Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Еңселі тұғыр – есіл ғұмыр. Төлен Әбдіктің «Тұғыр м...

07.12.2016 3547

Еңселі тұғыр – есіл ғұмыр. Төлен Әбдіктің «Тұғыр мен ғұмыр» хикаятындағы Батыр-Борис образы туралы

Еңселі тұғыр – есіл ғұмыр. Төлен Әбдіктің «Тұғыр мен ғұмыр»  хикаятындағы Батыр-Борис образы туралы - adebiportal.kz

ТОЛЕН.jpg

«Тұғыр мен ғұмыр» – романға бергісіз жүк арқалаған хикаят. Батыр-Борис – Сталиндік зұлмат пен осы кезеңнің ажырамас бөлшегі екінші дүниежүзілік соғыс ащы зардабын тартқан миллиондаған жазықсыз жандардың қасіретті тағдырының жиынтық образы.
Елге танымал ғалым, лауазымды қызметкер Шәйкеннің отбасында дүниеге келіп, алаңсыз өсіп жатқан Батыр атты ұланның теңізге лақтырылған ескексіз қайықтай баянсыз ғұмыры хикаятқа желі болып тартылады. Бақытты да қонақжай отбасының мамыражай тірлігі жалғыз түнде ойран болды. Алдымен әкесі, одан соң анасы «халық жауы» ретінде ұсталып, құтты мешін үйінен де қуылып, төрт жасар қарындасы екеуі панасыз қалды.
«Шын қасiреттi Батыр ендi түсiндi. Үрей дауылы аяқ-қолын жерге тигiзбей, беймәлiм бiр жаққа ұшырып ала жөнелгендей болды. Қарсыласарға дәрмен жоқ. Қолынан келгенi қорқу ғана. Төрт жасар қарындасымен екеуi сәби санасы түсiнiп болмайтын қатыгез уақытпен, күнмен, түнмен, мейiрiмсiз билiкпен, беймәлiм тiрлiкпен бетпе-бет қалды». «Жығылғанға жұдырық» дегендей, ерке қарындасы Раушан да Семейдегі балалар үйіне апара жатқанда суық тиіп қайтыс болады. Батыр қорлық пен зорлыққа, өгейлік пен қатыгездікке толы, өзге әлеммен бетпе-бет келеді. Батыр қарсы келген әлемнің өз заңы, өз түсінігі бар еді:
«...Олар бiреудi қорлағаннан, зорлағаннан, жылатқаннан айрықша ләззат алатын секiлдi. Кiм көбiрек қатыгез болса, соның беделi үстем. ...Осының бәрi зиялы қауым отбасында тәртiп пен тәрбиенiң қорғауында өскен Батырға өте ауыр тидi. Өзiнiң түсiнiгi бөлек, ғұрпы бөлек басқа бiр әлемде жүргенiн сездi. Бұл ортаның ережесiн қабылдап, оның өз адамына айналу қандай ауыр болса, ол ортада бөтен адам болып жүру де сондай ауыр едi». Қаршадай Батырдың басына түскен бұл алмағайып тозақы хәл – тұқымының тұқымына дейін бекзаттық пен дегдарлықты бойтұмарындай қасиеттеген алаштың талай әндігерінің сталиндік зұлмат жылдары бастан кешкен жағдайы еді.
Бұл дүние тек жан жылуынан, мейірім мен қамқорлықтан ғана тұратындай сезінетін жас Батырдың өгейлік пен қаталдық әлеміндегі ендігі тірі қалу үшінгі күресте шыңдалу барысында түйгені мынау еді. «Осы бiр жан дүниесiн тұмшалаған түнек ойдан кейiн ашқан жаңалығы – дүниенiң жалғандығы едi. Бұл байлам адамзат үшiн жаңалық болмағанмен, Батырдың өзiне жаңалық болғаны шындық. Бәрi де бекер секiлдi. Оқу, бiлiм алу, ел қатарына қосылу т.с.с. жалған арман, жалған мақсаттарға ғұмырыңды сарп ету неге керек? Баяғыда үйiне қонаққа келiп жүретiн үлкендердiң бәрi атақты адамдар болатын – бiрi ғалым, бiрi жазушы, бiрi бастық. Бәрi де бiр өлiммен кете барды. Әйтеуiр бiр атылатын адамға профессор болып атылдың не, сауатсыз шаруа болып атылдың не? Бәрiбiр емес пе?».
Міне, осы ойға келіп бекінгеннен кейін Батырдың санасында айналаға деген агрессия пайда болады: «Кездескен қиындықтарды белден басу, тентектiкпен жеңу өзiне ұнайтын».
Өгейси жүріп ержетіп, ел қатарлы соғысқа аттанған Батырдың ел үшін ТҰҒЫРЛЫҚ мәңгі ғұмыры мен өзі үшін өзге кейпіндегі ит тірлік өмірі майдан даласында басталған еді. Бас көтертпей себелеген оққа қарамай батальонды шабуылға көтерген көзсіз ерлігінен кейін ұзамай немістердің қолына тұтқынға түсіп, соғыстан соң елге қайтарылғанда сақтық үшін ұрыс даласында өлген бұрынғы бандит якут жауынгердің құжатымен кеңес түрмесіндегі өмірін бастайды. Қазіргі атышулы, қатыгез бандит Борис Николаевич Ивановқа айналған кешегі қазақ жауынгері Батыр Шәйкеновтың бұдан былайғы өмірі Сібірдің сілбі жауынды ну орманында өтеді. «Осындай тiрлiкпен жылдар жылжып өтiп жатты. Батыр қылмыстық ортада «Якут» деген атқа ие болды. Батыр өз бойында әлдебiр өзгерiстiң болғанын сезетiн. Қатыгездiк, батылдық, айлакерлiк, ең қиын сәттерде үрейдi жеңе алатын ұстамдылық – осының бәрi қылмыс әлемiнен тапқан олжасы. Бастан кешкен қанды оқиғалар тұсында аман қалуына себепшi болған құтқарушысы да – осы қасиеттер екенiн бiлетiн. Ең қиыны – қанша мейiрiмсiз болса да, өзiңдiкi болған соң, қия алмайтын өткен өмiрiңмен байланыстырып тұрған бiр есiктi қайтып ашылмастай етiп қатты жапқаның. Батыр мұндай ойларға берiлмеуге тырысатын. ...Рас, шешесiне деген сағыныштың жүрегiнен әлi өшпегенiн сезедi. Бiрақ ол да жаңағы ашылмайтын есiктiң ар жағында қалды».
Бір қылмысқа екінші қылмысқа жамап, Сібірдің түрмесін санап жүріп қырық жылын өткізген Батыр-Бористің қанша қаражүректеніп кетті дегенмен, үнемі санасына сәуле түсіретін бір түсі барлығын көреміз хикаяттан. Соңғы кезде мұны тіпті жиі көретін болады: «– Не болды? Не болды? – дей бердi әйелi үрейленiп. – Түсiме анам кiрдi, – дедi Батыр балаша өксiп. Әйелi бұған қосыла жылады. Батыр жасын тыйып, сабырға келгеннен кейiн, әлдебiр шаң-тозаңнан арылғандай, баяғы бала кездегi пәк сезiмдерiне қайтып оралғандай бiр күйге түстi. Бойы жеңiлдегендей, жүйкесiн тоңдырған бiр мұз ерiгендей сезiндi».
Қылмыс әлемнің қым-қуыт қатыгез тірлігіне илеуіне әбден мойынұсынып, жүрегіндегі адами сезімдерден ада болып кеткендей күйдегі Борис-Батырдың сана-сезіміндегі сілкіністің өзі әрбір пендеге тән, әркез жүректің түкпірінде бұғып жатып, келгенде тамырыңдағы ыстық қаныңды лүпілдете соқтырар – анаға, туған жерге деген сағыныштан туындаған еді. «Батыр өзiнiң санаулы күндерi қалғанын сезгендей болды. Жүрегiн сыздатқан сартап сағыныш барған сайын күшейiп, күшейген сайын көкiрегiнiң қараңғы түкпiрiне сәуле тарап, ұмытылған өмiр елестерi айқындалып, қайта тiрiлiп, жанына жақындай түскендей әсер бередi. Ақыры санасына бiр ғажап ой келдi. Ол – елге жету, барлық күнә мен қылмысын мойындап, ағынан жарылу, сөйтiп ең соңғы мауқын басып, туған жердiң топырағын жастанып, мәңгi ұйқыға кету. Осылай iстесе, өлiмнiң қорқынышы да жеңiлдеп, әлдебiр мағынаға ие болатындай көрiндi. Бұл ойының өзiне ұнағаны сонша, осыны баяғыдан берi неге ойламағам деп өкiндi».
Хикаятта Батырдың айқын сомдалған портрет пен мінездеу жоқ. Мұның себебі, біріншіден, мұның аса қажетті де болмауы және оқиғаның түгелге жуық бірінші жақтан баяндалатыныдығында болса керек. «Автобустан, үстiнде сұр плащ, басында сұр қалпақ, қолына таяқ ұстаған қарасұр егде кiсi түстi. Әжiм айғыздаған көңiлсiздеу жүзiнен кәрiлiктен бұрын сырқаттың азабын көбiрек тартып жүргенi байқалады». Бар болғаны осы. Өзінің атақонысындағы «ескіден қалған көз-ау» дегені, өгдеп іздегені – кешегі Сәлімгерей мұғалім, қазір алдында отырған шүйкедей қағылез шал еді: Сәлімгерей шалға өзінің соңғы жылдары жанын жегідей жеген мазалы ойын, арылу сөзін айтқан Борис-Болаттың бұл сөздері – өзі туып-өскен дәуірден қағажу көрген бейнетқор пенденің жанайқайы болатын:
«– Мен де өзгелер секiлдi сәби болып жарық дүниеге келдiм, жақсылыққа сендiм. Сол сенiммен, сол көңiлмен өмiр сүрсем дедiм. Алайда маған мүмкiндiк бермедi. Оттан – отқа, боқтан боққа салды. ... Өзiмдi қорғайын деп отырғам жоқ. Мен өз үкiмiмдi баяғыда алған адаммын. Бiрақ қуғын-сүргiннiң бар азабын бастан кешiп, одан кейiн өтiрiк пен қиянатқа құрылған мына қатыгез қоғамға қайтып келiп, баяғыша жалған атақ, жалған даңқпен өмiр сүрiп жүрген зиялы құлдардың менен несi артық деп те ойлаймын кей-кейде. Ендеше мен де солар секiлдi осы елдiң бiр бөлшегiмiн, Сәке. Қанша қателiгiм болса да, мен де бiр құдайдың құлымын ғой, ағымнан жарылып, жарық дүниеде бар екенiмдi бiлдiрiп, кешiрiм сұрап, адам құсап өлгiм келедi». Шындығында қырық жыл бойы жалған текпен, жалған өмір сүріп келген Батыр-Бористің басындағы тағдыр тәлейі – жетпіс жыл бойы жалған утопияға елітіп өмір сүріп, әп-сәтте күйреп тынған алып империяның тағдыры емес деп кім айта алады. Екеуінде де алданатын, қарапайым халықтың жылдар жүзінде қалыптасатын идеалдық жадысы екен ғой. Мұны Сәлімгерей шалдың мына сөзінен көреміз:
– Әй, шырағым, сен өзiң не айтып тұрғаныңды бiлесiң бе? Сенiң атың осы елдiң тарихына алтын әрiппен баяғыда жазылып қойған. Поселкенiң қақ ортасында саған қойылған ескерткiш тұр. Мектеп сенiң атыңда. Ертең мереке күнi балалар сенiң ескерткiшiңнiң түбiне гүл қойып, елiмiздiң саған ұқсаған азаматы боламыз деп ант бередi. Қырық жыл бойы осылай өмiр сүрiп келемiз. Қанша ұрпақ сенiң атыңды мақтаныш тұтып ер жеттi. Жалған атаққа табынған жоқпыз, сенiң жасаған ерлiгiң тарихи шындық. Сенi көкке көтерiп, орталық газеттерге мақала шыққанда соғыста қаза болған боздақтарымыз тiрiлiп келгендей қуанғанбыз. Жастарға үлгi болар ма екен деп, ел болып жабылып, ескерткiшiңдi орнаттық. Жылдар бойы арызданып, атыңды мектепке бергiздiк. Ендi соның бәрiн тас-талқан етпексiң бе? Масқара болдық қой! Сенiң атағыңды қорек етiп отырған мына жұртты өлтiретiн болдың ғой. Елдi аямайсың ба?"
Былайша алып қарағанда, Батырдың жасаған ерлігі де рас, халықтың ықылас-құрметі де жөнімен. Бірақ қаһарман ұлды осы күйге, яғни ғұмырының соңында туған жеріне жетіп, өз ажалымен алаңсыз өлмеуге дейін жеткізген кім әлде не? Автор бұл сұрақты оқырманның зерделеуіне қалдырады.
«Бiрi жанды, бiрi жансыз екi бейне жыға тани алмай тұрғандай бiр-бiрiне үңiле қарап қалған. Батыр осы тұста өзiне беймәлiм екiншi өмiрiнiң бар екенiн амалсыз мойындағандай болды. Екi өмiрдiң қайсысының жалған екенiне зердесi жетпедi. Бәлкiм, екеуi де – шындық». Расымен де, кешегі ғарасат соғыс заманында мұндай оқиғалардың біреуі емес, әлденешеуі болғандығына, ондаған жылдар бойы тұғыр орнатып идол жасап, табынып келген көптеген пенделерге қатысты деректердің бәрі мүлде жалған болып шыққан жағдайларды жылдар өткен сайын естіп біліп жатқан жоқпыз ба?
Шындығында, бұл – әр дәуірдің өзі қалаған, көргісі келген шындығы еді ғой. Бұл шындыққа келесі ұрпақ қалай қарайды? Ол басқа әңгіме. Ал қоғамның шындық деп қабылдаған шындығына селкеу түсіруге Батыр-Бористің қақысы да жоқ еді. «– Я, Алла, – дедi бiр кезде даусы жарықшақтанып, – бұл дүниеде маған орын қалмаған секiлдi. Ендi өзiң шеш мына түйiндi. Жұрт көзiне түсiре көрме. Өзiңе ал менi, жаратқан ием...».
Осылайша, өмірден өз орнын таппаған бір ғұмыр елеусіз ғана мынау жарық дүниеден баз кешіп, бақиға аттанып кете барады. Бірақ өмірге адам болып келіп, адам болып өмір сүрген кезінде жасаған ерлік даңқы өзі туған елдің рухани қайрағы болып, мәңгілікке соңында қалып барады. «Өзектi жанға – бiр өлiм емес, мың өлiм» деп автордың эпиграф етіп алған автор Батырдың бастан кешкен «мың өлім» шытырман халін Сәлімгерей қарттың аузынан шыққан сөзбен түйіндейді:
«– Алланың бұйрығынсыз өлiм де жоқ, өкiнiшке орай». Иә, Құдайсыз қурай да сынбайтыны – ақиқат қой. Баянсыз ғұмыр кешіп, баянды тұғырға мәңгілік орныққан Батыр-Бористің басынан өткен трагедиялы тағдырға кінәлі – түптеп келгенде, болашағы көмескі мұраттарды жүзеге асыру жолында адамзаттың ғасырлар бойы жасаған құндылықтарын, керек болса адам өмірін де еш ойланбастан құрбандыққа шалудан шімірікпеген сталиндік солақай саясаттың салдары екенін хикаятты оқи отырып терең түйсінеріңіз анық.
Асылбек Байтанұлы

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар