барып:

  • Мәселен, Далекең бұл күнде жүрегі жылаулы, жаны жаралы адамдарға әжептәуір көмектесіп жүр, - деп аса бір ризалық сезіммен жалғады.
  • Әкесі «жүрегі жылаулы, жаны жаралы» адамдарға көмектеседі дегенді естігенде одан әрі таңғалғаны сонша:
  • Қалай көмектеседі? Тегін ойнатып, ішкізіп-жегізіп, кәйіпке бөлей ме? – деген сұрақтың аузынан қалай шығып кеткенін Анажар байқамай да қалды.
  • Сайранхана иесі қызының үнінде таңдану тұрса да, сөзінен мысқыл аңғарған Тінібек:
  • Иә, кәйіпке бөлеп-бөлеп алады да, артынан өзі айықтырады, - деді ойнақыланып.
  • Қалайша?
  • Кәдімгідей, - деді қайтадан байсалданған Тінібек. Табысының бір бөлігін сауықтыру орындарына аударады.
  • Ал, сіздің қандай қатысыңыз бар оған?
  • Мен сауықтыру орындары мен сайранханалар арасындағы делдалмын. Далабайдарға келіп, бұл Тоқкентте сауық-сайран, ойын-ойран орындары ғана емес, жаны ауырғандар мен жүйкесі тозғандарды емдеп, жазу үшін жанталасып жатқандар да бар екенін, сайранханаларға да сау адамдар келуге тиіс екенін естеріне саламын. Әйтеуір бар өнерімді салып, байлардың ізгілік сезімдерін оятуға тырсамын. Осылай-осылай тек пайданы ғана көздейтін пиғылына селкеулік түсіріп, обал-сауабы мол пайдалы іс істеуге ниеттерін бұра бастаймын.
  • Құдайым-ау, «пайда-пайда» деп өлген-тірілгендеріне қарамай жарысып жатқандардың одан өзге де пайдалы істер бар екеніне көздерін жеткізіп, мойнын бұрғызу нағыз азапты жұмыс шығар?!

Көп жасамаса да көпті көріп қалған Анажар бұндай істің салмағын шын сезінгендіктен де қызуланып айтты.

  • Бұл дүниені сұмдық көріп, тастай қашқанның азабынан, ішіне суғына кіріп араласқанның азабын артық көрдім мен.

Тінібектің бұл жауабы Анажарды қақ маңдайдан қайқайтып соғып жібергендей болғаны сонша өрекпіген көңілі сап басылып сүлесоқ қана:

  • Білмеймін, - деді де қасындағы орындыққа отыра кетті.
  • Ал, мен білемін, - деді сәл-пәл өрекпіген Тінібек.
  • Пайда-жарыс бәйгегерлерінің кабинеттеріне кіре алмай сарсылған да, естімеген сөзімді естіп қорланған да кезім болды. Есесіне, олардың жүрегіне жол тауып, иненің жасуындай болса да ізгі ниетін оята алғанымды сезінгенде жаным рахатқа бөленді. Сондықтан да адамды санасымен қоса қорғасындай балқытып қайта құюға құдіретім келмесе де, пенденің пенделігін бір мысқалға кемітіп, адамгершілігін бір мысқалға арттыру үшін бір тыным таппай осылай құмырсқа боп қыбырлаймын да жүремін.
  • Бұл іспен айналысатын құзырлы орындар бар емес пе? – деді Анажар.
  • Бар. Бірақ, олардың шаралары кісінің қалтасына әсер еткенімен пиғылына әсер етпейді.
  • Сіз сонда белгілі бір діннің уағызшысыз ба?
  • Мен адамгершіліктің уағызшысымын. Қандай сенімде, нанымда болса да, адам затының ең түп тірегі адамгершілігі, мен соның жоқшысымын.
  • Сіз тым күрделіленіп барасыз.
  • Иә, сайранханалар мен сауықтыру орындары арасындағы делдалдық міндеті тым күрделі.
  • Мұндай міндетті жалғыз өзіңіз қалай атқарасыз?
  • Мен сияқты жалғыздар баршылық. Әрі біз рухани әлем деген орасан байлық, құдіреттей күштің уағызшысы болғандықтан өзімізді тым әлсіз сезінбейміз. Керек болса, қоғамды қоғам, адамды адам етіп тұрған алтын жүлге біз.
  • Тым асырып айтып тұрған жоқпыз ба? Небір түрлі күштің, биліктің, байлықтың иелері бар бұл әлемде.
  • Олар дүниенің тұтқасын ұстап тұр. Ал, адамның тұтқасын ұстап тұрған біздер. Біз әркімнің жүрегіне жол тауып кіріп, бір-бірін күш, байлық арқылы емес, жан дүниесі арқылы адамгершілік әлемін тұтастырамыз. Әділет те, адалдық та, мейір-шапағат та сол адамгершілік әлемін мекендейді.

Тінібектің әңгімесі Анажардың осы уақытқа дейін білген сайын білімі жетпей, көрген сайын көзі жетпей, айтқан сайын ақылы таппай, бірақ санасында сапырылысып, көкірегінде бұлқынып, көмейіне тығылып жүрген түйнек-тығынды арнасын тауып ағытып жібергендей болды. Сол-ақ екен жанары жайнап, сарайы сайрап шыға келді.

Алып мұхиттай аласұрып жатқан мына дүниенің өз жынынан өзі жарылып, өз жарасынан өзі іріңдеп, іріп-шіріп кетпей тұрғаны адамның адамгершілігінің арқасы екен. Қолмен ұстап, көзбен көре алмайтын, тек жүректен жүрекке беріліп, сезілетін ғажайып нұр екен ол. Сол нұр жылытқан жүрегіңдегі махаббатты, сол нұр оятқан санаңдағы сара ойды, сол нұр дүр сілкінткен бойындағы өлшіл рухты басқамен бөлісу – бұл өмірдегі қасиетті парызың сол-ақ екен. Тек бұл іске мына былапыт өмірде былғанып қаламын деп қорықпай бел шешіп кіріс. Сонда қайта одан әрі тазара түсесің.

Мен құсап басын тауға да, тасқа да ұрмай, осының бәрін біліп, біліп қана қоймай соның жолында «өліп-тіріліп» жүрген Тінібек қандай бақытты еді деп қызықты Анажар. Бірақ, қызығып тұрып басқа бір пенделік ойды да ойлады. Адамның адамгершілігімен өмір сүру саналының басты парызы болса, бүкіл тіршілік иесінің басты парызы ұрпақ шашу емес пе еді? Ұрпақ болғанда да адамгершілігін еш кемітпей, қайта еселей түсетін ұрпақ шашпақ керек саналыға. Ендеше, бұл жігіт неге үйленбейді? Әлде, бар болмысымен жұмысына беріліп кетіп, бас құрау парызын ұмытып жүрген мен сияқты әпенді біреу ме?

Сол-ақ екен әпенді әйел әпенді жігіттің ұмытып жүрген парызын еске түсіру үшін «Бұзық» пиғылдарды түзетуге ауып кеткен «есіл-дертін» өзінің «түзу» көңіліне бұрғысы келіп кетті. Осы ниетінен пайда болған бейіс-сезімі енді өзінің есіл-дертін билеп бара жатты...

Соңы.


[1] Абай теңеулері

[2] Қазыбек бидің әкесі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар