Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Эмиль Чоран. Құрмет һәм қарғыс...

10.09.2020 5001

Эмиль Чоран. Құрмет һәм қарғыс 12+

Эмиль Чоран. Құрмет һәм қарғыс - adebiportal.kz

Адам елде емес, тілде өмір сүреді. Ел – бұл бар-жоғы тіл, басқа ештеңе де емес.

***

Адам қаншалықты көп өмір сүрсе, оның сенімін өзгерту мүмкіндігі соншалықты аз. Дұшпаннан құтылудың ең жақсы әдісі – барлық жерде ол туралы жақсы пікір айту. Оныңызды дұшпаныңызға әлдекімдер міндетті түрде жеткізіп барады да, ол сізге залал тигізу мүмкіндігінен айырылады: өйткені сіз оның рухын сындырдыңыз... Ол бәлкім дәл баяғыдай жауласуын жалғастыра береді, бірақ айрықша ынтасы мен табандылығын жоғалтады. Себебі, ол бейсанасында сізді жек көруін әлдеқашан қойған. Ол енді өз жеңілісінен хабарсыз хәлде жеңілген жан.

***

Егер Фрейдке ылғи да сенімсіздікпен, күдікпен қарар болсам, мұныма әкем ғана кінәлі: ол өз түстерін анама айтатын да отыратын әрі менің әр таңымның быт-шытын шығаратын.

***

Лао-Цзыға қарағанда Юпитерге ұқсауға еліктеген жеңілірек.

***

Өмірден озарынан бірнеше жыл бұрын Троцкий: «Адамның басынан өтетін оқиғалардың ішіндегі ең оқысы – кәрілік», - деп жазады. Егер ол ақиқаттың осынау интуитивтік терең әрі нақты білімінен жастық шағында хабардар болғанда... одан түкке жарамсыз революционер шыққан болар еді!

***

Бас тарту – қорлау болып көрінбейтін жалғыз ғана қадам.

***

Толстойды уағызшы ретінде ақтап алатын жалғыз нәрсе – оның уағызынан практикалық тұжырым шығарған екі шәкірті болды: Витгенштейн мен Ганди. Біріншісі бар мүлкін таратып тынды, екіншісінің тарататын түгі де болған жоқ.

***

Адал достар табудың жалғыз жолы – оларды сәтсіздіктерімен құттықтау.

***

Тургенев бозбала шағында жатын бөлмесіне Фукье-Тенвильдің портретін іліпті.

***

Кітап шығарудың әлегі үйлену мен жерлеудің әуресімен бірдей.

***

«Мас кемені» бұл поэмадан хабарсыз, тіпті поэзиядан мүлдем алыс біреуге оқып бердім. Оқып бітіргеннен кейін ол лезде «Ескі-құсқы бірдеңе» деді. Несі бар, бұл да көзқарас.

***

Болу ма, бордай тозу ма?

...Екеуі де емес.

***

Өлу дегенің – жанр ауыстыру, жаңғыру.

***

Адамзат жуық арада жоғалады: мен аз уақыт бұрын бұл пікірімде нық тұрып едім. Қазір өз ойымды өзгерттім: адам жоғалуы тиіс.

***

Әр таң бізге өлудің жаңа себептерін әкелетіні қандай ғажап!

***

Кандинский «сары түс – өмірдің түсі» дейді. Неге бұл түстің көзге жағымсыз екені енді түсінікті болды.

***

Менің білімім менің қалауымның көзін құртып тынады.

***

Әлдекім негізін қалаған дінді қабылдау қаншалықты ақылға сыяды?

***

Savram anityam, бәрі де өткінші (Будда)

Өміріңді таңғажайып тәуекелге тігіп тұрып, өзің жайлы сағат сайын қайталай бергің келетін сөйлем.

***

Ұйқысыздық һәм өзге бір тілге ауысу. Екі сынақ: алғашқысы сенің еркіңнен тыс, кейінгісін – жете түсінесің. Сен түнмен және сөздермен жекпе-жектесің.

***

Тек өзіңнің құлдыраған рухыңның тереңдігінен басқаның бәрін де алдын ала болжауға және елестетуге болады.

***

Музыкадан тысқарының бәрі де жалған – жалғыздық та, тіпті экстаздың өзі де. Музыка – арғы мен бергінің таңдамалы үйлесімінің нақ өзі.

***

Жүрек түкпірінде кісі өлтірушісі бұғып отырмаған қала тұрғынын көз алдыңызға елестету мүмкін бе?

***

Адамның қай ғасырға тән екені қашан да оның пір тұтатын адамдарына байланысты анықталады. Гомер мен Шекспирден басқа кез-келген жаннан дәйексөз келтіруге болады, өйтсең, ескішіл әрі есі ауысқан адам болып көріну қаупі пайда болады.

***

Адам өмірден өту арқылы Ғаламның қожасына айналмақ.

***

Яһудилердің әдет-ғұрпына сенсек, Құдайдың кітабы – Тәурат дүниенің жаратылуынан екі мың жылға кәрі. Бұған дейін өздерін мұншалықты биік санаған халық болған емес. Өздерінің қасиетті кітаптарына мұндай көнелікті тіркеп алу және құдды «Жарық жаратылсын» дегеннен бұрын жазылғанына имандай сену. Тағдыр осылай жасалады.

***

Бақытсыздықты суреттеп жазу оны бастан кешіру секілді тым қарапайым болса ғой!

***

Бізге қолайсыздық әкелетін кез-келген нәрсе өзімізді тануға итермелейді. Кінәрат жоқ жерде, тұлға жоқ. Зердемен ерекшеленген адам тәнінің бақыты да, бақытсыздығы да осында!

***

Аяғы жабырқаулы көңіл-күйге ұласқан еліру мен көтеріліп басылған безгектің куәгері секілді осынау қолжазбаны қоқыс жәшігіне тастай салу осыншалықты жеңілдік сыйлар ма!

***

Демосфен өз қолымен Фукидидті сегіз рет көшіріп жазған. Міне, тілді осылай үйрену қажет. Шамасы, бар күш-қайратты жиып, жақсы көретін кітаптарыңды қайтара көшіріп жазу керек сияқты.

***

Римнің соңғы айтулы ақыны Ювенал мен Грекияның соңғы алып жазушысы Лукиан ирониялық мәнерде жазды. Екі әдебиет те ирониямен тәмамдалды. Шамасы, бәрінің де ақыры осылай болатын сияқты: әдебиеттегінің де, одан тысқарының да.

***

Құдайға деген қызығушылығы жоқ есі ауысқан бірде-бір адамды кездестіргенім жоқ. Демек бұдан абсолютты іздеу мен ақыл-естің кері кетуі арасында әлдебір байланыс бар деген қорытынды шығаруға болады ғой?

***

Құдаймен ымыраға келетін қаншама мүмкіндікті жіберіп алдық!

***

Сөз – дәрінің кемдігін түгендеп, орнын толтырады әрі біздің біршама сырқатымыздан айықтырады. Мылжың адам ешқашан дәріханаға зыр жүгіре жөнелген емес.

***

Егер Уақыт жылжымайтын мүлік немесе меншікті игілік болған болса, өлім – тонаудың ең нашар формасы болған болар еді.

***

Егер уақыт өткен сайын сенім атаулы еліктірген үстіне еліктіре түссе, онысы тек мойынсұнудан өзге бір нұсқаны ұсынғанынан ғана: не дегенмен адам тұрпатты тіршілік иесі болғаннан гөрі Құдайға кіріптарлықта болған әлдеқайда жақсы ғой.

***

Әлем бізбен бірге жаратылып, бізбен бірге ажал құшады. Шын мәнінде біздің сана-сезіміміз ғана бар, ғалам дегеніңіздің өзі осы және дәл осы ғалам бізбен бірге ізім-ғайым жоғалмақ. Өлу арқылы біз соңымызға ештеңе қалдырмаймыз. Олай болса, әлдебір оқиғалар төңірегіндегі мұншама әурешіліктердің қажеті қанша?

***

Меланхолияны алдап соқпаққа үздіксіз қозғалыс қажет. Қозғалысты тоқтатсаң ол да қайта бас көтереді, әрине, егер ол көз ілген болса.

***

Біз өзіміз іспеттес жандарды қоспағанда, кім-көрінгенді жақсы көруге бейілміз. Өйткені, оларды бізге ұқсас болғаны үшін жек көреміз. Тарихтың неге осындай екенін түсіндіру үшін осы дәлел де жеткілікті.

***

Біздің заманымызға Шекспирдің ешбір хаты жетпеді. Қалайша ол бірде-бір хат жазған жоқ? Өз басым Гамлеттің хат атаулының көптігіне шағынып, зар илегенін естуді қалар едім.

***

Ақ қағазбен арпалыста мені қандай Ватерлоо күтіп тұр десеңізші!

***

Құлдыраудың барлық формасынан әупірімдеп жүріп әрең құтылдым. Әлбетте, оның ішінде жетістік пен табыстан да.

***

Адам қаншалықты көп азап шексе, өз құқығын соншалықты аз қорғайды. Наразылық – адамның ешқашан тозақ азабын бастан кешпегенінің белгісі.

***

Меланхолия өзін-өзі азықтандырады, оның жаңаруға қабілетсіздігі де осында.

***

Діни мәтіндер антологиясын ашып, бірден Будданың мынадай нақылына тап болдым: «Бірде-бір нәрсе тілеуге тұрарлықтай емес». Мен сол сәтте-ақ кітапты жаба салдым, өйткені бұдан кейін не оқуға болмақ?

***

Плотин өзін әлдебір діни рәсімге ертіп апармақ болып жатқан шәкірті Амелийге «Мен бұл құдайларыңа бармаймын, негізі олар маған келуі тиіс» депті. Христиан әлемінен осындай деңгейдегі паңдықты таба аласыз ба?

***

Немістер Паскаль мен Хайдеггерді араластырып, екеуін бір астауда қайнатып жүргендерін түсінбейді. Екеуінің арасындағы алшақтық – Schiksal мен Beruf – тағдыр мен мамандықтың арасындағыдай.

***

Өлім туралы ой өзге ойларға қарағанда көбірек қиратушы әрі көбірек тыныштандырушы. Шамасы, ол дәл осы екі қасиетінің арқасында оны ойламай қою мүмкін еместей көп қаужалып, көп езгіленеді. Жақсы жері – ол кірпік қаққанша у да, дәрі де болады. Сізді ажал құштырып, кейін жан бітіретін шипалы у!

***

Меланхолия осы ғаламның өтемі, ол бұған қоса бізді сол ғаламнан бөліп алушы.

***

Мен адамзаттың жоғалғанын көзім тірісінде көремін деп дәмелендім. Бірақ құдайлар маған қарсы болып шықты.

***

Өмірден зақымсыз, жарақатсыз шығу – бәлкім мүмкін, бірақ енді ешқашан олай болмайтын шығар.

***

Жас ұлғайған сайын бәрінің қаншалықты оңайға түсетінін білсеңіз! Кітапханада төрт кітапқа тапсырыс беремін: оның екеуі тым ұсақ әріптермен терілген, қарамай жатып-ақ қайтара саламын; үшіншісі – мүлдем...сұсты – шамасы, маған оқылуы қиын секілді. Амалсыздан төртінші кітапты ала саламын...

***

Жан-дүниеңді қиратушы кітаптан кейін автордан гөрі, оқырманға өмір сүру қиынырақ.

***

Бүліктің дүмпуі – біздің реакцияларымыздың ішіндегі ең ежелгісі және ең жандысы.

***

Маркстің барлық еңбектерін қотарсаң да өлім туралы әділ пайымдау табу мүмкін емес деп ойлаймын.

...Оның Хайгейт қорымындағы қабірінің басында тұрып іштей осылай күбірледім.

***

Жылдың кез-келген мезгілі – сынақ: табиғат бізге соққы беру үшін ғана алмасады, бізге соққы беру үшін ғана жаңарады.

***

Менің кітаптарым, менің шығармашылығым... Тәуелдік есімдіктерінің гротесктік жағы. Әдебиет құпиялығынан айырыла бастағанда бәрі де жоғалды. Декаданс алғашқы автордың пайда болуынан басталды.

***

Тағдырға сенбеу – ешқашан ғұмыр кешпегеніңді мойындау.

***

Махаббаттың өзіндік ұлы әрі жеке дара сипаты сол, ол бақытсыздықтан айырып алғысыз бақыт жасап береді.

Тәржіман: Еділбек Дүйсен


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар