Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Елікбай Иcа: Екі шабандоз бір атқа мінбейді...

26.02.2016 3866

Елікбай Иcа: Екі шабандоз бір атқа мінбейді

Елікбай Иcа: Екі шабандоз бір атқа мінбейді - adebiportal.kz



Елікбай ИСА.jpg

Елікбай ИСА

термеші




«Бай болсаң, балам, тасыма, 

Кедей болсаң жасыма,

Нелер де келіп, не кетпес-ау,

Ер жігіттің басына…»



Елікбай Иса – текті өнердің төрінде жүрген термеші. Оның бір ғана «Ана өсиеті» атты термесінің танымалдылығы мен тәрбиелік мәнінің маңыздылығы сол – әр қазақ жатқа біледі. Әр қазақтың жүрегінде. Әр жастың ұялы телефонында.

Біз халқымыздың жауhарын түгендеп жүрген асыл ағамызды әңгімеге тартқан едік…



– Елікбай аға, әңгімеміздің әлқиссасын терме өнеріне қалай келгеніңізден бастасақ…

– 4 сыныпты оқып жүріп ән айтуды жақсы көріп, радио, теледидардан, қала берді, үйге келген қонақтардан естіп, мүмкіндігімше жазып алып жаттадым. Қонақтарға арнап әкем марқұм маған ән айтқызатын. Менің айтқаным оларға қызық болды ма, әлде жақсы айттым ба, қонақтар сүйсіне тыңдайтын. Сол кезде Шәмші атамыздың «Ақ бантик», «Алтыным», «Арыс жағасында» сияқты көптеген әндерді нақышына келтіре орындайтынмын. Кейінірек 6-7 сыныпта оқып жүргенде әкем кітап дүкенінен «Алпамыс», «Қобыланды», «Ертөстік», «Қамбар батыр» кітаптарын алып келді. Күнде кешкі тамақтан кейін үлкен әпкем екеуміз кезек-кезек оқитынбыз. Қызыққанымыз сонша, ертеңгі сабаққа бару естен шығып, түннің жарымына дейін көз ілмейміз. Келе-келе сол жырларды біраз жеріне дейін жаттап, домбырамен айтып жүрдім. Оны көрген әкем көршілерді шақырып алып тыңдатып, менің айтқаныма мәз болып марқайып отыратын. Қысқасы, мені жыр әлеміне алғаш жетелеген – әкем.

10 сыныпты бітірген жылдары теледидардан «Терме циклі»деген бағдарлама берілетін. Сол бағдарламада Аяз Бетбаев, Мұхтар Құралов, Алмас Алматов ағалардың термелерін қатты ұнаттым. Міне, содан бастап терме жаттауға бел будым. Ауданаралық, облысаралық терме жарыстарына қатысып, бас жүлдені ешкімге бермей келдім.

Ауылымызда Әшім деген ағамыз болды, марқұм Майлықожаның, Нартайдың термелерін тойларда айтатын. Әкем маған «Сол ағаң секілді айтсаң мен риза болар едім, екі дүниеде арманым болмас еді» деп армандаушы еді. Мен сол ағамыздың соңынан қалмай жүріп біраз терме үйрендім. Мектеп қабырғасынан соң 1977 жылы әскери борышымды теңіз флотында өтеп, 3 жыл 6 ай қызмет еттім. Келгеннен кейін ОҚО Жетісай қаласындағы мәдени-ағарту техникумына оқуға түстім. Мен түскен жылы терме класы ашылып, сонда ауысып алдым. Ұстазым Оразгүл, Нүрилә және Қ.Айтпенов атам болды. Өнер жолындағы жолым осылай басталды.


– Бүгінгі термешілердің аяқ алысы қалай?

– Өте жақсы десем болады. Бірақ қолдау жағы аз. Ұлттық өнерге қырын қарайтын кеңес дәуірінің өзінде дәстүрлі ән өсті. «Қалай өсті? Ол кезде сабақ берген ұстаздардың сауат деңгейі қандай еді? Кімдер оқытты? Олардан жоғары деңгейлі шәкірттер шықты ма?» деген сансыз сұрақтар туындайды. Әрине, біріншіден, жоғары жақтан қолдау болды. Екіншіден, оқымаса да құдай берген дарындар – «самородок-тар» көп болды, олар оқымаса да сауатты болды, мықты шәкірттер дайындады. Марқұм Жәнібек Кәрменов, Ғарифолла сынды ұстаздардан тәлім алған бүгінгі Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышевалар қандай талантты шәкірттер еді!..

Қазақтың дәстүрлі ән өнері «Жетісу дәстүрі», «Батыс дәстүрі», «Арқа дәстүрі» деп аймақтарға бөлінеді, себебі, әр өңірдің дәс-түрлі әні, орындау шеберлігі сол өңірден шыққан өнерпаздың қанында бар, ата бабасынан беріліп келе жатыр. Қазіргі таңда Сыр өлкесінің жыр мектебі дамыған мектеп. Алмас Алматов ағамыздың арқасында бүгінгі күні басқа өлкелерден көш ілгері. Алайда, басқа өлкелерде неге дамымай келеді? Себебі, айтарлықтай қолдау жоқ. Жыршылық, термешілік қасиеті қанша жоғары болса да кейбірінің қолында тілімдей қағаз жоқ. Өйткені, олардың кезінде оқуға мүмкіндік болмаған. Ал қазір ол кісілерге оқитын уақыт емес. Соған қарамастан, әр өлкеде жүрген алла берген дарындарды жинап, оларды ұстаз етіп тағайындаса жыр-термеміміз 5-6 жылда қалпына келер еді. Оған менің күмәнім жоқ. Өзім Астанада Қазақ ұлттық өнер университетінде Айман Қожабекқызының қолдауымен жыр класын аштым. Шәкірттерім бір жылдың ішінде талай конкурстарға қатысып, лауреат атанды. Өкініштісі, екінші жылында Білім және ғылым министрлігінен тексеру келіп, дипломымның жоқтығынан жұмыстан шығарып жіберді. Ал енді ғана оқыта бастаған шәкірттерімді дәстүрлі ән класына бөліп жіберді. Қазір ата-аналары ренжулі, студенттерімнің де оқуға құлқы жоқ. Бүгінде Қорқыт ата атындағы институтта зерттеуші болып қызмет етемін.


– Ал Қытайда қазақ термешілерінің курсы ашылыпты. Ол туралы не айтасыз?
– Қытайда жоғары оқу орнын бітірген жыр-терме мамандары бар ма екен? Әрине, жоқ. Енді осы курсты бітіргендер маман бола бастайды. Сосын бұл өнерді Қытай меншіктеп алады. Одан кейін термемізді айту үшін солардан рұқсат сұраймыз. Әрине, ол жақтағы қандастарымыз біздің елде қолдау жоқтығын көріп, біліп, ұмыт болмасын деп жасап жатқан жұмысы шығар деп ойлаймын.

– Алғаш рет 2012 жылы ақын, жыршы-термешілердің Халықаралық Одағы құрылды. Жұмысы қалай? Кенже қалған өнерді ілгерілетуге қауқары жете ме?

– Иә, одақ құрылды. Оның құрылғаны, әрине, жақсы, егер көзін тауып жұмыс істей білсе. Қазір саны бар, сапасы жоқ қорлар көбейіп кетті. Оны нағыз мамандар емес, қолынан ештеңе келмейтін жандар басқарады. Сондықтан, айлығы мен лауазымына мас болып, ары қарай ұйықтап отыра береді. Кеңес өкіметі кезінде көрсеткен қорлығы өз алдына. Асқар Сүлейменов кеңес өкіметі кезінде үлкен лауазымды ағамызға: «Мынау Майлықожаның терме-жырлары еді, осыны кітап қылып шығаруға көмектесіңіз» деп барыпты. Сонда ол әлгі жинақты парақтап оқып отырып: «Мынаны қайта жазыңыз, «алла», «бісміллә» деген діни сөздерді алып тастаңыз» депті. Асекең де «жарайды» деп терменің бәрін шолтитып кесіп-кесіп тастап, күйінгеннен қайтып келіп: «Мінеки, енді Майлықожаны партияға қабылдасаңыз болады…» деген екен. Қазіргі уақытта әлі де кертартпадан арыла алмай келеміз. Десек те, күндердің күнінде өз жолын табар деп үміттенем.


– Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық еткеніңізден хабардар едік… Ол жерден неге кеттіңіз?

– Қазақ ұлттық өнер университетінде жыр маманы бойынша қазақтың мақтанышы, Сыр өңірінің жезтаңдай аққуы, жырау Елмұра Жаңабергенова қызымыз ғана жұмыс істеп жүр екен. Оны да бір өзі болғандықтан қобыз-баян кафедрасына қарасты етіпті. Әр кафедра өз мамандығына ғана жаны ашиды, басқасы не болса, ол болсын. Студент келсе – жақсы, келмесе сағатың толды ма, толмады ма, ешкімнің жұмысы жоқ, жаны ашымайды. Мен де сол қобызшылар кафедрасының ішіне кірдім. Тауық қораға кірген бөтен қораздай түрткіден түрткі басталды да кетті. Бірінші жылы үш бала ақылы дайындық курсында оқыды. Оқуына ақша таппай, демеуші іздеп, әрең дегенде таптым. Аллаға қараған бір інішегім көмегін беріп үшеуін де оқыттым. Өткен жылы үшеуі де лауреат болды.
Осы салада жүргеніме 33 жыл болыпты. Астанаға келуіме де себеп болған Елбасымыздың өзі. Ол кісі жыр-термемді тыңдап, «Осы өнеріңді Астанада да насихатта» деп шақыртқан еді. Ол кісі көріп-біліп бағаласа да, кертартпа кейбір ел ағалары шеттетіп жіберді. Осы біздің жағдай…

– Жоғымызды түгендеп, зерттеу жұмыстарымен айналысып жүр екенсіз. Осы жайында толығырақ айтып беріңізші?

– ХХ ғасырдың басында ғана емес одан да арыда дамыған ауыз әдебиетіміз, қыран құстай самғап осы ғасырға дейін ауыздан-ауызға беріліп, кейінгі ұрпаққа қағаз-қаламсыз да жетіп еді. Бертін келе келеңсіз кеңес өкіметінің өктемдігімен талай дүниеден айырылып қалдық. «Ел іші – өнер кеніші» деп ата-бабаларымыз бекер айтқан жоқ. Құйма құлақ ақын-жырау аталарымыз сол дәуірде айтылған жыр, терме, дастан, қиссаларды дәріптеп, осы заманымызға жеткізді. Ал сол бабалардан қалған мұраларды артынан іздеп барып, зерттеп жүргеніміз жоқ. Себебі, кеңес өкіметі жыр-термелерімізді айтқызбады, оның мәнісі – «турасын айтып туғаныңа жақпайсыңның» кері еді. Ақындарымыз шындықты бетке шыжғырып айтқанынан қорқып, айтқызбай жаптырып тастады. Міне, осыдан кейін аталарымыз жазып, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін жасырын сақтады. Қазір сол жасырған дүниелерді іздеп барып, назданғандарға «әке-көке» деп жалынып-жалбарынып жүріп жинаудамыз. Бір жағы, сол экспедицияға өз қаражатымызбен, бала-шағамыздың аузынан жырып барып қайтамыз. Зертхана деген аты болмаса, біз үшін басы ауырып, балтыры сыздап жатқан ешкім жоқ. Итшілеп барып, жинап әкелген материалдарға мән беріп жүрген де адам жоқ. Экспедицияға бөлінген қаржы жоқ емес бар, бергісі келмейді. Біздің алып келген материалдарымызды кітап етіп шығаруға да қаражат бөлгісі келмейді. «Күріш арқасындағы күрмектің күн көруі» айдан анық болып тұр. Мұның бәрін айта берсең, «айтқанның аузы жаман» демекші, «жұмыстан шығыңыз, сіз істемесеңіз, басқалар істейді» деп, қорқытып, үркітуін қоймайды. ОҚО өңірінен әкелінген қаншама материалдар, мұрағаттан алынған қағаз бетін көрмеген дүниелер жатыр, бірақ ешкімге керегі жоқ. Өзіміз шығаруға қол қысқа. Мен зерттеп әкелген дүниелер басы Майлықожадан бастап, Мәделіқожа, Жүсіпқожа,Құтбайқожа, арғысы Майкөт атам, Италмас Түнғатарұлы, Нұралы Нысанбайұлы, Еркөбек Құттыбайұлы, Сүйіндік Тілегенұлы, Молда Мұса, Құлыншақ Кемелұлы, Қайыпназар Айтпенов, Қаныбек, Әкімкерей, Мұса ақын т.б. көптеген ақын-жыраулардың жыр термелері. Нотаға түсірмей шығарғанның өзінде төрт кітап болады, ал осылардың бәрі нотаға түсіріліп жатыр. Егер мақам бұзылмасын десек, нотаға түсіргеніміз абзал.


– «Текті сөздің төресі – терме» атты байқауы не берді? Жалғасуы мүмкін бе?

– «Әзірет Сұлтан» мешіті өткен жылы терме байқауын өткізді, байқау ұстағанның уысында, басқанның аяғында кетті. Бұлай дегеніме осы байқауды ұйымдастырған азаматтар ренжитін шығар. Қазақ: «Тауық сойса да, бабын білетін қасапшы сойсын» деген ғой, он басшыға бір қосшы демекші, бас-басына «мен әділқазы екенмін» деп әркім өз танысына берсе, ол термеден не үміт, не қайыр?!, Жаңа мақам , жаңа терме деген соң соны іздеп әділ шешім бермей ме екен? Жыршы, термеші ақындарымыз бар, Алла көп көрмесін, оларға амандығын берсін. Сол көптің ішінде қаншама шешен шайырлармен бірге мен де қатыстым. «Маған неге бермеді?» демеймін, әділдігі қайда, соны іздеймін. Менің айтпағым, сол бас жүлде алған кісінің термесін халыққа шығармай ма? Жаңа шыққан жыр, терме шыға салып өлмеуі тиіс емес пе? Бүгін айтқызып, ертең ары қарай дәріптеп елге бермеген соң, оның несі терме? Міне, осы тұрғыдан келгенде оның ертең жалғасы болады деп айта алмаймын. Қаражат шашып, қалтаға басам дегендер көзбояушылықтың қаншама сан-алуан түрлерін шығаруда, ол бәріне де айқын. Сөйте тұра, қоймайды. Жырау Алмас Алматов ағамызды мен аңыз адам дер едім, ол кісімен бір сағат әңгімелескеннің өзі бір жылдық азық болады. Ол кісі де қатысты термеге. Біздің жазған термелеріміз ескіше жазылған терме екен. Ағамыздың сабырлылығын қараңыз, бұл қалай болғаны десем: «Ей, Елеке, егер солай деп бағалаған болса керемет қой, бас жүлдені біз алыппыз…» деп отыра берді. Терме сөзін былай қоялық, тақырыбына мән берейік: «Арақ пен Қазақ»… қалай түсінесіз?


– Төл өнеріміз – терме жанрын дамытып, насихаттау үшін, жастардың құлағына, бойына осы өнерді сіңіру үшін не қажет?

– Төл өнерімізді болашақ жастарға сіңіру үшін, алдымен, бұқараға ақпараттық насихат керек. БАҚ құралдарында жариялап, үлкен сахналарда концерттер берсек, мектептерде оқытсақ, оның ішіндегі айтылған сөздерді талқылап түсіндірсек, жыл сайын бабаларымыздың атынан байқаулар өткізіп, оны тамыр-танысқа емес, бәйгеден озып шыққанға әділ бағасын беріп отырсақ деймін. Себебі, қазір тыңдаушы жастар жоқ емес, олар тіпті көп деуге болады. Менің таспаға шыққан жыр-термелерім әрбір жастың қолтелефондарында жазылып тыңдалуда. Терменің тәрбиелік мәні өте зор десем, артық айтқаным емес. Жоғарыда айтқанымдай, оқу орындарында жыр, терме кластарының кафедрасы бөлек, істеген істері бөлек болса, дәл бұлай бас қатырмас едік. Екі шабандозды бір атқа мінгізіп қойып, көкпар тартқанды қайдан көрдіңіз? Сол сияқты, дәстүрлі ән шабандозына жырдың шабандозын мінгестіріп, тартыстырып қойған заман болып тұр…



Сұхбаттасқан Гүлжаз Қыдықбекова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар