Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Елордалық қаламгерлерге «Алаш» сыйлығын табысталды...

28.05.2021 7135

Елордалық қаламгерлерге «Алаш» сыйлығын табысталды 12+

Елордалық қаламгерлерге «Алаш» сыйлығын табысталды - adebiportal.kz

Елордадағы Жазушылар үйінде 2020 жылғы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға Жанат Елшібеков, Әлібек Асқаров, Құныпия Алпысбаев, Рақымжан Тұрысбек, Нұрлан Исабеков, Толқын Ақанұлы, Серікзат Дүйсенғазы, Ерлан Жүніс, Олжас Қасым, Мирас Асан сынды зиялы қауым өкілдері қатысты. Айтулы сыйлыққа Нұр-Сұлтандық төрт қаламгер: Табыл Құлияс, Мәди Айымбетов, Толымбек Әбдірайым, Тұрмағанбет Кенжебаев ие болды. Марапатты кеш тізгінін ұстаған ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы табыс етті.

Жақында ғана Елордаға қоныс аударып, 85 жасқа толып отырған белгілі жазушы Медеу Сәрсеке ағамызбен, «Бостандық жырының бозжорғасы атанған» 70 жасқа толған көрнекті ақын Несіпбек Айтұлына Жазушылар одағы басқармасының арнайы құттықтау хатын табыстап, қазақы дәстүрмен иықтарына шапан жапты.

Індет кесірінен көптен бір-бірін көрмеген қаламгерлер кезек сөз алып, қоғамда қордаланған көптеген мәселелерді ортаға салды. Әсіресе әдебиеттің жай-күйін, кітап таралымына қатысты пікірлерін айтты. Қаламгерлердің бас қосуына ұйытқы болған, Жазушылар үйінің қыстайғы қиындықтарымен күресіп жол тауып жүрген филиал төрағасына алғыстарын білдірді.

Өз иесін тапқан марапат иелерін біз де арнайы сұхбатқа тарқан едік. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Табыл Құлияс

- Бұл сыйлыққа қандай шығармаңыз ұсынылды? Атаулы шығармаға кеңінен тоқталып өтсеңіз?

- Сыйлық сатиралық шығармаларым үшін берілді. Сатира ауыр жанр. Қоғамдық пікір ортаға тастау маңызды. 1955 жылдан бері қарай фельетон жазумен келе жатырмын. «Ақ мылтық» деген екі томдық, «Бетім жоқ, масқара!» деген сатиралар жинағым жарық көрді. Қоғамдағы келеңсіз мәселелерді көтердім. Жемқорлар, қоғам мүлкін талан-таражға салушылар туралы жазылған «Жегіқұрт» деген кітабым мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. Сатира жанрында біршама жаздық. Кешегі Кеңес заманында да кемшіліктер болды. Кемшіліксіз қоғам, кемшіліксіз адам болмайды ғой. Оның да зияндысы, зиянсызы, орташа зияндысы болады. Қайсы болса да таза, арлы, намысты тіршілік өте қиын шығар деп ойлаймын.

- Шығармаларыңызға пікірді жиі естисіз бе?

- Шығармаларым жайлы кезінде Әбіш Кекілбай, жазушы Дүкенбай Досжан «Сатира сарбазы» деп көлемді мақала жазды. Филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменше талдап жазды.

- Сатираға қалай келдіңіз?

- Соғыстан кейінгі жылдарда 11-12 жастамыз. О заманда да әділетсіздік көріп өстік қой. 5-сыныптан бастап жаза бастадым. Мектеп бітірген соң аудандық газетте істедім. Сонда жүргенде газеттен сатиралық бет аштық. Ол уақытта сын түзелмей, мін түзелмейді деген ұстаным болатын. Газеттің абыройын көтеретін де сол сын болды. Өткір сын талқыланады. Партия болсын, комсомол болсын. Дереу шара қолданып отырды. Сондықтан Кеңес заманында сынға үлкен мән берілді. Осылай қалыптастық.

Ол заманда кейіпкерімен сын жазған адам бірге жауапқа тартылатын. Дәлелсіз болса жазаланады. Мысалы мен бір совхоз директорының қылығын жаздым. Ол қырықтан асқан әйелін «бала таппадың» - деп бұрымын кесіп тастаған. Ол уақытта бұрымсыз қалу қасірет болатын. Әйел адамға абыройсыздық саналған. Содан мен «Кесілген бұрым» деген фельетон жаздым. Ол «Лениншіл жасқа» шықты. Мені райком жауапқа тартты. Париядан шығарып жібермек болғанда сөмкемдегі қағазға оралған бұрымды алып шығып көрсеттім. Соны әйелмен пікірлесіп дерек ретінде сақтап қойған болатынмын. Сөйтіп аман қалдым. Осындай қиындық көрген соң алғашқы кітабымның атын «Кесілген бұрым» деп атадым.

Алаш қайраткерлерінің өзі кеше бүркеншік атпен фельетон жазған. Оны газеттің бірінші бетіне басқан. Қай заманда да фельетон жауынгер жанр ретінде өте өзекті болған. Қазір ащы сатира жазатындар сиреп қалды. Жалпы тек мақтай беру жақсылыққа апармайды.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мәди Айымбетов

- Бұл сыйлыққа қандай шығармаңыз ұсынылды? Атаулы шығармаға кеңінен тоқталып өтсеңіз...

- Алаш сыйлығына «Тіршілік миниатюралары» атты кітабым ұсынылды. Кітаптың аты айтып тұрғандай, мұнда қысқа-қысқа жазылған мөлтек жазбаларым топтастырылған. Тақырыбы айналадағы өмір құбылыстары мен оқиғалары, адамдардың тіршілігі, табиғаттың бейне пейзаждары, қысқасы бүгінгі күндердің тыныс тіршілігіне көзқарас, өзіндік ой-толғамдар топтамасы десек те болады. Және осының бәрі әрқилы фотосуреттерімен қоса беріліп отырды. Бұл кітаптың басты ерекшелігі де осында ғой деймін. Жанрлық сипаты жағынан келгенде бұл дүниелерді күнделік-эссеге де, пейзаждық суреттемеге де, новеллаға да, деректемелік хроникаға да жатқызуға болады. Қазақ әдебиетінде мұндай сипатта жазылған кітаптар бұрын-соңды болды ма, білмеймін, әйтеуір өз басым кездестірмедім, оқымадым. Бәлкім, бұл кітап өзінің осындай сипаты жағынан қазақ әдебиетінің соңғы жылдардағы жаңалығы да болар.

- Жаңа шығармаға жаңа пікірлер айтылуға тиісті ғой. Бүгінгі қаламгерлердің оқырманмен байланысы қандай? Шығармаларыңызға пікірді жиі естисіз бе? Ол пікірлер сіз үшін қаншалықты маңызды?

- Бұл кітапқа қатысты Аманғос Мектептегінің «Егемен Қазақстан» газетінде көлемді мақаласы жарияланды. Әлеуметтік желілерде көптеген пікірлер жарияланды. Жазушылар Мағира Қожахметова, Бейбіт Қойшыбаев және тағы да басқа қаламгерлердің жақсы пікірлері бар... Ал жалпы жазушыны оқырмандарымен байланыстыратын оның кітабы, жазылған туындысы ғой. Елу жылға таяп қалған шығармашылығым өмірімде туындыларыма талай-талай пікірлер айтылды ғой. Б. Соқпақбаев, З. Қабдолов, З, Серікқалиев, Ф. Оңғарсынова, Б. Қойшыбаев, С. Негимов, Ж. Аупбаев, М.Кенжебай,тағысын-тағылар деп соза берсем, сала-құлаш бұл тізім болар еді. Бастысы, әрине, тізімде емес, шығарманы тануда, әдебиетке берерін кімдердің тап басып айтуында ғой. Бұл тұрғыдан келгенде, ағаларыма да, қатарлас қаламгер әріптестеріме де өкпем жоқ. Әр кез шығармаларымның төңірегінде айтылған пікірлерді есімде ұстауға тырысамын. Әдебиет сынының деңгейі кітапқа жалаң баға берушілікпен емес, көркем шығарманың эстетикалық, өміртанымдық сипатының қаншалықты дәрежеде екенін түйіндей білуде ғой. Жазушы үшін де, оқырман үшін де маңыздысы осы дер едім.

- Қай қоғамға да қаламгерлер көзқарасы ауадай қажет. Кез-келген дүниені өзінше сезініп, өзгеше ойлай алатындығынан болар. Шығармашылық әлеміңіз жайлы айта отырсаңыз?

- Қаламгердің көзқарасы арқылы қоғам тіршілігінің сипатын анықтауға болатындығы шүбәсіз ақиқат. Өйткені әдебиеттің қоғам дамуынан тыс өмір сүруі мүмкін емес. Не туралы жазсаңыз да, қандай тәсілмен жазсаңыз да өз ортаңыздың шындығынан алыс кете алмайсыз. Менің шығармашылық қадамым кеңестік кезеңде басталды. Өткен мыңжылдықтың жетпісінші жылдарының басынан бері жазып келемін. Сол кезеңдерде де, тәуелсіздік жылдарда жазылған дүниелерімде де өзім түсініп, түйсіктеген өмірдің шындығына көркемдік тыныс, реңк беруді басты мақсат еттім. Ешқандай идеологияның ықпалында кеткем жоқ. Көптеген әңгіме, хикаяттар жазылды. Прозаның көлемді жанры романға қаламымды көп жұмсағаным жоқ, бір романым ғана жарық көрді, қазір екіншісін жазып, соны қырнап, жөндеу үстіндемін. Жиырмадан астам прозалық кітаптарым жарық көрді. Ал үш-төрт жылдықта мемлекеттік бағдарламамен таңдамалы шығармаларымның 5 томдығы жарық көрді. Бірқатары орысшаға аударылды, жекелеген шығармалар ТМД елдерінің бірғанша тілдеріне жарияланды.Шығармашылық әлемім туралы әркезде баспасөзде, телехабарларға берген сұхбаттарымда айттым, бәрін қайталап жатпай-ақ қояйын, қысқаша ғана тұжырғанда осы.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Тұрмағанбет Кенжебаев

- Бұл сыйлыққа қандай шығармаңыз ұсынылды? Атаулы шығармаға кеңінен тоқталып өтсеңіз...

- «Күн мен түн» жинағы. Кітап «Күн» және «Түн» атты екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге өмір жайлы, өзім жайлы ой-толғамдар енсе, екінші бөлімде туған жер, жастық шақ пен махаббат тақырыбындағы өлеңдер топтастырылған. Өзіңе өзің баға беру – ыңғайсыз шаруа, дегенмен кітап лайықты бағасын алды ғой ойлаймын.

- Жаңа шығармаға жаңа пікірлер айтылуға тиісті ғой. Бүгінгі қаламгерлердің оқырманмен байланысы қандай? Шығармаларыңызға пікірді жиі естисіз бе? Ол пікірлер сіз үшін қаншалықты маңызды?

- Таласбек марқұм айтқандай, қазір өзі «Көрдің бе? Көрмедім... Оқыдың ба? Оқыған жоқпын!..» дейтін заман болды ғой. Бәрі – есеп, тіпті жібі түзу пікір айту да... Не жасыратыны бар, байланыс та баяғыдай емес. Себеп көп. Санап тауыса алмайсың: құндылықтардың өзгеруі, тұрмыс-тіршілік, қазіргі жағдай, кітап таралымының аздығы... Қысқасы, қойшы, толып жатыр. Бәлкім бізден де бар шығар!.. Адам жас келген сайын тартыншақ бола ма, жас кездегідей емес көп алдына қутыңдап шыға бергің де келмейді.

Бірақ бүгінде сол «көп жоқтың» орнын интернет, сайттар мен әлеуметтік желілер толтыра бастады. Мәселен, осы өздеріңіз секілді... Оған да шүкір!..

Ал пікір жайына келсек, ең әділ сыншы – уақыт. Сосын, әрине, суреткердің өзі. Ар таразысы.

Сайттар мен әлеуметтік желіде әртүрлі пікірлер айтыла береді. Әділ болса – өкпе жоқ. Дегенмен, өз басым оларға онша көңіл аудармаймын. Оқырман өз ойын айтуға құқылы. Сенің де өз сөзің өзіңде!..

- Қай қоғамға да қаламгерлер көзқарасы ауадай қажет. Кез-келген дүниені өзінше сезініп, өзгеше ойлай алатындығынан болар. Шығармашылық әлеміңіз жайлы айта отырсаңыз?

- Тәуелсіздік кезеңі қалай десек те шығармашылық адамының шідерін кеңейтті. Дәл қазір не жазғың келсе де, ешкім сенің қолыңды қақпайды. Бұл жақсы ма, жаман ба, дұрыс па, бұрыс па: ол – енді басқа әңгіме. Мысалы, жұрт бүгінде кім көрінген ақын, екінің бірі жазушы болды деп жақтырмайды. Не болса соны жазады деп мінейді. Сан көп, сапа жоқ деп жазғырады. Кім болса сол кітап шығаратын болды деп кінәлайды. Ау, онда тұрған не бар? Өзі үшін, ұрпағы үшін жазған шығар. Шығарса өз қаржысына шығарыпты, сенің нең кетті?! Оның бәрі әдебиет емес қой. Жазғанның бәрі жазушы, екі ауыз өлең құрастырғанның бәрі ақын емес. Жазсын, шығарсын... Кең болсаң – кем болмайсың. Жаманнан да үйренуге болады. Тым болмаса естелік қалады, ал онда дерек көп...

Өзімді қоғам туралы пікірін ашық айтып жүрген санаулы қаламгерлердің бірімін деп есептеймін. Өзгеріс керек. Шегінер жер жоқ. Біреулер «Ойбай-ау, ертең қазіргі күнімізге зар болсақ қайтеміз!» деп байбалам салады. Бос сөз. Алдарқату. Не болса да, дәл бүгінгіден хуже не будет!.. Батылдық керек...

Шығармашылық хақында не деуге болады? «Ең жақсы шығарма – жазылмаған шығарма» дейтін бе еді?.. Алла ғұмыр берсін. Жазарымыз таусылмасын!.. Қалғанын өмір көрсетеді. Жалпы, меніңше қазір көпіртіп көп жазатын уақыт емес. Аз болса да – саз болсын. Әсіресе, өлеңде!..

Ең бастысы, ертеңгі жазатының бүгінгі жазғаныңнан кем болмасын. Кем екенін байқадың ба, қоя ғой!.. Көк ала үйрек кімдерден кетпеген?! Бір жағынан бүгінгі сыйлық та бізге сондай жауапкершілік жүктейді.

Айтпақшы, айта кетер бір жәйт – бір кезде Одақтың бұрынғы басшылары топ-тобымен топырлата беріп бұл сыйлықтың да қәдірін кетіріп еді. Құдайға шүкір, қазір түзеле бастады. Бұл – сөз жоқ, бүгінгі Ұлағаң бастаған жаңа басшылықтың жетістігі. Рас, түйінді мәселелер әлі де аз емес. Мәселен, осы «Алаш» әдеби сыйлығы Қазақстан Үкіметі бекіткен мемлекеттік марапаттар тізіміне тұр. Алайда, ешқандай көмек жоқ. Неге?..

Былтыр президентіміз «Қазақстан Жазушылар одағы мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырады» деп бәрімізді қуантып еді. Әзірге ешқандай өзгеріс жоқ. Десе де, көш жүре түзеледі!..

Көп жазылып, айтыла бермейтін ақын Тұрмағанбет Кенжебаев жайлы Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, М.Мақатаев атындағы және Ж.Нәжімеденов атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты, ақын Бауыржан Жақып ағамыздың пікірі:

«Поэзия – ақын жанының айнасы. Ақынның мынау өмірге көзқарасы, қоршаған орта туралы түсінік-пайымы, табиғат құбылыстары туралы ой-толғамдары, махаббат қылын шертетін сезім күйлері, туған жер мен өскен ел хақындағы тебіреністі байламдары – бәрі-бәрі оның жүрекжарды жырларынан көрініс табады. Әр ақынның оң жамбасына келетін тақырыптары болады. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Тұрмағанбет Кенжебаевтың да өз өрісі, өзін толғандыратын тақырыбы бар. Оның бұрын да бірнеше кітаптарымен, мерзімді баспасөз бетінде жарық көрген өлеңдерімен таныспын. Бұдан бұрын жария болған "Тарту", "Күміс бұлақ", "Жанымның жарық сәулесі" атты жыр кітаптары кезінде оқырман тарапынан лайықты бағасын алды. Сонда байқағаным, Тұрмағанбеттің жырлары ерекше мұңды болып келеді. Ол мұңды өлеңдерден мұнара тұрғызып жүргендей көрінеді маған. Оның өткінші өмір, жалған дүние, қамшының сабындай қысқа ғұмыр туралы өлеңдерінде байдың да, бағланның да, аштың да, тоқтың да барар жері, шығар шыңы – бір; яғни қасиетті Құран кәрімде жазылғандай: «Әрбір адам өлімнің дәмін татады». Тұрмағанбет өз жырларында адамзат үшін мәңгілік тақырып – өмір мен өлім туралы тарихи, имани, терең философиялық ойларын ақ қағазға төгеді. Және ол ойлары – ешкімнің пайымына ұқсамайтын өз жүрек түкпірінен туған моншақтар. Түсінген жанға Ақын поэзиясы сонысымен де қымбат, сонысымен де елең еткізеді. Шынтуайтына келгенде өмір мен өлім тақырыбы адам адам болғалы қозғалып келеді. Бірақ оның шегіне жеткен ешкім жоқ. Бұл тақырып әр адам санасынан әр түрлі деңгейде көрініс табады. Адамдар қалай бір-біріне ұқсамайтын болса, өмір мен өлім сияқты басты тақырыпты қозғаған шығармалар да бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Тұрмағанбеттің бұл басты тақырыпты өз шығармаларына өзек етіп алуының да түпкі мақсаты – ешкімге ұқсамайтын өз жолымен жүріп, ешкімге ұқсамайтын өз қолтаңбасын қалдыруға деген шынайы талпыныс.

Мен Тұрмағанбетпен сонау 80-ші жылдардан таныспын. Ол кезде әдебиетке бейімі барлар Алматыдағы КазГУ мен КазПИ-ді таңдайтын. Біз КазГУ-де оқыдық. Ал КазПИ-де де біраз талантты жігіттер оқыды. Тұрмағанбеттің Лесбай Оспанов, Ғалым Есенсариев, Құдияр Біләл сияқты курстастары болды. Таласбек Әсемқұлов олардан бір курс жоғары, ал Тұрсынжан Шапай екі курс жоғары оқыды. Бұлардан төменгі курстарда Нұрлан Әбдібеков, Әбдіқайым Төлтебаев, Кәдірбек Құныпияев, Шарафаддин Әмір, Қазыбек Иса оқыды. Бұлардың бәрі қазіргі қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Мағауиннен "Қазақ әдебиетінің тарихы"пәнінен дәріс алу бақытына ие болды. Бізге әдебиетті Белгібай Шалабаев, Зейнолла Қабдолов, Сұлтанғали Садырбаев, Тұрсынбек Кәкішев, Қадыр Мырзалиев, т.б. оқыды. Ол кездерде сабақтан қол босаған сәттерде топтасып алып, ретін тауып қала кезетінбіз! Жәй кезбей, жаңа достар тауып жүретінбіз. Көктемнің сондай жаймашуақ күндерінің бірінде "Қазақфильм"жақтағы жырханада КазПИ-дің бір топ жігіттерімен кездесіп қалдық. Менімен бірге Базарбек Түкібаев (сатирик) бар еді. Ол КазПИ-де оқитын Лесбай Оспановты танитын болып шықты. Лесбайдың қасындағы жігіттердің бірі осы Тұрмағанбет болатын. Әрқайсымыз жатқа өлең оқып, ырду-дырду болып тарқастық. Қазір ойлап қарасам, оған да 40 жылдай уақыт өтіпті. Оқу бітірген соң Тұрекең ауылына кетіп қалып, қызмет істеп, біраз жылдардан соң, ел тәуелсіздік алғаннан кейін Алматыға қайтып оралды. Одан кейін екеуміздің қайыра жолыққан кезіміз – оның Қазақ радиосында редактор болып қызмет атқарып жүрген жылдары.

Ауылдан Алматыға қайта келгенде, Тұрекең қатты есейіп оралды. Баяғы албырт жастық жалын бәсеңдегендей ме, әлде қатыгез тағдырдан жазықсыз таяқ жеді ме?! Ол жағын анық білмеймін...

Тұрмағанбет – тастаяқ ойынының хас шебері. Қаламгерлер арасында өтетін талай жарыстарға бірге қатысып жүрдік! Көбінесе ол жүлдеге ілінетін. Бірде Жазушылар Одағының бильярд залында "Заң" корпорациясының 10-жылдығына 50-шақты жазушы, журналистер қатысқан турнир өтті. Ол кезде Сәкен Жүнісов, Қалихан Ысқақов, Қажытай Ілиясов, Темірше Сарыбаев, Құман Тастанбеков, Ибрагим Исаев тағы басқа хас шеберлердің көзі тірі кез. Бәрі қатысты. Сол жарыста Тұрмағанбет екеуміз финалға шықтық! Сөйтіп кий ұтып алғаным еске түсіп отыр!

Менің қолымда Тұрекеңнің "Күн мен Түн" атты жаңа кітабының қолжазбасы тұр! Асықпай, зер салып, бастан-аяқ оқып шықтым. Тұрекең сол бұрын бағындырған биігінен титтей де төмендемепті. Қайта тұңғиық әлемге дендей еніп, тереңдей түскен бе қалай?!

Бұл кітаптан Тұрмағанбет ақындығының жаңа бір қырын аштым. Ол қасиетті Құран кәрімнің сүрелеріндегі аяттарды тәпсірлеуге көшіпті. Бұл – қазақ поэзиясында өте сирек кездесетін қиын жол. Мен Абай өлеңдерін атақты Ақыт Үлімжіұлының тәпсірлеп, тұтас үлкен мұра қалдырып кеткенін білетін едім. Онда Ақыт ақын Абай өлеңінің бір жолын алады да, соны әрі қарай жалғап, ұйқастырып, іліп әкетіп сол тармақты оқырманға түсіндіріп, мағынасын ашып беретін. Мына Тұрмағамбеттің талпынысы да соған келіңкірейді. Мәселен: "...сенің міндетің-хабар жеткізу де, Біздің міндетіміз-есеп алу..."- деген Рағыд сүресінің 40-аятынан мысал ала отырып:

" Есепсіз өткен күндердің, қалқам, есесін

Қайтарсам деппін бекер шын.

Келмеске кеткен жастығың қалай өтелсін? –

Көнесің дағы, нетерсің?!."- деп өз өлеңімен жалғастырады.

"Бұл-мәңгілік сергелдең!.."деген Ибрахим сүресінің 3-аятынан ойтамызық алып:

"Сергелдең болдым сенделіп,

Сабылып босқа шаршадым.

Алдады арман, ақ үміт

Айналам тұнған сар сағым!.."- деп төгілдіреді.

"Бұл дүние тіршілігі тек-ойын-ермек, өткінші нәрсе..."- деген Әнкабут сүресінің 64-аятынан үзінді келтіріп, оны өз ойымен:

"Өткінші бәрі, бәрі де,

Өткінші бақыт, бақ деген.

Алдамшы мынау өмірде,

Өлімнен шындық жоқ бөтен!..- деп толғанады.

"Бүгінгі Алматы"деген жырында қазақ басындағы баспанаға мұқтаждық проблемасын жүрекке жеткізіп айта біледі:

"Арман болған талайдан мұңдас қала,

Мұңдас қала, жаныма сырлас қала.

Әр орыстың мұндағы он үйі бар,

Он қазақтың басында бір баспана..."

Алматы талай қазақ ақынын бауырына баса алмады. Сонау Қасым заманынан бері қазақтың қаншама ақыны пәтер қиындығын көрді. Тұрмағанбет те қанша жыл Алматыда пәтер жалдап жүрді де, бір күні Астанаға көшіп кетті. Оның өз тағдыры, өз жолы бар. Ол – мұңды жырлардан мұнара тұрғызып жүрген ақын. Мына жаңа кітабында да қоңыр өмірден қоңыр күйдің иірімдерін іздейді. Көкейге келген ойды ірікпей төге салатын Тұрмағанбеттің тума талантынан көп үміт күтуге болады. Кезінде Жазушылар Одағына мүшелікке өтуіне де бір кісідей ат салысқан едім. Онда Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Оразақын Асқар ағаларымыздың көзі тірі кезі. Оған да талай жыл өтті. Тұрекең сол үмітті ақтап, қолынан қаламын тастамай келеді. Жаза түс, жарқырай бер ешкім бойлай алмас өз тұңғиығы бар замандас ақын!..».

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Толымбек Әбдірайым

- Бұл сыйлыққа қандай шығармаңыз ұсынылды? Атаулы шығармаға кеңінен тоқталып өтсеңіз?

- Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына мемлекеттік тапсырыспен, 2019 жылы Алматыдағы «Дәуір» баспасынан жарық көрген «Тағдыр сыйы» аталатын әңгімелер, хикаяттар мен эсселер жинағым ұсынылған еді. Кепілдеме жазған, белгілі жазушы, «Жамбыл» журналының бас редакторы Несіпбек Дәутайұлы.

- Жаңа шығармаға жаңа пікірлер айтылуға тиісті ғой.

- Қаламгердің өзі туралы айтқаны ыңғайсыздау сияқты. Жазушы Несіпбек Дәутайұлы жазған кепілдемені ала келген едім. Мұнда «Тағдыр сыйы» жинағым туралы біраз нәрсе қамтылған.

- Жақсы, тым ұзақ болмаса пайдаланайық...

«Оқырман қауымға балалар жазушысы ретінде танылған Толымбек Әбдірайымның шығармашылығымен жақсы таныспын. Балаларға арналған мөлтек әңгімелері мен ертегілерін «Балдырған», «Ақ желкен» журналдары мен «Ұлан», «Дружные ребята» газеттерінен жиі оқимын. Бастауыш сыныптың «Ана тілі» оқулығына да бірнеше әңгімелері енгенін білемін, - деп бастапты Н.Дәутайұлы.

Т.Әбдірайымның Рауан есімді он бір жастағы баланың өгей анасынан көрген қорлығы мен мехнатын жеріне жеткізе жазған «Тұнжыр» атты повесін («Жұлдыз» журналы, №12, 2014 ж) бей-жай отырып оқи алмайсыз. Өз ошағынан кетуге мәжбүр болған қаршадай ұл, қиындық атаулының неше түрін көрсе де, ұрлық жауаға аттап баспайды, ар-ұяты мен ата-әжесінен алған тәлім-тәрбиесі тежейді. Құйтақандай ұлдың бойындағы адалдық пен қайсарлыққа таң қаласыз...

Т.Әбдірайым кейіпкері – қазіргі қоғамдағы қазақ халқының өзгерген, қатыгездікке бейім кейіп-кеспірін ашатын бейне...

Бала жанының жанашыры болған жазушы интелектуалды оқырман – үлкендерге де арналған шығармалар жазып келеді. Бұл салада да автор өз қолтаңбасын танытып келе жатқаны айқын. Оған куә - «Тағдыр сыйы» жинағы.

Жазушының жаңа кітәбіна еніп отырған «Бұралаң жол», «Хат», «Тағдыр сыйы», «Қара ешкі», «Құс қанаты» т.б. әңгімелері тақырып сонылығымен, кейіпкер тағдырларының күрделілігімен көзге шалынады.

«Хат» әңгімесінде қаламгер үлкендер арасындағы қайшылықтың құрбанына шалынған бала тағдыры домбыраның тиегіндей, бүкіл әңгіменің арқауын шиыра ширатып тұр. Отбасы шырқының бұзылуы жас баланың тағдыр-талайының тәлкекке түсуіне әкеліп соғарына автор айырықша ден қояды.

Жазушы қандай шығарма жазса да, оның сюжетінде балалар мінез-құлқы араласып жүреді. «Бұралаң жол» әңгімесінде де Мәміш есімді әпенділеу қарттың Сталин заманында «халық жауы» атанып, айдауда болған аянышты тағдырын айтқызатын да балалар. Өмірдің соққысынан есінен адасып қалған, осы бір адамның өлімі де ақыры қызыл қоғам жендетінің тепкісінен келеді. Өз адамдарына апат боп төнген коммунистік қоғам келбетін ашып береді.

«Жұдырық» повесінде болмашы жаламен абақтыға қамалған, Қытай елінің Такламакан шөліндегі Тарым түрмесінде өмірдің қилы-қилы теперішін көрген Тәкен тағдыры суреттелсе, «Оралу» хикаятындағы Мейірбектің әке-шешесінен алыста - бөтен орта, бөтен жерде жүрсе де, жүрегін мұң-сағыныш кеулесе де шыдап баққан шыдамдылығы тәнті етеді. Сағынышпен, сезіммен жазылған эсселері де оқырманды баурап, ойға жетелейтіні даусыз».

-Бүгінгі қаламгерлердің оқырманмен байланысы қандай?

- Короновирус індетіне дейін мен оқушылармен жиі кездесетінмін. Ана бір жылдары, бір жылда Ақмола облысы, Бурабай ауданында бірнеше ауыл мектебі оқушыларымен, Шымкент қаласындағы бір, Сайрам селосындағы бір, Қызылорда қаласындағы екі мектеп балаларымен кездесу кешім өтті. Ал 2018 жылы өз туған жерім Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданындағы 8 мектеп оқуышларымен жүздестім. Былтырдан бергі кездесулер онлайн форматында өтіп келеді.

Балалардың сұрағы көп. Өкінішке орай, ауыл мектептеріндегі кітапханаларда кітап қоры аз. Бұл – үлкен мәселе! Балаларға арналған кітаптардың көптеп шығуына, және оның ауыл, ауданға жетуіне мемлекеттік деңгейде арнайы бағдарлама керек!

Балалар әдебиеті қазіргі кезеңде аса қажет. Оның мазмұны бұрынғыдай алғашқы махаббат, есею жолының қызығы сияқты романтикаға ғана құрылмайды. Қазіргі күрделі заманның үрдісіне сай өткір әлеуметтік, психологиялық мәселелердің төңірегіне құрылу керек. Сондықтан бұл шғармалар арқылы балалар өміріне белсене қатысып, олардың өміріндегі мәселелерді алға шығарыпе, оны шешудің жолдарын нақты ұсыну өте маңызды.

Өйткені, балалар әрқашан жаңашыл, білуге құштар, ізденіске ынтызар болғандықтан, оның толыққанды тұлға болып жетілуіндегі көркем сөз өнерінің орнын жете бағалап, сол бағытта арнайы жұмыстар жасалуы мемлекет және қоғам тарапынан үздіксіз жүргізілуі тиіс.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, 2021 жылды «Балалар әдебиеті» жылы деп жариялағанын білесіз. Түрлі деңгейде жиналыстар мен конференциялар өтіп, көп болмаса да балаларға арналған кітаптар шығып жатыр. Демек, сең қозғалды. Осы жерде мен Мәдениет және спорт министрлігіне мынадай ұсыныс айтқым келеді.

Кезінде оқырман мойындаған, тамаша туындылары талай рет әдеби бәйгелерден жүлде алған Шәкен Күмісбайұлы, Тынымбай Нұрмағанбетов, Пернебай Дүйсенбин, Бекен Ыбырайым, Арасанбай Естенов сынды танымал жазушылардың балаларға арналған таңдамалы шыармаларын қайта басып шығару керек!

-Шығармаларыңызға пікірді жиі естисіз бе? Ол пікірлер сіз үшін қаншалықты маңызды?

- Балаларға арналған тұңғыш әңгімем - «Оқсыз мылтықты» 15 жасымда жазған екенмін. Бұл шағын туындымды жазуы жазғанмен, оны бағалау жағына білімім, өрем жетпей және жан адамға көрсетпей стол тартпасына салып қойдым. Арада он бес жыл өткен соң, Алматыға келгенімде, бұрынғы «Қазақстан пионері», бүгінгі «Ұлан» газетіне ұсынғанымда үтір, нүкте, бір әрпіне де қол тигізбестен жариялады. Бұған іштей марқайып қалғаным есімнен кетпес... Қырық жасымда «Балауса» баспасынан тұңғыш «Еркешора» деген жинағым жарық көргенде де, кітап редакторы, жаны жәннаттан болсын, танымал ақын, балалар жазушысы Қаржаубай Омарұлы, сол баспаның қызметкері Ермек Аға Өтетілеуов те жылы пікірлерін білдірді. Тіпті Ермек аға: «Айналайын, Толымбек сен жақсы жазушы екенсің, осы уақытқа дейін қайда жүргенсің?» - дегенде төбем көкке екі елі жетпей қалды...

Одан кейінгі уақытта да, қазақтың көрнекті суреткері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы, белгілі жазушылар Әкім Тарази, Илья Жақанов, Жанат Ахмәди, Нұрдәулет Ақышұлы, Асқар Алтай, Жанат Елшібек, танымал ғалым Серік Негимов т.б. әріптестерім менің шығармашылығым жайлы мақала жазды, жақсы-жылы пікірлерін де білдірді... Бұл айтылғандарды мен салқын қанды қабылдадым және жауапкершілік жүгін сезіндім... Табиғатымнан, мақтану, көрініп қалу деген нәрсені ұнатпаймын. Менің түсінігімде, Алла берген қабылет-қарымына орай, жазушы негізінде жазумен айналысуы керек... Жақсы шығарма жазуы керек. Өйткені, қаламгер әр туындысы үшін әуелі Жалғыз Жаратушы, одан соң оқырман алдында жауапты!.. Шама келгенше, білім-білігі, айтар ойы жеткенше еңбек ету керек!.. Мұхтар Әуезов: «Қаламгер туындысы адам жанын қойма ақтарғандай ақтармаса, қопармаса, жазушылықтың мәні жоқ» - демей ме?! Ал, «Нобель сыйлығының лауреаты, испан жазушысы Камило СЕЛА бүйдейді: «Проза – сырға, құпияға толы жанр. Толстой, Диккенс, Сервантес, По, Достоевский, Фолкнер сияқты ұлы жазушыларды қайта-қайта оқығанда адам жанының тереңдігіне таңғалумен болады екенсің. Адам жаны құпия болса, онда проза да құпия деген сөз. Терең түсініп, терең сезінген ойлы оқырман ғана прозаның кілтін таба алады. Әдебиет – тірі организм... Ал тірі ағзада тылсым көп. Сан ғасыр бойы сол тылсымды әлі ешбір жазушы толықтай аша алған жоқ. Және, оны толық ашу мүмкін де емес. Өйткені, Әдебиет, оның ішінде прозада Жаратушы жасырған ғажап нәрсе бар...»

Көрдіңіз бе, демек жазушы шеберлігі шексіз...

Осы орайда еңбегімізді елеп-ескеріп отырған, Ұлықбек Есдәулет басқарып отырған Жазушылар одағына алғыс білдіремін!

- Қай қоғамға да қаламгерлер көзқарасы ауадай қажет. Кез-келген дүниені өзінше сезініп, өзгеше ойлай алатындығынан болар. Шығармашылық әлеміңіз, алдағы жоспарыңыз жайлы айта отырсаңыз?

- Алла ғұмыр және денсаулық берсе, жоспарлаған дүниелерім көп. Бәрін жайып салу мақтанғандық болар... Үлкен істерді үндемей тындырғанды қалаймын...

Жазушы Толымбек Әбдірайым туралы қаламгерлер пікірі

Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысыӘбіш Кекілбайұлы: ...Тарихтың әр батырдың әр шайқасының жай-жапсарын бажайлай баяндағаны сияқты әр суреткердің әр туындысының да егжей-тегжейіне емірене үңіле білгені лазым екен.

Толымбек Әбдірайым әдебиетімізде дәл сондай мақсатпен тыңға түрен салып, «Ағыл-тегіл» атты деректі әңгімелер кітабын тудырыпты. Бұл – бір өркен жаяр өнеге болса керек. Оның бүгінгі тыңдарман қауым тарапынан бірдей ризашылыққа ие болатынына кәміл сенемін.

***

Жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Тарази: Теңіздің дәмі тамшыдан білінеді. Мен бұдан бірнеше жыл бұрын Толымбектің бірер әңгімесін «Балдырған» журналынан оқып риза болған едім. Сөйтсем ол бүгінге дейін прозалық бес жинақ жазса, соның үшеуін балаларға арнаған екен.

Қай кезде де шолақ өзен тез тасиды. 15 шақырымнан соң-ақ құмға сіңіп кетеді. Мен Толымбектің шығармашылығын арналы өзенге теңер едім. Оның айтары алда деп ойлаймын.

***

Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов: Толымбектің шығармашылығына келсем, Толымбек әсілі аз жазса да саз жазады. Еш уақытта асықпайды. «Аюқұлақ» жинағындағы балаларға арналған әңгімелері оймақтай. Оюлы, сырлы, мағыналы һәм мазмұнды. Балалардың жанын керемет түсінеді. Кәдімгі Ыбырай Алтынсариннің алақандай әңгімелері бар ғой, сол сияқты. Ал Алтынсариннің бір әңгімесі бір романның жүгін көтеріп тұрса, Толымбек те осы ұлы дәстүрді ары қарай жалғастырған.

***

Жазушы. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Елшібек: Оқиғаны шымыр әрі ширақ өрбітіп, бүлдіршіндер есінде ұзақ сақталатын шағын шығармалардың еңсесін көтеріп тұрған Толымбектің шырайлы да шұралы тілін де ерекше айтқан ләзім.

Бел-белесті ұзақ жолға түскен ол көгілдір көкжиекті беттеп барады. Қадамы нық.

***

Халықаралақ «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Асқар Алтай: Балалар әдебиеті мүлде жоғалып кетті деген өтірік сөз. Әдебиеттен мақұрым адамдардың сандырағы! Бұл қате түсінікті өзгерту керек-ақ. Тіпті, осы дүмбілез ойды халықтың санасына сіңіруге күш салып жатқан журналистер де жетерлік. «Отыз тістен шыққан сөздің отыз рулы елге жайылатынын» естен шығармаған абзал.

Мысалы, балалар әдебиетіне қомақты үлес қосып жүрген жазушылардың бірі де бірегейі – Толымбек Әбдірайым. Сиясы әлі кеппеген кітабында «Тұнжыр» деген хикаят бар. Ол кез келген баланың жан дүниесін тебірентер, керек десеңіз, үлкен адамдарға да ой саларлық дүние. Тілі қандай жеңіл. Қысқа да нұсқа әңгімелері бір төбе. Сондықтан қолда бар жақсы туындыларға көз жұма қарамай, жанкешті жазушылардың еңбектерін жан-жақты талдап отырғанымыз жөн.

***

Ақын, сыншы Жұма-Назар Сомжүрек: Толымбектің «Аққоянның үйшігі» деген кітабын басынан бастап оқып отырсам, 1-4 сыныптың бастауыш оқулықтарына бәрі сұранып тұр. Өкінішті жері – жазушының бүгінгі мектеп оқулықарына 2-4 сыныптарға ғана бір-бір қысқа әңгімелері еніпті.

Толымбек Әбдірайым – балалар жазушыларының ішіндегі ең көрнектілерінің бірі деп есептеймін өз басым. Баланың көңілін, тілін табудан қиын не бар өмірде. Автор балалардың түсінігіне сай диалогты шебер меңгерген.

***

Жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дәурен Қуат: Шығармашылығындағы оқырманын ілезде баурап әкетер жылылық, жүрекке еркін жетіп жататын сезімталдық. Міне, қаламгер Толымбек Әбдірайымды өзге топтан даралап тұрар қасиет – осы.

***

Балалар жазушысы Балтабай Әділов: Жазушы Толымбек Әбдірайым балалар тақырыбына өнімді еңбек етіп жүрген бірден-бір қаламгер. Оның өткенде ғана «Еркешора» атты қомақты кітабы жарық көрген. Бүгін тағы да «Әуелеп ұшқан тырналар» атты су жаңа кітабы қолға тиіп отыр.

Ол балаларға не жазуды, қалай жазуды жетік біледі. Шығармалары балалар ұғымына лайық. Сәбилердің тілімен сөйлейді. Бұған өздеріңнің сүйікті газеттерің «Ұланда» жиі жарияланып жүрген әңгімелері де куә.

***

Ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы: Данышпан Абай хәкімнің: «Аллаға ауыз жол емес» дегеніндей, Алланы тану жан-жүрегің арқылы ғана болатын құбылыс. Соңғы кезде Алланы қалам ұшына ілгенімен, қабылдау сатысына өте алмай жүрген жазармандар көбейді. Ал, Толымбек сөзімен де, ісімен де, құлшылық-ғибадатымен де, өзінің шығармасы арқылы да шынайылыққа ұмтылып жүрген жазушы. «Шешім» соның нақты дәлелі. «Меңді қыз» - оқырманын бей-жай қалдырмайтын еңбек.

***

Жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш: «Кейіпкердің жан дүниесін аша отырып, оқиға дамыту ұстанымы – Толымбек Әбдірайымның «Алабұға аулаған күн» прозалық жинағына енген прозалық шығармалардың табиғатына тән. Осылардың ішіндегі көлемдірегі «Тұнжыр» хикаятында өгей баланың жан дүниесі суреттеледі. Өзі ішкіш, өзі ынжық әке ұлын кейінгі үйленген әйелінің тепкісінен қорғауға құлықсыз. Бұл шығарманың кейіпкері он екі жасар бала болғанымен, ересек оқырманды да енжар қалдырмайтын деңгейде. Өйткені, мұнда көтерілетін негізгі мәселе – ата-ананың ұрпақ алдындағы парызы.

Жас оқырманға керегі оқиға болса, Т.Әбдірайымның әр әңгімесі сюжетті, қызықты штрихтармен оны қоюлатып отыруды да ұмытпайды.

***

Жазушы Сәбит Дүйсенбиев: «Атамұра» баспа корпорациясы «Мектеп кітапханасы» сериясымен бұған дейін он екі кітап шығарған еді. Міне, сол серия жазушы Толымбек Әбдірайымның «Дала әуені» әңгімелер, ертегілер, хикаяттар жинағымен толықтырылып отыр.

Толымбек Әбдірайымның есімі оқырмандарға кеңінен белгілі. Ол үздіксіз ізденіп, талмай еңбектеніп, өзіндік өрнегі бар балалар жазушысына айналды.

Жинаққа енген шығармалар жас ұрпақты туған елін сүюге, аң-құстармен, жан-жануарлармен достасуға үндейді. Мұндағы кішкентай кейіпкерлердің дүрс-дүрс соққан жүрек лүпілін де аңғарғандай боласың.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар