Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Елордамыз Астананың мәдени және тарихи тұлғалары е...

02.07.2018 38781

Елордамыз Астананың мәдени және тарихи тұлғалары ескерткіштері

Елордамыз Астананың мәдени және тарихи тұлғалары ескерткіштері - adebiportal.kz

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін астананы елдің оңтүстік-шығысынан республиканың орталығы бөлігіне көшіру мәселесі көтерілді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатымен республиканың бүкіл аумағы жіті зерттелді. Талдау қорытындылары барлық нұсқалардың ішінен Ақмола қаласы ең қолайлысы екендігін көрсетті. 1995 жылы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Қазақстан Республикасының астанасы туралы” Заң күші бар Жарлығы жарияланды. Осы уақыттан бастап Республиканың Президенті резиденциясының тұратын жері Ақмола және Алматы қалалары болып белгіленді. Жоғары мемлекеттік органдарды Ақмола қаласында орналастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін Қазақстан Республикасының мемлекетік комиссиясы құрылып, оған орталық және жергілікті атқарушы органдардың бұл мақсаттағы атқаратын қызметін үйлестіру құқығы берілді. Президент Жарлығы бойынша Республика үкіметі Ақмола қаласын абаттандыру жөніндегі бюджеттен тыс қаражатты жинақтау мақсатында “Жаңа астана” қорын ашты. 1997 жылы 20 қазанда Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. 1997 жылы 8 қарашада Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Алматыдан Ақмола қаласына шығарып салудың салтанатты рәсімі өтті. 1997 жылдың 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ақмолаға ресми түрде аттанды. 1998 жылы 6 мамыр күні Президент Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып аталды. Қаланың Қазақстан Республикасының астанасы ретіндегі ресми тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда болып өтті.

Сонымен, Астананың 20-жылдық мерекесіне орай елордамыздың көптеген мәдени және тарихи ескерткіштерін назарларыңызға ұсынамын...

Қазақ әдеби тілінің негізін қалаған, ақын, композитор, аудармашы Абай Құнанбайұлы 1845 жылдың 10 тамызында бұрынғы Семей облысының Шыңғыс тауларында Қарқаралының аға сұлтаны Құнанбайдың әйелі Ұлжаннан туған. Шын аты – Ибраһим. ЮНЕСКО көлемінде 1995 жылы қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдығы тойланды.

Астана қаласында Абай және Бейбітшілік көшелерінің қиылысында, Орталық алаңға таяу ұлы ақын Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткіші орналасқан. Абай мүсінінің биіктігі - 7,5 метр. Ескерткіш 7 метрлік тұғырда бой көтерген. Жоба авторы – алматылық мүсінші Болат Досжанов. Ескерткіш 2010 жылы ашылған.

Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алған өлең сөздің дүлдүлі, жырау, қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы - Жамбыл Жабай 1846 жылы Жамбыл облысы Жамбыл таудың етегінде дүниеге келген.

Елордада Есілдің оң жақ бөлігінде жыршы Жамбылдың ескерткіші Жұмабек Тәшенов және Амман көшелерінің қиылысында (Жамбыл саябағы) орналасқан.

Жазушы, әскери қолбасшы, тактик әрі стратег, ІІ Дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, Кеңес одағының батыры - Бауыржан Момышұлы 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ ауылында туған.

Атақты тұлғаның ескерткіші Бауыржан Момышұлы даңғылы бойында орналасқан.

Композитор-күйші, қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі - Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы дүниеге келген. Халықтың азаттығы мен жеке тұлға бостандығын жырлаған Құрманғазы, қандай тақырыпта күй жазса да, онда адам сезімінің барлық түрін аңғаруға болады.

Қазақтың ұлы күйші-композиторының ескерткіші Астананың Тұран даңғылы бойындағы “Думан” қонақүйінің ауласында орналасқан.

Әнші, ақын, композитор Жаяу Мұса Байжанұлы 1835 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің маңында дүниеге келген. Жаяу Мұса халықты өз соңынан ерте білген, патшалы Ресейдің басқыншы саясатын, озбырлығын сынап, талай өлеңдер жазған.

Ескерткіш Абай көшесінің бойында, ҚР Тұңғыш Президенті музейінің сол жақ қанатында орналасқан.

Қазіргі қазақ әдебиетінің негізін салушы, ақын әрі жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин, 1894 жылдың 15 қазанында Қарағанды облысы Ақадыр ауданы Қарашілік ауылында дүниеге келген.

Астанада оның музейі мен ескерткіші Сәкен Сейфуллин даңғылы бойында орналасқан.

Өз әділдігімен елге танымал болған қазақтың атақты билері — Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би. Қазақ халқының бұл билері елді үш жүздің бірлігін сақтауға шақыра отырып, өздерінің бір ғана сөзімен небір шытырман даулы мәселелердің дұрыс шешімін тауып отырған. Олар ерте заманда-ақ осы күнгі тергеушінің де, соттың да қызметін атқарған.

Атақты билердің ескерткіші Бейбітшілік және Жақып Омаров көшелерінің қиылысында орналасқан.

Классикалық орыс әдебиетінің негізін салушы, ұлы ақын әрі жазушы Александр Сергеевич Пушкин, 1799 жылдың 6 маусымында Мәскеуде дүниеге келген. Оның шығармашылығы бір жарым ғасырға созылған орыстың ұлттық әдебиетінің қалыптасу кезеңін аяқтаған және ол сан алуан жанрлық түрлерді еркін меңгерген.

Астанада Пушкиннің ескерткіші Абылай хан даңғылына жақын, Еуразия ұлттық университеті Студентер жатақханасының алдында орналасқан.

Әскери қолбасшы, мемлекет қайраткері, Түркия Республикасының тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік 1881 жылдың 19 мамырында дүниеге келген.

Ататүріктің ескерткіші Есіл өзенінің оң жақ жағалауына жақын жерде орналасқан. Ескерткіш 2009 жылдың 14 қазанында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен ашылды.

Керей мен Жәнібек – Қазақ хандығының негізін қалаушы ұлы екі тарихи тұлға. Ақ Орданың ханы Ұрыстың ұрпағы Керей хан – тарихи әдебиеттерде оның есімі Гирай, Кирай, Герей, Керей түрінде кездеседі. Жәнібек хан – қазақ тарихында туысқан ағасы Керей ханмен бірге Қазақ хандығының негізін қалаушы белгілі тұлға және екінші қазақ ханы. Шын есімі – Әбу Сайд.

Керей мен Жәнібек хандар ескерткіші ҚР Тұңғыш Президенті музейі ауласындағы саябақта орналасқан.

Қазақ хандығының соңғы ханы, әскери қолбасшы, мемлекет қайраткері, қазақ халқының 1837-1847 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Кенесары Қасымұлы – 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген.

Астанада Есіл өзенінің оң жағасы Кенесарының еңселі ескерткіші орналасқан.

Парсылардың Кир патшасын жеңген “төрт құбыланың тұтас билеушісі” атанған сақ ханшайымы Тұмар ханшаның (Томирис) мүсіні алып бұқаның үстінде бейнеленген “Жер ана” атты монументте орналасқан.

2008 жылы ашылған бұл ескерткіш Есіл өзеніне жақын “Жыл мезгілдері саябағында” орналасқан. Бұқаның мүйізі жеті метрге жуық.

Ертегі кейіпкерлері

Ақылды айлакердің, зерделі қудың жиынтық бейнесі, қазақ ауыз әдебиетінің кейіпкері – Алдар көсе түркі тілдес халықтар әдебиетінің көбісіне ортақ тұлға.

Астана циркі ауласындағы саябақта қазақ ертегілерінің кейіпкерлеріне куә боласыз... Солардың бірі – Алдар көсе;

Күн астындағы Күнекей қыз,

Қаңбақ шал,

Қожанасыр (Қожа Насреддин),

Мақта қыз бен мысық,

Әзірлеген және фото:


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар